Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов - Страница 1
КІРІСПЕ
ОглавлениеТөрт кітаптан тұратын «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» республика университеттеріндегі 5В020300 – Тарих мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арналған. Ол екі оқу курсынан тұратын пәнді оқытуды қамтиды. Олардың алғашқысы – «Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы» курсы болса, екіншісі – «Қазақстанның жаңа және қазіргі заманғы тарихы». Оқулықтың төрт кітабының аттары да осыған сәйкес белгіленген. 2 кітапта пәнді оқыту бағдарламасына сәйкес хронологиялық жағынан тас дәуірі мен ХVІІІ ғасырдың басындағы Қазақстан аумағындағы тарихи, этно-саяси және мәдени үдерістерді қамтиды.
Ол бірнеше бөлімнен тұрады. Бірінші, екінші, үшінші бөлімдер І томның бірінші кітапқа енген. Бірінші бөлім тарихқа дейінгі Қазақ даласындағы, яғни тас, қола дәуіріндегі тарихи үдерістерді қамтиды. Бұл кезеңде адамның пайда болуы, қалыптасуы және алғашқы адамдардың Қазақстан аумағына қоныс аударуы мен халық ретінде орнығып, қалыптасу үдерісі жүрді. Қазақстандағы қола дәуірі мәдениетінің дамуындағы, таралуындағы өзіндік ерекшеліктер курсты оқытуда айқын байқалады. Аридтық табиғи-географиялық жағдай көшпелі тұрмыс пен көшпелі мал шаруашылығына өтуге өз әсерін тигізді. Көшпелі өркениеттің Қазақстан аумағындағы халық қауымдастығын қалыптастырудағы маңызды рөлі мен орны осы оқу курсында жан-жақты және нақты ашылған.
Екінші бөлімде Кдзақстан территориясында ерте темір дәуіріндегі алғашқы мемлекеттік құрылымдардың қалыптасу және өркендеу мәселелері қарастырылады. Бұл кезеңде Орталық Азияда прототүрік, яғни арғытүрік этникалық бірлестіктері әрекет жасап, олар болашақ түркілер қауымдастығының орнығуларына қажетті негіздер қалады.
Үшінші бөлім Орталық Азиядағы және Қазақстан аумағындағы түркі мемлекеттерінің этносаяси мен мәдени тарихына арналған. Мұнда Орталық Азия аймағынан бастау алып, Қазақстан аумағын атақоныстарына айналдырған әр түрлі қағанаттар мен елдердің және мемлекеттік бірлестіктердің аса күрделі тарихи тағдырлары нақты әңгіме болады. Бұл үдерістер ерте орта ғасырларды (VI ғасырдың ортасынан-ХІІ ғасырды), яғни Қазақстан территориясында моңғол шапқыншылығына дейін бірін бірі ауыстырған Батыс түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанаттары, Оғыздар, Қарахандар, Қимақтар және Қыпшақтар мемлекеттері өмір сүрген кезеңді қамтиды. Еуразия құрлығының бөлінбес бөлігі ретінде Қазақстанның басқа түркі тілдес халықтармен ортақ тарихы және жалпы мәдениеті курста баяндалған. Мұнда арғықазақтарды (протоқазақтарды) қалыптастырған этно-әлеуметтік және этно-саяси үдерістер, Жалайыр, Найман, Керей, Қоңырат, Алшын, Қыпшақ, Қаракесек тәрізді Алаш қауымдастығының негізін қалаған тайпалар мен тайпалық одақтардың қалыптасу және қазіргі Қазақстан аумағына орнығу тарихы жан-жақты айтылған.
Ал, төртінші, бесінші бөлімдер екінші кітапқа енген. Төртінші бөлім соңғы орта ғасырлардағы қазіргі Қазақстан аумағындағы және оған көрші аймақтардағы ХІІІ ғасыр басынан ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегіне дейінгі орын алған оқиғаларды қамтиды. Бұл кезеңде ежелгі Оғыз және Қыпшақ далаларының Моңғол мемлекеттік жүйесіне (ХІІІ ғ.) кіруі, моңғол мемлекеттік құрылымы мен ұлыстарының ХІV-ХV ғасырлардағы Қазақстан территориясындағы жаңа саяси құрылымының қалыптасуын қарастыра келе, ХV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылуымен аяқталады. Бұл маңызды кезең шын мәнінде «Үш сан Алаш», «Алты сан Алаш» атты этно-әлеуметтік бірлестіктердің этно-эволюциялық тұрғыдан нығайып, жаңа «Қазақ» атты елді тарих сахнасына шығаруына алып келді. Оқулықта міне осы маңызды мәселеге арнайы мән берілген.
