Читать книгу Орта ғасырлар тарихы - Рыскелді Мырзабекова - Страница 13

4-тарау
ІV-ХІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ВИЗАНТИЯ ИМПЕРИЯСЫ
§ 1. ІV ғасыр мен VІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Византия

Оглавление

330 жылы император І Константин Рим империясының астанасын шығысқа, Византия қаласына, Босфордағы көне Мегар аймағына көшірді. Жаңа астананы император Константиннің құрметіне «Константин қаласы» деп атады (Константинополь). Византияның шығыс провинциялары өнімді жерлер мен жақсы климаттық зонада орналасқан аймақтардан тұрады. Бұл жерлерде көптеген пайдалы қазбалар (алтын, күміс, мыс, темір), мұнай көздері, теңіз мраморлары және басқа да минералды қорлар, сонымен қатар мәдени деңгейі жоғары адамдар тығыз орналасты. Жаңа астананың орны ұтымды таңдалып, сауда жолдарының торабында орналасты. Ол батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстырды және де қарқынды мәдени алмасу орталығында болғандықтан, Еуропадағы ірі қалалардың қатарына жедел қосылуға мүмкіндік алды.

Жалпы шығыстағы Византия империясының құрылуы 395 жыл болып саналады. Осы жылы Рим империясының императоры І Феодосий өліп, империяның Батысын Гонорий, Шығысын Аркадий деген балаларына мұра етіп қалдырды. Осы жылдан кейін империяның екі бөлігі қосылмай, әрқайсы өзіне тән қоғамдық даму жолдарынан өтті. Шығыс Рим империясының астанасы Константинополь бұрын «Византий» деп аталғандықтан, ХV ғасырдың екінші жартысынан кейін тарих сахнасынан кеткен империя «Византия империясы» деп атала бастады.

Рим империясының астанасын Босфор (түрік. Қара теңіз бұғазы, грек. Bospors) бұғазына көшірудің саяси-экономикалық, мәдени маңызы зор болды. Себебі ол Еуропа мен Азияның арасындағы, Қара теңіз бен Эгей теңізі арасындағы сауда жолдарының қиылысатын жерінде орналасқан. Жаңа астана Шығыс пен Батыс арасындағы «Алтын көпір» деп аталды. Константинополь құрғақтан да, су жағынан да жақсы қоршалған әскери-стратегиялық орталық болды. 395 жылы Шығыс Рим империясының құрамына империядағы 14 диоцездің жетеуі кірді: Египет, Азия, Понт, Фракия, Македония, Дания, Шығыс. Византия империясы Еуропаға, Азия мен Африкаға созылып жатты. Халқының құрамы ала-құла болды: гректер, копттар, еврейлер, арабтар, иллириктер, армяндар, грузиндер. Латын халқы аз болса да VІІ ғасырға дейін латын тілі Шығыс Рим империясының мемлекеттік тілі болып келді. Кейін оны грек тілі ығыстырды. Шығыс Рим империясының құрамына Балқан жартыаралы, Кіші Азия, Солтүстік Месопотамия, Армения мен Грузия жерлерінің біраз бөлігі, Сирия, Палестина, Египет, Киренайка, Кипр, Крит, Родос және Шығыс Жерорта теңізінің біраз аралдары, Қырымның оңтүстік жағалаулары кірді. Бұл жерлерде гректер, иллириктер, фрактар, армяндар, грузиндер, сириялықтар, еврейлер және тағы басқа этникалық топтар өмір сүрді. Гректер империя өмірінің қоғамдық және мәдени өмірінде жетекші рөл атқарды.

476 жылы Батыс Рим империясы құлағаннан кейін Шығыс Рим империясы біртұтас империяны жалғастырушы ретінде қалды. Этникалық қалыптасуының әртүрлілігіне қарамастан, оларды Рим империясы деп, ал өздерін «ромейліктер» деп атады. Өзендер бойы мен жазық шатқалдарда (Фракияда, Фессалоника, Пелопоннесте және солтүстік Африкада) бидай өсіру кең тарады. Әсіресе Египетте ол VІІ ғасырдың ортасына дейін империяның негізгі кәсібінің бірі саналды. Бұл жерде, Палестина, Сирия және тағы басқа өңірлерде ерте заманнан келе жатқан жоғары сапалы жерөңдеу жүйесі болды. Зәйтүн мәдениеті, жүзім өсіру және бау-бақша жоғары дамыды. Оңтүстік Фракия және оңтүстік Македонияға қарай Балқан жерлерінде, шатқалдар мен таулы үстірттерде малшаруашылығы кең тарады: ірі қара малдарды, шошқа, ат, есек өсірді. Дәрумендерді өндіру үшін жануарлардың (бұқалар) күшін пайдаланды.

