Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов - Страница 6
ІІ бөлім
АЛТЫН ОРДА (ЖОШЫ ҰлЫСЫ) ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ МАҢЫЗЫ
§ 3. Алтын Орданың гүлденуі мен нығаюы (1312-1359 ж.)
ОглавлениеТоқтай қайтыс болған соң (1312 ж.) ханның өсиеті бойынша таққа оның ұлы Елбасар отыру керек еді. Оны шаманизмді уағыздаушы дала ақсүйектері қолдады. Исламды уағыздаушы және қаланың сауда және мұсылмандық орталықтарымен байланысы бар феодалдық ақсүйектердің басқа бөлігі Меңгу-Темірдің немересі (Тағрұлдың ұлы) Өзбекті ұсынды. Әмір ҚұтлықТемір және хорезмдік діншілдердің басшысы Имам ад-дин Елмискари Елбасардың жақтастарын алдын ала көзін жойып Өзбекті таққа отырғызды. Таққа отырған Өзбек шамандықтарға қарсы күресіп, өзіне бағынғандардан исламға мойынсынуды талап етті.
«Жылнамалар жинағын» анонимді жалғастырушы Өзбек пен ислам қарсыластары арасындағы жағдайды былай жазады: «Біз саған бағынамыз, бірақ сенің біздің сенімімізде ісің қанша? Қалайша біз Шыңғыс ханның жасағы мен заңынан (тура) бас тартып арабтардың дінін қабылдаймыз?» «Ол (Өзбек), – деп жазды автор әрі қарай, – өз айтқанынан қайтпады. Нәтижесінде олар Өзбекке өшпенділік сезініп, оны алып тастауға тырысты. Осы мақсатта олар жиын ұйымдастырды, сол жерде оны өлтірмек болды. Өзбек тойға келгенде Құтлық Темір құпия түрде әмірлердің ойын айтып көзімен белгі берді». Өзбек дем арада атына мініп шауып кетті, әскерін жинап оларды жеңді. Тоқтайдың ұлын Шыңғыс хан әулетінің 120 ханзадасымен бірге өлтірді, ал оны ескерткен әмір құрметке ие болды.
Араб деректері хабарлауынша, тұзақты жою барысында «Өзбек бірнеше әмірлерді, беделді адамдарды және бақсылар (лам) мен сиқыршыларды өлтірді».
Өзбек хан 30 жылдық билігі барысында (1312-1342 ж.) аймақтардағы әр түрлікөтерілістерді жеңе отырып, билікті өз қолында ұстады. Жошы ұрпақтары ұлыстарының ханзадалары оның билігін мойындап, ханның барлық талаптарын сөзсіз орындады. 1333 жылы Қырым, Орта және Төменгі Еділ бойын, Хорезмді аралаған Ибн Баттута Өзбекті Жошы ұлысының жалғыз билеушісі ретінде атайды. 1331 жылғы моңғол иеліктерінің қытайлық картасында моңғолдық мемлекеттердің шекаралары, соның қатарында Өзбек хан тұсындағы Алтын Орда картасы көрсетілген. Бұл картада Алтын Орда бірегей мемлекет ретінде саналып, Ертіс жағалауынан Сырдарияға дейінгі аймақ Өзбек ханның иелігі ретінде белгіленген.
Өзбек тұсында моңғолдар өздерінің Берке қайтыс болған соң біршама әлсіреген дәстүрлі сыртқы саясаттарын қайта қалпына келтірді. Феодалдық шиеленіс кезінде хандардың Орыс ұлысымен шаруасы да болмады. Хандардың оларға жасаған жеңілдіктері (түмендік, мыңдық, жүздіктерді алу, алым-салықты жинауды орыс князьдарына беруі, орыс діншілдеріне жеңілдіктер беру, т.б.) орыс ұлысының жағдайын біршама жеңілдетті. Ал Өзбек хан өзара билікке таласқан орыс князьдарын кезек-кезек қолдай отырып, оларды бағыныштылықта ұстады.
