Читать книгу Практикалық археология - Ғани Омаров - Страница 10
3-бөлім. ТАРИХИ ОРТАДАҒЫ ЗЕРТТЕУ НЫСАНЫНЫҢ ОРЫНЫ. ҒЫЛЫМИ ЕСЕПТІ ДАЙЫНДАУ
3.1. Стратиграфия, әр қабаттардағы табылмалардың орналасуы
ОглавлениеМәдени қабаттың қалыптасу механизмі әралуан факторларға байланысты. Таза табиғи факторға жер беті деңгейіне жерасты суының жақын орналасуы жатқызылады. Осы жағдай құрғақ қабаттарға қарағанда ерекше болып келетін дымқыл қабаттардың пайда болуына ықпал жасайды. Дымқыл қабатта ағаш, тері, сүйек және т.б. органикалық заттар жақсы сақталады. Сондықтан да дымқыл қабаттың маңыздылығы құрғақ қабаттан алынатын мәліметтерге қарағанда әлдеқайда жоғары болып табылады.
Стратиграфия – латынша «страто» – қабат, «графо» – жазамын. Археологиялық ескерткіштердегі жер қабатының қалыптасу процессін зерттейтін ғылымының бөлігі. Әрбір қабат немесе страт бұл жерде өмір сүрген уақыттың белгілі бір кезеңдеріне жатады. Адамдар тастап кеткен қоныстар, елді мекендерді біртіндеп шөп, бұта өсіп топырақ басады, кей жағдайда жаңадан құрылыстар салынады. Қоныс-құрылыстар және т.б. ескерткіштер жер сілкінісі, жанартаулар атқылауы сияқты табиғат зілзалалары әсерінен көміліп қалуы мүмкін. Жүздеген, мыңдаған жылдар өткен соң тіпті, тереңде қалады, себебі оны құм, топырақ көмеді және кейінгі салынған құрылыстар жабады. Мұндай қатпарлар немесе бірінен кейін бірі келетін қабаттар археологтар тілінде ескерткіштің стратиграфиясы деп аталады. Стратиграфиялық әдіс XIX ғасырда қабаттардың қалыптасу кезеңіне байланысты қайсысы ертеректегі немесе кейінгі қабат екенін анықтау қажеттілігінен пайда болған. Қазба кезінде стратиграфияны, әсіресе, бірнеше қайтара қоныстанған жерлерде жақсы түсініп оқи білу керек. Әртүрлі жағдайлар әсерінен бір мәдени қабаттағы (мәдени қабат – адамның іс-әректі нәтижесінде пайда болған қыртыс) артефактілер басқа қабаттарға аңдар мен жануарлардың ін қазуы, не қазылған шұңқырлар, сондай-ақ жер қыртысының қозғалуы әсерінен ауысып кетуі мүмкін. Жер қыртысының араласуы қабаттарды да араластырады.
Қазба жүргізуші археолог мәдени қабаттарды бір-бірінен түсі, құрамы арқылы аңғарып, ажырата білуі керек. Қиманьщ сызбасында қабаттар туралы ой-қорытындыларын басқа мамандар дұрыс түсінуі үшін масштабта дәл көрсеткені жөн. Сызбада ең көне заманнан кейінгі уақытқа дейін, яғни төменнен жоғарғы қабаттарға дейін нөмерленіп сандармен белгіленеді. Әрбір төменгі қабаттың үстіндегі қабат жастау, ал төменгі қабаты үстіңгі қабатқа қарағанда жасы үлкен, яғни ерте кезең, бірақ ол қаншалықты үлкен немесе кіші болатынын анықтау қиын, оған бірнеше себептер бар. Мысалға, құм қабаты тереңдікте жай селден аз уақыт ішінде қалып қалуы мүмкін, ал негізі бұл қабаттың қалыптасуы мыңдаған жылғы процессте ғана пайда болады. Қабаттардан табылған артефактілер әр дәуірдің кезеңдерін ажыратуға көмектеседі. Кейбір археологиялық ескеркіштер өте үлкен стратиграфияны қамтиды және олардың пайда болуы көп ғасырға созылған қалыптасу.
Мәдени қабаттың қалыптасуы, қалыңдығы оның зерттеу орнындағы халықтардың саны мен көбею деңгейіне, қалалық жайлылықтың жүйесіне, өртке, зерттеу орнының қолдану дәрежесіне (құрылыс, бақша, мола) және тағы басқа да факторларға, оның ішінде жалпы тұрақтап тұрған уақыт ұзақтығына байланысты.
Әртүрлі аудандағы мәдени қабаттың бұзылу деңгейінің айқындылығын анықтау үшін деректердің категорияларына статистика негізінде сараптама жүргізіледі. «Бұзылған» қабаттардан табылатын деректерге негізінен шегелер, фарфор мен фаянс бөлшектері, қыш ыдыс сынықтары және т.б. жатқызылады. Ал «бұзылмаған» (бұзылудың ізі жоқ) қабаттарда керамика, жекеленген деректер мен остеологиялық материалдар мөлшерінің жоғарлауы байқалады. Жалпы алғанда қабаттың сақталу деңгейі оның бірнеше рет қазылу нәтижесіне байланысты анықталады.
Қазба барысында мәдени қалдықтары бар бірнеше метрге созылған қабаттың қажетінше нақты стратиграфиясын білу өте маңызды. Сонда әрбір түсіне және құрылымына байланысты белгіленген қабатты кезеңдік кескін ретінде қарастыруға болады (бұл кескінде кездесетін топырақ, құм, күл және т.б. заттардың сызықтары локальдық құрылыс жұмыстарымен немесе өртпен байланысты). Зерттеуші тұтас алағанда анықталған кескіннің деректер құрамына, конструкциясына, оның ерекшелігіне қарап, тарихи маңыздылығына негізделе кескінге баға (қандай заттар көп және неге, кескіннің төменгі және жоғарғы беттерінде қандай құрылыстар кездеседі және т.б.) бере алады. Көп қабаттық объектілерде әрбір қабаттың нәтижесін өзара байланыстыру, сәйкестендіру маңызды болып табылады. Көп қабатты ескерткіштерде түсіне және құрылымына негізделе айқындалған жоғарғы және төменгі беттерінен бірдей заттардың кездесетіндігін байқау қиын емес. Осылайша кескіннен статистикалық зерттеу тәсілі арқылы нақтылы ашылған мәдени кезең белгілерін тауып, концентрацияның негізгі шекарасын анықтау қажет.