Читать книгу Халықаралық транспорт операциялары - М. Байгісиев - Страница 10
ІІІ-тарау
ЖҮКТЕРДІ ТАСЫМАЛДАУ КЕЛІСІМШАРТТАРЫ
ОглавлениеСыртқы сауда келісімдерін транспорттық қамтамасыз ету үлкен маңызға ие, себебі, сатып алу-сату келісімінің коммерциялық шарттарын жақсартуы немесе бағасы, жеткізу мерзімі арқылы тауардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп жіберуі мүмкін. Сондықтан, жүк тасымалдау келісімі сыртқы сауда қызметін реттейтін жалпы келісілген қатынастар жүйесіндегі маңызды құжаттардың бірі болып табылады.
Сыртқы экономикалық байланыстарды тұрақты және белсенді қолдайтын елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығы әдетте ұзақ мерзімді негізде құрылады. Бұл үшін үкіметтік деңгейде ереже бойынша 10 және одан да көп жылға бекітілген ұзақмерзімді бағдарламалар (келісімдер) жасалынады. Бұл бағдарламалар мен мәмілелерді жүзеге асыру үшін үкіметаралық сауда келісімдері, сонымен қатар жыл сайынғы өзара жеткізу туралы хаттамалар және транспорт саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалынады.
3.1. Сыртқы сауда келісімдерін транспорттық қамтамасыз ету
Сыртқы саудалық келісімшарттық байланыстардың жалпы сұлбасы 2-суретте көрсетілген.
Сыртқы сауда операцияларын тікелей орындаушылар – бірлестіктер, кәсіпорындар немесе фирмалар заңды тұлға ретінде сатып алу-сату түріндегі өзара келісімге отырады. Импорттаушыға тауарды жеткізіп беруді іске асыратын тұлға өз кезегінде тасымалдау келісімшартын жасайды.
2-сурет – Сыртқы сауда қызметін реттеуші келісімшарттық қатынастардың сұлбасы
Тауарды жеткізу бойынша келісімшарттық міндеттемелерді орындау барысында тараптар өз елдерінде де, шет елдерде де тасымалдаушы ұйымдармен келісімшартқа отырады. Мәселе жүкті өндірушіден өз елінен сыртқа шығатын пунктіне тасымалдау туралы болып отыр, ең алдымен теміржол, сонымен қатар автомобиль және өзен транспорты қолданылады.
3.2. Теңіз тасымалы бойынша келісімдер
Теңіз транспортын халықаралық саудада қызмет көрсетуге маманданған әмбебеп транспорт деп санауға болады. Осы жерде жүктер мен жолаушылардың халықаралық тасымалының негізгі құқықтық институты мен ұйымдық формасы туындап, дами бастайды. Тасымалдау процесіне қатысушы басқа да транспорт түрлерінің арасындағы құқықтық жүйенің дамуы үлкен немесе кіші көлемде теңіз сауда қатынасының халықаралық тәжірибесінің ықпалымен жүзеге асты.
Дәстүрлі түрде халықаралық кеме қатынасында тасымалдаудың екі ұйымдық түрі қалыптасқан сызықтық (тұрақты) және трампылық (тұрақсыз).
♦ Желілік кеме қатынасы (коносаменттік тасымалдар)
Халықаралық желілік қатынастар теңіз тасымалдаушыларымен халықаралық сауданың тұрақты географиялық бағыттарында ұйымдастырылады және өз ішінде негізгі әлемдік экономикалық орталықтарды (Батыс Еуропа, Солтүстік Америка және Қиыр Шығыс) және бұл орталықтарды әлемнің басқа аймақтарымен байланыстырады. Тасымалдаудың желілік шарттарын нақты талқылау желілік коносаменттердің проформаларында беріледі.
Теңіз тасымалының бұл түрі қолданысы теңіз немесе өзен кемелерінің тоннажының бөлігін брондау ретінде көрініс табады және коносамент деп аталатын құжатпен рәсімделеді. Коносамент – кеме иесінің жүк жөнелтушіге жүктің теңіз жолымен тасымалдауға қабылданғандығын куәландыратын құжат. Коносаменттер негізіндегі теңіз тасымалы келісімшарты халықаралық құқықпен, соның ішінде Жүктердің теңіз тасымалы Заңы мен осы Заңға қосымша болып табылатын Гамбург ережелерімен реттеледі. Коносамент үш функцияны атқарады: теңіз тасымалы келісімшартының бар екендігін куәландыратын құжат ретінде; капитанның немесе оның жүкті кеме бортына қабылдайтын уәкілінің хаттамасы болып табылады; жүк жазылған тұлғаға жүкті алуға құқық беретін тауарға иелік етуші құжат болып табылады.
Коносаменттің бірінші және екінші функциялары келесі бөлімдерде егжей-тегжейлі қарастыралатын болады, ал мұнда оның үшінші функциясына тоқталамыз, оған сәйкес, теңіз коносаменті басқа көліктік құжаттарға қарағанда құнды қағаз болып табылады, оны беру бағалы қағаздарды беру ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады және жүкті берумен тең келеді.
