Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов - Страница 4
I бөлім
ТАРИХҚА ДЕЙІНГІ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ
І тарау
ТАС ЖӘНЕ ҚОЛА ЛӘУІРАЕРІ
§ 2. Қазақ жері қола дәуірінде
ОглавлениеҚазақ жеріндегі қола дәуірінің мекендері. Қола дәуірі – адамзат тарихындағы аса маңызды мәдени-тарихи кезең. Ол қоладан жасалған еңбек құралдарының, қару-жарақтардың, әшекей бұйымдардың және түрлі тұтыну заттарының кең таралуымен сипатталады. Бұл дәуір б.з.б. IV мыңжылдықтың соңынан б.з.б. I мыңыншы жылдықтың басына дейінгі уақытты қамтиды.
Неолит дәуірінде-ақ орын алған шаруашылық өзгерістер б.з.б. II мыңжылдықта малшылық-егіншілік экономика мен едәуір дамыған металлургияның қалыптасуына алып келді. Өндіруші экономикаға көшу бүкіл Қазақстан аумағындағы жағдайды түбегейлі өзгертті. Археологиялық материалдар бойынша, Андронов ескерткіштері қалдырған далалық малшы-егінші тайпалардың мәдениеттерінің ортақтығы баршаға мәлім болып отыр. Барлық жергілікті ерекшеліктеріне қарамастан, ұлан-байтақ аумаққа тараған бұл тайпалар өзара жақын мәдени біркелкілікте өмір кешті.
Адамзаттың жаңа дәуірге аяқ басқанын көрсететін негізгі фактор өндірістік жолмен палеометалдарды игеру болды. Б.з.б. II мыңжылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола бұйымдар жасау ісін игеріп алды. Қоланың құрамына ерітілген мыс пен қалайы, кейде сүрме, күшала, қорғасын әр түрлі мөлшерде араласып кете беретін еді. Дегенмен де жаңа заманда қола қару-жарақ пен еңбек құралдарын жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат бола бастады. Қазақстан жер қойнауында полиметалдардың, ең алдымен қалайы мен мыс рудаларының барынша молдығы осы аумақта мықты металлургия ошақтарының пайда болуының бір себебі болды.
Ертеден-ақ Қазақстан аумағында мыстың, қалайының, алтынның бай кен ошақтары белгілі болған. Көптеген мыстан (Жезқазған, Зыряновск, Қаршыға, Жалтыр, Ашылы), қалайыдан (Атасу таулары, Қалбынды және Нарымды жоталары), алтыннан жасалған көне бұйымдар (Степняк, Қазаншұңқыр, Балажал, Ақжал) осы аумақтың ежелден бері металлургияның орталығы екенін дәлелдейді. Көне заманда тотыққан кенді өндіру мен балқыту ісі айтарлықтай үлкен көлемге дейін жеткен.
Метал өндіруге машықтанған адамдар құрамында мыс пен қалайыға бай тотыққан руданы (малахит, лазурит, касситерит) өндіретін болды. Өндірудің түрі мен әдісі рудалы қабаттың орналасқан жеріне байланысты болды. Үңгіп алу жұмысы тек рудалы өзектердің бойымен жүргізілді, ал бос топырақ қозғалмай қала берді. Қазуға көнбейтін тығыз рудаларға отпен қыздырып уату әдісі қолданылды.
Ал б.з.б. II мыңжылдықтың ортасында Қазақстанның далалық тайпалар өмірінде түбірлі өзгерістер байқалады, мал шаруашылығы жедел дамыды. Б.з.б. II мыңжылдықтың соңы мен I мыңжылдықтың басында далалық өңірлердегі тұрғындардың көпшілігі шаруашылықтың жаңа маманданған түріне – мал шаруашылығына көше бастады.
Алғашқы дәстүрлі шаруашылыққа бейімделген экономиканың өркендеуіне бәрінен бұрын табиғи-климаттық өзгерістер себепші болды. Климат ылғалы аз, таза құрғақшылыққа қарай ауысты. Ұзақ уақыт бойы бір жерде тұрақтаған Батыс және Орталық Қазақстанның тайпалары су жинаудың жаңа әдісін – құдықты ойлап табады.
