Читать книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова - Страница 8

2-тарау
ЕРТЕ ОРТА ҒАСЫРЛАР ТАРИХЫ (ІV-ХІ ҒАСЫРДЫҢ ОРТАСЫ)
АНТИКАДАН ОРТА ҒАСЫРЛАРҒА ӨТУ КЕЗЕҢІНДЕГІ ЕУРОПА (ІV ғасырдың аяғы-ХІ ғасырдың ортасы)
§ 4. Ұлы Қоныс аудару дәуіріндегі ғұндар

Оглавление

Жазба және археологиялық деректер бойынша түркі тайпасы ғұндар Еуропаға Орталық Азиядан келген. Батыстағы ғұн тарихы зерттелмеген мәселелер қатарына жатты. Еуропадағы бұл тайпа бірлестігінің тарихы кеңес дәуірінде қарастырылмаған тақырыптардың бірі болды. Қазіргі таңда ғылымның дамуына байланысты түркі әлемінің тарихы жазба деректердің және басқа да пәнаралық салалардың негізінде зерттеліп жатыр.

Біздің заманымыздың 48 жылы ғұндар солтүстік және оңтүстік болып, екіге бөлінді. Оңтүстік ғұндар Хань империясына бағынды. Біздің заманымыздың ІІ ғасырының бірінші жартысында ғұн тайпаларының миграциясы әуелі Шығыс Жетісуға, кейін Орал, Каспий, Еділ маңындағы жерлерге қоныс аударды. Солтүстік батыстағы ғұн мемлекеті біздің заманымыздың ІV ғасырында әйгілі болып, Шығыс Еуропаға қарай жылжыды. ІV ғасырдың ортасында ғұндар Еділ мен Дон аумағына енді. Азов аймағы және Солтүстік Кавказдағы аландарды, Боспор патшалығын жаулап алып, ғұндар Доннан өтіп, Оңтүстік Шығыс Еуропадағы остгот патшасы Эрманарихтың көп тайпалы державасын 375 жылы жеңіліске ұшыратты.

ІV ғасырдың 70-жылдары ғұндар Солтүстік Қара теңіз өңірінде пайда бола бастады. Олар алғаш рет Азов теңізі өңірін мекендеген аландарды бағындырды. Одан әрі ғұндар екі бағытта жылжыды. Біріншісі, мұзды жолмен Перекоп және Тамань түбегі арқылы Боспор патшалығына беттеді. Мың жыл өмір сүрген Боспор патшалығы жойылды. Екіншісі, батыс және солтүстік-батыстағы сармат, алан, гот тайпаларына бет түзеді. Сонымен, батыс ғұндарға Еділ мен Дунайға дейінгі жерлер бағынды. 375 жыл халықтардың Ұлы қоныс аударуына соқтырған бастама болды. Қазіргі таңда қазақстандық жалпы тарих ғылымында бұл оқиғаларды орта ғасырлар тарихы дәуірі мен өркениетінің бастамасы ретінде қарастырады.

ІV-V ғасырларда Еуропадағы ғұндар тарихынан Еуразия тарихы жасалды. Шайқастар және үстін-үстін болып отырған көшіп-қонулармен бірге, ол Шығыс пен Батыстың әр қырлы әрекеттесулерінің, дәстүрлері мен мәдениеттері синтезінің үлесі де болды. Ал бұл интеграцияның нәтижесінде жаңа өркениеттің, жаңа қоғамдық қатынастардың қалыптасуына жол ашылды. Осы сәтте ғұндар бастаған халықтардың Ұлы қоныс аудару қозғалысы әлем тарихында аса маңызды рөл атқарды.

