Читать книгу Халықаралық транспорт операциялары - М. Байгісиев - Страница 7

ІІ-тарау
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ
2.1. Халықаралық тасымалдар туралы конвенциялар мен келісімдер

Оглавление

• Қазақстандағы тасымалдарды реттейтін ңұқықтық құжаттар

Қазақстандағы көлік мәселесін Көлік және коммуникация министрлігі бақылайды. Сонымен қатар, негізгі магистральдық көлік құралдарына акционерлік қоғамдар құрылған: «Қазақстан теміржолы» АҚ, «ЭйрАстана» АҚ және т.с.с.

Жүкті ішкі және сыртқы тасымалдауды жүзеге асыру барысындағы жүк иесі мен тасымалдаушының өзара қатынастарын реттейтін Қазақстандағы құқықтық негіз көлік құралдарының түрі бойынша нормативтік-құқықтық құжаттар – «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Ішкі су көлігі туралы», «Теміржол көлігі туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары болып табылады.

Қазақстандағы транспорттық тасымалдарда кездесетін құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық қатынастар ҚР Конституциясы мен аталған заңдар мен өзге де заңға бағынышты нормативтік-құқықтық актілермен, сондай-ақ ҚР ратификациялаған шарттарда аталған заңдардан өзгеше ережелер болса, онда халықаралық шарттардың ережелерімен реттеледі.

ҚР-да жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, кеме жүретін су жолдары, шлюздер, әуе қозғалысын басқару органдарының аэронавигациялық құрылғылары, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты инженерлік желілер, сондай-ақ метрополитен мемлекет меншігі болып табылады. ҚР-ның көлігін мемлекеттік басқаруды ҚР Президентінің шешімімен құрылған және ҚР Үкіметі бекіткен Ережеге сәйкес қызмет атқаратын өкілетті мемлекеттік орган – ҚР Көлік және коммуникация министрлігі жүзеге асырады.

Аталған мемлекеттік органның негізгі міндеттеріне:

• Қазақстан Республикасының көлік саласындағы экономикалық мүддесін қорғау;

• көлік саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

• Қазақстан Республикасындағы көлік қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және мемлекеттік стандарттарды әзірлеуге қатысу;

• көліктің барлық түрлерін дамытудың бағдарламалары мен тұжырымдамаларын әзірлеу, инвестициялық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік саясатты қалыптастыру және жүргізу;

• республика экономикасы мен халқының тасымалдауға және соларға байланысты қызметтерге деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау;

• көлік қызметін пайдаланушылар құқықтарының сақталуын бақылау және қадағалау;

• мемлекеттің және халықтың тасымалдау қажеттеріне болжамдар әзірлеу;

• Қазақстан Республикасы көлік кешені қызметінің жұмысын үйлестіру және мемлекеттік реттеу ісін жүзеге асыру жатады.

Сонымен қатар, сауда теңізде жүзу кодексі, Әуе кодексі, теміржол, автомобиль, өзен көлігі жарғылары, ведомстволық сипаттағы ережелер, тасымалдау ережелері, жүктерді тиеу және бекітудің техникалық шарттары, тарифтік мөлшерлемелер бойынша баға тізбесі, және басқа да құжаттар сәйкес транспорт түрлеріне байланысты тасымалды реттейтін құқықтық құжаттар болып табылады.

• Халықаралық көлік заңнамасының негіздері

Үлкен көлемді жүктерді тасымалдау барысында мемлекетаралық келісімдер пайдаланылады. Мұнда көлік байланыстары қатынастарына қатысушылардың кеңейтілген құрамы туындайды. Мемлекеттер арасындағы екіжақты немесе көпжақты құқықтық қатынастар келесі мәселелер бойынша реттеледі: халықаралық байланыс жүйелері мен көлік құралдарын пайдалану; жүктердің орнын ауыстыру барысындағы мемлекетаралық қатынастарды орнату тәртібі; халықаралық көлік ұйымдарының қызметі. Халықаралық келісімдерге әрбір көлік түріне қатысты жасалған конвенциялар мен келісімдер жатады. Бұл келісімдерге қол қойған мемлекеттердің заңды және жеке тұлғалары үшін оларды орындау міндетті.

Көлік саласындағы халықаралық келісімдер келесідей ұйымдастырушылық, техникалық, коммерциялық, құқықтық мәселелерді қарастырады:

• көліктің жекелеген түрлерінің қызметінің жалпы қағидалары;

• халықаралық байланыстарды ұйымдастыру;

• жүктер мен жолаушыларды тасымалдаудың коммерциялық жағдайлары;

• тарифтер, жүктерді тасымалдауға фрахт мөлшерлемелері;

• мемлекеттер арасындағы көліктік байланыстарды жақсарту;

• режимдік жүктерді қайта тиеу, сақтау және тасымалдау жағдайлары;

• халықаралық тасымалдар саласындағы жүк иелерінің мүліктік мүдделерін қорғаудың құқықтық мәселелері;

• қоршаған орта ластануының алдын алу.

