Читать книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова - Страница 2

1-тарау
ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ДЕРЕКТЕР (ІV-ХV ҒАСЫРЛАР)
§ 1. Ерте ортағасырлық деректер

Оглавление

Ортағасырлық деректер адам қызметі нәтижесінде пайда болып, тарихтың даму барысында өзгеріске ұшырап отырды. Ортағасырлық деректерді: табиғи-географиялық, этнографиялық, заттық, көркем-бейнелік, жазба деп бес түрге бөледі.

Жазба деректердің өзі құжаттық материалдар (жария актілер, жеке адамдардың актілері, шаруашылық мәні бар құжаттар, әкімшілік, құжаттық); заңдық ескерткіштер («Правдалар», «Заңдар», яғни герман және басқа халықтардың әдет-ғұрып құқығы жөніндегі жазбалары), азаматтық қылмыстық істер және шіркеу праволарының кодекстері, қала хартиялары, сот хаттамалары; баяндаушы деректер – анналдар, яғни жылнамалар, шежірелер, өмірбаяндар, публицистика, фольклор, әдеби шығармалар болып бірнеше түрге бөлінеді.

Құжаттық және заңдық түпдеректер феодалдық құрылыстың дамуындағы шаруашылық, әлеуметтік, праволық қатынастар тарихы жөнінде мол материалдар береді. Баяндаушы түпдеректерде оқиғалар, құжаттар құқықтық ескерткіштерге қарағанда авторлардың субъективтік сана-сезімдері басым рөл атқарады.

Батыс Рим империясы жерінде варвар мемлекеттерінің пайда болуы, феодалдық құрылыстың орнығуы герман халықтарында қолданылып келе жатқан әдет-ғұрыптарды, олардың жергілікті халықтармен қарым-қатынасын үйлестіретін заңдарды жазба түрінде реттеп отыруды талап етті. Сондықтан V ғасырдың өзінде Батыс Рим империясы территориясында орналасқан герман халықтарында жазба заңдар пайда болды, олар феодализмнің алғашқы сатысындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды бейнелейтін бірден-бір түпдерек болып табылады. Әдет-ғұрып құқығы туралы жазылған бұл деректер қауымдық қатынастардың ыдырауы және феодалдық құрылыстың қалыптасып келе жатқан кезеңіндегі өндіргіш күштердің дәрежесін, меншік түрлерін, әлеуметтік жіктелістің басталуын, рулық-қауымдық құрылыстың қалдықтарын, сот жүргізу дәстүрін зерттеуге қажетті маңызды материалдан мәлімет береді. Жазба заңдар Рим үстемдігін білмеген Еуропаның халықтарында да пайда болды. Рулық құрылыстың ыдырау процесі бұл халықтарда баяу өтті, жазба заңдар VІІІ-ІХ ғасырларда енгізілгенімен, Скандинавия халықтарында ХІІ-ХІІІ ғасырларда енгізілді.

Орыс тілінде бұл құқықтық ескерткіштер «Правдалар» деп аталады. Олардың әдеттегі латынша атауы «Lex», яғни заң. Оған тайпаның немесе халықтың аты қосылып айтылады. Жинақтап айтқанда, оларды «Leges Barbarorum», «Варварлар заңдары» деп атайды. Олар – корольдің шығарған заңдары, актілері емес, қоғамның даму барысында бірте-бірте қалыптасқан, бұрыннан келе жатқан құқық нормаларының жинағы. Өзінің құрамы жағынан қосып жазу, сыналап сөз енгізу, көптеген редакциялау салдарынан заңдардың мәтіндері, әдетте өте күрделі. Бізге дейін Вестгот, Бургундия, Рипуар, Алеман, Бавария, Саксон, Фриз, Тюрингия және англосакс заңдары жеткен. Мысалы, лангобардтар заңы «Эдикт Ротари» деп аталады.

Варварлық-германдық мемлекеттер туралы деректер көбінесе бір мазмұнда болып келеді. Оларға Заңдар, Анналдар, Формулалар жинағы жатады. Әрбір варварлық мемлекеттің өзіне тән түпдеректері бар.

Вестготтар жайындағы түпдеректер. Батыс Рим территориясында алғашқылардың бірі болып қалыптасқан мемлекет – Вестгот корольдігі. Ол алғашында оңтүстік Галлияда, кейіннен Испанияда қалыптасты.

Король І Теодерих (419-451) кезеңінде алғашқы заңдар жазыла бастады. 475 жылдар шамасында король Эйрих (466-484) тұсында үлкен заңдар жинағы жарық көрді. Ол «Эйрих кодексі» деп аталады. Бұл дерек жалпы 340 титулдан тұрады, бірақ бізге 57-сі ғана жетті. Соның ішінде 17-сі жақсы зерттелген. Бұл кодекстен біз V ғасырдың аяғында вестготтарда қауымдық құрылыстың сақталғанын көреміз, қауымдық жер иелену процесінен мәлімет аламыз. Жердің белгілі бір иесі болмағанымен, тәуелді шаруалар категориясының орын алғанын көруге болады.

