Читать книгу Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33 - Коллектив авторов - Страница 4

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі
ҰСТАЗ-ҒАЛЫМ У.Х. ШӘЛЕКЕНОВТІҢ ӨМІРІ ӨНЕГЕ

Оглавление

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төралқасы «Өнегелі өмір» атты сериялық кітаптың 32-шығарылымы Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің 90 жылдық мерейтойына арналуы орынды демекшіміз!

1942-1943 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралғаннан кейін жоғары білім алып, ғылыми-зерттеу жұмысына қызу кірісіп, 1953 жылдың аяғында КСРО Ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы этнография институтында аспирантураны бітіріп, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Одан кейін Өзбекстан Ғылым академиясында жұмыс істеп, 1967 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленеді. Міне, осы кезеңдерден бері нақтылай айтсақ, 1970 жылдан бастап Қазақстан Республикасында ұстаздық пен ғылыми жұмыстарды қатар алып келе жатқан ұлағатты ұстаз, талай шәкірттерді баулыған ғұлама ғалым.

1973 жылдың тамызынан бастап қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Археология және этнография» кафедрасына (1971 жылы ашылған) конкурс бойынша профессор қызметіне кіріседі. Содан бері У.Х. Шәлекенов осы «Қара шаңырақта» барлық күш-жігерін, білімін жас шәкірттер мен студенттерге арнап, оларды білім нәрімен сусындандырып келе жатқан ұлағатты ұстаз, майталман ғалым.

1971 жылы ашылған «Археология және этнография» кафедрасында алғашында екі ұстаз, бір лаборант болса, У.Х. Шәлекеновтің ұйымдастырушылық қабілетінің, оқу үдерісін өркендетуінің арқасында кафедра «археолог», «этнолог», «музеолог» мамандар дайындауда Қазақстан Республикасындағы бірден-бір орталыққа айналды.

Кафедрада профессор У.Х. Шәлекенов өзінің педогогикалық, ғылыми тәжірибесін, барлық күш-жігерін, еңбегін ғылымның екі саласы археология мен этнографияның деңгейін көтеруге жұмсады. Ол мамандар дайындаудың оқу-әдістемелік жүйесін қалыптастыра алды.

Тарих факультетінде Археология мен этнография дәрістері кең көлемде оқытылумен қатар, осы пәндер бойынша арнайы курстар ашылды. Археология мен этнология мамандану дәрежесін көтерген сайын кафедраның сандық, сапалық деңгейі де жоғарылады.

Қазір осы кафедрада 30-дан астам ғалым-ұстаз жұмыс істеп, «археолог», «этнолог» және «музеолог» мамандарын дайындаудың орталығы болып саналады. Олардың ішінде 7 ғылым докторы, 15-тен аса ғылым кандидаты мен доценті, аға оқытушылар және лаборанттар қызмет етуде. Кафедраның ынтымағы жарасып, мамандар дайындауда маңдайалды орталық болып отырғанында да У.Х. Шәлекеновтің үлесі зор екеніне шүбә келтірмейміз.

У.Х. Шәлекенов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде археолог пен этнолог ғылымын дамытуда белгілі үлесін қосып келе жатқан ұстаздардың бірі. Тарих факультеті түлектерінің археологиялық тәжірибе өтетін арнайы орны (база) да осы У.Х. Шәлекеновтің ұсынысымен ашылды. Бұл Жамбыл облысы Шу ауданында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн) ортағасырлық қала орны еді. Содан бері 40 жыл өтті. Бүгінде тарих факультетінің түлектері жылма-жыл археологиялық тәжірибені осы орында жүргізуде. Профессор У.Х. Шәлекеновтің жетекшілігіндегі ұстаздар мен студенттер осы ортағасырлық қалада өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, табылған өте бай артефактілер негізінде көптеген ғылыми мақалалар, арнайы бағдарламалар, дипломдық, кандидаттық жұмыс жазды және ірі-ірі ғылыми туындылар жасады. Тарихтан жоғалып кеткен әйгілі Баласағұн қаласын тауып, оны ғылыми негізде дәлелдеуде ҚазҰУ-дың тарих факультеті түлектерінің еңбегі зор.

Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетіндегі «Археология, этнология және музеология» ірі кафедраның бірі. Кафедраның ұлағатты ұстазы У.Х. Шәлекенов 500-ден астам ғылыми еңбек жариялады. Олардың арқасында монографиялар дүниеге келді. Елімізге тарихшы мамандар тәрбиелеп шығарды. Тарих ғылымдарының кандидаттары мен докторларының саны артты. Олардың біразы өзімен бірге ұзақ уақыттан бері жемісті еңбек етуде.

Уахит Хамзаұлы Шәлекенов – ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым, кең көлемдегі түрік-қазақ тарихының ғұламасы. Ұзақ жылдар бойына атқарған өнегелі еңбегі кейінгі ұрпақтарды тәрбиелеуде үлгі. Ол – соғыс және еңбек ардагері, ұстаздық пен ғалымдықты қатар атқарып келе жатқан еңбеккер азамат. Қоғамдық істерге де белсене қатысады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Университеттің соғыс және еңбек ардагерлер кеңесі Уахит Хамзаұлы Шәлекеновке ұзақ өмір, қайратты рух пен шығармашылық табыс, отбасына амандық тілейді.

Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33

Подняться наверх