Тұрғындардың қоғамдық құрылысы мен отбасылық-некелік қатынастарында да елеулі өзгерістер көрініс бере бастады. Қола дәуірінде экономиканың басты екі бағытының, мал шаруашылығы мен металлургияның тез дамуы өндіргіш күштердің өсуіне, қоғамдық еңбектің мамандануының күшеюіне, әлеуметтік өмірдегі ірі өзгерістерге жетеледі. Жеке отбасылар оқшауланды, отбасылық меншік кеңейді, рулық қауым ішінде теңсіздік орнады.
Айта кетер бір маңызды мәселе, қола дәуірінде Сібірдің, Оралдың, Қазақстанның және Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын шығу тегі және тарихи тағдырлары ортақ болып келетін туыстас тайпалар мекендеді және бұлар өздерінен кейін қайталанбас үлгідегі төл мәдениеттерін қалдырды. Осындай ерекше мәдениеттің ошағы Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының маңындағы Андронов ауылынан табылғандықтан ғылымда шартты түрде «Андронов мәдениеті» деп аталады. Мұндағы қазба жұмыстарды 1913 жылы Б.Г. Андриянов жүргізді. Ал 1927 жылы археолог М.П. Грязнов Батыс Қазақстанда осыған ұқсас обаларды тауып, андронов мәдениетінің ескерткіштері шығыста Минусинсктен бастап батыстағы Оралға дейін таралғанын анықтады. Кейінірек андронов ескерткіштері Оңтүстік Қазақстанда да, Жетісуда және Орта Азияда табылды.
Андронов мәдениетінің белгілері және Қазақстандағы этномәдени ерекшеліктері. Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі Қазақтан аумағында болды. Археологиялық деректер андроновтық тұрғындардың басым көпшілігі отырықшылық өмір сүргенін байқатты. Олардың қоныс-мекендері кең жайылымды шалғынды өзендердің жағалауларында орналасқан. Патриархаттық отбасылардың тұрғын үйлері үлкен жертөлелердің жанында шаруашылыққа қолайлы құрылыстар мен мал қамайтын қашалар салынған жерде болды. Андронов кезеңімен байланысты металдардан жасалған еңбек құралдары, тұрмыстық заттар, қару-жарақтар мен сәнді бұйымдар: ұңғысы бар, дүмі шығыңқы балталар, сағасында ойығы бар пышақтар, балға-шоттар, найзалар мен жебелердің өзгеше ұштары, білезіктер, айналар, моншақтар және түрлі ілмешектер адамдардың тұрмысында көп таралды.
Андронов тұрақтарын басқа тайпалардан айыратын мәдениеттің ең басты этнографиялық белгілері жерлеу ғұрпы, геометриялық өрнегі бар қыш ыдыстардың өзіндік жиынтығы, формасы бар металл бұйымдар болып табылады. Андронов тайпалары тұрқы әр түрлі тас қоршаулар түрінде зираттар тұрғызды: олар тік бұрышты, дөңгелек, және сопақша болып келеді. Кейде, мысалы, Орал өңірінде бұлардың орнына обалар түріндегі қорғандар үйілді. Өлген тайпалас адамдар не өртелді, немесе ерекше әдіспен бір қырынан жатқызылып, қол-аяғы жинақталып, тас тақталардан жасалған «жәшікке» немесе қазылған төрт бұрышты шұңқырға жерленді.
Ыдыстар қолдан жасалынды. Бұдан бұрын жасалынған түбі шығыңқы домаланып келетін ыдыстардың орнына, енді түбі тайпақ ыдыстар жасалына бастады. Олардың сыртқы беті тарақ тәрізді немесе басқадай күрделі геометриялық өрнектермен сәнделді. Өндіріс техникасының дамығандығы және қола заттар мен қыш ыдыстардың түрлерінің әдемілігі андронов мәдениетінің деңгейі жоғары болғанын көрсетеді. Бүгінгі зерттеулер қола дәуірінде өмір сүрген және андронов мәдениетін жасаған тайпалардың антропологиялық кескін-келбеттерінде еуропойдтық белгілер басым екендігін дәлелдеген.
Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аудандарындағы тайпалар, андроновтық, яғни протоеуропойдтық нәсілге жатады. Мұндай кескіннің өзіндік келбеті бар, мысалы бас сүйегінің жоғарғы бөлігінің орташалау көлемде, және тайпақтау болуы, төменгі жағының кең бет әлпеті, төмен орналасқан көз ұясы мен алға ұмсына біткен мұрын осы мәдениетке тән. Ал Қазақстанның батыс және оңтүстік шығысындағы тұрғындары Жерорта теңізі маңайындағы еуропойдтық нәсілдерге жақын. Олардың бас сүйегі сопақтау және ұзынша, ал бет әлпеті созылыңқы болып келеді. Осындай үлгідегі нәсілдер көбіне Еуропаның оңтүстік шығысындағы далаларда және Орта Азияның оңтүстік бөлігінде таралған. Батыс және оңтүстік батыстағы ежелгі қазақстандық тайпалардың антропологиялық құрамының араласып, өзгеруіне шекаралық облыстардағы осы нәсілдердің өзара байланысы мен сіңісуі себеп болған деуге болады. Осылайша, палеоантропологиялық мәліметтерге қарасақ, қола дәуіріндегі ежелгі қазақстандық тайпалардың антропологиялық құрамы – андроновтық және шығыс-жерорта теңізі нәсілдерінен құралып, біртіндеп б.з.б. II мыңжылдықта көрші Оңтүстік Сібір, Алтай, Еділ, оңтүстік Арал, Орта Азия тайпаларына таралған.
Мұндайда ескере кетер тағы бір мәселе – андронов мәдениетінің пайда болуы пікірталасқа толы тақырыптардың бірі. Тарихи әдебиеттерде көптеген болжамдар айтылған және олардың біразы әлі де дәлелдей түсуге мұқтаж. Зерттеушілердің көпшілігі андронов мәдениеті неолит пен энеолит дәуірлеріндегі Қазақстан даласының солтүстік шебіндегі, Оралдың төңірегіндегі және Батыс Сібірдің іргелес аудандарындағы тұрмыс-тіршілігі және шыққан тегі жағынан туыстас тайпалардың негізінде қалыптасқан деп есептейді. Айта кетер бір мәселе, сол уақыттың өзінде-ақ мал өсіру, қарапайым егіншілік және кен істерінің бастапқы нышандары адамдарға мәлім болатын. Үй жанында мал бағу мен алаңқайларда кетпенмен егін салудың одан әрі өркендеуі отырықшылықтың кең етек жаюына, үй кәсіпшіліктерінің шығуына, металлургияның дамуына әкелді. Ұлан-ғайыр далалық аймақта осы материалдық игіліктерді шығаратын әр түрлі орындардағы үдерістердің шамамен бір деңгейлес болуы андронов мәдениетінің өзіне тән ерекшеліктерінің қалыптасуына, қоғамның әлеуметтік құрылымының өзгерістеріне жеткізді.
Күні бүгінге дейін зерттеушілер арасында андронов қауымының тарихындағы күрделі сондықтан да пікірталастар туындататын мәселелердің бірі тұрғындардың этникалық тегін анықтау болып табылады. Осыған қатысты бірнеше пікірлер бар. Солардың бірі андроновтықтарды финн-угор этникалық тобына жатқызады. Бірақ кезінде зерттеушілердің көбі андроновтықтарды үнді-ирандықтарға немесе арийліктерге жатқызған. Соңғы кездері тәуелсіздіктің белең алуына сәйкес, кейбір зерттеушілер бұрынғы еуроцентристік көзқарастардан бас тартып, андроновтық тайпаларды түркітілдестер деп болжам жасауда. Көне еуразия даласында өмір сүрген андронов тайпаларының даму тарихына тиянақты зерттеулер жүргізілуінің нәтижесінде, нақтырақ айтар болсақ, ежелгі қола дәуіріне жататын Синташта және Арқайым (б.з.б. XVІІІ-XVI ғғ.) сияқты қалашықтардың ашылуы мен ғылыми зерттелуі бұрынғы пікірлерге принципті түзетулер мен өзгерістер енгізді.
