Читать книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова - Страница 9

2-тарау
ЕРТЕ ОРТА ҒАСЫРЛАР ТАРИХЫ (ІV-ХІ ҒАСЫРДЫҢ ОРТАСЫ)
АНТИКАДАН ОРТА ҒАСЫРЛАРҒА ӨТУ КЕЗЕҢІНДЕГІ ЕУРОПА (ІV ғасырдың аяғы-ХІ ғасырдың ортасы)
§ 5. Батыс Еуропадағы феодализм генезисі

Оглавление

«Феодализм» термині тарих ғылымында ХVІІІ ғасырдан бастап кеңінен қолданыла бастады. Термин орта ғасырлардағы Батыс Еуропа елдеріндегі шартты жер иеліктері атауларын білдіретін латынның «feodum» – феодализм сөзінен шыққан.

Феодализмнің пайда болуын тарихнамада әртүрлі түсіндіреді. Кейбір ғалымдар феодализмнің басты ерекшелігі ретінде саяси бытыраңқылықты қарастырса, Монтескье мен Мабли бастаған топ феодализмді феодтар жүйесі және феодалдық иерархия ретінде анықтайды. Осындай әртүрлі көзқарастарға байланысты тарихнамада бес теория қалыптасты. Бұл теориялар қалыптасқанға дейін әртүрлі бағытта дами берді. Мысалы, ХVІІ-ХІХ ғасырлар аралығында реакцияшыл-романдық бағыт пайда болды. Оны ұстанушы ғалымдар (Л. Бональд, Л. Мюллер, Г. Лео, Э. Берк) феодализмнің тууы туралы мәселеде көбіне германдық көзқарастарды жақтады. Олар бұл кезеңді «алтын ғасыр» деп көрсетті.

ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарында Францияда О.Тьери мен Ф. Гизоның жетекшілігімен қалыптасқан медиевисттер мектебі ағартушылық дәстүрді жалғастырды. Бұл феодализмнің қалыптасуын жаулап алушылықтармен, оның ішінде германдық-романдық мәселемен байланыстырды. Гизо феодализмнің негізгі белгілері ретінде жерге жеке меншіктің шарттылыққа ие болуы деп дәлелдеді.

ХІХ ғасырдың 70-90 жылдары неміс медиевистикасы вотчиналық теорияны ойлап тапты. Бұл теория бойынша вотчина ортағасырлық қоғамның қалыптасуы мен дамуына әсер етуші прогрессивті күш болып табылады. Вотчиналық теорияның өкілдері Инама-Штернег, Лампрехт ірі вотчинаның пайда болуы феодализм генезисінің негізгі мазмұны болғандықтан, маркалық ұйымды бірте-бірте ығыстырып шығарды деп есептеді. Германистік бағыт ұстанған Инама-Штернег пен Лампрехт вотчинаның пайда болуы мен таралуын түсіндіріп берді. Вотчиналық теория вотчина иелері мен шаруалар арасындағы қарым-қатынас таптық күреспен емес, экономикалық мүдделердің ортақтығымен сипатталады деген пікірді ұстанды.

ХІХ ғасырдың 70-жылдарында Еуропа медиевистикасында классикалық вотчиналық теориясы кең өріс алды. Лампрехт, Инама Штернегтің ізін қуушылар – К. Бюхер (Германия), Н.Д. Фюстель де Куланж, Э. Глассон, А.Сэ (Франция), Т. Роджерс, У. Кеннингель, Ф. Сибом (Англия), М.М. Ковалевский, П.Г. Виноградов, Н.И. Кареев (Ресей). Олар натуралды шаруашылық үстемдік еткен замандағы помещиктік жер иелеріне тәуелді шаруалардың барщиналық еңбегіне негізделген ірі вотчина феодалдық құрылыстың негізін құрайды деп есептеді. Классикалық вотчина теориясының өкілдері феодализмді тек саяси-заңдық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік-экономикалық жағынан да сипаттады. Вассалдық-лендік жүйені анықтады, вотчиналық немесе сеньориалдық (Англияда манориялдық) құрылыс және шаруалар мен сеньорлардың арасындағы қарым-қатынастарды және натуралды шаруашылықты олар соңғы экономикалық жағдайда қарастыра отырып, оны феодализм шеңберінен шығарып тастады.

