Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов - Страница 10
ІІ бөлім
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЕЖЕАГІ ТАРИХЫ (б.з.б. VII-IV ғғ.)
І тарау
ТҮРКІЛЕРДІҢ ЕЖЕЛГІ БАБАЛАРЫ (ПРОТОТҮРІКТЕР)
§ 4. Дай сақтары
ОглавлениеЕжелгі Қазақстан аймағындағы тайпалық бірлестіктер туралы әңгімелегенде дай тайпалық бірлестігін айналып өте алмаймыз. Өйткені бұл тарихи деректерде ерте заманнан бастап кездеседі. Мәселеге тереңдеңкіреп барар болсақ, ең алғаш «дай» этнонимінің, дәлірек айтар болсақ, Дай тайпасының шығу тегін анықтап алған жөн екендігін байқағандай боламыз. Бұл мәселеде еуропалық және қазақстандық зерттеушілердің сүйенетін ең басты дерегі әйгілі Страбонның «География» атты еңбегі. Ол Дай деп аталатын скифтердің бір бөлігінің Каспий мен Арал теңіздері арасында жортып жүретіндерін алғаш рет жазып қалдырған еді. Оның айтуынша бұл тайпа Апарна, Ксанфия, Писсур деп аталатын үш бөліктен тұрады екен26. Қытайлық зерттеушілер ежелгі қытай жылнамасына сүйеніп ежелгі «дай» этнонимін төмендегіше түсіндіреді: Сөзбе-сөз айтар болсақ, олар былай деп атап көрсетеді: «Дай, көнеше оқылуы: дад-иек немесе дариек) – ертедегі ел. Бұл жөнінде «Тарихи жазбалардың түсіндірмелі толық аудармасында»: «Дай – шағын мемлекет орны Әмударияның төменгі алабында. Батыстың тарихи кітаптарында айтылатын Дае болуы мүмкін». Айта кеткен жөн, қытайдың тарихи жазбаларында осы елден батысқа бірінші болып барған Чжан Цянның (Жаң Чянның) және оның серіктерінің алғашқы мәліметтерінде Дайлар елі және олардың көршілері туралы мардымсыз болса да әңгімеленген. Онан мынадай жолдарды оқимыз: «Алғашқыда Хән сарайының елшісі Парфияға барғанда Парфияның ханы 20 мың атты әскеріне шығыс шекарада оларды қарсы алуға бұйырды. Шығыс шекарасы астанасынан бірнеше мың ли қашық еді. Елшілер олардың астанасына жеткенше халқы қара нөпір ондаған қаланы басып өтуге тура келетін. Парфия ханы Хән әулетінің ұлылығына көз жеткізу үшін, Хән елшілері қайтқанда оларға өз елшілерін қосты. Хән патшасына түйеқұстың жұмыртқасы мен Александрия сиқыршысын тарту етті. Дад-уанның батысындағы Хорезм, Дай (бөліп көрсеткен бізбіз – Т.О.) және Дад-уанның шығысындағы Каси, Уағме, Сағай және т.б. ұсақ елдер де Хән елшілеріне қосып өз елшілерін Көктің ұлына қол тапсыруға жіберді. Көктің ұлы бұған мейлінше риза болды»27. Мұндағы «Көктің ұлы» – Қытай императоры екендігін оқырман түсініп отырған болар деген ойдамыз. Бұл айтылғандардан байқайтынымыз, Дай елі бұл тұста шағын елдер қатарында болған және солай бола тұрса да басқалармен бірге Қытай императорына елшілер аттандырған. Әрине, қытай жылнамашыларының «қол тапсыруға жіберді» дегендерін бас июге немесе бағынышты болуға жіберді деген мағынада түсіну қате болар еді. Қытайлықтар кейде өздерінің жылнамаларында өткен тарихтарын көтермелей келе, басқаларды төмендетіп, тіптен қорлап отырғандарын да «байқамай» қалады. Бұл жерде әңгіменің ауанынан қарым-қатынасты жолға қою туралы болып отырғаны айқын көрініп тұр емес пе?