Осы уақытта ғұндар мен Шығыс Рим империясы арасында қақтығыстар орын алды. Батыс Рим империясымен олардың байланыстары бейбіт негізде құрыла бастады, себебі ғұндардың жалдамалы жауынгерлері, әсіресе V ғасырдың 20-жылдары Рим әскерлерінің белгілі бір бөлігін құрады. V ғасырда ғұндар Паннонияға (кейінгі Венгрия, Австрия, Югославияның кейбір аймақтары) орналасты да бұл аймақ Батыстағы Ғұн империясының орталығына айналды. V ғасырдың 40-жылдары Еуропада мойындалған ерекше қолбасшылық дарынына байланысты «magister militum» (әскердің жоғарғы қолбасшысы) құрметті атағын алған ғұн билеушісі Аттила (Attila, Еділ шамамен 395 жылы туылып, 453 жылы қайтыс болған) Батыс Рим империясына байланысты тәуелсіз саясат жүргізе бастады. Аттила билік құрған 434-453 жылдар аралығында ғұн державасының территориясы барынша кеңейіп, өз дамуының шарықтау шегіне жетті. Грек және Рим деректері Аттиланың бірнеше ұрпақ бойы ғұндарды билеген патша руынан шыққанын көрсетеді. 434 жылы Руа қаған қайтыс болғаннан кейін ғұндарға ағасы Мундузуктың (Mundzuс) балалары Аттила мен Бледа басшылық етті. 444 жылы Бледаның өлімінен кейін, Аттила бірден-бір билеушіге айналды. Сонау 435-436 жылдары Аттила басқарған ғұндар Римге бағынышты болған Майн мен Рейн аралығындағы бургундтар патшалығын қосып алды. Бұл оқиғалар кейіннен герман эпостық шығармалары мен Скандинавия сагаларында көрініс тапты.

Византияның атақты хронисті, V ғасырдағы тарихшысы және мәмлегері, ғұн патшасына 448 жылы жіберілген Византия елшілігінің мүшесі грек Приск Панийский жеке үзінділер түрінде жеткен өзінің «Византия тарихында» (Historia Byzantia) Аттиланы ірі мемлекет тұлғасы, ұлы істердің басындағы дана билеуші, талантты мәмлегер және әділетті қазы ретінде сипаттайды. Аттила мемлекетін Римнің қауіпті бақталасы ретінде сипаттаған. Приск Батыс және Шығыс Рим империяларының ғұн патшасымен бейбіт байланыстар орнатуға ұмтылыс жасағанын баяндайды.

Паннониядағы Аттила сарайында Приск, ғұндарды Батысқа жасалатын жорықтан бас тартқызуды көздеген Батыс императоры ІІІ Валентиниан елшілерін кездестірді. Әсіресе Византия Аттиламен бейбітшілік қатынаста болуға барынша күш салды. Шығыс ромейліктер, – деп жазады Приск, – «оның кез келген талабына бағынып, оның тарапынан болатын шараларға билеушінің бұйрығы ретінде қарады». Ғұн мемлекетімен тіл табысуға ұмтылған тек Батыс пен Шығыс империясы ғана емес, V ғасырдың 40-50 жылдары Аттиланың ұлы билеуші ретіндегі даңқының кең тарағаны соншалық, өзге халықтардың көсемдері мен патшалары да одан көмек сұрап отырды. Аттила сарайында бірқатар батыс және шығыс мемлекеттері мен халықтарының елшілері болды.

Сол дәуірдің замандасы хронист Проспер Тиро (Аквитанияда туған, біраз уақыт Рим папасы І Левтің хатшысы қызметін атқарған) Аттиланың Батысқа жорығын осы кездің негізгі оқиғасы ретінде көрсетіп, «Epitoma de Chronicon» атты жылнамасында: «Аттила Рейннен өтісімен көптеген галл қалаларын қорқыныш биледі. Римдіктер мен гот әскерлерін біріктіріп, жауды қарсы алуға бел буды…», – деп суреттейді.

Осы кезеңнің маңызды куәгерлеріне хроникалармен қатар Рим папаларының хаттары жатады. Бұл латын тіліндегі ерекше деректер сол уақыттағы Еуразия мен Еуропадағы халықаралық қатынастардың күрделі түйіндерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Мысалы, 451 жылы Папа І Лев Шығыс Рим империясының императоры Маркианға христиандық Батыс және Шығыс Рим императорларының өзара келісімі сыртқы жауларға қарсы тұруға қажет екенін анық білдіреді. Император Валентииан да өз жерінің федераттары мен бағыныштыларына, соның ішінде Галлия мен Испанияға елшілерін жіберіп, ғұндарға қарсы бірлесе соғысуды талап етті.

