Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов - Страница 2

I бөлім
ЕУРАЗИЯ АУМАҒЫНДАҒЫ ХIII-ХVIII ҒАСЫРААРААҒЫ ҰЛЫСТАР МЕН ОРдАЛАР
І тарау
ҰЛЫ ЛАЛАДА МОҢҒОЛ БИЛІГІНІҢ ОРНЫҒУЫ ЖӘНЕ ҰЛЫСТАРЛЫҢ ҚҰРЬІЛУЫ
§ 1. Орта Азия мен Қазақстан аумағы моңғол-түрік империясы құрамында

Оглавление

Тарихтың бұған дейінгі даму жолы мен бет-бейнесін аса зор өзгеріске ұшыратқан ең ірі тарихи оқиғалардың қатарында моңғол жаулап алушылығы дәуірін ерекше атап көрсетуге болады. Халықтар мен тайпалардың орын ауыстыруы, олардың көші-қон бағыттарының өзгеруі, бұрынғы ру-тайпалық жүйенің күйреуі және т.б. өзгерістер ағымы осы кезеңдегі тарихи дамудың сипатын да анықтап берді.

Шыңғыс ханның Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алу жорықтарын бастауының сылтауы – «Отырар опаты» деген атпен тарихта қалған оқиғадан бастау алғаны белгілі. Парсы тарихшысы Джувейни қаңлы тайпасынан деп атап көрсететін Отырар қаласының билеушісі Қайыр хан моңғол ханы жіберген сауда керуенін тыңшылық жасады деген күдікпен қырып салған болатын. Әрине, мемлекетаралық елшілік қарым-қатынастар тұрғысынан алғанда, Қайыр ханның бұл әрекеті ешқандай жөн-жоралғыға сыймайтын еді. Сондықтан Шыңғыс хан «әділетті» түрде Қайыр ханды ұстап беруді талап етті. Ал өз тарапынан Мұхаммед Хорезмшах бұл талапты орындау былай тұрсын, бұл елшілерді де өлтіруге бұйрық берді. Мұхаммед Хорезмшах өз әрекетінің қандай салдарға апарып соғарын айқын білгені белгілі. Бірақ ірі мемлекеттің тәжірибелі басшысының мұндай әрекетке баруына қандай жағдайлар себеп болды деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа ортағасырлық тарихшы ан-Насави былай деп түсініктеме береді: «Ол оған (Қайыр ханды Шыңғыс ханға – авт) жөнелте алмайтын еді, өйткені әскердің көп бөлігі мен жоғары дәрежелі әскербасылар соның (Иналханның) қыпшақ туыстары болатын. Оның кестесіндегі өрнекті және оның түйінінің негізін солар жасап, оның мемлекетінде толық билік жүргізді»1. Басқаша айтқанда, негізгі әскери тірегі қыпшақтар мен қаңлылардан құралған Хорезмшах олардың өкілдерін жазалауға да дәрменсіз еді. Себебі бұған дейін Хорезмшах Дешті Қыпшақтағы тайпаларды бағындырып, олардың орталығы Сығанақты өз билігін мойындауға мәжбүр етті. Сығанақ иелігіндегі саяси үстемдік негізінен қаңлылар мен қыпшақтарға тиесілі еді. Тіпті, ХІІ-ХІІІ ғасырлардың басында қаңлылардың елеулі саяси күшке айналғандығы соншалықты олар қыпшақ хандығының саяси бытыраңқылығын тудырған негізгі себептердің біріне айналған. Ал өз кезегінде Хорезмшах сөз жүзінде ғана билігін мойындаған қыпшақтар мен қаңлыларды өзіне тәуелділікте ұстау үшін олардың ақсүйектерін бірте-бірте өз жағына тартып, олармен құда-жекжаттық байланыстар орнатып, өз саясатын қолдайтын сословиелік топ құруды ұстанды. Осылайша, бірте-бірте Хорезмшахтардың қаңлылар мен қыпшақ хандарының руларынан әйел алатын дәстүрі берік қалыптасты. Хорезмшах мемлекетіндегі қаңлылар мен қыпшақтар оның негізгі әскери тірегіне айналып, тіпті оның мемлекеттік саясатына үлкен ықпал жасайтын күш болды. Әбілғазы баһадүр ханның жазуынша Хорезмшахқа келіп нөкер болған елу-алпыс мыңдай2 және т.б. кезендердегі қаңлылар осындай беделге ие болған еді. Мәселен, XIII ғасырдың басында қаңлылардың басшысы Әмин Мәлік Хорезмшах сарайындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі болды. Ал ад-Дин Мұхаммед Хорезмшах оның қызына үйленген. Оның баласы ержүрек сұлтан Жалал ад-Дин де қаңлы тайпасының қызына үйленген. Қаңлыдан шыққан көптеген билеушілер осы кезеңдегі ортағасырлық қалалардың басшылары қызметіне тағайындалған еді.


