Читать книгу Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы - Т. Омарбеков - Страница 5

Шығыс түріктерінің тәуелсіздік үшін күресі

Оглавление

Кеңестік жүйе тұсында ортағасырлардағы Шығыс түрік қағанатының тарихы Қазақстанға қатысы жоқ, басқа елдердің тарихы ретінде қарастырылып келді. Шын мәнінде бұл этно-саяси факторларды ескерместен, тарихты біржақты, тек территориялық тұрғыдан ғана қарастыру еді. Ақиқатына келсек, қазақ деген халықтың бабаларының біразы, дәлірек айтар болсақ, жалайырлардың, наймандардың, алшындардың, арғындардың, меркіттердің, қоңыраттардың, уақтардың, керейлердің және т.б. кейінгі қазақты құраған қуатты тайпалық одақтардың этникалық түп тамыры дәл осы шығыс түркілерінен бастау алады. Олардың ата-бабаларының алғашқы мекендері де осы аймақта орналасқан еді. Әлі күнге дейін тарих оқулықтарына кірмей қалған осы дөрекі қателікті биылғы тәуелсіздік жылында түзетуге толық мүмкіндік туып отыр.


Өткендегі әңгімемізде тәуелсіздік үшін күрескен түркілердің 10 Телес тайпаларының 603 жылы Тардуш кағанға (Л.Гумилев оны Қарачұрынмен шатастырады) қарсы көтеріліс жасап, оны елден қуып жіберуінің кесірінен Біртұтас Түркі қағанатының екіге: Шығыс түркі қағанатына және Батыс түркі қағанатына бөлініп кеткенін айтқан едік. Тардуштың екі қағанатты қайта біріктірмек болған әрекетінен түк шықпады. Енді шығыс түркілерінің ханы бұрынғы Ешбара қағанның ұлы Замған (Л.Гумилевте-Жаңғар) болса, батыс түркілерінің ханы Таман болды. Замған о бастан-ақ қытайшыл болып, тіптен киімді де қытай үлгісімен киюге қатты құлшынды. Алайда қытайлықтар қолдау білдірген оның өмірі қысқа болып, 608 жылы дүниеден қайтты. Оның орнына таққа Суар Ішік қаған (Л.Гумилев оны Шибирхан деп атайды) деген атпен таққа отырды. Қытайдың Суй әулеті өзіне берілген Замғанның өліміне қатты қайғырып, оны үш күн бойы аза тұтты.

Суар қаған да ата-баба салтынан айнымай, қытайдан әйел алды. Алайда ол әкесінің қателіктерінен арылып, қытайлықтардың ықпалына ілеспей, өзіндік тәуелсіз саясат жүргізуге тырысты. Оның отаншыл сезімінің орнықтылығын аңғарған, және соғыстан шаршаған батыс түркілерінің көптеген тайпалары оның қоластына өз еріктерімен қарай бастады. Түркілердің басын қоса білген ол, ортақ жауларға қарсы біріккен жортуылдар ұйымдастырды. Шығыс түрік қағанатының аумағын кеңейту жолында аттан түспей қажымай еңбектеніп, Шығыста қидандарға (кейіннен қарақытай атанғандарға), Шибей татарларына (монгол тілдестерге), және оңтүстіктегі қытайтілдестерге ер жастанып, түн қатып, оқтын-оқтын жойқын жорықтарға аттанумен болды. Оның мұндай белсенділігінен қаймыға бастаған қытайдың Суй патшалығы тағыда арандату жолына түсіп, оған қарсы туған інісі Түркіт шадты айдап салуға әрекеттенді. Алайда ол адалдықтың ала жібінен аттамай, қытайлықтардың зымиян жоспарынан ағасын дер кезінде хабардар етіп үлгерді. Жайсыз ақпараттан қатты ашынған Суар қаған 615 жылы 100 мың салтаттыдан тұратын түріктің жер қайысқан қалың қолымен Яньмин (Яймынь) аймағына басып кіріп, қаланы қоршауға алады. Алайда қытай әйелінің арбауына түсіп, тіліне ілескен ол, табысты шабуылды ақырына жеткізбей, кейін шегініп кетті. Бұған таңдануға бола қоймас. Қытай патшасының ет-жақындарынан әйел алуға құмарту және сол әйелдерінің айтқандарына көніп, халық мүддесін екінші қатарға ысыру көптеген түркі қағандарының басынан өткен қасірет. Құдалықты мыңжылдық туыстыққа балаған бабаларымыз, бұл мәселеде ата жау болудан айнымаған қытай патшаларының ұстанымы мен дәстүр-салтының мүлде басқа екендігін ескере бермеді.


