Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов - Страница 15

ІІ бөлім
АЛТЫН ОРДА (ЖОШЫ ҰлЫСЫ) ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ МАҢЫЗЫ
IV тарау
ШЫҒЫС ДШП-ҚЫПШАҚТАҒЫ ХІV-ХV ҒАСЫРААРДАҒЫ ЭТНОСАЯСИ ӨЗҒЕРІСТЕР
§ 5. «Көшпелі өзбектер» мемлекетіндегі этносаяси үдерістердің дамуы

Оглавление

Тарихта «көшпелі өзбектер» мемлекеті немесе Әбілқайыр хандығы деген атпен белгілі мемлекет өзінің этникалық, саяси және шаруашылық құрылымы жағынан алғанда өзіне дейінгі Ақ Орда мемлекетінің заңды жалғасы болды. Ақ Орда мемлекеті сонау Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаған Бату хан тұсында ағасы Орда Еженнің ұлысы ретінде шығыс бөлігі Алтай таулары мен Ертіс өзені, Балқаш көлінен Сырдария алабы мен Арал теңізінің солтүстігіне дейінгі ұлан-байтақ өңір және оған іргелес жерлерді қамтыған аумақта құрылды. Ал бұл өлкенің негізгі халқын қыпшақ, қаңлы, үйсін, жалайыр, алшын, қарлық, найман, керей, арғын, қоңырат және т.б. ру-тайпалар құрады. Бұл тайпаларды біз Қадырғали Жалайыри көрсеткен «Алаш мыңының» негізін қалаған негізгі ру-тайпалар деп атай аламыз.

Тарих ғылымында «Көшпелі өзбектер» мемлекеті немесе Әбілқайыр хандығы деп аталған бұл мемлекеттің тарихына қатысты даулы мәселелер көп. Зерттеушілердің кейбір тобы оны жеке дербес мемлекеттік құрылым ретінде қарастырса (Б.А. Ахмедов), екіншілері оның жаңа қалыптасып келе жатқан, өтпелі кезеңдегі мемлекеттік құрылым (В. Трепавлов), үшіншілері Әбілқайыр хандығын «көшпелі өзбектер» мемлекеті деп танудан бас тартады (З. Қинаятұлы). Аталған мәселе біздің негізгі зерттеу нысанымыз болмағандықтан оларға тоқталмаймыз. Дегенмен Әбілқайыр хан Ақ Орданың бұрынғы астанасы Сығанақта 20 жыл отырып, Сібірдің оңтүстік шебінен Сырдария жағалауы, Қаратау бөктеріне дейінгі аумақта 40 жыл билік құрғаны тарихтан белгілі.

Ақ Орда мемлекетінің көрнекті мемлекет басшылары – Орыс хан мен Барақ ұрпақтарының билігі оның оңтүстік аудандарында XV ғасырдың 20-жылдарынан кейін де сақталып қалды. Ал оның басқа аумағында бірнеше феодалдық ұлыстардың билеушілері жеке дара билікке ұмтылды. Солардың ішіндегі ең ірілерінің бірі Әбілқайыр хандығы болды.

XV ғасырдың 20-жылдарында бұрынырақта Алтын Орда иелігіне кіріп, бірақ оның әлсіреу кезеңінде одан біраз уақыт дербес мемлекет ретінде өмір сүрген Ақ Орда мемлекетінің далалық аумақтарында жаңа әулет саяси билікке келеді. Атап айтар болсақ, Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұрпақтары билеген Ақ Орда мемлекетінде 1428 жылы ұзақ саяси күрестен кейін Жошының тағы бір баласы Шайбаннан тарайтын Әбілқайыр билікті иеленеді. Бұл оқиға туралы ортағасырлық авторлардың бірі Махмуд бен Уәли «Бахр ал-асрар» атты еңбегінде былай деп жазды: «Жәнібек хан (өмірінің) аяқталу мезгілінің ең шегі болған хижра бойынша 758 жылдың (1356-1357 ж.) басынан Шайбан ұрпақтары шығуының басы болған хижра бойынша 835 жылдың (1431-1432 ж.) ортасына дейін Дешті Қыпшақ мемлекетінің тағы ақылды падишах пен жігерлі билеушісіз қалды, сол себепті дін мен мемлекет істерінің құрылысында жүгенсіздік пайда болды, сол аумақтағы қоғамды (байланыстырушы) арқау үзілді, сөйтіп, бірлік жойылды». Міне, Алтын Орда мемлекетінің әлсіреуі мен ыдырауына байланысты орын алған осындай тұрақсыз заманда Жайықта және оның батысына қарайғы аумақты иеленген Ноғай Ордасы дербестеліп, күшейе түсті. Ал Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Елек, Торғай, Сарысу бойында, Тобыл мен Еділдің жоғарғы ағысында Шайбани ұрпақтары, Сарысу, Жем аралығы мен Арал өңірінде Жұмадық хан, Тобыл мен Есілдің оң жақ саласы Атбасар аралығында Махмуд Қожа хан және т.б. күшейеді.