Солтүстік-шығыста күштерін теңестірген соң Өзбек үкіметі солтүстікбатыста күшті фактор болып келе жатқан Литваға қарсы да бірнеше ісшаралар қолданды. Моңғолдар бұл мемлекеттің қалыптасуына қарсылық жасай алмады, бірақ оларға жүйелі түрде жорықтар жасай отырып әлсіздендіру мүмкін еді. ХІV ғасырдың 20-жылдарындағы сондай жорықтар нәтижесінде литвалықтардың бастысқа жылжуы тоқтатылды.
Дәл сол саясатты моңғолдар Польшаға байланысты да қолданды. ХІV ғасырдың 20-жылдары Польшаға татар жорықтарының күшеюі батыста үлкен шиеленіс тудырды. Сондықтан да татар жорықтарынан уайымдаған Рим папасы 1329 жылы арнайы жолдау жолдады, ол барлық батысеуропалық билеушілерді татарларға қарсы крест жорықтарын ұйымдастыруға шақырды, жорыққа қатысушылардың барлығының күнәсі кешірілуін уәде етті. Алайда бұл крест жорықтары жүзеге аспады. Татарлар папаның үндеуіне қарсы 1337 жылы Люблин жерін қырды. Келесі жылы «өзбектің сансыз көп татарлары Польша және Венгрия жерлеріне еніп, оларды өте күшті деңгейде тонады».
Егер бұған Кавказда хулагидтермен бірге соғыстың сәтті жалғасуын және Орта Азияға Шағатай ұлысының иеліктерін жаулауға тақ мұрагері басшылығында көп санды әскер жіберілуін қоссақ Алтын Орданың сыртқы саясатының күшейгені анық көрінеді. Өзбек ханның көршілермен жеңісті соғыстары және мемлекет ішіндегі сәтті саясаты Алтын Ордаға бұрынғы күшін қайтарып, оны Еуропа мен Азияның күшті мемлекеттерінің біріне айналдырды.
Алтын Орданың нығаюы кезеңіндегі деректерде құрылтай шақырылулары туралы айтылмайды, енді олардың орнына хан кеңесі өткізіліп, оған хан туыстары және әскербасылар қатысты. Бұл мәселеге қатысты 1316 жылғы Өзбек хан әпкесінің Мысыр сұлтанына тұрмыс құруына байланысты кеңесті атауға болады. Бұл кеңеске неке шартын жасаушы хан туыстары мен 70 әмірлер және түменбасылар қатысты. Бірақ бұл жиналыс көбіне отбасылық кеңес түрінде еді. Басқа жағдайларда, мемлекеттік басқару мәселелеріне қатысты болғанда хан өзі тағайындаған ұлыс әмірлерінен тұрған «диван» кеңесі өтті. Бұдан бұрынғы хандар кезіне байланысты диван туралы айтылмағандығы Өзбек тұсында мемлекеттің орталықтандырылғанын көрсетеді. Араб жазушы әл-Омари (1343 жылы қайтыс болған) Өзбек және Жәнібек тұсындағы хан кеңесіне толық сипаттамалар қалдырды. Әл-Омари былай жазды: «Бұл сұлтанның билеушілері – төрт ұлыстық әмірлер, олардан ең жоғарғысы беклербек атанды, яғни аға әмір. Қандай да бір маңызды істі осы төрт сұлтан шешеді, егер олардың бірі болмаса да оның аты жарлыққа жазылады…».
«Істер уәзір арқылы шешіледі. Ал уәзір істерді оларсыз шешеді, наместниктерге бұйрықтар береді және жарлықтарға олардың атын жазады. Уәзір – нағыз сұлтан, қарсы бөлімін жеке басқарады, бөледі, тіпті ең маңызды істерде де беклербек сияқты әскери істерді де басқарады». Кеңеске кірген осы төрт әмірдің ішінен екі мүшесінің – беклербек және уәзір қызметтері барынша анықталған. Беклербек (әмірлердің әмірі) әскери істерді басқарды, түмендіктер, мыңдықтар, жүздік пен ондықтарды басқарды, екінші уәзір мемлекеттің азаматтық істерімен айналысты. Алтын Орда ең алдымен әскери-феодалдық мемлекет болғандықтан әскери құрылым басшысы беклербекке азаматтыққа қарағанда құрмет берілді. Сондықтан әл-Омари беклербекті кеңестегі төртеуінің ішінде үлкені деп жазады.
