Читать книгу Инвестициялау негіздері - Гүлназым Супугалиева - Страница 7

2. тарау
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ
2.2. Инвестициялық саясат типтері

Оглавление

Кәсіпкерлік қызмет пен экономиканың дамуына ықпал ететін негізгі құрал инвестициялық саясат болып табылады.

Инвестициялық саясат көмегімен мемлекет өндіріс көлемінің қарқынына, ҒТП-ні жеделдетуге, қоғамдық өндіріс құрылымына және көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге тікелей ықпал ете алады.

Инвестициялық саясат ұғымынан бұрын «саясат» сөзінің мәніне тоқталайық. Саясат – бұл (грек тілінен роШіке деген сөзден шыққан, аударғанда мемлекетті басқару өнері) қоғамдық қызмет түрінде түсіндіріледі.

Ал саясатты инвестициялық қызметпен байланыстыратын болсақ, онда ол инвестициялық процесті ұйымдастыру шараларын сипаттайды.

Инвестициялық саясат – бұл инвестициялық қызметті жандандыру, экономііканы дамыту, өндірістің тиімділігін арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында барлық шаруашылық субъектілері үшін қолайлы жағдай жасау барысында мемлекеттің жүргізетін шараларының жиынтығы.

Жалпы алғанда мемлекет инвестициялық қызметтің жандануына мынадай құралдар көмегімен ықпал етеді:

– несие саясаты;

– қаржы саясаты;

– салық саясаты;

– амортизациялық саясат;

– ғылыми-техникалық саясат.

Мұндағы амортизациялық саясат мемлекеттің ғылыми-техникалық және инвестициялық саясатымен тығыз байланысты. Мемлекет амортизациялық аударымдарды есептеу және пайдалану тәртібін белгілей отырып, бірінші кезекті негізгі өндірістік қорлардың жаңару жылдамдығын, ұдайы өндірістің қарқыны мен сипатын реттейді.

Амортизациялық саясатты жасау барысында мемлекет мынадай принциптерді ұстанады:

1) инфляция жағдайында негізгі қорларды қайта бағалау дер кезінде және дұрыс жүзеге асырылуы тиіс;

2) негізгі қорлардың қызмет ету сипатына қарай амортизациялық аударымдар нормасы әр түрлі және олар моральдық және заттай тозуды есепке алуы тиіс;

3) амортизациялау нормасы қарапайым өндіріс үшін жеткілікті болып қана қоймай, сондай-ақ ұдайы өндірісті ұлғайтуға жағдай жасауы керек;

4) мортизацияны жеделдетуді жүзеге асырушы барлық кәсіпорындарға мүмкіндік берілуі тиіс;

5) амортизациялық саясат негізгі қорлардың жаңаруына және ҒТП-нің жеделдетілуіне қолдау көрсетуге тиіс;

6) амортизациялық саясатты дұрыс жүргізетін коммерциялық кәсіпорындарға көбірек құқық берілуі керек.

ҚР-да амортизациялық аударымдарды есептеу ҚР салық кодексінің 110-бабында көрсетіліп берілген.

Инвестициялық саясаттың мақсаты мен міндеттері болады.

Мақсаты – елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының стратегиялық жоспарын іске асыру.

Міндеттері:

– шаруашылықтың жекелеген салаларының дамуына қолдау көрсету;

– әскери-өнеркәсіп кешенін конверсиялауға байланысты бағдарламалар жасау;

– отандық өнімдердің бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету;

– шағын және орта бизнестің дамуын қолдау;

– экспорт өндірісін дамыту;

– экономиканың барлық салаларының дамуында тепе-теңдікті қамтамасыз ету;

– елдегі тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру.

Мемлекеттіңинвестициялық саясатынанбасқа салалық, аймақтық және жекелеген шаруашылық субъектілерінің инвестициялық саясаттары болады. Бұл саясаттардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ барлығын анықтаушы мемлекеттік инвестициялық саясат болып табылады. Инвестициялық саясаттың өзара байланыстары 2-сызбада беріледі.


