Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап - Коллектив авторов - Страница 3
I бөлім
ТАРИХҚА ДЕЙІНГІ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ
І тарау
ТАС ЖӘНЕ ҚОЛА ЛӘУІРАЕРІ
§ 1. Тас дәуіріндегі қазақ жері
ОглавлениеТас ғасыры және оның кезеңдері. Тас дәуірі адамзат тарихында б.з.д. 2 млн жылдан б.з.д. 2 мыңжылдыққа дейін созылады. Бұл дәуірде алғашқы адамдар тастан жасалған тұрпайы қаруларды өмірде, күнделікті тіршілікте қолдану үшін қолын босатып, белін жазып, біртіндеп тік жүруге мәжбүр болды. Тас дәуірі ғылымда 3 кезеңді қамтиды. Оның алғашқысы палеолит – ежелгі тас ғасыры деп аталады және б.з.д. 2 млн жылдан б.з.д. 12 мыңжылдықты қамтиды, адамзаттың келесі тарихи даму кезеңі мезолитке, яғни орта тас ғасырына жалғасты. Осы орта тас ғасыры б.з.д. 12-5 мыңжылдықтарда орнықты. Адамзат біртіндеп жаңа кезеңге неолитке, яғни жаңа тас ғасырына аяқ басты. Бұл кезең б.з.д. 5 мыңжылдықтан 2 мыңжылдыққа дейін созылды.
Өз кезегінде палеолит үш кезеңге бөлінеді. Оның алғашқысы ерте немесе төменгі палеолит, ол олдувай кезеңіндегі (б.з.д. 2 млн жылдан – б.з.д. 800 мың жылға дейін), ашель кезеңіндегі (б.з.д. 800 мың жылдан – б.з.д. 140 мың жылға дейін) мәдениеттерді қамтиды. Ал орта палеолит ғылымда мустерь мәдениеті деп аталады (ол б.з.д. 140 мың жылдықтан – б.з.д. 40 мың жылдыққа дейін созылды). Сондай-ақ бұларға қосымша кейінгі немесе жоғарғы палеолит кезеңі бар. Ол б.з.д. 40 мыңжылдықтан – б.з.д. 12 мыңжылдыққа дейін жалғасады. Палеолиттің ерекшелігі Еуразия мен Африка аймақтарының сол дәуірдегі мәдениеттерінің едәуір ұқсастығы болып табылады. Палеолиттің көпшілікке мәлім кезеңге бөлу мәселесі соңғы жылдарда елеулі өзгерістерге ұшырады. Бүгінде палеолиттің алғашқы, ең ертедегі мәдениеті ретінде (алдыңғы кезеңдерде ашельге дейінгі) олдувай мәдениеті танылады.
Адамдардың алғашқы қауымдастығы. Алғашқы қауымдық өмір адамзат қоғамының осы дүниедегі алғашқы қадамы болып есептелінеді. Оның өзі жер бетінде адамның пайда болуымен және таптық құрылымның құрылуымен сондай-ақ мемлекеттің шығуымен аяқталады. Алғашқы қауымдық өмірде негізгі тұлға адам болды. Адамның қалай пайда болғанын ғалымдар әлі күнге дейін толық түсіндіре алмай келеді. Қасиетті кітап Құранда адамның пайда болуы топырақтан және бір тамшы судан басталатыны атап көрсетілген1. Қарапайым тұрғыдан және аса ұгымды түсіндірілген осы ұстанымды адамзаттың көп бөлігі ақиқат ретінде қабылдады. Шындығында да он төрт ғасыр бойы адамзат санасына өзін мойындатып келген Құранның қағидасы логикалық тұрғыдан қисынды және ғылыми дәлелденген. Өйткені, алғашқы адам ғалымдардың көпшілігінің көзқарасы бойынша Жер шарындағы табиғи ортада қарапайым элементтерден қалыптасты.
Назар аудартатыны әлемнің түкпір-түкпірінде адамзаттың пайда болуы мен даму тарихы, сонымен қатар оның тіршілік қызметінің іздері мен еңбек құралдарының ортақ ұқсастықтары көп және олар өзара тығыз байланыста. Дегенмен, адамзаттың ежелгі тарихында әлі де толық ашылмаған, анықталмаған мәселелер мен дау тудыратын қағидалар көп. Тарихшылар алғашқы адамның пайда болуына байланысты ұстанған көзқарастары тұрғысынан екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа жататын зерттеушілер, адамзаттың алғашқы пайда болған жері Африка, Азия, Еуропа құрлығы деп ойласа (М.Урысон, И. Иванова, В. Алексеев және т.б.), ал екінші көзқарасты ұстанғандар – адамзат бір ғана жерде, атап айтқанда Солтүстік-шығыс Африкада, Алдыңғы және Оңтүстік Азияда (Г.Е. Смит, П. Сушкин, Х. Алпысбаев, Ж.Қ. Таймағамбетов, А.П. Окладников және т.б.) өмірге келген дегенді ұстанады. Соңғы жылдары екінші көзқарасты жақтайтындардың саны жыл санап артып келеді.
Ал енді Қазақстанға байланысты айтылғандарды нақтылай түсер болсақ, зерттеуші А.Г. Медоев қазақ жеріне алғашқы адам осыдан 2 млн жылдай бұрын қоныстанып, олар алғаш Маңғыстау мен Қаратау таулы жоталарын мекен етті деген ойда2. Ал археолог Х. Алпысбаев Қазақстанға алғашқы адам екі бірдей аймақтан, яғни Оңтүстік Азиядан, әрі Оңтүстік Шығыс Африкадан қоныс аударған деген пікірде3. Зерттеушілердің біразы қазақ жеріне қоныстанған адамдар батыс Еуропадан бұрын келген, тіршілік ете бастаған дегенді айтады. Соңғы жылдары ғалымдар Қазақстанды алғашқы адамдар 1 млн жыл бұрын қоныстанды және ежелгі қазақ жері қоныс аударушылардың көшу жолы деген пікірге тоқталып отыр4.
