Читать книгу Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33 - Коллектив авторов - Страница 2
ШӘЛЕКЕНОВ УАХИТ ХАМЗАҰЛЫ
тарих ғылымдарының докторы, профессор
ОглавлениеШәлекенов Уахит Хамзаұлы 1924 жылы мамыр айында Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы Бөрлі ауылында (Нарынқұм) дүниеге келген. Колхоздандыру, ашаршылық қат-қабат келген отызыншы жылдардың басындағы аласапыранда оның әке-шешесі Ресей Федерациясының Астрахан облысы Қарабайлы қаласына қоныс аударған.
1930 жылы әуелі Уахиттың анасы Хафиза, одан кейін екі кіші бауыры қайтыс болған соң, Астрахан облысына көшіп келген әкесі Хамза қалған үш баласын балық аулап, мал бағып асырайды. Перзентінің үлкені Қабираны Астрахандағы интернатқа беріп, ол сол жерде мектеп бітірген соң қаладағы қазақ педагогикалық училищесіне түскен. Одан кейінгі балалары Уахит және Набира әкесінің қасында болған. 1938 жылы Қабира Хамзақызы Астрахан педагогикалық училищесін үздік бітіріп, жолдасы Ғарифулла Хакимұлы Мұхамбетов екеуі жолдамамен Қарақалпақстанға жіберіледі. Сөйтіп, ҚҚАКСР-ы Мойнақ ауданының Үрге ауылындағы орта мектепте Г.Х. Мұхамбетов директор, Қ. Шәлекенова мұғалім болып қызмет атқарған. 1939 жылдың күзінде Г.Х. Мұхамбетов Уахитты Үргеге алып келіп, осы мектепте оқытады. Ал 1939 жылы Хамза Шәлекеновтің отбасы түгелімен Үргеге көшіп келеді.
Әкесі Хамза қайтыс болғаннан кейін үш ай өткен соң, 1942 жылдың тамыз айында орта мектептің соңғы класында оқып жүрген Уахит Қызыл Армияның қатарына шақырылды. Өзбекстанның Наманган қаласына көшіріп әкелінген Харьков Әскери училищесінде (ХВУ) даярлықтан өткен соң 1943 жылдың ақпанында кіші лейтенант шенінде майданға жіберілді. Взвод командирінің көмекшісі, кіші лейтенант Уахит Шәлекенов құрамында болған III Украин майданындағы 960-атқыштар полкі Курск-Орлов шайқасына қатысады. Харьков түбіндегі шайқаста Уахит ауыр жараланып, бірнеше госпитальда емделген соң өзі әскерге шақырылған Қарақалпақ АКСР-ына оралып, мектепке әскери сабақ беретін мұғалім болып орналасады. Осы жұмысын соғыс жылдарында мектептерде, училищелерде және Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтында жалғастырады. У.Х. Шәлекеновтің майдандағы және тылдағы көп жылдық жұмысы үшін, оған 1995 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен полковник әскери шені берілген. «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, 20 медальмен марапатталған.
1944 жылдың қыркүйегінде Шымбай қаласындағы Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық университеті (қазір Т. Шевченко атындағы Нөкіс мемлекеттік университеті) тарих факультетінің студенті бола жүріп, осы оқу орнындағы студенттерге әскери дайындықтан сабақ береді. Үздік оқығандықтан «Сталиндік стипендияның» иегері болады.
Соғыстан оралып, жоғары білімге қолы жеткен Уахит Хамзаұлы оқуын аспирантурада жалғастыруды армандайды. Оған Өзбекстан Ғылым академиясының академигі (ол кезде профессор, тарих ғылымдарының докторы), археолог Яхья Гулямов жанашырлық танытып, 1950 жылы КСРО Ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы этнография (этнология) институтының аспирантурасына жолдама беріп, Мәскеуге жібереді.
