Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов - Страница 9
ІІ бөлім
АЛТЫН ОРДА (ЖОШЫ ҰлЫСЫ) ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ МАҢЫЗЫ
III тарау
ҚАЗАҚСТАН АЙМАҒЫ ШАҒАТАЙ ҰЛЫСЫ ҚҰРАМЫНДА
§ 1. Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі бағыт
ОглавлениеЗерттеушілер жаулап алудан кейін моңғол хандары мен билеуші тобының жаулап алған елдерге қатысты жүргізген саясатында анық, бір-біріне қарама-қарсы екі ағымның болғандығын көрсетеді.
И.П. Петрушевский бұл екі ағымға мынадай сипаттама береді: «Бірінші бағытты моңғолдың көшпелі әскери тобының көп бөлігі және аздаған түрік тайпаларының көшпелі әскери тобы қолдады. Моңғолдық дәстүр мен көшпелі өмірді жақтайтын бұл топ отырықшы өмірдің, егіншілік пен қалалардың жауы болды, отырықшы шаруалар мен қалалардың төменгі тобын шексіз қанауды жақтады. …Бұл бағытты жақтайтындар отырықшы шаруаларды қорғамақ түгілі, оларды сақтап қалуға мүдделі болмады».
Бірінші бағытты қолдайтын топтың жүргізген саясатының нәтижесін Иран, Қытай елдері мен Мәуереннахр, Жетісу аймақтарындағы ХІІІ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан жағдайдан байқауға болады. В.В. Бартольд «Жетісудың Шығыс Түркістанмен бірге моңғолдарға еріктерімен берілгенін көрдік, сол себепті де Қытайға, Мәуереннахрға және Батыс Азияға қарағанда бұл аймақ моңғол жаулап алушылығының зардабына ұшырамады. Моңғолдардан кейін көп ұзамай Жетісуға келген саяхатшылар бұл өңірді мәдениеті гүлденген ел деп жазады», – дей келе ХІІІ ғасырдың ортасы мен екінші жартысындағы Жетісудағы жағдайды былайша жазады: «Іле өзенінен өткен Рубрук, қираған бекіністің саз қабырғаларын көрді, қирандылардың маңында егістіктер болды. … Келесі күні Рубрук онша үлкен емес таулы асудан өтіп, өзені көп, өзендері таудан бастау алып, Балқаш көліне құятын үлкен бір жазықтыққа келді. Мұнда көп саудагерлер тұратын Қайлақ қаласы болды. Жазықтықта бұрын көп қалалар болатын, бірақ қалалардың көп бөлігін татарлар жайылымдар үшін қиратып тастапты», – деп жалғастырады. Одан әрі атақты шығыстанушы ғалым ХІІІ ғасырда Жетісуда отырықшылық мәдениеттің құлдырап кетуінің басты себебіне Жетісудың керемет жайылымдарының көшпелілерді үнемі қызықтырып отыруынан деп түсіндіреді. И.П. Петрушевский моңғол билеуші тобы арасындағы бірінші бағыттың салдарына Иран, Қытаймен қоса, Жетісуды да жатқызады.
Профессор Т. Омарбековтің деректер негізінде салған портреті
Моңғол билеуші тобы арасында қалыптасқан екінші бағытты сарайдағы қызметтері арқылы хан әулетіне жақын болған көшпелі әскери топтың аздаған бөлігі мен орталық мемлекеттік биліктің жергілікті өкілдері, сондай-ақ мұсылман дінбасылары, саудагерлер тобы қолдайды. Екінші топтың мақсатына хандық билігі бар күшті орталықтандырылған мемлекеттік жүйені құру, сол арқылы көшпелі әскери топ арасындағы орталықсыздану, шеттеу ниетті жою жатты. Ол үшін де хандық билік бағындырылған елдердегі феодалдық топтың жоғарғы бөлігімен жақындасуы, қалалық өмірге, саудагерлерге, сауда-саттыққа қолдау көрсетуі, моңғол жаулаушылығы кезінде қираған өндіргіш күштердің, әсіресе ауыл шаруашылығын қалпына келтіруі, тұрақты салық пен міндеткерлікті сақтауы, әр түрлі талан-тараждардан сақтауы қажет болды. Бірінші бағыт моңғолдар үстемдігінің алғашқы кезеңінде жетекші орынға ие болып, оны Шыңғыс ханның өзі, Күйік қаған, ұлыс билеушісі Шағатай хан қолдаса, екінші бағытты қағандар арасында Үгедей қаған (1227-1242), Мөңке қаған (1251-1259) жақтап отырған.