Ата-бабаларымыздың өмір сүрген жағдайы туралы бүгінгі таңдағы нақты түсінігіміз адамдардың еңбегімен тұрғызылған тұрақтар мен үңгірлерді, тас құралдарды, олардың тамақтану қалдықтарын, және сол кезеңдегі жануарлардың сүйектерін зерттеу негізінде қалыптасады. Яғни артта қалған, «мешеу халық» деп аталатындардың өмірінен мәлімет беретін осындай этнографиялық деректер бүгінде ежелгі адамзаттың материалдық және рухани мәдениетінің кейбір тұстарын нақты түсінуге көмектеседі. Алайда алғашқы қоғам туралы негізгі ақпаратты – тастан жасалған еңбек құралдары беретінін де ескеруіміз керек. Өйткені адамзаттың пайда болуы және адам ретінде қалыптаса бастаулары тас дәуірі деп аталатын дәуірде жүзеге асқан болатын.
Оның біз жоғарыда атап көрсеткен олдувай кезеңіндегі алғашқы адамдар туралы тарихи-археологиялық мәліметтер мардымсыз. Алғашқы тас құралдар өте дөрекі және нашар өңделген болатын. Оларды біртіндеп жетілдіру жаңа тас құралдарының пайда болуына алып келді. Қазақстан аумағында бұл тарихи кезеңдегі алғашқы адам туралы деректер тіптен аз. Алғашқы адамдар жабайы өсетін астық дәндерді, жеміс-жидектерді теріп, яғни терімшілікпен айналысып, аң аулаған. Палеолит дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі әрі ұзақ даму жолынан өтті. Ол бастапқыда алғашқы тобыр – бірлесіп қорғану және шабуыл жасау, аң аулау мен терімшілік үшін бірігу түрінде болды. Бұл әлеуметтік құрылым тұрпайы да анайылығымен, қоғамдық қарым-қатынастардың тым қарапайымдылығымен және жетілмегендігімен ерекшеленді. Сонымен қатар, оған кейбір некелік байланыстардың тұрақсыздығы да тән болды.
Алғашқы тобыр төменгі палеолиттің ерте кезеңдерінің бірі – ашельге сәйкес келеді. «Алғашқы адамзат тобыры», немесе «ежелгі қауым» адамның жануарлар әлемінен бөлініп шығуының нәтижесінде пайда болған. Ежелгі қауым тұрақсыз құрылым болды және біртіндеп әлдеқайда берік қоғамдық ұйым құрылымына жол берді, себебі тұрақты иерархиялық бірлестіктер тобырға қарағанда өмір сүру үшін табысты күресе алды. Бұл аналық рулық қауымның қалыптасуына ұласты. Әлеуметтік байланыстарды нығайтудың шынайы жолы стихиялы түрде пайда болған туыстық байланыстар болды. Қоғамның рулық құрылымға өтуін археологиялық мәліметтер де растайды. Оның нақты көрінісі – адамдар мекендейтін аймақтарда ұжымдық тұрақтардың пайда болуы.
Ашель кезеңінде біртіндеп жаңа әлеуметтік организмнің – алғашқы қауымның алғышарттары толыса бастады. Қазақстан аймағы адамдардың батыстан шығысқа көшу жолдарында жатқандықтан мұнда питекантроптар мекендеген ашель кезеңінің ескерткіштері кездесе қоймайды. Ал неандартельдермен замандас адамдар өмір сүрген мустье кезеңінде мекендеген алғашқы адамдар тұрақтары қазақ жерінде баршылық (Қызылрысбек, Мұзбел, Үшбұлақ ескерткіштері). Бұл заманда жасы мен жынысына қарай табиғи еңбек бөлінісі, қауымның бастапқы нысандары пайда болды. Әлеуметтік жағынан алғанда соңғы палеолиттегі адамзат ұжымы жаңа қырынан – алғашқы қауымның жетілген нысандарының қалыптасуымен сипатталады. Көптеген зерттеушілердің пайымдауынша, бұл сапалық секіріс неандерталь кейпіндегі тұлғаның осы заманғы адамға ұқсас дене бітімі бар адамға трансформациялануымен сәйкес келеді.
Келесі кезең – мезолит дәуірін, одан әрі неолитті және энеолитті көшпелі және отырықшы тұрмыс салтындағы аңшылар мен балықшылар мәдениетінің қалыптасуы мен даму уақыты ретінде сипаттауға болады.
Алғашқы адам қалай қалыптасты? Алғашқы гоминидтер, яғни адамзаттың бабасы адамға ұқсас маймылдар түрінде жер бетінде бірнеше млн жылдар бұрын өмір сүргені анықталып отыр.Табиғи орта алғашқы адамдарды төрт аяқтап жүруге мәжбүрледі. Бірақ бұларды маймыл адам ретінде қабылдауға мүлде болмайды. Табиғатта маймылдың о бастан маймыл кейпінде, ал адамдардың адами қасиеттерге бейім болып жаратылғандарын ғалымдар мойындап отыр. Олардың арасындағы адамдық келбетке ең жақын тұлға бүгінде австролопитек деп аталады. Бұлар б.з.д. 5-2 млн жылдар аралығында өмір сүрді.