Ақ Орданың әлсіреу кезеңі мен Дешті Қыпшақ даласының әр өңірінде дербес билікке ұмтылған билеушілер заманында Шайбани ұрпағы Әбілқайыр олардың барлығын 20 жылға созылған күрестің нәтижесінде жеңіп шығып, өз билігін орнатады. Шайбани ұрпағы Дәулет-Шайхтың баласы Әбілқайыр Тура өңірінде (Батыс Сібір) хан деп жарияланды. Сонымен, хижраның 833 жылы (1428-1429 ж.) 17 жасында хан сайланған Әбілқайырды сол кездегі ру-тайпалардың ықпалды өкілдері толығымен қолдайды. Әбілқайырдың жеңісінің де сыры осында жатса керек. Бұл туралы жазған Махмуд ибн Уәли Әбілқайырды екі жүздей ру-тайпа өкілдері қолданғанын айтады. Олардың ішінде сол кездегі белді әрі ықпалды ру-тайпалар: қыпшақтар, найман, мавдыт, қарлұқ, қоңырат, қаңлы, үйылын, кенегес және т.б. аталады.

1428-1429 жылғы Әбілқайырдың Тура қаласын алғаны туралы хабар бүкіл Дешті Қыпшақ даласына лезде тарап кетеді. Бұл жеңіс Әбілқайыр маңына басқа да ру-тайпалардың көптеп топтасуына жағдай жасады.

Әбілқайыр хан өзінің алдына тек Шайбан үлысын ғана қалпына келтіріп қоймай, өз бишгін бір кезде Алтын Ордаға бағынған облыстардың бәріне, яғни Жайық (Орал) өзенінен шығысқа қарай орналасқан аумаққа орнату мақсатын қойды. Әбілқайыр хан алдына қойған мақсатын орындау үшін ең алдымен Шығыс Дешті Қыпшақтағы жоғарыда айтып өткен тәуелсіз ұлыс билеушілерін бағындырудан бастайды. Ол 1430 жылы Махмұд қожаға қарсы аттанады. Әбілқайыр әскері Махмұд Қожа ханды Тобыл өзені бойында талқандайды.


XV ғасырдағы Көшпелі өзбектер мемлекеті


Арада бір жыл өтер-өтпестен уақытта Әбілқайыр хан өз әскерін қайта жинап, Хорезмді басып алу үшін соғысқа дайындалады. Көп ұзамай Хорезм де Әбілқайыр ханға бағынады. Бірақ ол бұл өлкені ұзақ ұстап тұра алмады. Б. Ахмедов Әбілқайыр әскерінің Хорезмнен кетуінің себептері туралы ортағасырлық авторлар мен кейінгі зерттеушілердің пікірлерін талдай келе, Хорезмнің климаты, мұнда көп ұзамай тараған жұқпалы ауру, Әмір Темір ұрпағы Шахрухтың әскер аттандыруы ғана емес, Шығыс Дешті Қыпшақтың өзіндегі бүлік те ханның атбасын кері бұруына бірден-бір себеп болды деп көрсетеді.

Осыдан кейін Әбілқайыр хан 1431-1446 жылдары аралығында үлкен соғыстар жүргізген жоқ. Тек 1446 жылы ол өзінің қарсыласы Мұстафа ханмен ұрыста ірі жеңіске жетті. Осы кезде Әбілқайыр Сыр бойындағы қалабекіністер: Ақ-қорған, Аркук, Үзгенд, Сығанақ пен Созақты басып алды.

