Читать книгу Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33 - Коллектив авторов - Страница 7
Қолтаңба
«АВЕСТАДА» КЕЗДЕСЕТІН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ АТАУЛАР
ОглавлениеУ.Х. ШӘЛЕКЕНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Өткен басылымдардағы «Арийлер проблемасына жаңа көзқарас» деген мақалада зароастризм дінінің қасиетті кітабы «Авестаға» негізделіп арийлер этносының пайда болып, дамыған орталығы Орталық Азия болғанын дәлелдейтін деректер келтірген болатынбыз. Енді сол ойымызды жалғастырып, Авестада кездесетін Орталық Азиядағы кейбір географиялық атауларға тоқталайық.
Видеваттың бірінші бөлімінде Снитама Заратуштра пайғамбарға Ахура-Мазда тәңірі өзі жаратқан үлкенді-кішілі 16 ел туралы әңгімелейді. Олардың біріншісі: «Арианам-Байда (Арианам Вайджа) – «арийлықтар елі», «арийлықтар аймағы» деп айтылатын жер аты. Ол елде Бақбіи-Датіитә (Вахви-Дария) деген өзен болған. Бұл атаудан да алтай деп, түркі кезеңіндегі сөздердің «иісі аңқып тұрғандай» [1]. Келтірілген үзіндідегі автордың тұжырымдамасын түгел қолдаймыз. Себебі арийлер пайда болған орталықтың бірі Орталық Азияның ортасындағы Алтай өңірі дегені шындыққа келеді.
Авеста кітабында жазылған мәліметтерге қарағанда, арийлерде 16 мемлекет болған. Олардың орналасқан географиялық орталықтары елдер (мемлекеттер) деп көрсеткен. Бірінші Айрианам-Вайджа елі Датия (Дайтия) қазіргі Әмудария өзенінің алқабына орналасқан («Қайырымды, берекелі Датия») ертедегі арийлердің тарихи отаны деп есептеледі. Шамасы, тікелей мағынасы «арийлер жазығы» немесе «арийлік қарқын», өріс (ариский размах) дегенді білдіреді [1, 61-63]. Кейбір еуроцентристер Рахны Еділ (Волга) өзенінің ескі парсы тіліндегі атауы деп жазып келеді. Шындығында Рахны Сырдарияның көне төл атауы. Тек көптеген еуроцентристердің Волга өзенін Орталық Азияның оңтүстігіндегі Ранхан өзенімен шатастырып жүрулері жергілікті географияны білмегендіктен ғана емес, олар әдейі бұл аймақты Арийлердің ежелгі қонысы, олардың «нәсілі еуропалық этностар» деген қисынсыз пікірді дәлелдемек болған тарихшылардың ықпалымен жазылған болуы керек. Әйтпесе, үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын Шығыс Еуразияның түйіскен жеріндегі ең үлкен өзен парсы тілімен қалай Ранхан деп аталады? Мұндай қияли пікірдің ғылымға қатысы жоқ. Бұл аймақтардың қысы ұзақ, қатты аяз, жел және т.б. табиғаттың өте қатал, жазы қысқа болып келетіні айтылған. Еділ өзенінен шығысқа қарай Сібір, Алтай өңірлеріне дейінгі кең байтақ жердің табиғаты Авестадағы жазбаларға тура келеді. Қазірдің өзінде де бұл өлке Еуропаның шығыс бөлігінен шығысқа қарай созылып жатқандығы, Орталық Азияның осы бөлігіндегі табиғаттың қатал екені баршаға мәлім. Бұл географиялық аймақ Қазақстанның да барлық орталық, солтүстік, шығыс аймақтарын қамтиды.
Авестаны белгілі зерттеуші Х. Көктәнді бірінші елге Әмудария (Окс) және Сырдария (Яксарт) аймақтарын кіргізіп, мына пікірлерді алға тартады: «Ахура-Мазданың бұл бірінші мемлекеті Окс пен Яксарт өзендерінің жағасында жайласқан болса, кейінірек аңыздық мемлекеттің көне аты болып қалған… Бірақ бәрінен қызығы Герцфельдтың пікірі, ол Эранвез бен Тұран – Түркістанда жайласқан бір мемлекет, бұл жерде Иранға көшіп кетерден бұрын мидиялықтар мен парсылар өмір сүрген. Бұл ежелгі замандарда жер жаннаты болып, кейіннен ауа райы өзгерген және табиғаттың осы құбылысы елдердің ұлы қоныс аударуына, көшіп кетуіне себеп болған. Эранвез осылайша арийлер мемлекеті Тұран мемлекетіне айналған деген дәйектеме ұсынады. Шындығында, Авестада Тұран атауы кездеседі. Сонымен бірге, арийліктер осы өңірден өздерімен төтем-тәңірлерді Еуропаға алып келіп, кейіннен грек мифологиясының тұтас дастандарын тудырады… Біздің ұйғарымымызда Ахура-Мазда иеленген бірінші мемлекет – Түркістан өлкесі. Сондай-ақ, бұл бірінші мемлекет осынау елдердің ең шеткі солтүстік нүктесіне орналасқанын байқаймыз. Қаратау, Тарса – тәңірліктер жайлаған Тараз, Түркістан – бұл күні де аталып отырған елдердің солтүстік шекарасы. Осы күнде де Түркістан өлкесінің Орта Азия халықтарында қасиетті мекен саналуы өте көне дәуірлерден тамыр тартады» [1, 60-61-6.]. Келтірілген автордың пікірін сол күйінде қабылдаймыз. Оны ой елегінен өткеріп, шындыққа сай демекшіміз. Окс (Әмудария) пен Яксарт (Сырдария) өзендерінің алқаптарына кіретін Тұран ойпаты бірінші елге жатады деуіне қосыламыз. Тұран ойпатының солтүстігі Еділмен жалғасып жатыр. Оның үстіне, бұл өлкенің табиғаты да Еділ өзенінің өңіріне біршама сәйкес. Сондықтан Әмудария мен Сырдарияның алқаптары болған Тұран ойпаты арийлердің ежелгі Отаны екенін мойындау керек. Қосөзен аймағында орналасқан Тұран ойпаты ежелден жер жаннаты болып, онда түркі тілдес этностар пайда болып, алғашқы өркениеттің негізін салған. Ежелден парсылар тұрандықтармен көрші жатып, талай рет Әмудария мен Сырдария өңірлерін отарлау үшін жойқын соғыстар ашқанына тарих куәгер. Мысалы, Кир мен Дарий жорықтары. Сөйтіп, Ахура-Мазда жаратқан бірінші мемлекет Еділ өзенінің алқаптарынан Әмудария мен Сырдария алқаптарындағы Тұран ойпатын түгелімен қамтыған. Кейін бұл аймақ қасиетті Түркістан жері болып тарихқа кірген. Сондықтан да, Авестада Тұран елін бірінші орынға қоюын кездейсоқ деп атауға болмайды. Бұл тұста Әмудария мен Сырдария жер жаннаты аталып, алғашқы адамдардың өрбіген аймақтарының бірі болған. Міне, осындай шындық негізінде, Түркістан бірінші сатыға көтерілген. Арийлер байырғы Алтайдан тараған сақ, иран, тұран, үнді, үнді-еуропа халықтарының аталық тегі болған, ең ескі этностық атау деген тұжырымды қазіргі кездегі тарихшылардың көпшілігі қолдайды [9, 342-б.]. Бұл тұжырымға біз де қосыламыз. Бірақ арийлердің арасына индоеуропалық этностарды араластыруды орынсыз деп қараймыз. Олардың ежелгі мекендері – Алдыңғы Азия мен Еуропа құрлығы. Сондықтан, Тұран өлкесін ежелден мекендеген түркі тілдес этностар: арийлер, оның құрамында – дақтар, тұрандар, набиандар, панксандар, сирақтар, аорстар, скифтер, сақтар, хорезмдіктер, массагеттер және бізге әлі белгісіз тайпалар болған. Автохтонды этностардың жалпы атаулары Ария өзенінің атымен аталған [Страбонды қараңыз. 17, 241-242 б.].
