Читать книгу Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33 - Коллектив авторов - Страница 5

М. ЕЛЕУОВ, тарих ғылымдарының докторы,
М.У. ШӘЛЕКЕНОВ, тарих ғылымдарының докторы
ПРОФЕССОР У.Х. ШӘЛЕКЕНОВТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Оглавление

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультеті археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, құрметті кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті академигі Уахит Хамзаұлы Шәлекенов биыл 90 жасқа толып отыр.

Қазақ халқы кейінгі ұрпаққа өнегелі іс көрсетіп, алға жол сілтеген өзінің адал ұлдары мен қыздарын қашан да құрметтеген. Ондай азаматтар өмірдің әр саласынан ерекше көрінген және олардың халқына сіңірген игілікті еңбегін жас ұрпақ арасында кеңінен таратқан. Бұрынғы бабаларының, аталарының, ағаларының және аналары мен апаларының халқы алдында атқарған игілікті ісіне еліктеп жастар да өскен. Халқына өнегелі қызмет еткен, өсіп өнген осындай әулеттің бірі Шәлекеновтер отбасы.

Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің әкесі Хамза Шәлекенұлы (1890-1942 жж.) мен анасы Хафиза Шәлекенова (1895-1937 жж.) орта шаруа болғанымен, перзенттерінің білім алып, белгілі маман болып шығуын аңсады. Олардың тұңғышы Қабира Хамзақызы (1918-1989 жж.) биология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ұзақ жылдар бойы биология пәнінен дәріс оқыған.

Екінші қызы Набира Хамзақызының (1927-1974 жж.) мамандығы – физик-математик. Ол ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы консерваторияда сабақ берген. Қарақалпақстанның үздік педагогі.

Бұл азаматтар ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, жас ұрпақты тәрбиелеуде жемісті жұмыс атқарған аяулы жандар.

Уахит Хамзаұлы Шәлекенов 1924 жылы дүниеге келген. Оның отбасы 1938 жылы Қарақалпақстанның Мойнақ ауданы 3-ауылы Үргеге көшіп келген. Сол жердегі орта мектептің соңғы сыныбында оқып жүрген Уахит Хамзаұлы 1942 жылдың тамыз айында Қызыл Әскер қатарына алынып, Өзбекстанның Наманган қаласына Украинадан көшірілген Харьков жаяу әскер училищесінде 6 ай оқиды. Кіші лейтенант атағын алған соң, 1943 жылдың ақпан айында майданға аттанады. Сол жылы взвод командирі Уахит Хамзаұлы «Курск-Орлов доғасындағы» шайқасқа қатынасып, Старый Оскол, Новый Оскол, Дергачи, Белград, Харьков қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге қатысқан. Шайқастың бірінде ауыр жарақат алған ол 1943 жылы Қарақалпақстанға қайтып оралған. Жарасы жазылып, оңалған соң, мектепте мұғалім болып, әскери дайындықтан сабақ берген. Уахит Хамзаұлының әскери атағы – полковник.

1954 жылдың мамыр айында Уахит Хамзаұлы Шәлекенов пен Мадис Құсанқызымен шаңырақ көтеріп, ұзақ жылдар бойы бақытты ғұмыр кешіп, бала тәрбиелеп, немере, шөберелерінің қызығын көріп отырған өнегелі отбасы.

Жұбайы Мадис Құсанқызы Шәлекенова филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік мал дәрігерлік институтында көп жылдар бойы дәріс оқыған, қазір құрметті демалыста.

Үлкен ұлы Болат Уахитұлы Шәлекенов (1955 ж.) медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР-дың Еңбек сіңірген қайраткері, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының проректоры, елімізге, алыс-жақын шетелге белгілі уролог маман. Болат Уахитұлының жұбайы Бахыт Амануллақызы Рамазанова медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде кафедра меңгерушісі, проректор.

Кіші ұлы Мұрат Уахитұлы Шәлекенов (1958 ж.) тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет етеді. Оның жолдасы Гүлшат Нұралықызы оқытушы. Бұлардың әрқайсысы өздері таңдаған мамандықтары бойынша ғылыми-педагогикалық жұмысты қатар жалғастырып, жастарға заман талабына сай тәлім-тәрбие беріп келе жатқан жандар.

Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің немерелері: жоғары білімді мамандар: Санжар – дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Бауыржан – экономист, Жәңгір – заңгер. Айкер мектепте оқиды, Жұлдыз – студент. Дария, Бегім, Нұрханым, Нұрмұхамед атасы мен әжесінің сүйікті шөберелері.

Қарақалпақстандағы қызметі. 1944-1948 жылдары Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Бердах атындағы Нөкіс мемлекеттік университеті) тарих факультетін үздік бітіріп, Қарақалпақ облыстық партия комитетінде лекторлық жұмысқа орналасқан. 1950 жылдың соңында КСРО Ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтының аспирантурасына қабылданып, 1953 жылдың 1 желтоқсанында этнография мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алған.

Оның ғылыми-педагогикалық жұмысы Мәскеуде аспирантурада оқып жүргенде басталған. 1953-1970 жылдарда У.Х. Шәлекенов Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақстан филиалы Археология және этнография секторының меңгерушісі болған. 1967 жылы «Казахи низовьев Амударьи (К истории взаимоотношений народов Каракалпакстана в XVII – ХХ вв.)» тақырыбындағы монографиясы бойынша докторлық диссертация қорғаған. У.Х. Шәлекенов – аға ғылыми қызметкер (1956 ж.), доцент (1959 ж.), профессор (1972 ж.) қызмет сатыларынан өткен.

Ол Қарақалпақстанда өзімен бірге оқыған, жұмыс істеген достары академиктер С.К. Камаловты, М.К. Нұрмұхамедовты, Ж. Базарбаевты және профессорлар Р.К. Косбергеновты, Д.С. Насыровты аса құрметпен еске алып, оларды біртуар, адал дос, ғылымға берілген, еңбексүйгіш азаматтар екенін жиі-жиі айтып отырады.

Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Академик Сабыр Камаловты Ұлы Отан соғысында бірге болған, университетте, аспирантурада қатар оқып, Өзбек КСР Ғылым академиясының Қарақалпақстан филиалында бірге жұмыс істеген досын айрықша құрметтейді.

Қарақалпақстан филиалында жұмыс істеген жылдарында Уахит Хамзаұлы Шәлекенов археологиялық және этнографиялық экспедицияларға қатысып, өзі экспедиция басқарған. Оның ғылыми зерттеулері Орталық Азия халықтарының тарихы, этнологиясы және археологиясы бойынша бұрын-соңды зерттелмеген өзекті мәселеге арналған. ХХ ғасырдың 50-жылдары басында КСРО Ғылым Академиясы Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы этнография институтында «Кеңес Одағындағы ауылшаруашылық еңбекшілерінің тұрмысы мен мәдениетінің өзгерісі» тақырыбында арнайы бағдарлама жасалып, ғылымға беймәлім болған тақырып бойынша кең көлемде зерттеу жұмыстары басталған. Осы өзекті мәселеге арналған У.Х. Шәлекеновтің «Быт каракалпакского крестьянства Чимбайского района в прошлом и настоящем» атты кандидаттық диссертациясы 1958 жылы «Труды Хорезмской экспедиции АН СССР» деген еңбектің ІІІ томында (270-370 беттер) жарияланды. Еңбекте Қарақалпақстанды мекендеген көпұлтты ауыл тұрғындарының тұрмысы мен мәдениетіндегі Кеңес үкіметі жылдарында болған өзгерістер жан-жақты көрсетілген. Хорезм экспедициясының осы томы Кеңес Одағы бойынша ауыл тұрғывдарыньщ тұрмысына арнап жазылған алғашқы этнографиялық жинақ болды.

ХХ ғ. 60-жылдарында Қарақалпақстан тарихшылары, Н.Н. Михлухо-Маклай атындағы Этнография институты және Өзбек КСР ҒА Тарих институты мамандарының қатысуымен «Очерки истории Каракалпакской АССР» атты еңбектің I, II томы жазылып, жарық көрді (1964 ж.). Бұл Қарақалпақ АССР-ның тарихы туралы жазылған тұңғыш еңбек болатын. Академик С.П. Толстовтың, профессор Т.А. Жданконың редакциясымен жарық көрген еңбектің ІІ томы Уахит Хамзаұлы Шәлекенов жазған төрт тарауында Қарақалпақстанды мекендеген халықтардың, соның ішінде қарақалпақ халқының тарихы, ұлттық тұрмысы мен мәдениеті туралы айтылған.

Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақстан филиалында жұмыс жасап жүргенде, жоғарыда аталған күрделі еңбектерді жазумен қатар, бұрын-соңды зерттелмеген Қарақалпақстанның жалпы халқының үштен бірін құрайтын қазақтардың этнографиясына, тарихына, мәдениетіне қатысты деректерді жинап, ғылыми еңбектерді жазумен айналысты. Бұл шараларды іске асыруда моральдық, қаржылай қиыншылықтарды жеңген ол 1966 жылы Ташкенттегі «Фан» баспасынан «Казахи низовьев Амударьи. К истории взаимоотношении народов Каракалпакии в ХVIII-ХХ вв.» атты монографиясын жарыққа шығарады. Уахит Хамзаұлы Шәлекенов бұл еңбегі тағдыр тәлкегіне түсіп, туған жерден жырақта жүрген қазақтар (қазақ диаспорасы) туралы жазылған алғашқы көлемді еңбек болатын. Осы жұмысын докторлық диссертацияға ұсынған Уахит Хамзаұлы Шәлекенов 1967 жылы 17 мамырда Өзбекстан Ғылым академиясының Үлкен ғылыми Кеңесінде оны жемісті қорғап, тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болады. Диссертацияның ресми оппоненттері академиктер Ә.Х. Марғұлан мен Я.Г. Гулямов жұмысты жоғары бағалап, оның ғылыми құндылығын жанжақты көрсеткен. Орталық Азия халықтарының тарихындағы ақтаңдақтардың бірі болған, Әмударияның төменгі ағысын мекендеген қазақтардың тарихын, этнографиясын жазу Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің үлесіне тиді, ғалым оны абыроймен орындады.

Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында ғалымның «30 лет Каракалпакской АССР» (1954); «Кеңес үкіметі жылдарындағы Қарақалпақ социалистік мәдениеті (1957); «Очерки истории культуры Советской Каракалпакии 1917-1940 гг.» (1960); «К вопросу о взаимоотношениях казахских племен с оседлым и полукочевым населением Хорезма в ХVIII-ХІХ вв.» (1964) атты еңбектері жарыққа шықты. Аталған еңбектерде Қарақалпақ АССР-де орын алған өзгерістер, қазақ-қарақалпақ халықтарының арасындағы қарым-қатынас, олардың тұрмысы қарастырылған.

Н.Н. Михлухо-Маклай атындағы этнография институтының ХХ ғ. 60-70 жылдарда зерттеген басты проблемаларының бірі Кеңес үкіметіндегі халықтардың «Этнографиялық атласын» жазып, жарыққа шығару болды. Бұл мәселені шешуге де У.Х. Шәлекенов белсене қатысты. 1972 жылы Ташкентте «Фан» баспасынан Т.А. Жданконың редакциясы бойынша жарық көрген «Атлас» проблемасына арналған «Хозяйство Каракалпакии в ХІХ – нач. ХХ вв.» атты монографияның басым көпшілігі ғалымның қаламынан өрбіген. Аталған еңбектен Қазан төңкерісіне дейінгі Қарақалпақстанды мекендеген көпұлтты халықтардың шаруашылығы, заттай және рухани мәдениеті туралы құнды деректерді табуға болады.

Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақстан филиалында 20 жылға жуық ғылыми жұмыспен айналысқан жылдарда «Археология және этнография» секторын басқарып, оның мамандарымен бірге археологиялық және этнологиялық экспедицияларға қатысып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы жылдарда «Тоқтау» (Тоққала), «Мекхер қала, «Қуаныш қала», «Мыздахан кешені», «Назым сұлу мавзолейі», «Сұлтандүздаг», «Қарақұмишан», «Дәуітатақ» және т.б. тарихи-мәдени ескерткіштерде жүргізілген зерттеу жұмыстарына қатысты. Әйгілі С.П. Толстов, Т.А. Жданко басқарған Хорезм кешенді археология және этнографиялық экспедицияларына ұзақ жылдар қатысып, мол тәжірибе жинаған Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Қарақалпақстанда археологиялық және этнографиялық жұмыстардың табысты жүруіне өзінің сүбелі үлесін қосқан ғалым.