Ия, ежелгі қытай жазбаларынан байқайтынымыз – қазіргі қазақ адайлары орналасқан аймаққа жақын төңіректе ежелгі дәуірде Дай деген тайпаның өмір сүргені ақиқат нәрсе. Егер мәселені осылай қабылдайтын болсақ, онда жоғарыда айтылған қытай жылнамасындағы «Дай шағын мемлекет» деген қорытынды да рас болып шығады. Біздің бұл пікірімізді дахтардың/дайлардың басқаларға ылғи да тәуелді халге түсуге мәжбүр болғаны дәлелдей түсетіндей. Өте жауынгер, өжет бола тұрса да, бұл тайпалар саны аз, мемлекеті әлжуаз болғандықтан, көршілерінің шылауына ілесіп, айдауына жүруге мәжбүр болған болса керек. Осы мәселені тәптіштеп зерттеп жүрген қазақ ғалымдарының зерттеулерінің арасында С.Е. Әжіғалидың ізденістері ерекше назар аудартады. Ол «дай» этнонимінің шығуына байланысты нақты зерттеулер жүргізген еді. Оның айтуынша, Шығыс Каспий жағалауының өңірінде б.з.б. І м.ж. екінші жартысында ежелгі дайлар (дахтар) өмір сүргенін парсы және антикалық деректер атап көрсетеді. Оны зерттеген кейбір зерттеушілер массагет конфедерациясының құрамында ахеменидтерге қарсы күресте осы тайпаның күрес жүргізгенін жазып кеткен болатын. Шындығында да бұл айтылған пікірлер С.П. Толстовтың зерттеулерінде біршама нақтыланған. Алайда кейбір тарихшылар массагеттерді және дахтарды екі түрлі халық деп санайтынын және соңғыларының өздерінен бұрынғыларды б.з. 4 ғасырына дейін Маңғышлақтан, Үстірттен және оңтүстік Арал жағалауынан ығыстырып шығарғанын жазып жүр. Бұл туралы зерттеуші И.В. Пьянковтың нақты ізденістер жасағанын жоғарыда атап көрсетілген С.Е. Әжіғалидың еңбегінен білуге болады28. Қолда бар деректерді талдағанда байқайтынымыз, дахтардың/дайлардың нақты қай жерде шоғырланғанын анықтау өте күрделі, өйткені олардың қоныстанған жерлері туралы мәліметтер айтарлықтай қарамақайшы. С.П. Толстовтың тарихи карталарынан олардың шығыстан батысқа қоныс аудару үдерістерін бастан өткергенін аңғарғандай боламыз29.
Геродоттың айтуынша, Дайлар парсылардың құрамында өмір сүрген көшпелілер болып табылады. Ал Ксеркстің жазбаларында (б.з.б. 486-464 жж.) олар туралы ахеменидтерге бағынышты халық ретінде айтады. С.Е. Әжіғали осы мәселеге байланысты зерттеушілердің көзқарастарына нақты талдаулар жасаған. Ол кейбір зерттеушілердің дахтардың/дайлардың Каспийдің оңтүстік шығыс жағалауын мекендегендері туралы мәліметтеріне назар аудара келе, сонымен бірге дахтар алғашқы кезде солтүстік шығыс Арал жағалауларында қоныстанған болса керек деген пікірге де тоқтала кетеді. Зерттеуші бұл жерде әйгілі Страбонның осы мәселеге байланысты айтқандарына сүйенеді30.