Моңғол жауынгері. obukhov.uanoc.com


Осы кезеңге дейін Шыңғыс хан шапқыншылығының ұранына айналған «киіз туырлықты халықтарды біріктіру» идеясын 1218 жылғы құрылтай қабылдаған жоқ. Себебі бұған дейін өз жемісін берген бұл ұран ендігі тұста тиімсіз еді. Түркі, түрікмендер, соның ішінде қаңлылар мен қыпшақтар Хорезмшахтың негізгі әскери тірегі болған, Хорезмшах тарапынан қолдауға ие болмайтындығы түсінікті еді3. Сондықтан Шыңғыс хан мен оның ұлдары Хорезмшахтың даңқы мен көп санды әскерінің тірегі болған қаңлылар мен қыпшақтарды толық көзін жойып жіберу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланды4.

Зерттеуші В.В. Трепавлов 1218 жылғы құрылтайдан соң моңғолдардың жаулап алу жорықтарының бұрынғы «түркі халықтарымен» одақтан оларды тікелей жаулап алу бағытына ауысқанын, осылайша, түркі-моңғол бірлігі туралы идея моңғол-хорезм соғысында өзінің өзектілігін жоғалтып, бұл идея тек Хорезмшах әскерін ыдырату үшін пайдаланылғанын атап көрсетеді5.


Профессор, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Т. Омарбековтің деректер негізінде салған портреті


В.В. Трепавлов Шыңғыс хан бастаған моңғолдардың жаулап алу соғыстарын екі кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқы кезең 1207-1218 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде моңғолдардың Моңғолия аумағынан тыс жерлерде жүргізген жаулап алушылықтары «киіз туырлықтылардың» бірлігі идеясы аясында жүзеге асты. Осылайша, көптеген түркі тайпалары мен халықтары моңғолдардың билігін өз еріктерімен қабылдап, олармен одақтық қарым-қатынастар орнатты. Тіпті, ендігі жерде моңғол әскерінің құрамы түркілерден құралды. Сондықтан да Алмалықтың билеушісі Бұзардың (Озардың) баласы Сунақ-тегін бастаған қаңлылар Шыңғыс ханның әскері құрамын толықтырды.

Ал екінші кезеңде 1218-1223 жылдары түркімоңғол бірлігі туралы идея тек жау қолын ыдырату құралы есебінде пайдаланылды. Дәл осы кезеңде қаңлылар және қыпшақтардың бір бөлігін моңғолдар жаулап алып талқандады6. Осы саясатты шебер пайдалана білген моңғол қаһаны негізгі тірегі түркі-қаңлылардан құралған Хорезмшах әскерін ыдыратуға қол жеткізді.

Моңғолдардың жаулап алу жорықтары 1219 жылы Ертіс бойынан басталып, моғол әскері Сырдарияға дейін бұрынғы жаулап алушылардың жолымен Жетісу арқылы жүрген. Моңғол әскері Ертіс бойынан күзде жылжыған кезде, оған қарлұқ Арслан хан, ұйғыр билеушісі Баурчик және Алмалықтың билеушісі қаңлы Озардың баласы Сунақ-тегін өз жасақтарымен барып қосылады. Бірақ деректерде ұйғыр билеушісі мен Сунақ-тегіннің қол астында неше адам болғандығы туралы мәлімет сақталмаған7.

Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыны Отырардан кейін Сырдарияның бойымен төмен қарайғы жерлерді бағындыруға аттандырды. В.В. Бартольд Шыңғыс ханның Жошыға мұндай тапсырма беруінің себебі, Моңғол империясының солтүстік-батыс аймақтарын үлкен ұлының иелігіне бергісі келгендігінен болар деп тұжырымдайды8.

