Читать книгу Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33 - Коллектив авторов - Страница 8
Қолтаңба
БАЛАСАҒҰҢДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР
ОглавлениеУ.Х. ШӘЛЕКЕНОВ,
тарих ғылымдарының докторы профессор
Ақтөбе (Баласағұн) ертедегі ортағасырлық ескерткіш ретінде «Қазақстанның археологиялық картасына» енген. 1941 жылы археолог Г.И. Пацевич Ақтөбеге барып, онда барлау жұмысын жүргізіп, жалпы мәлімдемені төмендегіше берген: Ақтөбе биікте жатыр: солтүстік жағы – 265 м; шығысы – 250 м; оңтүстігі – 255 м және батысы – 208 м. Төңірегінің биіктігі – 1,5-2 м. Қырат жерден қазылған ормен қоршалған. Ортасында трапеция түріндегі биік цитадельдің орны бар. Оның ұзындығы: солтүстігі – 35 м; батысы – 60 м; оңтүстігі – 80 м және шығысы – 50 м. Цитадельдің төрт бұрышында биіктігі 5-9 метр шамасында мұнара болған. Шахристанның төңірегінде 2,5 шақырым көлемінде рабад орналасқан, оны ені 10-20 м, тереңдігі 2,5-3 метрдей ор (қамал) қоршаған. Осы деректерге сүйеніп, Г.И. Пацевич Ақтөбе қонысы VІІ-ХIII ғасырларда жасалған деген тұжырымға келген [1].
Г.И. Пацевичтің мақаласында Ақтөбе қонысы жөнінде аз да болса, тыңғылықты мағлұмат берілген. Ол ескерткішті өзінше өлшеп, қарапайым көзбен қарап, Ақтөбеге жалпы шолу жасаған. Археолог бұл жерде қазба жұмысын жүргізбеген. Сондықтан, қаланың жалпы көлемін, ішіндегі цитадель, шахристан және рабадты, оны қоршаған ордың (қамалдың) ұзындығын толық көрсете алмаған. Қолға түскен деректер жеткіліксіз болған соң, Ақтөбенің өмір сүрген дәуірі нақты айтылмаған.
Содан соң 1954 жылы П.Н. Кожемяко Ақтөбе қонысын зерттеп, оған Степнин қалашығы (Ақтөбе) деп ат берген. Степнин – Ақтөбенің батыс түстігіндегі Қырғызстанға қарайтын орыс селосының аты. Автор осы селоның атымен Ақтөбені (Баласағұнды) атап, үлкен ортағасырлық қаланың орны екенін, бекініспен қоршалғанын нақты көрсеткен және ескерткіштің схемалық жобасын жасаған [2].
Археологтың схемалық жобасында Ақтөбе қаласын қоршаған бекініске (орға) айрықша көңіл бөліп, оның жобасын қағазға түсірген, жалпы ордың ұзындығы 39 шақырымға жететінін көрсеткен. Бізге дейін сақталып келген ордың тереңдігі – 3-3,5 м, табанының ені – 18-20 м. Орды қоршаған су жүйелерінің ені – 8-10 м, тереңдігі – 0,6-0,8 м екенін баяндаған.
П.Н. Кожемяко Ақтөбеге жалпы шолу жасап, көлеміне, қоршаған бекініске көңіл бөлген. Қаланы барлау үшін қоршаған орды 3 жерден қазған. Ішкі қоршаудың үстіңгі ені – 4,4 м; тереңдігі – 2,5 м шамасындағы жерде қазба жұмысын жүргізіп, бұзылмай тұрған кезінде бекіністің тереңдігі – 5-6 м болуы мүмкін деген пікір айтқан [2]. Бұл бекініс (орлар) бірнеше қабаттан тұратынын көрсеткен. Археолог Ақтөбедегі бекіністерді толық көрсете алмаса да, қаланың үлкен болғанына, оның бекіністері айтарлықтай мықты екеніне айрықша көңіл бөлген.
Одан кейін Ақтөбенің ең үстінен 4.19 м шұңқыр қазып, оны тереңдеткен. Қазғанда табылған археологиялық заттарға негізделіп, Ақтөбе ІХ-ХІІ ғасырлардың қаласы деген тұжырымға келген [2]. Осы археологиялық шолудың нәтижесінде, П.Н. Кожемяко цитаделі мен шахристаны жоқ, Ақтөбе деп аталатын биік төбе феодалдардың мекені және әскери бекінісі болса керек деген болжам айтқан [2]. Ғалымның пікірінше, барлық ортағасырлық қалалардың цитадельдері және шахристандары бір тектес болу керек деген түсінік болған сияқты. Кейінгі жылдардағы ғалым әр қаланың өзіне лайықты ерекшеліктер болатынын байқамаса керек. Археологиялық зерттеулерге қарағанда, ортағасырлық қалалардың цитадельдері мен шахристандары әртүрлі етіп салынғаны анықталды.
1941 жылы Г.И. Пацевичтің Ақтөбе қонысы жөнінде берген алғашқы археологиялық деректеріне қарағанда, П.Н. Кожемяко бұл қонысты жан-жақты барлап, тереңірек зерттеп, оның өте үлкен ортағасырлық қалалардың қалдығы екенін айтқан [2]. Дегенмен, Ақтөбе қонысына ғылыми тұрғыдан мінездеме бере алмаған. Сондықтан да, Ақтөбе қонысы ІХ-ХІІ ғасырлардың ескерткіші деген пікір болғанымен, оның жасаған өмірін толық дәлелдеп айта алмаған.
П.Н. Кожемякодан кейін Ақтөбе қонысын ешкім зерттемей, сол күйінде қала берген. 1967-1968 жылдары Жамбыл облысының жерді суландыру шаруашылығы Ақсу өзенін бөгеп, Ақтөбе қаласының ортасынан су қоймасын салмақшы болып, қоныстың орталығы цитадельді, оны қоршаған шахристанды қазіргі заманның техникасымен қазып, біршама бүлдірген.
Рабадты қақ жарып, ұзындығы 3 шақырым, ені 100-150 м канал қазған. Жүргізген қазба жұмысы кезінде, археологиялық бұйымдар шыға берген соң, басшы орындардың нұсқауы бойынша бұл жұмысты уақытша тоқтатқан. Бірақ та осы жұмыс кезінде талай ескерткіш бүліншілікке ұшыраған, бірнеше қоныстардың орындары бұзылып, ойрандалған. Міне, осы күйінде Актөбе қаласы бізге жеткен.
Тек 1974 жылы С.М. Киров (әл-Фараби атындағы) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің археологтары Ақтөбені көріп, оның үлкен қала екеніне көздері жетіп, осы жылдан бастап археологиялық қазба жұмыстары қайта жанданады. Сол жылы ұйымдастырылған «Университеттің археологиялық экспедициясы» (УАЭ) әр жылы жоспарлы түрде зерттеу жұмыстары Ақтөбе қонысында ұзақ уақыт бойына жүргізіп келеді.
