Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов - Страница 8
ІІ бөлім
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЕЖЕАГІ ТАРИХЫ (б.з.б. VII-IV ғғ.)
І тарау
ТҮРКІЛЕРДІҢ ЕЖЕЛГІ БАБАЛАРЫ (ПРОТОТҮРІКТЕР)
§ 2. Сақ тайпалары туралы ежелгі жазба деректер
ОглавлениеЕрте темір дәуіріне қатысты жазба деректерге көне парсы, грек, латын тілдерінде жазылған шығармалар және арамей әліпбиі негізінде жазылған көне иран деректері жатады. Б.з.б. VII ғасырда шығыста ірі-ірі төрт мемлекет болды. Олар: Мидия (Иран үстірті), Лидия (Кіші Азия), Вавилон (Тигр мен Евфрат өзен аралығы) және Египет. Б.з.б. 558 жылы парсы тайпаларынан шыққан Ахемен әулетінің негізін салушы Кир билікке келеді. Ол б.з.б. 558 жылы Мидия патшалығына қарсы көтеріліске шығып, үш жылдан кейін бұл патшалықты талқандап, жаңа мемлекет құрды. Парсы мемлекеті 547 жылы Лидия патшылығын, ал 539 жылы Вавилонды жаулап алып, империя деңгейіне көтерілді. Б.з.б. ҮЫУ ғасырларда Парсы империясын Ахеменид әулетінен шыққан Кир, Дарий, Кемфис, Ксеркс, Артабан және т.б. патшалар басқарды.
Бехистун жазбасы karnegi.blogspot.com
Бұл патшалардың тапсырмасымен тасқа сыналап жазылған жазулар біздің заманымызға дейін келіп жетті. Олардың қатарында Дарийдің «Бехистун», «Нахши Рустем», Ксеркстің «антидэвтік» тас жазбалары бар. Парсы патшасы I Дарий (б.з.б. 552-486 жж.) өзінен кейінгі ұрпаққа атын қалдыру мақсатында биік жерде орналасқан қара жартасқа өзінің өмірінде атқарған істерін, жазу және сурет түрінде қалдырған. Бұл жартас Бехистун атымен белгілі. Жазба бес бағанадан тұрады. Соңғы бесінші бағанасында парсы империясындағы сатраптардың аттары берілген. Он бесінші сатраптың құрамында бүгінгі Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың аттары көрсетіледі. Бұл тайпалардың жалпы атауы зака (сақ) деп берілген. Тас жазбалардағы мәліметтер бойынша олар: тиграхауда («шошақ бөрік киетін») сақтар, хаомаварга («хаом сусынын дайындайтын») сақтар, парадарайа («теңіздің немесе өзеннің арғы жағындағы») сақтар болып үшке бөлінеді. Тиграхауда сақтары Сырдария бойы мен Жетісу аймағын, сондай-ақ қазіргі Қазақстанға шекаралас Солтүстік Қырғызстан, таулы Алтай аумағын, ал хаомаварга сақтары шығыста Тянь-Шань тауларының етегі мен Ферғана алабын мекендесе, солтүстігінде Сырдарияның орта ағысы мен Арал теңізінің оңтүстік жағалауын, батысында Мұрғаб аңғары мен оңтүстігінде Әмудария өзені сағалары аралығын мекендеген. Жалпы «хаом» атауы жүзімнен дайындалатын діни-жоралық сусынды білдіреді. Парадарайа сақтарын Қазақстан мен оған көршілес мемлекеттердің осы заманғы картасы аумағында нақтырақ бейнелеу мәселесі әлі де түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Қазіргі кезде бұған байланысты бірнеше көзқарастар бар. «Парадарайа» атауының өзін ғалымдар «теңіздің арғы жағындағы» деп аударып жүр. Осыдан келіп, бір ғалымдар оларды Арал теңізінен солтүстікке қарай орналастырса, енді біреулері олардың атамекенін Каспийдің немесе Қара теңіздің солтүстік бөлігімен байланыстырады. «Дария» сөзі парсы тілінде «өзен», «су» деген ұғымдарды да білдіреді. Қазақстан мен Орта Азия жерінен ағып өтетін Әмудария мен Сырдария, Қуаңдария мен Жаңадария атаулары да өзен атауларын білдіретінін ескерсек, сақтардың бұл тобын аталған өзендердің солтүстік бөлігіне орналастыруға болады.
Ксеркстің «антидэвтік» жазбасында Сырдарияның төменгі ағысы бойы мен Арал теңізінің солтүстік шығысын мекендеген тайпаларды «дахтар» деп атайды. Парсы патшаларының резиденциясы орналасқан Персепольде I Дарийдің осы аттас жазбасы сақталған. Жазбада тақта отырған парсы патшасына сыйлықтар әкеліп тұрған шошақ бөрікті сақтар бейнеленген. Бұл дерек көзінен сақтардың антропологиялық типі, киім киісі мен қару-жарақтары жайлы мәлімет алуға болады.