Монғол әскерінің алғашқы нысаны Отырар қаласы болғаны белгілі. Шыңғыс ханның шешімімен қаланы Шағатай мен Үгедей бастаған әскер қоршауға алса, үлкен ұлы Жошы Сырдың төменгі ағысы бойындағы қалаларды қоршауға аттанған. Келесі топ Сырдың жоғарғы ағысы бойы қалаларын бағындыруды міндеттеріне алса, Шыңыс ханның өзі Бұқараға қарай жылжыған9.

Қаһармандық ерліктің жарқын үлгісіне айналған Отырар қаласын қорғау бас-аяғы алты айға созылғанын білеміз. Рашид ад-Дин бойынша Хорезмшах қаланы қорғауға 20 мың әскер қалдырған және оған өзінің хаджибі Қараша ханды 10 мың әскерімен тағы қосымша күш ретінде аттандырған10.

Осы жерде сәл шегініс жасап, хаджиб сөзінің магынасын түсіндіре кетсек. Хорезмшахтар мемлекетінің тарихын зерттеуші З.М. Буниятов аталған мемлекеттің әкімшілік құрылысы туралы жаза келе, негізгі мемлекеттік және сарайдағы қызмет түрлеріне талдау жасайды. Солардың ішінде Хорезмшахтар мемлекетіндегі маңызды қызметтердің бірі – үлкен немесе ұлы хаджиб лауазымы. Дәстүр бойына хаджибтер тек түркі ақсүйектерінен ғана сайланған. Хаджибтер Хорезмшахқа билеушінің тікелей өзіне қатысты істерді ғана мәлімдеп отыратын болған. Хорезмшахтың бір мезгілде бірнеше хаджибтері болатын. Олар оған барлық жерде ілесіп жүретін әрі оның барлық маңызды тапсырмаларын орындайтын.


Деректер негізінде картаны жасаған профессор Т.О. Омарбеков


Тарих ғылымында Шыңғыс хан бастаған моңғол әскерінің Орта Азия мен Казақстан аумағына басып кіруіне түрткі болған оқиға ретінде аталатын «Отырар опаты» деп аталатын оқиға, Отырар қаласының даңқты билеушісі Қайыр ханның іс-әрекеті түрлі ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектерде әр түрлікөзқарастар тұрғысынан бағаланып келеді. Бұл пікірлерді қысқаша топтастырып берер болсақ, Шыңғыс хан бастаған моңғол әскерінің батысқа жорығының шынайы себептері туралы мынадай тұжырымдарды кездестіреміз.

Бірінші, тонаушылықты ғана басты мақсат етіп алған соғыс. Бұл пікірді қолдаушы авторлар Шыңғыс хан бастаған моңғолдардың өмірлік ұстанымы, жалпы тіршілік ету формасы тек әрқашан соғысқа, сол арқылы баю, тіршілік ету болған деген тұжырымдардың, жалпы көшпелі халықтардың барлығының ежелден тонаушылық пен басып алушылыққа бейімділігі туралы сыңаржақ ұстанымға сүйенушілер.

Екінші пікірді жақтаушылар бойынша, Шыңғыс ханның батысқа жорығы «соғыс қажетінен» туындаған. Бұл пікірді негізінен ХХ ғасыр басынан бері қарайғы қытай авторларының еңбектерінен кездестіруге болады. Бұл пікір бойынша, Шыңғыс хан Алтын хандығын немесе Қытайды толық бағындыру үшін жасалған саясаттан туындаған.

Үшінші пікірді жақтаушылар бұл соғыстың шынайы себебі «империя аумағын кеңейту» мен «Алтын әулетін қоршау» қажеттілігінен туындағанын алға тартады. Бұл – екінші пікірмен біршама үндесетін ұстаным.

Төртінші пікірлер легі «қылмысқа қарсы кек қайтару» әрекетін, яғни бейбіт елшілердің өлтірілуін соғыстың шынайы себебі ретінде карастырады11. Жоғарыда келтірілген пікірлерді қорыта келе, біз төртінші топ авторлары атап көрсеткен оқиға батысқа жорықтың шынайы себебінен гөрі, бұрыннан ойластырылған үлкен жоспарды жүзеге асыруға сылтау болған себеп деген ғылымда негізінен қабылданған пікірмен келісеміз.

