Читать книгу Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы - Т. Омарбеков - Страница 2

Арғы түріктердің шұғылалы арманы

Оглавление

Тарих тереңіне бойлай түссең, біздің халқымыздың ежелгі дәуірден-ақ тәуелсіздік үшін күрес рухына әбден суарылып, содан рухани бастау алғанын айқын аңғара түсесіз. Ғылымда прототүріктер делінетін, арғы түріктер, яғни біздердің байырғы бабаларымыз бұл мәселеде де біздерге үлгі бола алар еді. Әсіресе бүкіл Орталық Азиядағы түркі тілдес халықтарды бірнеше ғасыр бойы біріктіріп келген Хұндардың суперэтностық бірлестігінің біздің заманымыздың ІІ-ІІІ ғасырларда күйреуі көктеп өсіп, қалыптасып келе жатқан түркілердің этно-саяси қауымдастығы үшін үлкен соққы болды. Ұзақ уақыт оңтүстіктегі қытайтілдес және шығыстағы тұңғыс-манчжур тілдес тайпалық бірлестіктермен тәуелсіздік жолында жан алысып-жан берісіп, аянбай шайқасқан Хұндарды жаулары, дәлірек айтар болсақ, қытайлық әулеттер әртүрлі айла-амалдармен алғаш екіге бөліп бөлшектеп, ақырында оңтүстік Хұндарын өздеріне қаратып алып, оларды бауырларына, солтүстік Хұндарына қарсы айдап салды. Бұл аз болғандай, қытайлықтардың мұндай арандатуларына әсіресе Сәнби бірлестігіне кіретін түңғыс-манчжур тілдес тайпалар қатты ілесті. Қысымның жойқындығы сондай, б.з. алғашқы ғасырларында-ақ, бүгінгі Монғолия аймағын жайлаған Солтүстік Хұндары батысқа, қазіргі Қазақстан аймағына қарай көптеп ойыса бастады.

Туған жерді қимай, көшпей қалған 200 мыңдай Хұнның үстіне шығыстан 300 мыңдай манчжур, яғни көне монғол тілінде сөйлейтін тайпалар келіп орнықты. Осылайша, еркіндік сүйгіш ежелгі түркілер мекені болған Монғол үстіртінде әртүрлі этностардың тайпалық бірлестіктері қойындаса тығыз қоныстана бастады. Мұның өзі ежелгі түркілердің бабаларын өздерін-өздері қорғау инстинкті негізінде көптеген жаңа тайпалық бірлестіктер құруға итермеледі. Арман болған арайлы тәуелсіздікке енді ең болмаса тайпалық, немесе тайпалық бірлестіктер негізінде қол жеткізуге болады деген шұғылалы үміт байырғы бабаларымызбен әрқашанда бірге жүрді. Ежелгі қазақ даласын көктеп өткен хұндар шын мәнінде осы, ұлан-ғайыр Еуроазия аймағында көптеген түркітілдес халықтарға (оның ішінде қазақтың түп-тұқиандағы бабалары да бар) бастау болатын жаңа қауымдастықтардың ірге тасын қалауға үлкен үлес қосты.

Дегенмен де, батысқа өздерінің беделді рулық-тайпалық көсемдеріне жан-тәнімен берілгендер ғана бірге кетті. Негізгі түркітілдес қауым қалың қаймағы бұзылмай, кіндік қаны тамған өз отанында қалып, тәуелсіздік жолындағы жойқын күресті жалғастыра берді. Негізгі қарсыластары – қытайлықтар енді бұларды алғаш Теле деп атаса кейінірек Тиектер немесе Телектер депте атайтын болды. Осы атау шығыстағы манчжуртілдес тайпалар өлкесімен табиғи шекара болып есептелетін Үлкен Хинган жоталарыннан батысқа қарай, Каспий теңізіне дейінгі ұланғайыр аймақты мекендеген түркітілдестерге түгелдей таңылды. Зерттеушілер бұл тайпалардың ірілерінің сандарын 15-ке жеткізіп жүр. Алайда тайпалық мүдде үстемдік алған Телелер бір орталыққа бағынған біртұтас мемлекет құра алмады. Саяси жағынан ауызбірлігі болмаса да, осы түркітілдес ортада болашақ қыпшақтардың, оғыздардың, ұйғырлардың этносы біртіндеп бой көтеріп, қалыптаса бастады.

Дегенмен де бұл аймақ Хұндардың мемлекеті күшейіп тұрған тұста, яғни б.з.д. ІІІ ғасырдан б.з. ІІІ ғасырына дейін өзара текетірес өмір кешкен бостандық сүйгіш түркітілдес мемлекеттер өлкесі ретінде Қытай тарапынан мойындалған еді. Бүкіл Жетісуды, алғаш шығыс Тәңіртаудан (Тянь-Шанда) Дахотаға дейінгі ұлан-ғайыр аймақта билік жасаған, кейіннен Іле бойына ойысқан Үйсіндер мемлекеті жайлап жатса, Сырдарияның орта ағысынан солтүстіктегі Ұлытау аймағына дейінгі кең даланы қуатты Қаңлы мемлекеті бағындырып алған еді. Солтүстік Хұндары батысқа қарай жылжығанда осы мемлекеттер кеңістігі арқылы көктей өтіп, олардың іргесін шайқалтып кетті. Тіптен Хұндардан жолай-жолшыбай шашырап қалған рулар мен тайпалар жаңадан Йұрпан (Юебань) атты мемлекеттің негізін қалап, байырғы түркі мемлекеттерін бұрынғы саяси жүйеден алыстата түсті.

Ежелгі мемлекеттердегі тайпалық одақтардың іштен ірулері басталды. Шығыстағы тұңғыс-манчжурларымен, оңтүстік шығыста қытайлық әулеттермен және оңтүстікте ортаазиялық парсытілдес соғдылардың бабаларымен жер үшін, ел үшін алыса жүріп арғы түркілер сыртқы жау аз болғандай, енді өзара, ішкі саяси билікті бөлісе алмай, жанжалдасумен болды. Бұл шырғалаң екі ғасырға жуық уақытты (ІІІ ғасырдың ортасынан V ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі мерзімді) алды.

Арғы бабаларымыз осындай ішкі бақталастық еңсерген саяси тартыста тәуелсіздігінен мүлде айырылып, басқаларға жем болып кетер ме еді, егерде тарих сахнасына Түркілер деп аталатын қуатты да әлуетті бірлестік белсеніп шықпаса, және бытырап жүрген Теле тайпалық одақтарын кейде күшпен, кейде басалқалы ақылмен, көңілге қонымды үгіт-насихатпен жаңа этно-саяси арнаға бағыттап, олардың «бір қазанға симай жүрген» басын түйістірмесе. Осындайда жаратқанның әділдігіне еріксіз бас иесің. Жауларына аса жауынгер, ержүрек тайпалар ретінде мәлім бола тұрса да, дархан даланың кеңдігін, қайырымды да мейірімді пейілін бойларына сіңірген, және азаттықты әрқашан ту етіп көтерген, бөрілі байрақты көшпелілер тағы да толық тәуелсіздікке жеткізетін этно-саяси үрдістер ықпалына түсті. Бұл күллі түркітілдестердің басын біріктіретін, және олардың бүкіл Еуроазия аймағын тітіренткен және дүр сілкіндірген қуатты державасын – біртұтас Түрік қағанатын өмірге әкелетін ұлы жолдың берік бастауы еді.


Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы

Подняться наверх