Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов - Страница 3
I бөлім
ЕУРАЗИЯ АУМАҒЫНДАҒЫ ХIII-ХVIII ҒАСЫРААРААҒЫ ҰЛЫСТАР МЕН ОРдАЛАР
І тарау
ҰЛЫ ЛАЛАДА МОҢҒОЛ БИЛІГІНІҢ ОРНЫҒУЫ ЖӘНЕ ҰЛЫСТАРЛЫҢ ҚҰРЬІЛУЫ
§ 2. Ұлы Даладағы саяси-әлеуметтік өзгерістер қорытындылары
ОглавлениеШыңғыс ханның басшылығымен 1219-1224 жылдар аралығындағы моңғол әскерінің жаулап алу соғыстары бағындырылған елдер үшін ауыр болды, ол көптеген халықтардың экономикасы мен мәдени дамуын, олардың саяси, әлеуметтік және этникалық даму үрдістерін ұзақ уақытқа тежеді. Моңғолдардың жаулап алуы салдарынан өндіргіш күштер талқандалды, көптеген материалдық және мәдени-рухани байлықтар жойылып кетті. Моңғолдар жаулап алуы жылдары өмір сүрген араб тарихшысы Ибн әлАсир ол туралы: «Бұл оқиға күн мен түн болғалы жер бетінде болып көрмеген, жер бетінің бәрін жайлаған орасан кесапат болды… жылнамаларда бұл секілді апаттың болғаны айтылмайды», – деп жазды.
Моңғолдардыңжаулап алуы барысында басқа аумақтардың қалалары секілді Қазақстанның қалалары да зор апаттарды басынан кешіреді. Сырдың орта және төменгі ағысы бойындағы, Жетісу өңіріндегі қалалар мен елдімекендер моңғол шапқыншылығының алғашқы құрбандары болды.
Отырар қаласының алты ай бойы қарсыласқаны үшін қаталдықпен кек алынды – моңғолдар қаланы тонады, қамал мен қорғанның дуалын қиратты, қаланың тірі қалған тұрғындарының көпшілігін қырып тастады. Отырар тұрғындарының шағын бір бөлігі ғана тұтқынға алынып, басқа қалаларды алу кезінде пайдалану үшін Самарқанд маңына күштеп айдап әкетіледі.
Жеті күн бойы моңғолдарға қатты қарсылық көрсеткен Сығанақ халқын жау әскері түгел қырып тастады. Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Ашнас халқы да осындай жағдайды бастарынан кешеді. Жент, Үзкент, Баршынкент секілді қалаларда жаппай қыру болмаса да, бұл қалалар моңғол әскерінің тонауына ұшырайды. Оңтүстік Қазақстанның басқа отырықшыегіншілік орталықтарының халқы да зардап шекті.
Жазба деректерде Қазақстан аумағындағы қалалар арасында Сыр бойындағы Отырар, Сығанақ, Ашнас қалаларының монғолдарға тегеурінді қарсылықтар көрсеткендігі туралы және де осы қалалар тұрғындарының қырғыншылыққа қатты ұшырағандығы жөнінде айтылады. Рашид ад-Диннің жазуы бойынша Отырар қаласы бес айдай қарсылық көрсетеді, бірақ та қалаға көмекке келген Қараша хаджибтің сатқындығы кесірінен монщл әскері қаланың ішіне енеді. Кдла билеушісі Кдйыр хан 20 мыңдай адамымен қала цитаделіне тағы бір айдай қарсылық көрсетеді. Кдланы толығымен алғаннан кейін, моңғолдар қала тұрғындарын сыртқа алып шығып, талан-таражға салады.
