Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов - Страница 12
ІІ бөлім
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЕЖЕАГІ ТАРИХЫ (б.з.б. VII-IV ғғ.)
І тарау
ТҮРКІЛЕРДІҢ ЕЖЕЛГІ БАБАЛАРЫ (ПРОТОТҮРІКТЕР)
§ 6. Сақтардың діни нанымсенімдері мен әдет-ғұрыптары
ОглавлениеҚазақ халқының ата-бабаларының және олардың мәдениетінің қалыптасуына қазіргі Қазақстан мен оған іргелес жерлерді мекендеген әуелгі темір дәуірі тайпаларының қосқан үлесі зор. Осыған байланысты бүгінгі қазақ халқының шығу тегі мәселесін зерттегенде осы кезеңге қатысты жазба және археологиялық деректерге ерекше назар аударған жөн. Кеңес дәуірінде сақ тайпаларының тарихын зерттеген ғалымдар олардың шығу тегіне байланысты әр түрлі пікірлер қалдырған. Бұл пікірлердің көбі сақ тайпаларын үнді-иран тілдес тайпалар қатарына жатқызады. Мұндай жаңсақтықтың тууына археологиялық зерттеулерде расталған сақ тайпаларының антропологиялық типінің көп әсері болды.
Ерте темір дәуірі тайпаларының бүгінгі қазақ халқымен байланысын олардың дүние танымындағы, діни наным сенімдеріндегі, әдет-ғұрыптарындағы, шаруашылықтарындағы, қолөнеріндегі, тұрмысындағы ұқсастықтардан байқауға болады. Бізге мәлім, сақ тайпаларының наным сенімдерінде әр түрлі культтер: от, күн, аруақтар үлкен рөл атқарған.
Антикалық және көне парсы тіліндегі деректерде сақ тайпаларының сыйынатын басты құдайы «Күн» деп көрсетіледі. Геродоттың «Тарих» шығармасында мынадай жайт баяндалады. Кезінде парсы патшасы Кир қартайған шағында қазіргі Жетісу жерін мекендеген массагеттерге шабуыл жасайды. Алайда массагеттер ашық шайқасқа түспей қашқақтайды. Сол кезде Кир өзінің кеңесшісі Крездің кеңесімен массагеттер патшайымы Томиристің ұлы Спаргаписті алдап тұтқынға түсіреді. Өзінің баласын қайтарып алмақ болып Кирге елші жіберген Томирис өз сөзінде: «қанқұмар Кир, атқарған ісіңді мақтан тұтатын шығарсың. Сен менің ұлымды ашық шайқаста емес, қулық әрекетпен қолға түсірдің. Саған айтар ақылым менің ұлымды қайтар да еш жазасыз еліңе қайта бер. Егер менің айтқанымды орындамасаң массагеттердің қамқоршысы – Күн атынан ант беремін. Сені қанға бөктіремін», – деген сөздер берілген53. Сақ-скиф тайпаларында күннің символы ретінде жылқы малы таңдап алынады. «Тарих» шығармасында массагеттер жайлы айта келіп «олардың құрмет тұтатын жалғыз құдайы ғасырлар бойы – Күн. Оған арнап жылқыны құрбандық шалады. Мұның мәнісі ең жылдам құдайға ең жүйрік жануарды құрбан ету», – деп көрсетеді.
ҚР Президенті мұражайындағы Берел обасынан табылған жылқының реконструкциясы sabaq.kz
Археологиялық деректерде Күн сеніміне байланысты фактілер көптеп кездеседі. Жетісу өңіріңдегі сақ дәуіріне қатысты «Бесшатыр» қорымындағы корғандардың формасы дөңгелек тәрізді болып келеді және олардың айналасы қырынан қойып көмілген жалпақ тастардан тұрады. Қорғандардың сыртқы формасынан олардың күн культімен тығыз байланысы аңғарылады.