Бұл кезде Шығыс Дешті Қыпшақтағы билікке ұмтылған Орда Ежен, Тұқай-Темір ұрпақтары Әбілқайырға қарсы күресін тоқтатқан емес еді. Ал осы кезеңде дала тайпаларының басшылары бірте-бірте жеке билігін күшейте бастаған Әбілқайырдан іргелерін бірте-бірте ажыратып, басқа Жошы ұрпақтарына қолдау жасай бастайды. Жалпы, қорыта айтқанда, XIV ғасырда «шаруашылықтың жаңғыруы, феодалдық қатынастардың нығаюы жағдайында жергілікті түркі және түркіленіп кеткен феодалдық үстем таптың жағдайы күшейе түсті. Халық бұқарасының моңғолдар тәртібіне наразылығын пайдалана отырып, Жошы мен Шағатай ұлысында түркі шонжарлары Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісуда өздерінің саяси биліктерін орнату жолында күрес жүргізді». Әбілқайыр хан Ақ Орданың оңтүстік өңірі, Қаратау маңын басып алғанға дейін мұнда Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар иелік еткен еді. Нақ осы өңірлерде XV ғасырдың 20-жылдары Барақ ханның билігі күшейген еді. Сондықтан аталған сұлтандар өздерін қолдаған ру-тайпалармен бірге бұл аймаққа XV ғасырдың 40-жылдарына дейін Әбілқайырды жібере қойған жоқ. Сондықтан да болар Әбілқайыр хан 1431-1446 жылдары аралығында өз мемлекетінің ішкі мәселелерімен айналысады. Әсіресе өзін қолдаған ру-тайпа көсемдерінің талаптарына ден қояды. Ал Керей мен Жәнібек сұлтандар өзге Жошы ұрпақтарына көмек көрсету арқылы Әбілқайырға қарсы күресін тоқтатпайды. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, Ахмет және Махмұд хандарды талқандағаннан кейін Әбілқайыр Керей мен Жәнібек сұлтандардың одақтастарына үлкен соққы беру арқылы өз жағдайын біраз күшейтіп алған еді. Сондықтан әлі де болса Дешті Қыпшақтың берді тайпаларының көпшілігі Әбілқайырды қолдау саясатын жалғастыра береді.

Сөйтіп, 1446 жылдан бастап Сығанақ қаласы Әбілқайыр ханның астанасына айналады. Әбілқайыр бұл аймақты жаулап алғаннан кейін, көрші мемлекеттердің ішкі саяси жағдайын өз пайдасына шешіп қалуға ұмтылып, олардың істеріне қол сұға бастайды. Солардың бірі Мәуереннахрдағы Әмір Темір ұрпақтары мемлекеті еді. Осы кезеңде Әмір Темір мемлекетінде оның ұрпақтары арасында тынымсыз күрес жүріп жатқан еді. Әмір Темірдің ұрпағы Абу Са’ид мырза Самарқанды қоршайды. Бірақ көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақта қашып, Әбілқайыр ханнан қолдау табады. Осылайша, Бахтияр сұлтанның басшылығымен Әбілқайыр хан әскері Самарқандқа аттанады. Көп ұзамай Әбілқайыр әскерінің көмегімен Самарқанд тағына Абу Са’ид мырза отырып, Ұлықбек мырзаның қызы Рабиға Сұлтан-бегімді Әбілқайырға әйелдікке береді.

Әбілқайыр Әмір Темір және оның ұрпақтарының мемлекетінде болып жатқан саяси күреске араласуын тоқтатпайды. Арада көп уақыт өтпей, Әмір Темірдің тағы бір ұрпағы Әбд әл-Латиф мырзаның ұлы Мұхаммед Жөкі Әбілқайырдан Абу Са’ид мырзаға қарсы көмек сұрап келеді. Әбілқайыр хан Жәдігер (Иадкар) ханның ұлы Бүрге сұлтанды шақырып алып: «Мырза Мұхаммед Жөкі бізден көмек сұрайды, менің ұлдарым мен жақын інілерімде бұл істі басқарағандай кісі жоқ. Сен де менің ұлымсың, өз әскеріңмен аттан, мен де әскер қосайын», – дейді. Осылайша, Бүрге сұлтан 30 мың әскерді алып Мәуереннахрға аттанады. Бұл кезеңде Хорасанға кеткен Абу Са’ид мырза Самарқанд қаласында өз орнына арғын руынан әмір Мәзитті қойып кеткен екен. Ол дер кезінде жағдайды Абу Са’ид мырзаға хабарлап үлгеріп, Самарқандты сақтап қалады. Бұл оқиға Бүрге сұлтанның Мәуереннахр өлкесін талан-таражға ұшыратып, кері қайтып оралуы мен Мұхаммед Жөкінің Абу Са’ид мырзаның қолына тұтқынға түсуімен аяқталады.

