Читать книгу Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы - Т. Омарбеков - Страница 8
Азаттықты аңсаған Қарлықтар
ОглавлениеҚазақстан аймағының байырғы ортағасырлардағы тәуелсіздікке ұмтылу тарихы Қарлықтардың азаттық жолындағы жанпида күрестерімен тығыз байланысты. Біздің елімізде бір орталыққа бағынған мықты мемлекет құру дәстүрлерін қалыптастыруда Қарлықтардың дербес хандық орнату жолындағы этно-саяси шараларының маңызы үлкен. Олардың мәнін түсіну үшін Қарлықтардың өздері кімдер? – деген сауалға жауап іздестіруге тура келеді. Ежелгі қытай жазбаларына қарағанда, қарлұқтар таулы да қарлы аймақтарда өмір сүрген байырғы ғұндардың ұрпақтары. Орыстың В.Бартольд, Г.Грумм-Гржимайло, Н.Аристов тәрізді үлкен зерттеушілері «Қарлық» этнонимі «қарлы аймақта тұратындар» деген мағнаны білдіретінін айтып келді. Алайда бұл атау Арғу, Басмыл тайпаларының аттары тәрізді «аралас» деген мағынаны аңғартады деп ойлайтындар да бар. Қалай десекте осы аталған екі үлкен тайпалардың тарихы Қарлықтармен тығыз байланысты және бұлардың бәрінің кейінгі қазақтың Арғын тайпалық бірлестігінің қалыптасуына өзіндік үлестері бар.
Қытай жылнамалары бойынша Қарлұқ түріктің бір жұрты. О бастан-ақ олар Бесбалықтың солтүстігінде Алтын таудың (Алтайдың) батысында қоныстанған. Олардың алғашқы үш тайпалық бірлестіктерден – Жікілдерден, Бұлақтардан, Басқылдардан тұрғандары белгілі. VI ғасырда бұл тайпалық бірлестік шығыстағы Тоғыз оғыздарға жақын жүргенде Үш оғыз бірлестігі деп аталса, кейінірек Үш қарлық атанды. Зерттеушілердің біразы Қарлықтардың Бұлақ тайпасын кейінгі қазақ Арғындарының арғы бабаларын(Болат тайпасын) құраған этно-саяси бірлестіктердің бірі ретінде сипаттап жүргендерін білген де артық болмас. Сонымен қатар кейіннен Жетісудағы Қарлық хандығы ыдыраған кезде Қарлықтардың үлкен бөлігі түрікмендер құрамына сіңісіп кетсе, Ферғана аймағындағы бір бөлігі болашақ өзбек халқының қалыптасуының этно-әлеуметтік негіздерін құрауға атсалысты. Этникалық топ ретінде Қарлықтар қырғыздарда да кездеседі. VIІІ ғасырда олар Енесай қырғыздарымен көрші болған болса, Х-ХІ ғасырларда қырғыздардың Қарлықтар мекендейтін Ыстықкөл аймағына келіп қоныстанғандары белгілі. Дегенмен де Қарлықтардың негізінен қазіргі Қазақстан аумағында көшіп-қонып жүрген көшпелі тайпалар бірлестігі екендігін естен шығаруға болмайды. Бұдан туындайтын қорытынды – Қарлықтар біздің қазақ халқының қалыптасуының этникалық үдерістерінде өзіндік із қалдырған этно-саяси бірлестік. Кезінде олар Ұлы Түрік қағанаты құрамында көшіп жүрсе, кейіннен Батыс Түрік қағанатының қарауына көшті.
Алайда Қарлықтардың бүкіл тарихы дербестікке және азаттыққа қол жеткізу жолындағы күрестер тарихы. Осындай өрелі мақсатпен және өрлікпен рухтанған оларды, басқаларды айтпағанда, тіптен өздерімен қандас түркітілдес тайпалармен бір мемлекет құрамында бағынышты болып жүрудің өзі де қанағаттандырған емес. Мұның себебін олардың геополитикалық тұрғыдан қолайсыз аймақта орналасуларынан іздестірген жөн. Терістікте қырғыздар, шығыста ұйғырлар, оңтүстік шығыста қытайлар мен тибеттіктер оларға ылғи да қауіп төндірумен болды.
654 жылы Қарлықтарды және олардың көршілері Чумугендерді (Шөмекейлердің бабаларын) Таң империясының әскерлері басып алды. Біраз уақыт қытайлықтар тепкісінде болған оларды 682 жылы қайта құрылған Шығыс Түрік қағанаты өзіне қосып алды. Бірақ өздерінің күш-қуатына аса сенімді азаттық сүйгіш Қарлықтар қағанатқа қарсы 711 жылдан бастап бірнеше ірі көтерілістер ұйымдастырды. Ақырында олардың 742 жылы Ұйғырлармен және Басмылдармен қатар көтерілуі Шығыс Түрік қағанатының түбіне жетті. Қарлықтарға туыстас Басмылдар қаһарлы Көктүріктердің соңғы ханы Озмыштың басын кесіп алып, қытайдың астанасы Чананьға жеткізді. Алайда саяси билікке Басмылдар мен Қарлықтар емес, ынтымағы әлдеқайда күшті Ұйғырлар келді. Осылайша 745 жылы Көк түріктердің қуатты қағанаты келмеске кетіп, енді ұйғырлар билейтін түркілердің біріккен қағанаты орнықты. Қарлұқтар Басмылдармен бірге амалсыздан өздері ұнатпайтын Ұйғырларға бағыныштылыққа түсті. Дегенмен де олар жаңа саяси билікке толық мойынсұна қойған жоқ. Қарлықтардың үлкен бөлігі батысқа қаша көшті.