Қазба жұмыстары барысында жерленген адам мәйіті жанынан құрбандық шалынып, бірге көмілген жылқы қаңқасын көруге болады. Жетісу жерінде адамды ағаш бөренеден жасалған жеке бөлмеге жерлеп, қасында қосымша бөлмеге бір немесе бірнеше жылқыны қоса жерлейтін болған. «Берел» қорымының № 11 және № 36 қорғандарынан жылқы қаңқалары табылған54. Үлкен Берел обасынан жерленген бекзада басын тесіп, ота жасау кезінде қайтыс болғаны анықталды. Оны жерлеуде басына тау ешкілері мүйіздері орнатылған жабынды кигізілген 13 жирен сәйгүліктер қоса жерленген.
Оңтүстік Қазақстан өңірінен табылған Ұйғарақ ескерткішінде жерленген адамдардың басы шығысқа немесе солтүстік-шығысқа бағытталуының олардағы Күн сенімінің болғанымен тығыз байланысы бар.
Ерте темір дәуіріне сәйкес Орталық Қазақстанға тән ескерткіштер – «Тасмола мәдениеті» деп аталады. Тасмола мәдениетінің ерекшелігі «мұртты обалардың» болуында. Бұл мәдениетте негізгі обада адам жерленсе, қосымша екі обада жылқылар немесе жылқының бас сүйегі қоса жерленеді. «Тасмола – 1» ескерткішінде жерленген адам қанқасының сол жақ аяқ тұсында жылқының бас сүйегі мен жауырыны табылған55. Ал тас қоршаулар негізгі оба мен қосымша обалар арасында тізбектеле орналасқан. Ал қосымша екі оба арасы қақпа тәріздес болып, шығысқа қаратылған. Бұдан «Тасмола мәдениеті» тайпаларының күнді құрмет тұтқандығын байқауға болады.
Сақ тайпаларының төл дерегі болып табылатын петроглифтерде де күн басты адамдар бейнелері кездеседі. Іле өзені бойында орналасқан «Таңбалы тас» ескерткішінде күн басты адамдардың бейнеленуі Қазақстан жерін қола, ерте темір дәуірінде мекендеген тайпалардың күнге табынуымен тығыз байланысты.
«Таңбалы тас» ескерткішіндегі күн басты адам бейнесі
А.Е. Рогожинскийдің «Петроглифы археологического ландшафта Тамғалы» еңбегі
«Есік» қорғанынан табылған «алтын адамның» бас киімінің маңдайшасында мүйізді, қанатты жылқылар бейнеленсе, ал қолына тағылған екі жүзіктің біреуінде күн басты адам бейнесі берілуінің күн сеніміне қатысты. Шығыс Қазақстаннан табылған Үлкен Берел обасы үстірттің шетінен көтеріліп, Бұқтырма жайылмасы үстінде асқақтап тұр. Онда обаның ішінен құрбандыққа шалынған он алты жылқының қаңқалары табылды. Көрсетілген дәйектердің барлығы ерте темір дәуірі тайпаларының күнді құрмет тұтуға, оған құдырет ретінде сыйынуға байланысты белгілер мен әдет-ғұрыптардың іздері болып табылады.
Есік қорғанынан табылған алтын жүзік. www.ggc-ez.org
Жылқыны құрбандыққа шалу сақтардан кейінгі ғұндар мен түркі тайпаларында да сабақтас дәстүр ретінде кездесіп отырады. Мұндай мәліметтер X ғасырда оғыздардың ортасында болған араб саяхатшысы Ибн Фадланның, XIII ғасырда қыпшақ тайпалары орналасқан жермен жүріп өткен Плано Карпинидің естеліктерінде де кездеседі. Ибн Фадланның шығармасында: «Егер адам қайтыс болса … 100 немесе 200 бас жылқыны, кейде 1 бас жылқыны сойып, олардың етін жейді. Ал басын, сирақтарын, терісі мен құйрығын ағашқа керіп: «бұл ат марқұмды жұмаққа апарады» деген сөздер жазылған56. Плано Карпинидің «Шығыс елдеріне саяхат» естелік-шығармасында: «Мен жақында жерленген коман (қыпшақ) мүрдесін көрдім. Мүрденің әр жағында төрттөрттен сырғауыл ағаштарға құрбандыққа шалынған 16 жылқының терілері керіліп койылған», – деп жазылған57.