Ақтөбенің жалпы көлемін анықтау үшін 1980 жылы мамырдың бесінде ұшақпен масштабы 1:2000 аэрофотосы түсіріліп, қаланың көлемі анықталды. Аэрофотоға Ақтөбе қонысының барлық орталығы түгел алынды. Сурет сапалы түсірілген. Оны зерттеп, бір жүйеге, тәртіпке келтіріп, Ақтөбенің кіші және үлкен картасы жасалды.
Кішірейтілген картада Ақтөбенің орталық жерінің көлемі 70 шаршы шақырым екені көрсетілген. Қала ормен бірнеше рет қоршалған. Әсіресе, Ақтөбенің батыс жағының бекінісіне көп көңіл бөлінген. Ордың сыртынан ені 8-10 м су жүйесін жергілікті тұрғындар Дода (рудың аты) тоғаны деп атайды. Одан аққан су егістік жерлерді суарумен қатар, қаланың қорғаны да болған. Оған қоса саздан соғылған қорған – дуал бар. Қирап, 700-800 жылдай жер астында жатса да, биіктігі 4-5-6 м және ені 18-20 метрлік бұл дуал жақсы сақталған. Жалпы картада көрсетілген қорғанның ұзындығы – 52 шақырым. Қалаға кіретін бірнеше қақпалар (дарбазалар) болған. Бекіністің тек ішінде ғана емес, оның сыртында да көптеген қала тұрғындарының мекен еткені байқалады. Қоныстары үлкенді-кішілі төбелер болып қазірге дейін сақталған. Арасында табиғи төбелер кездеспейді, барлығы да қоныстардың қалдығы. Бұл тәрізді төбелер көп. Олардың аралары шамамен 25-80 м қашықтықта орналасқан. Бекіністің ішіндегі және сыртындағы сансыз төбелер қоныстардың орны болып, олар бір-бірімен тығыз байланыста екені анықталды. Қоныстардың жанында тұрғындардың қора-қопсылары, бау-бақшалары және тұрмысқа қажетті құрылыс орындары салынған. Қаланың тұрғындары қазіргідей баспаналарын көшенің екі жағына салған, ұшақтан түсірілген картада осы қоныс орындары, егістік жерлері, суару жүйелері және көшелер анық көрінеді. Қаланың төңірегін көптеген қарауыл төбелер қоршайды және олардың аралары 1-2 шақырымнан аспайды. Мұндай Бозжорға биіктігіндегі екі қарауыл төбені зерттедік. Төбелер Жеті жардың үстіндегі биіктерде бірнеше қарауыл орындары болған. Соған қарағанда сақшылар бір-бірімен дамылсыз хабарласып тұрған. Олардың кейбіреулерінің құрамын зерттегенде, төбелер саз балшықтан соғылғаны байқалды.
Ақтөбе қаласының картасына сипаттама беріп, қаланың гүлденіп өскен кезеңіндегі тұрғындар санын шамамен жобалауға болатынын белгілі ұшақтан суретке тусіру маманы К.В. Шишкин өзінің мақаласында жазған болатын. Оның берген есебіне көңіл аударайық. Қаланың орталығына салынған құрылыстың көлемін 700 гектар деп алсақ. Таяу шығыстағы мұсылман елдері қалаларының тұрғындары бір гектар жерде 500 адам тұрған болса, осы есепті негізге алып, Ақтөбенің орталығындағы жердің көлемі 70 гектар десек, Ақтөбе қаласында 350 мыңдай адам тұрған. Тағы да мұсылман елдерінің есебі бойынша, бір гектар суармалы жерде 50 адам тұрса, Ақтөбедегі суармалы жердің көлемі 1500 гектар мөлшерінде. Олай болса, егістік жердегі қала тұрғындарының саны 75 мың адамдай болуы тиіс. Жиілете салынған үйлердің орны 1000 гектарға жетеді. Мұндай жерде 250 мың адам тұрған. Бәрін қосқанда, Ақтөбеде 675 мың адам өмір сүрген. Қала қорға- нының сыртындағы жерді қоса есептегенде, Ақтөбенің жалпы көлемі 150 мың гектар болса, қала тұрғындарының саны бір миллионнан асады. Бұл әдіс жалпы қала халықтарын есептеп шығару зандылығына қайшы келмейді [3]. Қазақстан жеріндегі ортағасырлық қалалардың археологиялық жақтан зерттеле бастағанына көп жыл болған жоқ. Сондықтан болар, әлі де еліміздегі ежелгі қалалардың тұрғындар саны ғылыми тұрғыдан шешілмеген мәселе. Оған қосымша «көшпелі қазақтардың» қалаларында тұрғындар аз болған деген жалған пікірлердің де әсері болуы тиіс. Бұл мәселеде К.В. Шишкин күрделі болжауын алғаш рет беріп отыр. Көптеген тарихшылар К.В. Шишкин келтірген демографиялық есепті шындыққа тура келіңкіремейді деген пікір айтады. Мұндай күмәнданудың да жөні бар сияқты. Бүгінге дейін Орта Азияда осынша көп адамдар қоныстанған қалалардың бар екенін ешкім жазбаған. К.В. Шишкин осы қаланы тарихта белгілі Алдыңғы Азияның ірі қалаларымен салыстырып, XII ғасырдағы Ақтөбе тұрғывдарыньщ есебін шығарған. Бұл есеп орта ғасырды зерттеп жүрген қазіргі тарихшылардың пікіріне тура келмейді. Мәселен, К.М. Байпақов Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі ортағасырлық қала тұрғывдарының санын төмендегіше берген: Таразда (Таласта) – 10 мың, Отырарда – 15,5 мың 460 адам; Ислиджабта (Сайрамда) – 40 мың; Баласағұнда – 6 мың; Шелекте – 1,2 мың; 5 мың, Сүмбеде – 2,2 мың; Дүнгенде – 5600; Антоновскийде – 13 мың адам тұрғанын айтады [8]. Бірақ қала тұрғындарының келтірілген есебіне де күмәндануға бола- ды. Себебі, тұрғындар санын қандай деректерге сүйеніп алғанын К.М. Байпақов көрсетпеген. Біздіңше, Орта Азиядағы және Қазақстандағы орта ғасыр қалалары тұрғындарының саны дұрыс көрсетілмеген. Жоғарыда келтірілген Актөбе картасындағы ұзындығы 52 шақырымнан астам бекіністі 6 мың тұрғыны бар Баласағұн қаласының адамдары тұрғыза ала ма? Осындай сұрақтарды аты аталған қалалардың бәріне де қатысты қоюға болады. Өйткені, отаршылдық жылдары біздің аймаққа келген Ресей империясы ғалымдарының көпшілігі жергілікті халықтардың отырықшы мәдениеті жоқ деген пікірді ұстанғандықтан, ортағасырдағы қала тұрғындарының санын анықтауға көңіл бөлмеген. Басқасын былай қойғанда, Орта Азия халықтарының тарихын жазуда үлкен үлес қосқан белгілі шығыстанушы, академик В.В. Бартольдтың еңбектері де осындай көзқарастан құр емес екенін байқауға болады. Тіпті, совет ғалымдары да осы пікірге жүгініп, қазақ халқы көшпелі, шетінен сауатсыз, жазу-сызуы бұрын болмаған деген ұғымды заңды себеп ретінде айтып келгені баршаға мәлім. Осындай көзқарастың негізінде ортағасырдағы Орталық Азиядағы қала тұрғындарының санын тура көрсету мүмкін емес. Көптеген тарихшылар, археологтар өздерінің зерттеген археологиялық қоныстары мен қала тұрғындарын аз етіп көрсетуге тырысады. Керек десеңіз, бұл тұрақты мекендерді соғдылар салып кеткен деген жалған пікірді айтушылар әлі де баршылық.
