Читать книгу Практикалық археология - Ғани Омаров - Страница 8

2-бөлім. АРХЕОЛОГИЯ ЕСКЕРТКІШТЕРДЕГІКЕЛІСІМ ШАРТТЫ БЕКІТУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОРЫНДАЛУ ШАРАЛАРЫ
2.3. Археологиялық жоба құжаттарының ерекшеліктері

Оглавление

Жобалы-сметалы құжаттамасына қорғау шараларын өткізетін құқықты негіздейтін құжаттар кіреді (егер қажет болса). Оларды құрастыру кезінде тапсырыс берушімен түсінбеушілік болмас үшін бір қатар ерекшеліктерін ескеру қажет.

Ескерткішті сипаттау:

Ескерткіш туралы мәлімет анық, нақты болуы керек, тексерілген кезде орналасу орны мен басқа да мәліметтер күдік тудырмауы қажет. Біркелкі бағдар ретінде азимутты көрсету қажет және нақты қашықтықты, сонымен бірге қосымша координаттарды да (ЛЭП линиясы, каналдар, жолдар және т.б.) көрсетілуі қажет. Бұл ескерткіштің құрылыс аймағында болуын анықтай түседі.

Міндетті түрде ескерткіштің биіктігін беру қажет, ыңғайы келсе жақын жердегі су деңгейімен салыстырып көрсету, уақытын, яғни мәлімет берілген мерзім, күн, ай және жыл көрсетілуі қажет. Бұл объектідегі құрылыс жұмыстары негізінде ескерткішке зиян тиген жағдайда, шығынды анықтауға көмектеседі.

Ескерткіштің шекарасын анықтауда аса абай, сақ болуы қажет. Сонымен бірге ескерткіштің қорғалушы аймағын да ұмытпаған жөн. Осы жағдайлар болған кезде қорғау шаралары өткізілуі мүмкін.

Топографиялық жоспарлар және сызбалар.

Бұл құжаттар – археологиялық жобалы-сметалы құжаттаудың ақпараттық бөлімнің бірі болып табылады. Дәл осы құжат құрылыс нысаны аумағындағы ескерткіштің аумағын құқықтық негізде қарайды. Сызбаның орындалу сапасы тапсырыс берушінің көзінше кәсіпқойлық дәрежеде орындалуы қажет. Мүмкіндігінше лазерлік теодалитпен түсірілгені жөн.

– Ескерткіштің орналасуы көрсетілген объектінің сызбасы жобалы-сметалы құжаттаудың міндетті құраушы бөлігі болып табылады. Жоспар тапсырыс беруші ұйымға беріледі. М 1:1000 картматериалдар негізінде болып орындаушы тарапынан құралады немесе басқа сұраныстағы масштаб бойынша беріледі. Осы мақсатта көбінесе жер пайдаланушы жоспар қолданылады. Ескерткіш қорғалушы аймақпен бірге нақты масштабқа түсіріледі. Тек жергілікті жердің жоспары археологиялық ескерткіштің нақты орналасқан орнын көрсететін құжат болып, міндетті түрде қорғау шарасын өткізуге мәжбүрлейді.

– Ескерткіштің жоспары (жер телімінің басты жоспары) өлшеніп алынған нүкте ретінде су деңгейімен биіктігі нақты көрсетіліп, горизонтальді түрде орындалады. Жоспарға түсу аймағы ескерткішті және оның қорғалу аймағын, сонымен бірге, микроауданның геоморфологиясын түсіну үшін маңайындағы территорияны қамтиды. Жоспарға түсіру шекарасына ауыл, жолдар, электр бағаналары және т.б. қосуға болады. Егер мүмкіндік болса, тапсырыс беруші ұйымды әр объектіде іздестірузерттеу және топографиялық жұмыстарына қатыстыру қажет.

Ескерткіштің жоспарына мәлімет беруші шағын қазбаның профилін қосуға болады және орналасқан орнын тазалап көрсеткен абзал. Сонымен бірге, барлық археологиялық жоспарға түскен ескерткіштер жалпы және бөлек-бөлек фотоға (суретке) түсірілуі қажет.

Археологиялық ескерткіштерді сақтау шаралары.

Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақтағы ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ететін ұсынылған келесі формалар немесе нұсқалар болып табылады:

– Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан немесе су басу аймағынан археологиялық ескерткіштерді бөліп шығару (уақыт өте келе су деңгейі басылады, каналдардың арналары ауысады және т.б.). Мұндай бөліп алу техникалық жағдайда ұсынылуы мүмкін.

– Археологиялық ескерткіштерге су қоймаларынан келетін зардаптарға қарсы қорғаныш ретіндегі құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру. Ірі су қоймасы құрылысы кезінде тек республикалық маңызы бар ескерткіштер есепке алынады (осы аталған шараға зерттеуден аз мөлшерде қаражат кетеді). Археологиялық ескерткіштерді жобалауда инженерлі қорғау басты жобалау ұйымы тарапынан жүзеге асады. Археологиялық профильді ғылыми ұйым кеңесші болып және қорғау шараларын негіздеуге қатысады, осы туралы ұсыныс Мәдениет министрлігіне бағытталады.

– Құрылыс және су басу аймақтарынан ескерткіштерді алып шығу. Ескерткіштердің шектеулі бөлшектеріне қолданылады (жеке архитектуралы бөлігі және т.б.). Эвакуацияға сәйкес жобалысметалы құжаттама бойынша құрылыс немесе су басу аймағынан ескерткішті алып шығу үшін, мамандандырылған ғылыми-қалыпқа келтіруші ұйым құрып және басты жобалаушыға ұйым тарапынан ұсыныс білдіріледі. Археологиялық профильді ғылыми ұйым мұндай құжаттаманы дайындау барысында кеңесші ретінде қатысуға болады. Археологиялық нысандарды эвакуациялау жобасын дайындауда ескерткішті орналасқан орнынан техникалық әдіспен алуды, жақсы қорғайтын орынды қарастыруды, болашақта ғылыми және экспозициялы мақсатта қолдануға болатын жаңа орынды, қауіпсіз және үнемді түрдегі орын ауыстыруды, нысанды қалыпқа келтірудің қажетті жұмыстарын қарастырады.

Археологиялық ескерткіштерді ғылыми түрде толық зерттеу. Құрылыс салу барысында ескерткіштің бүтіндігін қадағалау. Осындай жұмыстың тәжірибесі өткен ғасырда Қазақстан территориясында Бұқтырма, Шүлбі, Шардара, Қапшағай СЭС салу құрылысы кезінде жүргізілген. Аталған зерттеу жұмысында, жергілікті жердегі ескерткіштерді барлау тәсілі арқылы жарыққа шығарады, ол жерде стационарлы қазба жұмыстарын жүргізеді, барлау және қазба жұмыстары кезінде алынған материалдарға сақтау жұмысы жүргізіледі, арнайы қажетті талдау жұмысын жүргізеді, ғылыми есеп құрастырылып, материалдарды музейге өткізеді.

Бұл құрылыс жұмыстары аймақтарындағы археологиялық ескерткіштерді сақтаудағы зерттеудің ең кең таралған және әмбебап формасы болып есептеледі. Бірақ, бұл зерттеу әдісіне тек бұдан биік сатыдағы зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік болмаған жағдайда рұқсат етіледі.

Құрылыстың басталу және аяқталу кезеңдері кезінде археологиялық ескерткіштерді табу, ғылыми зерттеу және тіркеу жұмыстарымен ереже бойынша тек бір ғана археологиялық профильді ғылыми ұйым айналысуы қажет. Берілген уақыт ішінде ескерткіштерді тіркеу мақсатында басқа ұйымды іске қосу құрылыс сатысында өте орынды болып табылады. Осы тұрғыда, ескерткіштерді сақтау, қорғау, жобасын құрастырып, орындаушы ғылыми археологиялық ұйым құрылыс барысында ескерткіштерді зерттеуді жеделдету мақсатында қосылған ұйымдардың бастысы болып, әрі олардың жұмыстарын үйлестіруі қажет.

Ғылыми және ғылыми-техникалы қызметшілері бар далалы экспедиция бөлімшелерін жұмыс күшімен, транспортты техникалармен, жер және топырақ жұмыстарына қажетті техникалармен, қауіпсіздік техникалармен, экспедицияға сай және арнайы ғылыми құрылғылармен және т.б. қамтамасыз ету, олардың алдына қойылған міндеттерді шешу өз дәрежесінде болуы қажет.

