Читать книгу Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы - Т. Омарбеков - Страница 3
Азаттықтың арайлы таңы Ұлы Түркі қағанаты еді
ОглавлениеБүгінгі шаңырағы еңселі Тәуелсіз Қазақстанның тереңде жатқан этно-саяси тарихына бойлай бастасаңыз, ел болып еңсе көтеруімізде және қазіргі ұлан-ғайыр аймаққа біржолата қожалық жасауымызға Түркілер қауымдастығы құрған Ұлы Түркі қағанатының берік бастау, мызғымас ірге болғанын ұғына бастайсыз. Әсіресе 552-630 жылдар аралығында бұл мемлекет тарихи ұлы держава деңгейіне көтеріліп, төңірегіндегі төрткүл дүниеге өзінің еркін күшпен таңды, «бастыны идіріп, тізеліні бүктірді». Әрине түркі атанған халық, және оның алғашқы қағанаты аяқ астынан пайда болған жоқ. «Түрік» этнонимі тарих санасына VІ ғасыр ортасында шықса да, түркі тілдес халықтың қалыптасуы біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алатын, ұзақта аса күрделі үрдіс. Орхон жазуларындағы жылнаманы оқыған жұрт «Түрік» атауы «мықты», «күшті» деген мағынаны білдіреді деп түсінеді. Шындығында бұл Тиграхауда сақтарының атымен байланысты «шошақ бөріктілер», немесе дулығалылар дегенді аңғартады. Кезінде Іле өзенінен терістік шығысқа қарайғы аймақта сақтардың хұндармен қойындасып жатқан өлкесінде осы түріктердің алғашқы мемлекетін ұйыстырушы Нағыт Түріктің 10 әйелінен тараған Ашына (Ашина) әулеті елге танымал бола бастады. Қытайдың ежелгі жылнамасы бұл туралы былай дейді: осы әулет басқарған қауым «өсіп-өрбіп бірнеше жүз отбасы болды. Бірнеше ұрпақтан кейін олар бірінен соң бірі үңгірден шығып нөнелерге (жужандарға-Т.О.) бағынды. Алтынтаудың (Алтайдың-Т.О.) күнгейін мекен етіп, нөнелерге темірші болды. Алтынтаудың пішіні дулығаға келіңкірейді. Олар дулығаны өз тілдерінде «түрік» дейді. Осылайша бұл сөз олардың халық аты болып қалды».
Қытай ежелгі жылнамасы түріктер қайдан шықты деген сауалға да жауап беруге тырысады. «Түріктердің арғы аталары ғұндардың солтүстігіндегі сақ елінен шықты, – дегенді оқимыз одан, – олардың ұлыс абасы Абам бек деп аталады». Ия, азаттық сүйгіш арғы бабалардан бізге белгілісі де осы Абам бек. Одан жоғарыда аталған Нағыд Түрік шад, одан Ашына, одан Ақын шад. Міне байырғы шежіре бастауы осылай.
Сондай-ақ, қытай деректері түріктердің алғашқы көсемдері қатарында Апанбо, Еженшидо, Нар тілек шад, Ежен шад, Тай ябғу деген тарихи тұлғаларды атап кетеді. Олардың түркілердің басын қосып, оларды азат елге айналдыруға сіңірген еңбегі әрине айтарлықтай. Алайда тарихи мәліметтердің жұтаңдығы бұл мәселені баяндауымызға қолбайлау болып отыр. Күлтегін жазуында түріктерді билеушілер Ашына әулетінен шыққан Бұмын (Тұмын), Істемі қағандардан басталады. Өйткені бұлар алғашқы Түрік қағанатының негізін қалаушылар. Дегенмен де айтпауға болмайтын, елдің бәріне белгілі тағы бір мәселе – аңыз бойынша түріктердің арғы тегі көк бөрі, яғни қасқыр болып есептеледі. Тарихи дерекке сүйенсек, түріктерге «түрік» атауын олардың жаулары жужандар (нөнелер) берген. Олар Үйсіндер аймағынан қашып келгендерді ту-кю, яғни түркіттер деп атады. Қалай десекте мұның өзі қашқындардың о баста пішіні дулығаға ұқсайтын Алтай тауын паналауына байланысты болса керек.
