Читать книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова - Страница 12

3-тарау
ФРАНК ДЕРЖАВАСЫНДАҒЫ ФЕОДАЛИЗМНІҢ ДАМУЫ
§ 3. Франк мемлекетіндегі феодализмнің қалыптасуы мен дамуы

Оглавление

VІІІ ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың басында франк мемлекетінде жерге байланысты төңкеріс жасалды. Ол феодалдық құрылыстың негізі – феодалдық жер меншігінің толық қожалығын орнатты. Үлкен ірі феодалдардың шаруалар үлестерін басып алуы ІХ ғасырдың басында жаппай сипат алды. Ерікті шаруаларды тәуелділікке түсірудің Меровингтер кезінен бастап, кең таралған әдістерінің бірі – «прекарий». «Прекарий» сөзбе-сөз аударғанда «өтініш бойынша берілген» деген мағынаны береді. Сайып келгенде, бұл ұғым жерді шартты түрде ұстау деген сөз. Үлкен ірі меншік иесі жерсіз немесе жері аз шаруаларға жерін уақытша пайдалануға береді. Бұл берілген үлесті пайдаланғаны үшін шаруа, әдетте жер иесіне оброк төлеуге немесе кейбір жағдайларда барщинада еңбек етуге тиісті болды.

Прекарийдің бірнеше түрі болды. Жерді осындай шартпен ұстаушылық кейде жері жеткіліксіз немесе жері жоқ адамға берілді (precarіa data). Ол бұл жерін қайтадан прекарий ретінде өмірлік немесе мұралыққа бір-екі ұрпақтың шеңберінде (precarіa obdata) белгілі бір міндеттемелерді атқару шартымен қайырып алып, пайдалануға мәжбүр болды. Кейбір жағдайларда прекарист тек өзінің бұрынғы берген жерін қайтарып қана қоймай, қайта оған қосымша үлес қосып алып та отырды. Мұндай прекарий «сыйға берілген» (precarіa remuneratarіa) деп аталынды.

Корольдің ерекше грамоталарымен үкіметтің қызмет адамдарының, үлкен ірі жер иелерінің қарауына жататын территорияға барып, онда соттық, әкімшілік, полициялық немесе қазыналық функцияларды атқаруларына тыйым салынды. Сондықтан бұл функциялардың бәрі өзінің меншікті агенттерінің көмегімен жүзеге асыратын шонжарлардың өзіне тапсырылды. Мұндай тарту «иммунитет» (лат. іmmunіtas – дербес праволық) деп аталынды.

Каролингтер тұсында үлкен жанұядан жаңа үй қожалығы бөлінді (ағайынды немесе туысқандардың үйленген балаларының біріккен тобы). Олардың патриархалды үлкен жанұямен қатынасы болмады. Құрамы мен құрылымы бойынша ірі, кейде 20-30 адамнан тұрды (орташа 8-9 адам). VІІІ ғасырдың соңында ІХ ғасырдың басында бұрынғы шаруашылық ұйымның орнын вотчина және оған бағынған крепостнойлық қауым басты.

Вотчина – феодализм тұсындағы қожалық, әлеуметтік және саяси ұйымдардың билік еткен тобы. Вотчина – иелеріне табыс алып келетін, феодалдық рентаны алуды іске асыратын ұйым ретінде қарастырылады. Феодалдық вотчинадағы жер, әдетте екі бөлікке бөлінді. Біріншісі – қожаның жері немесе домен (лат. domіnus – қожа), екіншісі – тәуелді шаруалардың пайдалануындағы және крепостнойлық міндеттемелер өтелетін бөліктерден құралған жер болып саналды.

Вилла – антикадан келген жер қожалығы, ол ерте орта ғасырларда да сақталып келді. Бірақ осы кездегі «вилла» әкімшілік бірлікті құрды. Оның негізгі бөлігі манс болды (шаруа үлесі, бұл термин 600 жыл шамасында қолданылып келді). Манс арендаторлық пен басқа да манстық, лендік ұстанушылары төлейтін оброк, антикалық кездегі уақыттан мұра ретінде қалған тікелей салық болып табылатын салықтық жүйенің базасы. Бұл үлес франк мемлекетінің шығыс бөлігінде «гуфа» деп аталынды.

Бенефиция енді мәңгілік мұрагерлік жолымен пайдалануға айналды және ІХ-Х ғасырлар ішінде феод (лен) сипатын ала бастады. Феодты архиепископтар, епископтар, аббаттар, аббатистер, герцогтер, маркграфтар, графтар бере алды. Феодты алушылар «кіші вассалдар» деп аталынды. Алғашқы кезде билік король қолында болды. Феодты қай уақытта алса да өзі білді. Кейін феод бір жылға ұйғарылды, уақыт өте келе вассалдың өмірлік үлесіне айналды. Азаматтық құқықтарды сақтауда «компенсация» жүйесі болды. Ол франк заңдарында кең көрініс тапты. Қылмыстық кек қайтаруларды болдырмау үшін өлген адамның жанұясына «адам құны» (wergeld) деп аталатын ақшалай компенсация төленді. Компенсация жасалған қылмыстың көлеміне ғана емес, оның әлеуметтік жағдайына, жасына, жынысына қарап төленді. Ер құны бұл жүйеде жоғары болды, король нөкері мүшесінің құны қарапайым, жай адамдардан жоғары тұрды.

Каролинг монархиясының ұлан-ғайыр ғимараты ІХ ғасырға қарай сыртқы жаулардың соққысынан, жаңа жаулаушылардың және ішкі дезинтеграция күшінен тез құлай бастады. 943 жылы Людовиг қайтыс болғаннан кейін, оның балалары Верденде жиналып, империяны қайтадан бөлісу жөнінде шарт жасасты. Бұл қайта бөліс сол кездегі Каролингтік империяның шеңберінде қалыптаса бастаған француз, герман және итальян халықтарының орналасу шекараларына сәйкес келгендіктен, Верден іс жүзінде қазіргі Батыс және Орталық Еуропаның үш мемлекеті – Франция, Германия, Италия ретінде қалыптасуының негізін қалады.

Тарау бойынша сұрақтар:

1. Март алаңы – ежелгі германдықтардың халық жиналысы өтетін орын – тингтің сарқыншағы. Тингтен Март алаңының қандай ерекшелігі бар?

2. Салий заңынан үзінді алып, франктердің өмірі туралы эссе жазыңыздар. Жанұя, тұрмыс жағдайы, сот атқару тәртібі мен жазалау, әдет-ғұрыптар, т.б. туралы әңгімелеңіздер.

3. Картадан Хлодвиг мұрагерлері кезінде Франк корольдігінің қалай өскендігін көрсетіңіздер?

4. Неліктен Италияда остготтар мен римдіктер арасында синтез процесі жүзеге асқан жоқ және франктер мен галл-римдіктер арасында бұл процесс неге жылдам дамыды?

5. Салт атты әскер құру мен жер пайдаланудағы өзгерістердің арасында қандай байланыс бар?

6. Бүкіл христиан-католиктердің басшысы бола тұрып, папаға жеке мемлекет неге қажет деп ойлайсыздар?

7. Ұлы Карл империясы мен Рим империясының қандай ортақтығы және айырмашылығы бар?

8. Верден шарты бойынша Ұлы Карл империясы қалай бөлінгенін картадан көрсетіңіздер. Империяның ыдырау себебін түсіндіріңіздер.

Орта ғасырлар тарихы

Подняться наверх