Қалалардың саны бойынша Шығыс Рим империясы Батыс Рим империясынан әлдеқайда алдыда болды. Константинополь мен Фессалоника, Коринф пен Фивы, Смирна мен Эфес, Никея мен Никомидия, Дамаск пен Бейрут, Антиохия мен Александрия қолөнер мен сауданың, ірі экономика мен саясаттың, мәдениеттің орталықтары еді. Жағалаудағы ұсақ қалалар да өзара және басқа шет мемлекеттермен сауда-саттық қарым-қатынаста болды. Империя саудагерлері барлық Жерорта теңізі аймағына өз үстемдігін жүргізді. Олар Кавказға, Орталық Азияға, Қара теңіз жағалауларына, Үндістан мен Қытайға, батысында Британияға, ал шығысында Цейлонға дейін сауда жолдарын қалыптастырды.

Византияның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени дамуын келесі кезеңдерге бөлуге болады: ерте (ІV ғасырдың бірінші жартысы мен VІІ ғасыр), орта (VІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІІ ғасыр), кейінгі (XІІІ ғасыр мен XV ғасырдың ортасы). VІ ғасырдың соңына дейін қоғамдық және саяси өмірдің кейінгі антикалық түрі өмір сүріп, дағдарыс нәтижесінде византиялық империяның тарихы ортағасырлық мемлекет ретінде қарастырылды.

ІV-VІ ғасырлардағы Византия қоғамы. Шығыс Рим империясының тұрғындарына қолайлы табиғи-климаттық жағдайдан басқа оның аграрлық құрылымы да маңызды болды. Бұл жерде жер өңдеу шаруашылығы еркін етек жайды. Батысқа қарағанда қоғам бұл жерде тығыз әлуметтік байланыста болды. Византияда қауымдастық бағыныштылық болды, яғни оған салық төлеп түрлі жұмыстар атқаруға міндеттенді. Қоғам бір-бірімен байланыста болды, салық төлей алмаған жағдайда жерінің жартысы беріліп отырды, ол үшін де салық төлеуге тиісті еді.

Византияда өз иеліктеріне қожа, еркін колондар саны да көп кездесті. Ол І Анастасияның «егер бір жанұя жерді 30 жылға жалдап алса, онда оларды жерден қудалауға болмайды», – деген жарлығы бойынша, мұрагер ретінде танылды. Энапограф-колондар (құлдар) батысқа қарағанда шығыста аз болды. Құлдарды ауылшаруашылығында пайдаланбады, бірақ олардың қоғамдағы рөлі төмендей берді. Колондардың жағдайы қалыпты болмады, VІ ғасырда олардың биліктері жойылды.

V-VІ ғасырларда Византияда патронаттық қарым-қатынас орныға бастады. Бұл орта ғасырдағы шаруалар тәуелділігінің бір түрі еді. Қайыршыланған шаруалар салық төлеуден қашты, кейін жер иелерінің қарамағына өтті. Заңды түрде олар еркін адамдар ретінде саналды, бірақ өмір сүру жағдайы толығымен қожайындардың қолында болды. Орталық биліктің қарсылығына қарамастан, «тәуелсіз» шаруалардың саны, әсіресе шіркеу жерлерінде қарқындап өсті. V ғасырдың өзінде бұл жаңадан қалыптасқан қоғам түріне «парик», «жасанды шаш» (келімсектер) деген атау қоланылды. Бұлардың қатарына тек шіркеу орындары мен императордың иеліктері кірмеді.

Бұлардың барлығы шығыстың ауылшаруашылығына көп әсер еткен жоқ: дағдарыс бұл аймақтарда Батысқа қарағанда әлсіз және кешірек болды (V-VІ ғасырлар арасында).

Қала, қолөнер және сауда. Шығыс римдік қалалар V ғасыр мен VІ ғасырдың ортасындағы батыста болған күйзелісті кешпеді. Империяның басым көпшілігі шенеуніктер, ірі жер иеленушілер, бай саудагерлер және кеме иелері қалаларда өмір сүрді, бірақ қала тұрғындарының біраз бөлігін қолөнершілер, ұсақ саудагерлер, жалдамалы жұмысшылар және құлдар қамтыды.

Қалада бір-екі жалдамалы жұмысшылары немесе құлдары бар шағын қолөнер шеберханалар болды. Әдетте шеберхананың өзін қожайындар жалға алатын. Шеберханалардан басқа шіркеудің мемлекет қазынасына қарайтын ұстаханалары болды. Мұнда жалдамалы жұмысшылар мен құлдар жұмыс істеді. Әсіресе мұндай құлдардың түрлері императорлардың шеберханаларында болды, олар императорларға арнап түрлі әшекей бұйымдарды, қару-жарақтарды, сарай бұйымдарын, тиын мүсіндерін және әскери киім үлгілері мен зергерлік заттар жасады. Византиялық алтын «солид» көп ғасырлар бойы ортағасырлардағы халықаралық ақша ретінде қолданылды.

