Читать книгу Инвестициялау негіздері - Гүлназым Супугалиева - Страница 6

2. тарау
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ
2.1. Инвестициялық қызмет: мазмұны, объектілері мен субъектілері

Оглавление

ҚР заңына сәйкес инвестициялық қызмет – инвестициялауды жүзеге асыру процесімен байланысты кәсіпкерлік қызметті сипаттайды.

Кейбір экономикалық әдебиеттерде инвестициялық қызмет – пайда табу немесе қандай да бір тиімділікке қол жеткізу мақсатында инвестиция жұмсау және іс-тәжірибелік әрекеттер ретінде түсіндіріледі.

Жалпы инвестициялық қызметті екі жақты түсінуге болады. Кең мағынада инвестициялық қызмет – инвестициялық бағдарламалар мен жобаларға қаражат немесе капитал жұмсау, сондай-ақ инвестициялық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға байланысты іс-тәжірибелік әрекеттердің жиынтығын, ал тар мағынада инвестициялық қызмет – инвестициялық процесті білдіреді.

Инвестициялық қызметке ықпал етуші факторларды төмендегідей екі топқа бөліп қарастыруға болады:

1-топ. Макродеңгейдегі немесе барлық сыртқы факторлар:

• салық жүйесінің жетілдірілу дәрежесі;

• инвестициялық қызметтің нормативтік-құқықтық жағынан қамтамасыз етілуі;

• инвестициялық қызметке мемлекеттің қатысу дәрежесі;

• инфляция деңгейі;

• бюджет тапшылығы;

• экономиканың даму жағдайы;

• қаржы-несие саясатын жетілдіру дәрежесі;

• мемлекеттің экономикалық, соның ішінде инвестициялық саясаты;

• қоғамдағы әлеуметтік және саяси жағдайлар;

• нарықтық қатынастардың жетілдірілу дәрежесі;

• еркін экономикалық аймақтардың болуы;

• шетел капиталын тарту үшін қолайлы жағдай жасау;

• инвестиция жұмсаудың тәуекелділік дәрежесі;

• мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау. Осылардың ішінен инвестициялық қызметке кейбірінің ықпал ету тетігін қарастырайық.

Бұл факторлардың барлығы бір-бірімен өзара байланысты деген түйінге келсек, онда олардың барлығы бірдей тек қана инвестициялық қызметке ғана емес, сондай-ақ елдегі жалпы экономикаға да ықпал етеді.

Ел экономикасының жағдайы мен оның даму үрдісі – бұл инвестициялық қызметті жүзеге асырушы мемлекеттің және барлық шаруашылық субъектілерінің қаржылық мүмкіндігін анықтайтын негізгі фактор.

Елдегі экономика жағдайы ЖҰӨ, ЖІӨ, ұлттық табыс, мемлекеттік бюджет шамасы мен оның тапшылық деңгейі, инфляция деңгейі, экспорт көлемі және оның құрылымы сияқты және басқа да көрсеткіштердің үрдісін анықтауға мүмкіндік жасайды. Инвестициялау үшін қажетті ресурстарды бөлетін мемлекеттің, шаруашылық субъектілердің және коммерциялық ұйымдардың мүмкіндіктері ЖІӨ, ЖҰӨ және ұлттық табыстың шамасына байланысты.

Экономиканың даму қарқыны қолда бар күш-қуатты тиімді пайдалануға және инвестиция жұмсау қарқынына да тікелей байланысты екені белгілі. Әрине бұл жерде экономика қарқынының өсуі инвестициялық жұмсалымға қарағанда ілгері болуы қажет.

Инфляция бұл инвестициялық қызметке ықпал етуші негізгі фактор ретінде экошмиканьщ жағдайына тікелей байланысты, ятни тұрақты экономика немесе экономикалық өсу тұсында оның деңгейі төмендейді немесе керісінше. Бұл жерде инфляция процесі мен банктік несие мөлшерлемесінің арасында тығыз байланыс бар екенін айта кету қажет. Ендеше инвестицията деген сұраныс қисыты банктік пайыз мөлшерлемесіне (Мп) және инвестицияның жұмсалымынан күтілетін таза пайданың нормасына (Нп) тікелей байланысты (1-сурет).


