Читать книгу Практикалық археология - Ғани Омаров - Страница 11

3-бөлім. ТАРИХИ ОРТАДАҒЫ ЗЕРТТЕУ НЫСАНЫНЫҢ ОРЫНЫ. ҒЫЛЫМИ ЕСЕПТІ ДАЙЫНДАУ
3.2. Нысанның әлеуметтік-топографиялық байланысы

Оглавление

Стратиграфиялық мәліметтерді археологиялық материалдармен сәйкестендіру, деректерден басқа құрылыс аумағы бар ежелгі орындарды зерттеуге мүмкіндік береді. Мұнымен қатар, қазба барысында айқындалған конструкцияның сан алуан түрі (қорғаныс, дәстүрлі, қоғамдық құрылыстар, елді мекеннің жалпы жобасы мен құрылыс элементтері) оның барлық кезектелген заттай материалдарын байланыстыратын мәлімет болып табылады. Сондықтан археолог объектіде қазба немесе археологиялық сараптама жүргізу барысында ең алдымен, кез келген сақталып қалған құрылыс элементтеріне көңіл бөлуі тиіс. Әрбір фундамент немесе оның ізі, әрбір бұрыштағы бөрене немесе ағаш қалдығы қалмауы тиіс. Егер осы елді мекеннің аумағында анықталған бірдей қабаттағы элементтер, басқа өзіндік, бірқатар нақтылы бәлшекпен байланысқан, белгілі жағдайға фрагментарлық күшке ие бағытталған анықтама бере алмаса, онда олар дәлелдемелік материалдар маңызына ие болады.

Ежелгі орындардың даму сатысын байқау үшін, оның хронологиялық кезектелуін анықтау қажет. Ал осы процестің ішкі динамикасын табу үшін типологиялық зерттеудің түрлерін қолдану қажет. Археологияда қолданылатын арнайы әдістердің көмегімен елді мекендегі халықтың дәстүрлі, тұрмыстық, тұрғын үй құрылысын меңгеру деңгейі мен ерекшелігін зерттеуге болады. Объектінің заттары мен құрылысындағы даму өзгерістерін айқындау оның белгілі хронологиялық кезеңдегі функциональдық қызметін қалыптастыруға ықпал етеді.

Археолог далалық жұмыстар тәртібіне байланысты зерттеу процесі нәтижесінде табылған барлық заттарды тіркеуі тиіс. Осындай жағдайда тіркеудің көптеген түрі қолданылады (фототіркеу, далалық жоспар мен қазба нәтижелерін сызбаға түсіру, траншеяны, жекеленген құрылысты сызу, әрбір деңгейде табылған заттарды нивелирлеу және планиграфия). Дегенмен бұл процесс субъективті, өйткені археологтың далалық жұмыстарға деген жекелей дайындығының сапасын және де сараптамалық ойлану қабілеттілігін көрсетеді. Археолог кезеңделген мәліметтер жинағын, хронологиялық және конструктивті жағынан бір-бірінен айырмашылығы бар құрылыс түрлерін ала отырып уақыт пен кеңістік жағдайындағы даму бейнесін құрастыруға ат салысады. Егер уақыттық диапозон мөлшері көлемді болса, онда қазбаның немесе траншеяның кеңістігі шектелген болады. Сондықтан, археолог осындай кедергіге жолықпау немесе керісінше жағдайға қалмау үшін алысқа баратын болжамдар жасауы, қазбаны бастар алдында қаланың ауданының қандай бөлігін, ескерткіштін қандай түрін зерттейтінін анықтап алуы керек. Ол үшін белгіленген аймақтың және оған көрші орналасқан аудандардың (егер бұл қала болса, онда жақын маңда орналасқан ауыл, әулиелі жерлер, мола, ежелгі атауы бар жоталардың, өзен сағаларының және т.б. маңызды орындардын болуын анықтау керек) топографиялық ерекшеліктерімен жақсы танысу қажет. Егер қалада жүргізілсе, онда бұл орынның ежелде қандай қызметі болғандығын анықтауы тиіс. Бұл сұрақтарға жауапты археолог жазба деректерді, жергілікті қаланың жоспары мен тотграфиясын зертеу арқылы таба алады. Зерттеу орнының орналасу аймағы туралы кішкене болса да білу далалық жұмыстар процесі барысында табылған материалдардың интерпретациясын жасауға, оның қоршаған ортадағы орнын анықтауға көмегін тигізеді. Археологтың шағын аудан немесе қалалық нысанды зерттеу барысындағы негізгі міндеттерінің бірі – сол жерде тұрып жатқан халықтармен жақсы қарым-қатынаста болуы. Осындай мәселені шешу барысында, археолог шағын аудандағы бір-бірімен табиғи аймақтық кедергілер (өзен, көл және т.б.) арқылы шектелген 10 қалашықтың біреуі ғана тайпалық орталық, ал қалғандары тығыз байланысқан қоғамдық орта болу мүмкіндігін байқауы тиіс. Осы арқылы археолог белгілі мәліметтерді қолданып және оған қосымша материалдарды қосып, шағын ауданның анықталған тарихи кезеңдегі даму деңгейінің тұтастай бейнесін құрастыра алады. Жұмыстың бұл түрі қиын және бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бірақ алынған ауданның тарихи мәліметтерін жүйелендіруден бас тартуға болмайды, себебі тек осындай жолмен ғана маңызды ғылыми нәтиже табуға болады.

Әрбір нысанның арасынан байланыс жүргізу үшін нақтылы хронологиялық кезеңдегі функциональдық маңыздылығының бағасын анықтау қажет. Әрбір жүз жыл сайын негізгі қызметі бар орталық елді мекен маңынан онымен байланысты жаңа құрылыстар пайда болады.

Мысалы, Шығыс Еуропада мемлекеттік шекараның қалыптасу кезеңінде, кейбір қалалар шекаралық аумақ қызметін атқарды. Сондықтан, егер археолог ортағасырларға жататын хронологиялық кезеңдегі нысанмен жұмыс жасаса, сол уақыттағы тарихи процестерге еніп және оның басқа ескерткіштер жүйесіндегі орның анықтауы қажет.

Практикалық археология

Подняться наверх