Ғалым Қарақалпақстанды мекендеген көпұлтты халықтардың этнографиясын зерттеу үшін арнайы этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, жоспарланған аудандар бойынша дерек жинап, олардың нәтижесінде әр жылдарда жазылған ғылыми есептерді (ҒЕ) Өзбекстан Ғылым академиясы Қарақалпақстан филиалының кітапхана қорына тапсырып отырған, олардың қатарында: «ҒЕ -1956, 420 б.»; «ҒЕ – 1957, 360 б.»; ҒЕ – 1958, 100 б.»; «ҒЕ – 1960, 450 б.»; «ҒЕ – 1961, 195 б.»; «ҒЕ – 1962, 226 б.»; «ҒЕ – 1963, 115 б.» және тағы басқа жылдардағы ғылыми есептер бар.

Аталмыш ғылыми есептер мен жиналған архивтік құжаттарда Хорезм ойпатын мекен еткен көпұлтты халықтардың саяси, экономикалық, мәдени мұралары туралы құнды этнографиялық деректер топталған. Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің археологиялық және этнологиялық зерттеулер кезінде жинаған архив материалдарының көпшілігі күні бүгінге дейін жарыққа шыққан жоқ. Оларды жан-жақты зерттеп, ғылыми айналымға енгізу болашақ ұрпақтың үлесі.

Профессор У.Х. Шәлекенов ғылымға жол көрсеткен ұстаздарын әрдайым еске алып отырады. Олардың қатарында Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтының дүниеге әйгілі С.П. Толстов, М.О. Косвен, С.А. Токарев, Т.А. Жданко және т.б. көптеген профессорлар бар. Әсіресе, оның ғылым жолына түсуіне профессорлар С.П. Толстов пен Т.А. Жданконың ықпалы зор.

Ғалымның Қарақалпақ АССР-нда еткен қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, 1984 жылы оған «Қарақалпақстан АССР-ның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» құрметті атағы берілді.

Туған жерге, елге, қазақ халқына қызмет етсем деген мақсатпен 1970 жылы Уахит Хамзаұлы Шәлекенов конкурс бойынша Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтына профессор болып жұмысқа қабылданады. Институт ректоры философия ғылымдарының кандидаты, доцент Сәдуақас Темірбеков, академик С.Т. Сүлейменов Уахит Хамзаұлын жақсы қабылдап, білікті маман ретінде аса құрмет көрсетіп, оның жұмыс істеуіне барлық жағдай жасайды. Алғашында профессор, кейіннен тарих кафедрасының меңгерушісі болған Уахит Хамзаұлы институт өміріне белсене араласып, оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруға білек сыбанып кіріседі.

1973 жылы Уахит Хамзаұлы Шәлекенов қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне профессор болып орналасқан. 1974-1988 жылдарда археология және этнография кафедрасының меңгерушісі, 1977-1985 жылдарда тарих факультетінің деканы қызметін атқарды. Осы жылдарда өзінің жан-жақты ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, кафедра мен факультет өміріне елеулі жаңалық енгізіп, оқу-тәрбие жұмысына жаңа қарқын беріп, ғылымды дамытуға айтарлықтай үлес қосты.

1974 жылы археология және этнография кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалған ол Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев бастаған кафедраны білікті мамандармен толықтыру үрдісін онан әрі жалғастырды. Аты мен атағы Қазақстанға, Кеңес Одағына, тіпті алыс-жақын шетелдерге белгілі ғалымдар Х. Арғынбаев, О. Ысмағұлов, Х. Алпысбаев, М. Мұқановтар дәріс оқу мақсатында кафедраға шақырылды. Сонымен қатар жас маман- дарды жұмысқа алып қалып, олардың ұстаз ретінде қалыптасып, тәжірибе жинақтап, ғылыммен айналысуына жағдай жасады. Сол жылдарда кафедраға болашағынан үлкен үміт күттіретін жас түлектер жұмысқа алынды, олардың қатарында Н.О. Алдабергенов, М. Елеуов, Ә.Т. Төлеубаев, Г.Ф. Григорьев және т.б. болды. Осы үрдіс кафедрада күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Қазіргі күнде археология, этнология және музеология кафедрасындағы оқытушы-профессорлардың көбісі осы кафедраны бітірген талантты түлектер.