1-сурет. Инвестицияға деген сұраныс қисығы


1-суреттен көріп отырғанымыздай, қаншалықты банктік пайыз мөлшерлемесі жоғары болса, соғұрлым инвестицияға деген сұраныс төмен немесе инфляцияға деген сұраныс пен күтілетін таза пайда нормасының арасында да сондай байланыс бар. Әрине бұл жерде егер таза пайда нормасы банктің пайыз мөлшерлемесінен жоғары болса, яғни Нп> Мп, онда экономикаға инвестиция жұмсау тиімді. Сондай-ақ керісінше, егер күтілетін таза пайда нормасы пайыз мөлшерлемесінен жоғары болса, яғни Мп > Нп, онда мұндай жағдайда инвестиция жұмсау тиімсіз.

Пайыз мөлшерлемесінің екі түрі болады: нақты және номиналды.

Нақты номиналдыдан инфляция деңгейіне қарай ажыратылады, яғни:

МНАҚ = МНОМ – Им,

мұнда МНАқ – нақты банктік пайыз мөлшерлемесі;

МНОМ – номиналды банктік пайыз мөлшерлемесі;

ИМ – инфляция деңгейі.

Айта кететін жәйт, бұл жерде инвестициялық шешім қабылдауда номиналдық емес нақты пайыз мөлшерлемесінің рөлі маңызды. Мысал, 2 млн теңге сомасында жұмсалынған инвестиция, 20 % нақты күтілетін пайда нормасын әкелуі тиіс, ал номиналды банктік пайыз мөлшерлемесі – 25 %. Былай қарасақ, инвестиция жұмсау пайдасыз сияқты. Бірақ та инфляция деңгейі жылына – 10 %-ды құрасын. Бұл дегеніміз инвестор теңгемен төлеген жағдайда, оның сатып алу құны – 10 % төмендейтінін көрсетеді. Егер номиналдық пайыз мөлшерлемесі – 25 % болса, онда нақты пайыз мөлшерлемесі 15%ды құрайды (25-10). Ендеше бұл 15 % – нақты мөлшерлемені, 20 % – күтілетін таза пайда нормасымен салыстырып, инвестициялаудың тиімділігін көруге және оны жүзеге асыруға болады деген шешімге келеміз. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей егер бағаның жылдық өсуі 40 %, ал айлық өсуі – 2,8 %-дан аспаған жағдайда ғана қаржылық тұрақтылық қалыптасады. Егер ол жоғары болса, онда өндіріске жұмсалынатын инвестиция шамасы күрт азайып, нәтижесінде экономика мен елдің жағдайы нашарлайды.

Келесі бір маңызды фактор салық жүйесінің жетілдірілу дәрежесі. Қазіргі жағдайда әсіресе, өндіруші кәсіпорындар үшін салықтың мөлшерлемесі әлі де болса (қосылған құнға салынатын салықтан басқасы) жоғары мөлшерде қалуда. Бұл салықтардың бәрі (өнімнің өзіндік құнына кіретіні және бағасына қосылатындары) жұмыс істеп отырған кәсіпорынның қаржылық нәтижесіне – таза пайдасына әсер етіп, ең соңында кәсіпорынның пайда есебінен инвестициялау мүмкіндігін азайтады.

Америкалық ғалымдар теория және практика негізінде бюджетке салықтардың түсуі салықтық мөлшерлемеге байланысты деген тұжырымға келген.

Бұл шынында да солай. Негізінен салық мөлшерлемесін белгілеген кезде мынадай принциптерді сақтау қажет:

– салық мөлшерлемесінің деңгейі салық төлеушінің мүмкіндігін, яғни оның табыс деңгейін есепке ала отырып, белгілінуге тиіс. Бұл принцип отандық салық салу тәжірибесінде орындалмайды;

– салық төлеушіге жалпы салықтық ауыртпалыққа қарай барлық салықтардың түрлері бойынша мөлшерлемесі болуы тиіс;

– салық мөлшерлемесі елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайларға байланысты жиі қайта қаралып отыруы тиіс;

– салық мөлшерлемесі өндірістің өсуін ынталандырып, еңбекке деген ынтаны артыруы және қоғамның кедей табын қорғауға тиіс.

