Читать книгу Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы - Т. Омарбеков - Страница 9
Түркітілдестердің Біріккен (Ұйғыр) қағанаты
ОглавлениеБүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қадыр қасиетіне жету үшін бірнеше ғасырлар бойы әртүрлі атпен өмір сүрген ежелгі түркілер қағанаттарының күйреу себептерін түсініп алуымыз керек. Түркі мемлекеттігінде мызғымас дәстүрге айналған Ашына әулетінен хан сайлау жүйесін ұйғырлардың Яғлақар тайпасының көсемі Құл-бойла(Л.Гумилевта-Пейло) келмеске жіберді. Ол 745 жылы тақта отырған Басмыл тайпасының ханының басын кесіп алып, Тан императорының астанасы Чананьға жіберді және өзін Құтлық Білге деген лауазыммен хан ретінде мойындауды ұсынды. Тақтан қуылған Ашына әулетіне ілескен түріктердің қалдығы қытайға қашып, ақыры сонда табғачтарға араласып, ассимиляцияға ұшырап, жойылып кетті. Яғлақар тайпасы бастаған Онұйғыр рулары тарихи сананы мүлде жойып жіберу үшін Ашына әулетінен қалған тарихи ескерткіштерді талқандауға кірісті. Осы зобалаңның барысында атақты Күлтегіннің де мүсіні талқандалып, оның басы денесінен бөлініп қалды. Осындай бүліншілікке басқа түрік ақсүйектерінің мүсіндері де ұшырады. Адамзат үшін аса құнды асыл мұралар осылайша надандықтың құрбандығына айналды. Яғлақар ақсүйектері кезінде өздері бағынышты болып бас иген, және өздеріне бауырлас түркітілдес халықтар соңына шам алып түсті. Енді мемлекет атауы болып келген «Түрік» этнонимін «Ұйғыр» этнонимі ауыстырды.
Ұйғыр атанғандар о бастан-ақ түркітілдес Оғыздардың тайпалық бірлестіктері аясында өсіп-өнген рулар мен тайпалардан құралды. Сондықтан да белгілі түркітанушы ғалым М.Жолдасбеков олар құрған мемлекетті Біріккен Түркі қағанаты деп атауды ұсынды. «Ұйғыр»этнонимі төңірегінде әртүрлі пікірлер бар. Олардың ішінде біздің ойымызша Әбілғазының түсіндіруі шындыққа әлдеқайда жақын. Ол «Ұйғыр» этнонимінен «сүттей ұйыған»(біріккен) деген мағынаны қабылдап, мұндай атауды ру-тайпалар бірлестігіне атақты Оғызханның бергенін атап көрсеткен еді. Шындығында да Ұйғырлардың Тоғыз оғыздар одағынан бөлініп шыққандарын ескерер болсақ, бұл айтылғандардың тіптен де негізсіз еместігін байқар едік.
О баста ұйғыр руларының бабалары ежелгі Чиди, Динлин тайпалық бірлестіктері құрамында көшіп-қонып жүрді. Бұлардың байырғы ғұндардың да аталары екендіктерін ескерер болсақ, ұйғырлардың кім екендігі әйгілене түседі. Ғұндардың билігі ыдыраған соң, Орхон аймағында Теле тайпалар одағы ұйымдасты. Енді Ұйғырлар бабалары осы конфедерация құрамында көшіп-қонып жүрді. V ғасыр ортасында Ашына бастаған Алтынтаудағы (Алтайдағы) түркілер осы Телелердің 40 мың үйлік бірлестіктерін бағындырып, солардың күшімен өздерінің ата жаулары Жужандарды (Аварлардың бабаларын) жеңіп, Түрік қағанатын құрған болатын. Қағанат екіге бөлінгенде Телелер Шығыс түріктеріне қарады. Алғашқы Шығыс түркі қағанаты ыдыраған соң Телелер одағын Қыпшақтардың байырғы бабалары Сір-Ендалар (Л.Гумилевте-Сеянто) биледі. Бұл ұлыс аса куатты болып, қытайды жиі мазалады. Осы VI ғасырда-ақ бірде Телес, бірде Гаогұй атанған төрт ру (Юаньхе, Бугу, Тоңра, Баегу) топтасып, Хұйхе (Хұйғыр) деген атпен атала бастады. Сір-Енда ұлысы ыдырап Сегіз оғыздар(Наймандардың бабалары) мен Тоғыз оғыздардың (Керейлердің бабалары) Байырқу конфедерациясы құрылғанда Хұйхелер (Хұйғырлар) Тоғыз оғыздар құрамында болды. Сондықтан да кейбір зерттеушілер Тоғыз оғыздарды Ұйғырларға жатқызып шатаса береді. Шын мәнінде Байырқу конфедерациясы ыдыраған соң Тоғыз оғыздардың кейінгі қазақ Арғындарының арғы бабаларын құраған Басмылдарды және Қарлықтарды басып алып, Онбір оғыз атанған кездері де болды. Яғни, Тоғыз оғыздарға Хұйғырлардан басқа да түркі тайпалары кіргенін ұмытуға болмайды. Бұл жерде тағы бір ескерте кететін мәселе, «Құйғыр» атауы «жауынгер» деген мағынаны білдіріп, Яғлақар тайпасының атына балама ретінде қолданылса, ал «Ұйғыр» атауы жоғарыда атап кеткеніміздей, «біріккен» деген мағынада Яғлақар тайпасы төңірегіне топтасқан Он Ұйғыр руларының тайпалық бірлестігінің аты ретінде айтылып келді. Мұны ежелгі қытай тілін жетік меңгерген Тұрсынхан Қайыркен бауырымыз өзінің докторлық диссертациясында айқындап берген еді.
