Читать книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова - Страница 15

5-тарау
ЕРТЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДЫҢ СОҢЫНДАҒЫ ЕУРОПА
§ 2. ІХ-ХІ ғасырлардағы Франция

Оглавление

Француз корольдігінің қалыптасуының бастапқы кезеңі 843 жылы Каролинг империясы ыдырағаннан кейін және 870 жылғы Мерсен бітіміне сәйкес Францияны Германия мен Италиядан бөліп тұрған оның шығыс шекарасы, негізінен, үлкен өзендердің бойымен – Маастың төменгі жағалауымен, Мозельмен және Ронамен өтті. ІХ ғасырдың аяғында Сона мен Ронаның шығысында жоғарғы және төменгі бургунд корольдіктері құрылды. Аквитания іс жүзінде тәуелсіз болды да, Нейстрия мен Бургундияның солтүстік-батыс бөлігі ІХ ғасырда құрылған Бургунд герцогтігі Франциядағы соңғы Каролингтердің қол астында қалды.

Х ғасырда бұл аймақтардың жағдайы ауыр болды. Неміс және француз каролингтерінің арасында өзара қырқысқан соғыстар жүріп жатты. Х ғасырда Робертиндер мен соңғы Каролингтер арасында тақ үшін күрес жүріп жатты. Робертиндердің кейбіреулері король болып сайланды. 987 жылы ірі ақсүйектер мен дін басшылары Робертин Гуго Капеттаны король етіп сайлады. Француз тағы осы уақыттан бастап ХVІІІ ғасырға дейін Капеттаның ұрпақтарының қолында болды. Біржолата ыдыраған Каролинг империясынан Франция корольдігінің бөлініп шығуы осы ел тарихындағы саяси маңызды сатылардың бірі болды.

Француз корольдігінің пайда болуы. Француз корольдігінің негізін 843 жылы Верден келісімшарты қалады. Келісім бойынша Франк мемлекеті Людовиг Благочестивыйдың ұлдарының арасында бөліске түсті. 855 жылы Лотарь өлгеннен кейін оның корольдігі ыдырады: императорлық титулы бар үлкен ұлы Людовиг Италия корольдігін, Карл оңтүстік-шығыс Галлияны, кіші ұлы Лотарь Лотарингия деп аталатын Солтүстік теңізі мен Вогезами аймағын иеленді. Франк мемлекетінің территориясы Ұлы Карл мұралығы ретінде түсінілгендіктен, мұрагерлердің біреуі өлген жағдайда шекара мәселесі қайта қаралып отырды. Әсіресе рулық поместьелердің жиынтығы Лотарингия көп талас-тартыс тудырды. 870 жылы Карл Лысый мен Людовиг Немецкий арасында Мерсен келісімі бойынша бөлінген Лотарингия бұрынғы шекарасында қалыптастырылып, қолдан-қолға өтіп, ақыр аяғында шығыс франк корольдігінің құрамына енді. Уақыт өте келе Франция деген атауды иеленген батыс франк корольдігі 843 жылғы шекарасына келіп, осы қалпында ХІІІ ғасырдың ортасына дейін сақталды.

Француз корольдігінің этникалық құрамы өте күрделі болды. Елдің оңтүстік-батысында Гасконияда баскілер өмір сүрсе, солтүстік-батысында Бретанияда кельттер, солтүстігінде – Фландрияда герман тілдес фламандтар өмір сүрді. Х ғасырдың басында Сенаның төменгі ағысын нормандар жаулап алды. Қалған территория роман тілдес болды, бірақ оны екі халық өкілі мекендеді – солтүстік француздар және оңтүстік француздар немесе провансальдықтар. Екеуінің арасындағы шекара Пуатье сызығы Лион арқылы өтті. Испандық марканың тұрғындары тілі мен мәдениеті провансальдықтарға жақын каталондықтар болды.