Қалыптасқан саяси ахуалға байланысты VIІІ ғ. ортасына қарай олар осылайша екі үлкен бөлімге бөлінді. Олардың біраз рулары – шығыста Қанғай тауларында қалып Ұйғырларға бағынса, ал екінші, батысқа жылжыған тобы – Алтай мен Шығыс Тянь-Шянь аралығында өмір сүріп жатты. Алайда 755 жылы Ұйғырлар батысқа жылжып, Қарлықтар мен Басмылдарды қайта бағындырды. Арада төрт жылдан кейін ғана, Ұйғырлардың қағаны Мойынчор өлген соң ғана Қарлықтар Ұйғыр езгісінен ығысып шығып, оңтүстік аймақтарды жаулау жорықтарын бастады. Олар алғаш Ыстықкөл және Талас аймағынан Оғыздарды ығыстырып шығарды. Оғыздар амалсыздан Сыр бойындағы ежелгі Қаңлылар мекеніне қоныстануға мәжбүр болды. Қарлықтардың өздеріне дейін Жетісуда билікте болған Түргештермен (Сарыүйсіндермен) текетірестері де бейбіт бола қойған жоқ. Алайда бұл кезде Түргештердің өздері екіге бөлініп алып, өзара соғысып жатқандықтан Қарлықтарға елеулі қарсылықтар көрсете алмады. Осының бәрі Қарлықтарды күшейте түсті.
Тарихи мағлұматтар 766 ж. Жетісудағы билікті Қарлықтардың тартып алғанын және Түргештердің ежелгі астанасы Суябтың енді Қарлықтардың астанасына айналғанын нақты жазады. Осылайша, Іледен Шу аңғарына дейінгі аймақты қамтыған Қарлық хандығы(қағанаты) дүниеге келді. 775-776 жылдар аралығында Қарлықтар билігі Қашқар және Ферғана өңірлерінде де орнықты. Негізінен Қарлықтардың территориясы бұрынғы Он оқ елінің, яғни Түргеш қағанатының жер аумағын қамтыды. Айта кетер бір маңызды мәселе, 751 ж. болған қытайлар мен арабтар арасындағы Талас шайқасында Қарлықтар алғаш Қытайдың жағында болса, кейінірек арабтар жағына шығып, өздеріне туыстас жергілікті тайпалардың жеңіске жетуіне ықпал жасады.
VШ-IХ ғғ. өн бойында өздерінің тәуелсіздігін қорғап қалу жолындағы Қарлықтардың күресі ақыры Ұйғырлар билігін мойындаумен аяқталды. 812 жылы Ұйғырлар Қарлықтардың әскерін талқандап, Шығыс Түркістанды олардан біржолата тартып алды. Бірақ Ұйғыр қағанының билігі 840 жылға дейін ғана созылды. Қырғыздардың Ұйғырларды талқандаулары Жетісудағы Қарлықтарды қайта күшейтті. ІХ ғ. орта шеніне қарай, Қарлықтардың билік жасаған аймағы айтарлықтай кеңейе түсті. Оларға енді Жетісу жері ғана емес, Сырдария аймағының шығыс бөлігі де бағынатын болды.
Алайда олардың батысқа жылжуына 715 жылы Мәуереннахрдың үлкен бөлігін жаулап алған арабтар кедергі жасады. 772 жылы арабтар Қарлық әскерін Ферғанада талқандап жіберді. Осыдан соң, 777 жылы Қарлықтар Ұйғырлар, Тибет және т.б. тәрізді өздерінің халифатты мойындайтындарын амал жоқ мәлімдеді. Дегенмен де Қарлықтар араб ықпалынан құтылу жолында тағы бір әрекет жасап, оларға қарсы жорыққа аттанды. Бірақ 792 жылы оларды арабтар Ферғанада тағы да талқандады. 840 жылы арабтар Қарлық жеріне тіптен тереңдеп еніп, Испиджаб қаласын да бағындырды. Араб халифатының құлауы саяси ахуалды едәуір өзгертті. Енді Орта Азиядағы билік арабтардан мұсылмандықты қабылдаған саманидтер әулеті қолына көшті. Бірақ Саманидтер арабтардың басқыншылық саясатын жалғастырды. Оларға ең алдымен Қарлықтарды ислам дініне енгізу аса қажет болды. Осы мақсатпен 893-94 жж. Исмаил Саманид Қарлықтар билігіндегі Таразды басып алды, және мұндағы бас шіркеуді мешітке айналдырды. Орта Азияда саманидтер мемлекетінің тұрақты түрде күшейе түсуі Қарлықтардың біртіндеп исламды мойындауларына алып келді.
Ия, Қарлықтардың Жетісудағы билігі айтарлықтай ұзақ болды. Қарахандықтар билікке келген соң да Қарлықтар осында маңызды саяси рөл атқара берді. Қарахан мемлекетінің құрылуына байланысты Қарлықтар ішін ара Мәуереннахрға қоныстануға мәжбүр болғандарымен, өздерінің байырғы қоныстарын қолдан шығара қойған жоқ. Зерттеуші Ю.Зуевтің айтуынша «Алтайда және Жетісуда олардың ықпалының күшті болғаны сондай, Қарахан билеушісі оларды жеңу үшін 1125 ж. Жетісуда Батыс қидандардың династиясын негіздеген қара-қытайлық Елюй Дашидан көмек сұрауға мәжбүр болды. Алайда Қара-қытайлардың кезінде де Қарлықтар Іле аңғарында және Алтайда айтарлықтай күшті болды. Осында олар Қаялықта және Алмалықта шағын ұлыстар орталықтарын құрды». Бұл этно-саяси бірлестіктер болашақ Алаш қауымдастығын құрайтын азаттық аңсаған тайпаларды қалыптастыруда едәуір ықпалды рөл атқарды.