Дахтардың тарихи жылжу жолдарына көрнекі түрде көз жеткізу үшін жоғарыда біз атап кеткен С.П. Толстовтың тарихи карталарына назар аударған жөн деп ойлаймыз. Ол Хорезм мемлекетінің және оны қоршаған елдердің б.з.б. УІ-ІУ ғасырлардағы орналасу орындарын көрсететін картасында Арал теңізінің шығысында, исседондардың батысындағы көршілер ретінде орналастырған. Онан дахтардың солтүстігін яксаматтар, оңтүстік шығысын сақтар, оңтүстігін массагеттер, оңтүстік батысын хорасмиилар мекендегенін айқын байқауға болады31 (деректер негізінде картаны дайындаған профессор Т.О. Омарбеков).
Маңғыстау өңірінің көне тарихына көптеген еңбектерін багыштаган Серікбол Қондыбай кезінде осы Страбонның пікірін төмендегіше аударған еді: «Страбон: «Каспий теңізінен бастап скифтердің көпшілік бөлігі Дай деп аталады, одан әрі шығысқа қарай тұратындары массагеттер мен сақтар, қалғандарын жалпылай скифтер дейді, алайда әрбір тайпаның өз атаулары бар. Олардың ішінде ең танымалдары – сақтар мен соғдылардан соң Яксарт жағасынан келген астар, пасиактар, тохарлар, сакаравлдар; бұл жағалауды сақтар иеленген» деп жазыпты. Страбон осы тайпалардың грек-бактра патшалығының құлауында шешуші рөл атқарғанын атап көрсетеді. Бірақ ол қытай деректерінде айтылатын, осы патшалықтың құлауына негізгі жазықты – юечжи тайпасы жөнінде ештеңе айтпайды. Антик авторлары дайларды Геродот жазған массагеттерге қарайтын жерлерге орналастырады. Осылардың бәрі де не дайлардың (дахтардың) бастапқыдан массагеттердің солтүстік жағындағы аймақтарға қоныстанғанын, не дайлардың жалпы массагеттік ру-тайпалар конфедерациясына кіргендігін көрсетеді. Мұны біз жоғарыда келтіріп отырған С.П. Толстовтың картасы бейнелі түрде нақты көрсететінін жоғарыда айтып кеттік. Б.з.д. 3 ғасырдың орта тұсында дайлар Хасарлы (Каспий) теңізінің (Парфияға шекаралас) оңтүстік шығыс жағалауындағы аймақтарға, яғни бүгінгі Түркменстанға қоныстанады, сөйтіп олар тарих сахнасында массагеттердің орнын басады. Сол уақыттан бастап Хасарлы теңізінің шығыс жағында көшпелілер жалпылама түрде дайлар деп атала бастаған»32.
Серікбол Қондыбай Страбонның дайларға байланысты олардың орналасу орнын көрсететін пікірін нақтылай түседі. Ол былай деп жазады: «Страбон былай дейді: «Парны-дат пришли с северных берегов Азовского моря, но тут же он делал оговорку, что не все согласны с тем, что даи есть среди скифов, живущих над Неотидой. Затем Страбон опять подчеркивает, что от этих скифов-даев ведет свой род аршак, зотя некоторые считают его бактрийцем (т.е. выходцем из среднеазиатского государства Бактрии)». Зерттеушінің бұл пікірді осы мәселемен айналысқан В. Щербаковтың еңбегінен алып отырғандығы назар аудартады33.
Осы айтылған көзқарасқа байланысты С. Қондыбай мынадай тұжырым жасайды: «Егер Геродот пен македондық Ескендір, Страбон заманында гректердің Хасарлы (Каспий) туралы түсінігі ол үлкен мұхиттың шығанағы дегенмен шектелген болса, онда дайлар мекендейді делінетін «выше Меотиды» сияқты аймағы нақты Азаулы (Азов) теңізінің солтүстігі емес, Хасарлы теңізінің солтүстігі болуы да мүмкін.
