Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов - Страница 9
ІІ бөлім
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЕЖЕАГІ ТАРИХЫ (б.з.б. VII-IV ғғ.)
І тарау
ТҮРКІЛЕРДІҢ ЕЖЕЛГІ БАБАЛАРЫ (ПРОТОТҮРІКТЕР)
§ 3. Сақскиф тайпаларының көрші елдермен қарымқатынастары
ОглавлениеЕжелгі және ортағасырларда Еуразия даласында үстемдік еткен қуатты мемлекеттер мен империялардың билеуші тайпалары негізінен көшпелі тұрмыс кешкен. Көшпелі тайпалардың мекен еткен жерлері де ұлан-ғайыр аймақтарды алып жатқан. Бұған бірінші кезекте жайылымдық жерлерді көптеп қажет ететін көшпелі мал шаруашылығы себепкер болса, екінші кезекте көшпелі тайпалардың соғыс өнерінің артықшылығының тікелей қатысы бар.
Б.з.б. VІІ-ІV ғасырларда Еуразия далаларын мекендеген сақ-скиф тайпалары батысында Дон өзені мен Қара теңіз жағалауларынан бастап, шығыста Байкал көліне дейінгі аралықты, ал оңтүстігі Әмударияның сағасынан солтүстікке Батыс Сібір ойпаты аралығын мекендеген. Өз заманында бұл тайпалар шығыста орналасқан Мидия, Лидия мемлекеттерімен, кейіннен УІ ғасырларда қалыптасқан парсы империясымен тығыз байланыста болды. Б.з.д. 558 жылдар шамасында Кир II парсы патшасы ретінде билікке келген соң, 550 жылы Мидияны жаулап алып, сол елдің патшаларының лауазымдарын иеленеді. Сонымен бірге ол мидиялықтардың мемлекеттік басқару жүйесі мен мәдениетін қабылдайды. Сол себепті де көптеген ежелгі халықтар парсыларды мидиялықтар деп атаған. Мидияны жаулап алғаннан кейін Кир патша Парфияны өзіне бағындырады. Б.з.д. 546 жылы ол Вавилон мен Египеттің көмегіне қарамастан Лидияны жаулап алады. Сонымен бірге Кир 545 пен 539 жылдар аралығында Дранжананы, Маргиянаны, Хорезмді, Согдиянаны, Бактрияны өзінің империясының құрамына қосады. Осылайша Кир маңайындағы елдерді бағындырғаннан кейін, Вавилонға қарсы аттанады да, б.з.д. 539 жылы Вавилон Кирдің алдында тізе бүгеді. Өзі жаулаған аймақтардағы бүкіл сауда жолдарын қолына шоғырландырған Кир ендігі жерде өз империясының құрамына Египетті қосқысы келеді. Ол Египетке аттанбас бұрын, өз империясының оңтүстік шығыс бөлігін қауіпсіз ету үшін Орталық Азиядағы сақтарды тыныштандырмақшы болды. Бұдан бөлек Кирдің сақтарға қарсы соғыс ашуының себептеріне қатысты басқа да пікірлер бар. Енді сол мәселелерге назар аударайық.
Ежелгі шығыс тарихында «Парсы империясының солтүстік шығыс бөлігінде орналасқан көшпелі тайпалардың жасаған шабуылдары Ахемен империясының тұрғындары – отырықшы иран халқына зиян келтіріп отырғандықтан Кир патша қарсы әрекеттер жасауға мәжбүр болды», – деп көрсетіледі. Кирдің сақтармен қақтығысқа баруын бір ауыз сөзбен түсіндіре салу қиын. Парсы патшасының бұл іс-әрекетін бірнеше тұспалдаулар арқылы салыстыра қарастырған жөн.
Біріншіден, Кирдің алыс жорыққа аттану үшін өз елінің ішінде саяси тұрақтылық болуы керектігін жақсы түсінді. Өзіне көршілес жауынгер, көшпелі сақ тайпалары тұрғанда Кир патша елін тастап, алыс сапарға аттана алмады.
Екіншіден, Орта Азиядан қоныс аударған көшпелі тайпалардың Мидияны жаулап алып, Алдыңғы Азияда 28 жыл бойы билік құрғаны тарихтан белгілі. Бірақ көшпелілер өздері жаулаған отырықшы елдердің тұрмысына үйренісе алмай, 28 жылдан кейін отандарына қайта оралады. Кирдің сақтарға қарсы жорығы бір ғасыр бұрынғы көшпелілерге отырықшылардың кеткен еселерінің жауабы тәрізді болды. Сақтар иеленген территорияны өз еліне қосу, Кирдің бүкіл «әлемді бағындырамын» деген логикасының бір ұшықтары еді.
