Читать книгу Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы - Т. Омарбеков - Страница 6
Шығыс түркілерінің екінші қағанаты
ОглавлениеҚытайлықтардың ықпалына амалсыз түскен түркілер діні де, тілі де бөлек елден қалай да іргені аулақ салып, тәуелсіздікке қол жеткізуді жатса да тұрса да армандаудан бір танбады. Бұл үшін Таң патшасының көзін жою қажет еді. Осыны басты мақсатқа айналдырған шығыс түркілері 639 жылы Төліс қағанның туыстарының ұйымдастыруымен қытайдың патша сарайы төңірегіндегілермен байланыстар жасап, Таң Тайцзунға қарсы қастандық ұйымдастыруды қолға алды. Алайда, бұл әрекет патша сарайына белгілі болып қалып, Таң Тайцзун Хуанхэ өзенінің оңтүстігінде орналасқан түркі тайпаларынан шындап қауіптеніп, оларды өзеннің арғы бетіндегі түркілердің ежелгі мекеніне қайта көшіріп орналастыруды шұғыл түрде қолға алды. Ұлы шөлдің оңтүстігіне көшірілген бұл түркі тайпалары шын мәнінде қытайдың тұтқыны, және үздіксіз бақылауында еді. Олардың көтеріліске шығып, астанаға жорық жасау қаупінен біржолата арылу үшін Таң Тайцзун осы түріктерге билеуші қаған етіп, өзінің ықпалындағы Ашина Сымауды (Л.Гумилевте – Ашина Сымо) қаған етіп бекітті. Енді қытай патшасы түркілердің қуатты атты әскер жасақтарын өздерінің жаулары Батыс түріктеріне, Кореяға, Тибетке, Күсанға қарсы пайдалануға толық мүмкіндік алды. Алайда қытай ықпалына түскен түркілер олардың озбыр саясатының мәнін, өздерінің ешқашанда қытайлық бола алмайтындарын көп кешікпей-ақ түсіне бастады. Бұл тәуелсіздік үшін ашық күреске шығуға алып келді.
6799 жылы Асадыр Вэнфу мен Асадыр Фэнчжи басқаратын 24 түркі тайпалары бірігіп, орталарынан Ашына Нүзік бекті (Л.Гумилевте-Ашина Нишу бег) қаған көтерді. Ол түркілерге әйгілі Төліс қағанның ұлы болатын. Түркі тайпаларын тәуелсіздік үшін күреске дұрыс ұйымдастыра білген ол, қидан, татабы тәрізді тұңғыс-манчжур тілінде сөйлейтін, жалпы алғанда қытайға қарсы тайпалық бірлестіктерді де өзінің жағына шығарып алып, қытайдың бірқатар аудандарына басып кіріп, оларды аяусыз тонады. Алғашқы кезде оларды жазалауға жіберілген қытай әскері түріктерден күйрей жеңіліп, 10 мыңға тартасы өлді және тұтқынға түсті. Тәуелсіздік үшін жаппай күреске көтерілген түріктерден құтылмай болмасын жақсы түсінген Таң патшасы келесі жылы түріктерден үш есе көп, яғни 300 мыңнан астам қол жинап, түрік жасағын Қаратауда (Хэйшань тауында) күйрете жеңді. Бір өкініштісі, Ашына Нүзік бек қаған осындай қиын сәтте опассыздық жасап қытайдың жағына шығып кеткен қандастарының қолынан қаза тапты. Оның басын кесіп алған сатқындар Таң патшасына тапсырды.
Алайда қайсар түріктер күресті жалғастыра берді. Олар Сары өзенді көктеп өтіп, ханзада Ашына Инанды (Л.Гумилевта-Фунянь) қаған жариялады. Ол күші әлдеқайда басым қытай әскерлерін қара үздіріп кету үшін солтүстікке шегінді. Бірақ, солтүстікте ата жауға айналған ұйғырлар түріктерге қылышын қайрап отырған болатын. Оның үстіне қағанның әйелі мен балалары да аңдаусызда жау қолына тұтқын болды. Тұйыққа тірелген, және әскері әбден қалжыраған Ашына Инан амалсыздан қытаймен келіссөз жүргізіп, олардың өзіне және серіктеріне тимейміз деген тұрлаусыз уәделеріне сеніп, жауға берілді. Таң патшасы өзінің сөзінде тұрмады. Астана Чананьның Шығыс алаңында қытай жендеттері түріктердің қағанының және оның адал серіктерінің, барлығы 54 адамның бастарын балтамен шапты. Таң патшалығының тұрақты әскері көтерілісші түріктердің қалдықтарын қанға бояп тұншықтырды. Түркітілдес халықтар ортақ жауға қарсы бірігіп күресудің орнына өзара алауыз болып осылайша басқаға жем болды.