Халықаралық көлік мәселелері өз шешімін әртүрлі халықаралық көлік ұйымдарында табады. Оларға БҰҰ Сауда және Даму жөніндегі Конференциясы (ЮНКТАД); Ішкі көлік бойынша комитет, Еуропалық экономикалық комиссия (ЕЭК), БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі Комиссиясы (ЮНСИТРАЛ).

Әртүрлі көлік түрлері бойынша халықаралық ұйымдар құрылған және олар белсенді түрде қызмет етеді. Мысалы, теміржол көлігінде Теміржолдардың ынтымақтастық ұйымы (ТЫҰ), Жүк вагондарының жалпы паркі (ЖВЖП), ТЫҰ қарамағында құрылған көлік құқығы жөніндегі тұрақты топ, Халықаралық теміржол байланыстарының орталық бюросы және басқалары. Автомобиль көлігіне үкіметтік емес халықаралық ұйым – Автомобиль көлігінің халықаралық одағы (ИРУ). Әуе көлігі саласында Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес, Азаматтық авиация халықаралық ұйымы (ИКАО), сонымен қатар мамандандырылған үкіметтік емес ұйым – Әуе көлігінің халықаралық ассоциациясы әрекет етеді. Теңіз көлігінде Үкіметаралық теңіз (кеңес беруші) ұйымы (ИМО), Балтық халықаралық теңіз конвенциясы (БИМКО), Халықаралық теңіз комитеті (ММК), Кеме иелерінің халықаралық ассоциациясы (ИНСА). Жүктерді көліктік экспедициялау бойынша Экспедиторлық ассоциациялардың халықаралық федерациясы (ФИАТА).

Төменде негізгі көлік конвенциялары мен көліктердің көптеген түрлері бойынша келісімдерге сипаттама беріледі.

Халықаралық теңіз қатынастары. Теңіз тасымалы қатысушыларының өзара қатынастары мен коносаменттің құқықтық мәртебесін анықтайтын негізгі халықаралық келісімге 1924 жылғы Коносамент туралы кейбір ережелерді біріздендіру туралы Брюссель конвенциясы (Гаага ережелері) жатады. 1968 жылғы Брюссель протоколы арқылы осы конвенцияға кейбір ережелер енгізілді. Қазіргі уақытта Брюссель конвенциясына 70-тен астам мемлекет қатысады. Гаага ережелеріндегі басты назар теңіз тасымалдаушысының жүкке жауапкершілігі туралы мәселеге аударылған. 1924 жылғы Брюссель конвенциясының бірқатар ережелеріне бірнеше елдер, соның ішінде дамушы мемлекеттердің жүк иелері тарабынан айтылған сындарды есепке ала отырып, Халықаралық теңіз тасымалдарының тәжірибесіне маңызды ықпал ететін Гамбург ережелері атауымен белгілі 1978 жылы Жүктердің теңіз тасымалы туралы БҰҰ конвенциясы қабылданды.

Соңғы уақыттарға дейін жолаушылар мен жүктің теңіз тасымалдары 1961 жылғы Жолаушыларды теңізбен тасымалдауға қатысты кейбір ережелерді біріздендіру туралы халықаралық конвенциямен реттелді. 1987 жылы жолаушылардың, олардың жүктерінің, көлік құралдарының және қол жүктерінің теңіз тасымалы туралы жаңа конвенциясы (Афины конвенциясы) күшіне енді.

Халықаралық өзен қатынастары. Дунай өзені бойынша халықаралық тасымалдауды ұйымдастыруға байланысты мәселелер кешені, Дунай бойындағы елдердің өзен кемелері үшін жасалған Братислава келісімімен реттеледі. Олардың бірінші қатысушысы – 1955 жылы Дунай өзені бойымен жүк тасымалдаудың жалпы шарттары туралы Келісім – Болгария, Венгрия, Румыния, КСРО және Чехословакия кеме шаруашылығы пайда болды. 1966 жылы бұл келісімге Югославияның өзен кеме шаруашылығы қосылды, ал 1968 жылы – Австрия және ГФР келісімге қол қойды. Келесі қадамда 1978 жылы Дунай өзені бойынша контейнерлерді тасымалдаудың жалпы шарттары бойынша Халықаралық келісім жасалды. 1979 жыл аталмыш кеме шаруашылығында халықаралық жүк тарифі туралы келісімге қол жеткізілді.