Бұл Этнология институты жер шарын мекендеген үлкенді-кішілі халықтардың этнологиясын жан-жақты зерттейтін бірден-бір ірі ғылыми орын болғаны белгілі. Институтты құруға үлкен үлес қосқан, оның 40 жылдай директоры болған аты әйгілі ұлы шығыстанушылардың бірі Сергей Павлович Толстов еді.
С.М. Толстов басқарған институтта сол кездің өзінде ғылыми еңбектерімен әлемге танылған М.О. Косвен, С.А. Токарев, И.И. Потехин, М.Г. Левин, Л.Я. Рогинский, Т.А. Трофимова, В.В. Бунак, РФ. Дебец, Н.Н. Чебоксаров, П.И. Кушнер, А.Н. Бернштам, Л.Н. Терентьева, Т.А. Жданко, М.М. Герасимов сияқты көрнекті ғалымдар шоғырланған-ды. Олардың этнологиялық проблемаларды зерттеуіне С.П. Толстовтың өзі ұйтқы болды. Осындай ғұламалармен тығыз араласу жас ізденушінің ғылымдағы жолына зор әсер етті. Аспирантурадан қайтып келгенде У. Шәлекенов Өзбекстанда академик Я.Г. Гулямов, Қазақстанда Ә.Х. Марғұлан сияқты ғұламалардың тәлім-тәрбиесін көріп, ғылымға деген талабын шыңдай түсті.
Өткен ғасырдың 50-жылдарының басында Кеңес Одағы этнологтары зерттеген проблемалардың бірі ауылшаруашылығымен айналысатын тұрғындардың жұмысындағы әлеуметтік өзгерістер болатын. У. Шәлекеновтің «Қарақалпақстан дихандарының тұрмысындағы әлеуметтік өзгерістер» атты тақырыпта кандидаттық диссертация жазуы да осы үрдіске байланысты еді. Оның ғылыми жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.А. Жданко болды. 1953 жылдың желтоқсанында ол Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы этнология институтының ғылыми кеңесінде өз диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.
Ғылыми дәреженің иегері У.Х. Шәлекенов өзі оқуға жолдама алған Қарақалпақстанға, оның астанасы Нөкіс қаласына қайта оралды. Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақстан филиалына аға ғылыми қызметкер болып орналасып, өзінің мамандығы бойынша жұмыс істеді. 1958-1970 жылдарда осында археология және этнография секторының меңгерушісі болды. Жас ғалым ғылыми жұмыстарға белсене араласып, жыл сайын археологиялық және этнологиялық экспедициялар ұйымдастырды, күрделі тарихи этнографиялық деректер жинады.
Қарақалпақстан тарихшы қаламгерлерімен бірлесіп, бұрын-соңды жазылмаған қарақалпақ халқының тарихын және этнологиясын жазуға атсалысты. Жоғарыда аталған кандидаттық диссертациясы толығымен «Труды Хорезмской археолого-этнографической экспедиции» атты еңбектің III томында 1958 жылы Мәскеудің «Наука» баспасынан жарық көрді. 1964 жылы Ташкенттің «Фан» баспасынан шыққан «Очерки истории Каракалпакской АССР» кітабының II томы 5 тарауы У. Шәлекеновтің үлесіне тиеді.
1953-1970 жылдары Қарақалпақстанда жұмыс істеп жүргенде У. Шәлекенов жалпы саны 100-ден астам ғылыми еңбек жазса, олардың 10-нан астамы жеке кітап және көлемді монография болды. Бұл кітаптары Мәскеудің «Наука», Ташкенттің «Фан» баспаларында, Қарақалпақстан баспаларында орыс және қарақалпақ тілінде жарық көрді.