Кейінгі Рим империясындағы қолөнершілер мемлекеттік қазына алдында жауапты болды, салық төлеуге өздерінің мүліктерімен жауап берді, яғни салық төленбеген жағдайда мүліктері тәркіленіп отырды. VІ ғасырдың ортасынан бастап, еркін түрде ұйымдасқан қолөнершілер мен шеберханалар қалыптаса бастады. V-VІ ғасырларда қала өмірі кейінгі антик институты бойынша сипатталған еді. Қалалар қауымдастықтың орталығы болып қала берді, өздерінің жер иеліктері мен шаруашылығын сақтады. Қалалар өздігінен басқару құқығын иеленді. Билік органдарының басында жергілікті атақты адамдар (куриялар) үстемдік етті. Куриялар азаматтардан салықтың жиналуына, халық тұрмысының жақсаруына, азық-түліктің кедейлерге таратылуына, түрлі мерекелер мен көрсетілімдер ұйымдастыруға өз мүліктерімен жауап берді. Қалалардың құлдырауына байланысты олар өздерінің жер иеліктерінен, мәртебелерінен айырыла бастады. Ендігі кезекте олардың мүліктері шіркеу иеліктеріне, орталық билікке немесе императордың қарамағына өтті.

Мемлекет. Жоғарғы билік (заң шығарушы орган, атқарушы және сот) императорға қарады. ІV-V ғасырларда мемлекеттік билік пен христиан шіркеулері арасында одақ құрылды: император шіркеудің қауіпсіздігін қамтамасыз етті, шіркеу болса, император билігін дәріптеді. Император христиан әлемінің заңды билеушісі деп саналды. Бірақ оның билігі мұраға қалдырылмады. Биліктің жаңа билеушіге өтуі сенатқа байланысты болды. Сенат өз кезегінде қоғам қайраткерлерімен әскербасылардан, жоғарғы дінбасылардан құралды. Ежелгі Рим дәстүрі бойынша, жоғарғы биліктің өзі «магистраттар» болды, яғни мемлекеттік қызметшілер қатарында тұруы керек еді.

Империяның әкімшілік аппараты ірі болды. Орталық басқару жүйесі император сарайында тұрақтандырылды. Қызметіне байланысты түрлі дәрежелі титулдар мен иерархялық бөлу сатысы болды. Ереже бойынша жоғары дәрежені белгілі титулы бар, қызмет ету кезінде дәреже алған тұлғалар иемденді.

ІV-V ғасырларда Константинополь тұрғындары бейресми одақ – димдарды (грек. «демос» халық деген мағынада) құрды. «Партия» адамдары киім түстерінің әртүрлілігімен ерекшеленді. Солардың ішінде ең ықпалдылары жер аристократтары қолдау көрсетіп отырған «көгілдір» және ірі шеберханалар мен Таяу Шығыс саудагерлерінен қолдау көретін «жасыл» киімділер болды. Димдар ежелгі дәстүр бойынша эпархқа қала тәртібін сақтауға, дуалдар мен көшелерді таза ұстауға, әсіресе жиындар мен түрлі оқиғаларға көмек көрсетіп отырды. Сол дәстүр бойынша димдар ипподромға шығып, император мен оның қоластындағыларға өз наразылығы мен ұсыныстарын жасай алды.

ІІІ ғасырда енгізілген салық жүйесінің негізін салық төлеушілердің мүліктері құрады. Негізінде салық барлық қол астындағыларға тең жүргізілді. Салықтың негізгі түрі жерге салынатын салық. Онда жердің көлемі мен сапасы ескерілді. Ерте Византияда салық натуралды түрде (бидай, шарап, зәйтүн майы және т.б.) алынды. Әр 15 жыл сайын тексеріліп, реттеліп отырды. Тексеру кезінде салық төлеушінің салық түрі, салық көлемі қайта қаралды. Қайта қарау кезінде салық көлемінің ұлғаюы ғажап емес, себебі бұл сол кездегі Византияның дәстүрінде болған. Мемлекеттік қазынаға жалдамалылар да, құлдар да салық төлеген.

Салық төлеуге заңды түрде жер иесі жауапты болды. Сондықтан жерді жалдаушы адамның салықты уақытында төлеуі, жер иесі үшін маңызды еді. Шаруалар, сонымен қатар қожайынға төмен бағамен азық-түлік әкеліп, мемлекеттік жұмыстарды (жолдар салу, көпірлер мен үйлер тұрғызу, жүктерді тасымалдау, т.с.с.) қоса атқару керек болды. Салық пен міндеттен қала тұрғындары да босатылмады. Шаруалар мен қала тұрғындарының салықтары мемлекет қазынасының басым бөлігін құрды. Оған қоса императорлардың өздері берген және мемлекеттік шеберханалар мен жерасты пайдалы қазбалардан түсетін қаржы да елеулі орын алды.

Империя территориясы әкімшілік аймақтарға – провинцияларға бөлінді. Азаматтық басқаруды императордың наместниктері жүргізді. Әскери билікті (әскердің құрылуын, оның жабдықталуы мен оқуы, шекараны күзету және әскери істі басқару) әскербасылар мен император тағайындаған тұлғалар атқарды.