Халықаралық теміржол қатынастары. Халықаралық теміржол байланыстары туралы көпжақты әмбебап келісімдерге жүк тасымалы туралы Берн конвенциясы (қысқаша МГК) және жолаушыларды тасымалдау туралы (МПК), бірнеше Еуропа елдері арасындағы өткен ғасырдың соңында алғаш рет жасалған келісімшарттар жатады. Уақыт өте келе олар бірнеше рет қайта қаралды. Қазіргі уақытта Берн конвенциясының мәтінімен қоса, 1980 жылғы жаңа редакциямен теміржол тасымалы туралы бірыңғай Конвенция (КОТИФ) түзілді. Берн конвенциясына қатысушылардың басым бөлігін Еуропа, Азия және Африка елдері құрайды.

ТМД елдері КОТИФ-ке мүше емес, сондықтан Берн конвенциясы елдерімен теміржол байланыстары бойынша ТМД елдерінде ұқсас халықаралық келісімдер жоқ. КСРО, кейінірек Ресей және Шығыс Еуропа елдері 1974 ж. халықаралық жүк тасымалдары туралы өз Келісімін (ХАЖК) және халықаралық жолаушылар тасымалдары туралы келісім (ХЖХК), сондай-ақ, Азия (Қытай, КХДР, Моңғолия, Вьетнам) елдерін қамтыған келісімдер болды. Еуропа елдері 1991 жылы келісімнен шықты, бірақ бұрынғы КСРО-да бір аумақтан екіншісіне жүк жөнелту кезіндегі жүкқұжат формасы сақталды. Ресей болса, Австрия, Иран, Түркиямен көлік келісімін үзген жоқ. Жүк тасымалдау батыс елдерінде және қайтадан ХАЖК және КОТИФ қатысушылары болған елдердің теміржол шекаралық аялдау станцияларында тасымалдау келісімшартын қайта жасау қолға алынып, жүзеге асатын болды.

ХАЖК негізінен жүк қабылдау тәртібін, тасу және алушыға беру, тасымалдау келісімшарттарын жасау, теміржол жүкқұжаты коммерциялық деректемесін, жүк тасу мерзімін, ерекше жағдайда жүкті тасымалдау ережесін (ұзын өлшемді, ауыр салмақты, қауіпті, химиялық, тез бұзылғыш, ұсақ жәндіктер) жасап, мүдделі тараптарға ұсынады.

Халықаралық әуе қатынастары. Әуе көлігі бойынша халықаралық келісімге Варшавада 1929 жылы қол қойылған және халықаралық әуе тасымалына қатысты кейбір ережелерді үйлестіру үшін конвенция келесі хаттамалармен толықтырылды. Олар: 1955 жылғы Гаага, 1971 жылғы Гватемала, 1975 жылғы Монреаль келісімдері болып табылады. Бұл келісімдерге әлемнің көптеген елдері қатысуға құқық алған.

Варшава конвенциясы, әдетте әуе қатынастарында қолданылады. Келісімшарттың құқықтық негізі әуе тасымалдары туралы тұрақты емес (чартерлік) қатынастарды 1961 жылғы халықаралық әуе тасымалдауға қатысты, кейбір ережелерді үйлестіру туралы Гвадалахар конвенциясының ережелері болып табылады.

Халықаралық автомобиль қатынастары. Қатынастардың бұл түрі жүктерді автомобиль көліктерімен тасымалдау келісімшарты туралы Конвенциямен, (КДПГ) және қауіпті жүктерді халықаралық автомобиль көліктерімен тасу туралы Еуропа келісімімен реттеледі (ДОПОГ), ол 1961 және 1968 жылдары қабылданып, күшіне енген. Бұл келісімдерге көптеген елдер қатысушы болып табылады.

Еуропа елдерінде халықаралық автомобиль қатынастары кедендік рәсімдерді жеңілдету мақсатымен 1959 жылы халықаралық жол тасымалы кітапшасын қолдану негізінде халықаралық жүк тасымалдау кедендік конвенциясы (ХЖТ) жасалды. 1975 жылы оның жаңа редакциясы басылып шықты.

Халықаралық аралас қатынастар. Өткен ғасырдың 70-жылдары бірқатар халықаралық ұйымдарда тікелей аралас тасымалдау келісімшарттары туралы келісімнің жобасын өңдеу жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде 1980 жылы халықаралық аралас жүк тасымалдау туралы БҰҰ Конвенциясы қабылданды.

Халықаралық транспорт операциялары

Подняться наверх