Бірақ сақ тайпаларының сол замандағы халықтардан үлкен артықшылығы болды. Ол – Көшпенділердің әскери өнерінің теңдесі жоқ жоғары дәрежеге көтерілуі еді. Сақ жауынгерлері өз заманында батырлық пен ержүректіліктің, қайсарлық пен әскери шеберліктің үлгісіне айналған. Деректерде жазылған сақтардың әскери өнеріне тамсану ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, сақтар жөнінде Геродоттың еңбегінен: «олардың жеріне басып кірген жаудың ешқайсысы қашып құтыла алмайды. Егер олар ашық соғысуды өздері қаламаса, ешкім оларды қуып жете де алмайды, себебі оларда қала да, бекініс те жоқ. Алайда олар өз баспаналарын өздерімен бірге ала жүреді, әрі олардың барлығы да ат үстінен садақты жақсы ататын мергендер. Азықты олар жерден емес, мал өсіруден табады. Осындай жағдайда олар қалай жеңімпаз болмасын», – деген жолдарды кездестіреміз. Геродот мидиялықтардың садақ ату өнерін сақтардан үйренгендігін жазады. Сақтардың ықпалымен, олардың соғыс өнерін ескеріп, Мидия патшасы Киаксар өз елінде тұңғыш тұрақты әскерді құрады. Сақтардың жауынгерлік тұрғыдағы мықтылығы мен ұлылығы туралы мәлімет Інжілде де кездеседі. Скиф (сақ) өзінің жауын өлтіргеннен кейін оның қанын ішеді. Содан кейін өзі өлтірген жауларының басын патшаға әкеп көрсетеді. Жауының басын әкелген жауынгер ғана соғыстан түскен пайдадан үлес алады. Ежелгі грек географы Дионисий Перигиэт осы сақтар туралы: «Согдиананың арғы жағында, Яксарттың (Сырдария) жағалауында сақтар өмір сүреді. Олар әлемдегі атқан оғын далаға жібермейтін ең шебер мергендер», – деп көрсетеді. Сақтардың соғыс өнерін мадақтайтын деректердегі мәліметтердің көптігі бұл мағлұматтардың жалған еместігін айғақтайды. Кир сақ жауынгерлерінің батылдығы мен әскери өнері жөнінде жақсы хабардар болған. Ол егерде парсы әскерінің қатарында жаугершілігімен аттары әлемге әйгілі сақ жауынгерлері болса, онда парсы империясының атақ даңқы мен күш қуаты жер жаратындығын білген. Сондықтан да осы бостандық сүйгіш халықты өз жағына тартудың амалын қарастыра бастаған. Сондықтан да Кир сақтарды өз әскерінің құрамында болуды тек күшпен бағындыру арқылы іске асады деп түсінген.
Сақ-парсы қақтығысына теориялық тұрғыдан келер болсақ: ежелден бері отырықшы өркениеттермен көшпелі өркениеттер бір-бірімен тығыз байланыста болғанын айтар едік. Бұл байланыс деректерде ең алдымен, мәдени, экономикалық тұрғыдан сипатталған. Б.з.д. VI ғасырда көшпелі сақ тайпаларының отырықшы көршілері Бактрия, Соғдиана, т.б. парсы империясына бағынатын аймаққа айналған. Бұның өзі сақ парсы қақтығысына алып келген алғышарттардың бірі болуы мүмкін.
Әйгілі грек тарихшысы Геродот: «Массагеттердің тұрмысы скифтерге ұқсас, киім кию үлгісі де бірдей. Олар майданда салт атты әскер ретінде де, жаяу әскер ретінде де соғыса береді. Қару түрінен кәдімгі садақпен қатар, найза мен айбалта кең тараған. Олардың бұйымдары көбіне алтын мен күмістен жасалады. Алайда найза, жебе мен айбалтаның темір бөлігін көбіне мыстан дайындайды. Адамның киімі, белдігі мен ілмешектерін алтынмен өрнектейді. Жылқыларына да мыс сауыт пен төсқағар кигізіп, әбзелдерін алтынмен әрлейді», – деп жазады21.
Кир үшін қайғылы аяқталатын сақтарға қарсы жорық 530 жылы, оның қартайған (70 жасқа таяу) шағында болды. Кир соғыс бастамас бұрын, сақ патшасы Томириске елші аттандырады: Кир Томириске құда түсіп, оны өзінің әйелі етіп алғысы келеді. Томирис Кирдің оған емес, оның еліне құда түсіп тұрғандығын сезеді де, елшілікті құр қол қайтарады. Мұндай қулыққа құрылған құдалықтан түк шықпағандығын байқаған Кир Әмудария өзенінің бойынан әскерлер өтетін көпірлер мен жауынгерлер тұрақтайтын орындар сала бастайды. Мұның өзі Кирдің сақ тайпаларын өзінің қатарына қосып алмай тынбайтындығын байқатады. Ол Сырдарияның жағалауына Куриштиш қаласының негізін қалайды. Ал сақ патшайымы Томирис болса, осы құрылыстарды тоқтатуды бұйырады.
