Читать книгу Халықаралық транспорт операциялары - М. Байгісиев - Страница 8

ІІ-тарау
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ
2.2. «Инкотермс» тауарлар жеткізудің базистік шарттары

Оглавление

Бұл мәселелерді зерделеуге кірісерде, оқырман сату және сатып алу шарты мазмұнына қанық болуы тиіс және бұл келісімшарт сатушы мен сатып алушы арасындағы қатынасты (сонымен бірге, жүк тасымалдау мәселелері бойынша да) реттейтінін де білуі тиіс, ең бастысы тасымалдаушымен қатынасты бекемдеу керек. Тасымалдаушылармен қатынас жеке құжаттар арқылы жүзеге асады. Оның мазмұны төменде қарастырылатын тасымалдау шарттары болып табылады.

Әртүрлі елдердің сауда экономикалық бірлестігі ішкі экономикалық келісімдер арқылы сәйкестендіріледі. Олар: келісімдер, келісімшарттар, шарттар. Бұл жұмыстарды соңына дейін атқару кезінде әсіресе, халықаралық тауарларды сату, сатып алу шарттарында халықаралық қалыптасқан дәстүрлер едәуір рөл атқарады. Әсіресе, тауарды сату, сатып алу келісімшартында тауарларды тасымалдау әдістері мен оны анықтаушы ережелерге көп мән беріледі.

Серіктестер ішкі сауда келісімін жасау кезінде тауарларды сатушыдан сатып алушыға дейін жеткізуге байланысты көптеген міндеттерді өзара шешіп алуы тиіс (тасымалдау, тауарды жүктеуге дайындық, тиеу түсіру жұмыстары, сақтандыру, кеден құжаттарын рәсімдеу т.б.). Осы міндеттердің әрқайсысы тауар бағасының 30-дан 50 %-на дейін құрайтын әртүрлі шығындар болуын болжайды. Сатушы міндеттенген тауар жеткізу бойынша шығындар тауар бағасына енеді. Тауарларды тасымалдау кезінде оның бұзылуы және жоғалуы тәуекелдер әсерін күшейте түседі.

Сатушы және сатып алушының тауарды жеткізу бойынша міндеттерін және құқықтарын анықтау, сатушыдан сатып алушыға дейін тауарлардың бұзылуы немесе кездейсоқ апат тәуекеліне өту кезеңін мөлшерлеу үшін, жеткізудің базистік шарттары жасалады. Тараптардың келісімшарттарының базистік шарттарын таңдау біріншіден, тауар тасымалдау әдістері мен тасымалдау шарттарына байланысты. Бұл шарттардың Базисті деп аталуы олар тауар бағасының базисіне негіз қалайды және оның деңгейіне әсерін тигізеді.

Халықаралық сауда палатасы (ХСП) 1936 жылы жеткізудің базистік шарттарын үйлестіру үшін «Сауда терминдерінің түсінігі бойынша Халықаралық ережелерді» жарыққа шығарды («Инкотермс»). Одан әрі олар жаңа редакцияда 1953, 1967, 1976, 1980, 1990, 2000, 2010 жылдары басылып шығарылды. Бұл тасымалдаудың жаңа түрлерінің пайда болуына негізделген, мысалы, тиеудің (түсірудің) озық әдісін қолданумен паромды кеме және тіркемелерді қолданумен контейнерлі тасымалдау болатын.

Қазіргі уақытта барлық терминдері 4 топқа бөлінетін «Инкотермс 2010» терминдері пайдаланылады. Бірінші топ – сатушы өз тауарларын өз ғимаратында сатып алушыға тікелей ұсынады («Е» тобының терминдері); екінші топ – сатушы өз тауарларын тасымалдаушы орналастыруымен, сатып алушының қамтамасыз етуімен ұсынуға міндеттенеді («F» тобының терминдері); үшінші «С» топ – сатушы тауарының бұзылуын және кездейсоқ апаттың тәуекелінсіз тасымалдау шартын жасауға міндеттенеді; төртінші топ «Д» – сатушы белгіленген елге тауарларды жеткізу кезіне дейін барлық тәуекелді және шығынды өз жауапкершілігіне алады. Базистік шарттар тікелей немесе аралас тасымалдауда қолданылады.