Отырар қаласынан кейін тұрғындары түгелімен өлтірілген Сыр бойының қаласы – Сығанақ. Сығанақ қаласының тұрғындары жауға өз еріктерімен берілуден бас тартып, туған қаласын бір апта бойы асқан ерлікпен қорғайды. Джувейнидің айтуы бойынша, Сығанақ қаласын жеті күндік үздіксіз шайқастардан кейін ғана моңғол әскері алып, тұрғындарын түгелдей қырып салады. Сығанақтан кейінгі моңғолдарға тегеурінді қарсылықты Ашнас қаласының тұрғындары көрсетеді. Қаланың қарапайым халқы табандылықпен қорғанады, бірақ күш тең болмай, жау қаланы алып, қала халқының басым бөлігін қырып салады.
Моңғол әскері өздеріне қатты қарсылық көрсеткен қалаларды қиратып, тұрғындарын түгелге жуық қырып отырса, қарсылық көрсетпеген қалаларды қиратпайды, бірақ та қала тұрғындарын қорқынышта ұстау үшін тұрғындардың аз ғана бөлігін өлтіріп отырады. Жаулап алушылар бағындырылған қалалардағы тұрғындардың көтерілістері мен қарсылықтарын болдырмау үшін бұрынғы басқарушылар мен олардың жақтастарын өлтіріп, орнына өздері тағайындаған адамдарды қалдырып отырады.
Профессор, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Т. Омарбековтің деректер негізінде салған портреті
1220 жылдың сәуірінің соңғы декадасында Жошы бастаған моңғол әскерінің Сырдың төменгі ағысы бойындағы Женд қаласын алуымен моңғолдардың бұл бағыттағы жаулап алу ұрыстары аяқталады.
Сөйтіп, Хорезмшахтары мемлекетінің солтүстік аймағы және Дешті Қыпшақтың оңтүстік бөлігі болып саналатын, негізінен қыпшақтар мен қаңлылар мекендейтін Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы бойындағы қалалар моңғолдардың қол астына қаратылады.
Моңғолдардың жаулап алуы барысында жергілікті тұрғындардың саны тек қала қорғаныстарындағы ұрыстарға байланысты азайып қойған жоқ, сонымен бірге моңғолдар басып алған қалалардың тұрғындары ішінен ер адамдарды, әсіресе жастарды басқа қалаларды қоршау ісіне күштеп жұмылдыруы, қолөнер иелерін және жас қыздар мен келіншектерді тұтқынға алуы да жалпы жергілікті халық санының күрт азаюына әкеледі. Жергілікті тұрғындардан іріктеп алынған ер адамдар қала қорғаныстарын бұзатын әскери құралдарды тасымалдауға, қала бекіністерінің түбіндегі орларды көмуге, қамалдар түбінен орлар қазуға және тағы осындай қара жұмыстарды орындауға күштеп алынады. Рашид ад-Диннің дерегінде Сырдың жоғарғы ағысы бойында орналасқан Бенакет пен Ходжент қалаларын алу барысында моңғолдар жергілікті жерлерден күштеп жинақталған адамдарды пайдаланғандығы айтылады.
Дешті Қыпшақ тұрғындары санының азаюына әсер еткен келесі бір факторға моңғолдардың 1219-1224 жылдардағы жаулап алу соғыстары барысында бағындырылған өңірлердегі тұрғындар есебінен өз әскерлерінің санын үнемі еселеп толтырып отыруы жатады. Бұл туралы да өте аз болса жазба деректер мәліметтер береді. Тағы да Рашид ад-Динге сүйенсек, ол 1220 жылдың көктемінде Жошының Сырдың төменгі ағысы бойында болып, Хорезмді қоршауға жергілікті көшпелі тайпалардан 10 мындық әскердің жасақталып, қалаға аттандырылғанын айтады. Жергілікті тұрғындар мен көшпелі тайпалар есебінен моңғолдар өз әскерінің құрамын осылайша толтырып алып, келесі ұрыстар мен шайқастарға қатысып отырады. Мұндай жағдайлар да жергілікті халықтар санының күрт азаюына алып келеді.
Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларына қарсы алғашқы жорық 1220 жылдың көктем-жаз айларында, бүкіл Сыр өңіріндегі қалалар мен елдімекендер жаулап алынғаннан кейін болады. Рашид ад-Диннің мәліметтерінде Жошы әскерінің бір бөлігін басқарған Улус-иди Дешті Қыпшақтың ішкі жағында орналасқан қаңлылардың ордасы Қарақорымға аттанады.
Бұл жорық туралы Әбілғазы былай деп баяндайды: «… Шағатай мен Үгедей кері бұрылып, Термездегі әкесіне қарай кетті, ал Жошы Үргеніштен Дешті Қыпшаққа аттанды. Қыпшақ халқы бірігіп, соғысқа шықты. Жошы хан жеңіске жетті, [оның] қолына түскен [барлық] қыпшақты өлтіреді, қолға түспей қашып кетіп аман-сау қалғандары естектерге (башқұрттарға – Б.К.) кетті. Қазіргі естектердің көп бөлігі сол қыпшақтардың ұрпақтары болып келеді».
Моңғолдардың Сыр бойындағы қалалар мен елді-мекендерді бағындыру барысында жасаған қырғыншылықтары Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларын жаулау кезінде де қайталанады.
1219-1224 жылдары моңғолдардың жаулап алу соғыстарына байланысты Дешті Қыпшақтағы этникалық процестерге кері әсер еткен белгілердің біріне жергілікті көшпелі тайпалардың бір бөлігінің туған жерлерінен ауа көшіп кетуі жатады. Көшіп кеткендер, жекелеген адамдар, жекелеген отбасылар немесе жекелеген рулық бөлімшелер мен рулар болсын, өз туған жерінен қол үзумен бірге, ғасырлар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан ортақ этникалық территориядағы этноүрдістерден тыс қалып, өзге этнотерриториядағы этнопроцестерге қосылады. Сөйтіп, олар өздерінің этникалық болмысынан айырылады.
Деректерде Дешті Қыпшақ тайпаларының моңғолдарға бағынғысы келмей немесе олардан қорқып көшіп кеткендігі туралы мәліметтер кездеседі. Жоғарыда біз келтірген Әбілғазының бір ғана мәліметінен қыпшақтардың бір бөлігінің башқұрттар жеріне көшіп барғанын білсек, оның келесі мәліметінде былай делінеді: «Еділ мен Тин (Дон) аралығында өмір сүретін қыпшақтар төрт тарапқа шашырап кетті», – делінеді. Ал монғол шапқыншылығының Шығыс Дешті Қыпшақтағы этнопроцестерге тигізген ықпалын Р.Г. Кузеев былайша тұжырымдайды: «Моңғол шапқыншылығы көшпелілердің көп бөлігінің жылжуын туғызды, әсіресе жаулап алудың алғашқы сатысында Еуразия далаларының орасан зор аумағы мен солтүстіктегі көршілес аймақтарға жаудан жеңіліске ұшыраған, талан-таражға түскен қыпшақтар шашырап кетті».
1245-1247 жылдары Рим Папасының Күйік ханға жіберген елшісі Плано Карпини Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірінде қираған көптеген қалаларды, бекіністерді және қаңырап қалған қыстақтарды көргенін баяндайды. Шапқыншылықтан көшпелі және жартылай көшпелі аймақтардың халқы да көп зардап шегеді. Плано Карпинидің мынадай дерегі соған дәлел болады: «Біз қангиттердің жеріне аяқ бастық… Бұл жерден, сондай-ақ Команиядан біз аяқ астында тезекше шашылып жатқан сансыз адамдардың бас сүйектері мен қаңқаларына тап болдық… Бұл адамдар, комондар да, қангиттер де, жер өңдемеген, малмен күн көрген, олар сондай-ақ үй салмастан, шатырларда орналасқан. Татарлар оларды да қырып-жойған, енді өздері солардың жерінде тұрады, ал тірі қалғандарын құл қылып алған».
