Читать книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова - Страница 10

3-тарау
ФРАНК ДЕРЖАВАСЫНДАҒЫ ФЕОДАЛИЗМНІҢ ДАМУЫ
§ 1. Франктердің Галлияны жаулап алуы. Меровингтер патшалығы

Оглавление

Галлиядағы Рим билігі V ғасырдың соңына дейін созылды. 486 жылы Солтүстік Галлияға франктер келді. Ішкі жағдайы құлдыраған Рим варварлардың шабуылына қарсы тұра алмады. Галлия герман тайпаларының қол астындағы Римнің батыс форпосттарының бірі еді. Галлияның шекарасына ІІІ ғасырдың ортасында франктердің одақтары ене бастады. Франктер Шельд өзеніне шабуыл жасады. Оңтүстік франктердің көршілері алемандар болды, олар осы уақытта Эльзас территориясына орналасып жатқан. ІІІ ғасырдың соңында оңтүстік франктерді римдіктер уақытша келісіммен тұрақтандырған еді. Рим территориясында франктер мен алемандар қайта-қайта көтеріліс жасап, тыныш отырмады. ІV ғасырдың ортасында франк және алеман тайпалары көтерілісті қайта бастады. Олардың шабуылына қарсы тұра алмаған Рим императоры Юлиан мен Феодосий франктерге ерік берді. Рим мен франктер арасындағы келісім бойынша франктер Шельд пен Маас өзендерінің орталық ағысынан Орталық Рейнге дейінгі аралықты басқа варвар тайпаларынан қорғап отыруы қажет болды. 406 жылы свев, вандал, сармат тайпалары мұз үстімен Рейнге өтті. Франктер мен қарсыластарының ішінде Галлия территориясы үшін соғыс басталды.

476 жылы Рим империясы құлады. Франктердің басында, Франк патшалығының негізін қалаған Меровей руынан шыққан Хлодвиг тұрды. Хлодвиг әкесі Хильдерик өлгеннен кейін орнына келген мұрагер еді. (Хильд-Рик ескі франктерше «қуатты соғысушы» деген мағынаны білдірсе, Хлод-Виг «соғыста даңқы шыққан» дегенді білдіреді).

Батыс Рим империясының орнына пайда болған Франк мемлекеті ерте ортағасырлық Еуропа территориясындағы ірі мемлекеттердің бірі болды. Өз дамуының шарықтау шегінде оның құрамына қазіргі Францияның, Белгияның, Люксембургтің барлық территориясы және Нидерланды, ГФР, Италия, Испания территорияларының аймақтары кірді. Франк мемлекетінің 400 жылдық тарихы қазіргі Батыс Еуропа елдерінің тарихының алғышарты іспеттес. 486 жылы Суассон түбіндегі ұрыста Галлиядағы ақырғы Рим наместнигі Сиагрий франктерден жеңілді. Франктердің басында Меровингтер руының ақсүйегі 19 жасар Хлодвиг тұрды.