Әңгіме басында айтып кеттік, Құйғырлардың яғни Яғлақар әулетінің Екінші Шығыс түрік қағанатының тағын басып алуын осы тайпа көсемі Құл –бойла ұйымдастырды. Ол бұл істе, Шығыс Қарлықтарының, Басмылдардың және өзіне бағынатын Ұйғырлардың Қағанатқа қарсы бас көтерулерін тиімді пайдалана білді, және өзін қолдап Телелер бірлестігінен бөліне көшкен алты тайпаға (Бугу, Хұн, Байырқу, Тоңра, Сыға, Киби) сүйеніп байырғы түркілер астанасы орныққан Ханғай тауы мен Орхон өзені аралығында хан ордасын тікті. Жаңа қағанаттың аумағы шығыста Батыс Манчжуриясын қамтыса, оңтүстікте Гоби шөлінің солтүстігінен басталып, батыста Қара Ертіске дейін барды. Әртүрлі соғыс жанжалдарынан шаршаған қағанатты басқарған Құл-бойла қытаймен бейбіт қарым-қатынасты жолға қойды. Осы саясатты оның орнына 747 жылы таққа отырған баласы Мойыншор (Л.Гумилевта-Моянчур Гэлэ-хан) онан ары жалғастырды.
Өздері талқандаған Көктүріктерге әрқашан еліктеген Ұйғырлар төңірегіндегілерді жаулау арқылы мемлекетті нығайтпақ болды. 756 жылы олар Чиктерді (Шектілердің бабаларын), 758 жылы Қидандарды (Қарақытайлардың бабаларын) күшпен бағындырды. Мойыншордың белсенді жорықтары Ұйғырларды күшейте түсті. Ол қайтыс болған соң таққа отырған Идиган хан (759-780) бұрынғы түріктер тәрізді қытайдың солтүстік аймақтарына басып кіріп, тонаушылықпен айналысты. Азамат соғысы жүріп жатқандықтан бұл тұста қытай Ұйғырларға тойтарыс бере алмады. Осыны пайдаланып Идиган қытайға ауқымды жорық жасамақ болды. Алайда Тоғыз оғыз одағына кіретін, және Ұйғырлардың негізгі күшін құрайтын тайпалар қытаймен соғысты қаламады. Нәтижесінде ақсүйектер көтеріліс ұйымдастырып, соғысқұмар Идиганды өлтірді. Енді қағанат тағына кездейсоқ адамдар отыратын кезең басталып, Ұйғырлар билеген қағанат сайланбалы монархияға айналды. Осылайша саяси тұрғыдан әлсірей бастаған қағанат 783 жылдан бастап қытайдың вассалына қалай айналғанын да білмей қалды.
Ұйғырларды өздерінің жағына шығару атты әскерлері аз, және іргедегі Тибетпен ылғи да қырғи-қабақ жағдайда отырған қытайға аса тиімді болды. Тибеттіктер Ұйғырларға амалсыз құл болған шығыс Қарлұқтарын, Енесай қырғыздарын қолдайтындықтан және т.б. түркітілдес тайпалар жағында болғандықтан, Ұйғырлар қытайлықтармен бірігіп, ал қытайлықтар арабтардың халифы Харун-ар-Рашидпен келісіп, ортақ жаумен соғысқа аттанды. Бұл соғыс ұзаққа созылып, ақыры 821 жылы Тибет пен Қытайдың келісімімен аяқталды. Алайда бұдан Ұйғырлар ештеңе ұтқан жоқ. Қағанатқа бағынған тайпалар Ұйғыр ақсүйектерінің өзара айтысты әдетке айналдырған мансапқорлық іс-әрекеттерінен жери бастады. Осылайша, 794 жылы олардан Гоби шөлінің оңтүстік шығысындағы Шато түріктері (Уақтардың бабалары) бөлінсе, ал 835 жылы шығыстағы Татабылар кетті. Тибеттіктердің қолдауымен Қырғыздар қағанатқа қарсы екі рет көтерілді. Әсіресе олардың 818 жылғы көтерілісі Ұйғырлардың үстемдігін шайқалтып жіберді. Шешесі Түргеш, ал қызы Тибеттің белгілі қолбасшысына тұрмысқа шыққан қырғыз Ажо өзін тәуелсіз хан жариялаумен шектелмей, Ұйғыр кағанының өзіне бағынуын да ашық талап етті.