Ғұндармен күрес Рим империясы мен Вестгот патшалығын біріктірді, олар басқа кельт және герман тайпа одақтарын өз мақсаттарына жұмылдыра алды. Біріккен Батыс әскерін Патриций Флавий Аэций басқарды.

«Халықтардың ұлы қоныс аударуына» түрткі болған ғұндар қозғалысы еді. Ғұндардың Шығыс Азиядан кенеттен басып кіріп, Еуропадағы күштердің арасалмағын түбегейлі өзгертуі, әрине, Рим империясының пайдасына шешілген жоқ. Ғұндар көшпелі мал өсірушілер болды. Рулық-тайпалық құрылыс жағдайында өмір сүрді. Жер бүкіл тайпа иелігінде болды. Ғұндар бір мәселені шешу үшін көпшілік кеңесіне жиналып отырған, соғыс жағдайында әскери көсемдерді сайлаған. Аммиан Марцеллин ғұндардың жауынгерлік қасиетін: «Өздеріне қауіп төнсе соғысуға шақырады. Соғысқан кезде жауын шеңберлей құрсауға алып, қатты ашулы дауыстар шығарады. Жеңіл және айлакер олар қасақана бытырап кетіп, майдан шебін бұзбаған күйі жауларын оп-оңай қынадай қырады. Олардың жау бекінісін қалай алғанын бақылау мүмкін емес, олар қас-қағым сәтте-ақ дүниенің астан-кестеңін шығарады», – деп баяндайды.

Әскери өнері жағынан олар – нағыз жауынгер халық. Соғысты алыстан ататын ұшы өткір жебе мен мықты садақ арқылы жүргізеді. Қоян-қолтық шайқаста ешкім олар сияқты қылышпен шебер соғыса алмайды. Жауының қашып құтылуына мүмкіндік бермес үшін арқан мен тұзақ алып жүреді. Ғұндар туралы мәліметтерді гот тарихшысы Иорданнан да кездестіруге болады. Дегенмен Рим тарихшыларының барлығы ғұндарға басып алушы жау ретінде қарағандықтан, олардың жазбаларындағы мәліметтердің басым көпшілігі субъективті, белгілі бір мақсатқа бағындырылған болып келеді. А. Марцеллиндегі, Иордандағы, тағы да басқа Рим тарихшыларының жазбаларындағы ғұндардың сыртқы пішіні, тұрмыс-салт кәсібі туралы жаңсақ, жек көрушіліктен туған пікірлерді осы тұрғыда түсіндіруге болады. Бірақ олардың әрқайсысы да ғұндардың жауынгерлік қасиетін мойындауға мәжбүр болды. Иорданның өзі де төмендегідей жазады: «Олар аласа бойлы, кең иықты, бірақ шапшаң қимылдайды. Ат үстінде өздерін өте мықты ұстайды. Садақ атуға шебер, тәкаппарлана тік жүреді». Ғұндардың жасы және жынысы жағынан соғысқа жарамсыздары үй шаруасымен айналысады. Ал жастар айбынды жауынгерлерге айналады. Құлдар туралы тіпті де ұғымы жоқ, себебі олар бәрі бір тектен ақсүйектер. Кім соғыста көп көзге түссе, соны бастық етіп сайлаған. Олар да басқа адамдар сияқты тыныш, тату өмірден рақат табады.

450 жылы Аттила Римге жорыққа дайындалады. Ол Рим императоры ІІІ Валентианнан империяның байлығы мен билігінің жартысын беруді талап етеді. Валентианның қарындасы Гонория Аттиланың көмегімен билікке араласу үмітімен ғұн билеушісіне жасырын хат жолдап, көмек сұрайды. Аттиланың Римге қарсы жинаған әскерінің құрамында ғұндардан басқа, остготтар, гепидтер, ругийлер болды. Аттила әскері Шығыс Рим империясының Дунайға дейінгі қалаларын қиратып, Солтүстік Италия мен Грекияны қаңыратып кетеді. Ғұндар Византия жерінде жеңістен-жеңіске жетіп отырды. Прискінің хабарлауынша Шығыс Рим империясының әскері Херсонесте жеңіліп, император ІІ Феодосий (408-450) шұғыл түрде Аттилаға сенатор Анатолийдің басқаруымен бітім сұрап, елші жібереді. Константинопольді басып алмақ болған Аттила оған көніп, «алтын жұмыртқа туатын тауықты өлтіруге болмайды», – дейді. Византия оған 6000 пұт алтын беріп, жыл сайын 2100 пұт алтын төлеп тұратын болды. Енді Аттилаға бағынбаған Рим ғана қалды.