1974 жылға дейін тарих факультетінің 1-курс студенттері оқу жылының соңында өтетін археологиялық-этнографиялық практиканы әр жерде өткізіп келді. Өйткені университеттің археологиялық базасы болған жоқ. Профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов осы мәселені тыңғылықты шешуге белсене кірісті. Университет ректоры академик Ө.А. Жолдасбековпен, факультет деканы, профессор Д.И. Дулатовамен кеңесе отырып, 1974 жылы көктемде археолог Н.О. Алдабергеновпен бірге Шу өңіріндегі бірқатар ортағасырлық қалаларды аралап, археологиялық база болуға ыңғайлы ескерткіш іздеп қайтты.

Өзінің ұстазы академик Ә.Х. Марғұланның кеңесі бойынша Жамбыл облысы Шу ауданы Калинин колхозының жерінде орналасқан ортағасырлық Ақтөбе қаласы университет студенттері практикадан өтетін археологиялық база болып алынды. Профессор Уахит Хамзаұлы сол жерде археологиялық база жасауға аса ыждағаттылықпен кірісті. Ректор, академик Ө.А. Жолдасбековтың көмегімен 80-жылдардың басында ортағасырлық Ақтөбе қаласында студенттер мен оқытушыларға арналған жатақхана салынып, университеттің археологиялық базасы іске қосылды. Бұл КСРО көлеміндегі Жоғары оқу орындарында ашылған екі археологиялық базаның бірі болды. Оның бірі-Мәскеу мемлекеттік университетінің базасы еді. Тарих факультетінің базасын салуда профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов қыруар күш жұмсап, іскерлік танытты.

1974-2013 жылдар аралығында ортағасырлық Ақтөбе қаласындағы археологиялық базада бірнеше мың болашақ тарихшы, археолог мен этнолог университет қабырғасында алған білімін тәжірибемен ұштастырып, жақсы маман болып шықты, олардың қатарында қазіргі таңда елімізге, шетелге белгілі ғалымдар да бар.

Профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов тарих факультетінің деканы болған жылдарда (1974-1985) оқу-тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөліп, оның сапасын көтерудің жолын қарастырды, оған жаңа серпін әкелді. 1981 жылы факультет ҚазМУ қалашығына көшіп келген кезде, барлық кафедраларда оқу кабинеттерін ашып, оларды қажетті оқу-әдістемелік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Декан Уахит Хамзаұлының ұсынысы бойынша тарих факультетінің, археология (1983) және этнография (1984) музейлері ашылып, оларға археологиялық, этнографиялық практика, экспедициялардың зерттеулері кезінде жиналған заттар қойылды.

Профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов кафедрада, факультетте ғылымды дамытуға, жас мамандардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөліп, оларға көмек көрсетіп отырды. Ол басқарған университеттің археологиялық экспедициясы (УАЭ) 1974 жылдан бастап осы күнге дейін ортағасырлық Ақтөбе қаласында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында жүргізілген археологиялық зерттеу барысында Ақтөбенің V-ХІІІ ғғ. басы аралығында өмір сүрген қала екені анықталып, одан әртүрлі тарихи кезеңдерде салынған құрылыстар, құрылыс кешендері, қорғаныс жүйесінің элементтері ашылды. Уахит Хамзаұлы Шәлекенов Ақтөбеде 40 жылға жуық жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттай деректерге сүйене отырып, М. Қашқари еңбегінде аттары аталған Әулиетану, Бақыртау, Юн-Арық қалаларының төңірегінде орналасқанын басшылыққа ала келіп, бірнеше түрік қағанаттарының астанасы болған тарихи Баласағұн қаласы екенін дәлелдеді. Ғалымның «Құм басқан қала» (1992), «Ортағасырлық Баласағұн» (2003), «VІ-ХІІІ ғасырлардағы Баласағұн» (2006), «Город Баласагун в VІ-ХІІІ вв.» (2009) атты монографиялары мен көптеген ғылыми мақалаларында ортағасырлық Ақтөбенің Баласағұн қаласы екені жан-жақты дәлелденген.

Профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов елімізге танымал тарихшы, археолог, этнограф. Оның жарық көрген ғылыми еңбектерінің жалпы саны 500-ден асады. Ғалымның баспадан шыққан еңбектері мен ғылыми мақалаларында тарихымыздың ашылмай жатқан ақтаңдақтары, ұрпақ тәрбиесі мәселелері де сәулеленген.

