Читать книгу Халықаралық транспорт операциялары - М. Байгісиев - Страница 3
І-тарау
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРҒА ТРАНСПОРТТЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ
1.1. Халықаралық тасымалдар түсінігі
ОглавлениеХалықаралық жүк тасымалдары. Кез келген сыртқы сауда туралы мәміле бойынша сатылған тауар халықаралық айналым сферасына түседі. Транспорт құралының көмегімен тауар өндірілген аумақтан қолданылатын пунктке дейін тасымалданады. Бүгінгі транспорт тауардың өндіріс процесін айналыс сферасында жалғастырады, яғни, тауардың бастапқы бағасына тасымалдау құны (бағасы) қосылады.
Дүниежүзілік сауда зор тауар ағынын елдер, аймақтар және құрлықтар арасында жалғастырады. Бір-бірінен теңіздермен, мұхиттармен бөлінген мемлекеттер арасында сауда қызметтерін көрсетуде теңіз транспорты әмбебап және тиімді құрлық транспорты ретінде танымал. Транспорттың бұл түрі халықаралық сауда көлемінің 80 %-н қамтамасыз етіп отыр. Халықаралық теңіздік қатынастарда тасымалдауға теңіздік жүк ретінде төленетін құн дүниежүзілік экспорттың шамамен 7 %-на тең болып отыр. Халықаралық теңіздік жүк ағынының едәуір бөлігін құйылмалы және ақтарылма жүк құрайды. Олар: шикі мұнай, мұнай өнімдері, темір рудасы, тас көмір және астық. Теңіз саудасының басқа бөлігін басты немесе жәшіктік-дана жүк деп аталатын, яғни дайын өнеркәсіптік өнім, жартылай фабрикаттар, азық-түлік құрайды. Бұл дүниежүзілік сауда айналымының үлес салмағы ең аз, бірақ ең құнды бөлігі болып саналады.
Соңғы уақыттарда құрлықаралық тасымалдауда әуе транспорты теңіз транспортының басты бәсекелесіне айналды. Теміржол, өзен және автомобиль транспорттары ішкі құрлықтық сыртқы саудада, сондай-ақ экспорттық және импорттық жүкті сату-сатып алу бойынша мүдделі елдер территориясында тасымалдаудың кеңінен таралған түрлері болып табылады. Халықаралық саудада мұнай мен газ тасымалдаудың халықаралық саудасында құбырмен тасымалдау жүйесі үлкен рөлге ие болып отыр.
Халықаралық жолаушы қатынастары. Соңғы онжылдықтарда сыртқы сауда, туристік, ғылыми және мәдени байланыстардың тереңдей түсіп, интернационалдануы дүниежүзінің барлық елдерінде тұрғындардың халықаралық қозғалысын арттыра түсті. Бүгінгі таңда жыл сайын бірнеше миллиард жолаушы халықаралық сапарларға шығуда. Мұның өзі әуе транспортының басқа транспорт түрлерімен салыстырғанда сөзсіз артықшылықтарын халықаралық жолаушылар қатынастарында кең фюзеляжды реактивті жайлылығы жоғары ұшақтарды қолданысқа беру нәтижесінде орын алды. Әуе транспортымен қатар ішкі құрлықтық халықаралық жолаушы тасымалдауда автомобиль және теміржол транспорттары кеңінен қолданылады. Теңіздік және өзендік транспорт жолаушы қатынастарында халықаралық туристік круиздер ұйымдастыру арқылы кеңінен танымал.
Халықаралық тасымалдар транспорты. Әлемде ұлттық транспорттық жүйеден дербес, жекеленген, тек қана жүк пен жолаушы тасымалы үшін ғана арналған халықаралық транспорт жоқ. Халықаралық тасымалдар жеке елдің транспорт жүйесіне кіретін, өзінің жылжымалы құрамын (теңіз және өзен көліктері, ұшақтар, вагондар, автомобильдер) және де транспорттық желілерді, транспорттық тораптарды (теңіз және өзен порттары, әуежайлар, теміржолдар және автостанциялар, жүк және жолаушы терминалдары) қолданатын әртүрлі елдердің ұлттық тасымалдаушыларымен бірге жүзеге асырылады.
Әдетте, халықаралық саудада тауар жеткізу процесінде ең алдымен, оның ішкі өндірілген А пунктінен сатушы елдің Б шекара пунктіне (портына) жеткізу орын алады; одан әрі халықаралық транзиттік немесе теңіздік Б пунктінен сатып алушы елдің В шекара пунктіне (портына) тасымалдайды (егер серіктес елдердің ортақ құрлықтық шекарасы болмаса) және В пунктінен ішкі қолданыс үшін Г пунктіне дейін тасымалдайды.
Тікелей мағынасында А – Б, Б – В, В – Г бөліктеріндегі жүк тасымалын транспорттық операциялар деп түсінуге болады. Бұл операциялар жүк иелері мен транспорттың тиісті түрінің тасымалдаушысы арасындағы келісімшарт арқылы жүзеге асырылады. Егер транспорттық операциялар сыртқы саудалық жүктің Б – В бөлігінде тасымалданумен байланысты болса, онда ол халықаралық болып саналады. Осындай транспорттық операциялар нәтижесінде жіберуші мен алушының және тасымалдаушының араларында пайда болатын құқықтық қатынастардың халықаралық сипаты бар. Сондықтан, ол қатынастар халықаралық құқықтың нормаларымен реттеледі.
Халықаралық транспорттық операцияларды жүзеге асыруда тасымалдаушылар жүк иелеріне халықаралық саудада ерекше тауар болып саналатын транспорттық қызмет көрсетеді. Халықаралық транспорттық қызметтер халықаралық транспорттық нарықта сатылады және сатып алынады. Транспорттық қызметтің бағасы және оларды ұсынудың басқа да шарттары, бір жағдайларда, екі мүдделі жақтың келіссөз тақырыбы болып табылатын болса, екінші жағдайларда қызмет көрсету бағасын тасымалдаушылардың өздері дербес тағайындайды. Бұдан басқа, халықаралық транспорттық операциялар қатарына жолаушы тасымалы бойынша екі мемлекет арасындағы тасымалдарды жатқызуға болады. Халықаралық қатынастарда жолаушыларды жөнелту-жеткізу қызметі тиісті транспорттық нарықтарда саудаға түседі. Басты рөлді теңіз, әуе, автомобиль және теміржол кәсіпорындарымен тығыз байланыстағы туристік агенттіктер және солар секілді мекемелер атқарады.
Сонымен, жүк және жолаушы тасымалдау қызметі әртүрлі халықаралық транспорттық нарықтардағы сауда-саттық үдерістерінің негізі болып табылады. Халықаралық экономикалық байланыстарға қатысатын елдер өздерінің жүктерге иелік етуші транспорттық, туристік және басқа да мекемелер арқылы транспорттық қызметтерді сатып алу, сату арқылы олардың экспорты мен импортын жүзеге асырады.
1-сурет – Халықаралық саудада тауар жеткізу процесінің сұлбасы