Көптеген ғалымдардың пікірінше алғашқы тік жүретін адам, яғни хомо эректус Африканың ормандарында осыдан 1,6-1,3 млн жылдар бұрын пайда болған. Одан бөлініп және қалыптасып шығып, дөрекі құралдарды жасауды қолға алған алғашқы адамның бірі олдувай адамы «іскер адам» – «хомо габилис» деген атқа ие. Оның мекендеген жерін ғалымдар 1959-63 жылдары анықтап, Шығыс Африкада осыдан 2 млн жыл бұрын шамасында өмір сүрген адамның тұрағын Танзаниядағы Олдувай шатқалынан тапты.
Осыдан 500 мың жыл бұрын алғашқы адамдар Солтүстік Африка және Қытай аймағына қоныстанды. Гоминидтердің, яғни алғашқы адамдардың өсіп-өнулерінің келесі сатысы Ява аралындағы Яван адамымен және Чжоу-коу-дянь үңгірінен табылған Қытай адамының қалдықтарымен байланысты. Адамзаттың келесі даму сатысына жататын бұл кісілер питекантроп «маймыл адам» (б.з.б. 800-500 мың жылдар бұрын) және синантроп (қытай адамы) деген атқа ие болып отыр. Бұл адамдардың бәрі екі аяқпен тік жүретін болғандықтан «хомо эректус» деп аталды. Олардың жасы б.з.д. 1 млн немесе 800 мыңжылдықтан – б.з.д. 140 мың жылдыққа дейінгі аралыққа сәйкес келеді. Осы адамдардың өкілдері Қазақстанда өмір сүрген адамдармен замандас екендігін байқаймыз. Қазақстан аумағында адамның өмір сүргендігі туралы мағлұматтар, тастан жасалған еңбек құралдары – шапқылар, қырғыштар, үшкір тастар – төменгі палеолитке жатады (шамамен 1 млн жыл бұрын). Бұл адам, өз даму эволюциясында һото егесіиз сатысындағы – «тік жүретін адам» болды. Ол бұл уақытта отты пайдалана білді, аң аулаумен және терімшілікпен айналысты. Қазақстандық «гомоэректус» питекантроппен және синантроппен замандас болғандықтан олар алғашқы аңшылар және терішілер ретінде тарих сахнасына шықты.
Қазақстандағы алғашқы адамдардың тұрақтары. Тас дәуірінің ескерткіштері көрсетіп отырғандай, қазіргі Қазақстан аумағы, кейінгі палеолиттен бастап ежелгі адамның қалыптасуы мен даму аймағына кіреді. Ең көне еңбек құралдары – шапқылар, қырғыштар, үшкір тастар, шақпақ тастар Оңтүстік Қазақстанда, Қаратау бөктерінің оңтүстік батыс беткейіндегі Арыстанды өзенінің ең жоғарғы жайылмасынан, Қеңірдек елдімекенінен табылған. Ерте палеолит тұрақтарында табылған мыңдаған артефактілер үшкір тастар, нуклеустер, піспектер Жамбыл облысының Қаратау бөктерінің солтүстік шығысынан табылған. Ашель кезеңіне (б.з.д. 800 мың жылдан – б.з.д. 140 мың жылға дейін) жататын бұл тұрақтар Қызылтау, Бөріқазған, Тәңірқазған деген жерлерде кездесті. Олар таулы қыраттарда орналасқан. Бұл аймақтардағы жер қабатында әр түрлі тас құралдарын жасауға аса қолайлы қақпа тас, доломит, алеврит сияқты минералдар көптеп кездеседі. Орналасқан жері – Жамбыл облысының Талас ауданы. Осындай палеолиттік ескерткіштің табылған тағы бір жері – Тоқалы елдімекені, Көктал өзенінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерде кремниден жасалынған көптеген шапқыш құралдар, нуклеустер және ірі піспектер кездеседі. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған заттар ұсақ төбешіктерде жатыр, олардың биіктігі 5-20 немесе 60-80 метрдей. Шоғырланған бұл төбелер өзара бір-біріне жақын орналасқан. Қазақстандық археологтар Тоқалы құралдарының мерзімін кейінгі палеолиттің ашель-мустье сатысына жатқызады.
Қаратаудың солтүстік-шығысынан 25 шақырымдай қашықтықта орналасқан Кемер шатқалдарында табылған палеолиттік бұйымдардың жиынтығы Қаратау бөктеріндегі аудандарды мекен еткен адамдардың ең ежелгі құралдарының ірі коллекцияларына жатады, ғалымдар оны ерте ашельдік кезеңнің ескерткіштерінің қатарына қосқан.
Сол кезеңдегі ескерткіштер Қазақстанның басқа да өңірлерінен табылды. Орталық Қазақстандағы Сары-Арқаның шығысындағы тұрақтар Семізбұғы, Құдайкөл, Жезқазғанда орналасқан Жаман-Айбат тұрағы, Қарағанды облысы Жезді ауданында орналасқан Обалысай тұрағы. Шығыс Қазақстандағы Қолғұтты өзенінің бойында, Құршым ауданының Қаратоғай ауылының жанында орналасқан Қозыбай тұрағы осы заманға жатады.
Мустьер мәдениеті. Бұл ежелгі палеолиттің кейінгі кезеңі болып табылады (ол б.з.д. 140 мың жылдықтан – б.з.д. 40 мың жылдыққа дейін созылды). Бұл Ашель дәуірінен кейінгі мәдениет болып табылады. Алғаш рет бұл дәуірдің тұрағы Франциядағы Ле-Мустье үңгірінде ХІХ ғасырдың 60 жылдары табылған еді. Мустьер мәдениетінің адамдары неандертальдықтар деп аталғаны белгілі. Кейіннен неандертальдар жойылып кетті, олар ашық жердегі және тау қойнауларындағы үңгірлерде өмір сүрді. Әр түрлі аңдарды оның ішінде мамонттарды, үңгір аюларын және т.б. аулап күн көрді. Солардың етімен қоректеніп, терісін киім ретінде пайдаланды. Олар тұрпайы да жабайы тұрмыс кешіп, негізінен терімшілікпен айналысты.
