Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов - Страница 7

ІІ бөлім
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЕЖЕАГІ ТАРИХЫ (б.з.б. VII-IV ғғ.)
І тарау
ТҮРКІЛЕРДІҢ ЕЖЕЛГІ БАБАЛАРЫ (ПРОТОТҮРІКТЕР)
§ 1. Сақ-сармат кезеңі

Оглавление

Ерте темір дәуіріндегі археологиялық мәдениеттердің ерекшеліктері және археологиялық ескерткіштер хронологиясы.

Қазақстан тарихындағы б.з.б. VII – IV ғасырлар аралығы ерте темір дәуірі кезеңі деп аталады. Тәуелсіздік жылдары жарық көрген мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған Қазақстан тарихы оқулықтарында ерте темір дәуірінің хронологиялық шеңберін б.з.б. VIII – ІІІ ғасырлар немесе VIII – VI ғасырлар деп көрсету орын алып келеді. Қазақстан тарихын бұлай кезеңдеуге толық келісуге болмайды. Өйткені еліміз аумағындағы қола дәуірінің хронологиялық шеңбері б.з.б. ІІ-І мың жылдықтарды қамтиды, яғни б.з.б. XVIIІ – VIIІ ғасырларға сәйкес келеді. Олай болса, VIIІ ғ. бір мезгілде қола және ерте темір дәуірлерінің хронологиялық шеңберін көрсете алмайды. Б.з.б. ІІІ – б.з. ІІ ғасырлардағы темірді құрал ретінде игерген ежелгі мемлекеттер: ғұн, үйсін және қаңлы бірлестіктерінің хронологиялық шеңбері болып табылады. Сол себепті де б.з.б. VII – IV ғасырлар аралығын ерте немесе әуелгі темір дәуірінің хронологиялық шеңбері деп көрсеткен жөн.

Сақ тайпаларына қатысты археологиялық ескерткіштер Қазақстанның барлық аумақтарынан дерлік ұшырасады. Сақ қорғандары көбіне, өзендер бойына орналасып, Жетісу және Орталық Қазақстан, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан, сондай-ақ Солтүстік және Батыс Қазақстанда жиі кездеседі. Археолог ғалымдар тұрақтар мен қорғандарда қазба жұмыстарын жүргізіп, сақтардың діни нанымсенімдері мен әдет-ғұрыптары, тұрмысы мен шаруашылығына қатысты мол мәліметтер алды.

Жетісу жерінен табылған археологиялық ескерткіштер қатарына «Бесшатыр» қорымы, «Есік» обалары, «Жуантөбе» қорымы, «Боралдай» қорымы және т.б. кіреді. «Бесшатыр» қорымы Іле өзенінің оң жағасында, Шылбыр қойнауында орналасқан. Қорымның басты ерекшелігі 31 обаның шоғырланып орналасуында. Обалардың көлемі әр түрлі болып келеді. Үлкен обалардың диаметрі 25-28 м және биіктігі 5-6 м құраса, кішілерінде бұл көрсеткіш 6-18 м және 0,8-2 м құрайды. Жеке обаларды айналдыра тастан қоршаулар тұрғызылған. «Бесшатыр» обалары құрылысы жағынан мынадай көрініс береді. Жер бетіне орналастырылған сағаналар ағаш бөренеден тұрғызылған. Құрылыс бірнеше бөліктен: дәлізден, қабірдің алдыңғы кірер аузы және жерлеу бөлмесінен тұрады. Жерлеу бөлмесінде адамның қаңқасы, кірер бөлмеде қыш ыдыстар және басқа да бұйымдар қойылған. Бөренелердің бастары бір-біріне біріктіріліп, құлыптармен бекітілген.

Құрылыстың қабырғалары төрт бұрышты болғанымен, төбесі дөңгелек күмбез түрінде жабылған. Құрылыс жұмысы көп қышты қажет еткен. Тастар жақын маңнан тасылғанымен, ағаш бөренелер тау бөктерінде арнайы дайындалып жеткізілген. Ал құрылыстың үстіне төгілген топырақ үйіндісін жасау көп адам күшін әрі көп уақытты талап еткен. Обаларда жерленген адам сүйектерінің қасынан жебелер салынған қорамсақ және семсер-акинактар, әсемдік бұйымдар табылған. Қорымның материалдарын кездейсоқ табылған олжалар мен қола бұйымдар көмбелері: қазандар, құрбандық ыдыстары, шырағдандар, еңбек құралдары, ер-тұрман заттары толықтыра түседі.