Ал рим тарихшысы Аммиан Марцеллин дайларды аландардың ата-бабасы деп жазыпты. Бұл дай – алан этникалық сабақтастығын көрсетеді34. Осы айтылғандардың бәрі дайлардың негізінен алғанда Каспий теңізінің айналасында өмір сүрген байырғы тайпа бірлестігі екендігін анықтай түсетін тәрізді. Сонымен бірге С. Қондыбайдың зерттеулері бойынша «даха» этнонимінің «дай» этнонимімен жақындығы салыстырыла баяндалады. Онда мынандай пікір бар: «… «Даса» этнониімінің ежелгі ирандық («авесталық») айтылу нұсқасы – «Даха». «Авестада» кездесетін этнонимдер арасында «даха» фаһа) атауы да бар, ол сондай-ақ б.з.д. VI ғасырдағы Ксеркстің «дәулер туралы жазуларында» сақ тайпаларымен байланысты аталады. … «даса» мен «даха» сөздері – бір сөздің екі түрлі фонетикалық варианты болып табылады. Сондықтан «Авеста» мен парсы анналдарындағы «даха» (яғни «даса» этнонимінің кездесуіне және оның ортаазиялық көшпелі сақ тайпаларымен байланыстырылуына қарап, «даха» (даса) этнонимінің үндістандық жергілікті аборигендерге ғана емес, расында да ортаазиялықтарға қатысты атау екендігін анықтауға болады.
Б.з.д. 1 мыңжылдықтың 2-жартысындағы Орта Азия мен Қазақстан тарихында «даха» (дай) атауы шынайы этнонимдік көрсеткіш ретінде көріне бастайды. Ескендір Зұлқарнайын дәуіріндегі Арриан деген автор («Ананбасис») дайларды Сырдарияның оң жағындағы далаларға, яғни бүгінгі Сыр, Ұлытау-Сарыарқа далаларына орналастырса, кейінірек грек географы Страбон (1 ғасыр) дайларды массагеттердің тұрған жерлерінен солтүстікте, «Меотидадан» (?) жоғарырақта» жайлайтынын жазады. … жеке мәселелерге тоқталып жатпай-ақ тақырыпқа қажетті тоқетерін айтар болсақ, «дай» (даха) этнонимі бірнеше ғасыр бойына, Орта Азия мен қазақстандық көшпелілер кеңістігіндегі ең танымал және іс жүзінде ең реалды тарихи этноним болғаны.
Осы атауды иемденгендердің соңғы тұяғы – парн (парндай, апарндай) немесе дах (дай) тайпасының көсемі Аршак б.з.б. 243 жылы бүгінгі түркпен жерінде Парфия патшалығын орнатты. Бұл пікірді С. Қондыбай И. Артамоновтың еңбегінен алып отыр35.
Сонымен бірге зертгеушшің осы мәселелерге байланысты өзіндік қорытындылары да қызықты. Ол дәлірек айтсақ былай дейді: «Үндіарийлік «Ригведаның», ирандық «Авестаның», антикалық авторлардың мәліметтеріне сенсек, сонымен «даса» (белгі) «даха» (белгі) «дай» этнонимі Орта Азия мен Қазақстан жерінде б.з.д. 2-1 мыңжылдықтар бойына, яғни аттай 2000 жыл бойына белгілі болып шыққан. Осы жерде айта кетер тағы бір жайт – «даса» (даха, дай) атауы кейбір зерттеушілер жазып жүргендей, үндіирандықтардың өздеріне жау болған бөгде жұртқа қойған аты емес, бұл атау – қазақстандық-ортаазиялық жұрттардың өзін-өзі атауы (самоназвание) болып табылады. Ең қарапайым дәлел – антикалық (грек) авторларының қазақстандық, ортаазиялық көшпелілерді парсыларсыз-ақ тікелей «дай» деп атағандығы. Олар өздері естіген шынайы этнонимді қағазға түсірген»36.