Тұй-ұқұқ (Тоныкөк) мәтінінде бұл мәселе былай баяндалады: «Түрік халқының қағаны жоқ еді. Табғачтан бөлініп, қағанды болды. Қағанынан айрылып, Табғачқа және бағынды. Тәңірі былай деген-ді: қаған бердім. Қағанды жойып, [басқаға] бағындың. Бағынғандығың үшін Тәңірі сені өлімші етті. Түркі халқы қырылды, алқынды, жоқ болды». Дегенмен де тәуелсіз мемлекет құру дәстүрі саналарында берік орныққан түріктер орталарынан жаңа қағанды шығарды. 682 жылы Ашына Құтлық өзінің аз ғана серіктерімен жаңа көтерілісті бастады. Оның рухани қолдаушысы бұрын қытайлықтардың астанасында тұрып, олардың соғыс өнерін жақсы меңгерген, түріктердің Асадыр тайпасынан шыққан данышпан Тұй-ұқұқ (Тоныкөк) еді.
Небәрі 700 адамнан тұратын көтерілісшілер Қарақұм қаласын басып алып, өздерінің сандарын 5000 адамға дейін көбейтті. Тұй-ұқұқ (Тонкөк) мәтінінде бұл мәселе былай баяндалады: «Бөд (тақ) киесі қалмады. Орман, тау арасында қалғаны жиылып жеті жүз болды. Екі бөлігі атты еді. Бір бөлігі жаяу еді… Біріктірушісі мен едім – білге Тұй-ұқұқ… Одан соң көктегі Тәңірі білік бергендіктен, өзім құдіретті қағанмен ұғыстым». Бұл деректе «құдіретті қаған» аталып отырған Құтлықты көтерілісшілер Қарақұмда Елтеріс қаған деген атпен таққа отырғызды. Ол данагөй Тұй-ұқұқтың ақылымен жан-жаққа жорыққа аттанды. «Түстікте – табғачты, шығыста – қытайды (қиданды), терістікте – оғызды көп қырды». Осылайша Елтеріс құтлық қаған таққа отырған 682 жылдан бастап Екінші түрік қағанатының өмірі басталды.
683 жылы Таң патшалығының императоры Гаоцзун өлді. Келер жылы мемлекеттік төңкеріс орын алып, қытайда тақ үшін тартыс басталды. Мұны түріктер де тиімді пайдалана білді. Батыс түрік тайпалары да осы тұста қытай билігіне қарсы бас көтерді. 686 жылы Елтеріс құтлық қаған Юньчжоу (Синьчжоу) қамалын қоршап, оны қорғаған қытай әскерін күйрете жеңді. Алайда ол онда орнығып қала алмады. Таң патшалығынан құрамында Ұйғыр жасағы бар, жаңа жазалаушы күштердің шығуына байланысты ол өзінің әскерін аман сақтау үшін қулыққа көшіп, Гоби шөліне шегініп, және сонда өзінің соңына түскендерді жойып жіберді. Елтеріс құтлық қаған батыс пен шығысқа бөлініп кеткен түркілердің басын қайтадан біртұтас қағанатқа біріктіру үшін өзінің ордасын түркілердің байырғы отаны Өтікенге (Ханғайға) көшірді. Оның ұлы Білге (Мойынчор) қағанның кешеніндегі мәтіннен бұл туралы мынаны оқимыз: «… Тәңірі күш берген үшін Әкем-қағанның (Елтеріс қағанның-Т.О.) әскері бөрі сияқты еді. жаулары қой сияқты еді… жеті (мәтінде «жетінің» алдындағы «қырық» деген сөз өшіп қалған-Т.О.) жолы жорыққа аттанды. Жиырма рет соғысты. Тәңірі жарылқағаны үшін елді елсіретпеді, қағандықты қағансыратпады. Жауын баз қылды. Тізеліні бүктірді, бастыны жүгіндірді. Әкем-қаған елін, (төрін) орнатып, ұша барды». Ия, 688 жылдан бастап осылайша, тоғыз оғыздарды бағындырған Елтеріс қаған өзінің қаһарлылығымен айналасындағы жаулардың бәрін үрейлендіріп, 691 жылы дүниеден өтті (Л.Гумилевте – 693 жыл).