Авеста кітабында Тұран сөзі бірнеше жерде кездеседі:
Сарбаздарын Тұранның,
Жүз соққанда – бір мыңын,
Мыңда – қисусанын,
Қисусанда – шексізін Жеңуіме қуат бер.
Оған берді соншалық… [1, 369].
Тұран сарбаздарының күштілігін, қайраттылығын суреттейді. Олардың күштілігі сондай, жүз сілтегенде мыңдаған, қисапсыз (қисусани) жауларын қирата алатын күшке ие екен және оларға жаратушы осынша күш-қуат бергенін баяндайды.
… Жеңуге үш тұрандық – дануды -
Шешендер Қара менен Бараны,
Туылған Асабанада,
Шапшаң Дұраәқайтуды-
Жақсылық үшін шайқаста.
Оларға берді соншалық… [2]
Осы келтірілген үзіндінің мәнін Авестаны қазақшалаған аудармашылар былайша түсіндірген: «Қара (Қара) мен Бара (Вара) – Асабана руынан шыққан тұран батыры. Асабана – Қара мен Бара сияқты батырлар шыққан тұрандық тайпаның аты. Дұраәқайту (Дураэкайту) – тұрандық Траты мен екі Ашабазда атты ирандық батырлардың жауы, өзге дінге сенушілер» [2, 356]. Біздің бұл жолдарға қосып-аларымыз жоқ.
Авестада арийлер мен тұрандықтардың арасындағы шиеленістер кезінде Ашидің жасырынған жерінен тауып берген жастар туралы әңгімелейді. Бұл жерде малдың қасиеті оның санында емес, тұқымының асылдығында екендігін түсінбегендігі былайша айтылады:
Тұрандықтар Нотаридтармен,
Желғабыз мінген аттары,
Мойынының астына
Тығылдым мен қошқардың,
Қашыратын жүз қойды;
Сонда мені ашып алған
Катиаған бойы бозбалалар
Һәм балауса жас қыздар,
Еркекті ешбір білмеген; [2, 370]
Авестаның 440-бетінде: «Тұрандықтардан ең алғырлар Барықаша теңізінен» деп үш мәрте қайталанып жазылған. Сөйтіп Тұран атауы Авеста кітабында осылайша айтылғанынан үзінділер келтірдік. Соған қарағанда, Тұран ойпаты арийлер заманында олардың белгілі географиялық шоғырланған отаны болған. Тұран аймағы – Орталық Азияның солтүстік-батысынан Қазақстанның оңтүстік-батысындағы көпшілік бөлігі құмды және сазды, шөлді жазық, ойпаң өңір. Оңтүстігінде Копетдаг және Паропамиз тау етегімен, батысында Каспий жағалауы, Мұғалжар және Оңтүстік Оралмен, солтүстігінде Сарыарқамен, Шығысында Тянь-Шань және Памир-Алтай тауларының етегімен қоршалған. Солтүстік-батыс бағытта Торғай қолаты арқылы Батыс Сібір жазығымен жалғасады. Оның жалпы алып жатқан аумағы – 2 млн. км2. Міне, осындай кең көлемді алып жатқан Тұран ойпаты ертедегі арийлердің кір жуып, кіндік кескен жері екенін дәлелдейтін деректердің бірегейі.
Жоғарыда келтірілген зерттеушінің жазбасында Ахура-Мазда иеленген бірінші мемлекет Түркістан өлкесі» делінген. Бұл өлке ежелден түркі тілдес тайпалар мен халықтардың мекені екені та- рихтан белгілі. Сондықтан да, Түркістан – тарихи-географиялық атама. Түркістанға кіретін жердің көлемі – 3 млн. км2. Оған Оралдан Алтайға, Каспийден Қытайға дейін, Оңтүстік Иран мен Ауғанстаннан Томск пен Тобылға дейінгі аралықты алып жатқан өлке кіреді. Осынша ұлан-ғайыр жерде арийлер өрбіп, оны өзінің Отанына айналдырған.
Авестадағы мемлекеттердің орналасуы солтүстік-батыстан оңтүстікке қарай жайласқаны байқалады. Екінші – Соғдар мемлекеті Гава деп аталады, оның орналасқан жері Алдыңғы Азия. Үшінші мемлекет Марытын делінген.
Орталық Азия арийлері туралы бізге көбірек мәлімет беретін төртінші мемлекет – сұлу Бакуди (Бактрия, Балқ), Балх (Бактрия). Бұл аймақ Авестада бір ғана жерде кездеседі. Тарихқа үңілсек, Бактрия Орталық Азияның оңтүстігіндегі ежелгі аймақ. Оған төмендегі жерлер кірген: Әмударияның жоғарғы және орта ағысы бойындағы, қазіргі Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасының оңтүстігі мен Ауғанстанның солтүстігіндегі облыстар. Б.з.б. І мыңыншы жылдардың алғашқы жартысында құлиеленуші мемлекет болып, оның орталығы Үнді өзенінің жағалауындағы Балх қаласы еді. Балх – Солтүстік Ауғанстандағы қазіргі Вазирабад (Балх) қаласының жанындағы көне қаланың орны. Бактрияның астанасы болған ежелгі Бактра қаласының және орта ғасырлардағы Балх қаласының қираған қалдығы. Б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырларда Грек-Бактрия патшалығының, одан кейін Кушан патшалығының астанасы. Балх – Үнді өзенінің жағасына салынған түріктердің көне қаласы. Ертеде түріктер қаланы «Балық» деп атаған. Сондықтан осылай аталуы тиіс. Оның пайда болуы Арийлер заманына жатады. Балық ірі мәдени орталық болған. Бактрия мемлекеті б.з.б. VІ-ІV ғасырларда Ахемен әулетінің, кейін Александр Македонский империясының, Грек-Бактрия патшалығының, Кушан патшалықтарының қол астында жасаған. Аттары аталған мемлекеттердің этникалық құрамы түріктер мен ирандықтардан құралған. Астанасы Балх түрік тілінде қала, шаһар деген мәнді білдіреді. Бұл қала осы күнге дейін сол атын сақтап келе жатыр.
