Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов - Страница 5
ІІ бөлім
АЛТЫН ОРДА (ЖОШЫ ҰлЫСЫ) ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ МАҢЫЗЫ
§ 2. Жошы ұлысы. Алтын Орданың құрылуы және 1312 жылға дейінгі саяси тарихы
ОглавлениеШыңғыс хан қайтыс болғанымен мұрагерлері оның саясатын өзгерткен жоқ. Олар барлық күш-жігерлерімен Шыңғыс ханның өсиетін – «моңғол жылқысының тұяғы жеткен» жердің барлығына өздерінің билігін жүргізуді жүзеге асыруға тырысты.
Алтын Орда тарихы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ұлысына тиесілі болған, Балқаш көлі мен Арал теңізінен солтүстікке қарай созылған далалық аймақта, Ертістен Жайыққа дейінгі аумақ та тікелей қатысты. Шыңғыс хан өліміне дейін 6 ай бұрын қайтыс болған Жошының мұрагері ретінде үлкен ұлы Бату таңдалды.
1229 жылы моңғол құрылтайының шешімі бойынша, Батуға Үгедейге берілген ұлыстың шығыс бөлігіндегі жерлердің (Ертіс өзенінен шығысқа қарайғы жерлер) өтемақысы ретінде батыста орналасқан жерлерді жаулап алуға бұйрық берілді. Бірақ бұл жорықта моңғолдар тек Жайыққа дейін ғана жетті. 1235 жылы өткен құрылтайда «бағынбаған халықтарды жою» мәселесі екінші рет талқыға салынып, ендігі тұста Батудың қонысына көрші жатқан, әлі толық бағындырылмаса да өздерінің «саны жағынан көптігімен мақтаныш тұтып отырған» бұлғарлар, астар, орыстарды жаулау мақсаты қойылды. Батудың батысқа жорығына Ұлы хан Үгедейдің ұлдары – Күйік пен Қадаған, Төленің ұлдары – Мөңке және оның інісі Бучен қатысты.
Алтын Орда көлемі жағынан орта ғасырдағы ірі мемлекеттердің бірі болып табылады. ХІV-ХV ғасырлардағы араб және парсы авторлары оның көлемін жуықтап көрсетеді. Араб авторларының көрсетуі бойынша оның ұзындығы 8 айлық, ені 6 айлық жолды құраған. Басқа авторлар бұл мерзімді 6 айлық және 4 айлық деп те берген. Дегенмен бұл сандар Алтын Орданың жалпы аумағының көлемін ғана сипаттайды.
Алтын Орда тұрғындарын құраған халықтар ретінде моңғолдарға бағыныштылыққа түскен еділ бұлғарлары, орыстар, бұртастар, башқұрттар, мардовалар, ястар, шеркештерді атап өту керек. Сондай-ақ олардың қатарында парсылар, армяндар, гректер, грузиндер, әзірбайжандар да болды. Дегенмен Алтын Орданың негізгі халқын моңғолдар келгенге дейін Дешті Қыпшақ даласын мекендеген қыпшақтар құрады. Орыс деректерінде оларды «половцы» деп атағаны белгілі. Қыпшақ компонентінің басқа халықтардан едәуір басым болуы өзіндік жағдайдың қалыптасуына әкеліп соқты. XIV ғасырдың өзіндеақ жаулап алушылар қыпшақтарға сіңісіп, олардың тілін, мәдениетін, жазуын қабылдайды. Бұл жағдайға XIV ғасырда Алтын Ордадағы ислам дінінің ресми дін ретінде жариялануы да ықпал жасайды.
Моңғолдар өздерінің жаулап алу жорықтарын аяқтағаннан кейін моңғол жасақтары 1242 жылдың аяғында Еділ бойы даласында қоныстанды. Олардың жоғарғы басшысы ретінде бірауыздан Батудың кандитатурасы мақұлданып, Шыңғыс ханның «Сайын хан» атанған даңқты немересі тақта 14 жыл (1242-1256) отырды.