Осы соңғы тарихи пікірді айтушылар Дахтар/Дайлар Каспий жағалауына б.з.б. III ғ. орта шенінде ғана, дах тайпалар конфедерациясына кірген парндар Парфян мемлекетін құрған кезде келсе керек дегенді айтқаны белгілі. Зерттеуші Дахтардың және Дайлардың Арал-Каспий далаларында б.з.б. I м.ж. II ғасырында пайда болуы мүмкіндігі туралы күрделі мәселеге көп тоқталып жатпай, бұлардың өмірінің белгілі бір кезеңі шығыс Каспий жағалауымен байланысты болғанын да ескерте кетеді. Бұл жерде ол тағы да ежелгі Страбонның төмендегідей пікіріне сүйенеді: «Наши современники называют даями кочевников, живущих на побережье Каспийского моря (курсив наш – С.А.) по левую руку для вплывающего в него и называемых также парнами. Далее в промежутке лежит пустыня, а за нею Гиркания…». Осы пікірге сүйенген С.Е. Әжіғали тегінде Дахтардың парн (апарн) тайпасы б.з.б. ІІІ ғ. орта шенінде Аршакидтер әулеті өмірге келгенге дейін Балқан тауынан солтүстікке қарайғы аудандарда, дәлірек айтар болсақ, Маңғышлақта, Үстіртте көшіп-қонып жүрсе керек. Дахтарды кейбір тарихшылар дәл осы жерге шоғырландырады дегенді айтады37.
С.Е. Әжіғали Дахтардың/Дайлардың Каспий жағалауындағы этно және топонимикада өзіндік із қалдырғандарын атап көрсете келе, бәлкім, Яик (каз. Жайық) өзенінің атауы да Птоломейдің картасында көрсетілген «Даикс» атауымен байланысты болар (б.з. ІІ ғ.) деген болжам айта кетеді. Сонымен бірге ол өз зерттеулерінде бұл мәселеде А. Абдрахмановтың және В.В. Бартольдтың қорытындыларына сүйенеді. С.Е. Әжіғалидың ойынша, егер осыны дұрыс деп қабылдасақ, онда біздің заманымыздың басында-ақ түріктердің этникалық топтарының солтүстік Каспий жағалауына қоныстанғандарын мойындауға тура келеді. Өйткені, Птоломейдің картасында көрсетілген «Дайксудың» бойында бұл тұста «аорстар» қоныстанып үлгерген еді38. Мұндай орналасу ежелгі қытай жылнамаларында нақты көрсетілген: «Солтүстік айбат елі мен қаңлының солтүстігіндегі леу (лок) және нәм (ням) елдерін атауға болады. Сондай-ақ сармат (әмсай) – алан деп аталатын аорстар да бұларға көрші. Аорстардың әдет салты қаңлылармен ұқсас. Елінің шекарасы батыста Александриямен, оңтүстік шығыста Қаңлымен шектеседі. Бұлғын, сусар аулап, бағалы ұлпандарын шетке шығарады. Мал жағдайымен көшіп-қонады. Жер қонысы телегей теңізге таяу. Бұрын қаңлыларға қараған екен, қазір оған қарамайды»39. Егер мәселені осылай қабылдайтын болсақ, онда жоғарыда айтылған қытай жылнамасындағы «Дай шағын мемлекет» деген қорытынды рас болып шығады. Біздің бұл пікірімізді Дахтардың/Дайлардың басқаларға ылғи да тәуелді халге түсуге мәжбүр болғанын дәлелдей түсетіндей. Өте жауынгер бола тұрса да, бұл тайпалар саны аз, мемлекеті әлсіз болғандықтан, көршілерінің шылауына ілесіп, айдауына жүруге мәжбүр болған болса керек.
Бірсыпыра ғалымдар ежелгі дайды осы күнгі қазақ адайының түпкі тегі деп есептейді. «Шынжаң тарихы сөздігінде»: «Каспийдың Хорезмге таяу шығыс жағын мекендеген ұлыс. Сондықтан «Тарихи жазбаларда Хорезммен қатар аталған» дейді»40.
