Читать книгу Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33 - Коллектив авторов - Страница 10
Қолтаңба
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ АТЫН ӨЗГЕРТУГЕ НЕГІЗ ЖОҚ
ОглавлениеУ.Х. ШАЛЕКЕНОВ,
доктор исторических наук, профессор
«Ана тілі» газетінің 44-санында жарияланған академик Әбдуәли Қайдар мырзаның «Алма-Ата емес, Алматы…» мақаласын оқып, қолыма қалам алдым. Өйткені, бұл қазақтың ар- намысына, ұжданына, адамгершілігіне тиетін мәселе. Түркілер өздерінің кір жуып, кіндік кескен Отаны – Орталық Азияны мекендеп, мәдени өркениетке жеткен халық. Антикалық замандардан тұрақты қатынас орнатып, қалалар мен бекіністер салған. Олар отырықшы мәдениеттің орталықтары болған және үстінен Ұлы Жібек жолы өтіп, Шығыс пен Батыс елдерін байланыстыратын көпірлік қызмет атқарған. Түркілердің осынша бай тарихын, мәдениетін еуропалық орайдағы отаршылық көзқарастағы ғалымдар мейлінше бұрмалаған. Сондықтан да түркі әлемінің шынайы тарихы әлі жазылмағанына қазір көзіміз жетіп отыр.
Ә. Қайдар ащы болса да, ақиқат шындықты тұжырымдап жазған. Бірақ, мұндай отарлаушы елдер отарланған елдердің тарихына, тұрмысына, мәдениетіне жеккөрушілік көзбен қарап, теріс көрсетуге тырысқан. Өйткені, отаршылар бағынған халықтар жерінің байлығын иеленіп қана қоймай, рухани жетістіктерін өздерінен төмендетіп көрсетуге ұмтылған. Олар отарластырылған жерлерді мәңгі билеп-төстеп, қолдары жеткен жерлерді өздерінің жерлеріне айналдыруды мақсат еткен.
Алматы ертеден келе жатқан Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағына орналасқан түркілердің Жетісу өлкесіндегі көне қалаларының бірі. Табиғаты бай, ауа райы жайлы болғандықтан, қазіргі Алматыны адамдар ерте заманнан бері мекен еткен. Б.з.б. VII-III ғасырларда Сақ тайпаларының, б.з.б. III ғ. – б.з. III ғ. Үйсін халықтарының ежелгі мекені болған. Кеңес өкіметі кезінде Алматыдағы «Горный гигант» совхозының кеңсесіне жақын жерден археологтар үйсіндердің қонысын ашты. VІ-VIII ғасырлардағы Түргеш (Сары үйсіндердің) мемлекеті кезінде Алматы үлкейіп, ірі сауда, қолөнер кәсібінің және отырықшы мәдениеттің ірі орталығына айналды. Оның төнірегінде Іле өзені аймақтарында Ұлы Жібек жолындағы Х-ХІІ ғ. қалалардан Қастек, Қаскелең, Алматы, Тольхиз (Талғар) және тұрақты мекендер жеткілікті болған. Енді Ұлы Жібек жолын зерттеуші археологтардың сөзін келтірейік:
«Трасса проходила через города в предгоръях Заилийского Алатау, находившиеся на месте Кетека, Каскелена и Алмататы, и достигала города Тольхиз (Тольхира), который был расположен на северной окрайне нынешного города Талгара» [1]. Келтірілген дерек орта ғасырда Алматы Ұлы Жібек жолындағы белгілі қалалардың бірі екенін айғақтайды.
Петр I: «Қазақстан шығысқа баратын қажет қақпа» деген болса, сол қақпаны ашып, оның төріне шығу Ресей империясына оңайға түспеді. Қазақ жерін тікелей әскер шығарып, шауып ала алмайтындықтарына көздері жетіп, Ресей Орал, Солтүстік бағыттарына бекіністер орнатып, сол қорғандар арқылы Қазақстанды отарлап, жылжи келе берді. 1731 жылы Кіші жүздің ханы Әбылқайырдың Ресейге бодан болғанына, 1854 жылы Ресейдің отаршылары Жетісу өңірін, Іле бойындағы Алматыны иеленгеніне 123 жыл болды. Орыс әскерлері Алматыға жайғасып, әдеттегідей әскери бекініс салып, оны «Верный» деп атады. Осы кезде орыс әскерінде қызмет атқарған, қазақтың атақты ғалымы Ш.Ш. Уәлиханов Жетісу өңіріне талай келген, бұл жердегі қалаларда, сондай-ақ Алматыда да талай болған. Ш. Уәлихановтың сөзін сол күйінде берейік: «Города Алмалық (ныне Туркестанское селение), Ханакай и Койбулак (существующйй и теперъ у Алматы (где ныне укрепление Верное) были известны по всей торговле и служили станциями на большой дороге, по которой ходили гену- эзские купцы в Китай и Кипчакские послы к великому хану» [2].