Дегенмен де Шығыс түркілерінің күш-қуатының артуы қытайлықтардың өздерінің арасына іріткі салды. Олардың билеуші Суй әулетіне наразы көптеген әкімдері Суар қағанның жағына шыға бастады. Түркілер жеріне халқымен қоса қотарыла көшіп барумен шектелмей, өздерінің қандас Суй әулетіне қарсы түркілердің бөрілі байрағын желбірете көтеріп, қанды жорыққа аттанған, тіптен жаңа қожаларына адалдықтарын дәлелдеу үшін, есімдерін түркіше өзгерткен қытай билеушілері де болды. Мұндай қытайлар ақырында Суар қаған бастаған түркілердің күшіне қосылып, 618 жылы ел астанасы Чан-анға баса-көктеп кіріп, қытайды билеуші Суй әулетін тақтан тайдырды. Енді қытайдағы билікке Таң әулеті келді. Ал байырғы қытай елі осыған сәйкес Таң патшалығы деп жаңаша аталатын болды. Жаңа әулеттің таққа келуіне байланысты шығыс түркілері аймағына қашып барып паналаған көптеген қытайлықтар елдеріне қайта оралды. О баста Таң әулеті өзіне жақсылық жасаған Суар қағанды қолдап шықса да, онымен ұзақ уақыт ымыраға келу мүмкін еместігін түсініп, көп кешікпей-ақ одан іргесін аулақ сала бастады.

619 жылы Ордосқа шабуыл жасаған Суар қаған қайтыс болды. Оның орнына інісі Ілікбек шад (Қара қаған, оны Л.Гумилев Чуло-хан деп атайды) таққа отырса да, ол 18 ай ғана ел басқарды. 620 жылы ағасының орнына тақты жоғарыда айтылған Замған қағанның үшінші ұлы Бағашұр шад Ілік қаған (Л.Гумилевте – Кат Иль-хан, ал С.Кляшторныйда – Ел қаған) деген атпен иемденіп, түркілерді қытайға мүлде тәуелсіз елге айналдыруды берік қолға алды. Бұған оның бұрынғы Суй әулетінен шыққан, сондықтан да жаңа Таң әулетіне жау қытай әйелі де айтарлықтай үлес қосты. Ол күйеуін Суйліктердің жауы болып табылатын Таңдықтарға қарсы арандатып бақты. 626 жылға дейін Ілік қаған қытайдың көптеген аймақтарына қарсы бірнеше жойқын жорықтар ұйымдастырды. Ол Лянчжоуға, Дайчжоуға, Юаньчжоуға, Солтүстік Шығыстағы қытай аймақтарына жортуылдар жасап, оларды аяусыз тонады. Тарихшылар Ілік қағанның қолбасыларының ол елді билеген жылдары қытай аймағына 67 рет қалың қолмен аттанғанын айтып жүр. Қауіптің күштілігі сондай, қытайлықтар астаналарын оңтүстікке көшіру жағын ойластыра бастады. Ілік қағанның қытайға жасаған жорықтарына қатысқан қуатты қалың қолдың ұзын саны 100 және 150 мыңның төңірегіне жетіп жығылды.