Елдің саяси орталығы солтүстік-шығыста орналасты. Тұрақты астана болған жоқ. Король ауласы бірде Ланада, Х ғасырдың аяғынан бастап Парижде тұрақтап жүрді. Шеткі аймақтарды басқару графтарға және олардың көмекшілері виконттарға тапсырылды. ІХ ғасырдың ортасына дейін олар мемлекет қызметкерлері ретінде қалды. Сепаратизммен күресу үшін Каролингтер графтарды жер иеліктері жоқ территорияға тағайындауға тырысты. Графтардың қызметін қадағалайтын орталықтан тағайындаған мемлекеттік ревизорлар болды. Дегенмен жер иелігін қызмет территориясында алғаннан кейін графтар қарапайым монарх билігін орындаушыларға айналды. 877 жылы Карл Лысый бенфицийлерді мұралыққа беруге мәжбүр болды. Бұл шешімді бекіткен Кьерсен капитуляриі мемлекеттік қызметті мұралыққа беру жолындағы маңызды қадам болды.

ІХ ғасырдың аяғынан Каролингтер династиясы номинальді түрде ғана билік құрды. Іс жүзіндегі билік беделді солтүстік феодалдарының, әдетте нормандармен күресте көзге түскен париждік Робертиндердің қолында болды. 987 жылы магнаттар таққа осы рудың өкілі Гуго Капетаны отырғызды. Капетаның ұрпақтары Капетингтер елді 1848 жылға дейін биледі. Саяси әлсіздік, вассалдық-лендік жүйенің жойылуы король билігінің беделін түсірді.

Орталықтандыруға қарсы ұстаным, әсіресе романданбаған тұрғындардың арасында басым еді. Х ғасырдың басында Бретань, Гасконь, Нормандия іс жүзінде тәуелсіз болды. Король билігімен тек солтүстік-шығыс қана есептесті. Бірақ бұл жердің өзінде Фландрия мен Шампанияның ірі графтары қарсылық көрсетті.

Гуго Капета мен оның мұрагерлерінің билігі өз доменімен ғана шектелді және ХІІ ғасырдың басына дейін территориялық жағынан ұлғайған жоқ. Король домені Париж бен Орлеан арасында шектеліп, кейін «Иль-де-Франс» деп аталды. Король вассалдары арасындағы қақтығыстарды шешіп отырды, өзге жағдайларда сеньорлардың билігі дербес еді.

Солтүстік француз халқы мекендеген территорияда бірнеше ірі феодалдық иеліктер құрылды. Ла-Манштың бүкіл жағалауын Норманд герцогтігі алып жатты. Оның негізін қалаған нормандар солтүстік француз халқының тілі мен француз мемлекеттік мекемелерін тез қабылдады. Х ғасыр мен ХІ ғасыр аралығында норманд герцогтігі Ла-Манш жағалауындағы иеліктерін батыста Бретанияға дейін, шығыста Соммаға дейін кеңейтті, Мэн графтығын өздеріне қаратты. Капетингтер жері Париж бен Орлеан айналасына топтасты. Оның шығысында Шампань графтығы, оңтүстік-шығысында Бургунд герцогтігі жатты.

Солтүстік-батыста кельт тұрғындары мекендеген Бретань, солтүстік-шығыста Фландрия герцогтігі болды. Солтүстік француз халқының тілі бұл графтықтардың тек оңтүстік бөлігіне ғана тарады. Провансаль халқының территориясында да ірі иеліктер орналасты. Пуату және Гаронна графтықтарының арасында Аквитания герцогтігі, Гаронна мен Пиреней аралығында Гаскон герцогтігі, оның шығысында Тулуз графтығы орналасты. Француз корольдігінің құрамына, сонымен қатар Пиренейдің араб иеліктерімен шекаралас орналасқан, Испан маркасы деп аталған Барселон графтығы да кірді.

Орта ғасырлар тарихы

Подняться наверх