Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов - Страница 1

АЛҒЫ СӨЗ

Оглавление

Төрт кітаптан тұратын «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» республика университеттеріндегі 5В020300 – тарих мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арналған. Ол екі оқу курсынан тұратын пәнді оқытуды қамтиды. Олардың алғашқысы «Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы» курсы болса, екіншісі – «Қазақстанның жаңа және қазіргі заманғы тарихы». Осы екі пәннің алғашқысы, яғни «Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы» курсы көрсетілген төрт кітаптың алғашқы екі кітабында қамтылған.

Оқырманға ұсынылып отырған екінші кітапта ХІII-ХVIII ғасырлардың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының мәселелері әңгіме болады. Ол бірнеше бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Еуразия аумағындағы ХІІІ-ХVIII ғасырлардағы ұлыстар мен ордалар тарихы баяндалған. Бұл бөлімнің бірінші тарауы Ұлы Далада моңғол билігінің және ұлыстардың орнығуы туралы мәселелерді қамтиды. Онда Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы Моңғол-Түрік империясы құрылуының алғышарттары, барысы, қалыптасуы және тарихтағы орны нақты қамтылған. Сонымен бірге осы империяның құрылуына байланысты Ұлы Даладағы саяси-әлеуметтік өзгерістер жаңа көзқарастармен және жаңа деректерді айналымға қосу негізінде баяндалған. Авторлар аталмыш империяға байланысты кезінде тарихымызда қалыптасқан еуроцентристік бағалауларды теріске шығаратын тұжырымдарды ұсынған. Екінші тарау Алтын Орда (Жошы Ұлысы) тарихы бойынша маңызды мәселелерді алға тартады. Онда осы мемлекеттің құрылуы, нығаюы және ыдырауы туралы жаңа қорытындылар жасалған. Қазақстан аймағының Шағатай ұлысындағы күрделі тарихы осы бөлімнің үшінші тарауына енген. Төртінші тарауда Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, «Көшпелі өзбектер» мемлекеті туралы оқырманға жаңа пікірлер мен тарихи ұстанымдар алға тартылған. Аталмыш бөлімнің бесінші тарауы Қазақстанның Оңтүстік аймағында қалыптасқан Моғолстан мемлекетінің тарихын, этникалық мәселелерін, ішкі-сыртқы саясатын кеңінен әңгімелейді. Ал алтыншы тарауда ХІІІ-ХV ғасырлардағы рухани және материалдық мәдениет мәселелері қозғалады. Онда көшпелілердің исламдануы, қала мәдениетінің өркендеуі нақты баяндалған. Осы бөлімнің жетінші тарауында қазақ халқының қалыптасуының аяқталуына байланысты тың да қорытындылаушы пікірлер айтылған. Онда қыпшақтану үдерісі және исламның рөлі, «қазақ» сөзінің мәні мен мазмұны ғылыми тұрғыдан нақты талданып әңгіме болады. Бұл – бұрынғы кеңестік тарихта айтылмай немесе біржақты сипатталып келген аса күрделі мәселелер. Сондықтан да ғалымдар аталмыш тақырыпқа көп көңіл бөле отырып, осыған байланысты тарихнамада бұрын-соңды орын алған ғалымдар пікірлерін талдап, жаңа қорытындылар жасады.

Оқулықтың екінші бөлімі Қазақстан тарихындағы хандық дәуірді жаңаша сипаттауға арналған. Бұл мәселе екі тарауды қамтыған. Алғашқы тарауда ХV-ХVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының саяси тарихы баяндалған. Бұл тақырыптың аса маңыздылығын Қазақ хандығының 550 жылдығының мерекеленуіне байланысты мемлекеттік іс-шаралардың айқындап кеткені және белгілі. Осыны ескерген авторлар Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректерді нақты талдап, осы мәселеге байланысты тарихнамалық зерттеулер жүргізді. Мұндайда Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығының негізін қалаудағы қайраткерлік рөлі жан-жақты ашылды. Олар бұрын көптеген қазақ хандарының қатарында тұрған қайраткерлердің бірі ретінде бағаланып келсе, енді қазақ деген атпен тарих сахнасына шыққан халықтың алғашқы ұлттық мемлекетін құрған тарихи тұлғалары ретінде тың да жаңа бағаға ие болды.