Жазба деректер Алтын Орданың бірінші ханының саяси қайраткерлігіне қатысты толық мәліметтер береді. Ортағасырлық авторлар бойынша оның жеке қасиеттерін бағалауда бір тоқтамға келеді. Бірінші кезекте олар ханның әскери қолбасшылық қызметіне көңіл аударады, оны ұрыс алаңында өте қатыгез, ұзақ уақыт соғыстарға қатысып жүргендіктен өте тәжірибелі әрі алғыр деп көрсетеді. Бұл жағы ханды қатыгез адам ретінде көрсетсе, ал ол жан-жағындағы жақын адамдарына тыныштық, тұрақты өмірді қалайтын адам ретінде белгілі болған.
Бату ханның соғыстан кейінгі Алтын Орда ханы ретіндегі қызметі Орда тұрғындары тарапынан қолдау тауып, мемлекеттің экономикалық тұрғыдан гүлденуінің себепшісі болып табылады. Дәл осы кезеңде ол құрметті – «Сайын хан» (жұмсақ, адал) атағын иеленді, бұл атағы ол қайтыс болғаннан кейін де ең атақты есім ретінде сақталып қалды. Батудың мемлекеттік ішкі құрылымын ұйымдастырудағы бірінші жұмысы оның әскери қызметіне байланысты ұлыстағы жерлерді тарату болды. Бұнымен бірге салық жинауға ғана арналған мемлекеттік аппараттың құрылуы жүріп жатты. Алтын Ордаға кірмеген территория халықтарына қатысты басқарудың саяси жүйесін белгілеу керек болды. Бұл орыс жерлеріне қатысты еді. Осының бәрін Бату аздаған уақытта орындап шықты. Біртұтас моңғол империясының жаңа ұлысы құрылғаннан 3 жылдан кейін Карпинидің жазуы бойынша «Бату толық тұрақтылықта өмір сүрді, орынбасарлары және барлық уәзірлер оған бағынады». Оның данышпандылығын В. Рубрук та атап өтеді. Саяхатшы шөлді далада орналасқан хан ордасының кереметтігі сондай айтуға сөз жоқ деп жазады. «Мен Батудың сарайын көргенде оның үйі бір үлкен қалаға ұқсады. Бірақ та оның әскерінің бүкіл күштілігіне, Алтын Орда сарайының кереметтігіне қарамастан саяси қарым-қатынаста ол тәуелсіз болған жоқ, ол Қарақорымда басқарылатын империяның бір бөлігі ғана болды». Орталық билікке вассальды тәуелділікті Карпини де байқаған. Ол «Бату өзі бағынуға тиіс императорды ғана есептемегенде, бүкіл татарлардың князьдарымен салыстырғанда олардың барлығынан әлдеқайда күшті әрі мықты» деп көрсетеді. Бағынышты болған соң міндетті түрде салық төлеп отырды. Оның нақты санын білу үшін хан арнайы уәзірлерді тұрғындардың санын санауға жіберіп отырған. Алтын Орда хандары Владимирлік ұлы князьдарды тағайындай алмады, тек кішігірім билеушілерді тағайындап отырды. Дәл осы себептен Ярослав князь және оның ұлы Александр Невский князьдық атақтарын заңдастыру үшін ұзақ және қауіпті саяхаттарын Русьтан Моңғолияға жасау керек болды. Сонымен бірге Алтын Ордада хан тағына жаңа адамды отырғызу үшін де Қарақорым келісімін беру керек болды. Сондықтан хандар Алтын Орда тиындарына өздерінің атын қоя алмады. Оларға басқа мемлекеттермен дипломатиялық байланыстар орнатуға және шетел монахтарымен хат алысуына да болмайтын еді. Осыған байланысты Бату Карпини және Рубрук елшіліктерін Қарақорымға ұлы ханға жіберді, бірақ еуропалық елшіліктерді сонау алыста жатқан Моңғол империясынан гөрі, Алтын Орда көбірек қызықтырған еді.
Бату ханның маңызды саяси бағыттарының бірі халықаралық транзитті сауда дамуына жақсы жағдай жасайды. Деректердің көрсетуінше «барлық елдердің саудагерлері оған тауар әкелген, ол бәрін алған және олардың тұратын бағасынан көбірек беріп отырған». Алтын Орданың осындай ашық саудасына батыс еуропалық, бірінші кезекте генуэздік және венециялық саудагерлердің көңілі түсті.