Христиан шіркеуінің құрылуы. ІV ғасырдың ортасынан христиан діні бүкіл Рим империясында ресми дін болып танылды. Бұл дін мемлекет тарапынан қолдау тауып толық орнайды. Әсіресе Рим, Александрия және Антиохия шіркеулері үлкен ықпалға ие болды. Ресми түрде олардың басымдылығы «Бірінші (Никейлік) Әлемдік соборда» айтылды. Бас шіркеудің басшысы ретінде оған Рим папасынан кейінгі «дәрежесі» бойынша екінші орын берілді. Константинополь территориясы, олардың құқықтары 451 жылы халкидондық соборда бекітілді. Шіркеу басшысы «патриарх» деп аталды. ІV ғасырдың соңына қарай шығыс пен батыс шіркеулерінің басқаруы мен шіркеу салттары арасында айтарлықтай айырмашылықтар байқала бастады.

Христиан дінінің мемлекеттік дінге айнала бастауымен шіркеудің материалдық жағдайына да көңіл бөліне бастады. VІ ғасырдың ортасына қарай шіркеудің жер көлемі мен байлығы империя үйімен теңгерілді. Сонымен қоса шіркеу қарамағында шеберханалар мен кіріс үйлері де болды. Шығыс шіркеуінің батыс шіркеуден түбегейлі айырмашылығы болды, дегенмен ол мыңжылдықтар көлемінде мемлекеттің билігіне бағынды және оның одақтасы болды. Империяның барлық территориясы тек әкімшілік аймақтарға ғана емес, шіркеу иерархиясына бөлінді. Империяға бағынушылар жергілікті және рухани екі биліктің бақылауында болды.

Шіркеу ұйымдарының құрылуымен, материалдық базаның нығайуы империяда монах институтын қалыптастырады. Шіркеулер мен монастырьларға жоғарғы билік үнемі қолдау көрсетіп отырды. Оларды салықтардан, міндетті жұмыстардан босатты. Шіркеу басшылары қарамағындағыларды сотқа тарту құқығын иеленді.

ІV-V ғасырлардағы Византия орталықтанған әскери-бюрократиялық монархия болды. Барлық үкімет билігі императордың (васильевс) қолында еді. Ол жоғары сот қызметін атқарды, сыртқы саясатты басқарды, заңдар шығарды, әскердің бас қолбасшысы болды. Оның билігі құдайдан дарыған деп саналды. Император билігін мұрагерлікпен иелену заң жүзінде бекітілмеді. Бірақ іс жүзінде билік әкеден балаға мұра ретінде қала беретін. Мұрагердің тақта отыруы немесе айырылып қалуы жеке басының қабілетіне байланысты еді. Императордың кеңесші органы «сенат» немесе «синклит» деп аталды. Олар әскермен және халық өкілдерімен бірлесе отырып, император сайлайтын, ал патриарх таққа отырған императорға тәж кигізетін.

Ел императордың кеңсесінен басқарылатын. Бүкіл ел Шығыс және Иллирик болып екі префектураға бөлінді. Префектуралар өз кезегінде диоцездерге, ал диоцездер провинцияларға (50) бөлінді. Диоцездер мен провинциялардың басшылары – викарийлерді префекттер тағайындап отырды. Азаматтық билік әскери биліктен бөлінді.

Византия империясында мемлекеттік қызметтің үш түрі болды: әскери, азаматтық және сарайлық. Мемлекеттің тағдырын азаматтық билік иелері шешіп отырды. V ғасырда Византия әскерінде жарты миллион сарбаз болды. Ол шекаралық әскер, орын ауыстырып отыратын әскер және Константинопольде орналасқан ұлан болып бөлінді. Әскерді бес магистр басқарды. Әскер алғашында византиялық шаруалардан жасақталса, кейіннен, негізінен, жалдамалылардан тұратын болды. Үлкен әскер мен күшті флотының арқасында Византия өз шекараларын варварлардан қорғай алды, тіпті өзі де шапқыншылық соғыстарын жүргізіп отырды.

Ерте ортағасырлық Византияның қоғамдық өмірінің ерекшелігі астана мен ірі қалаларда цирктік партиялар – «димдердің» болуы еді. Төрт партияның ішіндегі ең белсенді әрі ықпалдылары «венеттер» мен «прасиндер» болды. Біріншісі православие дінін мойындайтын, ақсүйектер мен әкімдердің, байлар мен шенеуніктердің мүддесін қорғайтын партия, екіншісі қолөнершілер мен саудагерлердің мүддесін көздейтін ұйым болды. «Статиоттар» деп аталған жастардың ұйымы да қоғам өміріне белсене араласып отырды.

V ғасырдағы империяның сыртқы саясаты. V ғасырдың басында империяның сыртқы жағдайы тұрақты болды. Бұл тыныштық 415 жылы бұзыла бастады. Византияның Батыс империясымен қатынасы бірде шиеленісіп, бірде бәсеңсіп отырды. 407 жылы Батыс пен Шығыс арасында соғыс өрті тұтанып кете жаздады. 410 жылы Римді Аларих басқарған вестготтар басып алғаннан кейін екі арада бейбітшілік орнады. Византияның солтүстіктегі жағдайы нашарлап кетті. Қара теңіз жағалауында ғұндар билігі күшейе түсті: 40-жылдары олар Константинопольді басып алу қаупін туғызды. Үкімет дипломатиялық айла-тәсілдермен бұл қауіптен құтылуға тырысты. Мұндай саясат өте қымбатқа түсіп отырды. Бейбіт бітім шарттарға қарамастан, Аттиланың әскері жиі-жиі келісімді бұзып отырды.