Моңғол ақсүйектерінің үстемдігі Жетісу жеріне ауыр тиді. Шыңғыс ханның шабуылына дейін-ақ үздіксіз соғыстарда күйзелістерге ұшыраған бұл аймақтың халқы жаулап алушыларға қарсылық көрсете алмаған болатын. Сондықтан да Жетісуда қалаларды жойып жіберу болмаған. Алайда жазбаша деректер мен археологиялық мәліметтер Жетісудағы қала мәдениеті мен отырықшы-егіншілік мәдениеттің едәуір бүлінгенін, егістік үшін игерілген жерлердің өлкеде моңғол үстемдігінің орнағаннан кейінгі алғашқы ондаған жылдарда-ақ жайылымға айналдырылғанын көрсетеді.
1253-1255 жылдары Қазақстан аумағы арқылы өткен Француз королі ІХ Людовиктің моңғол ханы Мөңкеге жіберген елшісі Рубрук, егіншілік мәдениеттің күйрегені, Іле алқабындағы қалалардың жойылып кеткендігі туралы алғашқылардың бірі болып деректер қалдырған. Оның мынадай дерегі Жетісудағы моңғол шапқыншылығы мен үстемдігінің зардаптарын көрсетеді: «Біз оң жағын биік тау қоршаған, ал сол жағында айналасы жиырма бес күншілік теңіз бе әлде көл ме, шалқып жатқан өте әсем жазықпен жүрдік. Бұл жазық таудан басталып әлгі аталған теңізге келіп құйып жатқан сумен түгелдей тамаша суландырылған. Жазда бұл теңіздің (Балқаштың) солтүстік беткейі арқылы қайттық, бұл беткей де таулы болып келеді. Жоғарыда аталған жазықта бұрын көп қала болған, бірақ олардың көпшілігін өздерінің малын бағуға жағдай жасау үшін татарлар [моңғолдар] қиратып жіберген, өйткені онда ең тамаша жайылымдар болған».
Бірнеше ондаған жылдар бойында жаулап алынған жерлерде «көшпелі мал шаруашылығының басымдығын» нығайтқан көшпелі моңғолдар тобы осылай қарай ағылады. Ұлыстар құрылғаннан кейін Жетісуға көшпелілердің қалың топтарының келіп қоныстану салдарынан егістік танаптары, өңделетін жерлер күрт азайып, көшпелі мал шаруашылығы отырықшылық есебінен күшейе түседі. Елді мекендерді қирату, егістікті малға таптату, баубақшаны, ирригациялық жүйелерді жойып жіберу, отырықшы-егінші халықтың қырылып, босып кетуі, оның көрші қалалармен және егіншілікпен шұғылданатын өлкелермен, соның ішінде Оңтүстік Қазақстанмен экономикалық тарылуы – осының бәрі Жетісудағы қалалар тіршілігінің экономикалық негізін әлсіретіп жібереді. Көшпелі мал шаруашылығы егіншілікті ығыстырып шығарды, ал егіншілік болмаған соң қалалар құлдырап кетеді.
Моңғолдардың жаулап алуы қоғамдық дамуға да тежеу болады. Ол жаулап алынған елдердің, оның ішінде Қазақстанның да әлеуметтік-экономикалық құрылымына елеулі кері кетушілік туғызды. Қоғамдық қатынастарда ең артта қалған нысандар орнығып, құлиеленушіліктің белгілері (қолға түскен мыңдаған адамдар құлға айналдырылады) кең етек алды. Егіншілік пен қала мәдениетінің күрт құлдырауының, экономикада экстенсивті көшпелі мал шаруашылығының үлес салмағы арта түсуінің салдарынан қоғамның әлеуметтік даму (феодалдану процесі) үдерісі тежелді.
Жаулап алынған жерлерде халықты әскери-әкімшілік тұрғыдан ұйымдастырудың сандық (ондық, жүздік, мыңдық) жүйесі, вассалитеттің өзіндік жүйесі таратылды.