Томирис патшайым. kazakhhistory.blogspot.com
Томирис өзінің адамы арқылы өзеннің бергі бетінен: «Мидия патшасы! өз райыңнан қайт. Көпірдің саған пайдалы немесе зиянды болатынын сен алдын ала білмейсің ғой. Бұл әрекетіңді қойып, өз еліңді билей бер… Егер сен масс агеттерге шабуыл жас ағың келсе, көпір салуды тоқтатып, өзеннен еркін өте бер. Мен өз әскерімді өзеннен үш күндік алшақтыққа алып кетейін немесе сен рұқсат берсең, сондай шартпен мен сенің жеріңе өтейін», – деген ұсыныс жасайды22.
Міне, осы ұсыныстан кейін Кир әскери кеңес шақырып, не істеу керектігі жөнінде ақылдасады. Басқалардың пікірі де Кирдің ойымен ұштасып, сақтарды өзінің жерінде күтуді жөн көреді. Бірақ осы кеңеске қатысып отырған мидиялық Крез олардың бұл шешімдерін қолдамайтындығын айтып, өзінің жобасын ұсынады: Егер сен жауларды өз жерінде қабылдап, олардан жеңіліп қалатын жағдай болса, онда сен жеріңнен ғана емес, еліңнен де айырыласың. Өйткені ашық айқаста сақтар сені жеңіп кетсе, олар онымен тоқталмайды, одан әрі жылжып, бүкіл еліңді талқандайды. Сонымен бірге жауларды өз жеріңде қабылдау сенің әулетің үшін және сенің даңқты есіміңе кері әсері бар. Себебі халық сені Томиристен қорқып өзеннің бергі бетінде қабылдады деген пікір айтуы мүмкін. Ал егер сен шайқасты сақтардың жерінде өткізсең, ол саған өте пайдалы болып табылады. Олай дейтінім, сен Томиристің әскерін ашық айқаста жеңсең, бүкіл сақ жері сенің қол астыңда болады. Ал ондай жеңіске қол жеткізу үшін сен өзеннің ар жағына өтіп, қосыңды құр да, сараңданбай көп мал сойып, әр түрлі тағам дайында және де көптеген мөлшерде шарап қалдырып, әскеріңнің ең әлсізін осы қоста орнықтыр да, өзің кейін шегін. Егер мен қателеспесем, сақтар оларды талқандағаннан кейін тойлауға кіріседі, сонда біз үшін бүкіл жұмыс аяқталады.
Осындай пікірлер ұштасып қалған тұста, Кир алғашқы жоспарынан бас тартып, Крездің ұсынған жоспарын орындауға кіріседі. Ол өзеннің арғы бетіне өтіп, әскери қосын құрады да, онда әскерінің әлсіздерін қалдырады. Сақтардың бір тобы қоста қалған парсы әскерлерін талқандап, дайын асты жеуге кіріседі де, шарап ішіп ұйықтап қалады. Осыны пайдаланған парсылар ұйқыда жатқан сақтардың біразын өлтіріп, көбін тұтқынға алады. Сол тұтқындардың ішінде Томиристің ұлы Спаргафис те болады. Мұны естіген Томирис Кирге елші аттандырады. Ол Кирдің ашық шайқаста емес, тек айламен ұлын жеңгендігін айыптап, тұтқындарды босатуын талап етеді. Және ешқандай жазаланусыз сақтардың жерінен кетуді бұйырады. Егер сен бұны істемесең, қанша қанға тойымсыз болсаң да, мен сені қанға тойдырамын дейді.
Кир болса, бұл сөздерге ешқандай мән бермейді. Томиристің ұлы Спаргафис болса, шараптан айыққаннан кейін не болғанын түсінеді. Ол Кирден қолын босатуды сұрайды. Қолы босасымен Спаргафис өзіне өзі қол жұмсайды. Кирдің тыңдамағанын байқаған Томирис парсы патшасымен ашық айқасқа шығады. Бұл шайқас сол кезеңдегі ең қатыгез ұрыстардың бірі болып есептелген. Шайқасқа шыққан екі жақ алдымен садақпен атысады. Жебе таусылғаннан кейін парсылар мен сақтар семсерлесуге кіріскен. Айта кетерлік бір жайт, сақтардың өте мықты мерген екендігін ескерсек, онда шайқастың осы бөлігінен кейін-ақ парсы әскерлерінің қатары біршама сиреп, олардың рухы түсіп, соғыс қорытындысының қалай аяқталғандығы сезілген. Міне, осылайша сақтардың басымдығы байқалады. Шайқас барысында әлемді билеуге ұмтылуымен өзіне көр қаза бастаған Парсы империясының негізін қалаған Ахемендік Кир II қаза табады. Патшасынан айырылған парсылар шегінуге кіріседі. Томирис шайқас даласындағы өліктер арасынан Кирдің өлігін тауып алады да, оның басын қан толтырылған қапқа салады. Сақтардың парсыларға деген ашуына қарамастан, олар Кирдің денесін құрметпен Персопольге аттандырып, парсылардың өз патшаларын жерлеуге мүмкіндік береді.