Балалары Мойынчор мен Күлтегін жас болғандықтан қағанның інісі Бөгчор (Л.Гумилевте-Мочур немесе Мочжо) Қапаған қаған деген атпен таққа отырды. Мойынчор мәтінінде бұл туралы былай делінген: «Әкем қаған өлгенде өзім сегіз жаста қалдым. Ол төрдің үстіне Ағам-қаған (Қапаған қаған-Т.О.) отырды. Отырып түрік халқын қайта орнатты, қайта игі етті. Шығайды бай қылды, азды көп қылды».
Қапаған қағанның 694, 697, 698, 701, 706 жылдары қытайға жасаған жойқын жорықтары ондағы жиырма үш қаланы жермен-жексен етіп, сан мыңдаған хансулықтарды түрік жеріне тұтқын етіп топтап айдап кетумен аяқталып отырды. Бөгшор алғашқы Шығыс түркі қағанатының құдіретті қағаны Ілік тұсындағы түркілердің айбарлы мемлекеттігін қалпына келтірді. Оның әскерінің саны 400 мың адамға жетті. Мойынчор мәтінінде оның жорықтары былай суреттеледі: «Ағам-қағанмен (Қапаған қағанмен-Т.О.) бірге ілгері Жасыл өзенге, Шаңдуң жазығына дейін жорық жасадық. Кері – Темірқақпаға дейін жорық жасадық. Барлығы жиырма бес рет жорыққа шығып, он үш рет соғыстық. Елдігін елсіреттік, қағандығын қансыраттық. Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік… Батыстағы Кеңү-Тарбанға (Сарыарқаға) дейін түрік халқын біз анша қондырдық. Анша еттік. Ол заманда құл құлды болған еді. Күң күңді болған еді…».
Шығыста Татабылар, Қидандар, солтүстікте Қырғыздар мен Аздар, батыста Түргештер, Басмылдар мен Соғдылар түгелдей Қапаған қаған басқарған қағанатқа бағынды. Алайда рулық-тайпалық бөліністе өмір сүріп үйренген түріктер, отырықшы қытайға бағынбай тәуелсіз ел болу үшін көшпелілерді күшпен біріктіруге мәжбүр болып отырған Қапаған қағанның көреген саясатын түсіне алмады. 711 жылдан бастап Қарлықтар, Аздар, және Ізгілдер оған қарсы көтерілді. Оларды біртіндеп Ұйғырлар, Байырқулар және манчжұр-тұңғыс тілінде сөйлейтін, түріктерге жау Қидан және Татабы тайпалары қолдады. Осындай дүрбелеңде 716 жылы Қапаған қаған Байырқулардың көтерілісін басып, қайтып келе жатқанда аңдаусызда тосқауылға тап болып, қайтыс болды. Қытайлықтар оның басын әкелгендерге сыйақы беруге уәде бергендіктен, оны өлтіргендер қытай елшісі арқылы Қапаған қағанның басын қытай астанасы Чананьға жөнелтті.
Өздерінің ата жауларының көзінің жойылғанына мәз-мәйрам болған олар түркілерге қыр көрсетіп, Қапаған қағанның басын астанаға кіреберіске іліп қойды. Осылайша күллі түркінің басын қоспақ болған Қапаған қағанның басы да жау қолында қалды. Қапағанның тағына оның өзі көзі тірісінде-ақ мұрагер ретінде дайындаған ұлы Инел отырды. Бұл сол тұста өзінің жауынгерлік ерлігімен түркілерді мойындатқан, Екінші Шығыс түрік қағанатының негізін қалаған Елтеріс құтлық қағанның ұлы Күлтегіннің ашу-ызасын туғызды. Өйткені түркілердің заңы бойынша тақ мұрагері оның туған ағасы Мойынчор еді. Инелдің жүгенсіздігіне тиым салмақ болған ол, Ордаға басып кіріп, Инелді де оның бауырларын да қырып салды.