Ал енді кейінгі қазақтың адай тайпасын ежелгі Дайлармен тарихи сабақтастықта қарастыратындардың пікірлеріне келер болсақ, бұл әлі де тарих ғылымында шешімін таппаған аса күрделі мәселе. Алайда, бұл пікірлерді айтушылардың көзқарастары негізсіз еместігін де айтуға тиістіміз. «Адай» этнонимі естілуі жағынан ғана емес, адайлардың өздерінің географиялық орналасулары жағынан да Дайлармен сәйкестік байқалады.
Аде, Адйе дегендер кімдер? Адайлардың арғы аталарын ежелгі Едіздермен (Аделермен) байланыстыратындар да бар. Осының нақты көрінісі зерттеуші А. Нұрмағамбетовтың адай этнонимінің шығу тарихын ежелгі Атйе, Адйе тайпаларымен байланыстыруы дер едік. Бұл қисынды пікір қытай жылнамасындағы деректерге сүйенеді. Сонымен қатар, зерттеуші осы көзқарасты қолдайтын басқа ғалымдардың пікірлеріне де жүгінеді. Мысалы, В.В. Радловтың ежелгі Гао-гюлер құрамынан Бае-гумен қатар Аде руын да кездестіргені белгілі41. Л.П. Потаповтың УІ-УІІІ ғасырлардағы Теле бірлестігі құрамынан да басқалармен қатар Адйе руын атап кеткенін білеміз42. Л.Н. Гумилевтің Телелер құрамы туралы жазғанда осы Адйені кейде Аде деп көрсеткенін байқаймыз43. Осы тарихи зерттеулерді қамтып жазған А.Нұрмағамбетов бұрынғы тарихи деректерден 1425 жылы Адай деген кісінің өзін хан жариялағаны туралы деректі кездестіргенін айта кетеді44. Алайда өзі келтіріп отырған осы соңғы дерекке зерттеушінің өзі күмәнданып, былай деп жазады: «…Однако вести род адай Младшего жуза от этого имени было бы неправильным. Как видим, в вышеупомянутых источниках этот этноним встречается в самых различных звуковых вариантах: Ады, Аде, Адйе, что не может быть отнесено к фактам случайного характера»45.
Иә тарихта Адай деген тарихи тұлғаның болғаны да, оның өзі басқарған руда аса беделді болғанын да ешкім теріске шығара қойған жоқ. Алайда аталмыш этнонимнің моңғол жаулауы кезеңінен едәуір бұрын тарих сахнасына шығуы шындығында да адайлар тарихының әріден басталатынын байқата түседі. Оның үстіне А. Нұрмағамбетов Аде, Ада, Атйе, және Одоют атауларының фонетикалық заңдылықтар негізінде адай деген түрге өзгерулері мүмкін екендігін дәлелдеуге тырысады. Ол Одой атты сөз түбіріне жалғанған – т, ут жалғауларының моңғол тілінде көптік жалғауларды аңғартатынына назар аударады және ғалымның осы соңғы пікірі дәлелді де қисынды көрінеді.
Сонымен қатар зерттеушінің адай тайпасының ежелгі рулар қатарына жататындығын дәлелдеуін де мақұлдауға болады. Қытай деректерінде көрсетілгендей, Аде тайпасының Теле бірлестігіндегі Баегулермен қатар, бірақ дербес жүргендері де белгілі. Адайлардың алғаш мүлде бөлек ру түрінде өмір сүргендерін қазақ шежіресі мен аңыздары да дәлелдейді. Тағы бір назар аударар нәрсе, зерттеушілер адай тайпасының атауы (яғни Адйе, Аде атаулары) бұрын жоғарыда атап көрсеткеніміздей «ада», яғни «арал» деген түсінікті беретінін атап көрсетуде.
