Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов - Страница 10
ІІ бөлім
АЛТЫН ОРДА (ЖОШЫ ҰлЫСЫ) ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ МАҢЫЗЫ
III тарау
ҚАЗАҚСТАН АЙМАҒЫ ШАҒАТАЙ ҰЛЫСЫ ҚҰРАМЫНДА
§ 2. Шағатай ұлысының құрылуы мен ыдырауы
ОглавлениеШыңғыс хан бастаған моңғол әскерінің 1219-1221 жылдары Орта Азияны жаулап алуымен Мәуереннахр өлкесі Моңғол империясының құрамына кірді. Шыңғыс хан екінші ұлы Шағатайға «Мәуереннахрды, Хорезмнің бірсыпырасын, Ұйғыр, Хашафур, Бадахшан, Балх және Ғазнинге, Сыр суына дейін» берген48.
Тарихи әдебиеттерде Шағатай ұлысының тұрғындарын шағатайлықтар деп атау орын алған. Бұл атау осы кезеңдегі «көшпелі өзбектер», «ноғайлар», «шайбанилер» деген этносаяси қауымдастықтардың бір түрі. Ол, негізінен, Шағатай ұлысының аумағына кірген жерлердің тұрғындарын құраған жергілікті отырықшы және көшпелі тайпалардың ортақ атауы ретінде қолданылады.
Шыңғыс ханның Бөрте ханымнан туылған екінші ұлы – Шағатай әкесінің көзі тірі кезінде-ақ моңғолдардың дәстүрлі құқықтарының жинағы
Яссаны өте жақсы білетіндігімен аты шыққан. Сондықтан Шағатай дәстүрлі моңғол ғұрыптары мен заңдарын сақтаудың басты жақтаушысы әрі тірегі болды. Оның негізгі ордасы Іле өзені бойында орналасты. Шағатай моңғол дәстүрін қатаң сақтау үлгісінің жақтаушысы әрі оның басында тұрған адам ретінде жергілікті мұсылман халықтарының өзіне деген жеккөрушілік сезімін тудырды.
Негізінен Шағатай есімімен аталатын моңғол мемлекеті ол қайтыс болғаннан кейін арада бірнеше жылдар өткеннен соң ғана құрылған. Шағатай інісі әрі ұлы қаған Үгедейден бір жыл кейін, яғни 1242 жылы қайтыс болды. Шағатайдың өсиеті бойынша оның мұрагері ертерек қайтыс болған ұлы Мутугеннен туылған немересі Қара-Хулагу деп танылды. Бірақ осы кезде Моңғол империясында орын алған оқиғалар моңғол билеушілерінің арасындағы алауыздықты ашып көрсетті. Үгедейден кейін Ұлы қағанның тағы 1246 жылға дейін оның жесірінің қолында болды. Осы жылы өткен құрылтай шешімімен таққа отырған Үгедей қағанның ұлы Күйік (1246-1248) Қара-Хулагуды орнынан алды, оның орнына жаңа ханның досы, Шағатайдың келесі бір ұлы Есу-Мөңке отырды. Деректерге қарағанда бұл ханның шарапты ұнатқаны соншалықты, мемлекет және т.б. істермен айналысуға шарап ішуден бос уақыт таппайтын. Ал Күйік қаған «аласа бойлы, өте сабырлы және айлакер әрі салмақты мінезді». Бір адам ешқашан оның «жайданжай күлгенін немесе бір жеңіл-желпі мінез көрсеткенін көрген емес». Міне, осындай кезеңде Күйік хан және оны жақтаған Шағатай ұрпақтары мен Бату бастаған Жошы және Төле ұрпақтарының арасында алауыздық күшейе түседі. 1248 жылы Күйік хан «ата-қонысыма барып денсаулығымды түзетем» деген сылтаумен Батуға қарсы аттанады. Бату да өз кезегінде қарсы соғысқа дайын отырды. Бірақ Күйік қағанның әскері Моңғолия аумағынан шығып үлгерместен қаған қайтыс болады. Ендігі жерде Ұлы ханның тағын кімге беру мәселесі қайта туындайды. Шыңғыс хан ұрпақтары ішіндегі ең беделді әрі барлық ханзадалардан жасы үлкен Бату және оның жақтастары Ұлы қаған тағына Шыңғыс ханның кіші ұлы Төленің ұрпағы Мөңкені ұсынды. Кезінде Күйікті хан сайлаған кезеңде «хандық билікті Үгедей ұрпақтарынан бір жапырақ май мен шөпке оралған ет қалғанға дейін» ешкімге бермейміз деп ант берген Шыңғыс