Бесінші бөлімде Қазақ хандығының XV ғасырдың ортасындағы – ХVІІІ ғасыр басындағы Орталық Азияда елеулі рөл атқарған орталықтанған мемлекет, біртұтас этносаяси организм ретіндегі орны мен рөлі ашылып көрсетіледі. Мұнда аса маңызды мәселе – Алаш қауымдастығы негізінде орныққан Қазақ халқының мемлекет құрушы елге айналу тарихы жан-жақты қарастырылған. Бұл бөлім қазақ жүздерінің шығу себептерін талдай келе, Кіші жүз қазақтарының Ресей империясы құрамына кірген кезеңімен аяқталады. Осы уақыттан бастап қазақ халқы жаңа да күрделі геосаяси жағдайға кезікті. Енді оның отар елге тән, Ресей құрамындағы интеграция үдерісі басталды. Соңғы алтыншы бөлімде қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы мен мәдениеті, қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық қатынастарының ерекшеліктері, саяси мемлекеттік құрылымы қарастырылады.
Алғашқы студенттік курста оқытылатын бұл пәннің мақсаты: Қазақстан территориясындағы ежелгі дәуірден ХІІІ ғасырдың басына дейінгі тарихи үдерістің негізгі кезеңдері және ерекшеліктері туралы толық түсініктер беру. Тиянақты түрде және сан қырлы негізде қазақ халқының шығу тегіне қатысты мәселені айқындап, қазақ мемлекеттілігінің шығуының және қалыптасуының тарихи сатыларын және оның өркендеу ерекшеліктерін, этникалық территориясының қалыптасу және қазақтың ұлттық мәдениетінің қайталанбас ерекшеліктерін ашып көрсету.
Осыған байланысты төмендегідей міндеттер қойылады:
Қазақстанның қазіргі тарих ғылымының жетістіктеріне сүйене отырып хронологиялық тұрғыдан студенттерді мол фактологиялық материалдармен таныстыру;
– Қазақстан аумағындағы ежелгі дәуірдегі және орта ғасырлардағы тарихи-этномәдени үдерістердің негізгі кезеңдерін және олардың өзіндік сипатын айқындау;
– «Көшпелілік өркениеті» феноменінің мазмұнын, оның қазақ халқының өміріндегі маңызын ашу;
– түркі этно-саяси құрылымдарының қалыптасу ерекшеліктерін ашу;
– қазақ халқының этногенезінде маңызды рөл атқарған қыпшақ және оғыз этно-саяси үдерістерінің ықпалдарын көрсету;
– Ұлы Жібек Жолының ежелгі және ортағасырлық Қазақстан аумағының саяси, экономикалық және мәдени өміріне қосқан үлесін айқындау;
– моңғол шапқыншылығы қарсаңындағы Қазақстан аймағының саяси, экономикалық және мәдени дамуы туралы тиянақты түсінік қалыптастыру;
– кейінгі орта ғасырлар кезеңіндегі (ХІІІ ғ. басы-ХVІІІ ғ. алғашқы ширегі) Қазақстандағы этно-саяси дамудың бұрынғы түркілік кезеңмен (VІ-ХІІ ғғ.) тарихи сабақтастығын, бөлінбес өзара тығыз байланыстылығын көрсету;
– қазақ халқының қалыптасуының жалпы этно-тарихи заңдылықтарын және осыған байланысты үдерістердің өзіндік ерекшеліктерін ашу;
– студенттерді Қазақстан медиевистикасындағы моңғол жаулаушылығының салдары мен қорытындылары туралы, Ақ Орда және Көк Орда жайлы тарихи концепциялар, қазақ халқының этногенез мәселесіне қатысты, көшпелі халықтар мемлекеттігінің сипаты туралы және т.б. жөніндегі негізгі ғылыми көзқарастардан хабардар ету;
– қазақтардың ұлттық мәдениетінің қалыптасуының өзіндік ерекшеліктерін көрсету және студенттерді қазақтардың бай материалдық, рухани мәдениетімен, сондай-ақ ауыз әдебиетімен таныстыру;
Оқулықты дайындау барысында төмендегідей зерттеу әдістері мен тәсілдері басшылыққа алынды:
– деректердің тарихи шынайылығын тарихи салыстырмалы зерттеу әдісін басшылыққа алу арқылы анықтау;
– тарихи оқиғаларға тарихи-салыстырмалы және аналитикалық талдаулар негізінде баға беру;
– қазіргі тарих ғылымындағы жаңа көзқарастар мен тың ой-тұжырымдарды басшылыққа алу;
– тарихи деректер мен пікірлердің объективтілігі мен субъективтілігін айқындау.