Қазақстандағы андро нов мәдениеті нің негізгі орындары және кезеңделуі. Андронов мәдени-тарихи қауымдастықтың құрылуы мен қалыптасуы бірнеше жүзжылдықтарға, б.з.б. сонау III мыңжылдықтан бастап II мыңжылдыққа дейін созылды. Қазақстан аумағында андронов мәдениеті б.з.б. ХVI-ХV ғғ. бірегей қауымдастықтың көрсеткіші ретінде қалыптасты. Бұл бірегейлікке Алакөл және Федоров мәдениеттері де кірді. Алакөл мәдениеті Орталық жән Батыс Қазақстанға кең тарады, ал Федоров мәдениеті Шығыс Қазақстан аумағында тарады. Ал енді Орталық Қазақстанда және Жетісуда аталған екі мәдениеттің белгілері бір уақытта тоғысты. Одан әрі қарай осы мәдениетті ұстанған тайпалар Қазақстан территориясынан шығысқа қарай, оңтүстікке таралып, ақырында Иранға дейін қоныс аударды.
Андронов мәдениеті үш кезеңге бөлінеді: оның алғашқысы – б.з.б. ХVIII-ХVI ғасырлардағы ерте қола кезеңі, екіншісі – б.з.б. ХV-ХII ғасырлардағы орта қола кезеңі, соңғысы – б.з.б. XII ғасырдан басталып VIII ғасырды қамтитын соңғы қола дәуірі.
Орталық Қазақстанда андронов мәдениетіне жататын 50-ге жуық қоныс пен 150 ірі қорым табылды. Бұлардың өркендеуіндегі ерте кезең – Нұра кезеңі болып есептеледі, себебі бұл мәдениет ошақтары Нұра өзенінің алқабында табылған. Келесі, орта кезең – Атасу мәдениеті деген атпен белгілі.
Бұл атау Атасу өзенінің алқабында табылған қорымдарды зерттеуден туындады. Соңғы қола дәуірі – Беғазы – Дәндібай мәдениеті – Қарағанды қаласы маңындағы Дәндібай ауылы мен солтүстік Балқаш өңіріндегі Беғазы қойнауындағы қола ескерткіштерінің алғашқы қазылған жерлерінің атауларын білдіреді. Бұған қосымша Солтүстік Қазақстанның Петропавл аумағында да ерте қола дәуірінің ескерткіштері табылғанын айта кету керек. Осы кезеңде кейбір тұрақтар жаңадан пайда бола бастады, олар болашақ қалалардың ізашары ретінде алғашқы бастаулар болды. Соның көрінісі Челябинск пен Қостанай облыстарының шекарасында орналасқан ежелгі Арқайым қалашығы.
Орта қола кезеңінде үй тұрғызу, тұрғылықты мекендерді ұйымдастыру айрықша өзгерістерге ұшырап едәуір өркендеді. Осындай тұрмыстық кешеннің үлгісі ретінде Батыс Қазақстандағы Тасты-Бұтақтағы мекендерді атап айтуға болады. Мұнда сол уақытқа жататын ондаған қорымдар мен тұрақтардың орындары анықталған. Осындай ескерткіштер Шығыс Қазақстандағы Ертіс, Бұқтырма, Құршыма, Алтай және Тарбағатай бойынан да табылды. Қаратау ауданында Таутары қорымы да осылардың қатарына жатады. Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал маңында өте сирек кездесетін қола дәуірінің ескерткіші – Тегіскен кесенесі ашылған.
