Читать книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова - Страница 14

5-тарау
ЕРТЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДЫҢ СОҢЫНДАҒЫ ЕУРОПА
§ 1. Батыс Еуропадағы феодалдық құрылыстың негізгі сипаты

Оглавление

ІХ-ХІ ғасырлар аралығында феодализм Батыс Еуропаның көптеген елдерінде орнығып болды. Феодалдандыру процесінің аяқталуы күрделі жағдайда өтті, бірін-бірі алмастырған тұрақсыз мемлекеттік бірлестіктер пайда бола бастады. Осындай өзгерістердің барысында Еуропада жаңа, феодалдық қоғамның нұсқасы көріне бастады. Ерте орта ғасырлардың аяғына қарай Еуропаның саяси картасы қатты өзгерді. Толып жатқан варварлық корольдіктердің орнына біршама тұрақты феодалдық мемлекеттер пайда болды. Кейін қазіргі замандағы ұлттар деңгейіне көтерілген жаңа халықтардың қалыптасу процесі одан әрі дами түсті.

Каролинг империясы құлағаннан кейін 843 жылғы Верден шартының нәтижесінде іргесі бекіген үш мемлекеттен келесі ғасырларда Франция мен Германия ғана одан әрі өмір сүрді. Саяси және этникалық тұтастығы жоқ, Лотарь мемлекетінің тағдыры басқаша қалыптасты. Бұл мемлекет Лотарь өлгеннен кейін ыдырады да, оның орнына жаңадан үш корольдік пайда болды: Италия (Солтүстік және орта Италияны қоса есептегенде), Прованс (Рона алқабы мен Жерорта теңізі жағалауында) және Лотарьдың ұлы – ІІ Лотарьдың есімімен аталған Лотарингия. 870 жылы Мерсен бітімі бойынша Франция королі (Батыс Франк корольдігі) мен Германия королі (Шығыс Франк корольдігі) Лотарингияны өзара бөлісіп алды. Германия солтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігін иемденіп, Францияға оңтүстік-батыс бөлігі қосылды. Бұдан кейінгі уақыттарда Лотарингия немесе оның жеке аймақтары біресе Германия, біресе Франция қолына көшіп отырды, сөйтіп, екі ел арасындағы күрестің негізгі аренасына айналды. Х ғасырдың басында (925) Лотарингия Германияның құрамына кірді де, 959 жылы екі герцогтікке бөлінді, жоғарғы Лотарингия (кіші Лотарингия аты сақталып қалған Мозель өзені ағысы бойындағы аймақ) және төменгі Лотарингия (кейін Брабант, Геннегау, Люксембург, Кельн архиепископтығы және басқа да бірнеше феодалдық иеліктерден құрылған Шельда, Маас, Рейн арасындағы аймақ).

ІХ ғасырдың аяғында Прованс пен оған қарасты аймақтардан екі Бургунд корольдігі – 879 жылы Төменгі Бургундия (Сона мен Рона бойымен Жерорта теңізіне дейінгі жерді иемденген) және 888 жылы жоғарғы Бургундия (Сона мен Рона беткейінен Альпіге дейінгі жер) құрылды. Бұлар Х ғасырда (933) бірыңғай Бургундия корольдігіне бірікті. ХІ ғасырда (1033) Бургундия корольдігі Германия империясының құрамына кірді. Бұлардан басқа Франция территориясында (Луара мен Сона аралығында) ІХ ғасырда Франция корольдігінің құрамында Бургундия герцогтігі пайда болды.

Верден бітімі бойынша Ұлы Карлдың немересі Лотарь, ал Лотарь өлгеннен кейін оның баласы ІІ Людовиг король болған Италия біртұтас мемлекет болған жоқ. Х-ХІ ғасырларда әртүрлі феодалдық күштердің шиеленіскен ішкі күресі мен жиі-жиі жасалып тұрған сыртқы шабуылы жағдайында біраз феодалдық мемлекеттердің күрделі қалыптасу процесі жүрді. Сол кезде Италияда пайда болған мемлекеттердің сипаты мен тарихи тағдыры да әртүрлі қалыптасты.