Франк көсемдерін ығыстыра отырып, Хлодвиг галл мемлекетінде тәртіп орнатуды көздеді. Франктер Рим территорясында империя құлағанға дейін пайда болды және императорға қызметке тұрып, олардың ішкі ісіне араласа бастады. Меровей руының ұрпағы басқарғандықтан, франктер әулеті V ғасырдың бірінші жартысы мен VІІІ ғасырдың аралығын «Меровингтер патшалығы» деп атады. Бұл әулеттің патшалары салт-дәстүр бойынша ұзын шаш өсірді. Ол наным-сенімге байланысты болды. Хлодвиг – франк патшаларының арасында бірінші болып шоқынған адам. Григорий Турский франк патшаларының қулығын, қатігездігін суреттейді. Салий франктерінің тайпалары батыс герман тайпаларының үлкен тобына жатады. ІV ғасырдан бастап Рейннің төменгі ағысына Рим федераттары құқығында орналасты. V ғасырда Сомм өзеніне дейін өздеріне тиесілі территорияның аймағын кеңейтті. Әскери жорықтардың нәтижесінде салий франктерінің билігі нығайып, беделі өсті. V ғасырда барлық франк корольдері Меровинг руына жатты. Корольдік билік мұра бойынша қалдырылғанымен, әскери демократияның белгілері де сақталды. Суассон түбіндегі ұрыстан 22 жыл өткен соң Хлодвиг Галлияның басым бөлігін иеленген еді. Хлодвигтің билігін Византия императоры Анастасия мойындап, өз елшілерін жіберді. Хлодвигтің ұлдарының тұсында VІ ғасырдың аяғында Франк мемлекеті Пиренейден Жерорта теңізіне дейінгі баварлар мен тюрингтер қоныстанған Рейннің оң жағалауын иеленген ұлан-ғайыр территория болды. Франк территориясының басым бөлігі V ғасыр бойы Рим билігінің қолында болды. Сондықтан Галлия өмірінің барлық қырына Рим әсері болды. Хлодвигтің тұсында Аквитания (507), оның ұрпақтары тұсында Бургундия (534) жауланып алынды. 536 жылы остготтардан Прованс тартып алынды. VІ ғасырдың ортасында франк патшалығы Галлиядағы Рим провинциясының барлық территориясын құрамына қосты. Рейннің жағалауындағы біршама герман тайпаларын да өзіне бағындырды. Алемандар, баварлар, сакстер франктерге жыл сайын салық төлеп тұрды. Франк патшалығы Еуропа құрлығындағы барлық варварлық мемлекеттердің ішінде ұзақ өмір сүрді және құрамына көптеген территорияларды қосып алды.

Франк державасының тарихы феодалдық қатынастардың пайда болу кезеңінен, Каролингтік империядағы оның гүлденуіне дейінгі феодалдық үрдістен көрініс береді. Бұл жердегі феодалдану үрдісі кейінгі рим және германдық рулық-тайпалық қатынастардың ыдырауы нәтижесіндегі синтезден пайда болды.

Галлияны жаулап алғаннан кейін мемлекеттің даму жолын реттеу қажеттілігі туды. Осы мақсатта «Салика заңы» жазылды. «Салика заңы» 65 баптан тұрады. Франктердің герман диалектісінде жазылған. Галлияның жергілікті тұрғындарының латын тілінде сөйлегеніне қармастан «Салий заңында» латын тілі тек ақшалай бірлікте ғана қолданылған.

«Салика заңы» – феодализм генезисінің күрделі дәуіріне жататын қызықты деректердің бірі және ол кіріспеден, 65 тараудан, қорытындыдан тұрады. Шамамен баптарды төмендегідей топтарға бөлуге болады: 1. Сот және сот ісі. 2. Қылмыстық құқық, оның өзі бірнеше тарауларға жіктеледі: а) кісі өлтіру туралы баптар – жарақаттау, балағаттау, өтірік айту, т.б. ә) меншікке қарсы қылмыс – ұрлық, талан-тараж. 3. Азаматтық құқық: а) рейпустар, ә) қоныс аударушылар, б) мүлікті жалға беру, в) туысқандықтан бас тарту.

Заң екі бөлімнен тұрады. 486-596 жылдары жазылған негізгі бөлім және Ұлы Карл тұсындағы «Қосымшалар». «Салика заңының» ерте германдық деректерден және Рим заңгерлері құрастырған заңдардан ерекшелігі бар. Заңда қылмыскер мен ұрыға қандай жаза қолданылатындығы ашып айтылмаған. Кісі өлтіргені үшін вергельд төлеуі қажет, бірақ олардың құны әртүрлі. Мысалы, ерікті франкке қарағанда галло римдікке аз мөлшерде айып төленген. Құлдар мен тәуелді адамдардың қылмыстары бөлек қаралады. «Салика заңы», сонымен бірге өз заманының тұрмыс-тіршілігінен де мәлімет береді. Мысалы, «Салика заңы» бойынша франктердің шаруашылығы германдықтарға қарағанда анағұрлым жоғары болғандығын байқауға болады. «Салика заңы» салий франктеріне арнап шығарылған. Салий франктерінің өзі кейін Батыс аралды және Токсандрияны мекендеген (бұрын Иссельд өзенінің жағасын мекен еткен) Хавка тайпаларынан шыққан.