451 жылы Рейннен өткен ғұн әскерлері Римге аттанады. Оған қарсы Рим әскерін бұрын ғұн тәрбиесінде болған, ғұндарды жақсы білетін, Аттиланың қасында жүрген әскербасы Аэций бастаған вестготтар, аландар, алемандар, бургундтар, франктердің біріккен қолы шықты. 451 жылы маусымда екі жақтың әскері Труа қаласының маңындағы Каталаун даласында кездесіп, бұрын болмаған, қиян-кескі соғыс болды. Екі жақтан да көп шығын болды, шайқас барысында екі жақ бір-біріне беріспеді. Римдіктер арасында өзара алауыздық басталды. Каталаун даласындағы шайқас бұрын-соңды болмаған ерекше шайқас болды, шайқастың маңыздылығы туралы қазақстандық ғұн тарихын зерттеушілер төмендегідей жазады: «Каталаун даласындағы шайқас Канны (б.э.д. 216) мен Ватерлоо (1815) шайқастарымен бірге Еуропа тарихындағы атақты шайқастар қатарына жатады». Каталаун даласындағы болған ұрысқа баға берген кезде батыстың бірқатар жаңа және қазіргі заман тарихшылары мәліметтерді ерте орта ғасырлық хронистерден ала отырып, оны сыни електен өткізбей пайдаланғаны белгілі. Батыс тарихнамасының ғұндар тарихын бағалаудағы дәстүрі көбінесе орыс, кеңес тарихнамасында , соның ішінде, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тарихнамаға да ықпал етті. Қазіргі кезде ғұндардың Каталаун даласындағы ұрысына, жалпы ғұндар тарихына объективті көзқараспен қарап, шынайы баға беру кезеңі туды.

VІ ғасырдағы гот тарихшысы Иорданның пайымдауынша, Аттиланың әскері жарты миллион адамнан тұрды. Галлияға аттанар алдындағы ғұндар әскерінің саны жарты миллион болды (cuius exercitus quingentorum milium esse numero ferebatur), деп жазады гот авторы. Қазіргі зерттеулердің нәтижесіне орай, ғұндардың әскерінің саны ең көп дегенде 100 мыңнан 120 мың адамға дейін, ал оның қарсыластарының күші де шамамен осынша болғанын нақты айтуға болады. Аттиланың жағында үлкенді-кішілі 25 тайпа болды. Оның әрқайсысы өз қатарынан 10 мыңға дейін әскер немесе түмен шығара алатын еді. Соғыс жағдайында атты әскердің 1/3-і әдетте өз туған жерін қорғау үшін (тыл) қалдырылатын. Аттила жорыққа ең көп дегенде (25 х 6,600 салт атты) 165 мың жауынгер жинауы мүмкін еді. Бұған қоса әскердің алдыңғы (авангард) және кейінгі (арьергард) бөлімдері одақтас рулар мен тайпалардан тұрады.