Оқулықта Қазақ хандығының құрылуының тарихы тиянақты баяндалып, оның негізгі кезеңдеріне шолулар жасалды. Оның құндылығын арттыра түсетін тағы бір мәселе онда алғаш рет Қазақ хандығы құрылуының тарихи маңызы қазіргі заманның тәуелсіз мемлекетінің көзімен бағаланып, тың тұжырымдармен қорытындыланды. Біздің тарихымыздағы аса күрделі этно-әлеуметтік мәселе Қазақ жүздерінің құрылуы және қалыптасуы болып табылатыны белгілі. Күні бүгінге дейін осы мәселенің төңірегіндегі әр түрлі пікірлер мен айтыс-тартыстар толастаған емес. Сондықтан да бұл тақырыптағы көптеген ұшқары пікірлер қазақ халқының қалыптасуының этно-әлеуметтік мәселелерін ғылыми тұрғыдан негізді түрде нақтылауға кедергі келтіруде. Осыны ескерген авторлар бұл мәселеге байланысты өздерінің ғылыми деректерге құрылған нақты топшылауларын айтуды да ұмытпаған. Мұның өзі университеттердегі болашақ тарихшы мамандардың іргелі біліммен қаруланып қана қоймай, сонымен қатар өзіндік көзқарастарын қалыптастыруларына да ықпал жасары сөзсіз.

Осы бөлімнің екінші тарауы Қазақ хандығының саяси тарихын арнайы баяндауға арналған. Мұнда Қазақ хандығының XV ғасырдың алғашқы ширегіндегі қалыптасуы және өркендеуі, сондай-ақ XVI ғасырдың екінші ширегіндегі хандықтың «уақытша әлсіреуі» кезеңіндегі саяси тарихы тиянақты айтылған. Оқулықта Хақназар хан және Шығай мен Тәуекел хандар тұсындағы саяси өзгерістер арнайы әңгіме болған. Олардың мемлекетті нығайтудағы қайраткерлік тұлғасы да тұңғыш рет шынайы тұрғыда нақты деректерге сүйеніп ашылған. Авторлар қазақтың белгілі хандары Есім ханның, Жәңгір ханның, Тәуке ханның Қазақ хандығын сыртқы жаулардан қорғаудағы қыруар еңбегін және мемлекетті күшейтуге бағытталған шараларын тартымды да татымды баяндаған.

Оқулықта XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасыр басындағы Қазақ хандығының саяси тарихы жүйелі түрде баядалған. Мұның өзі университет студенттерінің Қазақ хандығының саяси тарихына байланысты тиянақты да орнықты білім алуларына негіз қалаған. Оқулықтағы үшінші тарау Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық құрылымын арнайы әрі жан-жақты қарастыруды көздеген. Мұнда ХV-ХVIII ғасырлардағы қалалар мен елді мекендердің дамуы, қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы және оның түрлері, халық айналысқан кәсіпшілік, қолөнері нақты деректерге негізделіп айтылған.

Қазақ халқының әлеуметтік құрылымына арналған тарау да аса қызықты. Онда қазақ қоғамындағы көшпелілікке байланысты туындаған шаруашылық жүргізу ерекшеліктері, көшпелілер мен отырықшы мәдениеттің қарымқатынасы және т.б. мәселелер көтерілген. Қазақ қоғамындағы әлеуметтік топтар мен категориялар туралы жазылған сипаттамалардың да студенттерді қызықтырары сөзсіз. Онда қазақ қоғамындағы «ақ сүйек» санатына жататын әлеуметтік топтар, нақтырақ айтар болсақ, төрелер мен сұлтандар, сайидтар және қожалар және олардың әулеттік шығу тектері, қазақ қоғамындағы орны нақты әңгімеленеді. Оқулық авторларының «бек», «би» институттарына байланысты ұстанымдары да қызықты. Зерттеушілердің «бай» әлеуметтік тобына байланысты «қарашы» атауына байланысты және «қоңсы» термині төңірегіндегі, «төлеңгіт» институтына қатысты тың пікірлерінің де оқырманды ойландыратыны сөзсіз. Қазақ қоғамындағы құлдар туралы мәселе де оқулықта жаңа көзқараспен тұжырымдалған. Сондай-ақ авторлардың қазақ қоғамындағы салық, оның түрлері, сауда-айырбас және ақша айналымы туралы жазғандарында да жаңалықтар көп. Бұлар сөз жоқ, Қазақ хандығы дәуіріндегі әлеуметтік-қоғамдық өмірді жаңа қорытындылармен толықтыруға қызмет етеді. Оқулықтағы соңғы бөлімді XV ғасыр мен XVIII ғасыр басындағы қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетіне арналған тарау толықтырады. Онда қазақ халқының материалдық мәдениетіне байланысты көптеген құнды деректер қамтылған. Мысалы, киіз үйдің жиһаздары мен ыдыс-аяқ жасау өнері, ерлер мен әйелдердің киімі, тағам түрлері, көшпелілердің ыдыс-аяқтары мұнда нақты әңгіме болады. Қазақ халқының рухани мәдениеті де ақын-жыраулардың нақты еңбектерінің негізінде жан-жақты әңгімеленеді. Сондай-ақ оқырмандар Қазақ хандығы құрылған кезеңнен бері қарайғы халық өз ортасынан шығарған көрнекті тұлғалардың еңбектер мен тарихынан нақты хабардар болады.