Ғалымның әр жылдарда жарияланған «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керек» (Ана тілі, 1992), «Қазақ жанұясы» (Зерде, 1993), «Қазақ – ұйымшыл халық» (Парасат, 1993), «Халықты ғайбаттап, ұрпақ тәрбиелеуге болмайды» (Халық кеңесі, 1993), «Ағайын арасындағы алауыздық» (Заман Қазақстан, 1996), «Көпті жамандаған…» (Қазақ тарихы, 1996), «Бірлік туралы Білге қағанның өсиеті» (Байырғы түрік өркениеті, 2001), «Шынында да біз кімбіз, қазақ қандай халық?» (Айқын, 2009), «Қазақтардың үйлену дәстүрі мен бала тәрбиесі» (Караван, 2012), тағы басқа мақалаларында тіл мәселесі, ұлттық тәрбие беру, оларды кеңінен насихаттау жан-жақты қарастырылған. Бұл мақалалардың танымдық, тәрбиелік мәні зор.

Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің соңғы жылдарда баспадан шыққан, «Түріктердің отырықшы өркениеті» (2002), «История и этнология народов Амударьи и Сырдарьи» (2003), «Орталық Азиядағы арийлер өркениеті» (2011), «Цивилизация ариев в Центральной Азии» (2012), «Шыңғысхан – моңғол-түрік этностарын біріктіруші» (2014) атты монографиялық еңбектерінде өзі қатысқан республикалық, одақтық, халықаралық конференция, конгресс, симпозиумдарда жасаған баяндамаларында көшпенділік пен отырықшылыққа байланысты жазылып жүрген пікірлерге сын көзбен қарап, оны жаңа кқзқарас тұрғысынан қарау қажеттігін көтерген. Орталық Азияны мекендеген түріктердің кең байтақ жердің табиғи-жағрапиялық ерекшеліктеріне икемделіп, олардың жартылай отырықшы, отырықшы тұрмыс құрғаны туралы жазған.

Ғалым өзінің арийлер тарихына арнап жазған еңбегінде: «Еуропалық» және «азиялық» пікірлерді ой елегінен өткеріп, «Авеста» кітабындағы құнды деректерге кешенді қарап, соңғы ғасырлардағы тарихи, этнологиялы, археологиялық, антропологиялық жазба әдебиеттерге және т.б. ғылым жетістіктеріне негіздеп, шашамыз жеткенінше «Арийлер» мәселесіне жаңаша көзқарасымызды білдірдік. Әсіресе артефактілерді көп пайдалануға тырыстық. Өйткені ХХ ғасырда археологиялық зерттеулер тамаша жаңалық әкеліп, жалпы тарихтың кейбір мәселелерін қайта қарауға жағдай тудырды. Солардың бірі – «Арийлер мәселесі» – деп, бұл мәселенің тарихымыз үшін аса маңызды екенін көрсеткен (Орталық Азиядағы арийлердің өркениеті. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 243-б.).

Шыңғысхан жөніндегі еңбегінде профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов ұлы қолбасшының өмірі мен атқарған ісіне жан-жақты тоқтала келіп, өткен тарихи оқиғаларды, олар туралы жазылған әртүрлі пікірлерді ой елегінен өткізе отырып, Шыңғысханды моңғол және түрік этностарын біріктіруші, жасампаз тұлға ретінде бағалауымыз керек деген тұжырым жасаған.

Профессор Уахит Хамзаұлы Шәлекенов өзінің бүкіл саналы ғұмырында түрік халықтарының тарихын, этнологиясын, археологиясын зерттеп келе жатқан ғалым, білікті маман, ұлағатты ұстаз. Оның төл тарихымызды зерттеуге деген құштарлығы, ізденгіштігі, еңбексүйгіштігі шәкірттеріне үлгі-өнеге.

Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде атқарған ғылыми, оқу-тәрбиелік жұмыстары мемлекетіміз тарапынан жоғары бағаланып оған 1984 жылы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері», 2000 жылы «Университеттің құрметті кафедра меңгерушісі» атақтары берілді.

Шәлекенов Уахит. Өнегелі өмір. Ш. 33

Подняться наверх