Бағындырылған халық хан әулетіне тиесілі деп саналды, оларға ауыр салықтар салынып, міндеткерліктер жүктеліп отырды. Әскери міндеткерлік өте-мөте ауыр болды – жоғарыда аталған ұйымдастырудың ондық жүйесіне сәйкес халық моңғол әскері үшін жауынгерлер беріп отыруға міндеттелді. Материалдық игіліктерді жасайтын халық өндірістен қол үзіп, әскери қару-жарақ үшін зор шығынға ұшырады. Отырықшы халық та әскери борышын өтеуге тиіс болды, олар жаяу әскерге алынып, моңғолдар оларды қамалдарды қоршау үшін пайдаланды.
Салық түрлерінің көп және көлемінің ауыр болуы халықтың жаппай күйзелуіне әкеп соқтырды. Рашид ад-Динде ол туралы келесідей мәліметтер бар: «… күштеумен қорқытып тартып алу барған сайын күшейіп, егіншілердің, әсіресе белгіленген алымдар мен міндеткерліктердің көптігінен жиналған астықтың өзі белгіленген алымдардың жартысын да өтеуге жетпейтін болды».
Қазақстан аумағында ежелден тұратын этникалық топтар мен халықтардың және олардың жерлерінің моңғол ұлыстарына бөлінуі олардың ұзаққа дейін әр түрлісаяси құрылымдар құрамында болғызды, ал ол өз кезегінде халықтың этникалық, шаруашылық, мәдени тұрғыдан бірігуіне кедергі жасады, керісінше бытыраңқылық үрдісін ұзартады.
Сонымен бірге Моңғол империясының, одан соң Алтын Орда мемлекетінің құрылуы Қазақстан мен оған көршілес елдерді ортақ саяси, экономикалық, мәдени кеңістікке біріктірді. Сондай-ақ дала мәдениеті мен отырықшы-егіншілік мәдениетті таратушылардың өзара әсері мен ықпалы түрғысындағы интеграциялық үрдістердің дамуына жол ашты. Қазақстанда өмір сүрген этностың мұсылман Шығысымен, Еуропамен, Қытаймен кеңінен араласуына мүмкіндік туғызды. Моңғол билігі сауданы, халықаралық қатынастарды дамытуға ынталандырылды, жер-жерде пошта және жәмшік қызметін енгізді. Бұрын алыс болып келген халықтар арасында сауда және мәдени байланыстар орнатылды. Ұлыстардың аумағымен сауда керуендері жүріп өтті, алыс өлкелерге дипломатиялық миссиялар, саяхатшылап аттанып, Еуропаға Азия елдері мен халықтары туралы мәліметтер жеткізді. Моңғолдар далаға орталықтандырылған өкімет идеясын әкелді, бұрын ұйымдаспаған тайпаларды біріктірді, жаңа жағдайларға бейімделген дала заңдарын іске қосты. Моңғолдардан кейінгі уақыттағы Қазақстан аумағындағы мемлекеттерде кейін келе әлеуметтік үйымның көптеген нормалары мен мемлекеттік нысандары пайдаланылды.
Бақылау сұрақтары:
1. Шыңғыс ханның жаулап алу соғыстарының мақсаты мен сипаты туралы тарихнамалық пікірлерді қалай топтастыруға болады?
2. Моңғол мемлекеттілігі формаларының қалыптасуына қандай түркілік дәстүрлер әсер еткен?
3. Шыңғыс ханның жаулап алу соғыстарының идеологиясына айналған «киіз туырлықты халықтарды біріктіру» идеясы қашан және неліктен өзгерді?
4. Ортағасырлық авторлардың еңбектеріндегі моңғолдардың жаулап алу соғыстарының салдары мен барысына берілген сипаттамаларды салыстырыңыздар.
5. Моңғол жаулап алушылығының оң және теріс салдарын талдаңыздар.