М.М. Ковалевский, П.Г. Виноградов феодализмнің сипаттамасына әлеуметтік-экономикалық белгілерді қосты, бірақ бұл құрылысты бірдей факторлардың жиынтығы ретінде түсіндірді. Классикалық вотчиналық теорияны ұстанушылар феодализмнің генезисін меншіктік қатынастармен қоғамдық әлеуметтік құрылыс емес, натуралды шаруашылық жағдайындағы елдердің әскери күш арқылы мемлекет басындағы билікке біреудің келуі қажет болды деп санайды.

ХІХ-ХХ ғасырлар басында медиевистикада сыншыл бағыт пайда болды. Бұл бағыт Маурердің марка теориясын, вотчиналық теорияны қайта қарауды талап етті. Сыншыл ағымның өкілдері феодализмді тек саяси тұрғыдан түсіндіруге тырысты. Олардың пікірінше, орта ғасырларда саяси билік корольдің немесе вотчина иелерінің қолдарында болғанына қарамастан, бүкіл қоғамның мүддесіне қызмет етті және вотчина иелерінің шаруаларды бағындыру құралы болған жоқ дегенге сайды. Сынау ағымының Англиядағы өкілі Ф.В. Мэтланд манориалдық және қауымдық теорияларды ревизиялады. Ол феодализмнің экономикалық мәнін мойындамай, оны феодалдық құқық жүйесіне жатқызды.

Белгиялық тарихшы Анри Пиренн феодализм генезисі туралы жаңа теория ұсынды. Натуралды шаруашылық үстемдік еткен кездегі феодализм туралы позитивтік көзқарасты және тауар-ақша қатынасын тірек етті. А. Пиренн феодализм генезисін тек сыртқы факторлармен, араб жаулап алушылығымен, халықаралық сауданың құлдырауымен байланыстырды. Көптеген халықтар феодализмге ішкі даму жолы арқылы келді деген қорытынды жасауға да болады. Қазіргі кезде тарихнамада талас тудырып отырған келесі мәселе – континуитет және дисконтинуитет, яғни эволюциялық немесе секіріс арқылы даму.

Сонымен, феодализм генезисіне байланысты пікірталастар тарихнамадағы феодализм теориясының қалыптасуына алып келді. Атап көрсетсек, маркалық, вотчиналық, классикалық вотчиналық теориялар және сыншыл бағыт.

Тарау бойынша сұрақтар:

1. Тарауда айтылғандардың негізінде өркениетке анықтама беріңіздер.

2. Картадан кельттер мен германдар орналасқан аймақтарды көрсетіңіздер.

3. Римдіктер мен германдықтардың арасындағы қандай соғыстар туралы айтылды? Бұл соғыстардың нәтижесі қандай?

4. Римдіктерге қарсы соғысқан герман көсемдерінің есімін еске түсіріңіздер.

5. Герман тайпаларының негізгі одақтарын атап шығыңыздар, картадан олардың орналасқан жерлерін көрсетіңіздер.

6. Тациттің шығармасынан: а) рубасылары, ә) абыздар, б) король, г) халық жиналысы деген түсініктердің мағынасын түсіндіре аласыз ба?

7. Римнің құлауы туралы Августиннің пікірімен келісесіздер ме? Егер келіспесеңіздер бұл оқиғаның дүниежүзінің тарихына қандай ізі қалды деп ойлайсыздар?

8. Каталаун даласындағы ғұндар мен Рим әскерінің ұрысы қалай аяқталды?

9. Еділдің христиандар қойған «Құдайдың қамшысы» деген лақап атында қандай мағына бар?

10. Еуропаға өткен көшпелі тайпалар неліктен ылғи да тұрақты мекен ретінде венгр жазықтығын таңдайтынын түсіндіріңіздер.

11. Вандалдардың Германиядан Африкаға жүріп өткен жолын картадан қараңыздар. Вандалдар корольдігі қайда орналасқан?

12. Тарихшы Иорданның пікірі бойынша, Еуропа мен Азияның шекарасы қай жерден өтеді?

13. Халықтардың Ұлы қоныс аудару кезеңінде бірін-бірі алмастырған Италияны жаулап алушылардың тізімін жасаңыздар (тайпалар одағы мен олардың көсемдері).

Орта ғасырлар тарихы

Подняться наверх