Читать книгу Инвестициялау негіздері - Гүлназым Супугалиева - Страница 3

1 тарау
ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ
1.2. Инвестицияның түрлері және типтері

Оглавление

Іс жүзінде инвестициялардың мынадай түрлері белгілі:

Мемлекеттік инвестициялар, мемлекеттік бюджет есебінен және басқа да мемлекеттік қаржы көздерінен экономикалық және әлеуметтік дамуға бағытталған инвестициялар;

Жеке инвестициялар, корпоративтік кәсіпорындар мен ұйымдардың меншікті және тартылған қаражаттары, сондай-ақ азаматтардың жинақтары есебінен жүзеге асатын инвестициялар;

Шет елдік инвестициялар, пайда табу мақсатында кәсіпкерлік және басқа да қызмет түрлерінің объектілеріне салынған шет елдік инвесторлардың (мемлекеттің, банктердің, компаниялардың, кәсіпкерлердің) барлық мүліктік және интеллектуалдық құндылықтары;

Инвестиция туралы заңға сәйкес «шет ел инвестициясы – Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының жарғылық қорына қатынасу нысанында, сондай-ақ оларға займдар (несиелер) беру және Қазақстан Республикасының «Лизинг туралы» заңымен көзделген шартпенен лизинг заттарын беру жолымен жүзеге асырылатын инвестицияларды білдіреді. Қазақстан Республикасы аумағында шет ел инвесторлары заңмен тыйым салынбаған кез келген объектіге жұмсалынады. Инвестициялау объектілеріне мыналар жатады:

– халық шаруашылығының барлық салаларындағы жаңадан құрылатын және жаңартылатын негізгі қорлар мен айналым құралдары;

– мақсатты ақшалай салымдар;

– ғылыми-техникалық өнімдер;

– интеллектуалдық құндылықтарға қатысты құқықтар;

– мүліктік құқықтар.

Шет ел инвестициясы мынадай жолдармен жүзеге асады:

– заңды және жеке тұлғалармен бірігіп құрылатын кәсіпорындарға үлес қосу;

– шет ел инвесторларына толық тиесілі кәсіпорындар, сондай-ақ шет елдік заңды тұлғалардың филиалдарын құру;

– кәсіпорындар, ғимараттар, құрылғылар, кәсіпорындарға қатысу үлесін, пай, акциялар, облигациялар және өзге де бағалы қағаздарды сатып алу;

– жерді және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану құқығын сатып алу;

– займдар мен несиелер беру;

– мүліктер мен мүліктік құқықтар беру».

Өндірістік инвестициялар, жұмыс жасап отырған кәсіпорындарды кеңейтуге, қайта құруға және техникалық жағынан қайта қаруландыруға, жаңа құрылысқа капитал жұмсаумен байланысты инве стициялар.

Интеллектуалдық инвестициялар, интеллектуалдық және рухани өнімдерді жасауға жұмсалатын инвестициялар.

Бақыланатын инвестициялар, басқа компаниялардың дауыс беруге құқығы бар акцияларының елу пайыздан астамын иеленуді қамтамасыз ететін тікелей инвестициялар.

Бақыланбайтын инвестициялар, басқа компаниялардың дауыс беруге құқығы бар акцияларының елу пайыздан төмен бөлігін иеленуді қамтамасыз ететін тікелей инвестициялар. Инвестицияның төмендегідей типтері болады:

1) Портфелъдік (қаржылық) инвестициялар, мемлекеттік, муниципальдық өзін-өзі басқару органдардың корпоративтік компаниялардың шығарған акцияларына, облигацияларына және басқа да бағалы қағаздарына жұмсаған ақша қаражаттары болып табылады.

Портфельдік инвестицияны жүзеге асыру барысында инвестор пайыз немесе дивиденд түрінде табыс алады және өтімді резервтерін қалыптастырады. Портфельдік инвестицияны уақытша бос ақша қаражаты бар банктер, инвестициялық компаниялар және фирмалар жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасында портфельдік инвестициялардың құрылымында корпоративтік бағалы қағаздарға қарағанда мемлекеттің бағалы қағаздарына жұмсалымдардың үлесі біршама жоғары. Оның себебін мемлекеттің бағалы қағаздарына салынған қаражаттың сенімділігін, яғни тәуекелге ұшырамайтынан көруге болады. Ал корпоративтік бағалы қағаздар қаншалықты табысы жоғары болса, соншалықты олардың тәуекелі де жоғары болып келеді.

2) Нақты капитал (капитал жасайтын) инвестициялар материалдық өндіріске материалдық-заттай қызмет түрлерін ұзақ мерзімді қаражат салу немесе басқаша айтқанда, жұмыс жасап отырған кәсіпорындарды қайта құру және техникалық жағынан қайта қаруландыруға, жаңа кәсіпорындар салуға жұмсалған инвестициялар. Бұл жерде инвестор-кәсіпорын өзінің капиталын, соның ішінде негізгі өндірістік қорларын ұлғайту мақсатында жұмыс жасайды.

3) Материалдық емес активтерге салынган инвестициялар кәсіпорынға, жобаларға және қандай да бір істі бастауға қажет құқықтарға, лицензияларға, ноу-хау, мүлікке және басқа да ғылымитехникалық өнімдер нысанындағы ақшалай емес инвестициялар.

Инвестициялау негіздері

Подняться наверх