Студенттерге ұсынылып отырған оқулықтың маңызы мынада: күні бүгінге дейін тарихшы мамандар мемлекет құрушы қазақ халқының этногенезін тарихи сабақтастықта жүйелі түрде баяндайтын оқулықты дайындай алған жоқ. Жазылған еңбектерде ежелгі дәуірдегі этникалық құрылымдардың (мысалы, ғұндардың, сарматтардың, сақтардың, үйсіндердің және қаңлылардың) бүгінгі қазақ халқын қалыптастырудағы тарихи орны мен рөлі айқындалмаған. Өткен ғасырлардағы тарихи этнонимдер кейінгі қазақ халқының этникалық құрылымында да кездесетініне қарамастан осы үдерістерден тарихи сабақтастықты іздестіру қолға алынбай отыр.
Қазақстан жерінде байырғы дәуірлерде мекендеген халықтардың қазіргі қазақ халқын қалыптастырудағы орны мен маңызы жүйелі түрде баяндалуы керек еді. Әр түрлі тайпалық одақтар шын мәнінде қазақ халқын құраған рулар мен тайпалардың тарихи бастаулары болып табылатынын күні бүгінге дейін жеріне жеткізіп айта алмай отырмыз. Сондықтан да шетелдік зерттеулер қазақ халқының тарих сахнасына шығуын қазақ этнонимі пайда болған XV ғасырдың ортасынан бері қарай қарастырады. Біз ұсынып отырған оқулықта осы кемшілікті жоюға байланысты зерттеулер мен ой-пікір, тұжырымдар басшылыққа алынып, қазақ халқының ежелгі этникалық тарихы кейінгі кезеңдермен байланыстырыла баяндалды.
Қазіргі кезеңде кейбір саясаткерлер, шетелдік зерттеушілер тәуелсіз Қазақстанға дейін қазақ халқында мемлекеттілік болған жоқ деген пікірді айтуда. Зерттеушілердің арасында Қазақстан аймағын Қырғыз қағанатының, Моңғол империясының немесе Ұйғыр қағанатының құрамындағы саяси құрылым ретінде қарастырып жүргендер де бар. Қазақ жерінің едәуір бөлігін Қытай мемлекетінің құрамына енгізіп, осылайша тарихты бұрмалап оқытатын шетелдіктер де кездеседі. Осындай әрекеттердің бәрі – Қазақстан жеріндегі ежелгі және орта ғасырлардағы мемлекеттік құрылымдардың (әр түрлі елдердің, қағанаттардың және ордалардың) тарихын сабақтастықта және жүйелі түрде қарастырмаудың салдары. Өкінішке орай, ең алдымен мұндай мемлекеттік құрылымдардың этникалық және саяси-әлеуметтік жалғастықтары, тығыз байланыстары назардан тыс қалып келеді. Сонымен бірге, әлі күнге дейін қазақ хандығының құрылу мерзімі зерттеушілердің өз арасында алуан түрлі пікірлер туғызуда. Біздің ойымызша, бұл мәселеде әйгілі тарихшымыз Мұхаммед Хайдар Дулатидың атап көрсеткен тарихи мерзіміне тоқталған жөн.
Тарихымызда отарланған Қазақстанның және ондағы ұлт-азаттық қозғалыстарының сипатын жаңа көзқараспен, ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыру да жетіспей жатыр. Кеңестік тоталитарлық жүйе жылдарындағы жазалау механизмінің Қазақстандағы өзіндік ерекшеліктері де толық баяндалып біткен жоқ. Осындай тарихи олқылықтардың орнын толтыратын тарихымызды шынайы да объективті жаңа көзқараспен баяндайтын оқулықты тарихшы мамандарға ұсыну – бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі. Яғни қолда бар зерттеулерді және тарихи деректерді сыннан өткізу арқылы жоғарыдағыдай кемшіліктерді тарихымызда жоюға бағытталған іс-әрекеттерге баруымыз керек. Онсыз тәуелсіз Қазақстанның қадір-қасиетін, халқымыздың тағдырындағы тарихи маңызын айқын түсіну қиын.
Сондықтан да осындай аса өзекті мәселелерге түсіністікпен қарай отырып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының ғалымдары мен оқытушылары жаңа оқулық жазуды қолға алды. Біз бұл оқулық тарихты баяндаудың үздік үлгісі деп айтудан аулақпыз. Десек те, егер де жоғарыда аталған және тағы да басқа тарихымыздағы қиыншылықтар біз ұсынып отырған осы оқулықта едәуір жөнделген болса немесе тарихшыларымыздың жеке зерттеулеріндегі тың және соны қағидалар айтарлықтай басшылыққа алынған болса, бұл оқулық өзінің мақсатына жетті деп ойлаймыз.