Тағы бір назар аударар мәселе, Вамберидің, Н.А. Аристовтың, С. Аманжоловтың түрікмендердегі адали руымен ежелгі «ада» атауы арасынан тарихи байланыстар іздестіретіндері46. Әрине, Адайлардың кейбір руларының түрікмендермен қандас туыстықтары бар екені ешбір күдік туғызбайды. Алайда ежелден дербес тайпа ретінде өмір сүріп келе жатқан адайлардың түп-тамырларын түгелдей түрікмендерден іздестіру де шындыққа апаратын жол емес. Мұндайда адайлар неге түрікмен болып қалмаған, қалайша қазақ болып кеткен? – деген табиғи сауал өзінен өзі туындайды емес пе?
Осы жерде айтпай кетуге болмайтын тағы бір маңызды мәселе бар. Еліміздің тәуелсіздік алуы қытайдағы бауырларымызбен ғылыми байланысымызды жолға қоюға мүмкіндіктер берді. Соңғы жылдары Қытайдағы бауырларымыздың көне қытай жылнамаларын қазақ тіліне тікелей аударған еңбектерімен танысуға және оларды ғылыми айналымға қосуға толық мүмкіндіктер алып отырмыз. Олардан аңғарғанымыз, Еуропаның және Ресейдің синологтары телек тайпасының атын Аде, Ада, Атйе деп біржақты жазып жүр. Шын мәнінде бұл тайпаның екінші, қосалқы аты Едіз екен. Мұны алғаш анықтап көрсеткендердің бірі Л.Н. Гумилев47. Ол «Адйе» атауының жанына жақша ішіне «Эдиз» деп қосымша көрсетіп жазған еді. Бұл ел туралы қытай жылнамасынан қазақ тіліне тікелей аударылған мынадай жолдарды оқимыз: «Едіз (иероглиф керек) немесе (иероглиф керек) деп те жазылады. Бір кезде Байырқылармен бірге сарайға қол тапсырды. Оның жеріне Кеден дуаны құрылды. (Таң Шюанзұң заманы) кәйюан жылдарында Едіз Сетей Түрік Бөгі чорға келіп тізе бүкті. Кейінірек Гуансен, Гуаңан соғыстағы ерлігі үшін, үлкен мансапқа ие болды да Ли деген әулет есімі беріліп, шежіреге енді»48.
Иә, үзіндіден байқап отырғанымыздай, кезінде Едіздер байырқылармен бірге жүрген, алайда олар байырқылар тәрізді қуатты тайпа бола қоймаған. Сондықтан да олардың басшысы Едіз Сетей Шығыс түрік қағанатын билеуші түрік Бөгі шорға (Қапаған қағанға) келіп тізе бүккен. Осы Едіздердің кезінде шығыстағы телектер жерінде он бес тайпа қатарында жүргендерін төмендегідей жолдардан аңғарамыз: «Телек – асылы ғұнның бір тармағы. (Таң Гаузу заманы) Удының (618-626) алғашқы жылдарында Сір-енда, Қыбыт, Құйғыр, Тыба, Құрықан, Теленгіт, Бүркіт, Байырқы, Тоңра, Ғұн, Сегет, Қоқсар, Қығыт, Едіз, Ақ септер Маңғар шөлдің теріскейіне бытырап қоныстанады. Олар түгелімен Телек ұлысына қарады». Алайда кейініректе жаңа Сір-енда одағына біріккен Байырқы, Адйе (Едіз) және т.б. телек тайпаларымен оларға туыстас түркі тайпаларының арасындағы қарым-қатынас мүлде нашарлап кетті. Оның үстіне 745 жылдан бастап Құйғырлардың күшеюі телек тайпаларын мүлде ыдырата түсті. Осындайда олардың батысқа қарай жылжу үдерістері басталды.
Едіздерге байланысты тарихи деректердің шынайылығы еш күдік туғыза қоймас. Алайда Адйе (Едіз) деген этнонимнің біз әңгімелеп отырған Адай атауына жақындығы дәлелдене қойған жоқ.