«Ведевдоттың бесінші мемлекеті Нисая (Парфаз) болған. Оның астанасы Ниса (грекше Александрополь) қаласы еді. Бұл жерде бірінші аршакидтердің қабірлері болған. Мұнда Зороастризм өктемдігі күшті болғандықтан Ахриман тұрғындарға сенбестік рухын сіңіріп, құдайсыздықты үйретеді. Дармстеттердің айтуынша, Нисая (Насаим) атты бірнеше қала болған. Солардың бірі Мары мен Бактрия аралығында орналасқан» [2, 43].
Аттары аталған қалалар осы күнгі Түрікменстан Республикасы жерінде, сондағы Ниса (Нисая) қаласына ұзақ жылдардан бері археологиялық зерттеу жүргізуде. Осы географиялық атауларды жалғастырып: «Түркістан – мифтік Ариана-Вайджа. Ежелгі бабалар сенімі болған Авестада бұдан басқа да Орталық Азияның ерте дәуіріне тән көптеген айғақтар кездесуі мүмкін. Тағы да бір құнды дерек – Ахура-Мазда бірінші болып Даития өзенін жаратқаны. Екінші кезекте Гава (Соғдыны), содан соң Бактрия, Хират, Кабул, Маргиена, Гирканияны және Орта Азияны, Азияда жайғасқан көптеген мекендерді жаратады. Әрине, бұл жаратылу – аңыз, бірақ не үшін Ахура-Мазда бірінші кезекте Даитиді жаратады? Көптеген ғалымдар Авестаны иран ауыз әдебиетінің үлгісі деседі. Бірақ, Авеста тек Иран патшалығы тарихына тән шығарма ғана емес, Орта Азияның да, тіпті Түркістанның да ежелгі дәуірлеріне жататын қымбат мәліметтер берген ғой… Оның жазылуы халық санасына сіңген наным-сенім мен аңыздардағы жайлар негізделген Гара тауы (Қаратау – У.Ш.), Гара мемлекетіндегі суы кері ағатын (Теріс) өзен, Ардви-Сурға құятын Ранха, Ардви-Суранның өзгеше жаратылғаны туралы мәліметтер мен пікірлерімізді нақтылай түседі.
Видевдотта жер мен жаннат космос кеңістігіндегі денелерден пайда болған делінеді, жер – домалақ, мұхиттармен оралған деп суреттеледі… Жер шары алты уық-мабақты доңғалаққа ұқсатылады. Жердің шекарасы туралы да дерек бар. Оның хабарлауынша, Үнді, Мары, Тигр және Яксарт жердің ең шеті болып шектелген. Ал жердің орталығы Авестада Күн – құт-береке баламасы ретінде беріледі. Күн пірі Митра, көбінесе Яксарт (Сырдария) жағалауында жасырынып жүреді [2, 348].
Келтірілген сілтемедегі Қара тау Авестада кездеседі.
«Табын оған, о, Іспінтама…
Келтіріп оған құрбандық
Каошыәнқа Парадата,
Қаратаудың етегінде
Жүз сәурікті, һәм мың
Сиыр, һәм кисусан қой [3].
Авестаны аударушылардың түсініктемесі бойынша: Авестада Әмудария мен Сырдарияның ескі атаулары болғанын ескерсек, онда бұл атаған таулардың қазіргі «Қара» таумен де байланысы болуы мүмкін деген жорамалды да алаңсыз бекер дей алмаймыз. Себебі, «Қара» деген сөз ескі түркі тілдерінде де кездеседі. Бұл пікірді Авестадан келтірілген үзінді де қолдап тұр ғой. Қаратаудың етегінде жүздеген, мыңдаған малдар өседі. Олардың ішінде сиыр мен қойдың саны есепсіз (кисусан) делінген. Ежелден Қаратау өңірі төрт түлік малмен диқаншылықтың орталығы. Қазір де солай. Сондықтан, Авестада аталған Қаратау, қазіргі Тараз-Шымкент қалаларының арасынан шығыстан солтүстікке қарай созылып жатқан тау жотасы. Қаратау Талас Алатауының батысымен ұштасып, солтүстік-батысқа 420 км-ге созылып, біртіндеп аласарып, Сарысу мен Шу өзендерінің атырауына жетіп бітеді. Биік жері – Бессаз тауы (2176 м). Қаратау қатарласа жатқан екі жотадан тұрады: Кіші және Үлкен Қаратау. Бұл екі жота тау аралық ойыстармен бөлінген.
Қаратау шығыстан-батысқа қарай жайласқандықтан, оны күнгей және теріскей деп екі бөлек айтылады. Күнгейі таудың оңтүстігі, теріскейі солтүстігі. Қаратаудың екі жағы да адам баласының жайласып, өмір сүруіне қолайлы аймақ. Қаратау массиві алғашқы адамдардың өрбіген аймақтарының бірі екенін археологиялық зерттеулер дәлелдейді. 1958-1963 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының жерінен Қараүңгір қонысын археологтар ашып, оны мезолит пен неолит дәуірлеріне жататын ескерткіш екенін анықтады. Осындай тас дәуірінде өмір сүрген алғашқы адам қоныстарының орындары Қаратаудың төңірегінен көптеп табылды: Бөріқазған, Тәңірқазған, Қосқорған (Қошқорған – 1-2), Шоқтас – 1-3, Қараүңгір, Бөген, Арыс – 1-2 және көптеген тас дәуірінің қоныстарын археологтар бірінен кейін, бірін тауып зерттеп келе жатыр [4]. Осындай қола және темір дәуірлерінің қоныстары Қаратау өлкесінен көп табылды: Тагискен, Таутары. ХХІ ғасырдың басында Қаратау аймағынан қола және темір дәуірінің ескерткіштері мол көлемде ашылды. Олар қоныстар мен петроглифтер: Сауысқандық, Кәрібұлақ, Сатайбұлақ, Шалабай, Арыстанды, Арқабұлақ, Қарныжарық, Майдантал, Қызылшың Тасбұлақ, Боралдай, Қойбағар және т.б. жартасқа салынған суреттер, бейнелер [5]. Келтірілген деректер Қаратау да алғашқы адамдардың мекен еткен аймақтарының бірі екенін баяндайтын мағлұматтар. Міне, ертеде дүниеге келген Қаратау мәдениеті үздіксіз дамыған. Мұнда арий өркениетінің іргетасын қалаған жер Қаратау өңірі.