Алда, әрине тарихшыларымыз осы бағытта жұмыстар жасап, жаңа оқулықтарды дүниеге келтіретін болады. Оған ешқандай күмәніміз жоқ. Болашақта жазылатын Қазақстан тарихының оқулықтары тарихымызды жаңаша бағалап, жас ұрпаққа патриотттық және отаншылдық тәрбие берудің, жаңа тарихи сананы қалыптастырудың басты негізіне айналуы тиіс. Егер де осындай игі мақсатқа жетер жолда біз ұсынып отырған оқулық болашақта қазақ тарихынан жазылатын оқу құралдарына бағыт-бағдар беруші бастау рөлін атқарар болса, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп ойлаймыз.
Бұл маңызды пәнді оқыту болашақ тарихшы студенттерде төмендегідей білім негіздерін, дағдыларды және бейімділікті қалыптастыруы тиіс:
– тарихи эволюция және үдерістер заңдылықтарын дұрыс түсіну, тарихилық ұстанымы негізінде өткенімізді талдай білу;
– ғылыми тұрғыдан сауатты зерттеу жұмыстарын (конспект, аннотация, реферат, баяндама, эссе, бітіру жұмысын, диссертация) жаза білуге және оларды дұрыс рәсімдеуге дағдылану;
– деректер мен пікірлерді талдау барысында қалыптасқан өзінің қорытындыларын салиқалы және логикалық тұрғыдан қисынды негіздей білу;
– семинар сабақтарына дайындалу және өзіндік жұмыстар жасау барысында ғылыми әдебиетке дербес, сын көзбен жаңаша талдаулар жасай білу;
– тарихи деректерді деректанулық зерттеу әдістерімен жіктеп, салыстырмалы түрде талдай білу;
– көрнекіліктің әр түрлі құралдарын, кестелерді, сызбаларды, диаграммаларды, тарихи карталарды оқу үдерісінде және зерттеу жұмыстарында дұрыс қолдана білуге дағдылану және оны жазбаша немесе ауызша жауап беруде тиімді пайдалана білу;
– тарихи білімнің теориялық, методологиялық, қолданбалы және бағалаушылық аспектілерін терең меңгеру, оларды күнделікті, сондай-ақ кәсіби өмірде нақты шешімдерді негіздеуде қолдана білу.
«Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» атты оқулықтың алғашқы томының негізгі идеясы – қазақ халқының және мемлекеттілігінің тарихи тамырының тереңде жатқанын, Орталық Азия және Қазақстан аумағындағы этносаяси және әлеуметтік үдерістердің қазақ халқын қалыптастыруға және топтастыруға, оның этникалық аймағын тұтастырып қалыптастыруға, қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін дамытуға орасан зор үлес қосқанын көрсету. Сондай-ақ, бұл маңызды үдерістердің болашаққа бағытталған күрделі де сабақтас ұзаққа созылған тарихи дамудың жемісі екендігіне бүгінде білім алып отырған болашақ тарихшылардың көздерін ғылыми негіздеу тұрғысынан жеткізу.
Авторлар ұжымы төмендегідей тақырыптар бойынша жұмыстар жасады:
Орталық Азиядағы түркі тайпалары ұлыстарының картасын деректер негізінде дайындаған және алғы сөз жазған – Т.О. Омарбеков;
1 бөлім, 1 тарау – Т.О. Омарбеков, С.К. Удербаева, Н.А.Тасилова (§ 1), Т.О. Омарбеков (§§ 2-3), ІІ бөлім, 1 тарау – Е.Н. Ноянов (§§ 1-3, 6) Т.О. Омарбеков (§§ 4-5,7-8); ІІ бөлім, 2 тарау – Е.Н. Ноянов (§§ 1-2), Т.О. Омарбеков (§§ 3-4); ІІІ бөлім, 1 тарау – Т.О. Омарбеков (§§ 1-2, 7), Т.О. Омарбеков, Н.Д. Нұртазина (§ 3), Г.Б. Хабижанова (§§ 4-5, 8), М. Байдаулетова (§ 6); ІІІ бөлім 2 тарау – Б.К. Рахимбекова (§ 1), Т.О. Омарбеков, Г.Б. Хабижанова, М. Өскенбай (§§ 2-3), Т Омарбеков (§§ 4-7), Г.Б. Хабижанова (§ 8); ІІІ бөлім, 3 тарау – Т.О. Омарбеков (§§ 1-2), Г Искакова (§ 3-4), Н.Д. Нұртазина, Г Искакова (§§ 5-6).
Оқулық мазмұны мен сапасын арттыруға байланысты ұсыныстар мен пікірлер kazkaf@bk.ru электронды почтасы арқылы қабылданады.