ІХ-ХІ ғасырларда Еуропаның басқа бөліктерінде жаңа мемлекеттер құрылып, этникалық жаңа топтар мен халықтардың қалыптасу процесі жүрді. Еуропаның оңтүстік батысында, Пиреней түбегінің солтүстік таулы аудандарында VІІІ ғасырдан бастап Вестгот Испаниясын арабтар жаулап алғаннан кейін, 718 жылы корольдік болған Астурия өз тәуелсіздігін сақтап қалды, ал ІХ ғасырда Ұлы Карл негізін қалаған Пиреней сыртындағы Испан маркасынан бөлініп шыққан Наварра корольдігі құрылды.

Испан жерінің қалған үлкен бөлігінде VІІІ ғасырда пайда болып, Х ғасырда Кордова халифатына айналған араб мемлекеті – Кордова эмираты өмір сүрді. ХІ ғасырдың бірінші жартысында ол бірнеше жеке эмираттар мен князьдіктерге бөлінді. Британиядағы англосаксондық корольдіктер ІХ ғасырда бір корольдікке – Англияға бірікті. Британияның солтүстігінде тәуелсіз Шотландия корольдігі, ал батыста Уэльстің Кельт князьдігі өмір сүрді. Ирландияда қоныстанған тәуелсіз кельт тайпалары арасында кландардың бірігу және жоғарғы король өкіметінің құрылу процесі жүріп жатты.

Еуропаның солтүстігінде ІХ-ХІ ғасырларда Скандинавия елдері – Дания, Норвегия, Швеция феодалдық даму жолына түсті. Бұл елдерде алғашқы феодалдық мемлекеттердің қалыптасу процесі Батыс Еуропаның басқа елдеріне қарағанда әлдеқайда кейін басталды. VІІІ ғасырда дат корольдігі құрылды, ІХ ғасырда Норвегия корольдігі, ал ХІ ғасырда Швеция корольдігі қалыптаса бастады.

Шығыс және Орталық Еуропада бірнеше славян мемлекеттері қалыптасты: ІХ ғасырда пайда болып, ІХ-Х ғасырларда шығыс славяндардың басын қосқан, Ладогадан Солтүстік Днепр жағасына дейінгі және Неман мен Припять беткейінен Ока және Волга өзендері аралығына дейінгі территорияны мекендеген Орыс мемлекеті; Х ғасырда батыс славян тайпалары мен Одра, Варта, Висла және Балтық теңізі жағалауындағы тайпалық князьдіктерден құрылған Польша мемлекеті; Х ғасырда қалыптасып, құрамына бірнеше батыс славян тайпаларын – чехтарды, моравтарды, словактарды және орта Дунай мен Лаба және Одра беткей аралығындағы территорияны, сондай-ақ Дунай мен Драва аралығындағы жерді алып жатқан кейбір солтүстік славян тайпаларын қосып алған Морав державасы пайда болды да, ІХ ғасырдың аяғында одан чех княздігі бөлініп шықты. Х ғасырдың басында Чехия мемлекет ретінде түпкілікті қалыптасты.

Балқан түбегінің шығыс бөлігін Византия империясы иемденді. Балқанның қалған территориясында оңтүстік славян мемлекеттерінің қалыптасу процесі жүріп жатты. Болгария алғашқы феодалдық мемлекет ретінде дамыды. ХІ ғасырда сыртқы жауларға қарсы күресте әлсіреген Болгарияны Византия жаулап алды.

Сав өзенінің төменгі және орта ағыстарынан оңтүстікке қарай мекендеген оңтүстік славян тайпаларындағы алғашқы феодалдық мемлекеттердің қалыптасу процесі VІІІ-ІХ ғасырларда басталады, Х ғасырдың ортасында бірнеше ұсақ тайпалық князьдіктерді біріктірген Серб князьдігі құрылды. ХІ ғасырдың басында Сербия Болгариямен бірге Византияның қол астына өтті. Жерорта теңіз жағалауында орналасқан мемлекеттер өздері басып алған Испания мен Солтүстік Африка жағынан шабуыл жасау қаупіне душар болды. ІХ ғасырдың 20-жылдарында арабтар Крит пен Сицилияға бекініп, 40-жылдары Италияның оңтүстігін басып алып, Неапольға, Амальфиға, Сореноға шабуыл жасады. ІХ ғасырдың аяғында Сардиния мен Корсика арабтардың қолына көшті. Осы жерде Прованстың оңтүстік бөлігіне орнығып, Рона бойымен жоғары қарай Альпіге дейін шабуылдар жасап, сауда жолдары өтетін таулы өлкелерді басып алды.