Дарий патша taynivekov.ru
Ерте темір дәуірі тайпалары жайлы жазылған жазба деректердің қатарында арамей әліпбиі негізінде жазылған көне ирандық зороастризм дінінің қасиетті кітабы – «Авестаны» атап өткен жөн. Бұл кітапта Қазақстан жеріндегі жерсу атаулары, тайпалар аттары берілген. Б.з.б. II мыңжылдықтың аяғында бүгінгі Иран және Үндістанның солтүстік бөлігіне арийлер келіп қоныстана бастаған. Қазіргі кезде ғылымда арийлер мекендеген жеріне байланысты бірнеше пікір қалыптасқан. Олардың біреулері арийлердің алғашқы қоныстанған жерін Еуропамен, енді біреулері Кавказбен, тағы біреулері Алтай аймағымен байланыстырады. Санкт-Петербург ғалымы С.Г. Кляшторный «Қазақстанның үш мың жылдық жылнамасы» еңбегінде: «ариилердің әуелде мекендеген жері бүгінгі батыс Қазақстан аумағы», – деп көрсете келе, Авестада Каспий теңізі – Ворукаше, Арал теңізі – Чайчаста, Еділ өзені – Рангха, Әмудария – Ардви, Сырдария – Датья деген атаулармен берілген деген пікір білдіреді20.
Көне грек, латын тіліндегі деректерге Геродоттың «Тарих», Страбонның (б.з.б. I – б.з. I) «География» шығармалары, Ксенофонт (б.з.б. V-ІV ғғ.) пен Птолемей еңбектері, Ктесийдің (б.з.б. V ғ.) «Скифия» шығармалары жатады. Скифтер жайлы жазған авторлардың алғашқыларының бірі Гомер (б.з.б. VII ғ.) болып табылады. Ол Қара теңіздің солтүстік бөлігінде мекендейтін тайпаларды «бие сауушылар» деп атайды. Б.з. ІІ ғ. өмір сүрген Рим тарихшысы Полиэн өз шығармасында І Дарий мен скифтердің соғысы кезіндегі қарапайым жылқышы Шырақтың ерлігін мәңгілік етіп, сақтардың болашақ ұрпақтарына үлгі етіп қалдырды. Қарастырып отырған кезеңге қатысты деректердің ішінде Геродоттың «Тарих» шығармасы мол мәліметтерімен ерекшеленеді. «Тарихтың атасы» Геродот өзінің шығармасын б.з.б. 450-440 жж. жазған. Шығарма тоғыз кітаптан тұрады. Соның бірінші «Клио» және төртінші «Мельпомена» атты кітаптарында Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың атаулары, олардың шығу тегі, көрші елдермен жүргізген соғыстары, тұрмысы, діни наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптары жайлы баяндалған.
Геродот Қара теңізден Еділ (Танайс) өзені аралығын мекендеген тайпаларды жалпылама «скифтер» деп көрсетеді. Автор «Танайстың арғы беті скифтердің жері емес, ол жерде сарматтар мекендейді» деп жазған. Гректер Еділ өзені мен Алтай таулары аралығын мекендеген тайпаларды жалпылама «азиялық скифтер» деп атап, оларды бірнеше тайпаларға бөліп тастайды. «Азиялық скифтерге» сармат, исседон, аргипей, аримаспы, каспий, дай, массагет тайпалары кірген. Сарматтар Каспий теңізінің солтүстігі мен шығыс жағалауын, аргипейлер Қазақстанның солтүстік батысын, исседондар Орталық Қазақстанды, аримаспалар Ертіс өзенінің шығыс жағалауын мекендеген. Геродот Сырдың орта ағысы мен Жетісуды мекендеген тайпаларды – массагеттер, Сырдың төменгі ағысы мен Арал теңізінің солтүстік шығыс бөлігін мекендеген тайпаларды – дайлар деп көрсеткен.
Қазақстан жерінде мекендеген ерте темір тайпалары жайлы Рим императоры Августың қарауында қызмет еткен грек географы Страбон (б.з.б. 64-30 жж.) да жазған. Оның 17 томдық еңбегі «География» деп аталады. Осы шығарманың тоғызыншы және оныншы томдары Қазақстан аумағы мен Орта Азия тарихына және осы жерлерді мекендеген тайпаларға арналған. Біздің заманымыздың І-ІІ ғасырларында жазылған Птолемейдің «География» шығармасында да құнды мәліметтер бар. Онда Қазақстан мен Орта Азия аумағында қалалар, тау сілемдері, өзендер мен көлдердің географиялық координаттары көрсетілген.