Археологиялық ландшафт зерттеу пәні ретінде. Мәдени ландшафтарды сақтау урбанизацияның альтернативасы бола келе, тарихи-мәдени және эстетикалық (архитектуралық-көркемдік) басымдылықтарын барлық жағдайда есепке ала бермейді. Әлемде 1990 жылдардың басында мұраның ерекше түрі ретінде мәдени ландшафтарға ерекше көңіл аударыла бастады. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра туралы Конвенция құжаттарында «мәдени ландшафт» ұғымы пайда болады. Мәдени ландшафт адамзат баласы мен табиғаттың біріккен творчествосы, біріккен жұмысының нәтижесі ұғымында қолданылады.

ЮНЕСКО мәдени ландшафтың

– қалалық;

– тарихи-археологиялық;

– сарай-саябақтық;

– монастырлық;

– майдан даласы ландшафты (әскери мәдениет);

– ауылдық сияқты типологиясын бөліп шығарды.

Біздің қарастыратынымыз – археологиялық ландшафт. Табиғи орта және археологиялық ескерткіштердің бір-бірімен байланысы мен бір-біріне тәуелділігі обьективті сипатта болады және археологиялық мұралар мен табиғи ортаны сақтау, пайдалану мәселелерінің барлығы тек бірге шешілуі мүмкін.

Тарихи-мәдени және табиғи байлық кешенінде ерекше зерттеу, қорғау пәнін археологиялық ландшафт құрайды. Археологиялық ландшафт – адам іс-әрекетінің аймағы болып табылатын географиялық кеңістік. Сондықтан да археологиялық мұраларды қорғау және сақтау жөніндегі бағдарламаларды жасаудағы бақылау мен басқарудың негізгі бірлігі. Археологиялық ландшафтың басты элементі – мәдени қабат болып саналады. Материалдық мәдениет арқылы оның сыртқы бейнесі қалыптасады, онда тұратын адамдар мен территорияның потенциалы анықталады. Мәдени қабатта мәдени мұра қыртыстарының қалыптасу кезеңдері және қазіргі мәдениет ерекшеліктері анықталады. Археологиялық ландшафтың тұтас жүйесіне шаруашылық және тұрмыстық кешендер, киелі орындар, эстетикалық тұрғыдағы нысандар мен табиғи орта жатады. Археологиялық ландшафтың құрамы мен мазмұнын заманауи экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және рухани факторлар анықтайды.

Мәдени ортаға кез келген физикалық әсер, тіпті археологиялық ғылыми зерттеулер де оның мағлұматтық тұтастығын жоюға әкеледі. Сонымен қатар археологияның кірісуінсіз қоғамдық дамудың басты үдерісінен және ландшафтың өзінен (қазба кезінде мәдени қабаттың табиғи құрамындағы бөліктерінен де мәлімет алуға тура келеді) керекті мағлұматты алу мүмкін емес.

Республиканың әр өңірінен жиналған ескерткіштердің функционалдық тиістілігін, ғылыми және мәдени құндылығын анықтайтын археологиялық материалдар археологиялық ланшафтарды анықтау, сақтау және қолдану жөніндегі нақты бағдарламаларды жасауға негіз болады. Бұл жұмысты мамандандырылған археологтар мен ландшафт архитекторлары және табиғатты қорғау ұйымдары атқарады.

Бақылау сұрақтары:

1. Ескерткіштерді қорғауға байланысты қандай шараларды білесіз?

2. Ескерткіштерді қорғау шаралары қандай түрде жүреді?

3. Археологиялық ескерткіштерге байланысты қорғау келісім жұмыстары қандай болуы мүмкін?

4. Ескерткіштерді археологиялық зерттеу алдындағы құжаттар нені білдіреді?

5. Археологиялық жобалаудың түрлері және оларға археологиялық жұмыстардың жобалауға қатысы.

6. Археологиялық жобалау құжатының ерекшелігі қандай?

7. Сметалық құжаттар неден құралады? Археологиялық зерттеуге сметаны қалай дұрыс құрайды?

8. Археологиялық зерттеулер үшін келісімшарттың қандай негізгі шарттары болуы қажет?

9. «Археологиялық ландшафт» дегеніміз не? Осы сабақты не үшін оқуымыз керек?

10. Қандай археологиялық жұмыстың түрлерін білесіз және тәжірибе кезінде ол қалай жүзеге асады?

Практикалық археология

Подняться наверх