Ахемендік империя мен көшпелі сақ тайпалары соғыстарының бірінші кезеңі қорытындысының тарихи маңызы өте зор. Себебі көшпенділер – парсы державасының, яғни жаулаушылардың тегеурініне төтеп берген тұңғыш ел. Жеңілмейтін Парсы империясының бытыраңқы көшпелілерден жеңілуі әлемді таңғалдырды. Ахемендік державаның сүйегіне таңба басылды.
Кирдің өлімінен кейін таққа оның мұрагері Камбис келеді. Камбистің тұсында империяның сыртқы саясаты әрі қарай жалғасын табады. Кирдің арманы болған Мысыр елі парсыларға бағынады. Бірақ көп ұзамай сарай төңкерісі орын алып, билік басына Кирдің туысы, яғни Ахемендік әулеттен шыққан Дарий І келеді. Ол Парсы империясының сыртқы саясатта ұстанған бағытын толығымен құптап, оны әрі қарай жалғастырады. Алайда Дарий патша таққа отырысымен мемлекетте билікке қарсы көтерілістер орын алады. Бұл жайлы Бехистун жазбаларында айтылады. Сонымен Дарийдің билік басындағы алғашқы жылдары көтеріліс ошақтарын басумен өтеді. Ал енді Кирдің үлкен жеңілісі Ахеменид державасының сағын сындыра алмады. Ол да Кир тәріздес билеуші деспот ретінде танылды. Дарий өзіне басқа халықтың бағынбауын қорлау ретінде ашумен қабылдады. Ал сақ тайпалары болса осылайша, Ахеменид державасына бағынбады. Сондықтан Дарий да Кир тәрізді Грецияға соғыс ашпас бұрын терістіктегі тынымсыз көршілерін тыныштандырмақшы болды. Сонымен қатар бұрынғы соғыстар жөнінде хабардар ол, сақтарды өзіне тәуелді әскери одақтас еткісі келеді.
Осындай мақсатпен Дарий өзінің билігінің үшінші жылында сақтарға қарсы жорыққа аттанады. Бұл жорық туралы мәлімет беретін бірден бір дерек көзі Бехистун жазбасының V бағанында: «Осыдан кейін мен әскеріммен шошақ бөрік киетін сақтар еліне аттандым. Өзенге келгеннен кейін өттім. Осыдан кейін мен сақтарды ойсырата жеңдім. Олардың Скунх деген көсемін маған алып келді. Сол кезде мен оның орнына, өзімнің қалауым бойынша, басқа біреуін қойдым. Осыдан кейін ел менің қол астыма өтті», – деп жазылған.
Бехистун жазбасындағы осы оқиға Геродоттың шығармасында да, ежелгі грек тарихшылары еңбектерінде де кездеспейді. Ежелгі грек авторы Полиеннің шығармасындағы әңгімеге қарағанда, сақтар парсылармен соғыспастан бұрын өз әскерлерін үш топқа бөлген. Дарий жорыққа аттанған тұста, сақ патшалары Сакесфар, Омар және Тамир не істеу керектігі жөнінде кеңес өткізеді. Патшалардың кеңесінде Шырақ деген жылқышы жігіт, жиналғандар қапелімде шешімді ештеңе айта алмай тұйыққа тірелгендей болғанда, үлкендерден рұқсат сұрап, «адамдарымызды қан майданда емес, аярлық алдаумен қырғынға ұшыратқан парсыларға біз де өз қаруын өзіне жұмсап, айламен қырғын таптырайық деп, өз ойын ортаға салады. Ол бұл істі атқарғанда сақ патшалары бұл іске төлеу ретінде оның балалары мен ұрпақтарының жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуі керек болды. Кеңес алқасы келісіп, келісімдерін береді.