Көріп отырғанымыздай, түркі дәуірінде құрбандыққа шалынған жылқы еті желініп, жылқының терілері қабірдің сыртына керіліп қойылатын болған. Бұл культтің сарқыншақтары көшпелі қазақ өмірінде де көрініс тауып отырған. Қазақтар қайтыс болған адамның мінген атының жал-құйрығын күзеп қоя беретін болған. Мұндай жылқы «тұл» аталып, бір жылдан кейін аста сойылған. Қазіргі күнде қазақтар өлім-жетім кезінде қайтыс болған адамның жетісіне, қырқына, асына жылқы малын құрбандыққа шалатынын білеміз. Әрине бұл күнге табынудың белгісі емес, мұнан тек білдірмейді. Тек жылқыны сою ежелгі дәуірден бастау алып дәстүрге айналып кеткендігін ғана байқай аламыз. Мұның өзі сақ тайпалары мен бүгінгі қазақ халқы арасындағы байланысты көрсетеді.
Археологиялық қазба жұмысы барысында сақтарда «от» культі болғанын дәлелдейтін фактілерді көруге болады. Қазақстан аумағында қола, темір дәуірлерінде өмір сүрген тайпалар отқа ерекше құрметпен қараған58. От – тамақ әзірлеу және жылыну үшін пайдаланылған. Сол себепті байырғы сақтарда отқа май құйып, иіс шығару ғұрпы болған. Зороастризмнің қасиетті кітабы «Авестада»: «жақсылық құдайы – Ахура Мазда, жамандық құдайы – Ахриман деп аталады. Ахриманның көмекшілері диюлар болып табылады. Олар адамдарды жаман қылықтар жасауға итермелейді. Егер қамырды ашытып қоятын болса, диюлар көтерілген қамырдан үрейленіп қашады», – деп көрсетілген. «Бесшатыр» қорғанын зерттеген К.А. Ақышев қазба барысында табылған күл қалдықтарын от культімен байланыстырады. Отқа табыну сақтану қызметін атқарған болуы мүмкін. 1953 жылы Есік ауылы маңынан үш мыс қазан және басқа да ыдыстар түріндегі қазына табылды. Солардың ішінде мыстан жасалған құрбандық жасауға арналған ыдыс табылды. Табақшаның ортасында малдас құрып отырған адам мен жылқы бейнелері жеке фигуралар түрінде орналастырылған59. Археологиялық қазба жұмыстары барысында ерте темір дәуіріне қатысты қола қазандардың табылуының да от сенімімен тығыз байланысы бар.
Шырағдан. kronk.spb.ru Қола қазан. www.gornygigant.narod.ru
Аталған бұйымдар иіс шығаруға арналған құрбандық ыдыстар болып табылады «От» жергілікті халықтың түсінігі бойынша «тазалаушы күш иесі» ретінде қабылданған. Осыдан от сеніміне қатысты түсінік түркі дәуірінде де жалғасын тапқан. Түркі қағаны Дизабулдың қабылдауында болған Византия елшісі Земарх «қаған қабылдамас бұрын өзін оттың арасынан өткғзгенін» айтады.
От сеніміне қатысты әдет-ғұрыптар қазіргі қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде де көптеп сақталған. Отқа құрметпен қараудың бір дәлелі «от басы» сөзінен көрініс табады. Кішкентай нәресте шошынғанда отпен аластау, маңдайына күйе жағу немесе жаңа түскен келіннің қолымен ырымдап иіс шығару (отқа май құю), шелпек пісіру, үйді отпен аластау сияқты бүгінгі әдет-ғұрыптар байырғы сақтармен байланысты байқатады.