Батыс Еуропа территориясына осы кезде венгрлер қауіп төндірді. Венгрлер – ІХ ғасырдың басына дейін Урал және Волга өзендерінің аралығында көшіп жүретін, кейін Солтүстік жағалауына, Днепр мен Дунай аралығына қарай ойысқан угор тобына жататын көшпелі тайпалар. ІХ ғасырдың аяғында печенегтерден ығысқан венгрлер Карпаттан әрі асып, Тисса мен Дунай аралығына, байырғы ғұн және авар қоныстарының ауданына кірді. Батысқа қарай жылжыған венгрлер морав державасымен бетпе-бет келіп, 906 жылы Паннонияны жаулап алды. Паннония мен Тисса және Дунай өзендерінің жазық даласына бекінген венгрлер Х ғасырдың бірінші жартысында Орталық, Оңтүстік және Батыс Еуропа елдеріне ұдайы шабуыл жасаумен болды. Венгрлердің атты әскерлері Болгария, Византия, Италия және Францияға басып кірді. Х ғасырдың ортасында неміс және чех әскерлері венгрлерге Лех түбіндегі шайқаста соққы бергеннен кейін ғана венгрлер шапқыншылығы әлсірей бастады. Х ғасырдың аяғында алғашқы феодалдық мемлекет қалыптасты.

Еуропа үшін ең қатерлі қауіп нормандардан төнді. Нормандар Скандинавия мен Ютландия түбегін және оған кіретін аралдарды мекендеген солтүстік герман тайпаларын – скандинавтарды құрайды. Скандинавтар негізгі үш топқа бөлінеді: даттар, норвегтер және шведтер. Өздерінің қоғамдық дамуы тарапынан көптеген Еуропа халықтарынан артта қалған. Шаруашылықтарында малшаруашылығымен бірге балық және аң аулау жетекші орын алған. Теңіз жағалауындағы аймақтарда бұл негізгі кәсіп болды. Жер өңдеу нашар дамыды.

Нормандар арасында рулық-тайпалық қатынас ұзақ уақыт сақталды. VІІІ-ІХ ғасырларға қарай рулық қатынастар ыдырап, рулық және әскери ақсүйектер бөліне бастады, әскер басшылар-конунгтар бастаған тайпалық одақтар құрылды. Алғашқы скандинав корольдіктері қалыптасты. Скандинавиядағы өндіргіш күштер дамуының төменгі дәрежесі халықтың сұранысын қамтамасыз ете алмады. Сондықтан нормандар әскери олжа іздеп жиі теңіз жорықтарына шығатын болды. Әскери экспедициялар, ақсүйектер мен жасақтардың теңіз жорықтары тұрақты сипат ала бастады. Викингтер қарақшылықпен және саудамен айналысты. Батыс нормандар – норвегтер мен даттар – Солтүстік теңізі, Атлант мұхиты және Жерорта теңізі жағалауларында жорықтар жасады. Олар Шотландия мен Ирландия жағалауларын тонап, Исландия мен Гренландияда өз қоныстарын орнатты. Кейін Солтүстік Америка жағалауларына дейін жетті. Даттар Англия, Франция, Германия және Араб Испаниясы, Италия жағалауларына шабуыл жасады. Нормандар бірте-бірте тонаушылық шапқыншылықтардан қоныстық жерлерді басып алуға ойыса бастады. Солтүстік Шығыс Англияда ІХ ғасырдың бірінші жартысында жергілікті халықпен сіңісіп қоныстана бастады. 911 жылы Франция королі Карл норман басшыларының бірі Ролландқа Сена өзені сағасындағы территорияны беруге мәжбүр болды. Бұл жерді қоныстанған нормандар христиан дінін қабылдап, Франция корольдеріне вассалдық тәуелділікті мойындады. Х ғасырдың басында Нормандия герцогтігі құрылды.