Король Аларихтің тұсында (484-457) готтардың қол астында өмір сүрген римдіктер үшін маңызды заң – Lex Romana Wіsіgohtorum жарық көрді. Кейіннен «Аларих Бревариі» аталып кетті. Осы заң нәтижесінде ескі Рим заңдары жаңа Вестгот заңдарына бағынуға тура келді. Вестгот патшалығы туралы тағы бір дерек «Вестгот заңдары» болып табылады. Бұл заң король Хиндасвинттің тұсында жазыла бастады. Алғашында, бұл заң готтар мен римдіктер арасындағы қатынас жайлы жазылса, король Рейесвинттің (649-672) тұсында заң қайта қаралып, 664 жылы жүйеге келтіріліп, кодекс түрінде «Билер кітабы» атына ие болды. Бұл Юстинианның кодексі үлгісінде жазылған 12 кітаптан тұратын дерек. VІІ ғасырдың аяғында король Эрвигия (680-687) кезінде жоғарыда аталған заңдар жинағының тағы бір редакциясы жарық көрді. Ол жинаққа Эгика (687-701) және Витицанның (701-709) заңдар жинағы қосылды. Вестгот заңдары өте күрделі деректердің бірі саналады. Бізге дейін жеткен жалғыз «Билер кітабы» готтық Испания жайлы баға жетпес дерек болып табылады.

Вандалдар жайындағы түпдеректер. Солтүстік Африкада қоныстанған (439-534) аландар мен вандалдардың тарихы туралы деректердің мөлшері аз. Бұл елдер Византияның қол астында болғандықтан, осы халықтар туралы мәлімет Исидор Севильскийдің еңбектерінде сақталған. Африка жағалауларын вандал корольдігі Гейзерих пен Гунрик жаулап алған кезде жергілікті халықтардың арасында діни соғыс жүріп жатқан. Діни сектаны агонистиктер басқарды және олар германдықтардың көмегін күтуде еді. Нәтижесінде германдықтар Африканы жеңіл басып алды. Бұл күресті суреттеуші бірден-бір дерек – Солтүстік Африкада өмір сүрген епископ Виктор Витенскийдің «Қудалау тарихы» еңбегі. Келесі маңызды дерек Византиялық тарихшы Прокопий Кесарийскидің еңбегі болып табылады. Ол Велизарийдің хатшысы ретінде Африка экспедициясына 533-534 жылдары қатысқан болатын. Нәтижесінде Африка жаулап алынып, византиялықтар алан-вандал мемлекетін талқандады.

Бургундтар жайындағы түпдеректер. Оңтүстік-шығыс Галлияда өмір сүрген бургундтар (443-534) тарихы жөніндегі деректер франк жаулап алушылығынан кейін де сақталып қалды. Король Гундобадқа дейін (474-516) құқықты ауызша айтып жүру дәстүрге айналды. Бұл деректе вестготтық Эйрих кодексінен сілтемелер кездеседі. Сигизмундтың тұсында (517-524) дерек жарыққа шығарылса, 517-518 жылдары қайта қаралып, толықтырулар енгізілді.

Остготтар жайындағы түпдеректер. Солтүстік және Орталық Италияда өмір сүрген (493-555) остготтардың алғашында жазба заңы болған жоқ, тек дәстүрмен өмір сүрді. І Теодорих 507 жылы «Теодорих Эдиктісін» шығарды. Ол 155 баптан тұрды. Бұл римдіктер мен готтар арасындағы қарым-қатынасты, соның ішінде соттық істерді қарастырады. Теодорихтың тұсында Аблави «Готтардың тарихын» жазды, бірақ бізге дейін жетпеді. Италияның мемлекет қайраткері Аврелий Кассиодордың бірінші шығармасы «Хроника» 519 жылы жазылды. Бұл деректе Теодорихтің шыққан тегі, готтық корольдер туралы айтылады.

Лангобардтар жайындағы түпдеректер. 568 жылы Италияны жаулап алған лангобардтар құрамында германдық және славяндық тайпалар болды. Оларда қауымдық қатынастар әлі де болса толық қалыптаспады. Заңдардың алғашқы жинағы 653 жылы король Ротаридің тұсында (636-652) жарық көрді. Заңдық жинақ латынша жазылған, арасында герман тіліндегі сөздер де кездеседі. Деректе лангобардтармен қатар готтар, герулдер, гепидтер туралы мәліметтер де бар.

Франктер жайындағы түпдеректер. V ғасырдың аяғында солтүстік Галлияда пайда болған франктер көп ұзамай бүкіл Рим провинциясын басып алды. Франктер туралы маңызды дерек болып табылатын Григорий Турскийдің «Франктер тарихы» (Historia Francorum). Григорий Турский –538-593 жылдар аралығында өмір сүрген франк жазушысы. Белгілі галло-рим жанұясында дүниеге келген. 573 жылы Тур қаласының епископы дәрежесін алды. Тур сол кездегі Галлияның діни орталығы еді. Турский Сигиберт, Гунтрален, Хильдеберт сияқты корольдердің алдында беделді болған. Сонымен бірге саяси жиналыстарда да маңызды орын алып отырған. «Франк тарихы» – 10 томнан тұратын, рипуар франктері жайлы аса маңызды деректердің бірі. Деректе 498-591 жылдар арасындағы франк қоғамы толықтай суреттеледі.