«Инкотермс» тек қана шарттарда оған сілтеме жасалғанда ғана пайдаланылады. Сондықтан, Халықаралық ережелер факультативті сипат алады, оны қолдану толық көлемде немесе келіскен тараптармен белгілі бөлігі анықталады. «Инкотермс» ережелерімен шарттың жағдайлары сәйкес келмегенде, келісімшарт баптары басшылыққа алынады. «Инкотермс» ережелерінде реттелген ережелердің мәселелері бойынша қарастырылған кез келген жағдайдан басқа жағдайлар екі жақты шартта қарастырылса, онда ереже қолданыла алмайды, сондықтан ортақ мақсат бойынша түсініспеушілік орын алмауы үшін, «Инкотермс-2010» келісімшарты аталған шартты түсіндіруден кейін ғана күшіне енеді.

«Инкотермсте» тауардың жеке меншікке өту кезеңінің ережелері болмайды. Бұл ереже шартта арнайы қаралуы керек.

Ішкі сауда ұйымдары шетелдің фирмаларымен шарт жасасқанда «Инкотермс» белсенді пайдаланылады. Одан басқа, кейбір мемлекетпен бізде тауар жеткізудің екі жақты Жалпы шарттары келісілген. Онда жеткізудің базистік шарттарына сілтеме бар. «Инкотермс» сияқты, олар кепілдемелік және екі тарап та олардың ұсынысын бақылауға тиіс емес.

«Инкотермс» халықаралық саудада қазіргі тәжірибеде әлемдік нарықта құрылған сауданың ережелері мен таралған сату дәстүріне көбірек сай жеке терминдер түсінігінде ұсынылуымен кең қолданылады және белгілі дәрежеде мойындалды. Жеткізудің базистік шарттары көлік құралына және жүктің жағдайына байланысты бас әріптермен белгіленеді. «Инкотермс-2010» он бір түрлі жеткізудің базистік шарттарының түрлеріне түсінік береді және анықтайды.

Негізгі жағдайларды белгілеген кезде қолданылытын «франко» термині «еркін» деген сөзден шыққан және ол сатып алушы тауардың белгілі бір жерге жеткізілім шығындарынан тәуелсіз екенін білдіреді. «Фрахт» және «алып өткізу төлемі» терминдері арасындағы басты айырмашылық, біріншісі – теңіз және әуе транспорттарына, ал екіншісі – жердегі транспортқа тиесілі. EXW (ex works) – франко-зауыт. Бұл жағдайда сатушы тауарды сатып алушының қарамағына дер кезінде және орнына, келісімшартта көрсетілгендей, сатып алушының өзі ұсынған транспорт арқылы тиісті орынға жеткізуі тиіс. Сатушы сатып алушыға жүк тиеу құралдарын беруге міндетті емес. Егер олай болған жағдайда, сатып алушы сол операция үшін шығындарды өзі көтереді. Кездейсоқ жоғалту тәуекелі, бүлдіру немесе тауардың опат болуы сатып алушыға тауар оның қарамағына өткеннен кейін сатушының қоймасында, егер де тауар тиісті жолмен жекеленгенде, яғни сатушының басқа өнімдерінен бөлінгенде және берілген келісімшарттың белгіленген объектісі ретінде көрсетілген жағдайда ауысады. Бұл жағдайда тауардың жеткізілімі әртүрлі транспорт түрлерін пайдалану және де олардың комбинацияларын қолдану арқылы жүзеге асырылады.

FСА (free carrier) – франко-тасымалдаушы. Берілген базистік шарт экспорттық тауарларды, сонымен қоса экспорттық лицензияны және кедендік декларацияны, сатып алушы көрсеткен тасымалдаушыға ескертілген жерде табыс етілуін жоспарлайды. Ал, «тасымалдыушы» термині тасымалдау келісіміне қол қойған кез келген тұлғаны білдіреді. Тасымалдаушы ретінде жүк тасымалдауға жауапкершілік алған транспорттық-экспедиторлық фирма да бола алады. Базистік шарт бойынша тасымалдау тәсілін және тасымалдаушы фирманы сатып алушы таңдайды. Ол ескертілген шарттың тармағындағы тасымалдау шартын өз қаражатына жасауы міндетті және сатушыға тасымалдаушының атауын және тауардың берілу мерзімін көрсетуі тиіс. Сатушы тасымалдаушыға тауардың берілуін растау үшін сатып алушыға: коносамент (тауарға билік ету құжаты) немесе транспорттық жүкқұжат, тасымалдаушы қолхатын немесе транспорттық-экспедиторлық қолхатын тапсыруы тиіс. Егер келісімшартты орындау үшін сатушының көмегі керек болса, онда сатушы бұл қызметті сатып алушыға оның қаражаты есебінен көрсетуі мүмкін.