Андроновтықтар аспанға, күнге, қасиетті отқа табынып, о дүниеде өмір жалғасатынына сенген. Сонымен қатар, оларда ата-бабалары рухына сыйыну, оларды еске алу дәстүрі болды. Осыған байланысты олар құрбандық шалу ғұрпын өткізіп, арнайы орындарда «жылқыны» құрбандыққа шалатын. Тұрақтарды зерттеу барысында аңғарылатыны – оларда діни ұғымдар мен көзқарастар жоғары дәрежеде дамыды. Осы кезеңде жоғарыда атап кеткеніміздей, өлген адамды өртеу рәсімі кең етек алды. Мұның өзі сол кездегі отқа табынудың бір көрінісі еді. От құдіретті күш, зұлым рухтардан қорғайтын қасиетті нәрсеге жатты. Өртенген сүйектердің қалдықтары жерленген орындар қола дәуірінің әр түрлі кезеңдеріндегі түрлі мәдени қабаттардан кездесіп отыр. Ежелгі адамдар қасиеті мол «от» кез келген мәйітті күнәдан тазартады және жаман рухтардан қорғайды деп есептеген.
Петроглифтер – тарихи дерек. Адам баласының ойлау жүйесінің, ой өрісінің дамуы оның өзі туралы және табиғат туралы ұғымының күрделенуіне, діни дүниетанымының пайда болуына әкеліп соқты. Қола дәуіріндегі тайпалардың діни сенімдері мен дүниетанымы, және көне өнері туралы маңызды ақпаратты жартасқа салынған суреттер – петроглифтерден алуға болады. Петроглифтерде адамдардың әлем туралы өзіндік түсінігі мен көзқарастары жарқын көрініс тапқан. Оларда бейнеленген көптеген оқиғалар аңыздар желісінде баяндалатындықтан, қазіргі заманның адамдарына оларды түсіну қиынға соғады. Суреттердегі ұзын құйрығы бар адамдар және аңның терісінен жасалған киім киген ұсқындар, күн басты құдірет иесінің кескіні және түрлі жабайы аңдардың бейнелері сол заманның өзіндік ерекшеліктерін көрсетіп тұр. Кейбір жартастарда екі ер адамның тайталасып, ұрысқа түсейін деп тұрған немесе аспанға қолын жайып жаратушыға табынып тұрған бейнелері жиі кездеседі. Андронов тайпаларының жартастарға салған өнерінен ежелгі адамдардың дүниетанымында пұтқа табыну нышандарының болғанын байқаймыз. Бұл бейнелердің мифологиялық сипатындағы айтылатын ойлар, ондағы әрбір нышанның үлкейтіліп көрсетілуімен анықталады.
Дерек көзі: http://discoveric.ru/mesta/kazahstan/almatinskaya-oblast/petroglify-tamgaly-tas
Ежелгі адамзат дәуірін зерттеуде дерек ретінде петроглифтердің зор маңызы бар. Петроглиф (латынша реіга – жартас, тас және грек тілінде діурһе – қашау) деген мағынаны білдіреді. Ол әдетте үңгірлердің және жақпар тастардың, әр түрлі жалпақ тастардың беттерінде бояулармен сызылған және ойып қашалған. Сондай-ақ олар тасқа шекітіліп бейнеленген рельеф түрінде де кездесе береді.
Петроглифтердің тарихы палеолит дәуірінен басталып, ортағасырларға дейін жалғасып жатыр. Дүниенің төрт бұрышында олар Оңтүстік Францияда, солтүстік Испанияда, ал, ТМД елдері аймағында Оралда, Лена өзені бойында, Кавказ тауларында кездеседі. Ғалымдардың зерттеулері петроглифтердің негізінен алғанда магиялық тұрғыда әр түрлі адами қиялдаудан және дүниетаным түсініктерінен туындап, пайда болғанын көрсетіп отыр. Петроглифтерде негізінен әр түрлі жануарлар, соғысып жатқан жауынгерлер, қос доңғалақты соғыс арбасымен жүйткіп бара жатқан аңшылар, әр түрлі аңдар: бизондар, жылқылар, мамонттар бейнеленген. Кейде аю, үңгір арыстаны тәрізді сирек кездесетін жыртқыштар да кездесіп қалады. Петроглифтердің жазылу стилі және техникасы сан түрлі. Олар жырынды немесе тасқа түсірілген ойықтар немесе әр түрлі минералдық полихрондық бояулармен шимайланған сызбалар түрінде кездесе береді.