ұрпақтары биліктің тізгінін Мөңкеге берді. Мөңке қағанның таққа отыруы 1251 жылы ғана жүзеге асты. Осы жылы Ұлы қағанға қастандық ойлағандары үшін Үгедей мен Шағатайдан тараған 77 ханзада жазаға ұшырады. Соның ішінде кезінде Үгедей қағанның өсиетімен оның мұрагері болып жарияланған Ширамун ханзада да бар еді. Сонымен іс жүзінде Шағатай ұлысы Жошы мен Төле ұрпақтарының қолында қалды. Мөңке қаған тұсында Шағатай ұлысындағы билік Шағатайдың жесірі Орқына хатунның қолына көшеді. Осындай күрделі саяси жағдайлар қарапайым халықтың басына түскен ауыртпалықтарды қиындата түседі.
Шағатай ұлысындағы саяси билікті қолына алған Орқына хатун елді тақ мұрагері атынан биледі. Бұл билеуші әйел будда дінін қабылдағанымен, мұсылмандарға қамқорлық көрсетуші ретінде сипатталып, мұсылман дінінде болған деген деректер де бар.
Ұлы қаған Мөңкенің қайтыс болуымен орын алған кезекті саяси дағдарысты Моңғол империясының тұтастығын жойды. Ал бұл жағдай өз кезегінде ұлы қаған тағы үшін өзара күресуші топтардың арасындағы қиянкескі күреске ұласты. Тақ үшін талас Мөңке қағанның бауырлары Хұбылай мен Арықбұғы арасында өрістеді. 1260 жылы Қытайдағы моңғол әскері Хұбылайды ұлы қаған деп тапса, Қарақорымда Арықбұғыға да жақтастары адалдыққа ант берді. Осындай жағдайда шағатайлықтар Арықбұғыны ұлы қаған деп таниды. Хұбылай Шағатай ұлысына Шағатайдың ұлы Бөріден туылған немересі Абишке ханзаданы жібереді. Ондағы мақсаты шағатайлықтарды үгіттеп, өз жағына тарту еді. Абишке ханзада жолда қолға түсіп, Арықбұғы адамдарының қолынан қаза табады. Арықбұғы да қарап жатпай Шағатайдың Байдардан туылған немересі – Алғұй ханзаданы өз кезегінде ол да батысқа аттандырады. Алғұй Шағатай ұлысында белсенді қимыл көрсетеді. Орқына хатун Арықбұғыға, Қарақорымға кетеді. Ал Алғұй Шағатай ұлысының батысындағы Жошы ұрпақтарының билеушілерін қуып шығады. Ол,тіпті, бұрыннан Шағатай ұрпақтарына тиесілі емес аймақтарды, мәселен Хорезм мен Ауғанстанның солтүстік бөлігін бағындырады. Деректерде осы өлкелерде мекендеген жергілікті түркімен тайпаларымен қатар, «шағатайлық» жалайыр тайпасы туралы да айтылады49. Алғұй ханзада бұл табыстарынан кейін Арықбұғыны мойындау деген ойдан бас тартса керек. Себебі ендігі жерде Алғұй мен Арықбұғы арасындағы шайқастардың куәсі боламыз. Хұбылаймен соғыстан біраз үзіліс алған Арықбұғы бар күшін Алғұйға қарсы бағыттайды. 1262 жылы Сайрам көлі маңында Алғұй Арықбұғының әскерін талқандайды. Дегенмен келесі жылы көктемде Іле аймағында Арықбұғы әскерінен жеңіліс тауып, Шығыс Түркістанға қашуға мәжбүр болады. Арықбұғы әскері қысты Құлжа өлкесі мен Жетісуда өткізеді50. Деректерге көз жүгіртсек, Іле өлкесіндегі халықтан бидайдың мол қорын қолына түсірген Арықбұғы жылқыларын қыстай бидаймен қоректендірген. Ал моңғол әскерінің аттары бидай жеп жатқанда, жергілікті халық арасында аштық басталған. 1264 жылы көктемде бидайға үйренген жылқылар көктемгі жас шөптен қырыла бастайды. Осы кезде Арықбұғыға іштей наразы көптеген әскербасылар да оған қарсы бас көтереді. Осындай жағдайда Арықбұғыға қарсы Алғұйдың көп әскермен аттанғаны туралы да хабар келіп жетеді. Арықбұғы Орқына хатунды Алғұйға аттандырып, өзі Хұбылайға бағыныштылығын білдіреді. Ендігі жерде Шағатай ұлысындағы билік Алғұйдың қолына көшеді51.