Ерте заманнан бері талай өркениетті басынан өткерген, Орталық Азияда жүз мыңдаған тұрғыны бар қалалар неге болмауға тиіс? Самарқанд, Бұқара, Испиджаб, Баласағұн, Отырар, Сауран, Сығанақ және т.б. шаһарлар саяси, экономикалық және мәдениеттің дамыған орталығы болған. Аймақтың ертедегі ескерткіштері тек соңғы 50-60-жылдардың ішінде ғана зерттеле бастады. Бұл археология ғылымы үшін көп мерзім емес. Алдағы уақытта археологиялық зерттеулер орта ғасыр тарихынан көптеген жаңалықтар әкелетіні сөзсіз. Соның бірі Баласағұн (Ақтөбеде) дер едім. Мәселен, осы қаланың маңындағы суару жүйесі егіншілік мәдениеттің жоғары дәрежеде дамығанын дәлелдейді.
Ұзақ жылдар Баласағұнды зерттеуде су жүйелері туралы бірқанша деректер жиналды. Қала тұрғындарының күшімен ірі-ірі су жүйелерін салған. Солардың ең үлкені Дода, Қожай, Оразалы каналдары (тоғандары). Олар сол су жүйелерін қазған рулардың атымен аталған. Ұлы жүздің бұл руларының ұрпағы осы күнге дейін Баласағұн ауылшаруашылық бірлестігінде (бұрынғы Калинин колхозында) тұрады. Сол атаулардың қалғаны ертеден келе жатқан су жүйелері екендігіне дау жоқ.
Дода каналы бастауын Ақсудың өрінен алып, қаланың оңтүстік-батыс жағын жағалап, аяғын Қарабалтаға құяды. Канал Ақтөбенің биік жағынан Бозжорға қыратының етегімен жүріп, Ақсудың сол жағынан Қарабалтаға дейінгі қоныстарды, қаланы сумен қамтамасыз еткен. Қала тұрғындары кіші су жүйелерін Дода тоғанынан алып, сол су жүйелері арқылы егістік жерлерін, малдарын суарған. Сондай-ақ ауыз сулары, бау-бақшалары осы канал суымен қамтамасыз етілген. Ірі-ірі әулеттер, ханзадалар су құбырлары арқылы қажетті суын алып отырған. Қожай, Оразалы каналдары Ақсудың оң жағын жағалап, сол жердің тұрғындарына су жеткізген. Бұл су жүйелері осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген. Қазірге дейін жақсы сақталған. Кейбіреулері пайдаланбаған соң құрғап қалған. Ақтөбенің су жүйелерін археолог В.А. Грошев сипаттап жазып, мақала етіп жариялады [9]. Осы тоғандардың бойына су диірмендерін құрған. Олардың орны керек десе, диірмен тастары осы күннің өзінде де өз орындарында жатыр. Су диірмендерінің тұрмыста кең көлемде пайдаланылуы, Ақтөбе қаласы маңында егіншіліктің мол болғанына дәлел. Олардың біреуі соңғы жылдары қайта құрылды. Оны сол жердің тұрғыны Мұсаев деген азамат құрастырды.
Орта Азия және Қазақстандағы ортағасырлық қалаларға, әсіресе, Ұлы Жібек жолындағы шаһарларға ғалымдар, саяхатшылар жиі-жиі келіп тұрған. Олар осы қалалар жөнінде азды-көпті құнды деректер қалдырғанына жоғарыда тоқталғанбыз. Ортағасырлық үлкен қалалар үш бөліктен құралғанын арабтың ұлы географы Ибн Хаукал жазған. Ол Ферғана қаласының құрылысын былайша суреттеген: «Ферғананың орталығында кухендиз (цитадель), оны қоршаған медина (шахристан), оның төңірегінде рабад орналасқан. Әмірдің үйі және түрме кухендиздің ішінде… Ферғана аймағында кухендизсіз бірде-бір қала жоқ» [3].
Тарихта белгілі Ферғана көрші аймақтарға да өзінің ықпалын жасаған, Ақтөбе де бұдан кенде емес екені ақиқат. Соның айғағы – оның да үш бөліктен құралғандығы. Қаланың қақ ортасында, Ақсу өзенінің сол жағында биіктігі жердің бетінен 20 м биік төбе бар. Оны жергілікті тұрғындары кейінгі кезде Ақтөбе деп атап кеткен. Бұл төбе – қаланың цитаделі (кухендизі). Оның солтүстік жағы – 35 м; батысы – 60 м; оңтүстігі – 80 м; шығысы – 50 м. Цитадельдің жалпы көлемі – 7-8 гектар. Шахристанның көлемі – 20 гектар. Қала шахристаны мен рабадттары XX ғ. 60 жылдарында бұзылғанын жоғарыда айтып өттік. Сондықтан да, шахристанның көрсетілген көлемін болжам деп қарау керек. Себебі, Ақтөбе шахристанының өз алдына ерекшелігі бар. Тек цитадельді қоршаған шахристанның көлемі көрсетілген. Ұзақ жылдар бойы зерттеудің барысында, қала цитаделінің көлемі 60-70 га болуы керек. Ол цитадель оңтүстігіндегі үлкен төбе батысында үстінен канал жүргізілген төбелерде шахристанға кіруі тиіс деген пікірдеміз. Бұл төбелер цитадельмен жалғасып жатқаны байқалады. Цитадельдің батысындағы шахристанда күйдірілген кірпіштен соғылған үйдің орны бар. Жергілікті тұрғындар ұзақ жылдар бойы осы жерден кірпіш алып, содан үйлеріне пеш (печь) салған, едендеріне төсеген. Мұндай күйдірілген кірпіштен үй салу Қарахан әулеті кезінде кеңінен жайылған. Осындай үйдің орны бар екенін В.В. Бартольд те байқаған. Қаланың қалған жері – рабад. Ол үлкен көлемдегі жерді алып жатыр.
1974 жылдан бері 35 жыл өтті. Осы жылдардың ішінде университет археологтарының басқаруымен, тарих факультетінің студенттері мен уақытша қабылданған жұмысшылардың күшімен әр жылы 2-3 ай бойына Ақтөбеде қазба жұмыстары жүріп келеді. Бұл зерттеу жұмыстары цитадельде, шахристанда және рабадта жүргізілуде.