Мустьер мәдениетіне тән нәрсе – бұл дәуірде дөңгелек дискі түріндегі тастарды өңдеу және нуклеустерді жаппай пайдалану кеңінен таралды. Мустьер мәдениетінің үлгілері Еуропада, Африкада, Таяу Шығыста, Орталық Азияда таралған. Қазақстанға келер болсақ, Қазақстанның оңтүстік және орталық өңірлерінде осы мәдениеттің іздері айқындалды. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстанның Алғабас ауданындағы Арыстанды өзенінің оңтүстік жағалауындағы тұрақтың орны ерекше. Оны 1958 жылы археолог Х.А. Алпысбаев тапқан болатын. Бұл тұрақта 2 метрден 7 метрге дейінгі терең қабаттарда үш түрлі мәдениет қабаты табылды. Оларда тастан жасалған құралдар, адамдардың от жаққан ошақтарының орындары, жануарлардың әр түрлі сүйектері, сондай-ақ еңбек құралдарын дайындайтын шеберхана кездесті. Ал енді Қарағанды облысында мустьер мәдениетіне жататын нуклеустер, үшбұрышты формада кездесетін тас құралдары, бір жағы немесе екі жағы өңделген балталар табылды. Бұлар кварцит материалдарынан жасалынған екен5.
Кейінгі палеолит дәуірінің тұрақтары (б.з.д. 40 мыңжылдықтан – 3.6. д. 12 мыңжылдыққа дейін). Бұл кезеңде адамдарды жерлеудің белгілі бір тәртібі, әдет-ғұрпы қалыптасты. Ал мұның өзі сол кезеңдегі діни түсініктердің орнықты түрде қалыптасуын да көрсетеді. Адамзаттың діни көзқарастары бойынша ертеде табиғат пен адамның өзара тұтастығы мойындалып, яғни адам табиғат күштері алдында дәрменсіздік танытып, оған мойынсұнумен болды. Мұның өзі тотемизмде, фетишизмде, анимизмде және магияда көрініс тапқан. Өзара қатынас құралы – тілдің дамуы адамның шаруашылық қызметінің дамуымен ұштасып, қатарласа жүзеге асты. Осы кезеңдегі жақсы зерттелген ескерткіштерге Шығыс Қазақстандағы Шульбинка тұрағы, Оңтүстік Қазақстандағы көп қабатты Ш. Уалихановтың атындағы палеолит тұрақтары және жаңадан ашылған Майбұлақ тұрақтары жатады.
Археологиялық зерттеу нәтижесінде Оңтүстік Қазақстаннан табылған төменгі палеолитке жататын олжалардың дайындау әдісі, материалдары тұрғысынан Азия мен Африка аумағынан табылған заттарға өте ұқсас және бірегей болып келуі де еріксіз ойландырады. Бұл мәліметтер Қазақстанның төменгі палеолитте адамзаттың қалыптасуы мен даму аймағына, көшу жолдарына тікелей қатысы бар екендігін тағы да дәлелдейді.
Бұдан шығатын қысқаша қорытынды: Солтүстік Африкадан шығысқа беттеген ежелгі адамдар Қазақстан арқылы Еуропаға және Шығыс Сібірге, онан ары Аляскаға және Америка құрлығына қоныстанды. Бұл кезеңде Қазақстан аумағының климаты жылы және ылғалды, өсімдігі жайқалған, фаунасы алуан түрлі жэне бай болды. Ал іуіұнын өзі ежелгі адамның, яғни гомоэректустың өмір сүруіне және көрші аймақтарға көшіп-қонуларына қолайлы жағдайлар қалыптастырды.
Жоғарыда айтқанымыздай, адамзаттың дамуының келесі кезеңі, Қазақстан аймағын кейінгі палеолитте мекендеген «ақылды адам» – «хомо сапиенстің» тарих сахнасына шығуымен ерекшеленетінін ұмытуға болмас. Зерттеушілер мұндай адамды алғаш рет Кро-Маньон үңгірінде (Франция) тауып оны осы үңгірдің атымен Кроманьон адамы деп атады. Оның өмір сүрген кезеңі
6.3. д. 50-45 мың жылдардан 10 мыңыншы жылдыққа дейін созылды. Бүгінде Кроманьон адамының негізгі құралдары найза, шоқпар, шанышқы және жебелі садақ болғаны айқындалып отыр. Яғни, бұл заманда еңбек құралдары айтарлықтай жетілдірілді.
Алғашқы адамдар о баста үңгірлерде тұрып, біртіндеп жер бетінде жер үйлер жасауға көшті. Тас дәуірінде алғашқы өнердің үлгілері де пайда болды. Алғашқы мүсіншілер тастан және мамонттың мүйізінен мүсіндер жасайтын болып машықтанды. Әр түрлі қияли ой-толғаныстарға берілген олар, үңгірлердің қабырғаларына алуан түрлі суреттер мен бейнелер салып тастады. Сүйекті жонып, қашап кескіндер жасауды меңгерді. Олар күнкөріс қамымен табиғи ортаға бейімделе отырып, жабайы аңдарды қолға үйретті, дән ұрықтарынан өсімдік өсіруді меңгерді.