Бату хан Алтын Орда мемлекетінің негізін қалады. Сонымен бірге дәстүрлі көшпелілердің әдеттеріне сәйкес Шыңғыс ханның жасақ заңдарын орнатты. Қарақорымда қабылданған жүйе бойынша бағынышты тұрғындарға салық жүйесін енгізді. Батудың билік құрған кезеңі Алтын Орда тарихында тыныштық пен тұрақтылық орнаған уақыт ретінде белгілі. Әрине, бұл ішкі саяси және экономикалық құрылымдарды жасаудағы негізгі жетістік болды.
1256 жылы Батудың өлімі Алтын Ордада бірінші тақ таласын туғызды. 1257 жылы мемлекеттің басшысы болып Батудың кенже інісі Берке билікке келді. Беркенің жеңіске жетуінің негізі оның кандидатурасының мұсылман көпестерінің қолдауы арқылы жүзеге асты. Сонымен бірге ол Хорезмдегі мұсылман дінбасыларының да қолдауына ие болды, олар Алтын Орда тағында мұсылман дінін жақтаушы тұлғаны көргісі келді. Берке хан тағына отырғанда 50 жастарда болған. Беркенің 3 әйелі де оған ұл тауып бере алмаған, сондықтан өзінің мұрагері әрі ұрпағы ретінде немере інісі МенгуТемірді ұсынады.
Батудың уақытында қорқынышты соғыстар және көпжылдық жорықтардан кейін тұрғындар тұрақтылықта, тыныштықта өмір сүрсе, Берке заманында мемлекеттің ішкі өмірі және сыртқы жағдайында да тұрақсыздық орын алады. Жаңа хан жасөспірім кезінде-ақ исламды қабылдаған еді, сондықтан таққа отырғаннан кейін оны мемлекеттік дін деп жариялауға ұмтылды. Бұл көшпелі аристократияның қарсылықтарына әкелді. Бұған қарамастан хан елде исламдандыруды жүргізуді бастады. Ол Иран, Мысырдан дін қызметкерлерін, белгілі ғалымдарды шақырды. Бұл уақытта Хорезмнен жаңа жұмысшылар қолын, құрылысшылар мен суретшілерді әкеледі.
Олардың еңбектерінің нәтижесінде Алтын Орданың сәулеті құрылымы жаңа бағыттағы жаңа түрге өзгерді.
Моңғол империясы Берке билік құрған жылдары жеке мемлекет ретінде дами бастады. 1269 жылы Ұлы хан Мөңке қайтыс болғаннан кейін таққа оның екі ұлы Арықбұға және Құбылай таласты. Жеңіске Құбылай жетеді, одан кейін астананы Қарақорымнан Пекинге ауыстырады. Ол бүкіл әулетті қытай тіліне сай Юань деп атайды. Нәтижесінде Арықбұғаны жақтаушы Берке Құбылайға бағынбаудың себебін тапты. Оның резиденциясы Шыңғыс хан орнатқан астана емес және моңғол территориясында емес еді. Сонымен бірге Арықбұғаға Құбылайдың билікті алуын солтүстік Қытайдың әскерінің қолбасшысы болғандықтан күшпен алды деп сендірді. Осының салдарынан моңғол империясының жеке мемлекеттерге бөлініп кетуіне әкелді. Құбылайды бүкіл Шыңғыс ұрпақтарының басшысы деп санады, бірақ оның билігі Моңғолия мен Қытайдан басқа жерлерге жүрмеді.
Беркенің Жошы ұлысын тәуелсіз мемлекетке айналдырғанын оның өз атынан теңге шығарғанынан көруге болады. Алтын Орда біртұтас моңғол империясына бағынышты болған Бату хан тұсында Алтын Ордадағы теңгелер ұлы хан Мөңкенің атымен құйылатын. Беркенің өзі де алғашқы кезеңде Арықбұғаның атынан теңге соқтыра бастайды. Бірақ Құбылай ұлы хан болғаннан кейін Берке оның атынан теңге соғудан бас тартты, бұл іс жүзінде Құбылайды жоғарғы хан ретінде мойындаудан бас тарту болды. Бірақ бұл кезеңде Жошы ұлысының тәуелсіздігін моңғол ханзадалары әлі де болса толық мойындамағандықтан Берке соңғы халиф Насир-ад-дин атынан теңге соға бастады, дегенмен бұл тек халифтердің рухани билігін мойындайтындығын ғана көрсетті.