Керісінше, «Адай» этнонимін «Дай» атауынан шығаруға тырысатындардың пікірлері сенімдірек естіледі. Бұл істің бастауында белгілі қазақ ғалымы С. Аманжолов тұр. Өзінің зерттеулерінде кезінде оның былай деп жазғанын білеміз: «Нам кажется, что адаи относятся к древным даям, которые упоминаются рядом с саками или массагетеми у древнегреческих географов и историков Страбона и Геродота; по их рассказам даи во ІІ в. до н.э. жили у берегов Каспийского моря. Возможно, это название возникло из огузского ада (остров) – адаи (островяне)»49. Кезінде осы мәселемен арнайы айналысқан және С. Аманжоловтың жоғарыдағы пікіріне қолдау жасаған қазақстандық В.В. Востров былай деп жазған еді: «Как нам кажется, вполне допустима версия, что даи (дахи) являются далекими предками рода адай»50.
Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. «Дай» этнонимі мен дай сақтарының шығу тегі туралы не білдіңіз?
2. Дайлардың географиялық орналасуы туралы деректер мен тарихи зерттеулер не айтады?
3. Аде, Адйе дегендер кімдер?
4. Дай сақтары мен адайларды байланыстырушы факторлар туралы не айта аласыз?
26
Страбон. География. В семнадцати книгах. – М., 1879. – 521 с.
27
Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары). Бірінші кітап. – Алматы, 2006. – 53 б.
28
Ажигали С.Е. Очерк этнической истории аридной зоны Арало-Каспий (в свете проблем этногенеза) // История и культура Арало-Каспия. Сборник статей. – Вып. 1. – Алматы, 2001. – 14 с.
29
Толстов С. П. По следам древнехорезмийской цивилизации. – М. – Л., 1948. – 102-142 с.
30
Ажигали С.Е. Очерк этнической истории аридной зоны Арало-Каспий (в свете проблем этногенеза) // История и культура Арало-Каспия. Сборник статей. – Вып. 1. – Алматы, 2001. – 14 с.
31
Толстов С. П. По следам древнехорезмийской цивилизации. – М. – Л.,1948. – 102 с.
32
Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы. – Алматы, 2008. – 4-том. – 320-321 б.
33
Щербаков В. Асгард и ваны // Дорогами тысячелетий. – М., 1988. – 88 с.
34
Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы. – Алматы, 2008. – 4-том. – 321-б.
35
Артамонов И. Сокровище саков. – М., 1973. – 12 с.
36
Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы. – Алматы, 2008. – 4-том. – 366-б.
37
Ажигали С.Е. Очерк этнической истории аридной зоны Арало-Каспий (в свете проблем этногенеза) // История и культура Арало-Каспия. Сборник статей. – Вып. 1. – Алматы, 2001. – 14-15 с.
38
Там же, 15 с.
39
Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары). Бірінші кітап. – Алматы, 2006. – 226-б.
40
Сонда, 257-б.
41
Радлов В.В. К вопросу об уйгурах. – СПб., 1893. – 90 с.
42
Потапов Л.П. Этнический состав и происхождение алтайцев. – Л., 1969. – 151 с.
43
Гумилев Л.Н. Древние тюрки. – М., 1967. – 62-266 с.
44
Нурмагамбетов А. О казахских этнонимах Адай и Шеркес // Тюркская ономастика. – Алма-Ата, 1984. – 91 с.
45
Там же, 91-92 с.
46
Нурмагамбетов А. О казахских этнонимах Адай и Шеркес // Тюркская ономастика. – Алма-Ата, 1984. – 92 с.; Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. – СПб., 1997. – 82-83 с.; Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского язы- ка. – Алма-Ата, 1959. – 160 с.
47
Гумилев Л.Н. Древние тюрки. – М., 1993. – 62 с.
48
Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары). 2-кітап. – Алма- ты, 2006. – 217-б.
49
Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алма-Ата, 1959. – Ч. 1. – 160 с.
50
Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов (конец ХІХ-начало ХХ в.). – Алма-Ата, 1968. – 84 с.