Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов - Страница 11
ІІ бөлім
АЛТЫН ОРДА (ЖОШЫ ҰлЫСЫ) ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ МАҢЫЗЫ
IV тарау
ШЫҒЫС ДШП-ҚЫПШАҚТАҒЫ ХІV-ХV ҒАСЫРААРДАҒЫ ЭТНОСАЯСИ ӨЗҒЕРІСТЕР
§ 1. Ақ Орда мемлекетінің құрылуы және этносаяси құрылымы
ОглавлениеАқ Орда мемлекеті – моңғолдар үстемдігінен кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында жергілікті этникалық негізде құрылған алғашқы мемлекет. Ол мемлекеттің тарихы XIII ғасырдың 20-жылдарында құрылған Жошы ұлысынан, оның ішіндегі Орда Ежен ұлысынан бастау алады.
Бату хан Шығыс Еуропаға (1236-1242) жасаған жеті жылдық жорығынан оралғаннан кейін өзінің ағасы Орда Ежен мен інісі Шибанға үлеске жер береді. Сөйтіп, Жошы ұлысы өз ішінде Жошының ұлдары және олардың ұрпақтары билеген көптеген кішігірім ұлыстарға бөлінеді. Батудың ағасы Орда Еженнің және оның ұрпақтарының ұлысы алғашында Орда Ежен ұлысы, ал кейіннен Ақ Орда деп аталды.
Орда Ежен ұлысының аумағына алғашқы кезде Ертіс өзенінен шығысқа қарай Ұлытау мен Қаратауға дейінгі, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігіндегі жерлер енді. Ұлыстың аумағы біртіндеп кеңейе түседі де, XIII ғасырдың екінші жартысында Сырдың орта ағысы бойындағы жерлер де ұлыс құрамына енгізіледі.
Орда Ежен ұлысының батысқа қарай Жошының бесінші ұлының иелігі – Шибан ұлысы орналасты. Шибан ұлысының аумағы туралы ортағасырлық авторлар былай деп жазады: «…Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның баласы Шибан хан жеті жылдық жорықта астар, орыстар, черкестер және бұлғарлар елдерін жаулап алған кезде ептілік көрсетіп, ағасы Бату ханнан сыйлық ретінде төрт омақ алды». Ал ұлыстың аумағы туралы Әбілғазы былай деп хабарлайды: «Шибан жазда Орал бөктеріндегі, Тобыл, Жайық, Ырғыз өзендерінің аралығындағы кең-байтақ жерлерде, ал қыста Арал теңізі өңірінде, Шу, Сарысу өзендерін бойлап және Сырдарияның төменгі ағысында көшіп жүреді».
Орда Ежен ұлысының билеушілері өздерін Алтын Орда хандарына бағыныштымыз деп мойындаса да, дербес саясат жүргізіп, олардың құрылтайына бармады. Ол туралы Рашид ад-Дин былай деп жазады: «Әуел бастан-ақ Орда тұқымының қайсыбіреуінің Бату тұқымынан тараған хандарға барған кезі болған емес, өйткені олар бір-бірінен шалғай орналасқан, сонымен қатар өз ұлысының тәуелсіз патшалары болып табылады. Бірақ оларды Батудың орынбасары кім болса соны өзінің патшасы әрі әміршісі санау әдеті болған және олардың есімдерін бұлар өз жарлықтарының жоғарғы жағына жазып отырады». Сондай-ақ Рашид ад-Дин Ұлыстың Жошы ұлысының сол қанаты екенін, Орда Ежен ұлысының сұлтандарын Жошының Ұдұр, Тұқатемір, Шингкур және Сингкум атты ұлдарының ұрпақтарымен бірге сол қанаттың сұлтандары деп аталатынын айтады.
Іс жүзінде XIII ғасырдың ортасынан бастап Орда Ежен ұлысы дербес мемлекет болып, шығыс деректемелерінде ол Ақ Орда деп аталған. Оған билік жүргізгендер хан атағын иеленді. Кейбір зерттеушілер Орда Ежен ұлысын Алтын Орданың құрамдас бір бөлігі деп санайды. Ал жазба дерек мәліметтерінде Алтын Орда хандарының Ирандағы Хулағу әулетімен соғысып жатқан кездерінде, Ақ Орданың хандары Хулағу ұрпақтарымен дипломатиялық байланыста болып, елшілер алмасып отырғандығы туралы айтылады.