Өз денесін аяусыз жаралап, көрген адамның зәресін ұшырып, аяушылық сезімін туғызатындай күйге жеткізген Шырақ күншілік жерден Дарийдің алдынан шығып «өзінің арғы атасының парсы екендігін, тайпаластарының оған қорлық көрсеткендігін, қаласа ата жауларына күтпеген жерден соққы беретін жолды көрсетіп бере алатынын» айтады. Жауды сегіз күн бойы сусыз, шөл далада адастырған Шырақтың өзі қаза тапқанымен, елін жаулауға келген парсы әскерлерінің де сағын сындырады. Бұл аңыз ұрпақтан-ұрпаққа ауызша беріліп келсе, тек б.з.д. ІІ ғасырда өмір сүрген Полиеннің хатқа түсіруімен ғана бізге дейін жеткен. Бұл әңгіменің аңыз болғанымен түбінде шындықтың жатқаны еш күмән тудырмайды.
Дарийдің жорығы Геродоттың «Тарих» шығармасында кеңірек баяндалады. Парсылар өздерінің қол астындағы киммериялықтарға шабуыл жасады деген сылтаумен скифтерге қарсы жорық жасауға ұмтылды. Дарий патша жорыққа дайындала отырып, өздеріне бағынышты халықтардың біріне әскер жасақтауды, басқаларына кеме беруді, гректерге Боспор бұғазында аспалы көпір салуды талап еткен жарлық береді. Дарийдың інісі Артабан скиф жерін жау ала алмайтынын ескертіп, патшаны жорықтан бас тартуға көндіруге талпыныс жасайды.
Скифтер өзара кеңес құрады. Ашық ұрыста әскерінің саны көп Дарийге қарсы тұра алмайтындығын біліп, скифтер көрші тавр, невр, гелон, будин, сармат тайпаларына елшілер жібереді. Алайда аталған тайпалардың барлығы бірдей скифтерге қол ұшын беруге талпына қоймайды. «Егерде сендер бұрын парсыларға тиіспеген болсаңдар, біз сіздерді қолдаған болар ма едік. Алайда сендер бізбен ақылдаспай парсы жеріне жорық жасадыңдар. Парсылар осы әрекеттері үшін сендерге тиісіп отыр. Сол себепті парсылардың өздері келіп ұрынбаса, біз қарсылық көрсетпейміз» деген жауаппен кейбір тайпалардың көсемдері соғысудан бас тартады. Ал гелон, будин, сармат тайпалары парсыларға қарсы соғысуға шешім шығарады. «Соғысамыз» деген тайпалар «қалыс қаламыз» деген тайпалардың жері арқылы шегінуге шешім қабылдайды. Ол үшін алдын ала әйелдері мен балаларын, дүние мүліктері және малдарын қоса елдің ішкері жағына көшіре бастайды. Әскердің өзі үш бөлікке бөлінеді. Әскери құрамаларын бір күндік қашықтық аралығында ұстай отырып, жаудың іс-әрекетгерін бақылап отыратын жоспар құрады. Жол бойы су көздерін жауып, малға азық шөптерді өртей отырып, мүмкіндігінше парсы әскерін елдің ішіне тереңдей кіргізу – скиф әскерінің негізгі жоспары болады.
Скифтер парсы әскерін өз елінде неғұрлым ұзағырақ ұстау үшін, өздерінің малдарының бір бөлігін малшыларымен қоса қалдырып кетіп отырды. Парсылар қолға түскен азын-аулақ олжаға жетістік ретінде қарап, мақтан тұтады. Алайда елдің ішіне ішкерілеп кірген сайын Дарий да мазасыздана бастайды. Өйткені скифтердің тосқауыл әскерлері парсылардың алдынан да артынан да белгілі бір қашықтықты сақтай отырып, оларды үнемі бақылауда ұстайды. Скифтердің әскері парсылардың атты әскерлерін жаяу әскерлерінің жанына дейін тықсыра қуған шабуылдар ұйымдастырады. Мұндай шабуылдар көбіне түнгі мезгілдерде жүргізіліп отырады. Скифтердің парсылармен соғысына кедергі келтірген тағы бір жағдай болды. Шабуыл барысында парсылар әскеріндегі есектер мен қашарлардың ақырған даусынан скифтердің аттары үркіп, кері қайтуға мәжбүр болып отырған. Кейіннен скифтердің аттары бұл дауысқа да көндіге бастайды.
Жорықтың бас-аяғы көрінбейтінін сезінген Дарий скиф патшасына «Ақымақ! Сен неге үнемі қаша бересің. Егер сен өзіңнің күшті екендігіңді сезінсең қашуды қойып, менімен ұрысқа түс. Әлсіздігіңді сезінсең қашуды доғарып, өзіңнің қамқоршыңа жерің мен суыңды сыйға тартып келісімге кел», – деген сөздермен елші жібереді.