Империяның шығысындағы жағдайы да қиын болды. Византияның өзі Ирандағы христиандарды қолдаудан бас тартпады. Бұл қол сұғушылық екі елдің арасындағы соғысқа себеп болды. Соғыс Византия үшін сәтсіз болды. Тек шығыстағы көшпенділер шабуылы ғана парсы үкіметін 442 жылы Византиямен бітім шартын жасауға мәжбүр етті.

V ғасырдың екінші жартысында Византияны, әсіресе готтар мәселесі көп мазалады. 453 жылы Аттиланың өлуі, оның державасының ыдырауы Византияның сыртқы жағдайын біраз жеңілдетті. Бірақ ғұндар қаупінің орнына енді готтар қаупі туды. Олар Константинопольді варвар басқыншыларының шапқыншылығы алдына қойды. 467 жылы Византия дипломатиясы Батыс империя тағына өз ықпалындағы Анфимийді отырғызып, готтарға қарсы күресте өз мақсатына жақындай түсті. Екі империя бірлесіп вандалдарға қарсы жорық жасады. Бірақ нашар ұйымдастырылғандықтан, сарай төңірегіндегі арбау-алдаудың нәтижесінде бұл жорық сәтсіз аяқталды. Бұл сәтсіздік Батыс империяның құлауын тездетті.

469 жылы ғұн тайпаларының қалдығы Балқан жартыаралына шапқыншылық жасады. Византия әскері оларға ауыр соққы берді. Бұл жеңістен кейін бастамасын Аттиланың ғұндар одағынан алатын готтар жасақтарының қаупі арта түсті. 471 жылы готтарға қарсы соғыста византиялықтар сәтсіздікке ұшырады. Енді сәтсіздікті дипломатиялық жолмен түзетуге күш салынды. Готтарға құрметті атақтар, бай сыйлықтар мен қызметтер таратылып берілді.

Готтар қаупі империяға зіл батпан болып батты, бұл қауіптен құтылу мақсатымен Зинон (476-491) готтарға Италияға бірлесіп жорық жасауды, ондағы Одоакрдың орнына Теодерихтың таққа отыруын ұсынды: 488 жылдың күзінде готтардың негізгі күші Балқанды тастап шықты. V ғасырдың екінші жартысында Персиямен арақатынас жақсара түсті. Персияға ғұн-қидандар, ғұн-эфталиттер шабуыл жасағанда оларды ортақ жау санап, Византия көршісіне қаржылай көмек көрсетті. Зинон эфталиттерге тұтқынға түскен Пероз шахты (459-484) құтқарып алды.

Анастасийдің (491-518) сыртқы саясаты барлық шекараларда қорғанушылық саясат болды. Шығыста едәуір уақытқа созылған бейбітшіліктен кейін Персиямен соғыс басталды. Иран Каспий жақтан варварлар шабуылын тежеп тұру үшін Византиядан қаржы сұраған болатын. Анастасий ол қаржыны беруден бас тартқан соң парсы әскері шабуылға шықты. Басты соғыс қимылы 502 жылы Амида қаласы маңында болды. Парсылықтар қаланы басып алды, бірақ көп ұстап тұра алмады. 506 жылы бұрынғы шекараларды сақтап қалу жөнінде келісім жасалды. Парсылықтардың келешектегі шабуылынан қорғану үшін византиялықтар жаңа бекініс – Дару қамалын салды.

V ғасырдың соңында болгарлар тарапынан қауіп күшейді. Олар империяға 493, 499, 502 жылдары шабуыл жасады. 497 жылы византиялықтар «геттер» деп атаған славян тайпасы империяға шабуылға шығып, Фракияны шапқыншылыққа ұшыратты. Император оларға көп ақшалай салық төлеп, әрең құтылды.

Аграрлық қатынастар. V ғасырға қарай ыдырай бастаған құлдық қоғам негізінде ауылшаруашылығында феодалдық қатынастар қалыптаса бастады. Ерте ортағасырлық Византияда жерге меншіктің үш түрі болды: мемлекеттік, жеке меншік және шаруалардың қауымдық меншігі. Жеке меншік иеліктері ірі болды. Онда құлдар мен колондар жұмыс істеді. Византиядағы аграрлық қатынастардың ерекшелігі – ерікті шаруалардың сақталуы, колонаттың кең таралуы, ұзақ мерзімді «эмфитевсистің» қанат жаюы болды. Сондай-ақ Батысқа қарағанда құлдарға жердің жедел үлестірілуі көрініс алды. Ол «пекулий» деп аталды. Батыс Рим империясына қарағанда мұнда ерікті шаруалар әлдеқайда көп болды.