VІІ ғасырда франктердің ең негізгі кәсібі егіншілік болды. Жерді қос танаптылықпен алмастыру басым болды. Егіндік және шабындық үлестер мұрагерлік жеке пайдалануларда болды. Жанұяның кіші жанұяға бөлініп кетуін «Салика заңы», «Аллодтар туралы» LІХ тарауының мазмұны толық дәлелдейді. Бұл тарауға сәйкес жер мұралану салты бойынша емін-еркін атадан балаға көшіріліп отыруға немесе сыйлыққа тартылуға тиіс болды (тек еркек жынысына ғана). Патша Хильпериктің (561-584) өзгертуі бойынша, туған қызы, апа-сіңлісі де иелене алды. Ерікті франктің жер үлесі «аллод» деп аталды. Хлодвигтің тұсындағы негізгі әскер жаяу әскер болды. Хлодвиг әскері туралы мәліметті Г. Турскийден алуға болады.

Хлодвиг 511 жылы 27 қарашада қайтыс болады. Оны өтініші бойынша «Қасиетті Женевева» моласының жанына жерледі. Хлодвиг өлгеннен кейін Тьерни, Хлодомир, Хильдебер және Клотар атты балалары патшалық мұраны өзара бөлісіп алды. Меровингтік франк патшалығында меншіктік иелікті үлеске бөлуге болатындығын және мұраға беретіндігі көрінді. Нәтижесінде Хлодвиг ұрпақтары тұсында патшалық бөліне бастады, ал мұрагерлер арасында күрес өршіді.

VІІІ ғасырдың басында Меровингтердің ішкі қырқыстан әлсіреген мемлекетіне жаңа қауіп төнді: бүкіл солтүстік Африкадан Гибралтарға дейін жүріп өтіп, Пиреней жарты аралын жаулап алған араб мұсылмандары Галлия қарамағына келіп тұрақты түрде қоныстанды. Мемлекетке төнген қауіпті қайтару үшін үлкен күш және терең қоғамдық, саяси тәртіпті қайта құру қажет болды.

Франк мемлекеті VІІ ғасырда құлдырауды басынан өткерді, ел бірнеше бөліктерге бөлініп кетті, олар – Нейстрия, Австразия, Бургундия және Аквитания. Меровиг әулетінің жерді таратуы корольден тәуелсіз ірі меншік иелерінің пайда болуына алып келді. Хлодвиг тұсындағы «март алаңы» оның өлімінен кейін (511) тарап кетті. Бұл дәстүр тек Австразияда ғана тоқтатылған жоқ. Жыл сайын март айында бүкіл франк халқы король алдында қаруларын тексеру үшін жиналуға міндетті болды. Бұл көктемдік жиын «март алаңы» деп атала бастады.

Меровинг руынан шыққан корольдердің орнына майордомдар билікке келеді (VІІ ғасыр). Майордомдар алғашқы кезде франктер ауласында қызмет ететін үй басқарушылары еді. Ақырғы жылдары бұлар жалпы мемлекеттік саяси билікке араласып, биліктің барлық салаларын қолдарына шоғырландыра бастады.

«Салика заңы» мәліметтері бойынша франктердің жүргізген шаруашылығы. «Салика заңы» – франктердің шаруашылық жағынан даму дәрежесі, біздің заманымыздың ІІ ғасырының аяғында Тацит сипаттаған ежелгі германдықтардың шаруашылық дәрежесімен салыстырғанда анағұрлым жоғары болған. VІ ғасырда франктердің ең негізгі кәсібі болған егіншілікте, сірә, жердің неғұрлым қарапайым жатып тыңайған жүйесін қос танаптылықпен алмастыру үстем болса керек. Егістік жерді мезгіл-мезгіл қайта бөлісу тоқтатылды, өйткені егіншілік кәсібінің неғұрлым интенсивті түрде дамуын қиындата берді. Дәнді дақылдардан – қара бидай мен бидайдан, сұлы мен арпадан басқа, франктер бұршақ тұқымдастар мен жөкелерді екті, бақша мен бау-бақшаларды және жүзімдіктерді егіп өсіре бастады. Франктерде егістік жерді жақсылап қопсытатын темір түренді соқаны пайдалану ісі кең таралды. Ауылшаруашылық жұмыстарында, негізінен, өгіздер, аттар, қашырлар мен есектерді пайдаланды. Егістік жерді өңдеп ұқсату, баптау әдістері де жақсартылды: жерді екі немесе үш рет айдап, оны тырмалау, жерге көң төгіп тыңайту, егіннің арам шөптерін отап тазарту және астықты шынжыр көмегімен бастыру сияқты жұмыстар әдетке айналды; жай қол диірменнің орнына су диірменін пайдалану кең етек алды. Франктердің шаруашылығында үлкен рөл атқаруға айналған малшаруашылығы анағұрлым өркендеп дами түсті. Франктер ірі қара мен ұсақ малдарды – қой мен ешкіні, әсіресе шошқаны, сондай-ақ үй құстарының әр түрлерін мейлінше көп өсірді. Сонымен бірге франктер аңшылық, балық аулау және ара шаруашылығымен де айналысты.