Коммерциялық тұрғыдан қарағанда, коносаменттің негізгі мақсаты – коносаменттің құзыры таралатын тауарлар иесіне тауарлар оның қолында емес, тасымалдаушының қолында болуына қарамастан, оларды тезірек өткізу мүмкіндігін беру. Егер де тауарлар теңізде болса, мысалы Лондоннан Сингапурға жолда болса, және коносамент авиапоштамен Сингапурдағы сатып алушыға жіберілсе, осыған орай сатып алушы тауарлардың меншік иесі ретінде саналады, осы тауарлардың коносаменті сатып алушыға оларды сингапурлық банкке салуға немесе Нью-Йорктегі сатып алушыға сатып жіберуге мүмкіндік береді. Коносамент халықаралық сауданың қарапайым құралы болып табылады. Ол XVI ғасырда пайдаланыла бастады. 1686 жылы шығарылған сауда құқығы жөніндегі оқу құралында «коносаменттер әдетте барлық жерлерде және бірнеше тілде мөр басылған түрде болуы қажеттігі» көрсетілген. Коносаменттің басты құжат ретіндегі мәні алғаш рет ағылшындық заңгерлермен 1794 жылы мойындалды.
Коносаменттің үш түрі болады: атаулы (жүктерді алушы көрсетіледі); талап етушіге; ордерлік («жөнелтушінің бұйрығы бойынша» берілген немесе «алушының бұйрығы бойынша»). Коносаментте тасымалдаушыға тиесілі төлемдер, құжатты беру уақыты және орны, даналар, соның ішінде коносамент түпнұсқасының саны көрсетіледі. Коносаментте кеме капитаны немесе осыған өкілетті тасымалдаушы уәкілі қол қояды. Коносамент банкке немесе жүк алушыға сату-сатып алу келісімшарты бойынша есептеулер үшін жіберілетін құжаттар кешеніне кіреді.
Көптеген кеме компаниялары пайдаланатын желілік коносаменттер ұқсас, және БИМКО жасап шығарған «Конлайнбил» желілік коносаментінің унификацияланған проформасының негізінде құрылған. Алайда, әрбір компания шарттарға өз тасымалдарының ерекшелігін көрсететін қосымшаларды енгізеді. Бас бетінде негізгі шарттық жағдайлар көрініс табады, ал артқы жағында – тасымалдардың жалпы шарттары орын алады.
Тасымалдаушы жүкті әлі қабылдамаса немесе коносамент берілмесе, тараптар тасымалдау келісімшартын «букинг-нот» атауымен рәсімдей алады. Бұл келісімшарт, негізінен, жүктің ұсақ партияларын тасымалдау үшін тұрақты желілік кемелерде орындарды резервтеу барысында пайдаланылады. Букинг-нот нысанын БИМКО ұсынған. Соңғы жылдары халықаралық желілік тасымалдар тәжірибесінде коносаменттің орнына басқа көліктік құжат – теңіз жүкқұжаты кеңінен қолданыла бастады. Тауарға иелік етуші болып табылмайтын бұл құжат жүкті соңғы порттағы тапсыру процедурасын жеделдетеді.
♦ Трампылық кеме қатынасы (чартерлік тасымалдар)
Желілік кеме қатынасына қарағанда, трампылық кеме қатынасындағы кемелер тұрақсыз негізде пайдаланылады. Олар бір бағытқа бекітілмейді, тоннажға сұраныс пен жүктердің ұсынысынабайланысты фрахтілік нарықтың бір секциясынан екіншісіне еркін орын ауыстырады. Сондықтан да, ол өз негізін ағылшындық «tramp» (қаңғыбас) сөзінен алды. Трампылық кеме қатынасындағы теңіз тасымалы келісімшарты (кемені фрахтілеу келісімшарты) теңіз тасымалдаушысы мен жүкті жөнелтуші немесе жүкті алушымен жасалады және чартер деп аталады. Көптеген жағдайларда бұл келісімшарт делдал арқылы немесе фрахтілік брокердің көмегімен жасалады.
Кез келген чартерде кеме, жүк, фрахт, стивидорлық жұмыстарға төлем тәртібі, диспач, демереджге қатысты бірқатар міндетті шарттар болады. Чартерлік келісімшарттың негізгі талаптары болып келесі табылады: чартердің жасалған уақыты және орны; тараптардың толық заңи атаулары; кеменің атауы және сипаттамасы; бастапқы кемені басқасына айырбастау құқығы; жүк түрі; жүкті тиеу және түсіру орны; жүкті тиеу және түсіру шарттары; фрахтіні төлеу тәртібі; кемені беру мерзімі; басқа да шарттар.
Сауда кеме қатынасы тәжірибесінде типтік келісім-шарттық тасымалдар – чартерлер проформасы жасалған. Чартерлік келісімшарттың рәсімделу үрдісі өте күрделі және ұзақ уақытты алады. Осы үрдісті жеделдету үшін теңіз тасымалы келісімшартының шарттары жазылған және талқыланған типографиялық дайын қағаздар түріндегі чартерлердің арнайы стандартты проформалары пайдаланылады. Бұл қағаздарға келісімшарттың келісілген сипаттамалары кіреді. Чартерлер проформалары әдетте ірі жүк экспортерларымен және импортерларымен, кеме иесі фирмалары мен брокерлік фирмалармен жасалады. Нарықта мойындалуы үшін чартерлер проформалары БИМКО құжаттама бойынша Кеңесінде және Ұлыбритания кеме қатынасы Палатасында талқылау және келісу кезеңінен өтеді. Осындай апробациядан кейін чартер проформасы белгілі бір бағаға ие болады: жоғары баға – «келісілді», ал егер де БИМКО мүшелерінің арасында жекелеген баптар бойынша ортақ көзқарас болмаса, ол «ұсынылды» немесе «қолданды» бағаларына ие болады. Гриф чартердің тақырыпшасына ерекше шрифтпен жазылады. Осындай проформалармен қатар, өз қажеттіліктеріне орай ірі кеме немесе жүк иелерімен жасалатын бағасы бар грифтері жоқ «жеке проформалар» да қолданылады.