Палеолиттің соңында, мезолитте және әсіресе, неолит дәуірінде петроглифтер кең таралып кетті. Адамдардың сана-сезіміндегі өзгерістер, қияли ойлау түсініктері, діни танымдар, табиғи ортадағы түсініксіз құбылыстарға табыну петроглифтерде кеңінен көрініс тапты. Қола және ерте темір дәуіріндегі петроглифтер әсіресе кең таралған. Олар Сібірдегі Енисейде, Ленада, Тувада, Кавказда, Қырымда, Қиыр Шығыста және Орталық Азияда көптеп кездеседі. Кейбір жартастарда жүздеген тіпті мыңдаған бейнелер салынған. Кең ауқымда салынған олар тұтас жақпар тастарды қамтып, сол дәуірдегі адамдардың тіршілігі туралы мол деректер береді. Егер ертеректегі петроглифтерде жабайы жануарлар, аң аулау көріністері және магиялық бейнелер көптеп кездесетін болса, ал кейініректегі петроглифтерде қолға үйретілген аңдар, адамдардың баспаналары, діни салт-дәстүрлерді орындаулары, ескекпен қайық есіп бара жатқан көріністер, жерді шотпен өңдеу, тонау соғыстары және т.б. қамтылған.
Қазақстан аймағында 200-ден астам петроглиф ескерткіштері табылды. Олардың ішінде жан-жақты зерттелгендері Ақбауыр, Арпаөзен, Баянжүрек, Ешкіөлмес, Қаратау, Қойбағар, Майдантал, Мойнақ, Тамғалы тас, ТеректіӘулие тәрізді жақпар тастарға салынған әр түрлі тарихи кезеңдегі қызықты да ауыр тұрмыс-тіршілікті барынша жан-жақты бейнелейтін шытырман оқиғаларға толы ескерткіштер бар13.
Ақбауыр петроглифтері. Ақбауыр петроглифі қола дәуірінің ескерткіші болып табылады. Ол Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Ақбауыр тауларында 5-6 метр биіктікте үңгірлерде бейнеленген. Ондағы салынған бейнелерге қарағанда суреттерде құрбандық шалу дәстүр-салттары көрсетілген. Сонымен бірге, олардың арасында екі доңғалақты арбаға мініп, жүйткіп бара жатқандар, еркін жайылып жүрген бұқа, биікте қақшиып тұрған тауешкі және жұпыны баспаналарда тұрып жатқан адамдар бейнеленген. Суреттер күңгірт түсті охра бояуымен салынған және б.з.д. ІІІ ғасырдың басына жатады. Бұл тарихи маңызы зор ескерткіштерді 1970-90 жж. әйгілі археолог 3. Самашев басқарған Ғылым Академиясының археологиялық экспедициясы зерттеген14.
Арпа өзеніндегі тасқа бейнеленген суреттер. Бұл ескерткіш Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Қаратаудың Келіншектау аталатын жоталарында кездеседі. Оның өмірге келген кезеңі б.з.д. ІІ-І мыңжылдықтарға жатады. Үлкен аймақты қамтып жатқан тау жоталарындағы осы суреттердің саны үш жарым мың. Мұнда көне заманның суретшілері түрлі адамдардың аңшылықтағы жорықтарын және қанды шайқастағы қарсы тұруларын сан түрлі қырынан аса қызықты бейнелеген. Оларда соғыс арбалары кеңінен қарастырылған. Мұның өзі осы аймақта болған алапат соғыстарды бейнелейтін тәрізді. Бұл ескерткіштерді М. Қадырбаев бастаған ҒА-ның экспедициясы 1970 жылы алғаш рет зерттеген еді. 1980 жылы бұл зерттеулерді әйгілі археолог З. Самашев жалғастырды.