Бұған жауап ретінде скиф патшасы Иданфирс «Мен бұрын да, қазір де біреуден қорқып, бас сауғалап қашқан емеспін. Сенімен бірден шайқасқа түспеу себебім, менің елімде сен қиратып кететін қалалар немесе сенің атыңның тұяғы тапап кететін егіс алқаптары жоқ. Егер де сен шын мәнінде менімен соғысқың келсе, менің ата-бабаларымның қорымдарын тауып, тиісіп көрші. Біздің сол қорымдар үшін соғысатынымызға немесе соғыспайтынымызға көзіңді жеткізесің. Әзірге тәубеңе келмей, біз сенімен шайқасқа түспейміз. Мен сені өзімнің «билеушім» ретінде мойындай алмаймын. Жер мен суға арналған сыйдың орнына сенің құрметіңе лайық сый жібердім. Ал сен өзіңді менің «билеушіңмін» деген сөзің үшін әлі сазайыңды тартасың», – деген жауап қайтарады.
Скиф патшасы сый ретінде құс, тышқан, көлбақа мен бес жебе жібереді. Парсылар келген елшіден мұның мәнісін сұрағанда, ол «парсылар ақылды болса жұмбақтың мәнін өздері шешетінін, өзінің тек сәлемдемені жеткізуші екендігін», – айтады.
Дарийдың жандайшап кеңесшілері «тышқан жерде мекендейді, көлбақа суды мекендейді, құс жылдамдығы жағынан жылқыға ұқсайды, осының бәрі сіздікі, ал жебелер скифтердің қаруын қойып бағынғандығын білдіреді» десе, Гобрий деген кеңесшісі «парсылар егерде сендер құс болып ұшып кетпесеңдер, тышқан болып індеріңе кіріп кетпесеңдер, көл бақа болып суға сүңгіп кетпесеңдер мына жебелерден мерт боласыңдар» деген болжам жасайды23.
Сыйларын жібергеннен кейін скиф әскерлері әскери тәртіппен ұрысқа дайындала бастайды. Бір кезде скифтердің сапынан жауынгерлердің қиқуы, артынша бірнеше салт аттылардың бір шетке қарай шапқылағаны байқалады. Дарий не болғанын сұрастырғанда мына жайтты анықтайды. Скиф жауынгерлері тұрған жерден қоян інінен шығып үріккені, оны көрген жауынгерлердің делебесі қозып, артынан шапқылағаны анықталады. Осыдан кейін парсы патшасы кеңес құрып, қол астындағыларға «Мына адамдар бізді жақтырмайды екен. Гобрий о бастан скифтердің сыйлары жайлы дұрыс болжам айтқан болатын. Мен біздің жағдайдың қандай екенін енді байқап отырмын. Бізге қазір қалайда аман-есен елге оралудың жолын іздеген жөн», – деген сөздер айтады.
Дарий патша кеңесшісі Гобрийдің кеңесімен түн ішінде әскерінің әлсіз бөлігін өз әскеріндегі бүкіл есектерімен қоса түнде жанған ошақтардың қасына қалдырып, өздері «скифтердің ту сыртынан соққы береміз» деген сылтаумен ұрыс даласын тастап қашуға мәжбүр болады. Скифтер болған жайтты кеш түсініп, парсылардың соңына түседі. Алайда парсылар скифтердің қуғынынан аман-есен құтылып кетеді.
Бұл жорықтың маңызына тоқталсақ, Кирдің массагеттерге жасаған жорығының қорытындысынан айырмашылығы жоқ екенін байқауға болады. Екі жорықтың тарихи маңызы – парсылардың көшпелі сақ тайпаларын «айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе» алмауы. Бірақ осы соғыстардың негізінде сақ-парсы қатынастарының жаңа кезеңі басталады. Ендігі жерде сақтар парсылармен әскери одаққа барып, өз жауынгерлерін парсы әскерінің құрамына жіберіп отырған. Туылған сәтінен бастап тек соғыс өнеріне дағдылана бастаған сақтар енді өздерінің әскери мүмкіндіктерін тек өзара қырқысқа емес, жалдамалы әскер ретінде басқа бағытта жұмсап отырды.
Деректерде сақтар Ахемендік Иранның жаулап алу соғыстарына қатысып отырғаны белгілі. Орта Азияның тайпалары парсы армиясына жауынгерлер беріп отырған. Антик авторлары соғдылықтардың, хорезмдіктердің, сақтардың империяның Грекияға қарсы соғысына қатысқандығы жөнінде хабарлайды. Сақтар өз отандарынан шеткері жатқан парсы империясының гарнизондарының құрамдарында болған24. Сақтардың Ксеркстің тұсындағы соғыстарға қатысқандығы жөніндегі мәліметтер де жетерлік.
Ал грек-парсы соғыстарына сақтардың қатысуы көңіл аударарлықтай. Сақтар әлем тарихында үлкен орын алатын Марафон, Фермопил, Платей шайқастарында парсылардың одақтастары ретінде гректермен арадағы шайқастарға қатысқан. Олар әйгілі «өлмейтіндер» сапында болып, соғыс өнерінің биік шыңдарын көрсетіп отырған. Сақ жауынгерлері парсы империясының аумағында барлық әскери гарнизондар сапында әскери қызмет атқарған. Тіпті Вавилон мемлекетінде сақ әскерилері жер аумақтарын иеленген.