Сақтарда кең таралған сенімдердің бірі – «көсемдер» немесе «аруақтар» культі. Тірі адамның дүниеден өткен ата-баба рухтарының өзіне қолдау көрсететініне сенімі аруаққа табынуды білдіреді. Жетісу жеріндегі ерте темір дәуіріне қатысты Бесшатыр қорымында 31 обаның, Сыр бойында Ұйғарақ, Түгіскен қорымдарында 60-тан 80-ге дейінгі обалардың шоғырланып орналасуы аруақтар сенімімен тығыз байланысты. Сақтар көшпелі тұрмыс кешті. Алайда, олар өздерінің өлген адамдарын қыста қыстауда, жазда жайлауда жерлеген жоқ. Қайтыс болған адамдарды атабабалары жерленген қорымдарда жерлеген. Мұндай жерлер «қасиетті» деп есептелініп, құрбандық малдар шалынып отырған. Сақтар өздерін билеген патшалардың жерленген жерлері ескерусіз қалмас үшін «патша қорғандарын» салды. Бесшатыр қорымындағы ең үлкен обалардың диаметрі 104 метр, биіктігі 15 метрге дейін жетеді60.
Сақтардан бастау алатын, аруаққа сенімге қатысты қалыптасқан әдетгұрыптарды қазіргі қазақ халқынан көп кездестіруге болады. Қайтыс болған адамның жеті күндігін, қырық күндігін, жылын атап өту аруақ сенімімен байланысты. Қазақ халқының ғұрпында көпшілік халыққа танымал тарихи тұлғалардың 100, 200, 300 жылдықтарына орай ас өткізуі немесе үлкен кесенелер тұрғызуы аруақты риза қылу мақсатында жүргізіледі. Бүгінгі күнде кейбір ауқатты қазақ отбасыларында дүниеден өткен ата-әжелеріне арнап қымбат құлпытастар қою немесе кесенелер тұрғызу халқымыздың әдет-ғұрпына сай келмейтінін атап өткен жөн. Ал халқымызға танымал тарихи тұлғаларымыздың жерленген жерін тауып, олардың атында мешіт салғызу, бастарына кесене тұрғызу халқымыздың әдет-ғұрпына еш қайшы келмейді. Бұл бір жағынан, мұндай мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге жағдай жасаса, екінші жағынан, мәдени ескерткіштердің ұлтымыздың рухын көтеруде де маңызы зор. Ал туған жерін сүйген, елін сүйген ұлттың әрқашанда болашағы бар.
Қазақ халқының арғы бабаларының қалыптасу кезеңі қола дәуірінен басталады. Әр түрлі тарихи кезеңде өмір сүрген тайпалардың бұл үрдіске қосқан үлесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Ресей империясы, кейіннен Кеңестер Одағы тұсында жазылған Қазақстан тарихына тікелей немесе жанама қатысы бар еңбектерде елімізді мекендеген тайпалардың шығу тегін қасақана еуроцентристік көзқараспен бұрмалау немесе олардың тарихтағы рөлін төмендетіп көрсету фактілері жиі қайталанып отырды. Сондай бұрмалауға ұшыраған көзқарастардың бірі – Қазақстан жерін ерте темір дәуірінде мекендеген сақ тайпаларына қатысты. Жоғарыда көрсетілген фактілер, соның негізінде жасалған тұжырымдар сақ тайпалары мен қазіргі қазақ халқының этно-әлеуметтік дамуында тарихи сабақтастық бар екендігін дәлелдейді.
Б.з.б. VІІ-VІ ғғ. парсы жерінде зороастризм діні кең тарала бастаған болса, сақтар мұны қабылдамаған. Жоғарыда айтылған Бехистун жазбасының У-ші бағанасында Дарий өзінің тиграхауда сақтарына жасаған жорығы туралы баяндай келіп: «бұл сақтар өте қатігез және Ахура Маздаға табынбайды. Мен Ахура Маздаға сыйындым. Оның рахымымен мен оларды бағындырдым», – деп жазады. Сақтар зороастризм дінінің жекеленген әдеттерін парсылардан сол қалпы емес, ұзақ қарым-қатынастың нәтижесінде ғана қабылдаған.