Орда Ежен ұлысының алғашқы ханы – Орда Ежен, ол өз ұлысында XIII ғасырдың ортасына дейін билік құрып, 1246-1251 жылдар аралығында қайтыс болады. Одан кейін билікке оның төртінші ұлы – Күнқыран отырады. Тақты иелену кезегі одан кейін Орда Еженнің үлкен ұлы Сартақтайдың тұңғышы – Қонышаға өтеді. Рашид ад-Дин оның билікте ұзақ отырғанын хабарлайды. Қонышаның үлкені Байан әкесінен соң хан болады. Байан ханның билігі тұсында Орда Ежен ұлысында алғаш рет тақ үшін күрестер басталады. Орда Еженнің жетінші әрі ең кіші ұлы Хулағудың немересі – Құблұқ үгедейлік Хайду мен шағатайлық Дуваның қолдауына сүйеніп таққа таласады. Рашид ад-Дин Байан мен оның қарсыласы арасында 18 рет ұрыстың болғанын, оның ішінде 6 рет өзі тікелей ұрысқа қатысқанын айтады. «Жами ат-тауарих» авторының қысқа ғана баяндауына қарағанда Байан хан кезекті бір ұрыста Құбұлықтан жеңіліс тауып, амалсыздан Алтын Ордаға келеді. Осында қыстап шығып, көктемде құрылтайға қатысады да, Тоқтай ханнан әскери көмек сұрайды. Тоқтай хан болса Ноғайменен ұрысып жатқанын және Газан хан жағынан қауіптің зор екенін айтып, азар да безер болады. Бірақ ол Хайду мен Дуваға елшілік жіберіп, Құблұқты өзіне жіберуін талап етеді және Ұлыстың нақты билеушісі Байан екенін дәлелдейтін жарлық береді. 1302/03 жылы Байан хан хулағулық Газан ханға елші аттандырып, одан әскери көмек сұрайды. Хайду болса хулағулық әскердің Байан хан әскеріне қосылуына мүмкіндік бергізбейді. Құблұқ өзіне көмекке келген Хайду мен Дуваның және Байаннан бөлініп кеткен әскерлермен қарсыласына соққы беріп Ұлыстың Байанға қарасты бір бөлігін басып алады. Дегенмен де Ұлыстың басым бөлігінде Байанның билігі сақталып қалынады.
Ұзаққа созылған тақ үшін ұрыстар Ұлыстың әлеуметтік және экономикалық жағдайын қатты әлсіретіп жібереді. Рашид ад-Дин Ұлыс халқының күйзеліске түскенін және оның әскерінің бір бөлігі – атты, бір бөлігі – жаяу әскер болып қалғанын айтады да, одан әрі соған қарамастан Байанның әлі тақта отырғанын, оның әскері өте ерлікпен күресіп жатқанын, оның елшілігін Газан ханның өте мол сыймен кері қайтарғанын жазады.
Осылайша, Орда Ежен ұлысы Жошы ұлысының бір әкімшілік бөлігі ретінде қалыптасып, көп ұзамай жеке мемлекет деңгейіне дейін көтеріледі. Ал XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың алғашқы жылдары әулет өкілдері арасындағы тақ үшін күрестер Ұлысты қатты күйзелтіп жібереді де, ол екіге бөлініп кетеді.
Бақылау сұрақтары:
1. Орда Ежен ұлысының құрылуы мен оның Алтын Орда құрамындағы статусын анықтаңыз.
2. Орда Ежен ұлысының ішкі құрылымы қандай болды?
3. Ақ Орда мемлекетінің аумағын көрсетіңіз.
4. Ақ Орданың саяси тарихы бойынша толық мәліметтер қандай деректерде көрсетілген?
5. Шығыс Дешті Қыпшақтағы Барақты биліктен тайдыру қалай жүзеге асты?