Шағатай, Жошы ұлыстары
Ұлыс билеушілері арасында Дешті Қыпшақтың билеушісі Жошы хан екінші бағытты қолдағанын Джузджанидің дерегінен көруге болады. Ол бойынша Жошы әкесінің бағындырылған елдердегі жаппай қырулар мен тонауларды жүргізуін сынға алған, мұсылмандарға көмектесуді ойластырған. Екі бағыт арасында жабық түрде болса да үнемі күрес жүріп отырады. И.П. Петрушевскийдің көрсетуі бойынша екінші бағыт Хулағу мемлекетінде Газан хан тұсында, ал Шағатай мемлекетінде Кебек хан тұсында (1318-1326) жеңіске жетеді.
Моңғол билеушілері арасындағы екі бағыт жөнінде пікір айтушылар, негізінен Иран, Мәуереннахр, Хорезм аймақтарындағы тарихи жағдайларға сүйенсе де, екі бағыттың Жошы үлысыньщ, оның ішінде сол қанатқа жататын Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы тарихи жағдайға қатысты екендігін де мойындауымыз керек. Бірақ та Шығыс Дешті Қыпшақтағы географиялық, шаруашылық, қоғамдық қатынастардың аталған аймақтардағы қатынастармен өзіндік ерекшеліктердің болуына байланысты екі бағыттың арасалмағында да өзгешеліктер байқалады. ХІІІ ғасырдың 70-жылдарына дейін моңғолдың ұлы қағандарының жергілікті халықтарға қатысты жүргізген саясаты бүкіл империяға ортақ болып, екі ағым арасындағы айырмашылықтар бірден байқалса, Жошы үлысындағы хандардың саясатынан біз алғашқы кезден-ақ екінші бағыттың басымдылықта болғанын аңғарамыз. Оның басты себебіне Жошы үлысындағы жергілікті тайпалардың шаруашылық өмірінде көшпелі мал шаруашылығының жетекші орында түруы жатса керек.
Парсы тарихшысы Джузджани осы жөнінде Жошының көзқарасын мынадай дерекпен көрсетеді: «Шыңғыс ханның үлкен үлы Туши (Жошыны айтып отыр – Б.К.) Қыпшақ жерінің ауасы мен суын көріп, жер бетінде бүл жердің жерінен артық, ауасынан таза, суынан дәмді, жайылымдарынан кең жер жоқ деп білді. Оның басына әкесіне қарсы түру туралы ойлар келіп, жанындағыларға былай дейді: «Шыңғыс хан ақылынан ауысып, соншама халықты қырып, соншама елдерді жойып жатыр. Менің ойымша, ең тиімдісі әкемді аң аулауда көзін жойып, Мүхаммед сүлтанмен жақындасу, бүл елді гүлдендіру және мүсылмандарға жәрдемдесу болып табылады». Джузджанидің бүл дерегі Жошының қандай бағытты үстанғандығын бірден-ақ байқатып түр.
Жошы ханның мүрагері болған Бату туралы парсы тарихшылары Джузджани де, Джувейни де екі түрлі дерек айтса да, біз одан Батудың бағындырылған халықтарға қатысты екінші бағытты үстанғандығын байқаймыз. «Ол (Бату) өте әділетті адам және мүсылмандардың досы болды; оның қамқорлығы арқасында мүсылмандар өмірін еркіндікте өткізді. Оның ордасы мен жүртында мешіт салынып, имамы, муэззині, намазға жығылатын қауымы болды. Оның патшалығы түсында және оның тірі кезінде мүсылман елдеріне оның жағынан, оның қоластындағылар, оның әскері тарапынан ешқандай жаманшылық болған жоқ. Түркістан мүсылмандары оның қорғаштауы арқасында тыныштық пен қауіпсіздікте өмір сүрді. Моңғолдарға бағындырылған Иран жерінің белгілі бір бөлігі оған қарады, ол жерлерге (Бату) өзінің басқарушыларын тағайындады. Барлық моңғол басшылары мен қолбасшылары оған бағынды, оған әкесі Жошы секілді қарады», – деп сипаттама береді «Табакат-и Насири» кітабының авторы. Ал келесі бір парсы тарихшысы Джувейнидің Батуу жөніндегі пікірі өзгешелеу. Соған қарамастан оның пікірінен де Бату ханның жергілікті бағындырылған халықтарға байланысты әкесі Жошының жолынан ауытқымағандығын көреміз.