Қаратау петроглифтері. Бұл ескерткіштер атынан көрініп тұрғандай Қаратаудың үңгірлері мен қойнауларында кездеседі. Ең алғаш оларды зерттеуді Түркістандағы археология үйірмесінің мүшелері бастаған еді. Кейіннен бұл маңайдағы осы ескерткіштер М. Қадырбаев, А.Н. Марьяшев, З. Самашев және т.б. зерттеушілердің назарын аударды. Осындай ізденістердің нәтижесінде осы маңайдағы бірнеше мыңдаған суреттер ғылыми айналымға қосылды. Олардың ішінде жоғарыда арнайы айтылған Арпа өзеніндегі петроглифтердің өздері 3 500 бейнені қамтиды және Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында орналасқан саны осыған жуық көптеген бейне суреттер Қойбағар петроглифтерінде кездеседі. Ол Сызған елді мекенінің маңайында орналасқан. Сондай-ақ, Бурное станциясының маңындағы Габаев петроглифі және Созақ ауданындағы Қошқар ата петроглифтері бірнеше жүздеген оқиғаларды бейнелеген. Қаратау петроглифтері жақпар жартастарда діни түсініктерді және дәстүр-салттарды, сондай-ақ көшпелі тайпалардың тұрмыс-салт әдет-ғұрыптарын кеңінен бейнелеген. Онда жабайы аңдар мен түйе тәрізді қолға үйретілген жануарлар, тауешкіні қуалаған аң аулаушы иттер, аң аулауда қолданылған садақ тәрізді құралдар, және батырлардың өздерінің жекпе-жекке шыққанда қолданатын қылыштары мен шоқпарлары кеңінен көрініс тапқан. Осы маңда өткен ұрыстарды бейнелейтін бұл суреттерде әсіресе ұрыс арбалары көптеп кездеседі15.
Тамғалы тас петроглифтері. Бұл ескерткіштердің жиынтығы Шу, Іле тауларының оңтүстік шығыс жағында орналасқан. Онда ежелгі ескерткіштердің және петроглифтердің 100-ге жуық түрі кездеседі. Тарихи кезеңі б.з.д. ХІV-ХІІІ ғасырлардан ХІХ-ХХ ғасырларға дейін келеді. Ескерткіштің алып жатқан аумағы 1200 шаршы метрге дейінгі аймақты қамтиды. Мұнда ежелгі қабірлер көптеп кездеседі және олар қола дәуіріне жатады. Сонымен бірге осы қабірлердің бірнешеуінде Тамғалы өзенінің жағасындағы Тамғалы 2 және Қарақұдық 2 тәрізді тарихи орындарда ежелгі петроглифтер кездеседі. Бұл қабір қорғандарды кезінде, 1958 жылы А.Г. Максимова зерттеп, оларды б.з.д. ІІІ – б.з.д. ІІ ғасырларға жатқызған еді. 1986 жылы Тамғалы 6 қорғанында қазба жұмысы жүргізілді. Онда табылған ыдыстар және қола айна, зерттеушілердің пікірінше, б.з.д. V-ІV ғасырларда жасалған. Тамғалыдағы петроглифтердің жалпы саны 5000-ға жуық екені анықталып отыр.
Қапшағай петроглифтері. Бұл петроглиф ескерткіштері Алматыдан 100 км қашықтықта Іле өзенінің аймағына орналасқан. Ондағы суреттер 18 тасқа бейнеленген. Зерттеушілер Г.В. Фишер, А.Н. Никольский, Н.Н. Пантусов, А. Позднеев ХІХ ғасырдың өзінде-ақ бұл ескерткіштерге назар аударған екен. Зерттеулер бұл петроглифтердің б.з.д. ІІ ғасырдан бастап салынып, ХІІ ғасырға дейін жалғасқанын көрсетіп отыр. Мұнда негізінен құлшылық етіп, табынып жатқан адамдар және ежелгі тибет жазуларының сондай-ақ көне түркі таңбаларының белгілері кездеседі. Олардың ішінде әсіресе назар аудартатыны Будданың бейнесі. Зерттеушілер оның салынған кезеңін б.з.д. ІІ ғасырға жатқызды. Осы аймақта сақ тайпаларының арасында буддизмнің кеңінен таралғаны, олардың күн құдайына, жер құдайына және соғыс құдайына сыйынғандары деректерден белгілі. Мұндай ескерткіштер, будданың қатысуымен жасалған петроглифтер кезінде Қазақстанның және Қырғызстанның басқа да аймақтарында кездескен болатын. Қапшағай петроглифтеріндегі көне суреттер кейініректе Шыңғыс ханның жаулауы кезінде, сондай-ақ жоңғар шапқыншылығы жылдарында қосымша жазулармен толықтырылған. Суреттердің шебер салынуы еріксіз назар аудартады.