Қазақстанда тас дәуірінің зерттелуі. Тас дәуірін зерттеуде қазақстандық ғалымдар айтарлықтай елеулі еңбек сіңірді. Алғашқы тас құралдарының тұрағы табылғалы бері 1,5 ғасырдай уақыт ішінде жүргізілген зерттеулерді археологтар төрт кезеңге бөліп отыр6. Алғашқы кезеңге патшалық Ресей заманындағы орыс географиялық қоғамының, Орынбор мұрағаттық ғылыми комиссиясының, Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің зерттеушілерінің еңбектері жатады. Олардың арасында А. Белослюдов, Ф.Н. Педащенко, И.А. Кастанье, С. Рычков, және т.б. бар. Әуесқойлық ниетпен айналысқан олардың зерттеу жұмыстары алғашқы адамдар мекендерінен кейбір артефактілерді жинаумен шектелді.
Тас ғасырын зерттеудің екінші кезеңі революциядан кейін басталып ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына дейін созылды. Мұнда жекелеген ескерткіштер зерттеле тұрса да, алғашқы тас құралдарын жіктеу хронологиялық тұрғыдан тәртіпке келтіру мәселесі нақты қолға алынбады. Бұл зерттеушілердің қатарында М.П. Грязнов, М.Н. Коморова, П.С. Рыков, С.И. Руденко тәрізді ғалымдар болды. Олар голоцендік кезеңге жататын біраз ескерткіштерді жинастырды.
Әлкей Марғұлан (1904-1985 жж.)
Қазақстанның аумағындағы палеолиттік ескерткіштерді жоспарлы түрде зерттеу XX ғасырдың 40-жылдарынан басталды. Тас құралдарын зерттеудің үшінші кезеңіне жататын бұл уақытта, 1946 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты ашылды. Ал мұның өзі жаңа археологиялық экспедициялар ұйымдастыруға мүмкіндіктер ашты. Осы кезеңде Ә.Х. Марғұлан, Н.В. Валакунский, С.С. Черников, А.А. Формозов, Е.И. Агеева, К.А. Ақышев, Г.А. Ярмак, Х.А. Алпысбаев, А.Г. Медоев, М.Н. Клапчук тәрізді ғалымдар айтарлықтай жемісті еңбек етіп, көне артефактілердің типологиясын жасаумен, алғашқы адамдар тұрақтарының жасын анықтауменен және бұл жұмыста жаратылыстану ғылымдарының әдістерін қатар қолданумен көзге түсті.
50-жылдары Бетпақдала ауданында Орталық Қазақстан экспедициясы ҚазССР ҒА ТАЭИ А.Х. Марғұланның7 басшылығымен, Шығыс Қазақстанда С.С.Черников басшылығымен экспедиция жұмыс істеді. Қаратау бөктерінің ауданында 1957 жылдан бастап 1977 жылға дейін Х.А. Алпысбаевтың8 басшылыгымен зерттеу тобы жұмыс жасады, олар көптеген тас дәуіріне жататын тұрақтарды ашқан, соның ішінде ерекше көп қабатты Ш.Уәлихановтың атындағы тұрақты ашты.
1960-80 жылдары Қазақстандағы палеолит кезеңі ҚазССР ҒА Қ.И.Сатпаев атындағы геологиялық ғылымдар институтында А.Г. Медоевтің басшылығымен зерттелінді. 70-80 жылдары Ж.Қ. Таймағамбетов, Б.Ж. Аубекеров, В.Ф. Зайберт, О.А. Артюхова, В.С. Волошин, В.Н. Логвин тәрізді зерттеушілер тас дәуірінің әр кезеңдеріндегі ерекшеліктерін анықтай отырып, ескерткіштер шоғырланған аудандардағы көне тұрақтардың ара қатынасына байланысты тереңдетілген ғылыми пікірлерді ұсынды.
Алпысбаев Хасан Алпысбайұлы (1928-1978 жж.)
1991 жылдан бастап Қазақстан тәуелсіздік алған кезде тас ғасырын зерттеудің соңғы төртінші кезеңі басталды. Бұл кезеңнің өзіндік ерекшелігі ретінде зерттеушілердің тас дәуірі тұрақтарына жан-жақты жеке талдаулар жүргізуін, жаңа тұрақтардың көптеп ашылуын, археологтардың зерттеу жұмысында палеонтолог, палинолог, палеопедолог, гидролог тәрізді мамандықтардың жетістіктерін өз зерттеулерінде пайдалануы айқын байқала бастады. Бұл кезеңнің тағы бір үлкен жетістігі – тас дәуірін зерттейтін археология ғылымының республикалық шеңберден шығып халықаралық ауқымда жұмыс жасауы, яғни халықаралық археологиялық экспедициялардың Қазақстан жерінде жұмыс жасай бастауы болып табылады.
Профессор Ж.Қ. Таймағамбетов өзі негізін қалаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың палеолит мұражайында
Ж.Қ. Таймағамбетовтың бастамасымен және жетекшілігімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2000 жылы ТМД елдерінің арасында тұңғыш палеолит мұражайы ашылды, онда бүкіл Қазақстан аумағынан 600 мыңға жуық артефактілер жинақталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі тұңғыш палеолит мұражайының экспонаттары
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі тұңғыш палеолит мұражайының экспонаттары
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі тұңғыш палеолит мұражайының экспонаттары
Төменде Қазақстан аумағында орналасқан Палеолит дәуірінің негізгі ескерткіштері ұсынылып отыр9.