Шаруашылықтағы алға жылжушылықтар франк қоғамының тек ішкі дамуының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар жаулап алынған римдік территориядағы ауылшаруашылығының ең жетілген әдістерін франктердің пайдалана білуінің нәтижесі болды.

Франк қауымы «Салика заңы» бойынша. «Салика заңы» бойынша астық пен малды құстар мен қайықтарды және ауларды ұрлағаны үшін салынатын айыптар сол дәуірдің өзінде франктерде жылжымалы мүлікке жеке меншіктің бар болғандығын және оны заңның қатал қорғағандығының айғағы. «Салика заңы» әлі де болса жерге жеке меншікті білмейтін еді. Әрбір деревняның шеңберінде тұрғындардың ұжымы – қауымның негізін құрушы егіншілер сол жердің меншік иелері болып табылатын. «Салика заңы» көне замандағы мәтініде көрсетілгендей Галлияны жаулап алғаннан кейінгі алғашқы дәуірдің тұсында франк қауымдары көлемі жағынан әртүрлі және өзара бір-бірімен жақын туыс жанұялардан құралған қоныстар болып табылады. Бұлар көбінесе туысқан үш ұрпақтың – әкесінің және балаларының бірлесіп шаруашылық жүргізіп отырған үлкен жанұя болды. Мұнымен қатар «Салика заңы» франктердің арасында шағын дара жанұяның пайда бола бастағанын да дәлелдейді: мысалы, тұрғын үйлер мен үй маңындағы жер бөліктері сол кездің өзінде ақ жеке-жеке үлкен және кіші жанұяның жеке меншігінде, ал егістік және шабындық үлестер олардың мұрагерлік жеке пайдалануларында болған. Әдетте бұл үлестерді қоршаумен қорғап, оларға бөтен біреулердің кіруінен, зорлық-зомбылық жасауынан айыптар салумен қорғап отырған. Мұрагерлік үлестерге емін-еркін иелік құқығы жеке жанұяға емес, қауымның барлық мүшелеріне берілді. Франктердің жерге жеке меншігі V ғасырдың аяғында үлкен жанұяның ыдырап, олардан кіші жанұяның бөлініп шығуларының нәтижесінде пайда болды. Мұны «Салика заңының» «Аллодтар туралы» тарауының мазмұны толық дәлелдейді. Бұл тарауға сәйкес жылжымалы мүлікке қарағанда жер мұралану салты бойынша атадан балаға көшіп отыруға немесе сыйлыққа тартылуға тиісті болды. Өлген қожайынның ұлдары болмаған күнде оның жері қауымның билігіне көшіп отырды. Мұны король Хильбериктің «Салика заңының» жоғарыда аталған тарауына өзгерту енгізу жөніндегі эдиктісінен айқын көруге болады. Бұл өзгерту бойынша өлген қожайынның ұлдары болмаған күнде оның жерін туған қызы немесе өлген адамның аға-інісі, апа-қарындасы мұраға алуға тиісті болды. Мұнымен қатар қауымның өз меншігіндегі емес, мүшелерінің жеке пайдалануларындағы және өзінің бақылауына жататын жерлерге де бірқатар құқықтары болды. Деректерге қарағанда франктердің егіншілік кәсібінде «ашық танап жүйесі» болса керек. Егінді жинап алғаннан кейінгі барлық егістік үлестер және шабындық үлестер ортақ жайылымға айналдырылды және бұл уақытта оларды қоршаған шарбақтар алынып тасталынды. Парға арналған жерлер де ортақ жайылым ретінде пайдаланылды. Мұндай тәртіп қауымның барлық мүшелері үшін ауыспалы егістің болуын аңғартады. Үй маңындағы шаруашылық пен егістік және шабындық үлестерге кірмейтін жерлердің бәрі де ортақ иелікте қала берді. Қауымның әрбір мүшесінің осы пайдаланатын жерлерден алатын тең үлестері болды. «Салика заңының» кепілдігіне қарағанда франк қоғамының шаруашылық және әлеуметтік ұйымының негізі болған қауым V-VІ ғасырларда егіншілік қауымнан, көршілес қауым – маркаға өткен. Бұл қауым маркада енді шағын жанұялардың үлестік жерге жеке меншіктігі үстемдік етті, ал орман-тоғаймен бос жатқан жерлерге жайылымдарға қауымдық меншік сақталып қала берді. Галлияны жаулап алғанға дейін франктерде жердің жеке меншік иесі жеке-жеке үлкен жанұяларға ыдырап, бөліне бастаған ру болған еді. Мүліктік және әлеуметтік жіктелудің басталуы франктердің рулық қарым-қатынасын әлсіретіп, үлкен жанұялардың ыдырап және олардан дара кішкене жанұялардың шығуларын даярлады. Жаулап алу кезеңіндегі жорықтармен жаңа территорияға бытырап қоныстанушылық рулық қарым-қатынастарды әлсіретіп, жаңа территориялық қарым-қатынастардың қалыптасу үрдісін тездетті. Осы жаңа территорияларда көршілер қауымы – марка қалыптасып орнықты.