1-кесте


Тауардың кездейсоқ опат болу немесе бұзылу тәуекелі аталған жерде тасымалдаушыға берілген сәттен бастап сатып алушы билігіне өтеді. Жүк партияларын қалыптастыру шығындарын сатып алушы өзі төлейді: егер осы шығындарды тасымалдаушы экспедиторлық фирма шығаратын болса, олар тасымалдау ақысына кіреді; егер сатушы тасымалдаушыға берілгенге дейін оларды өзі атқарса, онда оларды тауар бағасына қосады немесе сатып алушы оларды жекелей өтейді. «Франко-тасымалдаушы» шарты барлық транспорттың түрлерінде қолданыла алады.

FАS (free alongside ship) – кеме өңірін еркін бойлау. Берілген базистік шарт тек қана теңіз және өзен арқылы тасымалдау операциясын жүргізген кезде қолданылады. Сонымен қатар, сатушы өз қаражатына тауарды келісімшартта белгіленген жүк жөнелту портына және оны кеме өңіріне бойлай орналастыру қажет немесе желкенді кеме, баржа және тасымалдаушының желкенді кемесіне жеткізіп беруі міндетті, сонымен қатар сатып алушыға тауардың жеткізілген орны туралы ақпарат жіберу қажет. Өз кезегінде, сатып алушы желкенді кемені жалдауы, сатушыға тауарды жіберу орны туралы ақпарат жіберуі қажет, желкенді кеменің атауын, тауарды жеткізіп беру мерзімін және оның кеме бортында жүктелуін, экспорттық және кедендік мәселелерді шешуі қажет. Кездейсоқ опат болу тәуекелі тауардың кеме бортына көрсетілген портта жүктелгенде және дәл мерзімінде нақтылы жеткізілген сәттен бастап көшеді.

FОВ (free on board) – борттың бостығы. Берілген базистік шарт бойынша сатушы тауарды сатып алушымен жалданған келісілген портта тұрған кеменің бортына уақытылы, келісімшартта көрсетілгендей жеткізуі тиіс және де сатып алушыға коносамент тапсыруы, экспорттық мәселелерді шешуі қажет. Сатушы өз қаражатына бортты фрахтауы қажет, содан кейін сатып алушыға жүктейтін күнімен орны туралы ақпарат жібереді, сонымен қатар, тауар келетін борттың атауы мен мерзімін белгілейді. Кездейсоқ бүліну немесе опат болу тәуекелі сатушыдан сатып алушыға ресми түрде тауар екі жақпен белгіленген жерге жектізіліп, жүктелген уақыттан бастап өтеді. Тауарды сақтандыру әр жақтың өз қалауы бойынша және жауапкершілігіне байланысты жүзеге асады, яғни сатушы тауарды борт арқылы белгіленген кемеге жүктелген уақытқа дейін сақтандырады, ал сатып алушы тауардың борт арқылы кемеге жүктелген уақыттан бастап өзінің қоймасына жеткенге дейінгі уақыт аралығында тауардың сақтандырылуын қамтамасыз етуі қажет.

CFR (cost and freight) – құн және фрахт. Осы базистік шартқа сәйкес сатушы кемені фрахтау қажет, фрахт құнын өтеу қажет және тауарды белгіленген орынға және уақытта жеткізуі тиіс. Ол өз кезегінде сатып алушының төлейтін төлемақысының ішіне тауар мен фрахт құны кіреді. Сонымен қатар сатушы сатып алушыға таза коносоментті ұсынады, яғни ол жерде тауардың немесе қаптаманың ақаулы жерлері көрсетіледі.Тауарды портқа яғни белгіленген жерге жүктеу шығындарын сатып алушы өз мойнына алады. Кездейсоқ опат болу тәуекелі сатып алушыға тауарды жүктелетін орынға жеткізгеннен бастап өтеді. CFR шарты бойынша барлық экспорттық мәселелерді сатушы шешуі міндетті. CFR шарты теңіз және өзен транспортында ғана қолданылады.

