Читать книгу Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы - Т. Омарбеков - Страница 1

Сөзбасы

Оглавление

«Тәуелсіздік» – аса қасиетті ұғым, ұлы сөз. Халқымыздың сандаған ғасырлар бойы еркіндіктің осы заңғар биігіне көтерілуге ұмтылғаны, осы жолда көптеген құрбандықтарға барып, жанкешті күрестер жүргізгені әрқашанда есімізде болуы тиіс. Сонда ғана біз, намысты қолдан бермейтін, рухы шыңдалған, күшті елдер қатарынан орын ала аламыз. Осындайда тәуелсіздіктің тарихи тамырлары тереңде жатқанын, ол шын мәнінде халықтың өзімен бірге өсіп-өркендеп, оның намысында қайралып, ұшқыр арманға айналатынын да ескере бермейтін тәріздіміз.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашанда естен шығармауы керек.Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық ғана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. О бастан-ақ, сондықтан да, рулар тайпаларға, тайпалар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес еді. Мұны бұрынғылар жақсы түсінді. Сондықтан да, біздің, қазіргі тәуелсіз еліміздің аумағында ерсілі-қарсылы көшіп жүруге мәжбүр болған ежелгі сақтар мен сарматтар, ғұндар мен қаңлылар және байырғы үйсіндер белгілі бір аймақты ұстап қалуға, өздерінің арғы түріктік (прототүріктік) тілдерін, дәстүр салттарын, діни ұстанымдары мен өзіндік ділдерін сақтап ғана қоймай, оларды ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде қалдыру үшін де үздіксіз күресті. Айтарлықтай ұзақ мерзімді қамтыған осынау көп қырлы этно-саяси үрдістердің ұмтылысы ақырында, түрік тілдес халықтардың ұйыса да, ынтымақтаса түсуіне алып келулері керек еді. Солай болды ды да.

Біздің заманымыздың V ғасырының орта шенінде тарих сахнасына тәуелсіз ел болуды көксеген түркі тілдес тайпалардың бірлестіктері шықты. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның көркеюі үшін күресіп жатқан біздер, солардың ұрпақтарымыз, солардың арман-тілегін жүзеге асырушылармыз. Мұны біз сондықтан да, ешқашан да ұмыта алмаймыз. Түркілердің ынтымақшыл тәуелсіздік жолындағы күресі әртүрлі қағанаттар құру барысында көрініс беріп, болашаққа деген құштарлықтың тағлымды үлгісіне айналды. Монғол деген қуатты ел тарих сахнасына көтерілмей тұрып-ақ, тәуелсіздікке ұмтылған бабаларымыз өздерінің мемлекеттік бірлестіктерін ұйыстыруды қолға алған еді. Бұл ұмтылыс ортағасырларда Алаш қауымдастығының қалыптасуына қажетті мықты этно-әлеуметтік негіздерді қалады. Қазіргі шұғылалы тәуелсіздікке біздер әртүрлі саяси Ордаларға бірігуге, ең соңында Қазақ хандығын қалыптастыруға белсенді түрде атсалысқандықтан ғана қол жеткіздік.

Арналы ұлы өзеннің тәуелсіздікке деген жойқын талпынысы Ресей тәрізді ұлы империяның билігі, Кеңестер одағы атты ұлы империяның құрсау шеңберін де талқандап, алға озды. Осындайда тәуелсіздікті басты бағдар еткен тарихтың ағысының қуаттылығына, алған беттен таймас қайсарлығына еріксіз бас иесің. Көріп отырмыз, қысқа да нақты шолудың өзі-ақ тарихымыздың адырлы да, асқаралы белестерін, қиянат пен қырқыста кейде амалсыз итжығыс түскен өкінішті сәттерімізді әрқашан есте ұстауды біздерге мұра етіп қалдырды. Қаласақта қаламасақта біз осы жолмен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұларды екшеп айтып, жаңа ұрпақ санасына тәуелсіздікке деген құштарлық пен ұмтылыстың аса қуатты саяси-рухани күш екендігін сіңіріп, және оларға осыны ұғындырып отыру бүгінгі тірлігіміздің басты мұраты болса керек.

Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы

Подняться наверх