Олардың ішінде «Казахи низовьев Амударьи: к истории взаимоотношений народов Каракалпакии в ХVII-ХХ вв.» (Ташкент, 1966) көрнекті орын алады. Осы монографияның негізінде 1967 жылы У. Шәлекенов докторлық диссертация қорғады (Өзбекстан Ғылым академиясының бірлескен ғылыми кеңесі. Ресми оппонеттері академик Ә.Х. Марғұлан, академик Я.Г. Гулямов және профессор А.С. Садықов). Осы еңбек қазақ диаспораларын зерттеудің алғашқы қарлығашы болды.
Өткен ғасырдың 60-жылдары этнографтар КСРО халықтарының этнографиялық атласын жазуды қолға алғанда, У.Х. Шәлекенов оған да белсене қатысты. Соның нәтижесінде «Хозяйство Каракалпакии в XIX начале XX вв.» атты еңбек жарыққа шықты (Ташкент: Фан, 1972). Профессор Т.А. Жданконың редакторлығымен шыққан осы монографияның басым көпшілігін Уахит Хамзаұлы жазған. Бұл монография этнографиялық атлас проблемасы бойынша Орталық Азия республикаларында жарық көрген алғашқы күрделі еңбек болып табылады.
У.Х. Шәлекеновтің Қарақалпақ Республикасындағы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, Өзбекстанның және Қарақалпақстанның Жоғары Кеңесінің грамоталарымен марапатталды. 1984 жылы 60 жасқа толуына орай, оған «Қарақалпақ Республикасының ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» құрметті атағы берілді. Осы елде еңбек етіп жүргенде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежелері мен атақтарына ие болды.
1970 жылы Уахит Хамзаұлы өзі ұзақ жылдар тұрып, еңбек еткен Қарақалпақстаннан кір жуып, кіндік кескен Отаны Қазақстанға көшіп келді. Әуелі Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік мәдениет институтының КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі болып, 1972 жылға дейін қызмет істеді. 1973 жылы конкурс бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті тарих факультетінің археология және этнография кафедрасының меңгерушісі әрі осы факультеттің деканы болып жұмысқа орналасты. Осылайша ол өз қызметін қазақ білімі мен ғылымының «қара шаңырағы атанған» үлкен ғылыми-педагогикалық орталықта жалғастыруға кірісті. Әуелі өзі келерден бір жыл бұрын ашылған «Археология және этнография» кафедрасын нытайтуға күш салып, бұрын үш адамнан тұратын кафедраны 3-4 жылдың ішінде университеттегі белді кафедралардың қатарына қосты, сөйтіп оны үлкен ғылыми ошаққа айналдырды. Бұған дейін университеттің тарих факультетінде оқыған студенттер археология мен этнография пәндерін тек оқулық бойынша игеріп, нақты тәжірибелік жұмыстардан хабарсыз болып келген-ді. Осы кемшілікті тузеу үшін студенттерге археологиядан практикалық мамандығы бойынша шыңдалатын және қазба жұмыстарды ғылыми тұрғыда атқаратын археологиялық база керек болды. Ақтөбеден табылған ертедегі ортағасырлық үлкен қаланың орны осындай база ашуға лайықты болып шықты. 1974 жылдан бастап сол жерде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, Ақтөбе студенттер маманданатын орталыққа айналды. Бұл ескерткіш Жамбыл облысының Шу ауданында, бұрынғы Калинин колхозының жерінде орналасқан. Қазір «Баласағұн» ауыл бірлестігі деп аталады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алғаш рет Ақтөбеде орналасқан археологиялық базасын нытайтуға белгілі ғалым, жігерлі ұйымдастырушы, академик Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбеков ерекше көңіл бөліп, қолдан келген көмекті аямады. Нәтижесінде Ақтөбе университеттің археология жөніндегі үлкен ғылыми орталығына айналды.
1980 жылдың 5 мамырында ИЛ-14 ұшағымен 200 м биіктіктен Ақтөбенің аэрофотолық суреті түсіріліп, оның жалпы аумағы анықталды. Соның негізінде Ақтөбенің (Баласағұнның) археологиялық картасы жасалды.