CIF (cost, insurance and freight) – құн, сақтандыру, фрахт. Бұл шарт та теңіз және өзен транспорттары арқылы тауар жеткізілгенде қолданылады. Осы шарт бойынша сатушы тауарды жүктеп, жөнелту орнына әкеліп, кемеге жүктеп беруге тиісті, сонымен қатар, сатып алушыға тауардың келу мерзімі мен толық коносоментті жіберуге міндетті. Сонымен қатар, сатушы тауарды сақтандыру қажет және сатып алушының атына жазылған сақтандыру полисін табыс етуі керек. CIF шарты бойынша тауарды жеткізген кезде сатып алушы тауар құнын, фрахт және сақтандыруқұнын төлеуге міндетті. Кездейсоқ опат болу тәуекелі сатып алушыға тауар белгіленген орынға жеткізілген кезден бастап өтеді. Берілген шарт бойынша сатып алушы сатып алушының тауарды минималды деңгейде сақтандыратынын есінде сақтауы тиіс.Сақтандыру сыйақысын сатушы төлейді, бірақ тауар сатып алушының тәуекеліне тасымалданады. Сондықтан, тәуекелдерден толықтай сақтану үшін, сатып алушы тауарды қоймадан қоймаға дейін сақтандыра алады, бірақ сол сақтандыруға байланысты барлық шығындарды сатып алушы өз мойнына алады. Егер, барлық тәуекелдер белгіленген болса және соған байланысты кепілдік берілсе, онда экспорттаушы фирма үшін CIF шарты негізінде жасалған келісім ең жақсы болып табылады. Бір жағынан тауар толықтай сақтандырылады, екінші жағынан сатушы тауардың максималды құнын алады, ал сатып алушы өз кезегінде барлық қиындықтардан босатылып, тек қана тауар құнын төлейді. CIF шартының ең қиын кезі, ол сатушы тауарды белгіленген орнына жүктеудің алдында сатып алушыда импорттық лицензиясының бар екеніне көз жеткізу болып табылады. Оған байланысты шығындарды сатып алушы төлейді.

СРТ (carriage paid to…) – фрахт/тасымалдау төлемі төленгенге дейін… Бұл базистік шарт тасымалдың барлық түрінде қолданылады, сонымен қатар контейнерлік, аралас және т.б. Сатушы тауарды белгіленген орынға дейін тасымалдау келісімін өз мойнына алуы қажет және тасымалдаушыға тасымалдау төлемін төлеуі тиіс. Ол өзінің жүк қоймасында тауарды бірінші тасымалдаушыға беруі қажет және соған байланысты жүк жолдамасын алуы керек, сонымен қатар, оның негізінде тасымалдау келісімінің шарты болуы тиіс. Сатушы сатып алушыға тасымалдаушы берген транспорттық құжатты табыс етеді. Сатып алушы өзі белгілеген келу орнын белгілейді және тауардың сол орынға келген сәтінен бастап барлық шығындарды өз мойнына алады. Кездейсоқ опат болу тәуекелі сатып алушыға бірінші тасымалдаушыға келісімде белгіленген уақытта берілген сәттен бастап өтеді. Егер, келісім бойынша тауарды бірнеше тасымалдаушы арқылы белгіленген орнына тасымалданатын болса, ондабарлық тәуекелдер сатып алушыға тауар бірінші тасымалдаушыға берілген сәттен бастап өтеді. СРТ-ның базистік шарты бойынша барлық экспорттық мәселелерді сатушы шешуі қажет.

СІР (freight/carriage and insurance paid to…) – фрахт/тасымалдау төлемі және сақтандыру төленген… Осы базистік шартқа сәйкес сатушы тасымалдау келісімін жасап, тауар белгіленген орнына жеткенге дейінгі шығынды төлеп, тауарды сақтандырып, сақтандыру сыйақысын төлеп тауарды бірінші тасымалдаушыға жеткізіп беруі тиіс. Сатып алушы тауардың жеткізілу орнын белгілейді және соған байланысты барлық тәуекелдерді өз мойнына алады. Тәуекел сатып алушыға тауар бірінші тасымалдаушыға берілген сәттен бастап ауысады. Осы базистік шарт бойынша сақтандыру құны келісімде белгіленген құннан 10 %-ға артық. Сатушы сақтандыру төлемінің құны жайлы сатып алушыға ақпарат беруі тиіс, яғни тауар бірінші тасымалдаушыға берілуден бұрын сатып алушы өз қалауы бойынша тауарды тағы да сақтандыра алады. СІР шарты сатушыны барлық экспорттық мәселелерді шешуге міндеттейді.

DAP (delivered at place) «Инкотермс-2000» базистік шартындағы DAF (delivered at fronteir), DES (delivered exship), DDU (delivered duty unpaid)орнына қолданылады.