Осылайша, бүкіл Моңғол империясының ұлы қағаны Хұбылай деп саналғанымен, іс жүзінде империя бір-біріне тәуелсіз төрт мемлекетке бөлініп кетті. Олар:
1. Моңғолия мен Қытайдағы Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің ұрпақтары, соның ішінде Хұбылай билеген Юань империясы.
2. 1258 жылы Иранда Төленің ұлы Хулагу негізін қалаған Хулагидтер немесе Ильхандар (тайпа хандары) мемлекеті.
3. Мәуереннахр, Жетісу, Шығыс Түркістан аймақтарын біріктірген Шағатай мемлекеті.
4. Шығысында Ертістен, батысында Дунайға дейінгі жерлердегі Ұлы даланы біріктірген Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұрпақтары билеген Алтын Орда мемлекеті.
1266 жылы Алғұйдың орнына Шағатайдың ұрпағы Мүбарак шах ханның таққа отыру рәсімі Ангрен өлкесінде өтеді. Міне, осы кезеңде ханмен бірге Мәуереннахр өлкесіне бірқатар тайпалар да қоныс аударады. Солардың ішінде жалайырлар мен барластар аталады. Жалайырлар Ангрен өлкесіне қоныстанса, екіншілері Қашқадария аймағына тұрақтайды. Көптеген зерттеушілер Мүбарак шах ханның бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша Шағатай ұлысының ордасы орналасқан Іле өлкесінде емес, Ангрен өлкесінде тұрақты ордасын таңдап алуын шағатайлық билеушілердің саяси бағыттарының өзгерісі ретінде көрсетеді. Басқаша айтқанда, уақыт өте келе Шағатай ұлысының билеушілері қала мен егіншілік мәдениеті дамыған Мәуереннахр сияқты өлкені мал жайылымына айналдырудың тиімсіздігін түсінеді. Сондықтан олар бірте-бірте өздері бағындырған халықтардың дінін қабылдап, олардың бейбіт жолмен дамуына қолдау көрсете бастайды. Мүбарак шах Шағатай мемлекеті тарихындағы ислам дінін қабылдаған алғашқы хандардың бірі болуымен қатар ол Ұлы қаған деп саналатын Хұбылайдың мақұлдауынсыз тақты иеленген билеуші еді. Әрине, бұл жағдай Моңғол империясының астанасын Қарақорымнан Ханбалыққа (Пекинге) көшірген Ұлы қаған Хұбылайға ұнай қойған жоқ еді. Сондықтан ол өз атынан өкілеттілік берген жарлықпен Орта Азияға Мүбарак шахтың немере ағасы Борақты аттандырады. Рашид ад-Диннің жазуынша Борақ әскерінің басшысы жалайыр Еке-Есур нойан еді.
Негізінен Борақ өзін Орта Азияға көмек сұрап келген адам ретінде көрсетеді. Осылайша, ол ханнан өз адамдарын жинауға рұқсат сұрайды. В.В. Бартольд Борақ хан өз жағына жергілікті халықпен жиі-жиі қақтығысқа түсіп қалатын моңғол тайпаларын тартты деп жазады. Борақ көп ұзамай Мүбарак шах ханға қарсы шығады. 1266 жылы күзде Ходжент түбінде Мүбарак шах қолы талқандалып, өзі тұтқынға түседі. Ал Борақ өзін Үзгент қаласында хан деп жариялайды.