Бесшатырлық ғұрыптық құрылыстар тайпалардың көсемдері бастарына үлкен обалар орнату арқылы мәңгі есте қалдыруға тырысқанын көрсетеді. Обалардың көлемі көсемнің құдіреті мен байлығына сай келіп, келер ұрпақтың бойына құрмет пен қорқыныш сезімін ұялатуға тиіс болған.

«Есік» қорғаны Алматы қаласынан 50 шақырым қашықтықта және осы аттас өзеннің сол жақ жағалауында орналасқан қорымның қатарына кіреді. Қорым оңтүстіктен солтүстікке дейін 3 шақырымға созылған.

Қорым қырық бес қорғаннан тұрады. «Есік қорғаны» – алғашқы «алтын адам» табылған әлемге танымал ескерткіш. Ол 1969 жылы зерттелген. Сол жылы қатты қыстың салдары көктемгі сел тасқындарының орын алуына әкеп соқты. Селдің салдарынан бұзылған бұрынғы машина-трактор станциясы орнына жаңа құрылыс салудың көзделуіне байланысты «Есік» қорымына кіретін қорғанның біріне қазба жұмысы жүргізілді. Қазба жұмысын көрнекті археолог К.А. Ақышев жүргізді18.


Қорғанның диаметрі – 60 м. Үйіндінің астында екі қабір орналасқан екен. Өкінішке орай, 19 қатар бөренеден құлыптасып жасалған орталық патша қабірі тонауға ұшыраған. Қазба жұмысын жүргізген археологтар қорғанның бүйірінде орналасқан бес қатар бөренеден тұрғызылған және тонаудан аман қалған қосымша екінші қабірді тапқан. Әйгілі «алтын адам» осы қабірден табылған.


«Есік» қорғанынан табылған «алтын адамның» реконструкциясы «Караван» газетінен алынды) www.caravan.kz


Алматы қаласындағы тәуелсіздік монументі www.armedia.am


Сол жылдарда әлем қызығушылығын туғызған «алтын адам» 17-18 жасар ханзада деп жарияланды. Бүгінде егеменді Қазақстанның атрибуты мен символына айналған «алтын адам» бейнесі Алматы қаласындағы тәуелсіздік монументі мен Ел ордамыз – Астана қаласындағы «Мәңгілік ел» кешендерінде тарихи тұлға бейнесінде берілген.

Жекелеген археолог және тарихшы ғалымдар «алтын адамның» ханшайым болуы мүмкін деген жорамалды да алға тартып отырады. Олай деуге де негіз бар. Қорғанның ішіне үңілсек, қабірдің оңтүстік және батыс жағында 26 қыш ыдыстардың орналасқанын көруге болады. Ортасында басы батысқа қаратылған адам қаңқасы табылды. Мәйіттің тұрқының ұзындығы – 165 см. Бұл көрсеткіш әйел адамға тән өлшем деуге болады. Ол алтынмен әрленген сәнді киім киінген. Бас киімі шошақ түрінде болып келеді. Биіктігі – 70 см құрайды. Бас киімнің маңдайшасында алтыннан жасалған мүйізді (пырақты), қанатты жылқы бейнелері берілсе, бас киімнің екі жақ бүйірі тау сілімдері, ағаштар, барыс, таутеке бейнеленген 150-дей алтын қаптырмалармен және тоғалармен сәнделген. Тағы бір ерекшелігі бас киімнің төрт жағын ала орналасқан құс қауырсыны түріндегі алтын қауырсындармен әрленген, сырты алтын фольгамен оралған төрт жебе бекітілген. Сыртқы түрі мен безендірілуінде көшпелі тайпалардың қалыңдықтың бас киіміне ерекше назар аударатындығын ескерсек, «алтын адамның» әйел адам екендігі туралы пікірге бір табан жақындайтынымызды аңғару қиын емес. Келесі бір фактілерге бас сүйектің сол жағынан табылған алтын сырға мен мойны тұсында алтын алқа жатады. Көшпелілерде, әсіресе түркі тайпаларында ер адамдардың сырға таққандығын археологиялық ескерткіштерден көруге болады. Бірақ мұндай сырғалар көбіне дөңгеленіп, айшық тәріздес болып жасалады. Ал «алтын адамның» құлағынан салпыншақ көк тасы бар сырғаның табылуы, мойнындағы алтын алқаның төрт орам спираль тәріздес жасалуы оның әйел жынысына жататынына келесі дәлел тәрізді. Үстіне киілген бешпеттің жиектері мен жеңінің ұшы жолбарыстың басы бейнеленген алтын тоғалармен жиектелген. Бешпеттің қалған жері үшбұрышты геометриялық фигуралар түріндегі алтын өрнектермен көмкерілген. Бешпеттің белі тұсына аяғын бауырына жинаған бұғы мен бұланның басы түріндегі он алты қаптырмамен қапталған құрама белдік тағылған. Белдіктің оң жағына алтын қаптырмалары бар темір акинак-қанжар ілінген. Қазба жұмыстары барысында «алтын адамның» қабірінен қола айнаның табылуы да оның әйел екендігін айғақтай түсетіндей. Жазба деректерден сақтардың Тарғытай, Скунха атты патшаларымен қатар, аса беделді Томирис, Тамир, Зарина атты патшайымдары өмір сүргенін ескерсек, «алтын адамның» ханшайым болуы әбден мүмкін.