Бұл пікіріміз Авестада жазылған жолдарда байқалады.
Оған құрбандыққа әкелді,
Хаошьянх Парадатта да,
Харой тауының етегінде (жасаушы)
Жүз айғыр және мың
Сиыр және сансыз қой
Құрбандыққа шалды да [6].
Келтірілген үзіндіде «Харой тау – Қаратаудың аты. Сол заманда Харой тауы деп те, Хукарья тауы деп те аталған. Харой тауы мен Хукарья тауын жайлағандар Ахура-Мазда дінінде болған. Оны мұнан соң келетін оят ұрандарында байқаймыз. Хара – жерді қоршап жатқан мифтік таулар, Хара – Бэрэзайни аты сөзбе-сөз «Биік Хара», кейіннен иранның солтүстігіндегі Эльсбрусқа және Кавказдағы Эльбрусқа ауысқан (екі ат та Авестадан шыққан). Биік Хара немесе Харайтидан туындаған түсінік, бәлкім Памир-Тиндукше жайында еске алу негізінде жатса керек. Дегенмен бүкіл түрік әлемінде, бұрынғы тұрандықтарға киелі болып саналған Түркістан өлкесін Авеста зерттеушілері ұмытып кетеді. Шындығында Харайти – Харатау болатын. Қараның (Гара) ішінде теріс ағып жатқан өзен суреттелген. Ол Тараз қаласы мен Шымкент қаласы арасындағы таудың ішіндегі Теріс өзені еді. Бұл жерлер Түркістан өлкесі – пантеон. Хукариья – Хара мен Харати тауларының ең биік шыңы» [7].
Қаратау туралы Х. Көктәндінің пікірін толығымен келтірдік. Өйткені ол бұл мәселеге кешенді мән беріп, оны жан-жақты ойдың елегінен өткеріп, өзінің тұжырымдамасын берген. Біз автордың пікірін ғылыми тұрғыдан қабылдаймыз, себебі Қаратаудың жайласқан кеңістігін дұрыс көрсете білген. Кейінгі жылдарда жүргізілген ғылыми зерттеулер де дәлелдейді. Қасиетті Авеста кітабына енген Қаратау зороастризмнің экономикалық және рухани орталығы болған аймақтың бірі.
Авестада орын алған қасиетті аймақтың бірі – Атырау. Мәтінде былай берілген:
Атыраудан Арідби
Мың салалы тараммен,
Һәм мыңдайын көлдермен,
Әр қайсысын олардың
Қырық күнде оралап
Үлгереді зорға деп,
Желғабызға салт мінген [8].
Келтірілген үзіндіде Атырау – Арідби су және құнарлық құдайының қарамағындағы ғажайып өлке. Ол көпсалалы өзендер мен көлдерден құрылған. Осы су жүйелерін баспа-бас аралағанда, көз ілестірмейтін жүйрік атпен қырық күнде зорға аралап шығасың деген ұғымды білдіреді. Авестаны аударушылар «бұл суреттегі бұрынғы Окса ХІХ ғ. Әмудария атырауына ұқсас екендігін байқаған» [9].
Атырау, саға (грекше дельта) – су тасқыны көп, өзендер құятын теңіз бен көлдің таяз жерлерінде пайда болатын өзен сағасының ерекше формасы. Атыраудың беті негізінен тегіс, өзен тарамдары мен тармақтары оны тілімдеп жатады. Барлық үлкенді-кішілі өзендердің атыраулары бар. Соған қарай, Орталық Азиядағы ең үлкен өзендердің бірі Әмудария болғандықтан, Авестаны тәржімалаушылар осы үлкен өзеннің атырауы болса керек деген пікір білдірген. Әмударияның Арал теңізіне құятын сағасында орналасқан Қарақалпақстанда көп жылдар жұмыс істеп, осы аймақты араладым. Өзен сағасында «Атырау» деген ономастикалық атаманы кездестірмедім. Тек кішкене аралды ғана көрдім. Біздің топшылауымыз бойынша, Авестада айтылған Атырау Жайық (Орал) өзенінің Каспий теңізіне құятын жеріндегі Атырау деп аталатын жер атамасы демекшіміз. Тарихи деректерде, халық аузында ежелден осы аймаққа «Атырау» деген атама берілген. Бұған қосымша Атыраудың алып жатқан аймағы Әмударияның атырауынан анағұрлым үлкен. Жайық (Орал) өзені Каспий сияқты үлкен теңізге құятын болса, Әмудария Арал теңізіне құлайды. Каспий теңізінің шығысын мекендеген арийлердің дақтар, тұрандар, набиандар, панксандар, сирақтар, аорстар жайлап, оны скифтер мен сарматтарға мұра етіп қалдырған.
Башқұртстан, Челябинск, Орынбор және Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының үстімен Каспий теңізіне құятын үлкен өзен Жайық. Оның жалпы ұзындығы – 1084 шақырым, су жиналатын алқабы – 220 мың шаршы шақырым. Жайық өзені жазық даламен ағатын тұсында оған сол жағынан Елек өзені құяды. Жайыққа оң жағынан Кіші Қызыл, Үлкен Қызыл, Сякмяра, Таналық, Шаған; сол жағынан Гумбейка, Үлкен Қараған, Сүйіндік, Қомақ, Ор, Елек, Барбастау салалары құяды. Міне, осындай көп салалы көлді мекен болған соң, ежелден бұл аймаққа «Атырау» деген атты арийлер дәуірінде бергендіктен, Авестада бұл атама орын алған. Атырау өңірі ертедегі түрік бабаларының ірі мекендері болған тарихи атама.
Келтірілген сілтемеде арийлер өміріне қатысты көптеген мағлұматтар берілген. Олардың көпшілігі географиялық жағынан Орталық Азияда орналасқан. Парфияның астанасы болған Ниса қаласы Түрікменстанның астанасы Ашхабадтың солтүстік-шығысынан 18 шақырым жерде орналасқан. Б.з.б. 5 мыңыншы жылдарда тарихи сахнаға шыққан шаһар. 1946 жылдан бастап М.Е. Массон ұзақ жылдар бойына зерттеген. Осы қаланың төңірегінде және басқа да ірі мекендердің болғаны, Ниса шаһарының орналасқан аймағында аршасидтердің қабірлері орналасқаны турасында Авестада жазылған. Бұлардың қандай этностар екенін әл-Бируни былайша жазған: «Народная традиция (записанная аль-Бируни) связывает аршакиды с мифическим хорезмским героем Сиявушем. Родоначальником аршакидской традиции считает Аршака, вождя племени парнов (один из ветвей дахов), обитавших на юго востоке Каспийского моря (на территории современной Туркменской ССР» [10].