Оқулықты студент үшін аса қажетті ете түсетін жағдай онда семинар сабақтары тақырыптарының берілуі дер едік. 15 тақырып кейінгі орта ғасырлық кезеңдегі тарихымызды семинар сабақтарында талқылауға арналған. Оқулық соңында берілген студенттердің оқытушымен бірге жүргізетін өзіндік жұмыс тапсырмалары да студенттердің ізденістерін арттырып, олардың

Отан тарихына деген құштарлығын дамыта түсуі тиіс. Оқулықтың студенттердің өзіндік жұмысының тақырыптарымен жабдықталуы да оның маңыздылығын арттыра түскен. Мұнда студенттердің жеке жұмыстарына арналған 30 тақырып нақты берілген. Оқулық библиографиялық тізіммен жабдықталған. Онда негізгі әдебиеттермен қатар интернеттегі сайттар базасы арқылы білім беретін мәліметтер де тіркелген. Оқулықтың қажеттілігін онда берілген тарихи тұлғалардың суреттері, рулар мен тайпалардың және мемлекеттердің орналасуын көрсететін арнайы карталар арттыра түскен. Тағы бір оқулықтағы жаңа ерекшелік онда тақырыптар бойынша жарық көрген маңызды еңбектердің фотосуреттерінің берілуі дер едік. Олармен танысқан студенттердің аталмыш еңбектерге деген қызығушылығының арта түсері сөзсіз.

Оқулықты жазу барысында авторлар ұжымы төмендегідей тақырыптар бойынша жұмыс істеді:

Орталық Азиядағы түркі тайпалары ұлыстарының картасын деректер негізінде дайындаған – Т.О. Омарбеков.

Алғы сөз – Т.О. Омарбеков, І бөлім 1-тарау – М.С. Ноғайбаева (§ 1), Б.Б. Кәрібаев (§ 2); І бөлім 2-тарау Ж.Б. Құндақбаева (§ 1-5) , І бөлім 3-тарау – Б.Б. Кәрібаев (§ 1), М.С. Ноғайбаева (§ 2), І бөлім 4-тарау – Б.Б. Кәрібаев (§ 1-4), М.С. Ноғайбаева (§ 5); І бөлім 5-тарау – М.С. Ноғайбаева (§ 1-5); І бөлім 6-тарау – Н.Д. Нуртазина (§ 1), М. Өскенбай (§ 2); І бөлім 7-тарау – Б.Б. Кәрібаев (§ 1-5).

ІІ бөлім 1-тарау – Б.Б. Кәрібаев (§ 1-4), Т.О. Омарбеков, Б.Б. Кәрібаев (§ 5); ІІ бөлім 2-тарау – Ж.Е. Жаппасов (§ 1-7), Э.Т Телеуова (§ 8); ІІ бөлім 3-тарау – Ж.Е. Жаппасов (§ 1-3), Э.Т Телеуова (§ 4-8); ІІ бөлім 4-тарау – Э.Т Телеуова (§ 1-2).

«Қазақ ру-тайпаларының тарихы» топтамасы бойынша жарық көрген еңбектерден алынды.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап

Подняться наверх