Византиялық деревняда бұрынғы ірі жер иелігінің орнына шаруалардың қауымдық жер иеліктері орнай бастады. Ірі жер иеліктеріндегі колондар мен құлдар еңбегі біртіндеп ерікті шаруалар еңбегімен ығыстырыла бастады. Колондар еріктілер және есептегілер «энапографтар» болып бөлінді. Ерікті колондардың ірі жер иесінен алған үлесімен қатар өзінің шағын жеке меншік үлесі және еңбек құрал-жабдықтары болды. Бірақ колондардың көпшілігі өзіне тиісті шағын үлестерінен айырылып қалып, энапографтар қатарына түсіп қала беретін.

Жер үлесі үшін колондар салық төледі. Ол көбінесе натуралды түрде, яғни жиналған өнімнің белгілі бір мөлшерінде (1/5, 1/3) төленетін. Колондар жер жырту, егін егу, жинау кездерінде еңбекпен өтеу міндетін атқаратын: аптаның 2-3 күнінде қожайынның шаруашылығында тегін жұмыс істейтін. Қожайындар салық мөлшерін мүмкіндігінше өсіре түсуге, колондардың құқықтарын шектей түсуге тырысатын. Сол себепті колондар әлеуметтік-экономикалық жағдайы жағынан құлдарға жақындай беретін.

Мемлекеттік жерлерде «комменда» деп аталған шартты жер иелену орын алды. Жердің иесі мемлекет болып қала беретін, ал иеленуші жерді өңдеп, пайдаланып, келісілген салықты – «канонды» төлеуге тиіс болды. Ерікті ұсақ жер иелерімен қатар ерікті ауылдық қауымдар – «митрокомиялар» сақталды.

Әр жыл сайын жер салығының есебі жүргізілетін. Әр 15 жылдан соң салық мөлшері өте мұқият қайта тексеріліп, анықталып отырды. Жер салығы азық-түлікпен жылына үш рет жиналатын.

І Юстинианның билік ету кезеңі. Юстиниан Македонияда тұрған қарапайым шаруа жанұясында дүниеге келген. Оның ағасы Юстин әскерге аттанып, өзінің әскери мансабын дамытады. Әскерімен билікке келген ол өзінің інісін билікке тартып өзінің мұрагері ретінде қалдырады. Жаңа император батыл, ерікті, мықты стратег, ақылды және қызуқанды болды. Рим империясының саяси идеясына толығымен берілген І Юстиниан, өзін Рим империясын біріктіруші тұлға ретінде есептейді. Қандай қатал істерге барса да, импертордың барлық атқарған қызметі сол мақсатқа негізделді.

Император І Юстинианға оның әйелі Феодора қолдау болды. Қарапайым биші әйел деңгейінен император жұбайына жеткен ол көптеген мемлекеттің саяси істеріне араласты, елшілерді қарсы алды, шіркеулік қызметтерге араласты.

Ең бастысы, император мемлекет кірістерін арттыруға, әлеуметтік құрылым мен басқару жүйесін күшейтуге тырысты. Фискалды, әлеуметтік және саяси істерге көп көңіл бөліп, ол ірі жер иеліктерін әлсіретіп алды. Ол оның басшыларын жоғары дәрежелер мен мәртебеден айырды, тиісінше өзіне таныс емес адамдарға жоғары мансап берді. Император мемлекет қазынасындағы жер көлемін, мемлекеттік шеберханаларды ұлғайтуға тырысты. Ол шығысқа қарай Иранды айналып өтетін сауда жолдарының ашылуына көп көңіл бөлді. Жібектің шығарылу құпиясын білгеннен кейін (аңыз бойынша жібек қуыршақтарын Қытайдан несториандық монах жасырып әкелген) жібек өндіру Юстинианның кезінде Сирия мен Финикияда болды. Жібек өндіру мемлекет қазынасына айтарлықтай кіріс кіргізді.

Византия империясының күшейген кезі І Юстиниан билік құрған кезі (527-565) болды. Өте білімді, еңбекқор, батыл, қатал әрі бірбеткей бұл император Рим империясын қайта қалпына келтіру үшін, яғни герман тайпалары жаулап алған Батыс Рим империясын қосып алу үшін күресті. Бірнеше соғыстар нәтижесінде Юстиниан Италияны, Солтүстік Африканы, Испанияның оңтүстік-батысын өз империясына қосып алды. Нәтижесінде Византия империясының аумағы бұрын-соңды болып көрмеген шектерге дейін ұлғайды. Юстиниан табыстарының сыры жүргізген реформаларында еді. Юстинианның аграрлық реформасы егін шаруашылығының дамуына ықпал етті. 536 жылы империяны әкімшілік жағынан басқару орталықтандырылды. Византияның өзге императорларындай емес, Юстиниан өнер мен сәулет өнеріне қатты көңіл бөлді, оны өзінің саяси-экономикалық мақсаттарына пайдаланып отырды.