Ерен ерліктің жарқын үлгісіне айналған Отырар қорғанысы оның билеушісі мен тұрғындарының жанкешті ерлігіне қарамастан алты айдан соң кұлады. Негізінен бес ай уақыт өткен соң қала қақпасынан хаджиб Хараджаның көмегімен ішке лап берген моңғол әскері қаланың әр көшесін, әр қорғанысын алу үшін тағы бір ай шайқасуға мәжбүр болады.

Қала мұнарасына бекінген Қайыр хан соңғы оғы таусылғанда жауларына кесек лактырып, ең соңғы мүмкіндігі калғанша шайкасады.

Моңғолдар 1220 жылдың ақпанында Отырарды алғаннан кейін оның цитаделін толық күйретеді, ал аман қалған тұрғындарының ішінен қолөнершілерді бөліп алып, қалғандарын басқа қалаларды аларда шабуылға шыққан моңғол әскерінің алдындағы қалқан ретінде пайдалануға айдап кетеді12.

Шыңғыс ханның ұлдарына қала алынбай тұрған кезде Отырар қаласының басшысы Қайыр ханның бұрынғы орынбасары Бадр ад-Дин ал-Амид келеді. Ан-Нисавидің хабарлауынша, ол Шыңғыс ханға өзінің Мұхаммед Хорезмшахты қаншалықты жек көретінін айтып, оны тез жеңудің кұпиясын білетінін жеткізген. Осылайша, моңғол ханы Бадр ад-Дин Амидтің ақылымен Хорезмшахтың анасы Теркен хатунның туыстары болып келетін әскер басшыларының атынан Шыңғыс ханның атына жазылған жалған хат мәтінін даярлайды. Әрине, бұл хат түпкі мақсат бойынша Шыңғыс ханның жансыздарының көмегімен Хорезмшахтың қолына түседі13. Бұл арандатушылықтан кейін өзінің тегі қаңлы-қыпшак көптеген әскер басшыларының Шыңғыс хан жағына өтуге дайын екендігіне кәміл сенген Хорезмшах көп санды әскерін одан әрі бөлшектеуге бел шеше кіріседі.


Ал бұл кезде Жошы Сырдария бойындағы Сығанақ қаласын қоршауға алады. Жеті күн, жеті түн қоршаудан кейін қаланы шабуылмен алған моңғолдар «кеңшілік пен аяушылық қақпасын жауып тастап» халықты аяусыз қырып салды14.

Сырдарияның жоғарғы ағысы бойындағы қалаларды бағындыруға аттанған Алак-нойан, Сакту-Бұқа басқарған 5 мың моңғол әскеріне қарсы Бенекет қорғанысын Илегту-Мәлік бастаған халық қарсы тұрды. Моңғолдарға қарсы үш күнге созылған теке-тірес шайқастан соң Илегту-Мәлік моңғолдардан сауға сұрайды. Моңғолдар қаланы қорғап, әскердің тең жартысын қырып салып, әдеттегідей тұрғындардың ішінен қолөнершілер мен шеберлерді бөліп алып, қалғандарын басқа қалаларды қоршау кезінде моңғол әскеріне қалқан ретінде пайдалануға айдап кетеді15.

Монщг шапқыншылығына қарсы күресте ерен ерлігімен аты қалған, бір өзінің тағдыры ғана үлкен бір батырлық дастанына арқау болатын тұлға – Ходженд қаласының қорғанысын ұйымдастырушы Темір-Мәлік. Рашид ад-Диннің мәліметтеріне сүйенсек, Ходженд қаласын қоршауға алған 70 мың әскерге төтеп берудің мүмкін еместігін түсінген Темір-Мәлік өзі сияқты ержүрек жігіттерден құралған бір мың әскермен Сырдарияның ортасындағы бір аралға бекінеді. Дегенмен бұл тәсілмен ұзақ қорғану мүмкін болмағандықтан, Темір-Мәлік тобы түнде Сырдың төменгі ағысы бойымен, бүкіл адамдарымен, аттарымен 70 қайықпен жүзіп кетеді. Өзеннің екі жағымен бойлай оларды қуалаған монщгдарға ТемірМәлік те аяусыз тойтарыс береді. Олар Бенекет түбіне жеткенде моңщлдар өзенге шынжыр байлап, тоқтатпақ амал жасайды. Бұл жолы да бұғауды бұзып өтіп, Отырар, Сығанақ, Жанд қалаларының жанынан да өтіп кетеді.