Шағатай ұлысы
Ол былай деп жазады: «Ол ешбір дінге, ешбір сектаға кірмеген билеуші еді, ол оларды тек құдайшылықтан танудың жолы деп түсінді, сөйтіп, ешбір секта мен діни ағымның жолын құшады. …Өзіне берілген сыйлықтарды қазынаға түсірместен бұрын тұтасымен моңғолдарға, мұсылмандарға және басқаларға таратып берді. Әр жақтан келетін саудагерлер оған әр түрлі заттар әкелетін, ол не алса да, әрбір затқа бағасынан артық құн төлейтін». Бұл дерек Батудың діни ұстанымы жөнінде Джузджанидің мәліметінен өзгеше болғанымен, қол астындағы халқы мен саудагерлерге қатысты көзқарасының ұқсас болғандығын көрсетеді.
Батудың жүргізген саясаты туралы деректі парсы авторларымен қатар армян деректері де қостайды. ХІІІ ғасырдың армян тарихшысы Киракос Гандазакеций Бату ханнан сауда жасауға жеңілдік алған Рабан Ата туралы айта келе «оның адамдары, саудагерлері хан атынан тамғаны, яғни хат пен белгіні алып, барлық жерде емін-еркін жүрді, олар өздерін Рабанның адамдары екенін мәлімдегеннен кейін, оларға ешкім де тиіспеді. Тіпті, татар қолбасшылары оларға өз олжаларынан сыйлықтар беріп тұрды». Одан әрі армян тарихшысы Бату ханға патшалар мен ханзадалардың, князьдар мен саудагерлердің келіп, өз өтініштерін білдіргенде, ханның оларды әділдікпен шешім шығарып, оларға өз иеліктерін қайтарып бергендігі жөнінде баяндайды.
Одан кейін Алтын Орда тағында 10 жылдай отырған Берке ханның мұсылманшылдығы, ислам дініне көзқарасы туралы жазба деректердің бәрі бірауыздан мақұлдап, оң баға береді. Жошы, Бату, Берке хандар ұстанған бағытты одан әрі Алтын Орданың кезекті ханы Мөңке Темір де жалғастырады. 1269 жылғы Талас және Кенджек өзендерінің бойында өткен құрылтайдың шақырылуы мен ондағы қабылданған шешімдерге Жошы ұлысы жағынан Мөңке Темір хан мен Жошы ұлдарының бірі Беркечардың тікелей қатысы бар. Құрылтайда қабылданған шешімдердің саяси аспектісін қарастырмайақ экономикалық жағына назар салсақ, онда алтынордалықтардың ұстанған көзқарасын анық байқаймыз. Құрылтайда қабылданған шешім туралы Рашид ад-Дин былай деп жазады: «Өздерінің әдет-ғұрыптары бойынша олар алтынмен анттасып, болашақта таулы жерлер мен далалы жерлерде қоныстануға, қалалар маңында жүрмеуге, егістіктерге мал жаймауға және де раийаттарға (егіншілерге) әділетсіз талаптар қоймауға уәделесті». Жалпы алғанда, жоғарыда келтірген дерек мәліметтері Жошы ұлысындағы жоғарғы билеушілердің жергілікті бағындырылған халықтарға қатысты жүргізген саясатында екінші ағымның үстемдікте болғандығын көрсетеді. Ал ол дегеніміз өз кезегінде сырттан келген аз санды моңғолдық этнокомпоненттердің қыпшақ тайпалары арасына тез сіңісіп кетуіне өте қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндіктер берді деген тұжырымға әкеледі.
Бақылау сұрақтары:
1. Моңғол билеушілерінің жаулап алған жерлерді басқару мен билеу бойынша ұстанған негізгі екі бағытын талдаңыз.
2. ХІІІ ғасырда Жетісуда отырықшылық мәдениеттің құлдырап кетуінің басты себептерін көрсетіңіз.
3. Жошының жаулап алған елдерге қатысты саяси ұстанымына қатысты жазба дерек мәліметтерін көрсетіңіз.
4. Шағатай ұлысы аумағындағы Шыңғыс ұрпақтарының ұстанған бағыттарының өзгеру тенденциясын сипаттаңыз.