Читать книгу Практикалық археология - Ғани Омаров - Страница 4

1-бөлім. ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ ЗАҢНАМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫ ОРЫНДАУ МЕХАНИЗМІ
1.2. Қылмыстық-құқықтық аспект

Оглавление

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «тарихимәдени құндылықтар» нақты заңды түсінік. Тарихи-мәдени құндылықтарға тек мәдени заттар ғана, яғни мемлекеттік тіркеуге алынған және мемлекеттік тізімдегі заттар (жылжымалы тарихи және мәдени ескерткіштер) кіреді.

Ғасырлар тезінен өткен сол мол мұраларымыз маңыздыларының санатындағы еліміздің өткен тарихынан сыр шертетін археологиялық ескерткіштері еліміздің мәдени құндылықтарының бағалауға лайықты қомақты бір бөлігі болып саналады. Ал осы ескерткіштерді қорғау және сақтау мәселесі дәл қазіргі таңда қандай дәрежеде? Бұл мәселеде ауызға толтырып айтатындай қандай шаралар іске асуда?

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1917 жылы жерге деген жекеменшіктің жойылуы негізінде археологиялық құндылықтарды қорғау жалпымемлекеттік деңгейде бағыт алғанымен, алайда археологиялық ескерткіштерді қорғау жүйесі нақты бір бұлтартпас нәтиже беретіндей жолға қойылмады. Тарих және архитектуралық ескерткіштерге қарағанда, археологиялық құндылықтарымызды қорғау мемлекеттік археологиялық қорғау қызметі құрылмағандықтан, әрі оны қорғау туралы нақты заңдастырылған әдістемелік нұсқау құжаттарының болмауы іске асыруда нақты нәтиже бере қоймады.

Дегенмен, археологиялық ескерткіштерді картаға түсіру, төлқұжатын жасау, мемлекеттік қорғауға алып, тіркеу, қорғауға бағытталған барлау және қазба жұмыстары өз уақытында оң нәтижелер бергенін әсте жоққа шығаруға болмайды.

Археологиялық нысандарды рұқсатсыз (лицензиясыз) қазушылармен күрес елімізде әлі дұрыс жолға қойылмаған. Қылмыскерлер мағлұматтарды архивтік деректерден, сонғы уақытта шыққан облыстық, аудандық археологиялық ескерткіштер жиынтығы тізімінен алады. Сондықтан да ескерткіштердің нақты координатасын көпшілікке тарайтын жинақтарда көрсетпеген абзал. Археологтар ескерткіштерді тіркеуге алғаннан кейін оның нақты орынын (ОР8 арқылы алынған) арнайы орындарға ғана тапсырса құба-құп болар еді. Археологиялық мұраларды тонаушылар ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін өздерінің заңсыз зымиян әрекеттерінде кеңінен пайдалануда. Спутниктік түсірілімдерді ғаламтордан алғаннан кейін тонаушылар металлодетекторлардың көмегімен археологиялық ескерткіштерде алтын қапсырмалардан бастап, ескі теңгелер мен әшекейлерді және т.б. құнды жәдігерлерді рұқсатсыз қазып алып, заңсыз нарыққа шығарып, оларды бұзуда. Заңсыз қазбалар жүргізуге қатысатындар негізінен археологиялық тәжірибеден өткендер, музей жұмыскерлері мен ғылыми қызметкерлер болып келеді. Тонаушылар негізінен алғанда антиквариат иелерімен, коллекционерлермен тығыз байланыс жасайды.

Тарихи-мәдени мұраларға қарсы қылмыскерлерге:

– тарихи және мәдени ескерткіштерді ұйымдасып, немесе байқаусыздан құртқандар;

– тарихи және мәдени ескерткіштерді байқаусыз немесе ұйымдасқан күйде зақымдау;

– мәдени құндылықтарды заңсыз түрде пайдалану.

– тарихи-мәдени құндылықтарды арнайы рұқсатпен еліміздің шекарасынан уақытша сыртқа шығарып қайтадан әкелмеу;

– тарихи немесе бейнелеу өнеріне қатысты заттарды тартып алу жатады.

Құртылған немесе зақым келтірілген тарихи және мәдени ескерткіштер жарамсыз саналады.

«Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану заңдылықтарын бұзудағы қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту туралы» 1993 жылғы 23 қарашадағы № 2493-ХІІ Қазақстан Республикасының Заңының «Тарих және мәдениет ескерткіштерін немесе табиғи нысандарды жою, қирату және бүлдіру» туралы 216-бабында мемлекет қорғауындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін немесе табиғи нысандарды ауыр жағдайларға әкеле отырып, абайсызда жою, қирату және бүлдіру – бір жылға дейінгі мерзімге бас еркінен айырумен немесе екі жылға дейінгі мерзімдегі еңбекпен түзету жұмыстарымен немесе оннан елуге дейінгі минималды еңбекақы көлемінде айыппұл салумен жазаланады.

Мемлекет қорғауындағы тарих және мәденнет ескерткіштеріне немесе табиғи нысандарға әкімшілік шара қолданылған уақыттан кейінгі бір жыл ішінде қысым көрсету – үш жылға дейінгі мерзімге бас еркінен айырумен, немесе екі жылға дейінгі мерзімдегі еңбекпен түзету жұмыстарымен немесе жиырмадан жетпіске дейінгі минималды еңбекақы көлемінде айыппұл салумен жазаланады.

Мемлекет қорғауындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін немесе табиғи нысандарды әдейі жою, қирату немесе бүлдіру – үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас еркінен айырумен, немесе екі жылға дейінгі мерзімдегі еңбекпен түзету жұмыстарымен жазаланады.

Осы баптың үшінші бөлімінде көрсетілген, қайталанған немесе ауыр жағдайларға әкелген әрекеттер – үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас еркінен айырумен жазаланады.

Кейбір ТМД елдерінде мәдени құндылықтарды ұрлаған жағдайға құқықтық жауапкершіліктер қарастырылған.

Практикалық археология

Подняться наверх