Аллод және қауым-марка. VІ ғасырдың аяғында ерікті франктердің мұралық үлестері толық жер меншігіне айналдырылды. Бұл «аллод» деп атала бастады. Бұрын «Салика заңында» мұра біткеннің бәрі осы терминмен аталған еді. Жылжымалы мүлікке үйлестіріп қарау жағынан аллод меншік ұғымында, ал жерге үйлестіру жағынан тек қауым мүшесінің мұралық үлесі ретінде ғана қаралды. Бірақ бұл үлеске қауым емін-еркін қожалық ете алмады. Король Хильдериктің жоғарыда көрсетілген эдиктісі қауымдастардың мұрагерлік құқығын ұлғайту арқылы іс жүзінде қауымның өз мүшелерінің үлесіндегі жерге қожалық ету құқығын жойды. Бұл жер бұдан былай өсиет етіп қалдыруға, сыйға тартуға, біртіндеп сатып жіберу-сатып алу объектісі болуға айналды, яғни қауым мүшесінің жеке меншігіне айнала бастады.

Аллодтың пайда болуына байланысты егінші қауымның көршілік қауым-маркаға, территориялық қауымға айналу үрдісі аяқталды. Қауым-марка енді руластардан емес, көршілерден құралды. Қауым-марка мүшесінің әрқайсысы шағын жанұяның иесі болып табылды және өзінің жер үлесі аллодтың толық иесі болып саналды. Қауымның құқығы марканың тек әлі бөлінбей жатқан жерлеріне ғана жүретін еді. Бұл жерлер бұрынғыдай қауым мүшелерінің пайдалануларында қала берді. VІ ғасырдың аяғына таман кейбір шалғындық жерлер мен орман учаскелері жеке қауымдастардың аллодтық меншігіне көше бастады.

VІ ғасырдың аяғында франктерде қалыптасқан қауым-марка қауымдық жер иеленудің ең соңғы түрі болып табылды.