1. Пещера, 2. Ново-Никольское, 3. Қозыбай, 4. Шүлбі, 5. Маралды, 6. Құдайкөл, 7. Ақсу 5-6, Нұрмамбет, 8. Сілеті-1,9. Павловка-1, 10. Вишневка, 11. Елизаветовка, 12. Үлкен Құндызды, 13. Ақ-Берек, Қызылтас, 14. Буревестник, 15. Баршын 1-3, 16. Жанбөбек 1-5, 17. Бекелі-Бөлек-1, 18. Есенқабыл-бұлақ-1, 19. Батпақ кешендері, 20. Аққошқар, 21. Влогодоновка, 22. Ангрейсор-1-2, 23. Екібастұз кешендері, 24. Қойтас, 25. Мұзбел-1-3, 26. Обалысан 1-2, 27. Азат, 28. Қазбек-1-2, 29. Қосмола, Жарқұм, 30. Ағайдар, 31. Каменка, 32. Мамай, 33. Өгізтау 1-2, 34. Ақтоғай 1-4, 35. Хантау, 36. Бірлік, 37. Саяқ, 38. Семізбұғы 2,4, 10-А, 39. Тоқалы 1-3, 41. Бөріқазған, 42. Тәңірқазған, 43. Ақкөл, 44. Қызылкіндік, 45 Дарбаза, 46. Дәуренбек-1-4, 47. Сүлейменсай-31, 34, 48. Байқадам-1-3, 49. Қызылтау, 50. Ш. Уәлиханов атындағы тұрақ, 51. Ащысай-Тұрлан, 52. Қошқорған-1-2, 53. Шоқтас-1-3, 54. Қазанғап, 55. Арал, 56. Мұғал-жар ескерткіштері, 57. Жалпақ, 58. Өнежек-1-2, 59. Шақшақата, 60. Құмақапе, 61. Шалқар-1, 62. Шалқар-2-3, 63. Соркөл, 64. Родники 1-3, 65. Ешкітау.
Мезолит. Қазақстан аумағындағы мезолит кезеңі аз зерттелген. Мезолитке өту (гр. тілінен «мезос» – орта) климаттың өзгеруімен ерекшеленген. Ең алдымен бұл мұздардың еруіне байланысты байқалды. Қазіргі флора мен фаунаның құрамына жақын флора мен фаунаның қалыптасуы, өмір сүрудің жаңа әдістерін ойлап табу қажеттіліктерін туындатты. Кейбір аудандарда егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысудың алғашқы элементтері пайда бола бастайды, ал қалғандарында – балық аулау, терімшілік пен аң аулау шаруашылығы қалыптасады.
Мезолиттің басты жаңалығы – садақ пен жебенің ойлап табылуында. Садақтың прототипі адамға жоғарғы палеолитте-ақ мәлім болған, бірақ жеке жүріп аң аулауға көшуге байланысты садақтың аса қатты қажеттілігі байқалды. Садақ пен жебенің пайда болуы өндірістік күштің дамуының шынайы төңкерісінің көрсеткіші болды, олар барлық жерге тез-ақ тарап кетті. Ол 10 мың жылға жуық уақыт бойы ең тез атылатын және заманауи қару болып есептелінді.
Мезолитте қосымша техниканың жан-жақты дамуының арқасында, әрі қарай еңбек құралдарын дайындау техникасының қағидасы да өзгерді: еңбек құралдарын жасау тастың көлеміне тәуелді болмады. Бұрын қолданылып келген дөрекілеу еңбек құралдарын қосымша өңдеу қолға алынды, және дайын құралдың негізінде жаңасын жетілдіріп жасау, оларға қолдануға жеңіл болу үшін қол сабын бекітудің түрлі әдістерін пайдалану көрініс берді. Яғни бұл кезеңде тұрмысқа қажет қалаған еңбек құралдарын жасауға бейімділіктің және шеберліктің арта түсуі жақсы байқалды.
Төменде Қазақстан аумағында орналасқан Мезолит дәуірінің негізгі ескерткіштері ұсынылып отыр10.
1. Қарсы (Қарши), 2. Шәуші, 3. Шақбақата, 4. Тоқтауыл, 5. Жаңашілік-1-3, 6. Маятас, 7. Алмалысай, 8. Шахантай-1, 9. Бүркітті, 10. Соркөл-1,2, 11. Бөген, 12. Шүлбі, 13. Талдыөзек-21, 14.Әкімбек, 15. Қарағанды-15, 16. Тұз, 17. Дүзбай-6, 18. Қарасор-5-6, 19. Обаған-1,3,5,7,8, 20. Евгеньевка-1, 21. Мичурин, 22. Явленко-2, 23. Тельман-2,7,8,9,14, 24. Виноградов-2-12, 25. Куропаткин-3, 26. Құдайкөл-3, 27. Шідерті-3.
Неолит. Бұл уақыт тасты өңдеу техникасының дамыған кезеңі болды, тасты өңдеудің жаңа технологиялары пайда бола бастайды: тегістеу, бұрғылау, аралау. Тастан балталар, кетпендер, дән үккіштер, келілер, келсаптар жасау кең етек алды.
Неолит кезеңінің басты жаңалығы егіншіліктің, мал шаруашылығының қалыптасуы болды, оның негізінде бұрынғы табиғаттың дайын өнімін пайдаланудың орнына енді адамдар өздері өнім өндіретін шаруашылыққа ауысты. Өндірістік күштің дамуы мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың пайда болуына негіз болды. Қазақстанның байырғы тұрғындарында кен өндіру ісінің бастапқы белгілері пайда болып, қыш құмыра жасау ісі және тоқымашылық қалыптаса бастайды.