Юстиниан таққа отырған екінші жылы «Азаматтық құқықтар жинағын» жасауға кіріседі. 529 жылы арнаулы топ құрып, оған қолда бар заң туралы материалдарды жинақтап, оны дәуір талаптарына сай өңдеуге, қайшылықты тұстарын алып тастауға жарлық береді. Нәтижесінде Рим құқықтары нормаларының ерекше жинағы дүниеге келіп, ол еңбек «Юстинианның азаматтық құқықтар жинағы» деген атпен тарихқа енді. Бұл жинақ кейін Еуропа, Азия және Латын Америкасындағы көптеген елдердің заң шығару саласына зор әсерін тигізді.

Юстинианның билігі кезінде империя славяндар шапқыншылығына тойтарыс беріп отырды, сасанидтік Иранмен ауыр соғыстар жүргізді. Юстиниан билігі кезінде христиан шіркеуі императорлардың одақтасына, мемлекеттің тірегіне айналды. Империя ынтымағын нығайтқан дін бірлігінің нышаны ретінде әрі 532 жылғы 11-17 қаңтар аралығындағы «Ника» көтерілісін басу құрметіне арнап 532-537 жылдары Константинопольде Әулие София храмын салғызды. «Ника» көтерілісі венеттер мен прасиндер партияларының теке-тіресінен басталып, өкімет екі партияның қолға түскен өкілдерін бірдей дарға асып, жазалау туралы шешім қабылдағанда ушығып кеткен еді. Бұл шешім екі партияның бірігіп кетуіне, прасиндер мен венеттер арасындағы жанжалдың императорға қарсы көтеріліске айналуына себеп болған еді.

Көтеріліс басылғаннан кейін империя бірте-бірте экономикалық және саяси тұрақтылық кезеңіне көшті. Юстиниан билеген кездегі экономикалық табыстар Византияның ішкі және сыртқы қуаттылығын бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге жеткізді.

Иконға қарсы күрес. Павликиандар қозғалысы. VІІІ-ІХ ғасырларда орталық өкімет билігінің әлсіреуіне байланысты шіркеу мен монахтар ықпалы күшейді. Икондар мен діни ғұрып бұйымдары шіркеудің қалың халық бұқарасына ықпал ету құралы еді. Әрі олар шіркеуге өте көп табыс түсіріп тұратын. Иконға табынуға қарсы бағытталған соққы ортодоксалды шіркеумен қатынасты үзу деген сөз еді. Иконға қарсылық, ең алдымен, Константинопольдағы жер иеленуші әскери ақсүйектер мен сауда-қолөнер саласындағылардың билік құрушы шіркеу мен мен монастырьлардың өмірін шектеу, шіркеудің мүлкін бөліске салу үшін күрес болды.

Бұл қозғалыста зайырлы ақсүйектердің шіркеулік иерархияны мемлекеттік билікке бағындыру ынтасы маңызды рөл атқарды: император византиялық шіркеудің басшысы деп жарияланды.

Иконға қарсы қозғалысты императорлар ІІІ Лев (717-741) пен V Константин (741-775) басқарды. Әскери жорықтардағы табыстарына масаттанған император шіркеу мен монахтарға қарсы шет аймақтардағы әскери шонжарларды, стратиоттық әскерді, Константинополь тұрғындарын, астаналық зиялылар қауымын, епископтықтың бір бөлігін орталық өкіметтің төңірегіне топтастыруға тырысты.

Иконға қарсы күресушілердің тірегі империяның шығыс провинциялары – Кіші Азия мен Армения болды. Исаврлар жариялаған иконға табынуға қарсы күрес билік құрушы әулеттің қолына күшті идеялық қару берді. Иконға табынуды жақтаушылармен құдайшылық туралы айтысты өте жоғары білімді зайырлы және діни элита жүргізді. Иконға қарсы күрес, күпірлік қозғалыс сияқты халықтың санасынан нәр алып отырды. ІV-VІІ ғасырлардағы күпірлердің бәрі несториандық, монофиситтік иконды құрметтеп, табынуға үзілді-кесілді қарсы шықты. Иконға қарсы күресушілер шіркеу байлығына, дінбасыларының бұзылғандығына наразылығын білдіріп, шіркеулік иерархияны жоюды талап етті. Еретиктік қозғалыс, әсіресе Армения мен Кіші Азияда кең өріс алды. Иконға қарсы наразылық пиғылы VІІ ғасырдың ортасында Византия империясының шығысында, батыс Армения қалыптаса бастаған «павликиандар» тобының арасына кеңінен тарады. Павликиандар қайырымдылық құдайы бар, оған қарсы тұрған зұлымдық құдайы да бар деді. Олар Христосты қайырымдылық құдайының баласы, періштелердің бірі деп түсінді. Павликиандар ілімі бойынша қайырымдылық құдайын зұлымдық құдайы жеңеді, сөйтіп, өзінің толық билігін орнатады. Павликиандықтар құдай анаға, пайғамбарлар мен әулиелерге, шіркеу мен дінбасыларына, монахтарға табынудан бас тартты.