Әл-Бирунидің жазғанына қарағанда, дахтар атты этностың бір тармағы аршакидтер Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс бөлігін, анығырақ айтсақ, осы күнгі Түрікменстан және Өзбекстанның оңтүстігін мекендеген этностар екені айтылған. Бұл жер Әмудария мен Сырдарияның жоғарғы ағысын қамтиды. Олай болса, дахтар ертедегі автохтондық сақтардың, скифтердің бабасы. Олар аталған аймақтарда мекендегендіктен, қабірінің де болуы заңды. Ғұлама бұл жазбасында аршакидтерді ертедегі түріктердің аты аңызға айналған ер жүрек қаһарманы Сиявушпен байланыстырған. Оның қабірі Бұхарада сақталған.
Бұл тарихи тұлға біздің жерлесіміз екенін ХІ ғасырдың басында өмір сүрген ғұлама ғалым М. Қашқари толығырақ мағлұмат жазып қалдырған: «Қаз – Афрасиаб қызының аты. «Казвын» қаласын сол жасатқан. Бұл сөздің әуелгі мәні: «Қыз ойыны» болады. Өйткені, қыз сол жерде тұратын, сол жерде ойнайтын. Сондықтан да кейбір түріктер аталмыш шаһарды түрік елі шекараларының бірі деп санайды. «Тоңа Алып ер-Тоң алып ер» сол Афрасиабтың өзі. Африасиаб «тамхұрестен» үш жүз жылдан соң «Мерв-Мерв» қаласын салдырған. Кейбіреулер бүкіл Мавереннахрды түрік елі деп есептеген. Ол: «Ленкенд: Иенкенд – Иенкенттен» басталады. Оның тағы бір атауы «Дізруиін – Мыс қала (Бақыр қала)». Сарылығына, беріктігіне қарай осылай (Бақыр қала) деп кеткен. Ол «Бихача: Бұхара – Бұхараға» жақын. Бұл жерде Афасиабтың қызы Қаздың ері «Сиявуш – Сиабұш» өлтірілген. Отқа табынушылар – мәжусшілер жыл сайын бір күн осы жерге келіп, «Сиявуш» өлген жайда жылап-сықтайды, жоқтасады. Құрбандық шалады. Құрбан малдың қанын мазарының төбесіне (қабірдің басына А.Е.) төгеді. Бұл олардың әдеті, дәстүрі» [11].
Біз айрықша тоқталған М. Қашқаридің жазбасында ежелгі түріктердің қаһарманы атанған Сиявуш туралы толығырақ мағлұмат берген. Антикалық заманда аты аңызға айналған түріктердің патшасы Афрасиабтың күйеу баласы, оның қызы Қаздың жары болғанын байқадық. Сиявуш өз заманында еліне ерлік көрсеткен батыр болып, халқының ұлы сеніміне бөленгенін, кейінгі ұрпақтардың ғасырлар бойы естерінен шығармай, оның өлген күнін қазіргі Бұхара (көне Бұхара – мыс қаласындағы) қабірінің басына барып дұға ететіні айтылған. Жоғарыда келтірілген әл-Бирунидің пікірін М. Қашқари осы жазғанымен қуаттайды. Соған қарағанда дахтар этносы түріктердің алғашқы антикалық дәуірдегі бабалары болып, олар Каспий теңізінің ощүстік-шығысынан Әмудария мен Сырдарияның алқаптарын түгел иеленген автахтонды этностар екенін байқаймыз. Авестада жағылған отқа табынушылар – мәжусшілер. Яғни, арийлер олардың әлемге әйгілі патшасы Афрасиаб баба болуы мүмкін. Оны келешек зерттеушілер айқындай жатар.
Солай болса да, мына мәселеге тоқталайық: Афрасиаб алғашқы түріктердің аты аңызға айналған патшасы болып, еліне қажырлы еңбек еткен данышпан, батыр тұлға болғанын тарихи деректер дәлелдейді. Оның тұсында Орталық Азияда ірі-ірі қалалар өсіп шыққан. Біз солардың ішінен тек Самарқанд (Афрасиаб) қаласын ғана атап жүрміз және ол қаланың салынғанын б.з.б. VII ғасыр деп келеміз. Біз келтіріп отырған М. Қашқаридың «Афрасиаб, «тамхұрестен» үш жүз жылдан соң «Мерв-Мерв» қаласын салдырған» деп жазғанына көңіл аударсақ, б.з.б. III ғасырда патша «Мерв» қаласын салдырған болып шығады. Сонда, Афрасиаб бұл қаланы Самарқандтан бұрын тұрғызған. Ал тарихи тұлғаның жасаған жылдары әлі анықталған жоқ. Солай болса, Афрасиаб б.з.б. III ғасырларда өмір сүрген болуы керек деген болжамды алға тартамыз.
Мифтік Арианам-Вайджада Орталық Азияның көне дәуіріне тән көптеген мәліметтер кездеседі. Соның бірі, Ахура-Мазда бірінші болып Даития өзенін жаратып, екінші кезеңде Гаваны (Соғдыны) дүниеге әкелгені айтылады. Әрине, жаратылуы аңызға негізделгенмен, оның мазмұнында шындықтың белгілері де болады. Сол тұрғыдан қарағанда, белгілі шығыстанушы С.П. Толстов Авестада айтылған Даития өзенінің баламасы Әмудария болу керек деген пікірді айта келе, ғұлама Хорезм (Хвайризм) туралы Авестадан мынандай үзінді келтірген: «Страна, где управляют и предводительствуют многочисленными войсками мужественные вожди, где высокие горы, изобилующие пастбищами и водами, производят все необходимое для скотоводства, где глубокие озера с обширными водами, где судоходные реки с широкими руслами стремят свои бурные волны к Иската и Поурута, к Моуру, Харева, Гау, Сугда, Хвайриезм» [12].
Оның Авестадан келтірген сөздері Даития өзенінің баламасы Әмудария екенін меңзеп тұр. Ежелден бұл өзен ер жүректі, батыр этностардың мекені Хорезм (Хвайриезм) екені айтылған.