Берке билік құрған жылдары Алтын Орданың бұдан кейінгі тарихына әсер еткен тағы бір оқиға орын алды. 1263 жылы Жошы ұрпақтарының Ирандағы өз туыстары Хулагуидтерге қарсы соғыстары басталды. Шыңғыс ханнан тараған екі әулет өкілдері де көшпелілер үшін өте тартымды және бай аймақ болып саналатын Әзірбайжан провинциясын бөлісе алмайды. Бұл жерде талас-тартыс әсіресе ерекше көрнекті далалы аудандар Муган және Аррен аймағы үшін болды.
Бұл күресте Алтын Орда билеушісін хулагиттердің өз иеліктеріне қарсы экспанциясынан қауіптенген Мысыр мәмлүктері қолдады. Күрес барысында екі жақ та белгілі бір жетістіктерге жете алмады. Бірақ Алтын Орда Иранның астанасы Тебризді басып ала алды. Беркенің өзі 1266 жылы Хулагуидтерге арналған бір жорығы кезінде Тибилиси маңында қайтыс болды. Оның орнына келген Меңгу-Темір алдыңғы үш хан секілді исламның таралуына ешқандай көңіл бөлмеді. Нәтижесінде исламды Алтын Ордаға енгізу тек жаңа діннің отырықшы аудандарға таралуымен және қалаларда мұсылман дінбасыларының қалыптасуымен ғана шектеліп қалды. Бату және Берке хандар билік құрған кезде Алтын Орда мемлекет ретінде ғана қалыптасып қойған жоқ, сонымен бірге қоғамдық басқару жүйелері орнығып, Еуропа және Азия елдерімен экономикалық байланыстар орнатты, ішкі саясаттың стратегиялық бағыттарының мүддесін жасады.
Алтын Орданың бұдан кейінгі дамуында оның негізін салушы хандар қалап кеткен ішкі және сыртқы саясатының барлық аспектілері одан әрі дами бастады.
1266 жылы Берке қайтыс болғаннан кейін хан атанған Меңгу-Темір билігі кезінде Алтын Орда өзінің Моңғол империясынан тәуелсіздігін заңды түрде алды. Жошы ұлысын заңдастыруға бағытталған істердің бірі МеңгуТемір атымен теңге шығару болып табылады. Алтын Орданың мемлекеттік тәуелсіздігін алуы тек теңге шығарудан ғана емес, сонымен бірге ханның басқа да іс-шараларынан көрініс тапты. 1267 жылы хандардан алғаш болып Меңгу-Темір орыс діншілдері метрополитін Алтын Орда хандарымен қатынаста көптеген бағынушылықтан босататын жарлық береді. 1266 жылы Қырымда (Каффада) Генуэз көпестері де одан жарлық алған секілді.
Қара теңізде Генуэз және Венеция көпестерімен, Балтық теңізінде неміс көпестерімен байланыстың орнатылуы Шығыс пен Батыс арасындағы сауда қатынастарын дамытуға үлес қосты. Талас өзені бойында өткен 1269 жылғы құрылтайда Жошы, Үгедей және Шағатай ұлыстары арасында бейбітшілік орнатылып, әр ұлыстың шекаралары белгіленді. Олардың арасында ирандық хулагидтерге қарсы одақ құрылды. Сонымен бірге бұл құрылтай Жошы, Үгедей және Шағатай ұлыстарының әрі қарай дамуында маңызды болды. Бұл шешім бойынша олар тәуелсіз мемлекеттер ретінде танылды. Олардың тәуелсіздігі құрылтайдың жалпы келісім-шешімімен заңдастырылып, Жошы, Шағатай және Үгедей үйлері Төле ұрпақтарының қолсұғушылығынан босатылды. 1269 жылғы құрылтай шешімімен Алтын Орданың сыртқы саяси жетістігін күшейтіп, Меңгу-Темір үкіметі Жошы ұлысында хандық билікті күшейтуге бағытталған шаралар жасады. Алтын Орда хандары жаулап алынған жерлерде өз биліктерін орнатып жатса да, кейбір жерлерде олардың билігі номинальды ғана болып есептелді.