ХІ ғасырдың басында Нормандиядан шыққандар Гибралтар бұғазы арқылы Жерорта теңізіне кіріп, оңтүстік Италияның жерлерін басып ала бастады. 1061-1091 жылдары арабтардан Сицилияны тартып алды. Оңтүстік Италия мен Сицилияда нормандар біртұтас Сицилия корольдігіне біріккен графтықтар мен герцогтіктердің негізін қалады.

Шығыс нормандар – ежелгі орыс және Византия деректерінде варягтар деген атпен белгілі шведтер өздерінің жорықтары мен саудагерлік экспедицияларын Фин бұғазы мен Батыс Двина сағасы арқылы орыс өзендерімен жасады. Олар Волгаға дейін жетіп, араб көпестерімен сауда жасады. Днепр бойымен Қара теңізге өтіп, Константинопольге дейін жетті. Бұл «варягтардан гректерге тартылған Ұлы жол» еді. Арабтардың, венгрлердің, нормандардың шапқыншылықтарының ІХ-ХІ ғасырларда кең қанат жаю себептері сол кездегі Батыс Еуропаның саяси жағынан әлсіз, феодалдық бөлшектенген мемлекет болғандықтан өз деңгейінде қарсылық көрсете алмауынан болды.

Батыс Еуропаның көптеген елдерінде феодалдық қатынастардың қалыптасу процесі ІХ-ХІ ғасырларда аяқталды. Италияда, Францияда феодалдық құрылым, негізінен, Х ғасырда аяқталса, Англия мен Византияда бұл процесс ХІ ғасырдың аяғында, ал Германияда тек ХІІ ғасырдың басында орнықты. Скандинавия елдерінде феодалдану процесі мүлде баяу жүрді. Ұсақ жеке жер иеленулермен қатар феодалдық вотчина үстемдік етті. Шаруалардың басым бөлігі жер иеленушіге бағынышты болды. Экономикадан тыс қанау феодалдық рента ретінде көрініс берді. Ерікті селолық қауым тәуелділікке түскен қауымға айналды. Феодализмнің алғашқы сатысында натуралды шаруашылық үстемдік етті, айырбас, сауда байланыстары жеткіліксіз дамыды. Батыс Еуропа елдерінің ірі поместьелерінде еңбекпен өтеу рентасы және шаруашылықтың барщиналық жүйесі болды. Алғашқы қала тұрақтары, рыноктық орталықтар, Оңтүстік және Солтүстік Еуропада теңіз саудасы үшін порттар қалыптаса бастады. Әлеуметтік-саяси қатынастарға тән сипат жерге феодалдық меншік пен феодалдың саяси билігі еді. Ірі вотчина тек шаруашылық бірлік қана емес, тәуелсіз мемлекет-сеньорияға айналды. Өз иелігіндегі тұрғындарға байланысты феодал тек жер иеленуші ғана емес, қолына соттық, әкімшілік билік, әскери-саяси күштерді жинақтаған сеньор болды. Қоғамның осындай ұйымы Х-ХІ ғасырларда Еуропада саяси бытыраңқылықтың қалыптасуына алып келді.

Шаруалар өз қожайынына жеке басы және саяси тұрғыда бағынышты еді. Батыс Еуропа елдеріндегі феодалдар арасындағы қатынас феодалдық иерархия принципі бойынша қалыптасты. Иерархияның басында король тұрды. Ол феодалдардың сеньоры, феодалдық иерархияның басшысы еді. Сатының корольден кейінгі баспалдағын ірі ақсүйек және діни феодалдар иеленді де жерді көп жағдайда корольден алып отырды. Бұлар титулданған ақсүйектер: герцогтер, графтар, архиепископтар, епископтар және ірі монастырьлардың аббаттары еді. Формальді түрде корольге вассал ретінде бағынғанымен, іс жүзінде тәуелсіз еді. Себебі соғыс жүргізді, ақша шығарды, кейбір жағдайларда өз иеліктерінде жоғарғы соттық билікті де атқарды. Олардың вассалдары, әдетте ірі жер иеленуші барондар бір саты төмен тұрғанымен, өз иеліктерінде саяси билікті қолына жинақтады. Барондардан төменгі сатыда ұсақ феодалдар – рыцарьлар тұрды. Рыцарьлар үстемдік етуші топтың төменгі сатысын иеленгендіктен, көбіне вассалдары болған жоқ. Вассалдар тек тікелей өз сеньорына ғана бағынды. Англиядан басқа Батыс Еуропа елдерінде «Менің вассалымның вассалы менің вассалым емес» деген қағида іске асты. Шіркеу феодалдарының арасында өзіндік иерархия болды.