Өзбек хан тұсында мемлекеттік басқаруды орталықтандыруға байланысты жерлерде басқару органдарын реттеу жүзеге асырылды. Басында Алтын Орда қалыптасқан кезде билікті бөлшектеу болып, мемлекет Бату ағайындылары арасында бөлініп, олардың әрқайсысы өз ұлысын жартылай жеке билеуші ретінде басқарды. Енді мемлекет орталықтандырылғанда бұрынғы аумақтар аумақтық басшы-әмір басшылығындағы аумақтарға айналдырылды.
Аумақ басшылары өз иеліктерінде кең билікке ие болды. Сондықтан мысырлық сұлтандар ханға байланыс жасау барысында, әдетте, өз грамоталарын орталық билік өкілдеріне және аумақ басшыларына да жіберіп отырды. Аумақ басшылары лауазымына феодалдық аристократияның беделді өкілдері тағайындалды, көбінде аумақтық билеушілік лауазымына мұрагерлік бойынша сол әулет өкілдері қойылды.
Алтын Орда мемлекеті Өзбек билігі кезінде орта ғасырдың ең ірі мемлекеттерінің біріне айналды. Жошы ұрпақтарының моңғол империясынан бөлінуі және тәуелсіз болуға бағытталған соғыстары сәтті болды. Бату ағайындарына тиесілі болған бұрынғы жартылай жеке ұлыстардың әлсіреуі немесе толықтай бағыну хандық билікті нығайта түсті.
Мемлекеттің орталықтануы біршама жетіліп, орталықта және жергілікті жерлерде бюрократиялық басқару аппараты құрылды. Елді басқару диван-кеңес қолында болды. Жергілікті басқару орталық әкімшілікпен тығыз байланысқан және орталық аппарат – төрт әмірден тұратын хан кеңесі диванға бағынған жергілікті билеушілер қолына шоғырланды. Өзбек хан билік еткен тұста Алтын Орданың экономикалық өрлеуі де байқалады. Дәл осы кезеңде қалалар саны қатты өсті, ал XIV ғасырдың 30-жылдары хан жаңа астана – Сарай-әл-Жадидті салуға кірісті. Сауда керуен жолдары қауіпсіз ғана емес, ыңғайлы да болды. 33 хорезмдік, орыс, кавказдық, генуэздік, венециялық, мысырлық, неміс және басқа көпестері Сарай базарларында тұрақты және үйреншікті адамдарға айналды. Алтын Орда гүлденуінің нағыз көзі алым-салықтар, соғыстан түскен әскери пайда және сауда кірістері болды. Мемлекеттің Шығыс пен Батыс арасындағы транзитті жағдайы және исламмен бірге бай дәстүрлердің келуі көшпенділерді өз ішінде өзгеріс жасауға талаптандырды. Осы кезеңде хан билігі күшейді, беделі артты. Сыртқы саясатта Өзбек хан хулагидтерге қарсы соғысқа көп көңіл бөлді, Әзірбайжанды біріктіруге тырысты. Өзбек билігі тұсында Алтын Ордаға орыс князьдықтарының бағыныштылығы да күшейді. 1318 жылы Михаил Ярославович Тверской, 1326 жылы Дмитрий Михайлович Тверской және Александр Новосильский, 1327 жылы Иван Ярославович Рязанский, 1330 жылы Федор Стародубский, 1339 жылы Александр Тверской және оның ұлы Федор өлтірілді. Енді Русь жеріне жазалаушы отрядтар көптеп барды. Қорыққан орыс князьдары өздері ханға салық алып келіп отырды. Русь жеріндегі моңғолдық билік жаңа кезеңге өтті, мұнда әскери қысым экономикалық қысыммен ауыстырылды. Ақыр соңында Өзбек өз әскерін әр жаққа шашпай, ирандық бағытқа бағыттай алды.
Бақылау сұрақтары:
1. Өзбек хан тұсындағы Алтын Орданың саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының деңгейін талдаңыз.
2. Ислам дінінің ресми мемлекеттік дін ретінде жариялануының барысы мен нәтижелері туралы жазба деректердің мәліметтерін талдаңыз.
3. Алтын Орда мен Мысыр билеушілерінің қарым-қатынастары қалай дамыды?