Осылайша Мойынчор Білге қаған деген атпен тақты иеленді. Ол данагөй кеңесші Тұй-ұқұқтың (Тоныкөктің) тілімен қытайға бейбіт келісім-шартын ұсынып, әртүрлі көтерілістерден іргесі шайқалған қағанатты қайта нығайтуды көздеді. Білге қағанның осындай игі мақсаты мен өрелі істері оған арналған кешенде төмендегіше баяндалады: «…Түрік халқының атақ-даңқы өшпесін деп Тәңірі мені қаған отырғызды. Ең болмаса дәулетті халықты билемедім. Іші ассыз, сырты тонсыз, әлсіз, нашар халықты басқардым. Інім Күлтегінмен, екі шад, інім Күүлі-чормен ақылдастым. әкеміз, ағамыз иелік еткен халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түрік халқы үшін түн ұйықтамадым. Күндіз отырмадым. Інім Күлтегінмен бірге, екі шадпен бірге өліп-талып иелік еттім…ебтегі халықты өз-ішінен жауластырмадым (от-су қылмадым). Мен өзім қаған боп отырғанда жер-жерден босқан халық жаяу, жалаңаш, өліп-жітіп қайта келді. Халықты көтерейін деп терістікте оғыз халқына, ілгері қытай (қидан), татабы халқына, түстікте табғачқа қарсы онекі рет аттандым. Одан соң Тәңірі жарылқап, құт-бағым бар болғандықтан, өлімші халықты тірілттім…Аз халықты көп қылдым. Ығыр елдікті, ығыр қағандықты игі (тыныш) еттім. Төрт тараптағы халықты бағындырып бейбіт еттім, жаусыз қылдым. Көбі маған кірді».
Ия, Білге қаған зор күш-қайрат жұмсап, байырғы Түркі қағанатын қайта қалпына келтірді. Ол қағанатты ыдыратпақ болған Аздарды, Ізгілдерді, Ұйғырларды алғашқы жылы-ақ күйрете талқандады. Қағанатқа қарсы шыққан Басмылдарды жеңіп, осылайша олардың Таң империясының әскерлерімен, Қидандармен, Хилармен жасаған одағын ыдыратып жіберді. Енді қытайдың түркітілдестерді өзара қарсы қойып, бөлшектеп ұстау саясаты жүзеге аспай қалды. Осыдан соң, келесі, 721 жылы, Таң империясы амалсыздан Білге қағанмен бейбіт келісім-шарт жасауға мәжбүр болды. Мұның өзі шын мәнінде қытай тарапынан Түркі қағанатының дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалуы еді. Бірақ күшті қағанат тағында отырған Білге қаған бақытсыздыққа ұшырады. Бауыры, түркі дүниесінің әйгілі қолбасысы Күлтегіннің 731 жылы дүниеден қайтуы оған аса ауыр тиді. Ол оның ескерткішінің басына жиі барып, егіліп жылап, шерін тарқататын еді.
Қаһарлы Күлтегіннен қаймығып жүргендер енді біртіндеп бас көтере бастады. 734 жылы Білге қағанды өзінің сенімді уәзірі у беріп өлтірді. Өзі дүниеден өтерде ол, қастандық жасағандарды тұқымын қалдырмай қырып кетті. Оның ұлы Ерен (Л.Гумилевта-Ижан-хан) тақта алты жыл ғана отырып дүниеден қайтты да, билікке Ереннің тым жас інісі Тәңір қаған (Л.Гумилевта-Білге Құтлық-хан) келді. Оны баласынған жергілікті шадтар 741 жылы өлтіріп тынды. Енді түркі мемлекетінде таққа отырған қағанды өлтіріп отыру әдетке айналды. Осындай саяси шырғалаңды пайдаланған Басмыл, Қарлық, Ұйғыр тайпалары қағанаттан бөлініп шығу әрекетін бастады. Ақыры 745 жылы Ұйғырлардың Яғлаһар тайпасы өздерінің тайпа басшысы Құл-бойланың (Л.Гумилевте-Пэйло) бастауымен түріктердің соңғы Болмыш (Л.Гумилевте-Баймэй) қағанын өлтірді. Осылайша опассыздар мен жікшілдердің кесірінен айбынды Екінші түрік қағанаты құлап, тарих сахнасынан біржолата кетті. Онымен бірге о бастан түркі қағанаттарына билік жүргізген Ашына әулеті де тақтан біржолата ығыстырылып, оларды Ұйғырлардың Яғлаһар әулеті ауыстырды. Сөйтіп, қасиетті тәуелсіздікті қастерлей, айбынды қағандарын сақтай білмеген елдің мемлекеттігінің оп-оңай күйреп кететінін тарих тағы да дәлелдеді.