Моңғолдар Темір-Мәлік тобын Баршынкент түбінде понтонды көпір құрып, оларға катапульттер орнатып, өзеннің екі жағына моңғол әскерін толтырып күтіп тұрады. Бұл туралы хабар алған Темір-Мәлік қалаға жетпей, жағаға түсуге мәжбүр болады. Артынан қуғынға түскен моңғол әскері көбейген сайын, Темір-Мәлік тобы солғұрлым азая береді. Ең соңында ол бір сынық, екі бүтін жебесімен, артынан қуған үш моңғолмен жеке-дара қалады. Әлгі сынық жебемен бір моңғолды көзінен жаралайды. Ал қалған екеуіне: «Менде екі жебе қалды, мен оларды шығындауға қимай тұрмын, бірақ екеуіңе жетеді. Сондықтан екеуің кейін бұрылып, өз өмірлеріңді сақтап қалғандарың абзал», – деп айқай салады. Екі моңғол оның сөзіне құлақ асса керек, ТемірМәлік аман-есен Үргенішті қорғаушылардың қатарына моңғолдарды біраз әуреге салған Хорезмшахтың ұлы Жалал ад-Динге барып қосылады16.

Темір-Мәлік Үргенішке келіп жеткенде, Хорезмшах мемлекетінің астанасындағы жағдай өте қиын еді. Себебі бұған дейін моңғолдардың Шыңғыс ханның өзі, оның кенже ұлы Төле мен атақты Жебе мен Сүбедей баһадүрлер басқарған негізгі әскері Сыр бойынан, Қызылқұм арқылы Бұхараға тікелей аттанған еді. Олар Бұхараны қырғын мен талан-таражға ұшыратқаннан кейін, Хорезмшахтардың екінші астанасы Самарқандқа тіке шабуыл жасайды. Түптің түбінде Самарқандта да моңғолдар алдында тізе бүккен кезде, ең алдымен, Шыңғыс ханның тікелей жарлығымен қала қорғанысын ұйымдастырған 30 мың әскерді 20 әмірімен түгел қырып салады17. Ал Үргеніш қаласындағы жағдай Теркен хатунның қаланы тастап шығып кеткеннен кейін одан әрі шиеленіскен еді. Дегенмен қала моңғолдарға қарсы 7 ай қорғанды18. Бірақ қала қорғанысын ұйымдастырушы әскер басшыларының арасында алауыздық туып, Каспий теңізінің бір аралында қайтыс болған сұлтанның соңғы өсиеті бойынша тақ мұрагерлігіне сайланған Жалал адДинді қолдаудан бас тартып, өзара бүлік шығарды. Олар өзара ақылдасып, Теркен хатунның туысы Құмар тегінді сұлтан деп жариялайды. Үргеніштің құлауымен моңғолдар Орта Азияны толық басып алды.

Хорезмшах сұлтаны Жалал ад-Дин моиғол шапқыншылығына қарсы аяусыз күресін тоқтатпайды. Деректерде ол «сөзі бойынша түркі еді, бірақ парсы тілінде де сөйлейтін, арыстандардың арасындағы арыстаны және жауынгерлер мен батырлардың ең ержүрегі болатын» деп сипатталатын Жалал ад-Дин сұлтан билікті 1220 жылы Мұхаммед Хорезмшахтың даңқсыз өлімінен кейін ғана қолына алды. Хорезмнің қорғанысын ұйымдастыра алмайтынына көзі жеткеннен кейін әрі өз өміріне жасалған қастандықтан кездейсоқ аман қалған сұлтан өзіне адал берілген, 300-дей түркілерден құралған әскерімен, ТемірМәлікпен бірге қазіргі Ауғанстан аумағына өтіп кетуге мәжбүр болды. Сәл алға озып айта кетсек, бұдан былай Жалал ад-Динмен бірге моңғолдар үшін үлкен қауіпке айналған Темір-Мәлік тағдырдың талай сынынан өтеді. Жалал ад-Дин қайтыс болғаннан кейін сопы киімін киіп, Шамға, Сирияға кетеді. Бірақ туған жерге деген махаббаты мен сағынышының әсерінен қайта оралып, біраз уақыт Ош маңында тұрып, бала-шағасы жайлы мәліметтер жинап, бір күндері Ходжентке қайтып оралады. Алайда дерек мәліметтеріне қарағанда ол өзін танып қойған монғол қолбасшысы Қадакан-Оғұлдың қолынан қаза табады.