Салық жүйесін жетілдірудің басты бағыты – инвестицияларын жұмыс істеп отырған өндірісті қайта құруға, техникалық жағынан қайта жарақтау және кеңейтуге бағыттайтын кәсіпорындар үшін табысына салынатын салыққа жеңілдік белгілеуді қамтиды. Мұндай салықтық жеңілдік нарық экономикасы дамыған елдердің көпшілігінде маңызды орын алады.

Инвестициялық қызметке елдегі шағын және орта бизнестің дамуы да ықпал етеді. Себебі, олардың дамуынсыз кез келген экономиканың қызмет етуі және дамуы мүмкін емес екені белгілі.

Инвестициялық қызмет белгілі бір мөлшерде болсын оған мемлекеттің қатысу дәрежесіне де байланысты. Сондықтан да мемлекет бұл жерде тек инвестициялық саясатты жасаушы ғана, сол сияқты оны іске асырушы, яғни бюджет осыған байланысты белгілі бір қаражатты жоспарлай отырып, оны тиісті бағытына пайдаланушы ретінде қатысуға тиіс.

Бұл аталған факторлар сондай-ақ микродеңгейдегі инвестициялық қызметке де әсер етеді.

2-топ. Микродеңгейдегі немесе ішкі факторлар:

• кәсіпорынның ауқымы (мөлшері);

• кәсіпорынның қаржылық жағдайы;

• амортизациялық аударымдарды есептеу тәсілдері;

• кәсіпорынның ғылыми-техникалық саясаты;

• кәсіпорынның инвестициялық саясаты;

• шаруашылықтың ұйымдастырылу-құқықтық нысаны. Кәсіпорынның мөлшері инвестициялық қызметтің ауқымына тікелей ықпал етеді, себебі, ірі кәсіпорындардың орта немесе шағын кәсіпорындарға қарағандағы қаржылық мүмкіндіктері өте жоғары болып табылады.

Кәсіпорынның инвестициялық қызметі экономикалық, соның ішінде инвестициялық саясатқа тікелей байланысты. Егер кәсіпорын техникалық жағынан қайта жарақтау және қайта құруды жоспарлайтын болса, онда олардың қаржыландыру көздерін қарастырады.

Жоғарыда аталған факторлардың барлығын объективті және субъективті факторлар деп бөлуге болады. Объективті факторларға мемлекеттің (үкіметтің) және кәсіпорынның қызметіне байланыссыз факторлар жататын болса, мысалға, стихиялық залалдар, басқа мемлекеттердегі қаржы дағдарыстары және т.с.с. Ал субъективті факторларға мемлекет пен кәсіпорынның қызметіне тікелей тәуелді факторлар жатады.

Инвестициялық қызметтің объектілеріне экономиканың барлық салаларындағы жаңадан құрылған және жаңғыртылған негізгі қорлар мен айналым құралдары, бағалы қағаздар, мақсатты ақшалай салымдар, ғылыми-техникалық өнімдер, интеллектуалдық құндылықтар, меншіктің басқа да құндылықтары, сондай-ақ мүліктік құқықтар жатады.

Инвестициялық қызмет субъектілеріне заңды және жеке тұлғалар, соның ішінде шетелдік тұлғалар, мемлекет және халықаралық ұйымдар жатады.

Инвестициялық қызмет субъектілерін мынадай категорияларға бөліп қарастырады:

1. Инвесторлар (қаражат салушылар), соның ішінде:

– салымшылар;

– тапсырыс берушілер;

– несие берушілер;

– сатып алушылар;

2. Мердігерлер (жұмысты атқарушылар).

3. Жабдықтаушылар.

4. Мемлекет.

5. Халықаралық қаржы-несие ұйымдары.

Инвестициялау негіздері

Подняться наверх