Әбілқайыр хан әскер күшімен Шығыс Дешті Қыпшақты біріктіріп, 40 жыл хандық құрғанына қарамастан өз мемлекетіндегі ішкі алауыздықты жоя алмады. Сондықтан Әбілқайырды хан көтерген кезде оны қолдаған 200-дей ру-тайпа өкілдері бірте-бірте одан қол үзе бастайды.

Бұл Әбілқайыр хандығына ауыр соққы болып тиген 1457 жылы Сығанақ түбіндегі шайқаста айқын көрініс берді. Осы кезде өзінің қол астындағы көптеген ру-тайпа өкілдерінің қолдауынан Әбілқайыр хан қалмақтардың Үз-Темір тайшы бастаған әскерінен жеңіліп, масқара келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болады. Жалпы Әбілқайырды қолдаған, кезінде оның билікке келуіне ықпал жасаған ру-тайпа өкілдерінің наразылықтары бұдан сәл ертерек басталғанын байқауға болады.

Әбілқайыр Икритуб маңында Махмуд хан мен Ахмед ханды жеңгеннен кейін кейбір тайпа басшыларының ханға деген наразылықтары ашық көрінді. Мәселен, бұған дейін Қадырғали Жалайыридің жазуынша екеуі «бір кеседен бал ішкендей» тату болған. Әбілқайыр хан мен маңғыт Оқас бидің арасы алшақтайды. Ол Шығыс Дешті Қыпшақ даласындағы келесі бір тәуелсіз билеуші Мұстафа ханмен бірігіп, Әбілқайырдан бөлініп кетеді.

Дерек авторының хабарлауынша қият, ийджан, құсшы, қоңырат, үйсін, жат, чимбай, қарлұқ тайпалары басшыларының әскеріне сүйенген Әбілқайыр хан бүлікшілерді басып, қуғынға ұшыратады. Шамамен көтерілісшілер 4500-дей адамнан айырылады. Бірақ бұдан әрі қарайғы оқиғалар барысында Оқас би қайтадан Әбілқайыр хан қасынан табылғанын көреміз. Бұл олардың арасында татулық келісім жасалып, нәтижесінде Үзгенд бекініс қаласы маңғыттар әмірі Оқасқа беріледі. Бұл оқиғалардың бәрі бізге өзінің жеке билігін күшейте бастаған Әбілқайыр ханның біраз тайпа көсемдерінің қолайына жақпай қалғаны туралы ой түюге мүмкіндік береді. Сондықтан олар бірте-бірте ханнан ақырындап іргелерін аулақ сала бастайды. Бұл жағдай арада біраз уақыт өткенде анық көрініс берді. Үз-Темір тайшымен болған шайқаста Әбілқайыр ханға бағынышты ру-тайпа әмірлерінің түгел қатардан табылмауы осының айғағы еді.

Зерттеуші А.А. Семенов ру-тайпа өкілдерінің наразылықтарының себептері туралы мынандай қорытынды жасайды. Тобыл мен Есіл бойынан оңтүстікке Сырдария бойына қарай жүріп өткен хан әскері өздері басып өткен аймақтардың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігіне нұқсан келтіреді. Осылайша, өзара туыс Шайбан және Орда Ежен ұлысының ру-тайпалары өзара қақтығысқа түсті.

Көріп отырғанымыздай, зерттеулердің көпшілігі Әбілқайыр ханның 40 жыл хан болғанына қарамастан өз мемлекетінің ішіндегі алауыздықты жоя алмаған билеуші болғанына назар аударады. Мәселен, Б. Ахмедов Бүреке сұлтан, Ибақ-хан, Керей мен Жәнібек сұлтан сияқты Ақ Орданың бұрынғы билеушілерінің ұрпақтары Әбілқайыр ханның бірде-бір әскери жорықтарына қатыспағандығын жазады. Бұл дегеніміз Орда Ежен, Тоқай-Темір сияқты Жошы ұрпақтарының Әбілқайыр хан билігіне қарсы болғандығын көрсетсе керек. Қазақстанның оңтүстік аудандарында Керей мен Жәнібекке рулар мен тайпалардың едәуір бөлігі бағынды, олардың төңірегіне көшпелі рулықтайпалық шонжарлардың айтарлықтай топтары, әсіресе үстем таптың Барақ ханды қолдаған және Сырдариядағы қалалармен байланысты бөлігі топтасты.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап

Подняться наверх