Ақтөбе (Баласағұн) шаһарын зерттеуде атсалысқан археологтардың бірі М. Елеуовтың пікірі: «1974 жылдан бастап Шу өңіріндегі ортағасырлық Ақтөбе қаласындағы зерттеулерді әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы (УАЭ, жетекшісі профессор У.Х. Шәлекенов) жүргізіп келді. Ұзақ жылғы зерттеулердің нәтижесінде ортағасырлық қаланың тарихи-топографиялық құрылымы анықталды. 1976-1990 жж. аралығында қаланың цитаделінде үш стратиграфиялық кесік және 8 қазба жүргізіліп, оның VІ-ХІІІ ғ. бас кезінде өмір сүргені анықталып, үш хронологиялық кезеңде (VІ-VІII ғғ. бірінші жартысы; VIII ғ. екінші жартысы – X ғ; ХІ-ХІІІ ғғ. басы) салынған бекініс, қамалдар, мұнаралар, салтанатты сарай кешені, алаңдар, қақпа, монша т.б. құрылыс қалдықтары ашылды» [6], – дейді.
Бұл зерттеуге М. Елеуов 1976 жылдан бастап кірісті. Ақтөбенің цитаделін және Төрткөл төбені қазуда ерекше күш жұмсады. Сондықтан да, ескерткіштің сырын ашуда, Н. Алдабергенов пен М. Елеуовтің белсенді зерттеу жұмыстарын атап өтуді жөн көрдім. Ақтөбенің үстінде орналасқан Сарай алаңын ашқанда, маңтай тер төгілді. Оның ұлтанына жетіп, Қарахан дәуірінің қыш кірпіштері төселгенін көрдік. Ол кірпіштер сол күйінде орындарында жатыр. Алаңды реставрациялауға болады.
Ақтөбе қаласының қай кезеңде салынғаны жөнінде бірнеше пікірлердің бар екенін жоғарыда атап өткенбіз. Бірақ бұл айтылған болжамдарды анықтау мақсатымен, ең алдымен, қаланың қай ғасырларда жасағанын білу үшін цитадельдің және шахристанның үстінен төмен қарай көлденең кесіп түсіп, табылған археологиялық заттарға сүйеніп, ескерткіштің өмір сүрген дәуірін анықтауға тура келеді. Ол үшін Ақтөбенің солтүстік-шығыс мұнарасының тұсынан жоғарыдан төмен қарай ені 7-8 м; тереңдігі 10-12, 5 м; ұзындығы 22 м көлемінде көлденең кесіп түсірілген. Бұл жұмыс үш жыл бойына созылды. Қазылған жер 22 қабатқа бөлінді. Кездескен заттар баспалдақ қабаттар бойынша есепке алынды. Қазба жұмысы цитадельдің жер табанына дейін жетті [6].
Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде, цитадельдің көп қабаттан құралғаны анықталды. Оның сыртқы бекініс қабырғасы үш кезеңде салынған сияқты. Жерді тегістеп, топырағын нығыздап, оның үстіне 2 м биіктікте платформа (биіктеу алаң) соққан және еденінің ені 0,3 м келетін саз балшықтан салған. Оның үстіне 49x27x9 – 10; 50x27x9 – 10; 50x23x10 см мөлшердегі күйдірілмеген кірпіштерден цитадельдердің бекініс қабырғаларын тұрғызған. Бірінші кезеңге жататын жерден әртүрлі қыштан жасалған ыдыстар табылды (үлкенді-кішілі құмыралар, ыдыстар, шырақтар және т.б. бұйымдар). Бұл ыдыстардың барлығы үй тұрмысында қолданатын қолөнершілер жасаған бұйымдар. Олар Орталық Азиядағы Пенджикенттен, Қазақстандағы Отырар қаласынан табылған VII-VІII ғасырларға жататын қыш ыдыстарға ұқсас келетіні байқалады [6]. Олай болса, Ақтөбенің тұрғындары ертедегі орта ғасырда Орта Азия халықтарымен тығыз байланыста болған. Цитадельдің бесінші қабатының деңгейінен күл ішінен түргештердің VІІ-VІІІ ғасырларға жататын 5 мыс теңгесі табылды. Бұл теңгелердің үш тіс тәрізді шеттерінде белгілері бар. Бұрынғы орта ғасыр қалаларынан сирек болса да табылатын түріктердің теңгесінде ондай ерекшеліктер байқалмаған. Соған қарағанда, Ақтөбені өздерінің астанасы еткен түріктер, осы қалада ақшасын шығарған. Тарихта белгілі, біздің заманымыздың V-VІ ғасырларында Жетісу, Шу, Талас өңірлерінде Түргеш (Сарыүйсін) қағанаты жасаған [9]. 603 жылы түріктер Шығыс және Батыс болып екіге бөлінбестен бұрын да, бұл жерлерді түркі тілдес тайпалар да мекен еткен. Ал Ақтөбе Ұлы Жібек жолындағы қалалардың бірі болған.
Мұнан кейінгі екінші кезеңде цитадельде үлкен құрылыс мысы жүргізіліп, бекініс қабырғаларының қалыңдығы 4 м-ге жетіп, оның биіктігі 7-8,5 м-ге биіктеген. Құрылыс жұмыстары цитадельдің кешенін толық қамтыған. Қоспасында, оның салу тәсілінде айтарлықтай өзгерістер болмаған. Қазылған қабаттан көптеген археологиялық дүниелер шықты: құмандар, құмыралар, қазан, жебе ұштары және басқа да бұйымдар бар. Бұл деректер Отырардан, Құланнан табылған заттарға ұқсас. Табылған археологиялық қазбаларға қарағанда, цитадельдегі екінші кезең VІІ-ІХ ғасырларға тура келеді. Осы ғасырларда түріктерге қарлұқтар билігін жүргізген. Дегенмен, түріктердің мәдениеті айтарлықтай өзгеріске ұшырамады, қарлұқтардің үстемдік еткен кезінде цитадельде үлкен құрылыс жүріп, ол бұрынғыдан да мықты бекініске айналған.
Үшінші кезеңде цитадель тағы да қайта жөндеуге ұшырап, өзінің сыртқы көрінісін, көлемін өзгерткен. Бекініс қабырғасының сыртынан қыш кірпіштен 49 х 27 х 9 – 10; 50 х 27 х 9 – 10; 50 х 23 х 10 см қосымша қабырға салынып, оның ені 10 м-ге жеткен. Осылай цитадель өте үлкен бекініске айналған. Қазылған қабырғаның ішінен көптеген археологиялық заттар шықты: қыштан жасалған әртүрлі ыдыстар – құмыралар, қазан, мыс шырақтар. Бұл заттардың көпшілігі Орталық Азиядағы ортағасырлық қалалардан шыққан қыш бұйымдармен ұқсас. Соған қарағанда, цитадельдің үшінші кезеңі ІХ-ХІІ ғасырларға тура келеді. Бұл шақ қарахан және қарақытай (каракидан) әулетінің үстемдік еткен кезеңдері. Жоғарғы қабаттағы мәдениет өзінің өркениеттік дамуына жеткен Қарахандар дәуірі. Бұл кезде Ақтөбе (Баласағұн) өзінің гүлдену дәуірінде жасаған. Олардың орнын басқан Қарақытайлар (Қарақидан) моңғол нәсілді халық болып, Баласағұнда 90 жылдай билік құрған. Қаланың дамуына еш ықпал жасамай, 1210 жылы оны өртеп, ойрандағанына жоғарыда тоқталғанбыз.