Атырау облысы, Жылыой ауданындағы «Аралтөбе» қорымының 1-қорғанынан тапқан «алтын адам» kolizej.at.ua


Жалпы «алтын адамдар» туралы айтқанда, олардың еліміздің бірнеше аймақтарынан табылғандығын айтып өткен жөн.

Есік қаласы маңынан табылған «алтын адамнан» бөлек, 1999 жылы археологтар Зейнолла Самашев пен Жұмаш Жетібаевтың Атырау облысы, Жылыой ауданындағы «Аралтөбе» қорымының 1-қорғанынан тапқан «алтын адамы», 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Төлебаев пен доценті Ғани Омаров зерттеген Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы аумағындағы Бәйгетөбе деген жерден табылған «Шілікті-3» қорымының № 1 қорғанынан тапқан «алтын адам» (барлығы 4262 алтын бұйым табылды), соңғысы 2010 жылы археолог Бейсенов Арманның Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы «Талды-2» қорғанынан тапқан «алтын адамы», одан бөлек, 2010-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы аумағындағы «Тақсай-1» комплексінде профессор М.Н. Сдыковтың сармат ескерткіштеріне жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылған алтын бұйымдар негізінде реставратор Алтынбеков Қырымның «Тақсай абызы» атымен қалпына келтірген «алтын адамдары» бар. Көріп отырғанымыздай «алтын адамдар» табылуы жағынан да Қазақстанның барлық аймақтарын қамтыған. Өкінішке орай, Есік қаласы маңынан табылған «алтын адамнан» басқаларының обалары тонауға ұшыраған және мәйіт пен ондағы алтын әшекейлер де сол бастапқы қалпындағы орындарынан табылмаған. Бұл жағдай «алтын адамдардың» толық реконструкциясын жасауға мүмкіндік бермей отыр. Аталған «алтын адамдардың» қалпына келтірілген нұсқалары ғылыми зерттеулерде оқырманның назарына ұсынылып жүр. Алайда олар әлі де болса тарихшы, археолог ғалымдардың толық мақұлдауына ілінбей отыр.


Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы аумағындағы Бәйгетөбе деген жерден табылған «Шілікті-3» қорымының № 1 қорғанынан табылған «алтын адам» www. tengrinews.kz


Ежелгі дәуірден сыр шертетін тағы бір ғажайып – «Таңбалы тас». «Таңбалы тас» ескерткішінде негізінде қола, ішінара ерте темір дәуірінде салынған бейнелер бар. Ескерткіштің ерекшелігі – сол заманда өмір сүрген адамдардың тасқа салған бейнелерінен олардың тұрмыс-тіршілігі, дүние танымы көрініс береді. «Боралдай» қорымы Алматы қаласының іргесіндегі Үлкен Алматы каналынан солтүстікте орналасқан Боралдай кентіне дейін созылып жатыр. Қорымда жалпы саны – 63 оба бар. Обалардың шоғырланып орналасуының діниғұрыптық маңызы бар. Сақтар ғасырлар бойы осындай «қасиетті жерлерге» құрбандық шалып, тағзым етіп отыруды әдетке айналдырған.

Орталық және Солтүстік Қазақстанға тән ерекше ескерткіш – «Тасмола мәдениеті» деп аталады. Бұл мәдениеттің Қазақстанның өзге өңірдегі ескерткіштерден ерекшелігі бар. Мысалы: Жетісу жеріндегі сақтардың «Бесшатыр» қорымында ағаш бөренеден жасалған обаның ішінде адам жерленіп, сыртынан тас қоршаумен қоршалады. «Тасмола мәдениетінің» ерекшелігі «мұртты обалардың» болуында. Мұндағы мәйіт негізгі обада жерленіп, сыртына топырақ үйіндісі жасалады. Ал қосымша қорғандарда құрбандыққа шалынған жылқы қаңқасы, еңбек құралдары және қыш ыдыстарға салынған дәнді дақылдардың дәндері табылады. Негізгі оба мен қосымша обалар арасы жартылай көмілген, қырынан қойылған тас қоршаулармен жалғастырылған. Осы қоршаулар «мұртшалар» деп аталады. «Мұртшалар» батыстан шығысқа бағытталып, ұзындығы – 20-30 метрден, 200-300 метрге дейін созылып жатады.