2-сызба. Инвестициялық саясаттардың байланысы


Аймақтық инвестициялық саясат – кез келген бір аймақтың тұрғындары мен жекелеген инвесторлардың мүдделеріне сай инвестициялық ресурстарды жұмылдырып, оларды тиімді пайдалану бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретін аймақ деңгейінде жүргізілетін шаралар жиынтығы.

Аймақтық инвестициялық саясат төмендегідей факгорларға тәуелді болып келеді:

– сол аймақта жүргізілетін экономикалық және әлеуметтік саясатқа;

– сол аймақтың иелігінде бар өндіріс қуатының шамасына;

– жағрафиялық орналасу жағдайына;

– табиғи-ахуал жағдайына;

– шетелдік инвестицияларды тартудағы аймақтың тартымдылығына.

Аймақтағы инвестициялық қызметті басқару жүйесінің негізгі міндетгерше мыналар жатады:

– инвестициялық нарықтың инфрақұрылымын құру;

– инвестицияға қаражат жұмсаудың басты бағыттарын анықтау;

– бюджеттен тыс көздерден, соның ішінде халықтың бос қаражаттары, шет ел және басқа да аймақтардың инвестицияларын тартуға жағдай жасау;

– аймақтық инвестициялық нарықтың халықаралық инвестициялық ресурстар нарығымен байланысуын қамтамасыз ету.

Аймақтық инвестициялық саясат аймақтағы экономиканы көтеруге және өндірістің тиімділігін арттыруға, өзін-өзі қаржыландыруды қамтамасыз етуге және аймақтың алдағы уақытта дамуына жақсы қадам жасауын бағытталады.

Экономиканы дамытуда және өндірістің тиімділігін арттыруда салалық инвестициялық саясаттың ролі маңызды. Ол жекелеген салааралық кешендер және экономиканың саласы деңгейінде жасалады.

Салалық инвестициялық саясат – ағымдағы және алдағы уақыттардағы ел экономикасының дамуын және ҒТП-ні жеделдетуді, дайын өнімді экспортқа шығаруды, елдің экономикалық және қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін шаруашылық салаларын таңдап алып, оларға инвестициялық қолдау көрсету шараларын сипаттайды.

ҚР-да экономиканың жекелеген салаларына қатысты инвестиция тартуға мемлекет тарапынан өзіндік қолдау көрсетіледі. ҚР Президентінің жарғысына сәйкес тікелей отандық және шет елдік инвестицияларды тарту үшін біршама маңызды экономика секторларының тізімі анықталған. Оларға мыналар жатады:

– өндірістік инфрақұрылым;

– өндеу өнеркәсібі;

– Ақмола (қазіргі Астана) қаласының объектілері;

– Тұрғын үй, әлеуметтік сала және туризм объектілері;

– Ауыл шаруашылығы.

Жекелеген шаруашылық субъектілерінің (кәсіпорындардың) инвестициялық саясаты – ағымдағы және алдағы уақыттары кәсіпорын жұмысында қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу мақсатында инвестицияға меншікті, заемдық және басқа да қаражаттарды жұмсау тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын шаралар жиынтығы.

Кәсіпорынның инвестициялық саясаты оның іскерлік жоспарына байланысты жасалады. Егер ондай жоспар болмаса, онда инвестициялық саясат туралы сөз болуы да мүмкін емес.

Кәсіпорында инвестициялық саясатты жасау барысында мынадай принциптерді ұстанады:

– кәсіпорынның стратегиялық жоспарының мақсаты мен оның қаржылық тұрақтылығына қол жеткізу;

– инфляция мен тәуекелдер факторын есепке алу;

– инвестицияның қажеттігін экономикалық негіздеу;

– портфельдік және нақты инвестициялардың ықшамды құрылымын қалыптастыру;

– маңыздылығына қарай жобаларды іріктеу және қолда бар ресурстар және шет елдің ресурс көздерін есепке ала отырып инвестициялау;

– инвестицияларды қаржыландырудың ең арзан және тұрақты көздері мен әдістерін таңдау.

Мұндай және басқа да принциптерді ескеру кәсіпорындардың инвестициялық саясаттарын жасау барысында қате жіберуден және қате есептеуден сақтануға мүмкіндік жасайды.

Инвестициялау негіздері

Подняться наверх