Вассалдық қатынастардың негізін феодалдық жер иелену – «феод», немісше «лен» құрады. Вассалға феодты беру, иелікке ену «инвеститура» деп аталды. Инвеститура қабылдау сәтінде салтанатты шеру жасалды. Вассалдық бағыныштылыққа түскен адам «оммаж» әкелді. Француздарда бұл процесс «фуа» деп аталды. Х-ХІ ғасырларда Еуропада бекіністер көптеп пайда болды. Ол феодалдың саяси, соттық, әкімшілік, әскери билігінің орталығы болды. Х ғасыр бойы бекіністер екі қабатты ағаш мұнаралар еді. Мұнараның жоғарғы қабатын феодал иеленсе, төменгі қабатын жасақ пен қызметшілер иеленді. ХІ ғасырдың басынан бекініс тастан қаланып салына бастады. Орталығында көп қабатты мұнара «донжон» болды. Мұнаралардың ең төменгі қабаты түрменің рөлін атқарды. Шаруалар әскери қызметтен толық босатылды. Бекініс пен деревня арасындағы қарым-қатынас күрделі болды.

ІХ-ХІ ғасырларда Еуропада феодалдық бекіністер қаптап кетті. Бекініс – феодалдың әдеттегі тұрағы, сыртқы жаулардан, көрші феодалдардан, көтеріліске шыққан шаруалардан қорғанатын қамалы болды. Бекініс феодалға жақын маңдағы округтерге үстемдік жүргізіп, тұрғындарын бағыныштылықта ұстауға мүмкіндік берді. Көптеген бекіністер арабтардың, нормандардың, венгрлердің шапқыншылықтарына байланысты салынды. Бекіністер, әдетте орманды төбелерге, төңіректі бақылауға мүмкіндік беретін және дұшпаннан қорғануға жеңіл өзендердің биік жағалауына тұрғызылды. Х ғасырдың аяғына дейін бекіністер көбіне ағаштан салынып, екі қабатты мұнараға ұқсас етіп тұрғызылды. Жоғарғы қабатта феодал, төменде жасақшылар мен қызметшілер тұрды. Бекіністі айнала дуалдар соғылып, су толтырылған ор қазылды. Ор үстіне көтерме көпір салынды. ХІ ғасырдың басында феодалдар екі немесе үш биік тас дуалдармен қоршалған, бұрыштарына жауынгерлер мен бақылау мұнаралары қойылған тастан бекіністер сала бастады. Ортасында бұрынғыша көп қабатты мұнара – феодал мен оның семьясының қашып тығылатын орны болды. Соғыс техникасының сол кездегі дәрежесінде мұндай тас бекіністерді шабуылмен алу өте қиын еді. Әдетте, бекініс көп күндік қоршаудан кейін ғана жауға берілетін.

Х-ХІ ғасырларда Еуропадағы әскердің негізгі түрі атты әскер болды. Әрбір феодал сеньорға атты әскер қатарында қызмет етуге міндетті болды. Барлық феодал-жауынгерлердің арасында «рыцарь» – салт атты жауынгер сөзі осыдан шыққан. Бұл кездегі рыцарьлардың негізгі қаруы семсер мен ұзын найза болды. Сауыт пен қалқан қорғаныс үшін қызмет етті. Кейінірек ХІІ-ХІІІ ғасырларда рыцарь сауыттары пайда болды.

Орта ғасырлар тарихы

Подняться наверх