Зайсан көлінен оңтүстікке қарай 100 шақырым жердегі Маңырақ пен Тарбағатай жоталары аралығындағы Шілікті алабында ерте сақ дәуіріне жататын қорғандар орналасқан. Қорымдар алаптың ортасында орналасқан. Мұндағы «патша» қорғандарының диаметрі 100 м, биіктігі 8-10 м жетеді. Шілікті қорымы – сақ тайпалық одағының билеуші тобының жерлеу орны болуы мүмкін. Шілікті даласында сақ-үйсін дәуірінің 200-ден астам ескерткіштері бар19. Шілікті архитектуралық комплексінің хронологиялық шеңбері шамамен б.з.б. УІІІ-УІ ғғ. қамтиды. Шығыс Қазақстанда орналасқан ерте темір дәуіріне қатысты археологиялық ескерткіштердің келесі бір кешені – Берел қорымы. Ескерткіштің хронологиялық шеңбері – б.з.б. У-ІУ ғғ. Бүгінгі күнге дейін «Берел-1» және «Берел-2» археологиялық кешеніне кіретін ондаған қорғандарда қазба жұмыстары жүргізіліп, сақ тайпаларының діни наным-сенімдері мен тұрмыс-тіршілігі жайлы мол мағлұматтар алынды. Шығыс Қазақстанда орналасқан ерте темір дәуіріне қатысты археологиялық ескерткіштерді зерттеуде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, археология және этнология кафедрасының профессоры Әбдеш Төлебаев бастаған ғалымдары көп еңбек сіңіріп келеді.

Қазіргі Батыс Қазақстан жерін мекендеген сарматтар ескерткіштері Жайық, Елек, Жем, Сағыз өзендері бойына орналасқан. Олардың қатарында Сынтас, Бесоба, Лебедевка қорымдары мен Прохоровка мәдениеттері бар. Аталған археологиялық ескерткіштерде Қазақстанның өзге өңірлеріне тән алтын бұйымдармен қатар, соғыс қару-жарақтары көптеп табылуымен ерекшеленеді.

Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тән археологиялық ескерткіштер қатарында «Түгіскен» және «Ұйғарақ» қорымдары бар. Б.з.б. ІХ-VIII ғасырларға тән Оңтүстік Түгіскен қорымында – 9, ал УП-У ғасырларға тән Солтүстік Түгіскен қорымында 27 оба орналасқан. Ал Солтүстік Түгіскен бір мезгілде тұрғызылған Ұйғарақ қорымында 80 оба орналасқан. Олардың 70-де зерттеу жұмыстары жүргізілген. Сақ дәуірінің көрнекті ескерткіштері қатарында Сырдың төменгі ағысына жақын орналасқан Шірік-Рабат, Бәбіш Молда ескерткіштерін атап өткеніміз жөн.

Сақ тайпаларына қатысты ескерткіштер Қазақстанның барлық өңірлерінде кездеседі. Археологиялық қазба жұмыстары барысында алынған құнды мәліметтер сақтардың тұрмысы, шаруашылығы, қолөнері, діни нанымсенімдері мен әдет-құрыптары жайлы түсінігімізді қалыптастыруда үлкен рөл атқарып отыр.

Білімді тексеруге арналған сұрақтар:

1. К.А. Ақышевтің сақтардың тарихын зертгеудегі орны мен рөліне тоқталыңыз.

2. Есік обасынан табылған «алтын адамға» сипаттама беріңіз.

3. Қазақстаннан табылған «алтын адамдар» жайлы не білесіз?

4. Сақ дәуірін зерттеп жүрген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ғалымдарының еңбектеріне тоқталыңыз.

5. Тасмола мәдениетінің ерекшелігін атап көрсетіңіз.

6. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде орналасқан сақ ескерткіштері жайлы не білеміз?

18

Акишев К.А. Курган Иссык. – М., 1978.

19

Омаров Ғ. Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі. – Алматы, 2010. – 70-б.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап

Подняться наверх