Галло-Рим халқы және оның франк қоғамын феодалдандырудағы рөлі. Франк қоғамында VІ ғасырдың аяғынан басталған феодалдандыру үрдісі тек франктердің ортасында ғана емес, сонымен қатар галло-рим халқының арасында да тездетіле бастады. Феодалдық қатынастардың элементтері Галлияда ІІІ-ІV ғасырларда колонат түрінде ірі жер иелерінің жеке биліктерін күшейту түрінде пайда болды. Варварлық жаулап алушылықтар құл иеленушілік құрылыстың негізін жойды, бір жағынан ірі жер иеленушілікті, әсіресе Оңтүстік Галлияда әлсіретті. Мұнда бұрын бургундтер мен вестготтар жер бөлісін жүргізіп, жергілікті халықтың қарауындағы жердің көп бөлігін басып алған. Алайда олар жерге жеке меншікті жойып жібере алмады. Мұндай үлес жүргізілмеген Оңтүстік және Солтүстік Галлияда жерге ұсақ шаруалардың меншігі сақталып қана қоймай, сонымен қатар ірі шіркеулік және ақсүйектік жер иелену сақталып қалды. Бұлардың иеліктері бөтен біреулердің жерлерінде отырған жерсіз колондарға жақын тұрған адамдарды қанау негізінде құрылды.

«Салика заңы» галло-рим халқын үш категорияға бөлді: біріншісіне «корольдің дастархандастары» жатты. Бұларға галло-рим тобының ішінен ерекше иеліктерге ие болған корольдің ең жақын көретін ірі жер иелері кірді. Екіншісіне «поссесорлар» (жер бөлігінің арендаторлары) жатты. Бұларға ұсақ поместиялы және шаруалар түріндегі жер иелері кірді. Үшіншісіне міндеткерлікті өткеруге тиісті «трибутарийлер» кірді. Бұлар бөтен біреудің жерін белгілі бір шартпен пайдаланатындар. Галло-рим халқындағы қауымдық қатынастардың ыдырауы франк қоғамының феодалдануын жеңілдетті. Бұл процесс оңтүстік Галлияда ерекше көрінді. Мұнда бургундтар мен вестготтар өздерінің жерге бөліс жүргізуі нәтижесінде франктермен бірге ортақ деревняларда аралас өмір сүрді. Галло-римдік және германдық қоғамдық қарым-қатынастар синтезінің жинақталу процесінде жаулап алушылар мен жергілікті халықтың арасында құқықтық айырмашылықтар бірте-бірте жойылды. Хлодвигтің ұлдарының тұсында әскери жасаққа қатынасу міндеті корольдіктің барлық тұрғындарына, соның ішінде галло-римдіктерге де жүктелінді. VІ ғасырдың екінші жартысында франк корольдері Рим империясынан бері сақталып келе жатқан, әуелгіде галло-рим халқынан өндіріліп алынған жер және жанбасы салықтарды жаулап алушыларға салуға талпынды. Король үкіметінің осы саясатына байланысты Галлияда бірнеше рет көтерілістер шықты. Олардың ішінде ең ірісі 579 жылы Леможде болды.

Франк мемлекетінде этникалық айырмашылықтар, жергілікті галло-римдік халық пен жаулап алушы франктердің арасындағы өзгерістер бірте-бірте жойылып, барған сайын әлеуметтік айырмашылықтар алдыңғы қатардан орын ала бастады. Бір жағынан, галло-римдік және франктік жер иелерінің өзара, екінші жағынан, франктік және галло-римдік шаруалардың жақындасушылығы ұлғая түсті. Меровинг дәуіріндегі франк қоғамы алғашқы феодалдық қоғам болып табылды: мұндағы феодалдану процесі баяу дамыды. Сондықтан VІІ ғасырдың аяғына дейін франк қоғамының негізгі тобы ерікті жер иелері – қауымдастар, ал оның шаруашылық ұйымының негізі – ерікті қауым – марка болып қала берді.

Хлодвиг мирасқорларының тұсында мемлекеттің бөлшектенуі. Ірі жер иеленудің және ірі жер иелерінің жеке биліктерінің өсуі Хлодвигтің ұлдарының тұсында король өкіметінің әлсіреуіне әкелді. Жерді үлестіріп берудің нәтижесінде корольдің домендік жер иеліктері табыстарының, едәуір бөлігінен айырылып қалу салдарынан, франк корольдері ірі жер иелерінің сепаратизмін тоқтата алған жоқ.