О бастан азаттық үшін күресіп дағдыланған түркілер кезінде бабалары хұндарды жаулаған өзге, манчжур тілінде сөйлейтін ежелгі сәнбилер ұрпағы, ата жаулары нөнелердің (жужандардың) тепкісіне көп төзе алған жоқ. 545 жылы түркілер орталарынан Ашына Бұмынды хан көтеріп, алғаш оны дипломатиялық жолмен қытайлықтарға мойындатты.
Онан соң олар өздеріне бауырлас 50 мың үйден тұратын түркі тілді Телелерді қосып алды. Дегенмен де нөнелерге (жужандар) тәуелділіктен құтылмай азаттыққа қол жеткізу мүмкін емес екенін жақсы түсінген түркілер ақырында, 552 жылы жужандарды талқандады. Бұл қорлыққа шыдамаған олардың патшасы Анағай өзін өзі өлтірді.
Осылайша қантөгіспен жеңіп алған тәуелсіздікті тек батыстағы түркітілдестерді бөрілі байрақ астына біріктіргенде ғана мүмкін болатынын жақсы түсінген көк түріктер 555 жылы Орта Азияда үстемдік жасаған эфталиттерді, ал 558 жылдарға қарай алғаш Батыс Сібірді, онан соң Огорлар жайлаған Оңтүстік Оралды бағындырып, Еділ бойына билік орната бастады.
554 жылы Ашына Бұмынның ұлы Мұқан қаған оңтүстіктегі парсылармен келісім жасап, Темір қақпаны шекара етіп белгіледі. Қырғыз, Қидан, Татабы тәрізді әртүрлі тілдерде сөйлейтін елдердің бәрі енді, көк түріктердің қол астына қарады. 579 жылы қайтыс болған ағасы Мұқан қағанның орнына таққа отырған Таспар қаған Түрік елін басты қарсыласы қытаймен терезесі тең ұлы мемлекетке айналдырды. Осылайша тәуелсіз елге айналған түркілердің арайлы арманы орындалды.
Бұл тарихты кейініректегі Білге қағанның басындағы кешендегі жылнама былай баяндайды: «Жоғарыда көк Тәңірі, төменде қара жер жаратылғанда, екі арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам Бұмын қаған, Істемі қаған таққа отырды. [Таққа] отырып түрік халқын, елін (мемлекетін), төрін орнатты, қалыптастырды. Төрт тараптағылар қарсы жау болды.
Қол аттандырып, төрт тараптағы халықты бағындырды. Бағындырып бейбіт қылды. Басы барды жүгіндірді, тізеліні бүктірді. Ілгері Қадырхан-жынысына дейін, кері-Темірқақпаға дейін иеленіп, қоныстандырды. [Кезінде] екі аралықта иеліксіз жүрген көк түріктер осылай отырар еді.
Білікті қағандар болған, айбынды қағандар болған. Бұйрықтары (қолбасшылары) да білікті болған, айбынды болған. Бектері де халқы да түзу болған екен. Содан елдік құрып, тұтқа болды. Ел болып, төрін орнатты». Ия, алғашқы Түркі қағанаты шындығында да түркітілдестердің тәуелсіздік рухын ту етіп көтерген аса қуатты мемлекеті болды. Ол өзінің сипаты жағынан әскери империя еді. Елді кім көрінген билей алмайтын. Бұл үшін басты әлеуметтік шарт – қаған болатын тарихи тұлға ең алдымен Ашына әулетінен шығуы тиіс еді. Ашынадан шыққан қағандар мен олардың бауырлары «тегіндер» мемлекеттің әскери ұйымын басқарды.
Ең бастысы – халықтың рухани дүниетанымы мен мемлекеттік идеология да бір арнаға тоғысып жатты. Елдің бәрі, тіптен тұңғыс-манчжур тілінде сөйлейтіндер де, бұл тұста Тәңіріге табынды. Көк түріктер тәрізді көшпелі тұрмыс кешкен бұлар, өздерінің тілдерімен қатар түрік тілін де жақсы меңгергендіктен Түркілер мемлекетін құру идеясына табанды қарсылық көрсете қойған жоқ, және түсіністікпен қарады. Дін мен тілдің рухани жақындығы Түрік қағанатындағы әртүрлі халықтарды ортақ мақсатқа жұмылдырды. Оның үстіне мемлекетті басқарған алғашқы қағандар жергілікті халықпен, және олардың өкілдері бектермен тығыз байланыста болып, халыққа аса жақын болды. Осының бәрі бұрынғы бабаларға ғасырлар бойы шұғлалы арман болған тәуелсіздікке қол жеткізген басты факторлар еді.