Көп ұзамай қыпшақ даласы да моңғолдар билігіне өтеді. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, қаңлы, қыпшақ және т.б. тайпалардың бірнеше бөліктері Шыңғыс хан әскеріне еш қарсылықсыз бағынғаны да белгілі.

Шыңғыс хан бастаған моңғол әскері Орта Азия аумағын 1221 жылы, ал бүкіл Қазақстан аумағын жаулап алуды 1224 жылы аяқтағаны белгілі. Моңғол шапқыншылығын көзімен көрген автор: «Адамдар бұрынғы ғасырларда, жойылған мемлекеттер заманында да құлақ естіп, көз көрмеген апаттардың куәсі болды», – деп сипаттаған моңғол шапқыншылығы адамзат тарихындағы ең қайғылы, күрделі оқиғалар қатарына жатары даусыз.

Алғашында «киіз туырлықты халықтарды біріктіру» ұранымен жүргізілгені моңғол жаулап алушылығының нәтижесінде Шыңғыс хан Сібір, Қазақстан, Шығыс Түркістан аймағындағы түркі тайпаларын күшпен бағындыру, жаулап алу, бейбіт құда-жекжаттыққа негізделген байланыстар орнату, т.с.с. әдіс-тәсілдермен өзіне бағындыру саясатын сәтті аяқтап шықты. Бірақ ол «киіз туырлықты халықтардын» ендігі үстемдік жүргізушілері моңғолдар екендігін мықтап орнықтыруды да ұмытқан жоқ. Сондықтан бүкіл жаулап алған жерлерін өз балаларына бөліп бере отырып, Шынғыс хан бұл жерлердегі монғолдардын үстемдігін сақтап қалатын идеологиялық саяси-әкімшілік негізін қалап үлгерді.

Бақылау сұрақтары:

1. Шыңғыс ханның жаулап алу соғыстарының мақсаты мен сипаты туралы тарихнамалық пікірлерді қалай топтастыруға болады?

2. Моңғол мемлекеттілігі формаларының қалыптасуына қандай түркілік дәстүрлер әсер еткен?

3. Шыңғыс ханның жаулап алу соғыстарының идеологиясына айналған «киіз туырлықты халықтарды біріктіру» идеясы қашан және неліктен өзгерді?

1

Шихаб ад-Дин ан-Нисави. Жизнеописание султана Джалал-ад-Дина Манкбурны. – Баку, 1973. – С. 80.

2

Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы, 1991. – 31-б.

3

Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи ХІІІ в. – М., 1993. – С. 54-55, 57.

4

Шихаб ад-Дин ан-Нисави. Жизнеописание султана Джалал-ад-Дина Манкбурны. – М., 1996. – С. 87.

5

Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи ХІІІ в. – М., 1993. – С. 54-55.

6

Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи. – М., 1993. – С. 58.

7

Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Кн. 2. – М. – Л., 1952. – Т 1. – С. 198.

8

Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия // Соч. – М.: Наука, 1963. – Т. 1. – С. 481.

9

Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Кн. 2. – М. – Л., 1952. – Т 1. – С. 198.

10

Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Кн. 2. – М. – Л., 1952. – Т 1. – С. 191.

11

Сайшиял. Сказание о Чингизхане. – Улан-Уде, 2006. – С. 267-268.

12

Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Кн. 2. – М. – Л.,1952. – Т. 1. – С. 198-199.

13

Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия // Соч. – М.: Наука, 1963. – Т. 1. – С. 473.

14

Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Кн. 2. – М. – Л.,1952. – Т 1. – С. 199

15

Там же, 101 с.

16

Там же, 201-203 с.

17

Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Кн. 2. – М. – Л.,1952. – Т 1. – 208 с.

18

Там же, 216 с.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап

Подняться наверх