Сол деректердің негізінде Ақтөбе қаласы IX-XII ғғ. жасаған Қарахандар әулетінің бас астанасы болған «Баласағұн шаһары екені дәлелденді. Түріктердің саяси, экономикалық және мәдени орталығы болған тарихи қала Баласағұнның орнын ғалымдардың іздегеніне үш ғасырдан астам уақыт өткен еді. Бұл проблеманы Қазақ университетінің археологтары шешуінің де ерекше маңызы бар.
У.Х. Шәлекеновтің Қазақ ұлттық университетінде ғылыммен және педагогикалық қызметпен айналысып, түрік халықтарының, сондай-ақ қазақ халқының тарихы, археологиясы мен этнологиясы саласында жемісті еңбек етіп келе жатқанына 30 жылға жуықтады. 5 томдық «Қазақ КСР тарихының» 3-томы авторларының бірі болды (Алматы: Ғылым, 1983). Ақтөбедегі археологиялық, зерттеулердің негізінде «Құм басқан қала» монографиясы баспадан шықты (Алматы: Санат, 1992).
Жоғары оқу орындарына арналған «Әлем халықтарының этнографиясы» атты қазақ тіліндегі алғашқы оқулығын жарыққа шығарды (Алматы: Санат, 1994 ж.).
Кейінгі кезде ол түрік халықтарының ертедегі және орта ғасырдағы отырықшы өркениетін, олардың өзара қарым-қатынасы және қазақтардың өз елін қорғаудағы азаттық күресін зерттеуді негізгі ғылыми бағыты ретінде ұстанып келеді. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда археологтар, этнологтар, жалпы тарихшылар, әдебиетшілер жинақтаған бай деректерге негізделген, «Түріктердің отырықшы өркениеті» атты көлемді монографиясы жарық көрді (2002). Бұл жаңа шығармасында автор ғылымда бұрыннан үстем болып келе жатқан «еуроцентризмге» қарсы пікір білдіреді. Автордың пікірі бойынша, Орталық Азияны мекендеген түріктер ертеден отырықшы, жартылай отырықшы және көшпенді өмір сүрген, мәдени өркениеті ертеден қаланған халық. Оларда тұрмысты жүргізудің алдыңғы екі түрі басым болған, солардың арқасында түріктер мәдени өркениетке ерте жеткен.
Профессор У.Х. Шәлекенов бірнеше мәрте халықаралық, Бүкілодақтық (КСРО) және өзіміздің Республикалық ғылыми маслихаттарда келелі де өзекті мәселелер жөнінде баяндамалар жасады. Ол «VII археологиялық және этнографиялық дүниежүзілік конгреске» (Мәскеу, 1964), «Түркологтардың Бүкілодақтық конференциясына» (Алматы, 1976), «Ұлы Жібек жолы», «История и историография национально-освободительных движений во второй половине XIX начале XX вв. в Средней Азии и Казахстане» (Ташкент, 1989) қатысты.
У.Х. Шәлекеновтің жарық көрген ғылыми-педагогикалық еңбектері 200-ден астам. Мұның 20-дан астамы жеке кітап, мақалалар, жинақтар. Ол 20-дан астам аспирант, ғылым докторын дайындады. Профессордың жемісті еңбегі бағаланып, 1984 жылы оған «Қазақстан біліміне еңбек сіңірген қайраткер» құрметті атағы берілді. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің «Құрметті кафедра меңгерушісі» атағымен мара- патталды.
Көрнекті ғалым, ұстаз қазір құрметті демалыста болса да университеттегі жұмысынан қол үзген жоқ. Ол студенттерге дәріс бере жүріп, өзінің ғылыми жұмысын жалғастыруда.
Батырбеков М.Б. Жоғары мектептің аса көрнекті ғалым- педагогтары. Қазақстан Республикасы. Выдающиеся ученые-педагоги высшей школы. – Алматы: СаГа, 2004. – 505-507 б.