Ерте темір дәуірі б.з.б. VІІ-ІV ғасырлар аралығын қамтиды. Осы кезеңде Қазақстан аумағын мекендеген тайпаларды археолог ғалымдар «ерте темір дәуірі тайпалары» деп атаса, тарихшы ғалымдар көбіне «сақ» атауын қолданады. Жоғарыда аталған деректер мәліметтеріне сүйенсек, б.з.б. VІІ-ІV ғасырларында қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген тайпаларды гректер – «азиялық скифтер», парсылар – «сақтар», ал арийлер «турлар» деп атаған. Сондай-ақ, б.з.б. ІІ ғасырда жазылған қытай деректерінде «Сэ» атауын да қолданады. Бұл атауларға талдау жасасақ мынандай тұжырымдар жасауға болады. Гректер Қара теңіз жағалауы мен Еділ (Танайс) өзені аралығын мекендеген тайпаларға «скиф» атауын қолданған. Геродот «Танайс өзенінің арғы жағындағы тайпалардың тілі, діни наным-сенімдері мен тұрмысы да скифтерге ұқсайды, бірақ олар Азияны мекендейтін скифтер» – деп атап көрсетіп, «скиф» атауын бүгінгі Қазақстан жерін мекендейтін тайпаларға таңып отыр. Геродоттың еңбегіндегі жеке тайпалардың атауларына үңілсек, исседондар – «тақырбастылар, аргипейлер – «жалғыз көзділер», аримаспылар – «алтын қорған самұрықтар» – деген ұғымды білдіретінін көреміз.
Олай болса, Геродот Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың шын атауын білмейтінін, ал оның беріп отырған атауларының таңылған атау екендігіне көзіміз жетеді. Өйткені, ол кезде гректер өздерін өркениетті ел санап, басқаларға «жабайылар» түрінде қараған. Сол себепті де гректерге көршілес елдерге, әсіресе көшпелілерге атауларды өздері таңған.
«Авеста» діни кітабындағы «тур» атауын да осылай ой елегінен өткізген жөн. Арийлер Әмудариядан солтүстікке қарай орналасқан тайпаларға осындай жиынтық ат берген. Шығыстанушы ғалым В.В. Бартольд арийлердің кейін келіп қоныстанған жері «Арийана Вайж» немесе «Ариран» деп аталған, кейіннен «Иран» атауы «Персия» ұғымын ығыстырған» деп түсіндіреді. Ал Ирандағы Саманилер дәуірінде өмір сүрген шайыры Әлішер Фердауси парсының ежелден бергі тарихын жырлайтын «Шахнаме» дастанында «Иранға қарама-қарсы орналасқан елді – «Туран» деп атай келіп, олардың халқына қатысты «турлар» атауын қолданады. «Тур» атауын шығыстанушы ғалым Струве «еңіреген ерлер» немесе «құдыретті еркектер» деп аударады. Қазіргі кезде «тур» атауы мағынасына байланысты «жүйрік ат мінгендер», «көшпелілер» деген аудармалар да қоданылып жүр. Бұдан «тур» атауы – қазіргі Орта Азия мен Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың өмір сүру салты мен тұрмысына қарай таңылған атау деп қабылдағанымыз жөн. Өйткені, өзгелерді «жабайылар» санайтын гректер сияқты арийлер де көршілерін өздері қалаған атаумен атауы мүмкін. Ал қытайлардың «сэ» атауы да «сақ» атауының транскрипциясы болуы мүмкін. Осыдан келіп ерте темір дәуірінде қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген тайпаларына қатысты қолданылатын парсылардың атауы – «сақ» қана бірден-бір дұрыс атау деп түсінген жөн. Өйткені парсылар қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген тайпалармен қоян-қолтық аралас өмір сүрген. Тарихтан белгілі парсы патшасы Кир массагеттер патшайымы Томириспен соғыста жеңіліс тапқан. Парсылардың келесі бір патшасы І Дарий Қара теңіз жағалауындағы скифтермен соғыста жеңіліс тауып қашуға мәжбүр болған. Сақтар парсылардың одақтастары ретінде парсы-грек соғыстарына қатынасқан. Ал македондық Ескендір Зұлқарнайынның парсы империясына қарсы жорығында сақтар парсылардың Спитамен бастаған көтерілісіне қолдау көрсеткен. Осыдан келіп «парсылар қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген тайпалармен тығыз байланыста болды. Сол себепті де олар жергілікті тайпаларды өз атауымен атап отыр» деген тұжырым жасауға болады.
Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. Грек тілінде жазылған жазба деректерді атаңыз.
2. Геродоттың «Тарих» шығармасына сипаттама беріңіз.
3. «Авеста» діни кітабындағы қазіргі Қазақстанның жер-су атауларын атап көрсетіңіз.
4. «Азиялық скифтерге» жататын тайпалардың аттарын атаңыз және орналасқан аумағын көрсетіңіз.
5. Сақтар жайлы мәліметтер беретін парсы тіліндегі деректерді атап беріңіз.
20
Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан летопись трех тысячилетий. – Алматы, 1992. – 25 с.