Дегенмен Шағатай ұлысындағы билікті иеленген Борақ осымен тоқтап қалмады. Рашид ад-Диннің жазуынша Ұлы ханға бағыну ниеті жоқ бұл билеушіге қарсы әскер жіберген ұлы хан Хұбылайдың әскерін талқандайды. Келесі деректер Борақтың тек ұлы хан Хұбылайға ғана емес, Хулагид Абаға ханға да қарсы саясат ұстанғандығын хабарлайды. Ол Абағадан жеңіліп, ауыр шығынға ұшырағанда, оған қарсы ұлы хан Хұбылайдың әскері аттанады. Дегенмен ұлы хан әскері келер түннің алдында Борақ қайтыс болады. Осылайша, Шағатай ұлысында орын алған дүрбелеңді келесі Шыңғыс ұрпағы немесе Үгедейдің немересі Хайду пайдаланып қалуға тырысады. Ортағасырлық деректерге қарағанда Хайду ерлігі мен тәртібі елге мәтел болатындай үлгілі армия құра білген. Ол дарынды қолбасшылығымен ғана емес, көреген мемлекет билеушісі ретінде де ерекше көрінді. Кезінде Хұбылай мен Арықбұғы арасында ұлы қаған тағы үшін күрес жүріп жатқанда, ол соңғысының жағында болған. Бірақ Арықбұғы жеңіліп, Хұбылайға жеткен кезде, Хайду Орта Азияда қала берді. Хайду Ұлы қаған тағына Хұбылай емес, өзім отыруым керек деген пікірде болды. Ол бұл ойын кезінде Шыңғыс ханның өзі ұлы қаған тағына Үгедей ұрпақтары ғана иеленуі керек-мыс деген өсиетімен негіздей түседі. Сонымен, Жетісу мен Сырдарияның шығыс аймақтарын иелену үшін Борақ пен Хайду арасында күрес басталады. Бұл күресте Хайду жергілікті халықтың мүддесін қорғаушы ретінде көрінеді. Ал Борақ және оның әскерлері мен жергілікті халық арасындағы қарымқатынас шиеленісіп тұрған еді. Осылайша, Шыңғыс ұрпақтары мен оларды қолдаушы ру-тайпалар мен жергілікті халықтың қарым-қатынасы әрі моңғол билеушілерінің соңғыларына қатысты ұстанған саясаттарына байланысты Шағатай мемлекетінің тарихында маңызды орын алатын әрі моңғол билеушілері саясатындағы түбегейлі бетбұрысты білдіретін атақты 1269 жылы Талас құрылтайы өткізіледі.