VІ ғасырдың аяғында Франк мемлекетінің құрамында үш дербес аймақтың оқшаулануы байқалды. Нейстрия аймағы – орталығы Париж болған солтүстік-батыс Галлия; Австразия аймағы – Франк мемлекетінің солтүстік-шығыс бөлігі. Бұған Рейн мен Маастың екі жағалауындағы ежелгі франк аймақтары кірді. Бургундия аймағы – Франк мемлекетінің құрамына енген бұрынғы бургунд корольдігінің территориялары. VІІ ғасырдың аяғында Нейстрия аймағының құрамынан оның оңтүстік бөлігі Аквитания бөлініп шықты. Франк мемлекетінің негізін құрған төрт аймақтың араларында халықтарының этникалық құрамы мен әлеуметтік құрылысының ерекшеліктері және ең алдымен феодалдандыру дәрежесі жағынан да елеулі айырмашылықтары болды. Нейстрия аймағында франктердің жаулап алу қарсаңында романдану процесі жоғары деңгейде болды және жауланып алынғаннан кейін халықтың ең күрделі бөлігі болып табылған галло-римдіктер корольдіктің басқа аймақтарымен салыстырғанда франктермен араласып, сіңісіп кетті. VІ ғасырдың аяғына қарай ірі шіркеулік және ақсүйектік жер иеленушілік үлкен маңыз алып, ерікті шаруалардың жойылу үрдісі тездетілді.

Халықтың негізгі көпшілігі франктерден және басқа да бағынышты герман тайпаларынан құралып, галло-римдік тәртіптердің ықпалы әлсіздеу болған Австразия аймағында VІІІ ғасырдың басына дейін қарапайым қоғамдық құрылыс сақталып келді. Қауым марка өте баяу ыдырады. Қауым марканың құрамына енген және әскери жасақтың негізін құраған ұсақ ерікті жер иелері – аллодшылар бұрынғысынша үлкен рөл атқара берді. Феодалдар тобының негізін ұсақ және орта феодалдар құрады. Олар орталық өкіметтің саясатының негізгі тірегі болып табылды. Шіркеулік жер иелену Нейстрия аймағына қарағанда шамалы болды. Галло-римдік халық германдықтармен араласып кеткен Бургундия мен Аквитанияда да ұсақ ерікті шаруашылық және орташа поместьелі жер иеленушілік ұзақ сақталды. Сонымен қатар ірі жер иеліктері, әсіресе шіркеулік иеліктер болды, ал ерікті қауым VІ ғасырда барлық жерде жойылып бітті. Бұл аймақтардағы феодалдық қатынастардың даму дәрежесіндегі айырмашылықтар, экономикалық қарым-қатынастардың нашарлығы, сол кезде үстемдік еткен натуралды шаруашылықтар бір мемлекет ішінде бірігіп бас қосуларына бөгет жасады және олардың билеп төстеушілерінің арасында соғыстардың жүргізілуіне негіз жасады.

Төрт аймақтың бәрінде ірі жер иелерінің саяси ықпалының күшеюі VІІ ғасырдың аяғында мемлекеттегі өкімет билігінің майордомдардың қолына өтуге алып келді. Алғашқыда, бұлар корольдің ауласын басқарушылар еді. Кейін майордомдар ірі жер иелеріне айналды. Корольдік аймағының басқару жұмысының бәрі майордомның қолында шоғырланды. Франк корольдігінің төрт аймағының әрқайсысында майордом жергілікті аристократияның жеңілдіктерін қорғаушы көсемі және әскери қолбасшысы болып саналды. Майордомдардың қолдарында алым-салықты жинау ісі де шоғырланды. Меровингердің әулетінен шыққан корольдер нақты өкімет билігінен айырылып, тек корольдік титулды ғана сақтап қалды.

Франк ақсүйектерінің арасындағы ұзаққа созылған күрестен кейін 687 жылы Австразияның майордомы Пипин Геристальский бүкіл Франк мемлекетінің майордомы болды.

Франк мемлекетінің Австразия майордомының басқаруымен қайтадан бірігуі осы аймақтағы әлеуметтік құрылыстың ерекшелігімен түсіндіріледі. Корольдікті феодалдандыру процесінде Австразия майордомдары ұсақ және орта феодалдарға, ерікті аллодтарға сүйенді. Австразия майордомдары Франк мемлекетін өз қол астына жинап, бағындырып, қайтадан біріктірді.

Орта ғасырлар тарихы

Подняться наверх