Хорезм – Әмудария өзенінің төменгі ағымында орналасқан ойпат. Жері – ойпатты жазық. Батысында Қарақұм шөлімен, шығысы Қызылқұммен шектеседі. Климаты – континенттік. Осы ойпаттың атымен ертеде Хорезм мемлекеті ұйымдасқан. Бұл мемлекет туралы алғашқы Дарийдің Бехистун жазбасы мен «Авестада» жазылған. Хорезмнің тарихын ХІХ-ХХ ғасырларда шығыстанушы ғалымдар зерттеді. Солардың ішінде, өткен ғасырдағы белгілі ғұлама С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық және этнологиялық кешенді экспедициясы зерттеу жұмыстарын 50 жылдан астам уақыт жүргізді. Осы ұзақ мерзімде бұл экспедиция Әмударияның орталық ағысынан, оның төменгі Арал теңізіне құятын жеріне дейінгі және кең атырабында кешенді археологиялық зерттеулер жүргізіліп, палеолит, қола, темір және ортағасырлық тарихи дәуірлердің ескерткіштерін ашып, Әмудария өңірі адамдардың алғашқы өркениетке жеткен Орталық Азияның ажырамас бөлігі екенін дәлелдеді. Археолог- тар Хорезмнің көне тарихын қайта қарайтын жаңалықтарды: Тазабагяб, Амирабад және орта ғасыр мәдениеттерін тапты. Экспедицияның тарихқа әкелген жаңалықтары оның ғылыми еңбектерінде және көптеген монографиялық туындыларда баяндалған [13].
Әмудария Орталық Азиядағы ең аса ірі суы мол және кемелер жүретін өзен болған. Памир таулы өлкесінен алып, Пяндж (бес) өзендердің қосылуынан құрылып, Әмудария болып, Хорезм жеріндегі Қарақұм мен Қызылқұмды қақ жарып, ертеде Каспий, кейін Арал теңіздеріне құйған. Оның ұзындығы 1415 шақырым, ал басталған жерінен есептегенде 2540 шақырым, алабы 309000 шаршы шақырым. Әмударияның алқаптары таулы және жазықты болып келеді. Антикалық дәуірде ол Сарықамыс пен Ұзбай арқылы Каспий теңізіне құйған, кейін Арал теңізіне ауысқан. Осындай үлкен өзен ежелден адамдардың тұрақты мекеніне айналған.
Бұл деректерді дәлелдейтін Авеста кітабында мынадай мәлімет бар: «Ахура-Мазда иемденген жерлердің ең біріншісі бұл Даитья (Даийтия) жағасындағы Арианам-Вайджа жері еді. Бұл жерге бірінші адам Иима келген. Сасанидтер дәуірінде Арианам-Вайджа Эранвез аталған. Авестада бұл өлке «Ранха мен Вахви өзендері аралығына жайғасқан тегістік ретінде ұғындырылады» [14]. Хорезм алғашқы адамдардың өрбіген аймағының бірі болғанын дәлелдейтін кейінгі ғасырда жүргізілген археологиялық зерттеулер тас дәуірінің жәдігерлерін тапты. Бұл аймақта тас дәуірінің барлық тарихи сатыларын сәулелендіретін деректер жиналды.
Енді осы келтірілген пікірге талдама жасап көрейік. Жаратушы Ахура-Мазда алдымен Даития (Әмудария) өзенін жаратқаны ақылға сыятын пікір. Өйткені, тіршіліктің тірегі су екені белгілі. Міне, өмірдің негізі су болғандықтан, алдымен Әмудария сияқты жоғарыда тоқталып өткен, өмірге нәр беретін бұлақты, оның алқаптарына алғашқы Гава (Соғдыны) сияқты табиғи өлкелерді жаратқан. Бұл жерде ақылға сыймайтын ешнәрсе кездеспейді. «Согд (грекше Согдиана) древняя область в бассейне реки Заравшана и Кашкадарья (ныне на территории Узб., ТаджССР):
Впервые упоминается в Авесте и клинописных надписах древне-персоязыческих царей, начиная с Даря І (522-486 до н.э.); позднее античными и древнекитайскими авторами и, наконец, арабо и персоязычных и другими средневековыми источниками. В VІ-ІV вв. до н.э. входил в Древнеперсидскому (Ахменеидскую державу. По сообщению Геродота, Согд вместе с Парфией, Хорезмом и Арией составлял ХІ ее сатарапин, которая ежегодно вносила в казну 300 талантов серебра. Из старинной надписи Дария І известно о поступлении из Согда драгоценнных камней для украшения дворца в Сузах» [16].
Келтірілген үзіндіде, ерте заманда Соғды (Согдиана) аймағына қандай географиялық аймақтардың кіретіні ашық, айқын көрсетілген. Бұл жерлер түгелімен Орталық Азияның оңтүстік және батыс бөліктері болып, Алдыңғы Азияның шығысымен шектесіп жатқан. Антикалық дәуірде Соғдыны мекендеген мемлекеттер Иранмен тығыз қарым-қатынас жасаған. Сол кездегі Соғды жеріндегі Парфия, Хорезм және Арий аймақтарын мекендеген халықтардың мәдениеті Алдыңғы Азия тұрғындарына қарағанда анағұрлым басым болғаны туралы да бұл сілтемеде хабар беріледі. Мысалға Сузақ сарайының салынуы туралы мәліметті келтірейік.
Алдыңғы Азия Ахменидтер әулетінің негізін салушы Кир (б.з.б. 558-529 жылдарда), оның мұрагері Камбиз бен І Дарий парсы тілдес халықтарды біріктіріп, бірнеше елдер мен халықтарды жаулап алып, үлкен көлемде мемлекет құруға қол жеткерді. Әсіресе Парсы мемлекеті І Дарийдің кезінде күшейіп, Иранда құрылыс жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Мелфисе храмы, Сұзақ сарайы, Персполь сияқты патша орталықтары болған ғимараттар бой көтерді. Солардың ішінде Сұзақ сарайын қалай салғаны туралы жазба деректер сақталған. Бұл ғимаратты салуға көптеген тас қалаушы шеберлер, алтынмен безендіруші ұсталар, суретшілер, құрылыспен айналысқан жұмысшылар және т.б. қолөнерші мамандардың қатысқандары жазылып қалдырылған. Жалпы Сарайды құрушы шеберлер вавилондықтар, ассирийлер, киликийцтер, гректер, үнділер, мидияндықтар, мысырлықтардың Сұзақ сарайын салуға қатысқандары айтылған. Олардың арасында парсылардан шыққан қолөнершілер айтылмаған [17]. Соған қарағанда, парсылардың заттай мәдениетінің дамуы жоғарыда аттары аталған халықтардан бірталай төмен тұрғаны байқалады. Өйткені І Дарийдің кезінде парсылардың әскери әлеуеті нығайып, қоластындағы халықтарды күшпен езіп, Сұзақ сарайын тұрғызған. Орталық Азиядан әкелінген асыл тастармен, алтын-күмістермен Сұзақ сарайының іші-сыртын безендірген. Сол дәуірде алтын, күміс және әртүрлі асыл тастар Иранның шығыс көршілерінде, яғни Орталық Азияда мол шығарылып тұрған.