Жаңа даму кезеңі – неолитте осылайша біртіндеп мал шаруашылығы және егін шаруашылығы өмірге келе бастады. Ол байырғы анайы термешілік пен аңшылықты біртіндеп ығыстырып шығарды. Алғашқы адамның осылайша тұтынушылық шаруашылықтан өндіруші шаруашылыққа ауыстыруы неолит төңкерісі деген атпен ғылымға енді. Тіршіліктің жаңа сатысының қалыптасу барысында енді адамдарда жаңа құрал-саймандар – астық жаныштауыштар, балталар, шоттар пайда болды. Еңбектенген, ізденімпаз адам балшықты және керамиканы өңдейтін болып алды. Алғашқы қауымнан адам баласы осылайша матриархалды-рулық құрылысқа біржолата өтті. Алғашқы адамның табиғи ортасы диқаншылыққа және мал шаруашылығына қолайлы Қазақстан аймағына біртіндеп қоныстануы көп кешікпей-ақ оның барлық аймақтарын меңгеруге алып келді. Мұны Қазақстан жеріндегі осы кезеңнің алғашқы адамдар тұрған ескерткіштері айқын көрсетіп отыр11.
Қараүңгір қуысы. Сурет авторы Ж.К. Таймағамбетов
Неолит кезеңінде ұжымдық еңбек ету мен өндіріс құралдарын ортақ меншік ретінде пайдалану тән болған алғашқы жаңа қоғамдық құрылым пайда болды. Мұндай жаңа қауымдастықта тайпалардың өзіне тән өмір сүру аумағы, өзіндік атауы, сөйлеу диалектісі және басқа да ерекшеліктері көрініс берді. Әлеуметтік қатынаста неолит дәуірі рулық қауымдастық кезеңі болды. Сонымен қатар, бұл кезең қоғамдасып еңбек етудің жоғары деңгейде дамыған түрі болды: онда топтасқан тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің құрылуы жедел жүрді. Тайпалар бірнеше рулық қауымдастықтан құралды, олар қандық-туысқандық байланыстар мен айналысатын шаруашылық түрінің сипатына байланысты бірікті.
Неолит дәуірінде адамзат алғаш рет «керамиканы» жасанды материалдардан дайындауды үйренді. Жоғарыда атап кеткеніміздей, «неолиттік төңкеріс» шаруашылықтың өндіруші формасының пайда болуымен сипатталады. Солтүстік Қазақстанда жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, неолит дәуіріндегі адамдардың Қазақстан аумағында, жабайы жылқыларды қолға үйретумен шұғылданғандығы белгілі. Бұл шаруа кейіннен кеңінен дамып, өркендей берді. Мысалы, энеолиттік тұрақтарда көптеген жылқылардың сүйегі табылған.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағында 600-ден аса неолиттік және энеолиттік ескерткіштер табылған. Неолиттік ескерткіштер табылған жерінің сипатына қарай 4 типке бөлінеді: олар бұлақты, өзенді, көлді сонымен қатар үңгірлі түрде болып келеді. Әдетте, өзенді және көлді аймақтардағы тұрақтардан көптеген заттар табылған және бұл мәліметтер адамдардың осында айтарлықтай ұзақ уақыт бойы өмір сүргендерін байқатып отыр. Мұндай мекендердің негізгі бұйымдары пышаққа ұқсайтын қалақтар немесе сол қалақтардан жасалған заттар болып келеді. Қазақстанның шөлді-далалы жерлеріндегі неолиттік ескерткіштердің негізгі ерекшеліктерінің бірі, олардың көпшілігі айналасы ашық үлгідегі тұрақтар болды.
Археолог Х.А. Алпысбаев 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қараүңгір қуысындағы неолиттік тұрақта жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде үңгірді мекендеушілердің түрлі тас құралдарын тауып, оларды топтамаларға жіктеді. Ондағы аң сүйектерінің қалдықтарынан аңшылықтың негізгі нысанасы құландар, аюлар, бұғылар, қарақұйрықтар, еліктер, қабандар, жылқылар, қасқырлар, өгіздер, кекіліктер, қырғауылдар және тасбақалар болғаны айқындалды. Үңгірден табылған қалдық заттар – осыған дәлел. 1992 жылы Қазақстан-Ресей елдерінің бірлескен археологиялық экспедициясы үңгірдегі қазба жұмыстарды жалғастырды.
Қазақстанның неолиттік ескерткіштері бірнеше аймақтық топтарға бөліне тұрса да, олар мәдениеті жағынан өзара ұқсас, туысқан тайпалардың өмір сүру мекендерін құрайды.
Неолиттік кезең ескерткіштері келесі картада орналасқан12.
1. Қараүңгір, 2. Боген, 3. Тасқотан, 4. Арыс-1,2, 5. Шілік, 6. Дермене-1-4, 7. Жартыбастау, 8. Азеспе, 9. Сенек, 10. Үштазан-1-2, 11. Тұщықұдық, 12. Шебір, 13. Тоқсанбай, 14. Сарықамыс, 15. Құлсары, 16. Бекбеке-1-2, 17. Жамасор, 18. Сұлукөл-1-3, 19. Сарыиван, 20. Майтөбе, 21. Жентемір, 22. Екідің-24, 23. Ақкөл-1-6, 24. Надежинка-2, 25. Бүрлі-2, 26. Амангелді, 27. Бестамақ, 28. Дүзібай-1-4, 29. Орловка, 30. Аққан ескерткіштер тобы, 31. Тельман тобы, 32. Виноградов тобы, 33. Явленко тобы, 34. Қорғалжын тобы, 35. Терісаққан, 36. Матросово-1, 37. Алтынтай-1,2, 38. Жиделі, 39. Жанбөбек-1-4, 40. Шідерті-1, 41. Железинка, 42. Мичурино, 43. Тақырсор-1-4, 44. Қостерек, 45. Пеньки, 46. Крещеновка, 47. Тасқұдық-1, 2-4, 48. Зеленая Балка-4, 49. Қаразанды-15, 50. Қылысу, 51. Пьяный Яр, 52. Аябұлақ, 53 Талдысай-2-3, 54. Сарыбұлақ.