DAF (delivered at fronteir) – шекараға жеткізу. Бұл шарт бойынша сатушының міндеті тауардың келісімде белгіленген шекараға, яғни белгіленген мемлекеттің шекарасына жеткізілгеннен кейін аяқталады. Сатушы тауарды сатып алушы белгілеген жерге жеткізуге, транспорттық құжатты және басқа да құжаттарды беруге міндетті. Сатып алушы тауар белгіленген шекараға келген сәттен бастап барлық шығындарды өз мойнына алуы тиіс, яғни тауарды жүктеу, оны әрі қарай тасымалдау және кедендік мәселелерге байланысты шығындар. Кездейсоқ опат болу тәуекелі сатып алушыға тауар келісімде белгіленген шекараға жеткізілген сәттен бастап ауысады. Егер тәуекелді сақтандыру полисімен қамтамасыз ету керек болса, онда «Инкотермс» сатушы мен сатып алушыға өзара келісіп алуды ұсынады, яғни қай тарап жол бойы тауардың сақтандырылуын қамтамасыз етуі керек.

DES (delivere dexship) – кемеден (франко-порт). Берілген базистік шарт теңіз және өзен транспортында қолданылады. СІF шарты секілді сатушы келісімде белгіленген орынға тауарды жеткізіп сатып алушыға жеткізуі міндетті. Сатушы тауардың жеткізілу мерзімін айтады, яғни кеменің келу мерзімі, сонымен қатар, сатушы тауарға қатысты барлық құжаттарды табыс етуі тиіс. Өз кезегінде ол құжаттар сатып алушыға тауарды белгіленген орыннан тауарды алып кетуге құқық береді. Барлық тәуекелдер сатып алушыға келісімде белгіленген кеме бортына жеткізілген сәттен бастап өтеді.

DDU (delivered duty unpaid) – баж салығынсыз жеткізгенге дейін… Тауар сатып алушы қарамағына келісімде белгіленген уақытта жеткізілген жағдайда ғана сатушы өз міндетін толықтай орындағанын білдіреді. Сатушы (экспортталатын тауардың баж салығы мен құжаттарға байланысты барлық шығындардан басқа) тауарға қатысты барлық шығындар мен тәуекелді өз жауапкершілігіне алады. Егер, екі тарап өзара келісіп, тауарға қатысты барлық шығындарды сатушы өз мойнына алатын болса, онда осы жағдай олардың арасындағы келісімде көрсетілуі тиіс.

DAТ (delivered at terminal) «Инкотермс-2000» базистік шартындағы DEQ (delivered ex guay) орнына қолданылады.

DEQ (delivered ex guay) – франко-айлақтан. Бұл шарт тауарды теңіз және өзен арқылы тасымалданған жағдайда қолданылады. Сатушы барлық шығындарды өтейді, яғни келісімде белгіленген мерзімде және орынға тауардың жеткізілуін, тауарды жағажайға жүктеу шығындарын және фрахт шығындары мен тауарды жағажайда орналастыру шығындарын өз мойнына алуға міндетті. Ол сатып алушы тауарды қабылдап алуға құқық беретін барлық құжаттарды табыс етеді. Сатып алушыға тауарға қатысты барлық тәуекелдер тауардың белгіленген орынға жеткізілген сәттен бастап және кедендік тексерістен өткеннен кейін өтеді.

DDP (delivered duty paid) – баж төлемімен бірге жеткізу… Тауар сатып алушы қарамағына келісімде белгіленген уақытта жеткізілген жағдайда ғана сатушы өз міндетін толықтай орындағанын білдіреді. Ол сатушының максималды жауапкершілігін білдіреді және транспорттың барлық түрінде қолданылады. Сатушы тауарды келісімде белгіленген импорттаушы мемлекетке мезгілінде жеткізеді және сатып алушыға тауарды қабылдап алуға негіз беретін барлық құжаттарды беруі қажет. Өз кезегінде сатушы тауарды белгіленген орынға жеткізгенге дейінгі барлық тәуекелдер мен шығындарды өз жауапкершілігіне алады. Сатып алушы сатушы тауарды белгіленген уақытта жеткізген кезде қабылдайды. Келісімде белгіленбеген болса, онда тауарды жүктеу шығындары да сатушы өзі өтейді. Кездейсоқ опат болу тәуекелі сатып алушыға импорттаушы мемлекетке жеткізілген кезден бастап ауысады. Келісімшартты жасаған кезде міндетті түрде тауарға байланысты тәуекелдер өтетін орынды белгілеу тиіс.

Халықаралық транспорт операциялары

Подняться наверх