Шығыс провинциялардағы халықтарға, қандай да болса құдайдың, пайғамбардың, адамның түрін бейнелеу ерсілік деп есептейтін ислам дінінің идеялық ықпалы да зор әсер етті. Бірақ иконға қарсы күресушілер мен павликиандар одағы әрі әлсіз, әрі қысқа мерзімді ғана болды. Көп уақыт өтпей-ақ үкімет қолдаған иконға қарсы қозғалыс пен қуғындаушылықтағы еретиктік павликиандық қозғалыстың арасындағы әлеуметтік алшақтық одақты біржолата бұзды. Иконға табынушылар одағына ортодоксальді дінбасылары, фанатик-монахтар мен константинопольдік патриархия өкілдері бірікті. Олар халық бұқарасының біраз бөлігін, империяның еуропалық облыстарын өз жағына тарта алды.

Иконға табынудың жалынды қорғаушысы Рим папасы болды. 726 жылы ІІІ Лев Исавр иконға табынуды тоқтатуды талап еткен кіші азиялық епископтарға қолдаушылық білдірді. 730 жылы императордың күшімен иконға табынуды жақтайтын патриарх Герман орнынан алынып, патриарх тағына иконға қарсы күресті қолдаушы Анастасий отырғызылды. Рим папасы дереу Германды қолдайтындығын білдірді, бірақ оның бұл әрекетінен түк шықпады.

Империяда кескілескен саяси және идеялық күрес басталды. Оның ең жоғарғы шегі әкесінің саясатын жалғастырған жаңа император V Константин Исаврдың қамқорлығымен 754 жылы өткізілген иконға қарсы күрес соборы болды. Бұл собор храмда, жеке үйлерде иконға табынуға тыйым салды. Иконды құрметтеу «эллиндік», пұтқа табынушылық, күпірлік деп табылды да, оны қорғаушыларға қарғыс жарияланды. Иконға табынуды жақтаушылар мен иконға қарсы күресушілер арасындағы тартыс көпке дейін созылды. Екі жақ жеңіс пен жеңіліске алма-кезек ұшырап отырды. VІ Константиннің (780-797) жастығын пайдаланып, оның орнына билік құрып отырған шешесі Ирина сарайға қайтадан ортодоксальді шіркеу басшылары мен монахтарды жинап алды. Олардың ықпалымен патриарх тағына иконға табынуды жақтайтын Тарасий (784-806) отырғызылды.

Иринаның иконға табынушылармен одағы 787 жылы Никеяда VІІ Әлемдік соборды шақырумен аяқталды. Ол соборда иконға қарсы күрес айыпталды, ал иконға табынуды сынайтын епископтар өз көзқарастарынан бас тартуға мәжбүр болды. Бірақ иконға қарсы күресушілер біржолата көніп, мойынұсынған жоқ, күрес керісінше, өрши түсті. Ол күрес 843 жылға дейін созылды. Сол жылы иконға табынушылық бұрынғы қалпына келтірілді. Күрес иконға табынушылардың жеңісімен аяқталса да шіркеу мен мемлекеттің арасында компромиске қол жетті. Ол келісім бойынша шіркеулік-монастырьлық жер иеленушілік қатты шектелді, ал астаналық, жергілікті шіркеулік иерархия император билігіне бағындырылды. Византия императоры православиелік шіркеудің басшысы деп танылды.

Иконға қарсы күрес аяқтала бастағанда павликиандықтар Византия езгісіне қарсы ашық, қарулы көтеріліске шықты. Олар Кіші Азиядағы араб-византия шекарасында, астанасы Тефрик болған өз мемлекетін құрды. Павликиандықтар Византияның ішкі облыстарына шабуыл жасап, Никея мен Никомедияға, Эфеске дейін жетті.

872 жылы Вафириак маңында Византия әскері павликиандықтарды талқандады. Шайқаста павликиандықтар басшысы Хрисохир өлді. 878 жылы византиялықтар Тефрикті басып алды. Аман қалған павликиандықтар Арменияға барып бас сауғалады. Сөйтіп, VІІ-VІІІ ғасырларда Батыс Еуропада франктер мемлекеті күшейіп, империяға айналып жатқанда, дүрілдеп тұрған қуатты Шығыс Рим империясы, бір жағынан, арабтар мен славяндар шапқыншылығынан, екінші жағынан, иконға қарсы күресушілер мен павликиандықтардың қырқыстарынан әлсіреп, дәрменсіз шағын мемлекетке айналды.

Тарау бойынша сұрақтар:

1. Неліктен Византияда көптеген мектептер жеке адамдардікі, ал Батыс Еуропада шіркеулер мен монастырьлардікі болды?

2. І Юстиниан өлгеннен кейін көп ұзамай Византия жаулап алған Африкадағы, Италиядағы, Испаниядағы иеліктерінің көп бөлігінен айырылып қалды. Ежелгі Рим империясын қалпына келтіруге византиялықтарға не кедергі келтірді?

Орта ғасырлар тарихы

Подняться наверх