Осы шайқаста Аттила маневр жасауды жөн көрді. Аттила әскерімен Тюрингия арқылы Паннонияға қайтып келді. Жылнамашы Проспер Тиро жазғандай, бұл шайқаста екі жақтың ешқайсысы да жеңіске жеткен жоқ. Христиан хронистері (Гидаций, Марцеллин Комит, Кассиодор, Иордан) Каталаун даласында Рим империясы және оның одақтастары басымдылыққа ие болды деген пікірді айтады. Христиан авторларының Рим империясын осылай көрсеткісі келгендігі көп жағдайда діни және еуроцентристік көзқарасқа байланысты. Ғұндардың күш-қуаты 451 жылы «халықтар шайқасынан» кейін сарқылып қалған жоқ. Бұл оқиғадан бір жыл өткеннен соң Аттила енді Рим империясының дәл жүрегі болып табылатын Италияға жорық жасады. Бұл ғұндардың екінші еуропалық соғысына алып келді (алғашқысы – Каталаун шайқасы). Ғұндар Аквилея, Конкордия, Альтин, Патавий (қазіргі Падуя), Вицетия, Верона, Бриксия (қазіргі Брешия), Бергамо, Милан, Тицин (қазіргі Павия) қалаларын алды. Аттила өз резиденциясын Миландағы император сарайына орналастырды. Бүкіл Солтүстік Италия ғұндардың қолына өткеннен кейін, олардың Римге жолы жақын еді. Империяның қуатты жаулаушылары – ғұндарды тоқтататын күші болмағандықтан, Аттила әлемдік үстемдікке жақын еді. 4 бөліктен тұратын Ғұн державасы солтүстік аймақтарда Скифия (Ғұн патшалығы) Германияға дейін, оңтүстігінде Аттилаға салық төлеуші қос Рим империясы болды. Өз территориясы мен ықпалы бойынша ол әлемнің 4 бөлігін де қамтыды: шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке дейін.

Империя үшін осындай қиын жағдайда император ІІІ Валентиниан Равеннада әрекетсіз отырса, Аэций де бейтараптылықта болды. Рим әскері ғұн тегеурініне бұдан былай қарсы тұра алмады. Ақыр аяғында шығыс ромейліктер бұрыннан үйреншікті болған тәсілді пайдалануға ұмтылды. Сөйтіп, Аттилаға елшілер тобы жіберілді. Елшілікті Ұлы деген атаққа ие болған І Лев өзі бастап барды. І Аттила Левтің өтінішіне тоқтап, Римді алмады.

Ғұн патшасы Паноннияға қайтып кетті. Ол әйелдікке бургунд патшасының қызы Ильдиконы алады. Тойдың ертеңі Аттиланың өлімімен аяқталады. Көптеген дерек бойынша, Ильдико кек алу мақсатымен Аттилаға у беріп өлтірді дейді.

Аттиланың қазасына байланысты мәтіні түрік дәстүрлеріне ұқсас жоқтау айтылды, сондықтан Орталық Азиядағы ежелгі ғұн тарихымен байланысын атауымыз керек. Ғұндар мен Аттила және шығыс-түрік қағаны туралы көрсетілген мәліметтердің арасындағы белгілі параллельдерді байқауға болады. Ғұн империясы шығыстан батысқа қарай Алтайдан, Орталық Азиядан және Кавказдан Дунай мен Рейнге дейін созылды.

Аттила өлімінен соң патшалық батыста оның ұлдары арасында бөліске түсті. Ғұндар төменгі Дунайда тұрақтап қалды. Каспий, Қара теңіз, Орал, Арал теңізіне дейінгі аймақ ғұндардың шығыс бөлігі ретінде өмір сүрді. Көрші елдерге ғұндар кейін де жиі шабуылдап тұрды. Мәселен, ғұн-эфталиттер V ғасырда сасанидтермен соғысып отырды. Армян жылнамалары VІІ ғасырда солтүстік Кавказды ғұндар билеп тұрғанын хабарлайды. Ғұндар орнына авар тайпалары келіп қоныстанады.

Жалпы әлемнің төрт бұрышын – Германия, Батыс Рим империясын, Шығыс Рим империясын және Скифияны қамтыған орасан зор ғұн державасы Батыс Еуропа тарихында үлкен із қалдырды.