1269 жылы көктемде Талас өзені бойында өткен құрылтайда ортағасырлық моңғол билеушілері ортақ келісімге келеді. Хайду мен Борақ бір-бірімен қандасқан достыққа ант берді. Талас құрылтайының негізгі шешімі бұдан былай моңғол билеушілері таулар мен далаларда ғана өмір сүріп, қалалар мен егістік жерлерді мал тұяғымен таптап бүлдірмеуге әрі жергілікті халықтан кесімді салықтарды жинау туралы ортақ келісімге келулері болды. Осыдан кейін моңғол шапқыншылығы басталған кезеңнен бастап қирату мен бүліншілікке ұшыраған қалалар мен егістіктер, сауда ісі, қолөнер, т.б. қайта дамуға мүмкіндік алды. Кезінде Ясса заңдарына «қарсы» болғаны үшін малын адал бауыздауға, судың «тыныштығын» бұзып жуынуға қорыққан, сондай-ақ моңғол билеушілерінің өзара жиіжиі күресінен барынша титықтаған халық бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Мәуереннахрға қоныс аударған көшпелі тайпаларда да бірте-бірте жергілікті жағдайға бейімделіп, отырықшы өмір салтына көше бастайды. Бірақ Талас құрылтайының шешімін барлық Шыңғыс ұрпақтары қолдады деп айта алмаймыз. Сондықтан олардың әрқайсысын қолдаған ру-тайпалар да өз билеушілерінің саясатын жақтады. Міне, осы кезеңде жоғарыда айтып өткеніміздей, әр аймақта орналасқан туыс тайпалардың аражігінің ажырауы басталады. Мысалы, бұрынғы моңғолдық дәстүрлер мен көшпелілік өмір салтын сақтап қалуға ұмтылған Шыңғыс ұрпақтары Жетісуда өз позицияларын ұстанса, Мәуереннахрдағы билеушілер Талас құрылтайының шешімін сақтауға және оны жалғастыруға біртіндеп бет бұрды. Бұл жағдай өз кезегінде аталған аймақтарда орналасқан ру-тайпалардың болашақ дамуына ықпал етті. Сондықтан да болар уақыт өте келе тек орналасуы жағынан ғана жетісулық және мәуереннахрлық деп бөлінген ру-тайпалар бірте-бірте шаруашылық жүргізу салтының өзгеруіне байланысты өзара ірге ажырата бастайды.
Талас құрылтайында Хайдумен бейбіт келісімге келгенімен Борақ құрылтай шешімін орындай қойған жоқ. Борақ және оның әскері бастапқы бағыттарын өзгерте қоймады. Тіпті, 1271 жылы Борақтың қайтыс болуына қарамастан, бір-біріне қарама-қарсы бұл екі тенденцияның күресі жалғаса берді.
Ал бұл кезеңде Хұбылай хан да Хайдуға қарсы әскер жіберу ісін ұмытқан жоқ еді. Бұл екі билеушінің әскерлерінің арасындағы қақтығыс негізінен Моңғолия аумағында өтті. Ортағасырлық авторлар Хайдудың тамаша жасақталған әскері бола тұрса да, көрші елдерге шапқыншылық соғыстар жүргізбегенін таңдана жазады. Негізінен Хайду арғы атасы Шыңғыс ханның үлгісімен өз балалары басқарған әскерлер жасақтап оларға мемлекет шекарасын күзетуді тапсырады. Мәселен, Ауғанстан жеріндегі хулагидтерді біртіндеп ығыстырғаннан кейін, арадағы шекараны ұлы Сарбан бастаған әскер күзеткен. Хайду өз мемлекетіндегі тыныштық пен тәртіпті Борақ қайтыс болғаннан кейін он шақты жыл өткен кезде ғана қалпына келтіре алды. Хайду Борақтың ұлы Туваны ұлыс басшысы ретінде сайлай отырып, ішкі алауыздықтарға тыйым сала білді. Әкесіне қарағанда Тува Хайдудың ең жақын серігіне әрі жақтаушысына айналады. Бірақ 1301 жылы күзде Хайду Хұбылай әскерімен соғыста қаза табады. Ендігі жерде Шағатай ұлысындағы басты билік Туваның қолына өтеді.
Тува Хайдудың сүйегінің қасында оның ұлдарын ауызбіршілікке шақырып, әке орнына оның үлкен ұлы Шапарды хан сайлауға көндіріп, ант алады. 1305 жылы Мәуереннахрда Шапар мен басқа шағатайлық ханзадалар арасында қақтығыс орын алады. Тува ханзадаларының бұл қылығын кешіруді өтініп, екі тарапты келіссөзге шақырады. Шапар келіссөз жүргізіп, мәселені бейбіт жолмен шешуге келісім бергенімен, ханзадалар Шапардың інісі Шах әскеріне кенеттен шабуыл жасайды. Бұл кезде Шапар да Ертіс пен Алтай аралығында ұлы қаған әскерімен шайқасып жатқан еді. Ал бұл әрекеттер Туваның мақұлдауымен жүзеге асырылған еді. Ханзадалар мен әскері Тува жағына өткен соң Шапар амалсыз оған мойынсынады. Осылайша, Тува Шағатай үлысындағы Шағатай үрпақтарыньщ билігін қайта қалпына келтіреді. Рашид ад-Диннің жазуынша Тува 1307 жылы қайтыс болған. Әке орнына таққа келген Күнжек көп ұзамай өлтіріліп, таққа 1251 жылы өлтірілген Бөрінің ұлы Талик отырды. Ханзадалар мен әскердің көп бөлігі Қызыр деген мұсылман есімін қабылдаған бұл ханды Туваның ұлдары мен әмірлеріне қарсы жүргізген саясаты үшін жек көрді. Шамамен 1309-1310 жылдары оны Туваның ұлы Кебек қастандықпен өлтіреді. Кебек таққа ағасы Есенбұғаны отырғызады. Есенбұға билік құрған кезеңдегі Шағатай ұлысы ұлы қаған әскерінің жойқын шабуылдарынан көп зардап шегеді.