Дарий ІІІ мен Ескендір Зұлқарнайынның арасындағы соғыста сақ тайпалары парсыларға әскерлерін жіберіп отырған. Ескендірдің б.з.б. 331-327 жж. Орта Азияға жорығы жайлы антик тарихшылар Диодор, Помпей Трог, Курций Руф, Флавий Арриан және Страбондар жазған. Деректерде баса айтылатын жәйт – сақтардың парсыларға бағынышты ел сияқты емес, одақтастар сияқты көмек көрсеткені.
Алғаш рет Орта Азия көшпелілері б.з.б 331 жылы Гавгамела түбінде болған шайқаста парсы әскері құрамында Ескендір Зұлқарнайын бастаған македондықтарға қарсы шайқасқа түскен. Гавгамела түбіндегі шайқасқа сақтар, дайлар, массагеттер ІІІ Дарий әскері қатарында болған.
Ол жайлы антик тарихшы Клитарх «соғыс әрекетін алдымен парсы әскері бастады. Парсының Мазей деген қолбасшысы екі мың кадиус және бір мың адамдық скифтің атты әскерімен Ескендір Зұлқарнайын әскерінің сол қанатына шабуыл жасап, олардың әскери қостарын жаулап алды. Сонымен бірге Дарийдің жауынгерлері өздерінің қарсыластарын қашуға мәжбүр етті» деп көрсетеді.
Келесі бір антикалық тарихшы Арриран «Ескендір өзінің қыспаққа ұшыраған әскеріне Менид бастаған әскерін көмекке жіберді. Бұл әскер де жеңіліс тауып, шегінуге мәжбүр болды» – деп көрсетеді. Осы жерде көшпелілердің қару-жарағы жайлы суреттегенде «скиф (сақ) жауынгерлерінің өздері де, астындағы жылқылары да сауыт киінген еді» деп суреттеп жазады. Алғашқы екі жорық сәтсіз аяқталғаннан кейін, Дарий бүкіл жаяу әскерін гректердің оң қанатына қарай жібереді. Әскерлерінен жырақталып қалған парсы патшасы ІІІ Дарийдің қорғансыз қалғанын пайдаланып, жеңілудің сәл-ақ алдында тұрған Ескендір Зұлқарнайынның көзсіз ерлікке барып, шабуыл жасауы ғана патшаның бас сауғалап қашуына әкеліп соғады. Көшпелілердің көмегімен жеңіске жетудің жолында тұрған парсы әскері патшасының соңынан кетіп, сол арқылы жеңісті қолдан шығарып алды. Арриан мен Курций Руфтың еңбектерінде сақ сарбаздарының батырлығы мен ержүректілігі жайлы айтылады.
Үш жарым жыл ішінде македондықтар парсы флотын талқандап, Эгей мен Жерорта теңізіне орнығып, парсылардың саяси экономикалық орталығы Вавилон қаласын жаулап алды. Осы уақыт ішінде македон жауынгерлері сегіз мың шақырымнан астам қашықтықты басып өтті. Парсы патшалығы талқандалды, дегенмен өздерінің жеңісін баянды ету үшін македондықтарға Бактрия, Соғдияна және Хорезмді бағындыруға тура келді. Бұл далаларда көшпелі сақ-массагет тайпалары мекендеді. Бактрия мен Соғдияна аса маңызды сауда жолында тұрды. Шығысқа үстемдік ету үшін міндетті түрде осы аймақты бағындыру македондықтардың тағы да үш жарым жыл уақыт соғысуын қажет етті.
Б.з.д. 330 жылы көктемде Македон әскерлері Акбатанға қарай жедел жылжып, 15 күн ішінде мың шақырым жерді басып өтті де, Дарийдің соңғы байлығын басып алды. Македон атты әскері мен жеңіл қаруланған жаяу әскері парсы әскерлерін қудалауды жалғастырды.