Меровингтік дәуірдегі франктердің қоғамдық құрылысын зерттеу үшін маңызды дерек варварлық заңдардың бірі – «Салика заңы». Бұл VІ ғасырдың басында Хлодвигтің тірі кезінде жазылған салий франктерінің соттық әдет-ғұрыптарының жинағы. Тарихи дерек ретіндегі «Салика заңының» құндылығы франк қоғамының алғашқы қауымдық құрылыстан бастап феодализмге дейінгі эволюциясын бейнелеп беруінде еді. «Салика заңы» франктердің тұрмысындағы ежелгі тәртіптерді дұрыс бейнелейді. Екінші жағынан, заң – франк қоғамының Галлияны жаулап алу процесіндегі және соңғы кездеріндегі мүліктік, әлеуметтік теңсіздікті сипаттайтын, жерді мұралану формасының қалай шыққандығын көрсететін маңызды дерек.

Франк қоғамы туралы келесі маңызды дерек – «Рипуар заңы». Мұнда рипуар франктерінің құқықтары жайлы жазылған. Олар салий франктерінің шығысында, Рейн өзенінің орта ағысында өмір сүрген. Хлодвигтің билігі кезінде олар франк корольдігінің қол астына кіреді. Бұл мәтіннің негізгі бөлігі VІ ғасырға жатады және 32, 64-бөлімдері «Салика заңына» ұқсас.

Шіркеу туралы деректер. Шіркеудің дамуына үлкен үлес қосқан Аврелий Августин. Негізгі еңбегі «Құлшылық ету». Автордың бұл шығармасы оптимистік концепциядағы шығарма болып табылады. Адамның қоғамдағы орны туралы ой қозғайды.

Августиннің ірі замандасы – Амвросий Медиоланский (340-397). Ойшылдың еңбегі де құдай мен адам қатынастарына арналып, ерте ортағасырлық шіркеудің саяси инситут ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Ерте орта ғасырлардың маңызды тарихи деректерінің ішінде халық поэзиясының ескерткіштері де бар. Ирландиялық, исландиялық, скандинавиялық сагалармен англосаксондық эпостардың дерек ретінде құндылығы жоғары. Басқа герман халықтарының ежелгі эпостары бізге бірнеше өңдеуден өтіп барып жеткен, дегенмен олардың өзінде құнды мәліметтер бар. Бұрынғы Батыс Рим жерінде ерте орта ғасырдың заңдық және баяндаушы түпнұсқалары латынша жазылған, бірақ латын әдеби тілінде емес, жалпы аймақтың диалектісі бойынша берілген, оны герман халықтары игеріп алған. Герман диалектісі үстемдік ететін таза герман аймақтарында, заңдар осы диалектіге аударылатын. Англияда, Ирландияда және Исландияда заңдар және кейбір тарихи деректер жалпы халықтық тілде жазылатын, себебі латын тілі кельттер мен англо-сакстерге жат болды, осы кезде латын тілі әлі де болса, шіркеу тілі еді. Карл империясында анналдар тілі, тарихи шығармалар тілі латынның әдеби тіліне жақындап қалды, діни адамдар мен ақсүйектердің бір бөлігі латын тілін қолданды. Ал византиялық түпнұсқалар грек тілінде жазылды.

IV-V ғасырларға, яғни Батыстағы Ғұн империясының көркеюі уақытына қатысты ғұндар тарихы бойынша сирек кездесетін деректер де орта ғасырлар кезеңінің құнды деректерінің қатарын құрайды. Бұл – негізінен латын және грек тілдерінде жазылған кейінгі антикалық кезең мен орта ғасырлардың хроникалары. Осы жерде ең алдымен, Пифей (Pytheas), Аполинарий Сидоний (Apolinarius Sedonius), Амброзий (Аmbrosuis Mediolanensis), Олимпиадор (Olympiodorus), Геродиан (Herodian), Гидаций (Hydatius Lemicus), Орозий (Paulus Orosius), Приск Панийский (Priskus Panites), Проспер Тиро (Prosper Tiro), Клавдий Клавдиан (Claudius Claudiannus), Исидоp Севильский (Isidorus Hispalensis), Иордан (Jordanes), Виктор Тонноненский (Victorius Tonnonensis), Беда (Beda) және басқа да антикалық және ортағасырлық авторлардың хроникаларын атап өту керек.

Маңызды деректерге «Әулиелердің өмір жолы» деп аталатын деректер, мәселен, әулие Геновея (Женевьева) туралы жазба (Vita Genovefae virginis Parisensis), Қасиетті Анниан епископ туралы (Vita Anniani episcope Aurelianencis), Труа епископы Луптың өмірі (Vita Lupi episcope Trecensis) жатады. Бұлар V ғасырда латын тілінде жазылған деректер Батыс Еуропа университеттерінің кітапханаларында жинақталған.

Орта ғасырлар тарихы

Подняться наверх