Соғдыдан кейінгі Ахура-Мазданың жаратқан аймағы Бактрия болса, оның жайласқан орнына тоқталайық. Бұл да Орталық Азияның ежелгі аймағына кіреді. Әмударияның жоғарғы және орта ағысы бойындағы қазіргі Өзбекстан мен Тәжікстан Республикасының, оңтүстігі мен Ауғанстанның солтүстігіндегі облыстардың жерін қамтиды. Б.з.б. I мыңжылдықтың I жартысында-ақ Бактрияда құл иеленуші қоғам болған. Астанасы Бактра қаласы болған мемлекет б.з.б. VІ-ІV ғасырларда Ахемен әулетінің, кейін Александр Македонский империясының құрамында болған. Содан соң бұл аймақ Грек-Бактрия патшалығы (б.з.б. 250 ж.), Кушан және Тохарстан мемлекеттеріне айналды. Әмударияның оңтүстік өңірлері Балх аймағы деп аталып келеді. Үнді өзенінің жағасында орналасқан Балх қаласы ірі саяси, экономикалық және мәдени орталық, Ұлы Жібек жолындағы әлемге әйгілі мекендердің бірі болғанын, оның арийлер заманында дүниеге келгенін жоғарыда айтқанбыз.
Бактриямен бір қатарда дүниеге келген Ауғанстан астанасы Кабул шаһары. Ол Алдыңғы Азияның шығысындағы Кабул өзенінің жағасына орналасқан. Кабул туралы алғашқы деректер Птоломейдің (б.з.б. II ғасыр) еңбегінде кездеседі. Бірақ Кабул қаласы одан бұрын Авестада айтылғанын естен шығаруға болмайды. Соған қарағанда бұл қаланың аты ма, әйтпесе Кабул өзенінің аты ма? Оны анықтау қажет. Біздіңше, Авестадағы Кабул термині өзеннің аты болса керек. Солай болса да, өзеннің жағалауларында тұрақты қоныстардың болмауы мүмкін емес. Кейін өзен, қалаға айналған. Солардың бірі – Кабул қаласы. Кабул өзені – Үнді өзенінің ең үлкен саласы. Ұзындығы – 460 км. Баба жотасынан басталады. Міне, осы өзеннің жағасына орналасқан ірі қалалардың бірі – Кабул. Көне замандарда дүниеге келген Кабул қаласы Орталық Азияның оңтүстігіне жақын жерде Кабул орналасып, солтүстігіндегі Тұран елімен мидай араласып келе жатқан мәдени орталық. Ауғанстан мен Орталық Азияның тарихи тағдыры бір-біріне жақын. VI ғасырға дейін Кабул Кушан патшалығына қараған. Одан кейін Кабулды Саман, Темір әулетінің әмірлері кезектесіп биледі. Бұдан Кабул шаһары Орталық Азияның ықпалында болғаны байқалады. Ертедегі халықтардың салты бойынша ол Кабул өзенінің атымен аталған.
Бұл орайда Герат қаласын да еске алуымыз қажет. Оның көне аты – «Ариана». Ауғанстанның батысында орналасқан, яғни жоғарыдағы біз тоқталған Бактрияға кірген. Кейбір деректерде, Гератты А. Македонский салдыртыпты-мыс деген сөздер кездеседі. Бұл сөз қисынсыз. Өйткені жауынгер қала салатындай жаулап алған жерлерінде ұзақ тұрмаған. Біздіңше Герат (Ариана) қаласы арийлердің заманында дүниеге келген қала екенін өзінің аты айтып тұр. Авестада жиі-жиі кездесетін «арий, ариана» деген сөздерге сүйенсек, «Арианам-Вайджа» – «арийлер елі»; «Арианам-Байдж» – «арийлер жазығы» [18]. Бүгінгі Герат (Ариана) ертедегі қола дәуірінде түріктердің бабалары арийлер этносы салдырған қала болып шығады. Бұл Бактрия мемлекетінің батыс шекарасына жақын жерде орналасқан. Орталық Азия арийлері батысқа қарай жылжып, Ариана қаласының төңірегінен әрі қарай, Алдыңғы Азияның жеріне терең тарай алмаған. Аймақтың автохтонды этностары парсылар, арабтар және кемерицтер арийлердің өз елдерінің ішіне таралуына кедергі келтірген. Сөйтіп, кейінгі ғасырларда Ариана (Герат) батыс пен шығысты жалғастырушы ірі мәдени орталық болған. Қаладан көптеген ғұламалар шыққан. Солардың ірі өкілдерінің бірі Әлішер Науаи (Низамеддин Мір Әлішер) Гератта дүниеге келіп, сонда қайтыс болған. Ол – өзбек халқының ұлы ақыны, ойшылы, мемлекеттік қайраткері. Әлішер Науаи жас кезінен бастап Гератта, Мешхедте, Самарқандта оқып, логика, философия, математика пәндерінен мағлұмат алған. Өзінен бұрынғы Фирдауси, Низами, Дихлауи, Хорезми, Сәйф Сараи, замандастары Атай, Саккаки, Лутфи, Жәми шығармашылығымен таныс болған. Әлішер Науаи 15 жасынан бастап шығармаларын түрік және парсы тілдерінде жазған. Өз өмірінде көптеген ғылыми және көркем шығармалар қалдырды [19]. Ариана (Герат) ертеден арийлердің қаласы болып, ол батыс пен шығыс мәдениеттерінің ірі орталығы болғандығы ұлы ғұлама Науаи өмірінен-ақ байқалып тұр.
Жоғарыда тоқталған деректерге қарағанда, Авеста кітабында жазылған географиялық, топономикалық атаулардың барлығы түгелімен Орталық Азиядан, оның батыс, оңтүстік, Алдыңғы және Оңтүстік Азия елдерімен шекаралас жерлерінде орналасқан. Бұл географиялық аймақтарды ежелден мекендеген этностар бір-бірімен қарым-қатынас жасаған. Көпшілік жағдайда олардың тағдырлары да бір болған. Міне, осы аймақтарды ежелден мекендеген этностардың арасында Авеста кітабы дүниеге келген. Шығармада Ахура-Мазда бірінші Даитияны, Гаваны (Соғдыны), Бактрияны, Хират, Кабул, Марғиенаны, Гирканияны, Орталық Азияны және көптеген мекендерді жаратты деудің тек аңыздық қана емес, ғылыми негізі де бар екенін байқауға болады. Өйткені, Орталық Азия алғашқы адамдардың өрбіген орталықтарының бірі болғанын археологиялық зерттеулер ғылыми тұрғыдан дәлелдеп отыр. Бұндай мәліметтерді Алдыңғы Азиядан кездестіре алмаймыз.