Жоғарыда Шағатай ұлысында екі дәстүрдің (көшпелі және отырықшы мәдениет) жақтаушылары арасында күрес орын алғанын айтып өттік. Сонымен, Кебек хан (1318-1326) тұсында Шағатай үлысындағы егінші, отырықшы аудандар гүлдене бастайды. Ол деректерде әділ, ақылды билеуші ретінде суреттеледі. Кебек хан ақша өлшем бірлігі және әкімшілік басқару жүйесіне енгізген реформалары арқылы белгілі. Соның ішінде Кебек ханның әкімшілік реформасына тоқтала өтсек. Моңғол билеушілерінде әкімшілікаумақтық басқару формасы ретінде әр түрлікезеңде қанатқа, ұлысқа бөлу жүйесі қолданылғаны белгілі. Кебек хан Мәуереннахрды түмендерге бөлуді енгізді. Түмен 10 мың әскер шығара алатын территориялық бірлестік болып саналды. Кебек ханға дейін Мәуереннахрдың әр аймағында басқару екі түрлі жолмен дамығанын көреміз. Мысалы, кейбір жерлерде жергілікті билеушілердің әулеттері бұрынғы биліктерін сақтап қалса, кейбір өлкелерде жергілікті билік дін адамдарының қолында қалды. Сондықтан Кебек ханның жүргізген реформасы таза феодалдық бытыраңқылық жағдайында жүзеге асты. Осылайша, түмендерге бөлінген Мәуереннахр өлкесі ұсақ феодалдық иеліктер түрінде болды. Мәселен, Бұхара және оның аймағы Садр бастаған діни иелік болса, Ангрен аймағына шоғырланған Жалайыр ұлысы бек басқарған көшпелі немесе жартылай көшпелі иелікті құрады. Сонымен, Мәуереннахрдағы жалайырлардың орталығы Ходжент қаласы болған Ангрен өзені аймағында өзінше жеке бір иелік құрғанын көреміз. Бұл кезеңде үлкен тайпалық бірлестіктерді айту үшін ел немесе ұлыс терминдері қатар қолданылған.
Кебек ханнан кейін билікке келген інісі Тармаширин (1326-1334) ағасының саясатын жалғастырды. Дегенмен негізінде экономикалық мүдделері қақтығысқа түскен екі топтың жоғарыда айтылған күресі жалғасты. Көшпелілік пен көшпелі өмір салтын сақтаған жергілікті ру-тайпа көсемдері хан саясатына қарсы күрестерін күшейтті. Нәтижесінде Тармаширин қаза табады. Ендігі жерде Шағатай ұлысы хандарының орталығы, яғни хан ордасы қайтадан Алмалыққа Жетісуға көшірілді. Тек Шағатай ұлысының Мәуереннахр бөлігін ғана билеген соңғы Шыңғыс ұрпағы Кдзан хан ордасын қайта Мәуреннахрға көшірді. Қазан хан Кебек хан саясатының жігерлі жалғастырушысы болды. Аталған топтар арасындағы күрес қайта басталды. Наразылық білдірген жергілікті ру-тайпалардың күресін әмір Қазаған басқарды.