Цитадельдің кешенін тереңірек анықтау үшін, оңтүстік-шығыс бөлігінен ұзындығы 16 м; ені 1-1,5 м; тереңдігі 5,5 м жоғарыдан төмен қазып, табиғи жер тағанына жеттік. Бұл қазба жұмысы да жоғарыдағы тәсілмен жүргізілді. Цитадельдің бұл бөлігінен табылған заттар солтүстік шығыс мұнара жақтан табылған археологиялық деректерге ұқсас. Бұл бөлікте де үш кезең ескерткіші байқалды. Бірінші кезең қабырғасының биіктігі 4,2 м; ені 3 м, екінші кезеңінің қабырғасы бірінші қабырғаның сыртынан 4 м биіктеу, 2,3 м-ге ұзындау салынған.
Оның сыртынан үшінші бекініс қабырғасы – 2,5 м биіктікте, ені 1,7 м етіп салынған. Қазба кезінде көптеген археологиялық заттар табылды. Олар жоғарыдағы цитадельден қолға түскен материалдарға ұқсас. Соған қарағанда, цитадель кешенінің негізі бір мезгілде салынып, кейін қайта құрылысқа ұшырап отырған. Қарахандар кезіне айрықша тоқталуға тура келеді. Себебі, осы дәуірде Қарахандар Қазақстанның шығыс, оңтүстігі мен Орта Азияны түгел билеп, қуатты мемлекетке айналған. Бұл кезде осы елдің экономикасы мен рухани мәдениеті гүлденіп өскен кезең екені тарихта талай жазылды. Мемлекеттің астанасы Самарқанд, Қашқар және Баласағұн қалалары болған. Қарахан әулетінің ең үлкен ханы Баласағұнда тұрған. Қазіргі Ақтөбе деп аталатын қоныс цитаделінің үстіңгі қабатынан табылған заттар қарахан дәуірінің мәдениеті. Ал қарақытайлар кезінде феодалдық өзара таластың күшейе түсуінен мәдениеті мен экономикасы төмендеп кеткенін байқаймыз.
Цитадель комплексінің өмір сүрген кезеңдерін анықтағаннан кейін, оны қоршаған шахристанның жасаған кезеңдерін шешу үшін солтүстік-шығыс шетінен жоғарыдан төмен қарай кесіп, ені 1,5 м, ұзындығы 22 м, тереңдігі 8,5 м көлемде қазба жұмысы жүргізіліп, батысқа қарай енін 7 м-ге кеңейтіп қазды. Зерттеу кезінде мәдени қабаттан көп құнды заттар шықты. Қолға тиген деректермен бірге шахристанның бекініс қабырғаларының салыну тәсілдерін зерттеген кезде, төрт кезеңді басынан өткергені байқалады [9]. Шахристанның бекініс қабырғалары саз балшықтан құйып соғылған. Тек, үшінші, төртінші кезеңдерде қабырғалары биіктетілген, қалындатқан, қыш кірпіштерді қолданған. Олардың көлемі 49 – 50 х 24 х 7 – 8 см; 42х 25x8 – 10,5; 44x22 – 23 х 9; 45x24x10-10,5; 46х 8-9 см болып келеді. Қазба кезінде табылған құмыралар, құмандар, ыдыс қақпақтары, олардың тұтқалары, түргеш теңгелері және т.б. заттарға қарағанда, шахристанның негізгі іргетасы V-VІ ғасырларда түріктер кезеңінде салынып, одан кейінгі VІІ-ХІІ ғасырларда қайта салынып, сыртқы бекініс қабырғалары үлкен қамалға айналған. Сөйтіп, цитадель мен шахристанның жасаған кезеңдері бір-бірімен тығыз байланыста екенін анықтау қиын емес. Археологиялық зерттеуден табылған заттар Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі ертедегі ортағасырлық ескерткіштерден табылған бұйымдармен ұқсастығы бар екені байқалады. Бұдан шығатын қорытынды: Ақтөбе шаһары алдымен өз аймағымен, көрші шетелдермен тығыз байланыста болған. Ұлы Жібек жолы Тасөткел арқылы осы қоныстың үстінен өткен. Өйткені, Ақтөбе Тасөткелмен жалғасып жатқан.
Цитадель мен шахристанның кезеңдерін анықтағаннан кейін археологиялық қазба жұмыстары 1974 жылдан бастап рабадта да жүріп жатыр.
Ақтөбеде жүргізілген археологиялық зерттеулердің басым көпшілігі цитадельде өтті. Оның өзі патшалардың орналасқан кешендік сарайы және бекінісі екені анықталды. Бекініс күйдірілмеген кірпішпен қоршалған. Оның ішінен он бестен астам үлкенді-кішілі бөлмелер, едені қыш кірпіштен төселген алаң, астынан қызатын шығыс моншасы, жуынды суды сыртқа шығаратын қыштан жасалған құбырлар және т.б. сол сияқты заттар табылды. Ақтөбенің үстіңгі қабатында бөлмелердің алдында айван (навес) орны бар. Еденіне күйген қыш кірпіштер төсеген. Айванды көтеріп тұратын сан тіреулердің астына 55x5 см көлемдегі күйдірілген кірпіштер төселген. Цитадельге кіретін шығыстан және оңтүстіктен екі қақпа (дарбаза) бар. Осы орындарды қазғанда көптеген археологиялық заттар кездесті. Олар жоғарыда айтылған ескерткіштің жасалған дәуірін көрсетеді.
Шахристан-1-де көптеген тұрғын үйлер үстіңгі қабатынан ашылды. Зерттеулердің барысында үй тұрмысына керекті қыш ыдыстар: құмыра, тандырлар, қола шырақтар, шойын қазандар, кетпен және басқа да бұйымдар табылды. Осы бөлмелердің біреуінен қарахан дәуірінің 5000-ға жуық қоладан соғылған ақшасы шықты. Теңгелермен бірге кішкентай таразы, мөрлер алынды. Оның үстіне теңгелер табылған жерден жартылай жасалған тиындар да шықты. Соған қарағанда, Шахристан-1 ақша соғатын сарай болса керек. Қарахан дәуірінің мұндай теңгелері бұрын Орта
Азия және Қазақстан ортағасырлық қалаларынан да табылған еді. Бірақ, мұндай көп көлемде бірінші рет Ақтөбеден қазылып отыр. Бұдан басқа цитадель, шахристан, рабадтардың мәдени қабаттарынан қоладан, күмістен соғылған, шашылып жатқан ақшалар табылған. Солардың 35 данасын Қазақстанның белгілі археолог-нумизматист (теңгелерді) зерттеушісі Р.З. Бурнашева ғылыми тұрғыдан жазып, сипаттады [8]. Ғалымның айтуынша, зерттеліп отырған теңгелердің бірі қоладан соғылған. Олар VII- VIII ғасырлардағы 7 теңге түрік-тухус тайпаларының ақшасы болса, 3 теңге түргештердікі екені анықталды. Түргештердің теңгелері Шу, Талас алқаптарына VIII ғасырдың бас кезеңдеріне тарағаны мәлім. Қалған 25 тиын ХІ-ХІІ ғасырларға жататын қарахан дәуірінің дирхемдері. Р.З. Бурнашеваның айтуына қарағанда, Х-ХІІ ғасырларда Барсханда, Таразда ақша шығаратын орындар болған. Бұдан кейін де бес жылдың ішінде Ақтөбеден көптеген теңгелер табылды. Бірақ бұл құнды археологиялық деректер әлі толық зерттелген жоқ. Ол алдағы іс. Бұл ақшалар тазартылыл жатыр. Олардың ішінде жазулары, таңбалары бар теңгелермен бірге еш таңба түспегендері де кездеседі. Соған қарағанда, осы теңгелердің табылған жері қарахан әулетінің ақша жасайтын сарайы болуы тиіс деген пікірді айтуға болады. Барлық табылған археологиялық заттар және бұйымдар VI-XII ғасырларда жасаған түріктердің мәдениетін көрсетеді.