Каталаун даласындағы соғыстан төрт жыл өткеннен кейін Римді тағы да варварлар басып алды. Олар – германның вандал тайпалары еді. Вандалдар алдымен Германиядан Испанияға бұзып өтті. Бұдан кейін оларды Римнің бір аймақ басқарушысы Солтүстік Африкаға жалдамалылар ретінде шақырды. Бірақ көп ұзамай германдықтар Римнің бұрынғы провинциясындағы билікті тартып алып, өздерінің корольдігін құрды. 455 жылы Гейзерих король басқарған вандалдардың флоты Италияның жағалауына келіп, Тибрмен жоғары көтерілді де, күтпеген жерден қала қамалының қасынан шықты. Рим қорғанысқа мүлдем дайын емес еді. Қалаға аяушылық сұрап папа І Лев аттанды. Ғұндардың көсемі Аттиланың мәртебесі жеткен зиялылыққа вандал көсемі Гейзерихтің мәртебесі жетпеді. «Мәңгілік қаланы» 14 күн тонады. Сол екі аптадан ел есінде мәдени мұраларды мәңгүрттікпен қиратуды білдіретін «вандализм» деген сөз қалды.

Ғұндардың жылқыға деген көзқарасы ерекше болды. Ғұндардың қоғамдық жағдайы жылқыға негізделген көшпелі өркениет (Reiternomadische Kultur) ретінде сипатталады. Ғұндар тек жаулаушылар емес, шығыс мәдениетінің элементтерін батысқа әкелушілер де болды. Мысалы, ғұн қару-жарақтарының үлгілері – бір жүзді қылыштар мен қанжарлар, үшкір басты жебелер, атақты ат әбзелі. Бұларды ғұндарға дейін Еуропа білмеген болатын. Ғұн қару-жарағында ерекше орын алған садақ пен жебені жетілдіруде жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Өте қатты әрі созылмалы ағаштан жасалған ерекше формадағы садақтар алыс қашықтықтағы нысанаға дейін жететін. Ат үстінде шауып бара жатып, ғұндар тік бағытта да, бұрылып та бір минутта бірнеше жебе ата алатын. Бұл қару кейінірек түркі халықтарының атты әскеріне де тән болды, мысалы, ХVІІ ғасырда Осман империясында қолданылды.

Басқа да мысалдарды келтіруге болады. Мысалы, Византия императоры Юстинианның қолбасшысы Велисарий дәл осы ғұндар мен аварлардың ықпалымен өз әскерінің басты бөлігін садақ, жебе, қылыш және қалқанмен жарақтандырды. Осының арқасында ол Италиядағы готтарды жеңді.

Ғұндардың зергерлік өнерінің тамаша туындылары бар. Бұл алтын мен күмістен жасалған диадемалар, алқалар, сырғалар, фибулалар (сәнді түйреуіштер). Бұлар үлгісі бойынша қазақтардың зергерлік шеберлігімен үндес болып келеді. Ғұндардың қола қазандығы ғылымда ерекше қызығушылық тудырып отыр. Олар Еуропа мен Еуразиядан, соның ішінде Қазақстаннан да табылды. Бұл ескерткіштердің сақ дәуірінің ескерткіштерімен ұқсас екендігін айтуымыз керек.

Империя өмірінің соңғы жылдарында сарай төңкерісі бірінен соң бірі болып жатты. 475 жылы император болып жасөспірім Ромул Август жарияланды. 476 жылы варвар әскербасыларының бірі Одоакр әртүрлі герман тайпаларынан құралған әскерді бастап бүлік шығарды. Ол Ромул Августулдың әкесін өлтірді. Ал императорды тақтан түсіріп, Неапольдің жанындағы иелігіне жер аударды. Сонымен, Батыс Рим империясы жойылды. Ал Византия деп аталған Шығыс Рим империясы бұдан әрі мың жыл – ХV ғасырдың ортасына дейін өмір сүрді.

Еуразия тарихының ортағасырлық кезеңіне өту мен ортағасырлық өркениеттің қалыптасуына алып келген Еуропадағы халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірінде Ғұн державасы маңызды рөл атқарды. 451-452 жылдардағы шайқастардан кейін кең-байтақ Рим империясы әлсіреп, ыдырайды. Сөйтіп, түрік-ғұндар Еуропа мен Еуразия тарихындағы жаңа кезең – ортағасырлық қоғам мен өркениетке өтуге жол ашты.

Орта ғасырлар тарихы

Подняться наверх