Деректерде Қазан ханның өте қатал билеуші болғандығы айтылады. Сондықтан оның қол астындағылар ханға болған оқиғаларды хабарлауға қорыққан. Ақыр соңында хан бүкіл ұлысты жаулап алу үшін Қазағанды өлтіруге бел буды. Алғашқы шайқаста хан осы Қазағанның бір көзін ағызып түсіреді. Бірақ екінші шайқаста Қазаған жеңімпаз атанды. Оның билік құруы 17 жылға созылады. Міне, осы кезеңнен бастап Шағатай ұлысы екіге бөлініп кетті. Жетісуда жергілікті Дулат әмірлерінің саяси ықпалы үстем болған Моғолстан мемлекеті құрылды.
Ал Қазаған өзін хан деп жариялаған жоқ. Сол кезеңдегі ұғым бойынша Шыңғыс ұрпағы болмаса «қарадан шығып хан сайлануға» оның құқығы жоқ еді. Ол 1358 жылы аң аулап жүргенде сатқындықпен өз нойандарының қолынан қаза тапты.
Қазаған қайтыс болғаннан кейін, Мәуереннахрда күшті билеуші болған жоқ. Сол кезеңдегі авторлардың жазуынша XIV ғасырдың 50-жылдарында Мәуереннахрда ешкімге бағынбай, бір-бірімен өзара қырқысып жатқан бірнеше феодалдық иеліктер болған. Мәселен, Кеш (Шахисябз) өлкесін барлас руынан шыққын Хаджи барлас билесе, Ходжент және оның аймақтары жалайыр әмірлерінің иелігі деп саналады. Деректерде Ходбұл әмірлер өз мүдделеріне қамқорлық көрсеткен хан, билеушілерді ғана қолдады. Сондықтан жалайыр, барлас, сулдуз тайпаларының әмірлері ежелден қалыптасқан шаруашылық жүргізу салты – көшпелі мал шаруашылығына байланысты экономикалық мүдделерін қорғау үшін осы бағытты жақтаған хандардың саясаттарын қолдап отырды. Ал өз мүдделеріне қайшы келетін кез келген әрекеттерге қарулы қақтығыспен жауап қайтарды. Сондықтан Шағатай ұлысындағы билеушілер бұл жағдайды өзара кезек-кезек билікті иелену үшін өздеріне қажет әскери күш ретінде пайдаланып отырды. Дегенмен көріп отырғанымыздай, Шағатай ұлысы екіге бөлініп, оның ішінде көшпелі және отырықшы өмір салтын ұстанатын түркі ру-тайпалары аралас орналасқан Мәуереннахр өлкесі ұсақ-ұсақ иеліктерге бөлініп кетті. Мәуереннахрда орын алған саяси бытыраңқылық оған көрші мемлекеттердің тарапынан туған қауіпті күшейте түсті. Әсіресе Моғолстан мемлекетінің билеушілері Мәуереннахр сияқты бай аймақты басып алып, бұрынғы Шағатай ұлысының аумағын қамтитын мемлекетке билік жүргізу ойынан бас тарта қойған жоқ. Арада біраз уақыт өткенде жергілікті ру-тайпа көсемдерінің арасынан болашақ ұлы әмір – Ақсақ Темір көзге ерекше түсе бастайды. Бұдан былайғы тарихи даму Әмір Темір және оның ұрпақтары есімдерімен байланысты өрбіді.
Бақылау сұрақтары:
1. 1269 жылғы Талас құрылтайының маңызды қорытындысын қалай түйіндеуге болады?
2. Шағатай ұлысының аумағы мен этникалық құрамын көрсетіңіз.
3. Шағатай ұлысы билеушілерінің ішкі және сыртқы саясатында ұстанған бағыттарын дерек мәліметтері арқылы көрсетіңіз.
4. Шағатай ұлысының ыдырау үдерісінің сипатын анықтаңыз.
48
Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы, 1991. – 102-б.
49
Мирхонд Раузат ас-сафа // МИТТ. – Т 1. – 597-б.
50
Бартольд В.В. Отчет о поездке в Среднюю Азию. – СПб., 1897. – С. 15
51
Муин ад-Дин Натанзи. Аноним Искандера. – 127-б.