1989-1990 жж. Батыс Қазақстанның Атырау облысында неолиттік тұрақтар табылған: Шатпақкөл, Құлсары 1-5, Шаңдауыл, Қыземшек, Қайнар, Жыланқабақ, Қойқара, Сарықамыс, Шаянды және т.б.
Қазақстан аумағында әзірге бірнеше ғана неолиттік обалар табылған, әсіресе, олар Солтүстік Қазақстанда шоғырланған. Обалардың бір де біреуінде жердің үстіңгі қабатында белгілері жоқ. Барлық молалардан сүйектермен қоса садақтың ұшы табылды, бұл әскери ұрыстардың жиі болғандығын көрсетеді. Жер астындағы молада керамика аз табылған, ал кейбіреулерінде мүлдем жоқ.
Балықшылар мен аңшылар дүниесі шеңберінде болған мәдени-шаруашылық байланыстар археологиялық материалдарда шоғырланды. Ол Орталық Азияның солтүстік аймақтарында өмір сүрген келтеминар мәдениетінің тайпаларында анағұрлым нақты көрініс тапты. Мұның айқын дәлелі Оңтүстік, әсіресе, Батыс Қазақстанның тайпаларынан байқалады. Ежелгі үзіліссіз байланыстардың ізі солтүстік, солтүстік батыс, Орал аймақтары мен Батыс Сібірге дейінгі ұлан-ғайыр аумаққа таралып, кремний құралдарының ерекше түрі мен қыштан жасалған орнаментті ыдыс-аяқтарда нақты көрініс тапты.
Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы тайпалардың мәдениеті Орталық Азияда өмір сүрген тайпалардың мәдениетіне өте ұқсас болды, сонымен қатар алтайлық және Байкал жағасындағы жаңа тас ғасырының тайпаларына анағұрлым жақын келді.
Мәдени дәстүрлердің өзіне тән ерекшелігі мен өзгешелігін сақтай отырып, Қазақстандағы неолит дәуіріндегі тайпалар көршілес жатқан аудандар мен облыстардағы өзге тайпалармен де тығыз байланыста болған.
Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1. Қаратау бөктерінен табылған ашель кезеңіне қатысты ескерткіштерді атаңыз.
2. Алғашқы адамдар арасында таралған көне діндерді атап беріңіз.
3. Тас дәуірін зерттеген қазақстандық ғалымдардан кімдерді білесіз?
4. Қазіргі Қазақстан аумағынан табылған неолиттік ескерткіштердің саны:
5. Ботай мәдениеті Қазақстанның қай өңіріне таралған?
1
Құран Кәрим. Мағыналар және түсіндірмелерінің / тәпсірінің / аудармасы. – Алматы, 2013. – 371-б.
2
Медоев А.Г. Поиски и раскопки в Казахстане. – Алма-Ата: Наука, 1972.
3
Алпысбаев Х.А. Палеоэкология древнего человека. – М.: Наука, 1977. – 202-208 с.
4
Таймағамбетов Ж.Қ., Байкунаков Д.С. Қазақстанның тас дәуірі (зерттелу тарихы мен негізгі мәселелері). – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 215-б.
5
История Казахстана: энциклопедический справочник. – Алматы, 2010. – 427 с.
6
Таймағамбетов Ж.Қ., Байкунаков Д.С. Қазақстанның тас дәуірі (зерттелу тарихы мен негізгі мәселеле- рі). – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 209-б.
7
Энциклопедист-ғалым, археолог, филология ғылымдарының докторы, Бүкілодақтық географиялық қо- ғамның мүшесі, ҚазКСР ҒА академигі, профессор, ҚазКСР ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, қазақ ар- хеология мектебінің негізін салушы, көптеген ғылымдар (этнография, шығыстану, тарих, әдебиеттану, мәдениеттану) саласындағы көрнекті тұлға.
8
Оңтүстік Қазақстанда палеолит мәдениетінің орталығын алғаш ашқан. Ол ең алғаш рет бүгінде бар- шаға мәлім көпқабатты Ш. Уәлиханов атындағы тұрақ (ОҚО Бәйдібек ауданы) пен бұрын кездеспеген неолит үңгірін – Қараүңгір тұрағын (ОҚО Түлкібас ауданы) ашты. Алғашқылардың бірі болып Х.А. Ал- пысбаев Қазақстан территориясы ежелгі адамның өмір сүрген орталығы болған деген болжам жасады.
9
Таймағамбетов Ж.Қ., Байгунаков Д.С. Қазақстанның тас дәуірі (зерттелу тарихы мен негізгі мәселелері). – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 247-б.
10
Таймағамбетов Ж.Қ., Байгунаков Д.С. Қазақстанның тас дәуірі (зерттелу тарихы мен негізгі мәселелері). – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 248-б.
11
Қадырбаев М.К., Құрманқұлов Ж.К. Культура древних скотоводов и металлургов Сары Арки. – Ал- маты, 1992. История Казахстана (с древнейших времен до наших дней): В 5-х т. – Алматы, 1996. – Т. 1.
12
Таймағамбетов Ж.Қ., Байгунаков Д.С. Қазақстанның тас дәуірі (зерттелу тарихы мен негізгі мәселелері). – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 246-б.