Шахристан-2 Ақтөбенің оңтүстік жағына орналасқан. Бұл жерден де үлкен қоныс ашылып, 13 бөлме тазартылды, Шахристан-2 қонысы бір-біріне тіркес салынған екі бөлік қоныстан құрылған.
Қоныс үлкен патриархалдық әулеттің қонысына ұқсайды. Қазба жұмысының барысында, Шахристан-2 үш қабатты екені анықталды. Олардың ішінен 3, 4, 5 бөлмелерді тереңдете қазып, астыңғы қабаттағы үйдің табанына жеттік. Бұл тұрғын үйлер екі дәуірді бастарынан өткерген. Үстіңгі қабаты ІХ-ХІІ ғасырлар мәдениетіне жатса, астыңғы қабаты ғасырларда өмір сүрген. Қалған 6-13 бөлмелердің үстіңгі қабаттары қазылып, ең астыңғы қабатына жақындадық. Дегенмен, ең төменгі қабатын қазу мүмкін емес. Өйткені, жерасты суы көтеріліп кеткен. Шахристаннан көптеген құмыралар, қыш ыдыстар, темір құралдар, тандырлар, мыс теңгелер, есеп тастары, адамның қаңқасы және т.б. көптеген дүниелер табылды. Ондағы ашылған бөлмелердің ішінен жанған бөренелердің күлі, т.б. осындай ертеде қирағанын дәлелдейтін заттар көптеп кездеседі. Соған қарағанда, қала жалпы өртке ұшыраған. Үй дуалдарына қадалып қалған садақ оғының ұшы жиі кездеседі. Бұлардың бәрі, қала жаугершіліктен өртеніп, жермен-жексен етіп, қайта қалпына келтіре алмастай етіп кеткен деген пікірге еріксіз әкеледі. Шахристанда зерттеулердің кезегін күтіп жатқан қоныстардың орны өте көп. Олар жоспарлы түрде қазылып келе жатыр.
Университет археологтары рабадта да қазба жұмысын жүргізіп, Төрткөлтөбені және бір тұрғын үйдің орнын зерттеді. Төрткөлтөбе цитадельдің шығысында 600 м қашықтықта, Ақсу өзенінің оң жағында, Қожайдоғаның бойында орналасқан биік төрт бұрышты төбе. Төрткөлтөбе бірнеше жыл қазылуда. Айналасы 4 м ендікте саз балшықтан соғылған қорған қабырғасы бар. Оның ішінен оннан астам бөлме ашылды. Бөлмелердің көпшілігі шығыстан батысқа қарай ұзын етіп салынған, олар бір-бірімен қатарласып, жалғасып жатыр. Бұл бөлмелер өзара ішінен бір-бірімен есіктері арқылы байланысқан. Сыртқы бекінісі қабырғаның шығыс жағынан салынған үлкен қақпа (дарбаза) бар. Бөлмелердің алдында алаң бар, аршылған бөлмелердің ішінде құмыра, ыдыс қоятын қуыстар, диірменнің орындары жиі кездеседі. Терезелері жоқ, жарық төбеден түскен. Төрткөлтөбеден әртүрлі көлемдегі диірменнің тастары, олардың тұрған орындары, тандырлар, ошақтың орындары ашылды. Соған қарағанда цитадель тұрғындарына нан және басқа тамақтарды дайындайтын орын болса керек деген ой келеді. Жүргізілген қазба жұмысы кезінде өрттен болған соғыстың іздері көрінді. Бөлмелердің ішінен ағаштың күлі, көмір, оның қабырғаларына, қақпаның сыртқы- ішкі жақтарына шаншылып қалған садақтың оқтары табылды. Соған қарағанда, Төрткөлтөбе де қырғын соғыстан қирағанға ұқсайды. Зерттеу кезінде табылған көптеген заттарға қарағанда, Төрткөлтөбе VІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген үлкен бекініс орны, сарай, қала тұрғындарының экономикалық орталығы болған сияқты.
Ақтөбе шаһары Ақсу өзенің төменгі ағысында өзеннің екі жағын алып жатыр. Ақсудың сол жағы оң жағына қарағанда әжептәуір аласа. Сондықтан өзеннің сол жағынан Ақсудың суы қаланың оң жағына көтерілмейді. Сол жақтағы қала халқы өте тығыз орналасқан және цитадель мен шахристан да осы бетте. Бұл беттегі суару жүйелері, тұрғындардың баспаналары қамалдың ішінде де, сыртында жақсы сақталған. Ал өзенінің оң беткейіндегі қала тұрғывдарыньщ қоныстары біздің заманымызда техниканың күшімен бұзылып, бұрынғы Калинин атындағы колхоздың егістік жеріне айналып кеткен. Егістікке айналған жерлерге зер салып қарасақ, оның беті тегіс емес, ойлы-қырлы. Ертедегі қоныстардың іздерін байқауға болады. Айдалған жерлерге колхозшылар қызылша мен бау-бақша, дәнді өсімдіктерді егіп, оларға су жібергенде, кейбір жерлерде жер астына су кетіп жатады. Соған қарағанда, өзеннің оң жағалауында да су құбырларының болуы мүмкін. Бұл – болжам. Олай дейтініміз, Ақсудың оң жағалауларына салынған үлкен қоныстардың орындары ғана сақталып қалған.
Ендеше, қала тұрғындары Ақсу өзенінің оң жағалауына да каналдар арқылы су жүйелерін әкелген. Ол су жүйелері қорғаныш қызметін атқарумен бірге тұрғындарды сумен қамтамасыз еткен. Оған қосымша Ақсудың оң жағалауында Қожай, Оразалы тоғандарын салған. Бұлай аталу себебі, ол жерді ежелден мекендеген қожай руының адамдары қазған тоғандар. Біздің заманда да осы тоғандардан Калинин атындағы колхоздың орталығы бертінге дейін су ішіп келген. Оразалы тоғаны өзінің көзін Ақсудың жоғарғы жағынан 4,5 шақырым жерден алып, оң жағасымен колхоздың осы күнгі орталығына келген. Оның бізге жеткен ені – 5 м; тереңдігі – 0,7 м [5]. Соңғы 5-6 жылдың ішінде ел тоғанды тастап, қасынан жаңа су жүйесін салды. Оразалы мен қожай тоғандарының екі жағасында әлі қала тұрғындары баспаналарының, қорақопсыларының орындары көптеген төмпешік болып жатыр.