«Авеста» кітабының Бидебататы (Бендидат) – «географиялық жыр». Оның басталуы: 1. Ахура-Мазда Іспитама-Заратуштраға деді былай: «О Іспитама-Заратуштра, жараттым мен жерлерді жанға тыным беретін, қаншама аз қуаныш (онда) болса да. Егер де мен, о, Іспитама-Заратуштра, жаратпасам жерлерді жанға ты- ным беретін, қаншама аз қуаныш (онда) болса да, барлық тәндік дүние ағылар еді Арианам-Байджаға» [20].
Бұдан кейін «географиялық жырда» жаратқан жерлердің орындары баяндалған. Солардың ішінде: «Ол жақта он ай қыс пен екі ай жаз, міне, осы (қыс айларында) сулар суық, жерлер суық, өсімдіктер суық, онда қыс ортасы болғанда; қыстың соңы келгенде үлкен тасқын басталады» [3, 451-б.].
Суреттелген осы аймақтарды «Авестаны» тәржімалаушы С.И. Оспанов былайша жорамалдайды: «Моуру – орта парсыда Мера, грекше Маргиана, қазіргі Түрікменстандағы Мары көгал алқабы (оазис). Бакдій (Бахди) – Бактрия, қазіргі Тәжікстанның оңтүстігі мен Ауғанстан солтүстігінің арасындағы аймақ» [21]. С.И. Оспанов өзінің бұл пікірін жалғастырып: «Бидебдаттың» екінші бөлімінде (21-43) Йема өркениетті дамытушы кейіпкер, бірінші болып өліп, адамдарға о дүниеге қарай жол салушы және сол арқылы о дүниенің басты құдайы болғандығы; тақуалардың о дүниедегі өлілер патшасының тұрағындағы масатты, шадыман ғұмыры туралы және алғашқы эсхотологиялық ұлы қыс түсіп, онан соң еріген қар-мұздан топан су көтеріліп, дүниенің ақыры болатындығы туралы аңыздар байқалады [22].
Осы географиялық аймақты С.И. Оспанов былайша жорамалдайды: «Капта – Кинду (Хапта – Хинду) сөзбе-сөз: «Жеті Үндістандық (облысы)», ескіше түсіндірме бойынша «Жетісу» («Семиречье») – Үнді өзені саласындағы облыс, мүмкін Пенджап» [23].
«Авестаны» аударушы С.И. Оспановтың «географиялық жырдан» келтірген жерлердің баламасы туралы жазған жорамалдарында шындықтың нышаны бар сияқты. Аттары аталған географиялық облыстар Орталық Азияның оңтүстік-батысындағы Алдыңғы Азия мен Солтүстік Үндістанмен шекаралас аймақтар Жетісу өлкесімен жалғасып жатырғаны тарихи шындық. Жетісудың климаты Орталық Азияның оңтүстігі мен батысына қарағанда суық болып келгенмен, бұл аймақта 10 ай қыс болмайды. Адамдардың тұрмысына өте қолайлы аймақ. Жетісудан солтүстік-шығысқа қарай барған сайын суық күшейе түсіп, Солтүстік мұхитқа барған сайын қыстың ұзара беретіні баршаға мәлім. Онда Авестаның осы бөлімінде аттары аталған аймақтар Орталық Азияның орталық, шығыс және солтүстік аймақтарына тура келеді деген пікірдеміз.
Жоғарыда тілге тиек еткен Авеста кітабында кездесетін географиялық атаулар, арийлердің өрбіген жері Орталық Азияның солтүстігі мен оңтүстігіндегі Үндістан мен Иран жерлерімен шекаралас аймақтар болған. Анығырақ айтқанда Әмудария, Сырдария, Ария және Мұрғаб өзендерінің алқаптары. Ария мен Мұрғаб өзендері сағасын Ауғанстанның солтүстігін алып жатқан Паропамиз, Бандо және Түркістан тау жоталарынан алады. Олай болса, Түркістан атауы арийлер заманында болғанын меңзейді. Бұл географиялық аймақтар Авестада кездесіп жүр, яғни Тұран ойпаты болып ежелден аталып келе жатқанына тарих куә. Аттары аталған аймақтар – ежелден арийлердің мекені. Осы өңірдегі ірі су жүйелерінің бірі – Ария өзені. Оның алқабын мекендеушілер су жүйесінің атымен өздерін арийлықтармыз деп атаған. Үнділер мен парсылар өздерінің ежелгі көршілерін арийлер деп атап, олардың басқа да қандастарын жалпылама арийлер деп атап кеткен. Кейін бүкіл Орталық Азия этностарының жалпы атамасына айналған. Авестада кездесетін географиялық атаулар Орталық Азияда жиі-жиі кездесіп отыратынына жоғарыда тоқталдық. Мұндай ұқсастықты кездейсоқ көрініс деуге болмайды. Себебі олар арийлердің ежелгі мекені Орталық Азия екенін айқындайды.
Әдебиеттер
1. Көктәнді Хамза. Аспан мен даланың төрт ұмытылған тарихы. – Бірінші кітап. – Мәскеу: Қасиет, 2001.
2. Оспанов С.И. Абаста (Авеста) // Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы. Ежелгі Шығыс. Т 1. – Астана, 2005. – 353 б.
3. Таймағамбетов Ж.Қ., Байғонақов Д.С. Қазақстанның тас дәуірі. – Алматы, 2008. – 247-248 б.
4. Мұрғабаев С.С. Үлкен Қаратау петроглифтері (кандидаттық диссертация). – Алматы, 2010. – 42-97 б.
5. Советская историческая энциклопедия (СИЭ). Т.1. – М., 1961. – С. 886.
6. Қашқари М. Түрік сөздігі. – Алматы, 1998. – 208-210 б.
7. Толстов С.П. Древний Хорезм. – М., 1948. – С. 16.
8. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М., 1962.
9. Марғұлан Ә.Х. Беғазы-Дәндібай мәдениеті. – Алматы.
10. Киселев С.В. Монголия в древности // Изв. АН СССР. Серия истории и философии. – 1947. – № 4.
11. Древние Монгольские города. – М. – Л., 1962.
12. Андрианов Б.В. Земледелие наших предков. – М., 1978.
13. Андрианов Б.В. Древние оростительные системы Приаралья; Из истории земель древнего орошения Хорезма // Изв. Всесоюз. географического общества. Т. 89. – М., 1957. – вып. 6.
14. К вопросу о классификации форм орошаемого земледелия в Средней Азии // Очерки по истории хозяйства народов Средней Азии и Казахстана. – Л., 1973.
15. Земледелие наших предков. – М., 1978.
16. Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М., 1962.
17. Советская историческая энциклопедия (СИЭ). Т.13. – М., 1971. – С. 227.
18. Народы Передней Азии / Под общей редакцией С.П. Толстова. – М., 1957. – 176 б.
19. Таңдамалы өлеңдер. – Алматы, 1948.
20. Асарлар. Т. 15. – Ташкент, 1963.