Келтірілген үзіндіде автор Іле өңірінде Ұлы Жібек жолының бойында керуендер тоқтайтын ірі қалалардың болғандығын, соның ішінде Алматы қаласы сол уақыттың өзінде белгілі қала екенін, оның шетелдерден келген саудагерлердің, дипломаттардың тоқтайтын мәдени орталықтарының бірі екенін баяндайды. Бұл қалаларды Ш.Ш. Уәлихановтың зерттегені турасында мағлұмат бар: «Особенно плодотворными в научном отношении были для Ч. Валиханова 1856-1858 гг. В Семиреченском крае он изучал древние городища Алматы, Койлык, Алмалық, собрал коллекции древних манет, делал зарисовки с натуры Тамгалытас (на р. Или), наскальных рисунков в горах Чулактау и возле Джунгарских Ворот, каменных извояний на северном берегу Иссык-кулья и на р. Аягуз» [3].
Алматы қаласының Верныймен ешбір қатысы жоқ. Верный – Қазақстан жеріне салынған көп бекіністердің бірі. Отаршылар өздерінің басып алған жерлерінің топонимикасын өзгертуге құмар келеді. Олар Алматыға жайласып, бекініс салып, оған Верный деген ат беріп, кейін көп ұзамай Алматыны өзгертіп, оны бекіністің атымен 67 жыл бойына атап келді. Бұндай отаршылдық саясатты қолдаушылар, теріс пікірдегілер Алматы қаласын бүткілдей тарихтан алып тастап, оған отаршылардың қойған атауын мәңгі қалдырғылары келеді. Осындай теріс пікірдегі адамдар бұрын да болған, Верный туралы мақалалар жазылып, керек десеңіз, диссертациялар да қорғалған. Ә. Қайдардың біз назарға тұтып отырған мақаласында, Алматы өзінің төл атынан бүткілдей айырылып, оны отаршылардың қойған «Верный» атымен атауды көксеушілердің кейбір пікірлері берілген. Ондай теріс пікірдегілер Алматыны ойыншыққа айналдырып, оны ата-бабасының берген төл атынан біржолата айырмақшы. Қашан да тарихи шындық біреу ғана. Сондықтан, тәуелсіз ел болып, есімізді жиып жатқан кезеңде, бұл шындық өз орнына келіп, Алматы өз атымен ресми қайта аталды. Ресми түрде Елбасының «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» 1995 жылғы 5 қыркүйектегі жарлығында: «Қазақстан Республикасының астанасы – Алматы» деп тайға таңба басылғандай, айқын жазылған ғой. Кеудесінің буына нан піскен басшылар Елбасының қолы қойылған құжаттарды мойындағысы келмей ме? Алматының атын өзгертемін деп әлектенудің орнына, жер жаннаты Жетісудағы еліміздің ең үлкен қаласы – Алматыны көркейтіп, дүниені тамсандыру керек емес пе? Оның тұрған жеріндегідей өте бай табиғатқа ие қала шамалы шығар.
Сонымен Алматы Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы ертедегі көне қалалардың бірі. Б.з.б. ІІІ ғасырда оның іргетасы қаланған. Археологиялық деректер бойынша, бұл қала Ұлы Жібек жолымен жүретін керуендер тоқтайтын сарайлары, базары болған. Шамамен оның жасы 2300 жылдай. Азаматтарымыз таяу жылдарда ЮНЕСКО арқылы Алматы қаласының 2300 жылдық мерейтойын атап өтуге атсалысса, тәуір болар еді. Ондай мереке тәуелсіз еліміздің халықаралық мәртебесін арттырар еді. Тойды өткеруге дайындық кезінде қала көркейіп, кәрі Алматы жасарып, Алатаудың бауырында гүл жайнар еді. Мұндай ұлы істі атқарған азаматтарды еліміз, халқымыз ешқашан да ұмытпас еді.
Әдебиеттер:
1. Байпаков К.М., Шарденова З.Ж., Перегудова С.Я. Раннесредневековая архитектура Семиречья и Южного Казахстана на Великом шелковом пути. – Алматы, 2001. – С. 31.
2. Уәлиханов Ш.Ш. Бес томдық шығармалар жинағы. – 1989. – 38 б.
3. Сонда 69-70 б.
«Ана тілі», 2001