Ежелгі жазба және археологиялық деректерінен сақ-скиф тайпаларының діни әдет-ғұрыптары жайлы мағлұматтарды ішінара кездестіре аламыз. Бірақ оларға сын көзбен қараған жөн. Геродот «исседондардың ғұрыптары мынандай. Әлде біреудің әкесі қайтыс болса, баласы көп мал әкеліп құрбандық шалады. Сойылған мал мен өлген әкесінің денесін бөлшектеп бірге асады», – деп жазады. Бұл мәліметті сол күйінде қабылдауға болмайды. Тарихшы сақтардың арасында болмаған. Мәліметтерді саяхатшылардың айтуы мен ел аузынан жинақтаған. Ақпарат берушілер сақ-скифтердің адам сүйегін жерлеп жатқанын көруі мүмкін. Зороастризм дінінде жер, су, от қасиетті саналады. Оларды ластауға болмайды деп саналған. Сол себепті де Заратуштра ілімін ұстанушылар қайтыс болған адамның денесін тау-құзға немесе биік талға іліп қойып, еті мен денесі ажырағаннан кейін, сүйегін арнайы қыш ыдыстарға салып жерлеу салты болған. Сақтардың діни наным-сенімдерінде бұл діннің белгілері көрініс тапты. Өздерін өркениетті халық санаған гректер өзгелерді «жабайыға» балап, жоғарыдағыдай ой айтқан. Автор осындай ғұрып массагеттерде де болатынын атап көрсетеді. «Тарих» шығармасында: «массагеттердің салты мынандай. Әр адам өмірінде бір әйелге үйленеді. Алайда, ол басқа әйелге барғысы келсе, оның киіз үйіне қаруын іліп кетеді. Кешкісін сол үйге түнейді», – деген мәлімет келтіреді. Бұл мәліметгі де сол күйінде қабылдауға болмайды. Күндіз мал қарап шыққан ер адам бес қаруын асынып кететіні бәрімізге мәлім. Қырдан қайтып келген адам қаруын үйінің қасына қалдырып, басқа шаруаларына кетуі мүмкін. Кешкісін үйіне қайта айналып келген ер адамды көрген өзге елден келген саяхатшы немесе саудагер бұл көріністі грек тарихшысы баяндағандай қабылдауы мүмкін. Геродоттың келесі бір баяндайтын ғұрпы скиф патшасының өліміне байланысты жайт. «Скиф патшасы қайтыс болғанда оның денесін арбаға салып елді мекендерді аралайды. Мұны көргенде әйелдер шаштарын жайып, бетгерін тырнап қан шығарады» деп көрсетеді. Қазақ халқында ерлері қайтыс болғанда шашын жайып, осыған ұқсас қайғыру салты күні кешеге дейін сақталып келді.
Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. Археологиялық деректер негізінде сақтардың күнге табынатынын дәлелдеңіз.
2. Геродоттың «Тарих» шығармасында берілген сақ-скиф тайпаларының күнге табынатыны жайлы мәліметтерді айтып беріңіз.
3. Геродоттың «Тарих» шығармасында берілген сақ-скиф тайпаларының әдетғұрыптары жайлы мәліметтерге талдау жасаңыз.
4. Сақ тайпаларының аруақтарға табынуы туралы жазба және археологиялық мәліметтерден дәлел келтіріңіз.
5. Сақ тайпаларының діни-наным сенімдері мен қазақ халқының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтарды салыстырып, дәлелдеңіз.
53
Геродот. История. – М., 2009. – 104 с.
54
Омаров Ғ. Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі. – Алматы, 2012. – 96-б.
55
Кадырбаев М.К. Памятники Тасмолинской культуры // Кочевники. – Павлодар, 2006. – Т. 1.– 25 с.
56
Культура древнего Туркестана // Учебно-методический практикум по историй Казахстана. – Алматы, 2002. – 69 с.
57
Путешествия в Восточные страны Плано Карпини и Гильома Рубрука. – Алматы, 1983. – 89 с.
58
Кадырбаев М.К. Древности Евразии в скифо-сарматическое время. – М., 1984.
59
Акишев К.А., Кушаев ГА. Древняя культура саков и усуней долины реки Или. – Алматы, 1963. – 27 с.
60
Қазақстан тарихы. – Алматы, 1986. – І том. – 185-б.