Бірақ тоғыз жылға созылған үздіксіз жорықтар көшпелі түріктердің сыртқы саясаттағы тәуелсіздіктерін орнықтырумен қатар, олардың өздерін де этно-психологиялық тұрғыдан қатты қажытып жіберді. Рулық-тайпалық құрылымға негізделген Шығыс түркі қағанаты сандаған ғасырлар бойы қалыптасқан отырықшы өркениет арнасында қалыптасқан Таң патшалығын біржолата күйретуге бәрібір қабілетсіз болып шықты. Сан мыңдаған атты әскер жасағын үздіксіз жабдықтау ауыртпалығына көшпелі қоғамда жиі болып тұратын жұт пен ашаршылық апаты қосымша болды. Әсіресе 627-629 жылдары орын алған жойқын жұт пен ашаршылық түріктердің негізгі байлығы мал шаруашылығын ауыр күйзеліске душар етті. Жергілікті ру-тайпа басыларына Ілік қағанның ел басқару ісіне қытайлықтар мен соғдылықтарды араластыруы да ұнамады. Дегенмен де барлық мақсаттан елдің тәуелсіздігін жоғары қоятын, және осы игі мақсатқа халықты ұйымдастыра алатын, және ең басты қауіптің қытайдан төніп тұрғанын жақсы түсінген Ілік қаған тәрізді тарихи тұлғалардың түркі дүниесі тарихында жиі кездесе бермейтіні де ақиқат еді. Алайда түркілер мұндай маңызды мәселеге терең бойлай алмады, және осындайда өздерінің орталарынан шыққан Ілік тәрізді мықты қағанның төңірегіне топтаса түсудің орнына, оның харизматикалық тұлға ретіндегі қадір-қасиетін орынды бағалай алмай, танауларының астындағыдан арғыны көрмейтін ру-тайпа көсемдерінің соңына ілесіп шатасты, және осының салдарынан қытайлықтардың іштен іріту саясатының құрбаны болды.

626 жылдан бастап түркітілдес Тоғыз телес (Тоғыз оғыздар) Ілік қағанға қарсы көтерілісті бастаса, екі жылдан соң оларға Сір-Ендалар (Қыпшақтардың бабалары), Ұйғырлар, Байырқулар (Наймандар мен Керейлердің бабалары), Қидандар (Қарақытайлар) қосылды. Ілік қаған оларға қарсы неше рет жорық жасап, көтерілістерді басуға аянбай күш жұмсаса да, бұл әрекеттер сәтсіз аяқталды. Өйткені көтерілісшілерді қытайдың Таң патшалығы үздіксіз қолдап, көтерілісшілерді басқарған Инанға өздерінің елшісі арқылы қаған атағын берді, және осындай құйтырқылықпен оны Ілік қағанға қарсы қойды. Таң патшалығы мұнымен қатар Ілік қағанға қарсы оның ағасынан туған, қағанаттың шығыс аймақтарын басқарып келген және бас қаған болуды армандап жүрген Төліс ханды арандатты. Осыдан соң қағанаттың шығыс аймақтары, көптеген түркітілдестер мен қатар манчжұр-тұңғыс тілінде сөйлейтін қидан, татабы тәрізді Ілікке о бастан наразы тайпалар қытайға барып қосылды. Деректер осы тұста 100 мыңға тарта Шығыс Түрік қағанаты тұрғындарының Ілік қағаннан бөлініп, қытай билігін мойындап кеткендерін айтады.

Жағдайды Ілік қағанның Оянлин тауындағы (Шаньсидағы) шайқаста жеңілуі біржолата шешті. Осында төңірегіндегі ханзадалар сатқындық жасаған ол, шегіне қашқанда, аңдаусызда қолға түсіп, Таң патшалығының астанасы Чаньанға жеткізілді. Алайда қытайлықтар оны қатал жазалау түріктермен қарым-қатынастарды шиленістіре түсетінін түсінді. Сондықтанда оған қытай императоры қытайдың жартысын күйзелткен қасіретті жорықтарына қарамастан кешірім жасап, аң аулайтын қорық беріп, жақындарын түгел өзіне қайтарып, еркіншілік берді. Бұл да түркі билеушілерін өздерінің жағына тартуды көздеген қытайдың үлкен саясаты еді.

Алайда жат жерде өзінің бейшара халіне Ілік қаған көндіге алмады. Ылғи да оңаша қалып, туған жердің мұңлы да, зарлы әуендеріне күйзеле бой алдырған ол, ауыр қайғыға берілді. Ақыры ешкімге керексіз болған, бір кездері есімінің өзі ғана бүкіл қытай әлемін тітіренткен қаһарлы қаған көз жасын көл етіп, жат жерде ащы құсадан өлді. Қайсар тұлғадан айрылған түркі халқы да қаңғырып қалды. Олардың біразы қытайды мойындаса, ал оған бағынғылары келмегендер Батыс Түрік қағанатына жөңкіле көшті. Айналасын айбарымен тұншықтырған қуатты Шығыс Түрік қағанаты осылайша тәуелсіздіктен айрылып, бодан елге айналды.

Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы

Подняться наверх