Меңгу-Темір қайтыс болған соң (Сафаргалиев бойынша 1282 ж., Егоров бойынша 1280 ж.) Жошы үйінің ханзадалары арасында феодалдық соғыс басталып, бұл моңғол державасының орталықтанған монархияның дамуын тежеді. Марко Полоның хабарлауынша Меңгу-Темір қайтыс болған соң Меңгу-Темірдің ағасының ұлы жас ханзада Тула Бүкке тақ өтуі керек еді, бірақ ол билік етпеді. Ноғайдың айтуы бойынша таққа Меңгу-Темірдің інісі Туда Меңгі иеленді. Мұнымен хандық таққа мұрагерлік жөніндегі мұрасы бұзылды. Дәл осы жағдай Жошы ұлысындағы шиеленістің бір себебі болды. Еріксіз хан Туда Меңгі мемлекеттік басқаруда ешқандай рөл атқармады. Ал мемлекеттегі барлық істі басқарып отырған қолбасшы Ноғайдың рөлі арта түсті. Бату және Беркенің тұсында-ақ ол мемлекетте маңыздылығы бойынша екінші орындағы беклербек лауазымына ие еді. Әзірбайжан жерінде хулагидтерге қарсы жорыққа Ноғай бас әскери қолбасшы ретінде қатысып, сонда бір көзінен айырылған еді. Осыдан аз уақыт соң ол қазіргі Молдавия жеріндегі Прут-Днестр қос өзені аралығында орналасқан өзінің жеке ұлысына кетеді. Бұл айлакер саясаткер өз аумағын кеңейтіп, халықаралық байланысын жақсартты. Осы мақсатта ол Византия императоры Михаил Палеологтың қызы Ефросьиняға үйленеді. Христиан билеушісімен туыстық қатынас орнатқан соң ол Египет сұлтанына исламды қабылдағаны туралы жолдау жібереді. Сонымен бір уақытта ол Шыңғыс хан өсиетін және моңғолдың ежелгі дәстүрлерін сақтауды оған Бату өсиет етті-міс деген сөздер таратты.
Ноғайдың мемлекет ішіндегі барлық саясаты Алтын Ордадан өз ұлысын бөліп шығуға және тәуелсіз хандық құруға бағытталған еді. Оған ұнамаған хандар – Туда Мәңгі және Төле Бұқа тақтан бірінен кейін бірі құлатылып, 1290 жылы сарай тағына Тоқтай көтерілді. Алғашында, өзінің билікке келуінде Ноғайға қарыздар ретінде оның барлық кеңестерін тыңдап, оны барынша қолдаған еді. Ноғай бұл уақытта өз билігін күшейткені сонша кейбір орыс князьдықтарын өзі билей бастады. Нәтижесінде орыс жылнамаларында оны «патша», яғни Алтын Ордан ханы деген лауазыммен атай бастады. Тоқтай мен Ноғайдың қарым-қатынастары алғашында достық тұрғыда болса, Тоқтай өзіне хандықты толық қаратып «Жошы тағында жалғыз өзі билік ете бастағанда», Ноғай мен Тоқтай арасындағы қарым-қатынас күрделене түсті.
Тоқтай мен Ноғай арасында соғыс басталды. Осылайша, Алтын Орда бұл кезде мемлекеттің бөлінуіне алып келетіндей бірінші саяси дағдарысты кешті. Жеңістен кейін Тоқтай хан Алтын Орда бірлігін сақтап ғана қоймай, сонымен бірге орталық биліктің шынайы күшін және беделін қайта қалпына келтірді. Орталық биліктің және өзара қырқыстың күшеюі елдің экономикалық жағдайына да әсер етті, бөлек аумақтар арсында сауда байланыстары қайта қалпына келіп, сыртқы сауда күшеюіне жағдай жасады. Барлық жағдай Алтын Орда өз тарихының жаңа кезеңіне көшкенін көрсетті.
Бақылау сұрақтары:
1. «Жеті жылдық» жорықтың тарихи нәтижелерін талдаңыз.
2. Бату және оның тұсындағы Алтын Орданың саяси дамуын сипаттаңыз.
3. Берке хан тұсында Жошы ұрпақтарының ирандық хулагиттермен соғысының себептері неде?
4. Алтын Орда тарихындағы тұңғыш саяси дағдарыстың туындауының сипаты мен салдарларын қалай бағалауға болады?
5. Алтын Орда тарихындағы Ноғайдың орны мен рөлін талдаңыз.