Қараеспе петроглифі. Бұл ескерткіштер Алматы облысының Қараеспе аңғарындағы Шолақтауда кездеседі. Археолог А. Марьяшев 1982-83 жылдары оларды зерттеген еді. Онда айбалта асынған батырдың бейнесі, қарғып және секіре жортып бара жатқан жануарлар әсіресе, еліктер мен тауешкілер кескіндері кездеседі. Ғалымдардың пікірінше, бұл ескерткіште ежелгі сақ дәуіріндегі рухани-шаруашылық өмірдің көрінісі бейнеленген.
Қарақыр петроглифі. Бұл ескерткіштер Тамғалы шатқалынан солтүстік батысқа қарай 7-8 шақырым қашықтықта орналасқан. 1980 жылы А.Н. Марьяшев бастаған экспедиция зерттеді. Үлкен ірі тастарға бейнелеген бұл петроглифтерде садақ тартқан садақшылар, атқа мініп жортып бара жатқан жауынгерлер, басы күн сәулесін еске түсіретін құдайлар т.б. белгілер салынған. Сондай-ақ мұнда ірі-ірі шайқастардан көріністер, құрбандық шалу әрекеттері, аң аулап жүрген аңшылар бейнеленген. Оның жалпы салыну тәсілі Тамғалы тастағы суреттерге жақын екендігі және олардың кейбіреулерінің сақтардың «аң стилімен» бейнелейтін өнерін еске түсіретіні байқалады.
Сонымен қорытып айтар болсақ, қола дәуірінде қоғамдық өмірді ұйымдастыруда біршама өзгерістер орын алды. Аналық рулық тайпа аталыққа ауысты. Алғашқы қауымдық қатынастар біртіндеп әлсіреп, мүліктік бөлініс күшейе бастады. Бұл заманда көшу жолдарының қалыптаса бастауларының да шаруашылық-экономикалық маңызы зор болды. Олар Сарыарқаны көктеп өтіп, тармақтарға бөлініп, түрлі аймақтарды байланыстырды.
Жалпы ежелгі Қазақстан аймағында қола дәуіріндегі адамдар шаруашылығы салыстырмалы түрде қарастырғанда едәуір дамыды, және аймақтық табиғи-климаттық жағдайға жақсы бейімделіп өркендеді. Қола дәуіріндегі тайпалар өзіндік мәдени кеңістіктер қалыптастырды және солардың негізінде көшпелі халықтың бастапқы мәдениеті қалыптасты.
Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. Андронов мәдениетінің басты ерекшеліктерін атап көрсетіңіз.
2. Андронов мәдениетінің кезеңделуі мәселесіне тоқталыңыз.
3. Әлкей Марғұланның қола дәуірін зерттеудегі орны мен рөліне тоқталыңыз
4. Петроглифтердің тарихи дерек көзі екендігіне дәлел келтіріңіз.
5. Қазақстан аумағында тасқа қашалып салынған суреттердің санын атап көрсетіңіз.
13
История Казахстана: энциклопедический справочник. – Алматы, 2010. – 475 с.
14
Самашев З. Грот Акбаур с писаницами в Восточном Казахстане. Проблемы изучения наскальных изо- бражений в СССР. – М., 1990.
15
История Казахстана: энциклопедический справочник. – 311-312 с.