Ақсу өзенінің сол жағын мекендеген қала тұрғындарын Дода тоғаны сумен қамтамасыз еткен. Ол өзінің су көзін Ақсу өзені сағасынан 5 шақырым қашықтықтан алып, Бозжорға биіктігінің астымен, қаланы айнала қазылған ор қамалының сыртымен келіп, су төменде жатқан Қарабалта өзеніне құйған. Дода тоған-каналдың сақталған арнасының ені – 5 м; тереңдігі – 0,7 м. Бұл тоғанның суы мол болып, шамамен 50-55 шаршы шақырым жерді сумен қамтамасыз еткен. Осынша көлемді мекендеген қала тұрғындары Дода тоғанынан үлкенді-кішілі су жүйелерін тартып, өздерінің көшелерін де сумен қамтамасыз еткен. Осындай су жүйелері арқылы әуіздерді (су сақтайтын шұқыр) толтырып, ол суларды тұндырып, жердің астымен тартылған су құбырлары арқылы цитадельге, шахристанға және кейбір рабадтардың ірі қоныстарына жіберген.
1974-1977 жылдары Ақтөбе қаласында археологиялық зерттеу кезеңінде үлкен ұзындыққа созылған орталық су құбырлары ашылды және оның құрылысы мен салу тәсілдеріне көңіл аудардық [9]. Осы еңбектің басында Ақтөбеден табылған су құбырларына байланысты үш жылда жиналған деректерді берген болатынбыз. Енді сол су құбырлары жөніндегі кейінгі жылдардағы жинақталған мағлұматтармен кеңірек таныстырмақшымыз.
1974 жылы бірінші рет су құбырлары табылған еді. Кейінгі жылдары олардың сырлары ашылды. Су құбырлары көп қатарлы, бір қатарлы болып екіге бөлінеді [9]. Көп қатарлы құбырлар шахристанның үстімен батыстан шығыс цитадельге қарай тартылған басты су жүйесі болып табылады. Осы су жүйесі цитадельге, шахристанға ауыз су әкелген. Шахристанның батыс шетінде су жинайтын шұңқыр бар. Бұл шұңқырға суды жоғарыдағы Дода тоғанына кіші арықтар арқылы әкелген. Осы жерден екі шұңқыр табылды. Олардың көлемі: 2000-2500 шаршы метр; 500-600 шаршы метр. Цитадельге баратын негізгі орталық су құбырлары суды бірінші үлкен шұңқырдан алған. Бұл әуіз суды жоғарыдағы Дода тоғанына 2025 м ұзындықтағы кіші су жуйесімен келген су әуізді толтырған, сосын тұндырылған. Одан кейін су құбырлары арқылы аққан.
Әуіздің оңтүстік шетіне цитадельге баратын құбыры орнатылып, оны әуіздегі суға жеткізіп, құбырдың шетін цемент сияқты қатып қалған сазбен сылаған, құбырдың шеткі аузын ашып-жабатындай етіп жасаған.
Осы жерден орталық құбырларға, цитадельге қарай өз екпінімен су жүретін болған. Әуізден шығысқа қарай жүргенде үлкен қоныстың орны болған биік төбе бар. Оның көлемі өте үлкен. Шамамен, 2-3 гектар жерді алып жатыр. 1968 жылы құрылысшылар Ақсу қоймасын саларда осы төбені ортасынан қақ жарып, канал қазған да бұл қонысты бульдозермен қиратып жіберген. Сол кезде осы қоныстың үстімен цитадельге тартылған құбырларды да бұзған. Соған қарағанда бұл қоныс қаланы билеушілердің орталық су жүйесін басқарған сенімді мұрабының қонысына ұқсайды. Бульдозердің қазған жерінен шашылып қалған қарахан дәуірінің теңгелері және әртүрлі бұйымдар табылды. Үзілген су құбырларының ұштары каналдың ішінде көрініп жатыр. Шығысқа, яғни цитадельге қарай жер астындағы су құбырларын қуалап қазғанда, мынадай жағдайларды байқадық: су құбырларын жердің астына салу үшін өте шеберлікпен, су өзінің екпінімен жүруге қолайластырып жерді қазған. Оның бас жағы 0,8 м тереңдікте болса, қашықтаған сайын канал ылдилай берген. Ашылған орталық су құбырларының ұзындығы 500 м болды. Осы қашықтықта салынған құбырлардың ылдилап баруын тексергенде, 100 м қашықтаған сайын 1 метрден ылдилай берген [9]. Яғни, су құбырларын салғанда ерте заманнан-ақ Орталық Азия жерлерінде жерасты жүргізілген су құбырларын құраудағы тәжірибені кең пайдаланып, инженерлік негізде жұмыс атқарылғанын байқау қиын емес.
Бұл су жүйелері қарахандар дәуірінде 3-4 қатар етіп салынған. Су жүретін қыш құбырлардың әрқайсысының ұзындығы 50-60 см; оның бір жағы кеңірек, екінші жағы тарлау. Кеңірек шеті 16- 20,5 см болса, тар жағы 10-15 см. Құбырының кеңірек шетіне тарлау жағын кигізіп, бір-бірімен жалғастырып, екі құбырдың байланысқан жерін сарғыш түсті балшықпен дәнекерлеген. Су құбырларын ашқанда, бірнеше рет қирап, жөнделгендігі байқалды. Мұны кездейсоқ жағдай деп қарауға болмайды. Себебі екі шеткі су құбырларының күшпен қирағаны көрініп тұр. Олай болса, орта ғасырда да бұл үлкен қала талай рет феодалдық өзара қақтығыстар кезінде қолдан-қолға өтіп тұрған. Ол заманда қалаға келген жау алдымен жердің үстіндегі, астындағы су жуйелерін істен шығаруға ұмтылған. Осындай кезде орталық жерасты су жүйелерін қиратып, кейін қайтадан жөндеген болуы керек.
Су құбырына кішкентай сүзгілер қойған. Сүзгіш құбырлар да қыштан еді. Бірақ, құбырдың кең жағын бітеу етіп саздан істеп, содан кейін оны тескен. Келген су сол тесіктерден өтіп, сумен келген шөп-шаламдарды жинап алып қалатын болған. Оларды сол жерде жинақтайтын арнайы шұңқыр қалдырған. Кейін сол жерді әлсін-әлсін тазартып тұрған.
Су құбырларының орта шенінен суды жан-жаққа бөлетін үлкен құмыра табылды. Осы құмыраға құйылған су екі бағытқа су құбырлары арқылы кететін болған. Құмыраның сыйымдылығы 30-40 литр мөлшерінде. Сөйтіп, орталық су жүйелері цитадельдің, оның қасындағы шахристанның тұрғындарын сумен қамтамасыз еткен. Осындай тереңдікте орналасқан құбырларда су өзінің екпінімен тез ағып жатқан. Орталық құбырдың сол жағынан ені 1,5 м тас жол салынған. Біздіңше, бұл тас жол орталық су жүйелерін бақылап жүру үшін және серуенге арналған болуы тиіс.