Дарий ІІІ Бактрия сатрапы Бесстің қолынан сатқындықпен қаза табады. Бесс Ескендір Зұлқарнайынға қарсы көтеріліске шығады. Бесстің көтерілісшілерінің құрамы Азияға қашқан парсылардан, Бактрия тұрғындарынан тұрды. Сақтар Бесстің әскеріне қосылуға ешқандай негіз таппады. Бұның тағы бір себебі дәл сол кезде македондықтар әскері сақтардың жерлеріне әлі де болса қауіп төндірмеген болатын25. Бесстің қарсылығы ұзаққа созылмайды. Оны соғдылық Спитамен македондықтарға ұстап беріп, гректерге қарсы өзі бас көтереді. Спитамен б.з.б. 329-327 жылдар аралығында жаулап алушыларға қарсы күрес жүргізді. Бұл көтерілісте көшпелі тайпалар дай, массагет, скиф тайпаларының қолдауымен орын алды. Көшпелілер мен отырықшы халықтардан құралған көтерілісшілер өздерінің әскери артықшылықтарын пайдаланып, бірнеше рет македондықтардың әскерін жеңіліске ұшыратты. Кейіннен жеңіліске ұшыраған Спитамен көшпелілермен бірге қазіргі қазақ даласына қашуға мәжбүр болды. Македондықтар үлкен шығынға ұшырай отырып, негізгі сауда жолдарына да ие болды. Олардың Яксарттың (Сырдарияның) арғы бетіне шығып, сақ жеріне ентелей енуінен ештеңе де шықпады. Ескендір Зұлқарнайын көшпелілермен шекарада, Танайс өзені (Сырдария) Александриа Асхата қаласын салғызды. Алайда бұл жағдай көшпелілерге ұнамады. К. Руф атты тарихшы мынандай мәліметтер қалдырады. Скиф патшасы «Танайстан бері өтсең біздің жеріміздің кеңдігін көресің. Сен ешқашанда скифтердің соңынан қуып жете алмайсың. Сен біздің елге тиіскеннен дос таппайсың, өзіңе жау табасын. Анығын өзің білерсің» деген екен. Ал Клитарх атты тарихшының жазуы бойынша «Танайстың арғы бетінде орналасқан скиф мемлекетінің патшасының ойы бойынша бұл қала оның мойнына ілген қыл арқан секілді еді. Сол себепті де патша өзінің інісі Картасисті қаланы бұзуға тапсырма береді. Бұл жорық скифтер үшін еш нәтижесіз аяқталған шара ретінде тарихта қалды. Көрнекті тарихшы Арриранның айтуы бойынша, Ескендірдің скиф (сақ) жеріне тереңдеп кірмеуі көшпелілерді емес, македондықтардың аман қалуына мүмкіндік берді. Мұндай жорыққа шығу үшін үлкен дайындық қажет еді. Елдің ішкері жағына кіргеннен кейін, көшпелілер партизандық соғыс арқылы македондықтарды сусыз, тамақсыз қалдырып, ақыр аяғында олардың өздерінің де көзін жоятын еді».
Б.з.б. 327 жылы Ескендір Зұлқарнайын жаулап алу жорықтарын Үндістанға бағыттады. Сақтар гректермен одақтаса отырып, бұл жорыққа да қатысты. Замандастары көшпелілердің әскери өнерін жоғары бағалады. Гидаспе маңындағы шайқаста көшпелілер Ескендір Зұлқарнайын әскері сапында үнділерге қарсы шайқасқа қатысады. Бұл жорыққа көшпелі тайпалардың ішінен дайлар мен скифтер ғана қатысқан еді. Ескендір әскерінен оқ бойы алда келе жатқан бұл авангард әскер бірінші болып ұрысқа кірісіп, даңқты қолбасшының жеңіске жетуіне барынша мүмкіндік жасаған.
Ежелден Еуразия даласын мекендеген тайпалар алғаш жылқыны қолға үйретіп, темірден қару жасап қана қоймай, сауыт-сайман жасауды да игерді. Сақ тайпаларының әскери жетістіктері – атты әскердің және жетілген, ықшам қаруларды пайдаланудың нәтижесінде, соғысу әдістерінің басқалардан ерекшелігінен қамтамасыз етілген еді.
Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. Массагеттер патшайымы Томирис пен парсы патшасы Кирдің әскерлері арасында өткен шайқас жайлы баяндаңыз.
2. Сақ-парсы соғыстарының себептерін атап көрсетіңіз.
3. Скиф Шырақтың ерлігі жайлы не білесіз?
4. Парсы патшасы Дарийдің Бехистун жазбасында сақтар жайлы не жазылған?
5. Скифтердің соғыс өнеріндегі ерекшеліктерін атап көрсетіңіз.
6. Сақтардың Ескендір Зұлқарнайынның жорықтарына қатысы жайлы не білесіз?
21
Геродот. История в девяти книгах / пер. и примечания Г.А. Стратановского. – М., 2009. – 100 с.
22
Геродот. История. – М., 2009. – 100 с.
23
Геродот. История. – М., 2009. – 301 с.
24
Ставиский Б.Я. Средняя Азия и Иран // История Иранского государства и культуры. – М., 1971. – 156-157 с.
25
Гаибов В.А., Кошеленко ГА. Кочевники Средней Азии в эпоху Александра Македонского // ВДИ. – 2005. – № 1. – 118 с.