Читать книгу Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ - Коллектив авторов - Страница 1
ОглавлениеҚұрметті оқырман!
«Өнегелі өмір» атты сериялық кітабымыздың 27-шығарылымы Ұлы Отан соғысының ардагері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ғаббас Жұматұлы Жұматовтың 95 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Ғаббас Жұматұлы Жұматов 1918 жылы 20 қыркүйекте Павлодар облысының киелі Баянауыл өлкесінде дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған бала Ғаббас сонда сауат ашып, Алматыда мектепті тамамдайды. Алматы байланыс техникумында, одан кейін Тау-кен институтының геологиялық барлау факультетінде оқиды. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған Ғаббас Жұматұлы Отан алдындағы борышын өтеп, елге оралмақ болғанда тағдыр оны адамзат тарихындағы ең алапат ұрысқа, Брест қамалын қорғауға аттандырады. Қазақтың батыр ұлы қан майданда ерлігімен көзге түсіп, өр елдің ұланы екенін көрсетіп, 1412 күнге созылған ұрыста Карпат қыраттары, Трансильвания, Румыния, Югославия (Солтүстік Дунай), Венгрия, Австриядадағы соғыс іс-қимылдарына қатысты.
Туған еліне оралган соң Ғаббас Жұматұлы қазіргі әл-Фараби атындагы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Оқу орнын үздік бітірген көзі ашық, көкірегі ояу жас жігіт Марксизм-ленинизм кафедрасына аспирантураға қалдырылады. 1953 жылдан өзі білім алған университетінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиеледі. Осы уақыт ішінде әрі батыр, әрі ғалым Ғаббас Жұматұлынан дәріс алған мыңдаған шәкірт Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазақтың бай да рухты тарихын насихаттап жүр.
Ғаббас Жұматұлы абыз ақсақалдыққа аяқ басқан шағында халқының құрметіне бөленіп, мерейі асқақтай түсті. Университет қабырғасында Ардагерлер Кеңесіне төрағалық етіп, жас ұрпақтың бойына елжандылық, Отанға деген сүйіспеншілік сынды қасиеттердің дәнін егіп келеді. Қас батыр Франция, Италия, Венгрия, Болгария, Югославия сынды мемлекеттерге сапарға шыгът, аталмыш елдердің студенттерімен кездесулерде дәріс оқыды. Неміс фашистеріне қарсы күресте бір атаның балаларындай шайқасқан, әртүрлі ұлттан шыққан майдандастарының ерліктерін баяндады. Олар туралы көптеген естеліктер жазып, бірнеше кітап шығарды.
Тарих тегеурініне төтеп берген, қан майданда ерекше ерлік көрсеткен Ғаббас Жұматұлы сегіз орден, отыз медальмен, Мәскеуді қоргаганы, Будапештті азат еткені үшін, Венгр Халықтық Республикасының «Алтын гүлшоқ», I, II дәрежелі «Отан согысы», «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Достық» және «Жуков» ордендерімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» медальдарымен марапатталған.
Бүгінгі ұрпақтың бейбітшілікте күн кешуі Ғаббас ағамыздай ел азаматтарының ерлігінің жемісі деп білеміз. Сондықтан есімі Қазақстанға ғана емес, бұрынғы Одақтас мемлекеттердің бәріне мәшһүр батыр Ғаббас Жұматовтың өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты ұсынып отырмыз.