Екінші шұңқырдан оңтүстікке қарай бірнеше су құбыры тартылған. Ол 200 м-ге дейін оңтүстік-шығысқа қарай бұрылып, шахристанның оңтүстік-батысындағы тұрғындарына су жеткізген. Құбырларды әр жерден бір қазып, оның баратын бағытын білдік. Жоғарыда сөз болған құбырлардан айырмашылығы жоқ. Олар алғашқы салынған күйінде жатыр. Соған қарағанда, жаугершілік кезінде дұшпандар алдымен орталық су жүйелерін істен шығарып, цитадельдің тұрғындарын сусыз қалдыруға тырысып, ал басқа кішігірім су жүйелеріне тиіспеген болса керек. Бұл бағыттағы су құбырлары сол қалпында жердің астында, бұрынғы күйінде жатыр. Оларды ашып, көрме етуге өте қолайлы.
Осы екі су қоймасының батысында 500-600 метрдей жердегі рабадтағы бір қонысты зерттегенде, үй алдындағы көшемен су құбырлары тартылған. Бұл құбырларды аздап ашып, қалғанын сол күйінде қалдырдық. Соған қарағанда, су құбырлары тек цитадельге, шахристанға ғана емес, қаланың ішіндегі (рабадтағы) тұрғын үйлерге де тартылған болуы керек. Бұл пікірдің қаншалықты дәл екендігін кейінгі археологиялық зерттеулер көрсете жатар.
Оқырмандарды тағы бір қызық жаңалықтың куәсі болуына шақырайық. 1975 жылдың жазында Калинин атындағы колхоздың диқандары қазіргі «Октябрь» бөлімшесі жерінде жаңа арық қазып жатқанда, төмпешіктің үстімен су жуйесін жүргізуге тура келген. Сол биіктіктің бір шетін ала 2,5-3 м тереңдете қазғанда бір құмыраны көрген. Диқандар ашып қараса, іші аппақ сүзбе сияқты бір нәрсеге толы екен. Тапқандар таңғалып, ақ затты құмырадан шығарған. Ауаға тиісімен әлгі зат қарая бастаған. Бұл құбылысты көрген колхозшылар табылған нәрсені қасиетті деп, құмыраны сындырып, өзара бөлісіп алған. Бір сынығын сол кездегі колхоздың бастығы Айтжан Әбішевке әкеп берген. Сол кісі арқылы бізге хабар жетіп, құмыра сынығын алған адамдарды аралап жүріп, түгел жинап алдық. Құмыра ішіндегі зат қап-қара болып смолаға айналып кеткен екен. Тек колхоз бастығы А. Әбішев алған бойда ағарған нәрсені шыныға салып, аузын бекітіп тастаған. Сәтін салғанда, сол алғашқы күйінде сақталып қалыпты.
Әлгі ақ затты Алматы Зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының органикалық және биологиялық химия кафедрасына анализге бердік. Осы кафедраның меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор А. Сейітовтің басшылығымен бұл зат лабораториялық жағдайда зерттеліп, құрамы толық анықталды. Анализ анықтағандай құмырадағы ақ нәрсе органикалық, табиғи зат болып шықты. Құрамында химиялық көміртегі, сутегі бар екені байқалды. Суда езілмейді, ал бензинде, хлорофомде жақсы езілетіні анықталды.Осы органикалық затта: 0,112 пайыз азот глицирин қалдықтары, органикалық қышқыл тотығының саны 150-ге тең, галогендердің құрамы жоқ, түсі ақ, ауада қараяды, иісі күшті, жеңіл, жұққыш келеді. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысында бұл құмыраға салынған сары майдың қалдығы болып шықты.
Құмырадағы сары майдың үш метрге жуық тереңдікте, жер астында қанша уақыт жатқаны бізге белгісіз. Алайда, май салынған құмыра өзінің пішіні мен жасалу үлгісі бойынша Х-ХІІ ғасырларға тән. Бұл қорытынды оның ішіндегі сары майдың қанша уақыт сақталғанын болжауға мүмкіндік беруі тиіс.
Сары майдың мұншалық ұзақ уақыт сақталуы – ғылымда сирек кездесетін оқиғалардың бірі. Көпшілікке мәлім, қанша сақтаса да, сары май бір жылдан соң-ақ өзінің алғашқы қасиеттерін жоя бастайтынын мамандар айтады. Бұл сары май сапалы дайындалған, таза құмыра ыдысқа салып, аузын мықтап бекітіп, ауа бармайтын тереңдікке көміп тастаған соң, май ғасырлар бойына жата берген сияқты. Кейбір тағамдарды ұзақ мерзімге сақтаудың жолдарын халықтар ертеден білген ғой. Біздің де бабаларымыз осы тәсілдерді ертеден тұрмыста жиі қолданып келген.
Жоғарыда қысқаша келтірілген Ақтөбедегі көп жылдық археологиялық зерттеулердің нәтижесі тарихи Баласағұнның жасаған өмірін баяндайды. Цитадельден шахристаннан және рабадтан табылған заттай және рухани мәдениеттің қалдықтары біздің жыл санауымыз бойынша V-VІII ғасырларға жатады. IX- XII ғасырлар бойына түрік тайпасының ең үлкен астанасының бірі болған Баласағұн тарихи сахнадан шығып, оның орналасқан жері осы күнге дейін жұмбақ болып келе жатыр. Тарихи, археологиялық, этнографиялық деректерге қарағанда, әлемге әйгілі Баласағұн қаласы феодалдық, өзара соғыстардың салдарынан моңғолдар шапқыншылығы қарсаңында қираған болуы керек.
Әдебиеттер:
1. Археологическая карта Казахстана. – Алматы, 1960. – С. 282-283.
2. Кожемяко П.Н. Раннесредневековые городища и поселения Чуйской долины. – Фрунзе, 1959. – С. 113-118.
3. Шишкин К.Б. Камеральное обслуживание городища Актобе с помощью аэрометода // Средневековые города Южного Казахстана. – Алма-Ата, 1986. – С. 111-129.
4. Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. – Алма-Ата, 1966. – С. 159-161.
5. Грошев В.А. Ирригация Актобе (Чуйская долина) // Средневековые горо- да Южного Казахстана. – С. 129-137.
6. Шалекенов УХ. О раскопках на городище Актобе (1979-1983 гг.) // Сред- невековые города Южного Казахстана. – Алматы, 1986. – С. 15-18.
7. Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Древний Отрар. – Алматы, 1972. – С. 88.
8. Бурнашева Р.З. Монетные находки о городище Актобе (Чуйская долина) // Средневековые города Южного Казахстана. – Алма-Ата, 1986. – С. 71-87.
9. Шалекенов У.Х., Оразбаев А.М. Некоторые данные о водопроводной си- стеме, средневекового Актобе // История материальной культуры Казахстана. – Алма-Ата, 1980. – С. 24-38.